Медицина саласы туралы үздік кітаптар
Медицина – қашан да өзекті тақырып. Бірі дәрігер болуды бала кезден армандайды, бірі есейе келе қызығушылық танытса, енді бірі сұраныстан қалмайтын сала болғандықтан осы бағытта тер төгеді. Медицина саласына, биология мен химияға қызығатын болсаңыз, төмендегі кітаптарды оқып шығуды ұсынамыз. Өйткені, әр дәрігердің өз тарихы бар…
Элизабет Элен Блэкберн, Элисса Эпель
«Эффект Теломер»
Молекулярлық биолог Элизабет Блэкберн 2009 жылы физиология мен медицина бойынша Нобель сыйлығын иемденген болатын. Теломер – бұл ДНҚ-ның ерекше аймағы, хромосоманың соңғы бөлігі, адамды қартаюдан сақтайтын ерекшелікке ие, одан бөлек қорғаныш қызметін атқарады. Ұзақ жылдық еңбек ғылымды Homo sapiens өмірін сақтап қалу мүмкіндігіне жақындата түсті.
Блэкберн психолог Элиссой Эпельмен біріге отырып, теломерлерді ұзарту арқылы қалай ұзақ өмір сүруге болатындығы жөнінде зерттеу жұмысын жүргізеді. Кітап авторлары күнді дұрыс жоспарлау, тамақтану, жаттығулар жөнінде кеңес береді. Олардың пайымдауынша, өмір сүру салтын өзгерту өте маңызды: теломерлердің қызметі арқылы қартаюдың басқаруға болатын үрдіс екендігін түсіндіреді.
Обри ди Грей
«Ending Aging»
Бұл кітаптың авторы – британдық зерттеуші Обри ди Грей. Автор болашақ медициналық технологиялардың көмегімен қарттықпен қалай күресуге болатындығы туралы нақты әдістерді көрсетеді.
Оқып отырып, тек қияли теорияларды ғана байқауыңыз мүмкін. Соған қарамастан, кітапта автор маңызды сұрақтарға жауап іздеп қана қоймай, уақытты жеңу мүмкіндігінің барын дәлелдегендей болады.
Оқырмандардың басым көпшілігі кітапты түсінуге қиын, тым «ғылыми» деген пікір білдірген. Дегенмен, автор көзқарасын түсініп, болашақ туралы ой қалыптасуы үшін биология мен химия бойынша бастауыш білім де жеткілікті. Егер түсіну қиын, бірақ кітап қызықты болып бара жатса ди Грейдің берген сұқбаттарын бір қарап шығыңыз.
Пол Каланити
«Когда дыхание растворяется в воздухе»
37 жасында өкпе қатерлі ісігінен қаза тапқан нейрохирургтің кітабы 2016 жылы халықаралық бестселлер қатарына енген болатын. Бұл медицина ғылымы туралы теория немесе анықтама емес, сторителлинг бағытында жазылған ерекше туынды. Адам өз өлімімен бетпе-бет келгенде не болады? Жақын күндердің бірінде сенің мына өмірде болмайтынын анық, ал сенің кішкентай қызыңның санасында сен туралы бірде бір естелік жоқ. Қалай көнуге болады?
Егер сіз дәрігер болсаңыз, емделушіні өлім туралы ойдан алшақтату үшін барыңызды салуыңыз шарт. Кітапты оқи отырып, қалайша жас дәрігердің қалған өмірін сапалы өткізуге тырыса жүріп, ақыр аяғы өмірмен қоштасуға тура келетініне көндігуі тиіс емделушіге айналғанын бақылайсыз. Каланити кітабы – дәрігердің емделушіге қалай қарауы керектігінің ғана емес, адамның өзіне қалай қарау керектігінің үлгісі.
Йоханнес Хинрих фон Борстель
«Тук-тук, сердце! Как подружиться с самым неутомимым органом и что будет, если этого не сделать»
Адамның көңіл-күйі мен сыртқы жағдайға қарамастан, адам жүрегі күніне шамамен 100 000 соғады. Бірнеше он жылдық бойына үздіксіз қызмет етеді. Бірақ, сіз оған қалай көмектесе аласыз?
Кітаптың авторы – кардиолог маман, жүрек атты «мәңгілік қозғалтқышқа» ненің пайдалы, ал қандай әрекет зиян екендігін жеткізеді. Ішімдік, фастфуд, никотиннің жүрекке кері әсерін бәріміз білеміз. Йоханнес фон Борстель өз кітабында жасаған әрекеттеріміздің адам ағзасына қалай әсер ететінін түсіндіреді. Одан бөлек, ол адамның қан айналым жүйесін толықтай талдайды.
Йаэль Адлер
«Что скрывает кожа. 2 квадратных метра, которые диктуют, как нам жить»
Кейде адам үшін терінің де жүрек пен ми секілді маңызды ағза екенін естен шығарып аламыз. Эпидермис (терінің сыртқы қабаты) толық ауданы – 2 шаршы метр. Одан бөлек тері аурулары адамға ыңғайсыздық сезімін тудырып, мазаңызды қашырады.
Медициналық ғылым докторы Йаэль Адлертері туралы маңызды ақпаратпен бөліседі: қандай қабаттардан тұрады, неге уақыт өткен сайын олар өзгереді және ол қалай іске асады, біздің көңіл-күйіміз бен тамақтануымыз теріге қалай әсер етеді. Дерматолог маман ретінде Адлер емделушілер арасында жиі кездесетін мәселелерді жақсы біледі және кітабында сол сұрақтардың бәріне жауап беруге тырысады.
Джулия Эндерс
«Очаровательный кишечник. Как самый могущественный орган управляет нами»
Ішек жұмысы — жұртпен талқылана бермейтін, жабық тақырыптардың бірі. Джулия Эндерс атты неміс гастроэнтерологы өз тәжірибесіне сүйене отырып, ішек жұмыстарында қандай өзгерістер орын алатындығын және адамға берер әсерін сипаттайды.
Автор басты назарға ішек пен мидың өзара байланысын алады: асқазан-ішек жолдарындағы кез келген өзгеріс адамның психикалық жағдайын әсер етіп, психикалық ауытқу тудыруы мүмкін.
Гэвин Фрэнсис
«Путешествие хирурга по телу человека»
Шотланд хирург және жазушы Гэвин Фрэнсис еңбек жылдарында жиналған бірнеше хикаялармен бөліседі. Жазушының тілі мен әзілдері ішіңізді пыстырмайтыны анық. Одан бөлек, кітапты текке «саяхат» деп атамайды. Фрэнсис адам денесін мұражайда жүргендей сипаттайды.
Генри Марш
«Не навреди. Истории о жизни, смерти и нейрохирургии»
Кітаптың әр бөлімі әр түрлі дертке арналған. Ылғи қиын оталарды жасайтын нейрохирургтың еңбек тәжірибесінде қауіпті дертке шалдыққандар да кездесті. Мұндай сын уақытта отаның сәтті аяқталуы дәрігердің кәсібилігімен байланысты болатын: бір қате әрекет – өлімге әкелетін жол. Оқып көріңіз, адамды аман алып қалу барлық адамның қолынан келе бермейді.
Дереккөз: https://massaget.kz/