«Мейірімді жүрек» атты әлеуметтік жобамен жұмыстанып келеді
2014 жылдан бастап Орал қаласындағы «физика — математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» жатақханасы «Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп — интернаты» және «Облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханамен» ортақ меморандум аясында «Мейірімді жүрек» атты әлеуметтік жобамен жұмыстанып келеді.
Көзі көрмейтін бала – ерекше бала. Бала даму, жетілу барысында өзін қоршаған орта туралы қажетті мәліметтерді ала алмаса оның соңы баланың психикалық дамуының тежелуіне, санасының төмендеуіне, тіл мүкістігіне әкелуі мүмкін. Арнаулы кітапханаларда осындай ерекше балаларға арналған арнайы танымдық кітаптардың тапшы болуынан – осы тактильді кітапты жасау идеясы пайда болды.
Тактильді кітап дегеніміз – түрлі — түсті суреттері бар, бала қолын жарақаттап алмайтын жұмсақ материалдардан шындыққа жақындастырылып жасалынған танымдық кітап. Тактильді кітап кімдерге пайдалы?
Көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға;
Даму кемшілігі бар балаларға;
Сал ауруына шалдыққан балаларға;
Аутизмге шалдыққан балаларға;
Барлық бүлдіршін балаларға.
Жалпы тактильді кітап жасаудың мақсаты – көру қабілеті бұзылған немесе нашар көретін балаларға қоршаған ортаны сезініп, танысып қабылдауға көмектесу.
Біздің оқушылардың жасаған дүниесінің ерекшелігі — қазақ әліпбиін тактильді кітап түрінде жасап шығару. Әр әріпті ұлттық нақышта белгілеп, ұшқыр ойларынан құралған суреттер мен қолдан жасалған бұйымдар жасау арқылы кітапты безендіру. Біздің көріп жүрген әр дүниемізді бүлдіршін балалар қолымен, жан – дүниесімен сезіне алуына қол жеткізу. Тактильді кітапты жасау барысында оқушылар брайль жүйесімен танысып, оны зерттеп біліп, жүйедегі әр ережені мүлтіксіз орындау арқылы өздерінің ерекше достарына тактильді әліпбиді жасады. Осы уақытқа дейін екі бөлімнен тұратын 2 дана тактильді қазақ әліпбиі, 1 дана тактильді ағылшын әліпбиі жасалып, табысталды. Екінші тактильді ағылшын әліпбиі жасалуда. Алдағы жоспарда тактильді қазақ ертегілер кітабын жасап, оны дыбыстандырып (аудиокітап) кітапқа қосымша ретінде нұсқасын жазу.
Осы тактильді әліппе жасау барысында оқушыларымыз Халықаралық мектептер қауымдастығы (CIS) ұйымдастырған әлеуметтік жобалар сайысына қатысып, ең үздік жұмыс ретінде танылды.
Біз ұлтымыздың зияткер ұрпағын тәрбиелей отырып, баланың бойындағы адамгершілік, мейірім сезімін қаншалықты дамыта аламыз?
Ерекше достарына ерекше кітапты жасай отырып, оқушылар бойына рухани — адамгершілік, шыншылдық, мейірімділік қасиеттерін ұялатады. Осы қасиеттер арқылы балалардың шығармашылық қиялын, ой — өрісін, есте сақтап, жүйелі ойлауын дамыта отырып, танымдық, мейрімділік қабілеттерін жетілдіреміз.
Султангалиева Ботакөз Нурболатовна,
Орал қаласындағы «физика — математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі»
жатақханасының тәрбиешісі,
«Мейірімді жүрек» әлеуметтік жобасының жетекшісі