Математика, интеллектуалды сайыс, сайыс сабақ, Математикалық поезд

0
344
Тақырыбы: Математикалық поезд Бағыты «Ақтөбе – Астана» (математикалық ойын)
Мақсаты: оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру, логикасын дамыту, ынталандыру, математика пәнін өмірмен байланыстыру.
Әдісі: Ойын жүргізу, өзара жарыс.
Көрнекілігі: 1. Поезд – үш вагоннан тұрады.
2. Анықтама бөлімі.
3. Касса.
4. Аквариумдегі балықтар.
5. Есептер, жұмбақтар
Жоспары: 1. Ұйымдастыру.
2. Поезға билет алу.
Жүрісі: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгін 5 сыныпта арасында өтетін «Ақтөбе — Астана» бағыты бойынша «Математикалық поезд» атты математикалық ойынын бастаймыз
Жүргізуші – 1: Уа, жарандар, жарандар,
Мына бізге қараңдар.
Бөлмеде біздің тыныштық,
Естілмейді дыбыс түк.
Мұны біз де қоштаймыз.
Кешіккенді тоспаймыз.
Ғылымдардың ғылымы,
Математика жайында,
Ойынымызды бастаймыз.
Жүргізуші – 2: Ойынға қатысушы оқушылар келіп, билеттер алады
Жүргізуші: (3 – рет қоңырау соғады). Ойыншылар жолсерікке билеттерін көрсетеді де вагонға отырады.
Жүргізуші – 1:
Өмір деген көк мұхиттың толқыны,
Бір – бірімен жатқан шулап, жалғасып,
Бір – бірімен жатқан шулап, арбасып,
О, толқындар арпалысып алға шық –
деп ақын жырлағандай, ендеше қай топ алға шығар екен. Купедегілер – «Алғырлар», плацкарттағылар – «Тапқырлар», жалпы вагондағылар – «Ойшылдар» тобы.
Жүргізуші – 2:
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар «Математикалық поезд» жолға шықты.
Ойыншылар (әндетіп).
Өнер қуған математик жастармыз,
Есептерді лезде шешіп тастаймыз.
Командалық ылғи тапқыр, қырандар,
Жарысуға келіп тұрған ұландар.
1. Жүргізуші – 1: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» «Никельтау» станциясына келіп тоқтады. Бұл станцияда «Балық аулау» ойыны ойналады. Әр топтан бір оқушыдан келіп балық аулайды, яғни балықтағы сұрақтарға жауап береді
1. Сіз – автобус жүргізушісіз. Автобуста алғашқыда 23 жолаушы болды. Бірінші аялдамада 3 әйел адам түсті және 5 ер адам кірді. Екінші аялдамада 7 ер адам кірді және екі әйел түсті. Жолаушылар қанша?
2. Жасы жүзге келген қария өмір бойы өзінің туған күнін 25 рет қана атап өткен. Себебін анықта.
3. 10 жасында 1 – ден 100 – ге дейінгі сандардың қосындысын тез есептеген неміс математигі кім?

Жүргізуші – 2:
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» жолға шықты.
Ойыншылар: Білім қуған біз оқушы ұландар,
Келіп тұрған жарысуға қырандар.
Есеп десе ішкен асын қоятын,
Біз боламыз математик ұландар.
Жүргізуші – 1: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» «Әйтеке би» станциясына келіп тоқтады. Бұл станцияда жұмбақ шешеміз. (Үш топқа үш түрлі жұмбақ беріледі).
1. Бұлбұлдың 2 құлақ, 1 басы бар
Салдыраған 8 жерден таңбасы бар.
Бұлбұлды жолға салып айдағанда,
Салатын неше түрлі жорғасы бар.
(Домбыра)
2. Алды – артымыз шексізде
Жете алмайсыз біздерге
Сәуле менен кесінді
шыққан тегін білесін бе? (түзу)
3. Өмірің сенің қызық,
Жолында жоқ түзу сызық,
Басы да жоқ аяғы.
Бір айналым баяғы. (дөңгелек)

Жүргізуші – 2: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» жолға шықты.
Ойыншылар: Шақырып жарыстарға сан салалы,
Ұландар топ жарғалы жар салады.
Ту етіп достық пенен татулықты,
Қарсылас командасын қарсы алады.
Жүргізуші – 1: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» «Тобыл» станциясына келіп тоқтады. Бұл станцияда «Ғажайып заңдылықтар» ойыны ойналады
1. Сандар қатарын жалғастыр.
3, 7, 11, 15, 19,…
2. Артық сөзді алып таста:
метр, дециметр, килограмм, сантиметр, миллиметр.
3. Қай қатар артық?
2 5 8 11 14
1 4 7 10 13
10 20 30 40 50
Жүргізуші – 2: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» өз сапарын жалғастырады.
Ойыншылар: Ұландар биіктерде қалықтасын,
Жеңіспен көк жүзінде шарықтасын.
Жеңіс туы алауласын,
Бәйгені бізден ешкім ала алмасын.
Жүргізуші – 1: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» «Құсмұрын» станциясына келіп тоқтады. Мұнда топтарға алдарындағы әріптерді қолданып, неғұрлым көп математикалық терминдер жазыңдар
С І Р К Б Ы И Т Ұ Ш Ү Н Е
Жүргізуші – 2: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» жолға шықты.
Ойыншылар: Достықпен бірлікті біз етіп тұлға,
Жеңіспен жеткен едік талай сында.
Қара қылды қақ жарып әділқазым,
Еңбегін ұланыңның әділ сына.
Жүргізуші – 1: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» «Есіл» станциясына келіп тоқтады.
1. Глобус қандай фигураны елестетеді?
2. Қай айда 28 күн бар?
3. Бір тауықтың салмағы 3 кг. Егер тауық бір аяғымен тұрса, салмағы қанша кг.
4. Бір жұмыртқаны пісіру үшін 3 мин уақыт кетеді. Бес жұмыртқаны пісіру үшін неше мин. кетеді.
Жүргізуші – 1: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Математикалық поезд» «Атбасар» станциясына келіп тоқтады.
42а+8, мұндағы а=5
3х+14х, мұндағы х=3
26у – 3, мұндағы у=2
Жүргізуші – 1: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! « Математикалық поезд» Астана қаласына келіп тоқтады.
Енді әр топ жинаған жетондарын жолсеріктер санап қойындар
Жеңімпазды анықтайық
Жүргізуші – 1: Құрметті ұстаздар, оқушылар! «Математикалық поезд» өз сапарын аяқтады. Келіп тамашалағандарыңызға көп – көп рахмет, қош сау болыңыздар.

Ақтөбе қаласы, №23 орта мектеп-лицейі
физика және математика пәні мұғалімі
Набиева Майра Сарсенгалиевна