Курстық жұмыс: Құқық | Кісі өлтірудің түсінігі және түрлері
Мазмұны
Кіріспе
1 бөлім. Кісі өлтірудің түсінігі және түрлері.
1.1 Кісі өлтірудің түсінігі және құқықтық сипаттамасы.
1.2 Кісі өлтірудің түрлері.
2 бөлім. Кісі өлтірудің жауаптылықты жеңілдететін түрлері.
2.1 Кісі өлтірудің жауаптылықты жеңілдететін түрлерінің қылмыстық құқықтық маңызы.
2.2 Аффект жағдайында болған адам өлтіру.
2.3 Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезіндегі кісі өлтіру.
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1.Тарау. Кісі өлтірудің түсінігі және түрлері.
1.1 Кісі өлтірудің түсінігі және құқықтық сипаттамасы.
Қазақ ССР-нің 1959 жылғы Қылмыстық кодексінде адам өлтірудің заңдылық анықтамасы берілмеген еді. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы жаңа Қылмыстық кодексінде тұңғыш рет адам өлтірудің заңдылық түсінігі берілген. «Кісі өлтіру, яғни басқа адамға құқыққа қарсы қаза келтіру» деп ҚК-тің 96-бабында тура көрсетілген. Осыған орай абайсызда кісі өлтіру заң бойынша адам өлтіру деп танылмайды. Бірақ топтық және тікелей обьект белгісіне сәйкес бұл қылмыс құрамы жеке адамға қарсы қылмыс үшін жауаптылық көзделген тарауда орналасқан. Өмірге қарсы қылмыстың, соның ішінде адам өлтірудің де тікелей объектісі адамның өмірі болып табылады. Заң жасына және денсаулық жағдайына қарамастан кез келген адамның өмірін бірдей қорғайды. А.Н. Ағыбаевтың айтуынша , адам өмірі нәрестенің туған сәтінен, яғни анасының денесінен бөлініп шығып, алғаш тыныс алуы арқылы оның өкпесінің жұмыс істеген уақытынан басталады. Бұл құбылыс нәрестенің алғашқы айқайынан, дыбыс беруінен басталады. Өлім адам өмірінің соңғы сәті болып табылады. Өлім клиникалық және биологиялық болып екіге бөлінеді. Тыныс алуы мен қанның айналысы тоқтағаннан кейін 5-6 минут шамасында клиникалық өлім сатысы басталады. Адам денесінің салқындауына байланысты бұл кезең 10 немесе одан да көбірек минутқа созылады. Свидловтың айтуынша, өлудің соңғы кезеңі — биологиялық өлім, орталық нерв жүйесі қызметінің істен шығуына байланысты мидың өлуі басталады. Адамның басқа органдары мен тіндерінің өміршеңдік белгілері біразға жалғасқанымен, мидың өлуі адам өмірінің соңғы сәті болып табылады. Яғни адам өмірінің соңғы сәті – биологиялық өлім.
Жалпы адам өлтіру – қылмыс болып табылады, ал қылмыс құқық бұзушылықтың бір түріне жатады. Қылмыс құрамы, яғни құқық бұзушылық құрамы да төрт маңызды және міндетті элементтерден тұрады.
1. С.М. Әпенов пікірінше, қылмыстың объектісі ретінде қылмыстық заң бойынша қорғауға алынған қоғамдық қатынастардың, заңды мүдделердің, құқықтардың және құндылықтардың жиынтығы алынады деп түсіну керек. Кейбір әдебиеттерде қылмыс объектісі ретінде «қоғамдық қатынастар» деген ұғым алынып, ал қалған «заңды мүдделер, құқықтар мен құндылықтар» деген ұғымдар «қоғамдық қатынастар» деген ұғымға жатқызылады.
Қылмыстың объективтік жағы ретінде қылмыстың сыртқы бейнесін сипаттайтын белгілердің жиынтығы алынып, онда қылмысты факт немесе уақиға ретінде бағалауға болатын белгілер тобына сипаттама береді. Объективтік жақты қылмыстың жасалу уақиғасын білдіретін элемент ретінде түсінуді ұсыну, ол объективтік жақтың «қылмыстың сыртқы бейнесін сипаттайды» деген ұғымға байланысты. Яғни бұл құрам элементінде қылмыстың қоғамға қауіптілігін көзге көрсете алатын сыртқы белгілер болып табылатын қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік, елеулі зардап, себепті байланыс, қауіпті құрал, тәсіл, жағдай тәрізді белгілер түгелденеді немесе осы бағыттағы материалдарды квалификация жүргізуші субъект іздестіреді.
Құқық бұзушылықтың фактісін бекіту үшін барлық себепті байланыс айтарлықтай мәнге ие бола бермейді. Субъектінің кінәсі оның қоғамға зиянды салдарын болжаумен байланысты болады. Ал сол әрекеттен міндетті түрде келетін зиянды ғана болжау мүмкін болмақ. Демек, әрекет-әрекетсіздікпен қоғамға зиянды салдардың арасында қажетті себепті байланыс болады. Басқаша айтқанда, келтірілген зиян жасалған әрекеттің тікелей нәтижесі екендігі анықталуға жатады. Әрекет-әрекетсіздікпен оның нәтижесі арасындағы байланыстың қажетті немесе кездейсоқ сипаты істің барлық фактілік жағдайын жан-жақты зерттеудің негізінде ғана бекітіледі.
Адам өлтірудің объективтік жағы басқа адамды өмірінен заңсыз айырумен көрінеді. Қылмыстың аяқталуы үшін адамды өмірінен айыруға бағытталған іс-әрекеттің және соның зардабынан адам өлуінің арасындағы себептік байланыстың болуын айқындау қажет.
Адам өлтіру негізінен әрекет арқылы жүзеге асырылады. Кінәлінің оқпен атылатын және суық қарудың, өзге де заттарды пайдалануымен, уландыру, жарылыс жасау, басқа да әдістерді қолдануы арқылы адам өмірінен айырылады. Адам өлтіру сонымен бірге жәбірленушіге психикалық әсер ету нысанында да болуы мүмкін. Әдетте жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларынан зардап шегетін адамдарды жүйкесіне зақым келтіру жолымен өмірінен айыру әдебиеттерде мысал ретінде жиі кездеседі. Соңғы уақыттарда адам жүйесіне әсер ету нысандары мен әдістерінің көбейе түсуінің нәтижесінде психикалық әсер ету жолымен адам өлтіру мүмкіндігі одан әрі кеңейе түсуде.
Адам өлтіру сондай-ақ әрекетсіздік нысанында да болуы мүмкін. Бұл негізінен мынадай жағдайда болуы мүмкін. Кінәлі адам біреуді өмірден айыру мақсатымен өлімге араша тұра алатын мүмкіндігі бола тұра және осыған тікелей міндетті бола тұрса да әрекетсіздік жолымен оған өлім қалпын туғызады және өлімге жол береді.
Кінәлінің өлімнің жолын кесу жөніндегі әрекетті істеу міндеттілігі заң талаптарынан туындауы мүмкін. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын және өздерінің табиғи қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайтын жағдайларда қартайған ата-аналарын олардың ересек балалары олардан құтылу мақсатында осындай әрекеттер жасауы мүмкін.
Адам өлтірудің объективті жағының екінші белгісі қылмыстың зардабы жәбірленушінің өлімі болып табылады. Өмірден айыруға тікелей қасақаналық болғанымен қылмыстық зардаптың — өлімнің болмай қалуы кінәлінің әрекетіне оқталғандығы, адам өлтіруге оқталғандық ретінде саралауға негіз болады. Адам өлтіру кезінде, өлім әрекет жасалғаннан кейін бірден немесе белгілі бір уақыт өткеннен кейін жүзеге асырылуы мүмкін. Келтірілген зардапты кінә деп жүктеу үшін оған өлім мен субъектінің әрекеті немесе әрекетсіздігі арасындағы себептік байланыстың болуы негіз болып табылады. Әрекет пен зардаптың арасында себептік байланыс болмаған кезде тұлға жасаған әрекеті үшін ғана жауапты болады. Өлтіруге тікелей оқталу айқындалған кезде өлтіру үшін оқталғандық жасалған болып табылады, ал өлтіруге жанама ниет болған кезде кінәлі адам нақты келтірілген зиян үшін ғана жауап береді.
2. С.М. Әпенов пікірінше , қылмыстың объектісі ретінде қылмыстық заң бойынша қорғауға алынған қоғамдық қатынастардың, заңды мүдделердің, құқықтардың және құндылықтардың жиынтығы алынады деп түсіну керек. Кейбір әдебиеттерде қылмыс объектісі ретінде «қоғамдық қатынастар» деген ұғым алынып, ал қалған «заңды мүдделер, құқықтар мен құндылықтар» деген ұғымдар «қоғамдық қатынастар» деген ұғымға жатқызылады.
Объект – заң, құқық нормалары қорғайтын бұзылған мүліктік немесе мүліктік емес игілік. Яғни, құқықпен реттеліп және қорғалатын қоғамдық қатынастар, құқықтар, бостандықтар мен заңды мүдделер. Бұл жағдайда адамның өмірі, өмір сүруге құқығы. Құқық бұзушылық өз іс-әрекетінде құқық тәртібіне қарсы бағытталып, қандай да бір зиян келтіреді.
Қоғамдық қатынастардың, оның субъектілерінің құқықтары мен мүдделері көп түрлі болуына сәйкес нақтылы құқық бұзушылықтың объектілері де бірнеше болуы мүмкін.
3. Қылмыстың субъективтік жағы ретінде қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамның психикалық сезімдерін білдіретін ішкі жақ белгілері алынады. Демек бұл құрам элементінде қылмыс жасаған адамның қауіпті іс-әрекетіне, зардапқа, қылмыс тәсіліне, жағдайына деген психикалық қатынасы, сонымен бірге қылмыстың жасалуына түрткі болған ішкі сезімдер ашылады. Яғни қылмыскердің қылмыстың объектісі мен объективтік жағының белгілеріне деген ми жұмысының шешімдері анықталуға жатады.
Құқық бұзушылықтың субъективтік жағын адамның құқық бұзушылықты жасауға жол берген әлеуметтік-психологиялық механизмін сипаттайтын, элементтерді құрайды. Субъективтік жағынан алып қарағанда барлық құқық бұзушылық, алдымен кінәнің болуымен байланысты болады. Бұл тұрғыдан қарағанда құқық бұзушылық – құқық бұзушының еркі және санасы арқылы жол берген кінәлі әрекет болып табылады.
Субъектінің кінәсінің деңгейі оның өз іс-әрекетінің әлеуметтік зиянды нәтижесін алдын ала болжағандығы немесе болжамағандығына қатысты анықталады және қасақаналық немесе абайсыздық нысанында бейнеленеді. Қасқаналықта адам өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екендігін ұғынып, оның қоғамдық қауіпті зардаптары болуының мүмкін екенін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және осы зардаптардың болуын тілейді. Ал абайсыздықта адам өз іс-әрекетінің қоғамға қауіп туғызуы мүмкін екенін білмеу, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен болғызбау мүмкіндігіне сенеді немесе қажетті ұқыптылық пен сақтық болғанда, ол зардаптарды болжап біле алатын бола тұра өз іс-әрекетінің қоғамдық қауіпті зардаптарының болуы мүмкін екендігін болжай алмайды. Яғни, кінә адамның еркімен байланысты болатын, ішкі психологиялық жай-күй болып табылады.
Дегенмен, мұнда құқық бұзушылыққа жол берген психологиялық факторлар да ескеріледі. Барлық ерікті әрекет іштей реттелген және белгілі бір мақсатты көздейді. Осыған байланысты құқық бұзушылықтың субъективтік жағына әрекет-әрекетсіздіктің ниеті мен мақсаты кіреді. Мұндағы ниет деп отырғанымыз – құқық бұзушылықты жасауға түрткі салатын, ең басты негіз, ал мақсат – құқық бұзушы жетуге тырысатын нәтиже. Сондықтан осы элементтерді тани білу әрекет-әрекетсіздіктің барлық психологиялық ерекшеліктерін ашу және құқықпен қорғалатын қоғамның, мемлекеттің және азаматтардың мүдделеріне зиян келтіруші құқық бұзушылықтың субъективтік жағын айқындауға мүмкіндік береді.
Адам өлтіру – материалдық құрамға жататын қылмыс. Адам өлтірудің субъективті жағы – ҚК 96-бабына сәйкес тек қана қасақаналықпен жүзеге асыралады. Адам өлтіру кезінде қасақаналық тікелей және сол сияқты жанама болуы да мүмкін. Тікелей қасақаналық кезінде кінәлі өзінің басқа адамның өміріне қол сұғып отырғандығын сезеді, оның әрекеті іс жүзінде өлімге соқтыруы мүмкін екендігіне немесе қалай да өлімге әкелетіндігін біледі және өлімнің болуын тілеп іс-әрекет жасайды. Жанама қаса қаналықпен адам өлтіру кезінде кінәлі өзінің әрекеті арқылы адам өміріне қатер төндіретіндігін мойындайды, осы әрекеттің нәтижесінде оның өлуі мүмкін екендігін біледі, өлімнің болуын тілемейді, бірақ оған саналы түрде жол береді не өлімнің болу-болмауына немқұрайлы қарайды. Соңғы уақытта жарылыс жасау жолымен адам өлтіру оқиғалары кең таралып отыр. Мұндай кезде белгілі бір құрбандардан басқа бөгде адамдар да өледі. Бұл оқиғада кінәлі белгілі бір құрбанға қатысты адам өлтіруде тікелей ниетте, ал бөгде адамдарды өмірінен айыруға қатысты – жанама ниетте әрекет етеді.
Тікелей және жанама қасақаналықтар арасындағы айырмашылықты айқындаудың іс жүзінде үлкен маңызы бар. Адам өлтіруге оқталу, яғни кінәлінің әрекеті ол өлімнің болатынын сезетінін, оның болуын тілегендігін, бірақ оның еркінен тыс себептер бойынша ол болмай қалғандығы бойынша анықталады. Мұндай кезде оқталу тек қана тікелей қаса қаналықпен жүзеге асырылады.
Кінәлінің ниетінің түрі туралы мәселені шешкенде соттар жасалған қылмыстық барлық жағдайларына сүйенуі және атап айтқанда: қылмыстың тәсілі мен қаруын, денеге салынған жарақаттың санын, сипаты мен оқшаулауын, кінәлінің қылмыстық әрекетті тоқтату себебін, сондай-ақ кінәлінің қылмыс істеу алдындағы және одан кейінгі мінез-құлқын, оның жәбірленушімен арақатынасын ескеруі тиіс.
Жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтыруы кінәлі үшін белгілі болып табылатын өмірлік маңызы бар органдарына пышақпен жарақат салу, дұрысында, өмірден айыруға тікелей ниеттің бар екендігін айғақтайды. Оқпен атылатын қаруды қолдану кінәлінің өлтіруге шынайы ниетте болғандығын айғақтайды және басқа жағдайлармен қатар кінәлінің адам өлтіру ниетінде болғандығына маңызды дәлелдеме болып табылады. Жақын ара қашықтықтан ату әдетте адам өлтіру мақсатында істеледі. Тікелей қасақаналық болған кезде кінәлі өлімнің болуын тілейді, сонымен бірге кінәлінің өлімнің міндетті түрде болуын қаламайтындығын да ескеру керек мұндай жағдайда. Оның ниеті баламалы түрде болуы мүмкін, оның шамалауы бойынша өлімнің болуы, сол сияқты денсаулыққа ауыр зиян келтіру мүмкіндігі және осы зардаптардың кез келгенінің болуын міндетті түрде тілейді. Ал егер оған байланысты емес жағдайлар бойынша қылмыстық нәтиже болмаған жағдайда ол адам өлтіруге оқталғандық үшін жауапқа тартылуы тиіс.
Адамды өлтіремін деп алдын ала қорқыту басқа мән-жайлармен қатар адам өлтіру ниетінің бар екендігіне маңызды дәлелдеме болып табылады. Дегенмен осындай қатер тудыруды айтқан адамның ой-ниетінің қаншалықты шын екендігін іс бойынша айқындау қажет. Тіпті, егер ол сөздер кейде және төндірілген қатерді жүзеге асыру мүмкіндігіне сырттай ұқсас кейбір әрекеттермен қоса айтылғанның өзінде, адам өлтіру ниетін жүзеге асыру туралы сөздер кінәлінің шын мәніндегі анық тілегін білдірмейді.
Адам өлтірумен қорқыту көбінесе оқпен атылатын немесе суық қаруды немесе өзге қаруды, сондай-ақ қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданумен немесе қолдануға әрекет етумен жасалатын бұзақылық әрекеттермен байланысты болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Адам өлтіруге жасалған оқталуды аталған әрекеттерден бөлу керек.
Адам өлтіруге жанама қасақаналық кезінде кінәлі өз әрекетінің нәтижесінде өлімнің нақты болу мүмкіндігін шамалайды. Кінәлі зардаптың қалай да болмай қоймайтынын шамалаған жағдайда сөз тек қана тікелей қасақаналық туралы бола алады (ҚК 24-бабының 3-тармағы). Ниеттің осы түрлерінің арасындағы неғұрлым елеулі айырмашылық, заңда көрсетілгендей еріктілік кезеңі бойынша анықталады. Егер адам өлтіруге тікелей ниеттену кезінде кінәлі өлімнің болуын тілесе, ал жанама ниеттену кезінде оны кінәлі тілемейді, бірақ оған саналы түрде жол береді не өлімнің болуына немқұрайды қарайды. «Тілемейді» деген терминді «өлтіргісі келмейді» деген мағынада емес, «тікелей тілемейді» деген мағынада түсіну керек. «Саналы түрде жол береді» деген – кінәлі өлімді өз іс-әрекетінің нәтижесі ретінде қабылдайды дегенді білдіреді.
4. Қылмыс субъектісі ретінде қылмыстық жауаптылық жасына жеткен, есі дұрыс, кінәлі адам алынады. Қылмыстың ұрамын негізінен субъективтік және объективтік бағыттардағы белгілерден құралатынын ескеріп, оның ұғымын осы екі бағыттағы белгілердің жиынтығы түрінде алу қисындығы және өзге әдебиеттерде де осындай сипаттағы түсінік беріледі.
Субъект — әрекет қабілеттігі бар заңды бұзушы тұлға. Егерде субъект құқық бұзушылық кезінде өзге құқыққа сай жолды таңдау мүмкіндігіне ақыл-есінің кемдігі, жасының толмауы, физикалық немесе психикалық жетіспеушілігінің салдарынан жол берсе, әрекет-әрекетсіздік зиянды нәтижеге әкеліп соқса да құқық бұзушылық деп саналмайды. Құқыққа қарсы әрекеттерді құқық бұзушылық деп тану үшін заң оның субъектісіне белгілі бір талаптар қояды. Ең алдымен белгілі бір жасқа толу керек. Айталық, қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады, кейбір қылмыс түрлері үшін 14 жас.
Қасақана адам өлтірудің субъектісі 14 жасқа толған жеке тұлға болып табылады, ал ҚК 97-102-баптарында көрсетілген жағдайларда адам өлтірудің субъектісі 16 жасқа толған адамдар болып табылады.
Жалпы қылмысты саралау үшін оның құрамының белгілерін анықтау міндетті болып табылады. Я.М. Брайнин айтуынша «қылмыс құрамының барлық белгілері баптың диспозициясында белгіленеді», алайда В.Н. Кудрявцев бұл тұжырыммен келіспейді, себебі барлық баптың диспозициясында қылмыстың толық құрамының белгілері көрсетілмеген.
Адамның жеке басына қарсы жасалатын қылмыстың ішінде ең ауыры адам өлтіру қылмысы болып табылады. Бұл қылмысты ашуда кездесетін қиыншылықтар айтарлықтай үлкен жұмыс көлемін талап етеді, сондықтан адам өлтіру жөніндегі істі жоғары санаттағы күрделі қылмыс қатарына жатқызады.
Адам өлтіру қылмысын жасаудың және жасырудың тәсілдерінің әртүрлілігі, олардың себептері және мақсаттары, қылмыскердің пайдаланылатын қарулары және амалдардың ерекшеліктері, қылмыстарды жасаудың орны және уақытының ерекшеліктері оларды тергеудің жалпы әдістемесінде адам өлтірудің әртүрлі түрлерін тергеудің ерекшелігін көрсететін бірқатар жеке әдістеменің бар болуымен байланыстырылған. Соңғыларына қылмыстың типтік ситуациясына байланысты: атыс-қаруларын, жарылғыш заттарды, кесіп жаншитын заттарды пайдаланып жасалған адам өлтірулер, мәйітті бөлшектеумен, бүркемеленген (инсценировка) адам өлтірулер; пайдақорлық, бұзақылық ниетпен және т.б. көлікте, төбелесте жасалған адам өлтірулер жатқызылуы мүмкін.
Қылмыстық істі қозғау кезіндегі тергеушінің қолындағы алғашқы мәліметтердің сипаты мен көлеміне байланысты қылмыстарды шартты түрде мынандай үлкен екі топқа бөлуге болады: 1) адам өлтіру анық жағдайда жасалған; 2) адам өлтіру анық емес, белгісіз жағдайда жасалған.
Бірінші топқа, тергеудің басында-ақ адам өлтіруші тұлға белгілі болған айқын деректерді жатқызамыз.
Мұндай қылмыстар әдетте «тұрмыс-тіршілік» қатарына жатады, олар көбіне, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі болатын отбасындағы, сондай-ақ көршілердің, болмаса туысқандардың тағы басқа да жақын танитын адамдардың бір-бірімен ұрыс-керістері, өзара келісе алмаушылықтарынан туындаған жанжалдар мен жеке бастық араздар. Бұл қылмыстарды жасау кезінде қылмыскерлер қылмысты жасауға байланысты алдын ала айла-әдістерді таңдап, оның ізін жасыруға алдын ала дайындалмайды. Керісінше күтпеген жерден туындаған жанжалдың нәтижесінде қолына түскен тұрмыс-тіршілікте қолданылатын заттарды, атыс қаруын т.б. қылмыс құралы ретінде пайдаланады.
Белгісіз жағдайларда жасалған адам өлтіру қылмыстарын – күш қолдану белгілері бар мәйіттің табылуына байланысты немесе хабар-ошарсыз кеткен адамдардың өлгендігін куәландыратын мәліметтер бойынша қылмыстық іс қозғауға байланысты тергеу әрекеттері жүргізілетін қылмыстарды жатқызамыз. Мұндай жағдайларда қылмыстық іс қозғау кезінде тергеушіде адам өлтіру қылмысының жасалу жағдайы (қылмыскердің, көбіне жәбірленушінің жеке басы туралы; қылмысты жасау ниеті мен мақсаты) туралы ешқандай мәліметтер болмайды. Бұл жерде қылмыс көп жағдайларда алдын ала ойластырылып, әрекет ету бағыты мен кезектілігі мұқият қарастырыла отырып жоспарланып, қылмыстың ізін жасыру мақсатында қолайлы әдіс-тәсілдерді таңдап алып, арнайы адам өлтіру немесе ол қылмысты жасауға қатысу ниеті мен мақсатында жасалады.
Адам өлтіруге байланысты қылмыс жасау тәсілдері әртүрлі болып келеді және ол жәбірленушінің жеке өміріне қол сұғып тікелей өмірінен айыруға бағытталатын келесідей белсенді әрекеттерден тұрады: дене жарақатын салу, жылжып келе жатқан поездың астына қарай итеріп жіберу т.б. Кейбір жекелеген жағдайларда әрекетсіздік жолымен де мұндай қылмыстар (жаңа туған нәрестелер мен өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдарды тамақтандырмай қою арқылы) жасалуы мүмкін.
Қылмыскердің адам өлтіру үшін нақты бір тәсілді таңдап алуына мынандай факторлар әсер етеді: жәбірленуші мен айыпкердің жасы, жылы, физикалық дамуы, қылмыстың жасалу уақыты мен жері, оның ниеті мен мақсаты, қылмыскер мен оның құрбанының өзара байланысының болуы, оның сипаты, сондай-ақ басқа да жағдайлар.
Адам өлтіру қылмыстарын жасауда қолданылатын тәсілдердің кеңінен тараған түрлеріне келесілерді жатқызуға болады:
– әртүрлі құралдарды, заттарды қолдану арқылы жәбірленушіге дене жарақатын салу;
– жәбірленушіні дәрменсіз күйде қалдыру, болмаса осы жағдайды пайдалана отырып оған дене жарақатын салу, оны қылғындыру т.б. Сондай-ақ өміріне қауіп төндіретіндей жағдайларға душар ету;
– жәбірленушіні өте биік жерден лақтырып жіберу;…..