Курстық жұмыс: Педагогика | Мектепке дейінгі балаларды ойын арқылы танымдық әрекетін дамыту
Мазмұны
І. КІРІСПЕ……………………………………………………………………………………… 3
І ТАРАУ. ОЙЫН ТҮРЛЕРІ 6
1. Іскерлік ойын 6
1.2 Ойын арқылы балалардың ойлау қабілетін арттыру 30
1.3 Ойын арқылы баланың 33
психикалық ерекшеліктерін қалыптастыру 33
ІІ ТАРАУ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ОЙЫН АРҚЫЛЫ ТАНЫМДЫҚ ӘРЕКЕТІН ДАМЫТУ 36
2.1 Ұлттық ойындармен мектепке дейінгі балалардың танымдық әрекетін дамыту. 36
2.2 Ойын — бала білімін берік меңгерту құралы 40
ҚОСЫМШАЛАР: 48
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ: 50
Іс-әрекет дегеніміз түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған проце-с. Адам үшін іс-әрекеттің қашан да қоғамдық әлеуметтік мәні зор. Адам әрекеті сан алуан. Оның негізгі түрлері ойын, оқу, еңбек әр уақытта белгілі бір мақсат, міндеттерге бағытталып отырады. Бұлардың барлығына тән ортақ қасиет белгілі қажетке байланысты туып отыратындығы. Сондай-ақ жас мөлшерінің әр кезеңінде түрліше көрінетіндігінде. Осы іс-әрекеттің бірі – ойын.
Ойын — бала әрекетінің бір түрі, адамзат мәдениетінің қазынасы. Ұлы педагогтер, ғалымдар баланы тәрбиелеудегі ойын рөлін жоғары бағалаған. Бала ойын арқылы өмірге енеді, табиғатпен, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі, атын – түсінігін арттырады, еңбек ете білу дағдысы қалыптасады.
Психологтар мен педагогтер ежелден-ақ ойын мәселесіне өз назарын аударғанымен, тек ХІХ ғасырдың аяғында ғана арнайы зерттеу пәніне енгізілді.
С.А.Шмакова бойынша көптеген ойындарға тән ортақ белгілер деп төмендегілерді айтуға болады:
Тек қана нәтижесінен ғана емес, әрекет үрдісінің өзінен де ләззат алу үшін баланың тілегімен ғана қабылданатын, еркін дамытушы әрекет (әрекеттік (процедуралық) ләззат);
Елеулі мөлшерде суырып салмалық, шығармашылық, осы әрекеттің белсенді сипаты («шығармашылық аясы»).
әрекеттің эмоцияналды көтеріңкілігі, бәсекелестік, жарыс («эмоционалдық қуат»).
Ойын мазмұнын, оның дамуын логикалық және мерзімдік, уақыт тұрғысынан бейнелейтін тікелей және жаңа ережелердің болуы.
Ойындық әрекет бағдарламасын зерттеген ғалымдар пікірінше ойын педагогикалық мәдениет феномені ретінде төмендегідей қызметтерді атқарады:
Әлеуметтендіру қызметі.
Өйткені, ойын – баланы күшті қоғамдық қатынастар жүйесіне енгізу және оған мәдениет байлығын игерту құралы.
Ұлтаралық қатынас құралы қызметі.
Себебі, ойын – балаға жалпы адамзаттық құндылықтарды, түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін игеруге мүмкіндік туғызады. Өйткені ойын — әрі ұлттық әрі интернационалдық, сонымен бірге жалпы азаматтықта.
Ойында бала «адамзат тәжірибесі аясында» өзін-өзі көрсету қызметін көрсетеді. Өйткені, ойын бір жағынан баланың практикада өмірлік нақты қиындықтарды жою жобасын тексеруге және құруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан тәжірибесінің олқы тұстарын айқындауға мүмкіндік береді.
Ойынның қатысымдық қызметін – балаға шынайы күрделі адамдық қатысым аясына енуге мүмкіндік беретін дерегі айқын көрсетеді.
Ойынның диагностикалық қызметі- педагогқа баланың әр қырынан: интеллектуалдық, шығармашылық, эмоционалдық және т.б. көрінуін диагностикалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ойын – баланың өз күшін нақты сезінетін, өзін-өзі бағалау, еркін әрекеттегі мүмкіндіктерін танитын өзін-өзі көрсету аймағы болып табылады.
Ойынның емдік қызметі – баланың қарым-қатынаста, оқуда, мінез-құлқында туындайтын әр түрлі қиындықтарды жеңу құралы ретінде қолданылуымен түсініледі. Ойынның мұндай қызметін Д.Б.Эльконин аса жоғары бағалайды.
Ойынның түзеу қызметі деп – баланың тұлғалық құрылымының көрсеткішіне жағымды өзгерістер, толықтырулар енгізу түсініледі. Ойын әрекетінде бұл үрдіс басқа кездегіден гөрі неғұрлым жұмсақ өтеді.
Ойынның дамытушылық қызметі, оның ең маңызды қызметтерінің бірі.
Сонымен бірге, ойын – баланың қызығушылықтан дамуға ұласатын, қызығушылығының ұйымдастырылған мәдени стратегиялық-кеңістігі.
Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фараби өзінің «Бақыт жолында» атты философиялық шығармасында адамның танымын дамыту арқылы ғана ойы бақыт жолына жетелеуге болатындығына тоқтасақ, ұлы Абай өзінің қырық үшінші қара сөзінде баланың танымын алғашқы күннен бастап дамытпаса, өзінің із-түссіз жоғалып, жойылып кететінін айтады. Ағартушы ұстаз Ы. Алтынсарин өзінің көптеген еңбектерінде таным әрекетінің негізі-оқу, білім деп тұжырымдайды.
Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамыту құралы да, балада оқу мен білімнің, тәрбиенің негізін қалыптастыратында — ойын әрекеті болып саналады..
Орыс педагогы В. А. Сухомлинский: «Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл — ойдың қалыптасуы мүмкін де емес» десе, ғалым Е. А. Покровский өзінің балалардың ойындарына арналған еңбегінде әрбір халықтың ойын туралы түсінігіне сипаттама береді.Мысалы: ежелгі гректерде «ойын» түсінігі балалардың қимылы деген ұғымды білдіреді, ал еврей халқында «ойын» сөзі қуаныш, шаттық сезімдерін сипаттайды — деп, барлық халқтың ойын түсінігінің түп — тамырының сабақтасып жатқандығы туралы тұжырым жасайды. Ойын — таным процесінің дамытудың негізгі болғандықтан әрбір тәрбиеші ұстаз оқыту мен тәрбие берудің мазмұнын үнемі ойын элементтерімен толықтырып отыру керек.
Сабақта ойынды дұрыс колдану үшін ұстазға ойындардың мазмұны мен өткізілу әдістемесін жете білу, әр бір тақырыпқа байланысты оқу жылының басында оқу жоспарына енгізу, ойынның тәрбиелік және танымдық мақсатын аша білу, ойын арқылы баланы танымына әсер етіп, даму барысына үнемі зерттеу жүргізу талаптары қойылады.
Ойын тек баланың іс-әрекеті ғана емес, ойын – еңбек, ойын – оқу, ойын — әлеуметтік қарым – қатынаста ерекше орын алатын әрекет түріне жатады. Педагог және психолог ғалымдар ойын іс — әрекетін жан – жақты зерттеп, баланың дамуын, тәрбиеленуін, танымдық қызығушылығын арттырудың негізгі құралы ретінде қарастырып келген.
Іс-әрекет ойын, оқу және еңбек түрлеріне бөлінсе, ойын бала үшін алғашқы рет қоршаған ортаны тану құралы болып табылады.
Ойын ұғымына анықтама берсек – бұл адамның мінез – құлқын өзі басқаруымен анықталатын әлеуметтік тәжірибені қалыптастыратын негізгі іс — әрекеттердің түрі. Ойынсыз ешқандай бала дамымайды, қалыптаспайды, ойын арқылы бүлдіршіндер қоршаған ортаны таниды. Әсіресе, баланың өмірінде іскерлік ойындардың орны ерекше.
І ТАРАУ. ОЙЫН ТҮРЛЕРІ
1. Іскерлік ойын
Іскерлік ойындарды педагогтың кәсіби шеберлігін дамытуда, құзырлылығын анықтауда пайдалану арқылы оң нәтижелерге қол жеткізуге болатынын күнделікті тәжірибенің өзі дәлелдеуде. Іскерлік ойындардың өзі бірнеше топқа бөлінеді. Олар: иммитациялық, операциялық, рөлдерді орындау, іскерлік театр, психо және социодрамалар.
Психодраманың туып, дамуына ерекше үлес қосқан Джекобу Леви Морена болды. Классикалық психодрама – топтық жұмыстың өте айқын, ең эмоционалды бай бағыттарының бірі. Ол жүргізушіден жоғары кәсіби біліктілік пен зор шығармашылық қабілеттерді талап етеді. Өйткені ол бір мезетте режиссер, терапевт және сарапшы рөлін атқарады. Бұл әдістің мәні жүргізуші режиссер басқаруымен топ мүшелерінің арнайы ұйымдастырылған кеңістікте арнайы тәсілдер көмегімен спектакль қоюында.
Дәстүрлі театрландырылған қойылымдардан оның ерекшелігі- қатысушыларға бейтаныс жағдай емес, керісінше олардың өздерінің өмірлік тәжірибесі, жеке проблемалары немесе өзіндік әлеуметтік рөлдердің ойналуында болып табылады. Сондықтан сахналандырылатын қойылымның авторы қатысушылардың өздері болады. Оларға режиссер мен топтың басқа мүшелері көмектеседі. Мұнда суырып салмалық пен аяқ астынан туған, шын жүректен шыққан ойлар мен пайымдауларға ерекше мән беріледі, ал қойылымның сәтті шығуына кедергі келтіруі де ғажап емес. Әдетте, топта кәсіби актер режиссердің көмекшісі болуы міндетті емес. Психодрамалық сессияларды топтастырудың негізгі кезеңдері төмендегілер болып есептеледі.
-сергіту сәті (драмалық фазасы)
-психодрамалық әрекет фазасы (қойылымның жүзеге асуы)
-кіріктіру фазасы, қатысушылар өз пікірлері мен әсерлерімен алмасады.
Психодрамалық әрекеттер кульминациялық нүктесіне жеткенде, топтың эмоционалдық қуаты шарықтау шегіне жетіп, «катарсис» — жан дүниесінің тазаруы жүзеге асады. Эмоционалдыққабылдау сәтінде жағдайды басқаша бағалау, қабылдау жүзеге асқандықтан, тұлға аралық қақтығыстарды жағымды шешуге ықпал етеді. Психодрамалық әрекетке режиссер, протогонист (қойылым негізіне тәжірибесі алынып отырған адам), оның әріптестері және аудитория (рөлі жоқ көрермендер) қатысады.
Психодрамаға қатысушылар әрекетке түсу барысында ішкі қайшылықтар мен маза бермейтін ойларынан арылып, емдік терапия жүреді. Сонымен қатар көрермендер де терең эмоцианалдық қоюалжуды бастан кешіретіндіктен, топ мүшелерінің өзара сезіммен бөлісуі жүзеге асады. Рөлдік ойын барысында қатысушылар өз тәжірибесін басынан қайта кешіп қана қоймайды, оны талдап, мінез-құлықтың жаңа моделін сынап көреді.
Психодрамаларда сезімге қатысты мәселелер қарастырылса, әлеуметтік драмаларда өзара қатынас деңгейіндегі мәселелер қарастырылады.
Интерактивті әдістер – қарым-қатынас пен біріккен әрекетті танудың жолдары мен тәсілдеріне меңзейді, белсенді диалог негізінде құрылады. Қатысушылар бірігіп жұмыс жасауға үйренеді; өз ойларын ортаға салып, пікірталасқа түседі; өзін-өзі дамытуға деген қажеттіліктерді анықтап, өзін-өзі бақылай, бағалай білуге машықтанады. Олардың қатарында өзіміз тәжірибеде қолданып жүрген мынадай әдістерді атап өтуге болады: «ми шабуылы», «дөңгелек стол» рольдік және іскерлік ойындар, медитация, дискуссия, тренингтік жаттығулар және т.б. Білімгерлерді кең ойлауға, шабыттандыруға негізделген тренингтік жаттығулар жеке тұлға белсенділігін және топтық даму деңгейін көтеруге бағыталған әлеуметтік – психологиялық оқыту және білімгерлерді тәжірибелік бағытта психологиялық дайындауда мүмкіндік беретін оқыту әдістерінің ең тиімдісі ретінде сабақтарда кеңінен қолданылып жүр.
Мәселен рольдік ойын элементтерін пайдалана отырып, Абайдың он жетінші қара сөзін талдағанымызда білімгерлер «қайрат», «ақыл», «жүрек» рольдеріне ене отырып, пікірталасқа түсіп, ғылымға жүгінеді. Мұнда әрбір «роль» өзінің дұрыстығын, ақиқаттығын, адамзат үшін қажеттілігін, адалдығын дәлелдеп өзін жақсы тұстан көрсеткілері келеді. Сонда ғылым жүректің әрі билеуші, әрі әмірші екендігін айғақтап, үшеуінің де бір кісіде табылса, одан асқан бақыттың жоқ екендігін айтады. Мұндай талқылаулар білім құндылығы туралы түсінікті тереңдетіп, дамытады.
Сабақтарда осы сияқты пікірталастар қызықты да тартысты өтіп жүр. Оның бірден-бір себебі: оқытушы – білімгер, білімгер – білімгер арасында жағымды қарым-қатынастың орнауы. Жағымды қарым-қатынас — өзін-өзі және өзгені тану, білу, дамытуда ерекшеленіп, эгоцентризмнен, өзіндік ұстанымнан альтруизмге, өзгеге, басқаға бағыталған ұстанымға көшуде көрініс береді. Ол қатысушылардың өзара түсіністігін тереңдетіп, бірінің жан дүниесін бірі ұғынуға, жағдай жасайды.
Жағымды қарым-қатынасты іске асыру үшін қажетті өмірлік шарттар және қатысушылардың ішкі дайындығы үлкен роль атқарады. Интерактивті оқытуды ұйымдастыруда, біздің байқағанымыз, жағымды қарым-қатынас орната білетін білімгерлердің психикалық денсаулығы, мінездерінің біртұтастығы, салмақтылығы көзге түсердей. Осы тұста негізгі міндеттердің бірі – қарым-қатынасты реттеп отыру, қатынас мәдениетіне баулу.
Келесі кезекте психодрама жеке тұлғаның «өмір театрындағы» шығармашылық «Менін» дамытуға негізделіп ұйымдастырылды. Қатысушыларға тек өз ролін ғана емес, басқа да адамдардың роліне еніп шығармашылық тапқырлығын көрсете алатындығы, ойын адам өмірінің ажырамас бөлігі, оның әдеттен озбағаны, шектен шықпағаны абзал екендігі ескертілді.
Топты екі жұпқа бөле отырып «Менің құрбым», «Жетім бала» атты психодраманы рольдер арқылы көрсетуді ұсындық. Мұнда ойыншылар ішкі және сыртқы дамуға, тіл табысуға кері әсер беретін мәселелерге көңіл аударып, баса көрсетті.
Білімгерлерге психогимнастика, соның ішінде вербальді емес қарым-қатынасқа негізделген ойын жаттығуларын орындамас бұрын, бір-бірімізбен сөйлемей-ақ ұғыну арқылы тіл табысуға болатындығы, егер бізге мұндай ұғыну табылса онда тілдік қатынасқа түсу де жеңіл, әрі еркін сипат алатындығы түсіндірілді. Осы орайда ұйымдастырылған «арқамен – арқаға», «отырып және тұрып», «көзбен ұғыну» жаттығулары жағымды эмоциялық күй тудырып, ойыншыларды серігітті. Бұл жаттығулар «өзін-өзі тану»пәнінің үш «алыбы»: «қайырымды сөздер», «көзбен-көзге», «жанасу» бойынша құрылды.
Жаңа педагогикалық технологияны меңгеруге қатысты оқытудың әдістері төмендегідей болмақшы: проблемалық-іскерлік ойын; рефлексивті-рольдік ойын; педагогикалық шеберханалар; панорамалық сабақ; лекция; семинар; практикалық сабақтар; педагогикалық оқулар; педагогикалық ринг; педагогикалық идеялар, аукцион; сынақ мерзімін өткізу; бейнетаспаға түсірілген сабақтар көру; ашық сабақтарға кіру, талдау; педагогикалық тренинг.
2. Дидактикалық ойын
Педагогикада дидактикалық ойындарға былай анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз – балаларға белгілі бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс — әрекет. (1) Ендеше, бұл ойындар оқытуға арналған.
Бала ерте жастан – ақ қоршаған ортамен танысады. Ол адамдармен, жануарлармен, әртүрлі заттармен қарым – қатынасқа түсіп, олардың ерекшеліктері мен қасиет – сапалары туралы мағлұматтар алады. Бірақ, бала тек өзінің тәжірибесіне сүйеніп оқыса, оның білімі нақты болмайтыны сөзсіз. Сондықтан білімді пысықтау, бекіту үшін дидактикалық ойындар пайдаланылады.
Дидактикалық ойындардың басқа ойындардан ерекшелігі, оның негізгі мақсаты – баланы оқыту, олардың ойлау қабілеттерін жаттықтыру және дамыту, игі қасиеттерді тәрбиелеу.
Дидактикалық ойындардың мазмұны – қандай да болмасын ақыл – ой міндеттерін жүзеге асыру. Ережені орындау ойды, қиялды, есті дамытуға ықпал етеді. Дидактикалық ойын арқылы дүниені тану басқаша түрге ие болады, ол күнделікті оқуға ұқсамайды, мұнда қиял – ғажайып та, жауапты өз бетінше іздеу де, белгілі болмыс пен құбылысқа жаңаша көзқарас та, білімді толықтыру мен кеңейту де,жекеленген құбылыстар арасында өзара байланысты, ұқсастықты және айырмашылықты тағайындау да бар. Ал ең бастысы, оқушыларды еш қинамай, өздерінің қалауы бойынша дидактикалық ойын арқылы оқу материалын әртүрлі тұрғыдан бірнеше рет қайталауға мүмкіндік туады. Сонымен бірге дидактикалық ойын өзара жарыстыру мүмкіндігін туғызып, оқушыларға білімдерін әртүрлі жағдайда қолдануға негіз береді.
Дидактикалық ойын өзінің қызметі мен атына сай орындалуы үшін, оның арнайы құрылымы болуы шарт.
Оның құрылмы төмендегідей:
Міндеті.
Әрекет.
Ереже.
Нәтиже, ойынның аяқталуы.
Егер оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық:
1. Міндеті — әрбір дидактикалық ойынның белгілі міндеті болады, ол дидактикалық мақсаттан келіп туындайды. Ойынның ( мақсаттан келіп ) міндеті, оның оқу мазмұнын құрайды. Ойын мазмұны балалардың қызығушылығын оятады, олардың танымдық іс — әрекетін белсендіреді және жаңа білім, іскерлік, дағдымен байытады.
2. Әрекет – ойынның негізгі бөлігі. Әрекетсіз ойынның мақсатын жүзеге асыру мүмкін емес. Әрбір дидактикалық ойынның міндеті әрбір оқушының мінез – құлқын анықтап, ұйымдастырып, бір тұтас ұжымға біріктіретін әрекет арқылы іске асады. Ол балалардың қызығушылығын тудырып, олардың ойынға деген эмоцияналдық қатынасын анықтайды. Дидактикалық ойында әрекет нақты анықталған және айқын түрде белгіленген. Ол әртүрлі болуы мүмкін, бұл жағдайда төмендегідей негізгі шарттарға сәйкес келуі тиіс:
а) ойын міндетіне бағыну керек, сол арқылы ойын мақсаты жүзеге асырылуы шарт;
ә) ойынның аяғына дейін тартымды, әрі қызықты болуы шарт.
3. Ереже – дидактикалық ойынның қажетті бөлігі болып табылады және ерекше орн алады, сондықтан кейде дидактикалық ойындарды «ережеге құрылған ойындар» деп те атайды. Ереже ойын міндетіне бағынады. Олар іс — әрекетті ойынның міндетін жүзеге асыруға бағыттай ұйымдастыруды көздейді. Сондықтан дидактикалық ойында іс — әрекет ережемен тығыз байланысты. Ережелер бала ойын үстінде не істеу керек және қалай істеу керек екендігін анықтайды. Ережесіз іс — әрекет жайбарақат дамып, дидактикалық міндеттің жүзеге асуына ықпал ете алмайды, сөйтіп өзінің негізгі сипатынан айырылады. Дидактикалық ойынның ережесі іс — әрекетті ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен бірге оның тартымдылығын арттырады.
4. Ойын нәтижесі – бұл міндетті шешу мен ережені орындау. Нәтиже мен ойынның аяқталуын екі тұрғыдан бағалау қажет: баланың көзқарасы тұрғысынан және мұғалімнің немесе тірбиешінің көзқарасы тұрғысынан.
Егер ойын нәтижесін баланың көзқарасы тұрғысынан бағаласа, онда мұғалім ойынның балаға моральдық және рухани ләззат беру жағын есепке алады. Дидактикалық ойынның міндетін шешу баладан белгілі бір күш – жігерді талап етіп, олардың ойлау іс — әрекетіне талаптар қояды. Балалар ойын барысында ұшқырлық, алғырлық, тапқырлық танытады. Мұның барлығы балаларды моральдық тұрғыдан қанағаттандырып, олардың өз күштеріне сенімін арттырады, оларды қуаныш сезімге бөлейді.
Мұғалім мен тәрбиешіге дидактикалық ойындарды талдау кезінде міндеттің орындалғанын, әрекеттің жүзеге асырылғандығын, ойынның белгілі бір нәтижеге әкелгендігін қадағалаудың маңызы зор.
Адам өскен сайын ойын өзінің мәнін, жетекші ролін жоғалта бастайды. Бірақ ол кейбір адамдарда өмірлік іске айналады (шығармашылық, техникалық және басқа да мамандықтар). Ойын тарихы, оның еңбектен пайда болғанын көрсетеді, ендеше ол адамдар үшін еңбектің түрі болып қала береді. Сондықтан дидактикалық ойын – бастауыш сынып оқушыларын оқытудың ақыл – ой белсенділігін тәрбиелеудің маңызды құралы болып табылады……..