Мақажанов додасы дәстүрге айналса игі |

0
156


Оқылды:
334

Ұлт ұясы – Ұлытау терең тарихымен, тылсым табиғатымен ғана емес, даңқты ұл-қыздарымен де мерейлі. Ауданның абыройын асырған жампоздың бірі – Қапан МАҚАЖАНОВ. Қарсақбайдағы бокс мектебінің негізін қалаушы, із тастап аққан жұлдыз… Ер есімін ел ұмытсын ба?! Жуырда облыстың жас боксшылары Қапан Мақажанов атындағы І аймақтық турнирде қолғап түйістірді.

Дүбірлі додаға Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Приозерск, Қаражал, Шахтинск қалаларымен қатар, Қарқаралы, Нұра, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының 2005-2006 және 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдері қатысты. Барлығы үш жүзге жуық жас боксшы. Арасында қыз балалардың да рингке көтерілгені жас буынның спортқа құлшынысы басым деген пікірді қуаттады.

Турнирдің ашылу салтанатында Ұлытау ауданына қарасты Қарсақбай кентінің әкімі Аян Әбжамалов сөз алды.

  • Қапан Мәшіріпұлы ағамызды еске алу, есімін, еңбегін дәріптеу мақсатында аймақтық турнир ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта осынау шараның ауқымы кеңейіп, облыстық, республикалық деңгейде жалғасқанын қолдаймыз, – деген кент әкімі жас боксшыларға сәттілік тіледі.

Ұйымдастыру алқасына алғыс айтты. Сондай-ақ, Қапан Мақажановтың алғашқы бапкері Қази Ербосынұлы, шәкірттері, белгілі спорт бапкерлері, қарсақбайлық қызметтестері және туған-туыстары да турнирге қатысушыларға ақжарма тілегін арнады.

Қапан Мәшіріпұлы – 1949 жылдың төлі. Жастайынан қолына былғары қолғап киіп, шынықты, шыңдалды. КСРО спорт шеберлерімен шаршы алаңда талай мәрте бақ сынасып, тең дәрежеде өнер көрсетті. Небары 20 жасында бапкерлікке бет бұрып, соңынан ерген «қарадомалақтардың» қанатын қатайтты, бағыт-бағдар берді.

Қапан Мәшіріпұлының өмір жолынан сыр шертетін естеліктерден түйгеніміз – бұл.

«Ұстаздан шәкірт озады». Өміршең тәмсіл осы тұста ойымызға оралады. Қапан Мақажановтың алдын көрген саңлақтар қаншама, себебі!

Қапан Мақажановтың тұяғы – Серік Қапанұлы да әке жолын таңдаған. Бүгінде жас буынды спортқа баулып, жасөспірімдерге бокстың қыр-сырын үйретуде. Нәтижесіз емес. Шәкірттері талай жарыстың шыңын бағындырып жүр.

Серік Мәшіріпов те аталмыш турнирді республика көлемінде өткізу дәстүрге айналса игі деген ниетін білдірді. Шараны өткізуге қолұшын берген Ұлытау ауданының білім бөліміне, Жезқазған қаласының әкімдігіне, Жезқазған аймағының «Спортты дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігіне және жарысқа облыстың түкпір-түкпірінен шәкірттерін бастап келген бапкерлерге біздің «Орталық» арқылы алғысын жолдады.

Бір айтары, тұсауы кесілген турнир бюджеттің қаражатынсыз, жекелеген азаматтардың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған.

– Сондықтан, Мұрат Мәткенов, Әнуар Мұратұлы, Арсен Альшаров, Оразалы Кенжетаев, Жұмажан Қалтаев, Хубайдулла Ертайұлы, Берік Мұқанғалиұлы, Мұханбет Темірбекұлы, Рүстем Сағындықов, Қуандық Болатұлы және Досымжан Сұлтанұлы ағамыз бастаған Қарсақбай агротехникалық колледжінің ұжымына, туған-туысқа ризашылығым шексіз, – дейді Серік Қапанұлы.

Жезқазған қалалық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінде өткен спорттық шара 4 күнге созылды.

«Көздерінде от ойнаған» (Мағжан) жас боксшыларымыздың аяқалысы талайды тамсантты. Былғары қолғап киген балғындардың жеңіске ұмтылысы, жігері мен жалыны турнирдің тартысты өтуіне негіз болды.

Қарсыластарын қапыда қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінгендерге арнайы медальдар, кубоктар және дипломдар табысталды.

Жасыратын несі бар, кейде «қысқа жіп күрмеуге келмей жатады». Әйтпесе, әсіресе, бокстан қарсылас шақ келтірмейтін саңлақтар ауылдан, шалғайдағы елді мекендерден шығып жатады. «Бұлақтың» көзін ашуға осындай бәсекелердің септігі мол екендігі сөзсіз. Біз де Қапан Мақажанов атындағы турнирдің ғұмырлы болып, ауқымы кеңейе береріне сенім арттық…

***

Өндірісті өлке – Қарсақбайда туған бапкер жүрегінің мәңгілікке дамылдағанына биыл он жылдың жүзі болған екен. Турнир өткізіліп жатқан күндері Жезқазған мешітінде Қапан Мәшіріпұлының рухына құран бағышталып, ас берілді. Алла қабыл қылсын…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»