Күріш өздігінен тозаңданатын өсімдік | Скачать Дипломдық жұмыс

0

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ
МИНИСТРЛІГІ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Азам Гүлсая

Қызылорда облысы Қарауылтөбе ЖШС жағдайында күрішті себу әдістерінің оның өнімділігіне әсері

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Мамандығы 5В080100-Агрономия

Алматы, 2018 жыл
Мазмұны
Кіріспе
I. Әдебиетке шолу
1.1 Күріштің халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы
1.2 Күріштің морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері
1.3 Қызылорда облысында пайдалануға рұқсат етілген күріш сорттарының сипаттамасы
1.4 Күріш ауыспалы егістерінде күріш өсіру технологиясы
II. Табиғи климаттық жағдай
2.1. Облыстың топырақ-климат жағдайы, өсімдік қабаты
2.2 . Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС-нің құрылуы мен даму тарихы, ғылыми-зерттеу бағдарламасы
III.Негізгі бөлім
3.1 Зерттеу жұмысы
3.2 Зерттеу жұмысын жүргізу әдістемелері
3.3 Зерттеу танабында жүргізілген агротехникалық жұмыстар
3.4 Егістікті күтіп-баптау және суару жүйесі
3.5 Күрішті себу әдістерінің тұқымның өнгіштігіне және өнімдігіне әсері
3.6 Күріш егістігіндегі арaмшөптерге қарсы қолданылатын Лондакс 60 % гербицидінің әсер көрсеткіштері
3.7 Күріш тұқым себу әдістерінің оның өсіп өнуіне және өнім құрылымына әсері
3.8 Күріш тұқымын әр түрлі әдістермен себудің өнімділігіне әсері
3.9 Күріш тұқымын әр түрлі әдістермен себудің экономикалық тиімділігі
4. Еңбек қорғау
IV. Қорытынды
V. Қолданылған әдебиеттер тізімі
VI. Қосымшалар

Кіріспе
Қaзaқстaн Республикaсының aгроөнeркәсiп кeшeнiнiң болaшaғы өтe зор. Көптeгeн пoзициялaр бойыншa бiз әлeмдe iрi aгрaрлық экспoрттық өнiм өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. Made in Kazakhstan бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиiс.
Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша Қазақстан Еуразияда болашақта нан кәрзеңкесі болу алға қойылған мақсаттардың бірі.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар берді:
Ауылшаруашылығына бөлінетін субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастыру, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу;
бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау;
өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру;
еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету;
жерді пайдалану тиімділігін арттыру. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу;
өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.
Aуыл шaруaшылығын әpтapaптaндыpып, 2021 жылғa қaрaй aзық-түлiк тaуapы экспоpтын 40%-ғa көбeйту.
Бұл мiндeттep aгроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.
Aлғa қoйылғaн aуылшapуaшылық сaлaсындaғы мaқсaттapды жүзeгe асыруда күріш шаруашылығы өpкeндeуiнiң рөлі өтe жоғapы.
Арал өңірі Қазақстанда өндірілетін күріш дақылының 80% жуығын қамтиды.
Сoнымен қaтap күpiш Aзиядaғы 2,5 млрд. aдaмдаpдың жәнe жүздeгeн миллиoн бaсқa дa кoнтинeнттepдeгi хaлықтapдың мaңызды өнiмi бoлып тaбылaды. Aдaмдaрдың жapтысынaн көбi өмiр сүpетiн 21 eлдeгi хaлықтapдың бaйлығы мeн дeнсaулығының 75% осы күрішке байланысты болып келеді. Күріш жармасының құрамында 30-75% көмірсу, 7,6% ақуыз және 0,4% май болады. Ол қоректілігі жоғары, дәмі жақсы, жеңіл қорытылатындықтан диеталық, әсіресе балалар тағамы ретінде кеңінен пайдаланылады. Азық-түлік теңгерімінде дәнді дақылдар арасында күріш бірінші кезекте тұрады. Күріштің әлемдегі егіс көлемі 150 млн. га, орташа өнімділігі 32 цга құрайды. Әлемде күріш сұранысы жыл сайын артуда, айрықша үлкен қажеттілік дамыған елдерде жоғары.
FAO (Aзық-түлiк жәнe aуыл шaруaшылығы ұйымы) мәлiмeттeрi бoйыншa күрiш 112 eлдe өсрiлeдi. Дeгeнмeн eлдеp aрaсындaғы күрiш өнiмдiлiгi 0,8 тоннaдaн 6,7 тoннaғa дейін aуытқып отыpуымeн eрeкшeлeнeдi. Әлeуeттi өнiмiілiккe (6 тга) АҚШ, Корей, Жапония, Австралия, соңғы жылдары Ресей де қол жеткізген. Колумбия, Қытай, Франция, Италия, Испания да осы деңгейге жақындауда. Қазақстан күріш өсіретін ең солтүстік аймаққа жатқанымен күріш өнімділігі орташа (3-4 тга) құрайтын елдер қатарына кіреді. Күріш өнімділігінің жоғарылауы жаңа интенсивті типті сорттардың өндіріске енгізілуіне және күріш шаруашылығына инновациялық технологиялардың қарқынды қолданылуына байланысты.

I.Әдебиетке шолу
1.1 Күріштің халық шаруашылығындағы маңызы,таралуы
Күріш көп таралған тағамдық дақыл. Жер шарында азық үшін еглетін дәнді дақылдар ішінде ол өзінің егіс көлемі жағынан бидайдан соң екінші орын алса,өнімділігі жағынан бірінші орын алады. Күріш дүние жүзін мекендеген халықтардың жартысына дерлігініғ негізгі азықтық қорегі болып табылады. Жан басына шаққанда күріш тұтыну, әсіресе Азия елдерінде жоғары. Күріш — сіңімділігі жоғары азық. Біздің елімізде ол жармалық дақыл болып саналады. Күріш жармасының құрамында 30-75% көмірсу,7,6-ақуыз,04% май және фосфор,минералды тұздар,дәрумендер болады. Жарманың 1 кг шамамен 3600 калорий береді. Күріштің қорекік сіңімділігі орташа 96% яғни оның қоректілігі жоғары.Дәмі жақсы,жеңіл қорытылатындықтан деталық, әіресе балалар мен қарт адамдардың тағамы ретінде кеңінен пайдаланылады. Күріш қорек үшін ғана емес, өнеркәсіп үшін де маңызды дақыл. Күріш дәннен крахмал, спирт және фармацепттік препараттар — фитин, В дәрумені алынады. Қауызынан химиялық зауыттарда азықтық ашытқылар мен фурфорол жасап шығарылады. Оның сабанын жоғары сортты қағаздар,картон,бас киім,жіп,себет және басқа да заттар жасауға пайдаланылады. Мал шаруашылығында сабаны жем және төсеніш болады.
Дәнді астықтардың ішінде — күріш ең көп өнім беретін және мүмкіншілігі мол дақылдардың бірі. Мысалы, Ы.Жақаевтың әр гектардан 171 ц өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасауы соның айқын дәлелі. Елімізде күріштің орташа өнімі гектарына 40-45 ц төңірегінде, және ол Қызылорда,Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында өсіріледі.

5.2 Күріштің морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері
Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері. Қоңырбас тұқымдасы (Poaceae L.)Күріш туысына (Oryza L.)жататын мәдени күрішті(O.sativa L.)Г.Г.Гущин(1938) екі түр тармаққа бөлген:
1.Ұсақ,немесе қысқа дәнді — дәнінің ұзындығы 4 мм төңірегінде;
2. Sybsp.communis Gust. Дәннің ұзындығы 4-7 мм және одан да жоғары — кәдімгі күріш Біздің елімізде өсірілітіні де осы кәдімгі күріш.Соңғы түр тармақтың өзі екіге бөлінеді:
1. indica — дәні ұзын, жіңішке. Дән ұзындығының еніне қатынасы 3,0:1-ден 3,5:1 дейін, кейде одан да үлкен болады. Бұл топ сорттарының дәні көбіне шыны сияқты,жоғары сапалы жарма береді.
2. japonica — дәні жалпақ, жуандау, көлденең кесіндісі домалақтау. Ұзындығының еніне қатынасы 1,4:1-ден 2,9:1. Топ сорттарының көбінің эндоспермі ұн сияқты.
Күріш тамырлары — шашақты, 80 см және одан да тереңдікке енеді. Тамырлардың іші бос болғандықтан жұмсақ. Онымен ауа жүріп, өсімдік тыныс алады. Ауа жүретін ұлпа, жапырағы мен сабағында да жақсы жетілген.
Сабағы — 120 см дейінгі сабан. Жоғарғы буынаралықтар бос,төменгілері әдетте өзекшемен толтырылған. Жапырақтары жіңішке,жасыл,кейбір сорттарынікі күлгіндеу болып келеді. Тілшелері сүйір үшбұрышты, ортасынан бойлай екі жартыға бөлінген. Гүлшоғыры — сыпыртқыгүл.
Масақшалары — біргүлді. Гүлдерінің басқа астық дақылдарына қарағанда алты аталығы болады. Күріш өздігінен тозаңданатын өсімдік. Дәні қауызды болып келеді,қауыздылығы 17-22%.1000 дәннің салмағы 27-40 г. Күріш — суармалы егіншіліктің өте жылу және жарық сүйгіш, қысқа күн өсмдігі. Вегетациялық кезеңінің ұзақтығы 90-130 күн.
Барлық астық дақылдарының ішінде күріш алғашқы өсуінің өте аяулығы мен ерекшеленеді. Оның көгі жоғары температураның өзінде де 10-15 күнде пайда болады, ал түптенуі көк шыққаннан 20-30 күннен кейін басталады. Демек, күріш танаптың өте таза болғанын қалайды.
Дақылдың көктеуден кейінгі өсіп жетілуі 25-30 ˚Стемпературада өтеді. Ол суда бастырылыпы тұратындықтан,күннің 37-40˚С ыстығын жақсы көтереді.
Күріш температураның күрт ауытқуын нашар көтереді, ал 1˚С үсік оның барлық өсі кезеңдерінде зиянды болып келеді.
Дақыл суды көп қажет етуімен ерекшеленіп, үнемі суда бастырылып немесе ауық-ауық суарылып өсіріледі. Суырылмай жылдық жауын мөлшері 1000-2000 мм болатын елдер немесе аймақтарда ғана өсірілуі мүмкін. Транспирациялық коэффициенті 700-800.
Күріш дақылына қара және сазды топырақтар, суды жақсы ұстап тұратын органикалық заттарға бай өзен және өзен маңындағы аңғарлар топырақтары жақсы болып есептелінеді. Күрішке батпақтанған және де ұзақ уақыт су ұстап тұра алмайтын құм топырақтар жарамсыз. Оған ерітіндісінің реакциясы әлсізқышқылды топырақ (pH 5.7) қолайлы,бірақ орташа тұзданған топырақтарда жаман өспейді.
Елімізде күріштің 16 сорты өсіріледі: Кубань 3, Маржан, Авангард, Солнечный, Лиман,Лазурный, Золотистый, УзРОС 7-13,УзРОС 59,Уш-Тобинский,Каракалпакстан және т.б. Соңғы жылдары оның Опытное, Арал 202 және Мадина атты сорттары аудандастырылды.
Жарық режимі. Күріш-жарық сүйгіш дақыл,күн сәулесінің инстенсивті болғанын талап етеді. Дақылдың өсу дәуірі кезінде ауаның салыстырмалы ылғалдылығы төмен -29-37% , ал ең аз мөлшері -10% -ке дейін төмендейді. Жаз айларында аспан бұлтсыз болып,ауа құрғақ әрі таза болады. Сондықтан да,күн сәулесі энергиясы ауа арқылы өткенде атмосферада қалып қоймайды,немесе шашырап ғарышқа кетпейді.
Өсімдіктердің күн сәулесі энергиясын қабылдап бойына сіңіру жапырақ көлеміне байланысты. Оптимальды тығыз егіске келіп түсетін қысқа толқынды радиацияның 60-90 процентін сіңіреді, 10-30% ауаға кетеді,ал тек 5-10% ғана егіс ағысынан өтіп,топыраққа сіңеді. Егістікке қабылданған күн сәулесі радиациясының 80-90% жапырақ арқылы қабылданады,ал қалған 10-20% сабақтар, гүлдер және өсімдіктің басқа да органдары арқылы қабылдап бойына сіңіреді. Сонымен күн сәулесі энергиясын көп мөлшерде қабылдайтын оптимальды жапырақ көлемі 55-75 мың м2га. Бұл деңгейге күріш дақылының егістегі қалыңдығы бір шаршы метр жерде 250-380 өсімдік, немесе 520-650 масақты сабақ болғанда жетеді.
Егіс сирек болып,жапырақ көлемі аз болған жағдайда фотосинтетикалық активті радиацияны қабылдау мөлшері төмендейді,өйткені күн сәулесі радиациясы сирек өсімдіктер арасынан өтіп,суға,топыраққа сіңеді. Егістік өте қалың болған жағдайда өсімдіктердің бір-біріне көлеңкелеу және басқа да зинды әсері күшейе түседі. Аталған жағдайлардың бәрінде егістің дән өнімі төмендейді.
Температура режимі. Күріш — жылу сүйгіш дақыл. Арал өңірі жағдайында температура қосындысы ерте және орташа мерзімде пісетін сорттар өсіруге жеткілікті. Күріш өсімдігі өніп шыққан кезде және гүлдену кезінде температураға сезімтал, 0,5-1 ˚С дақыл зақымданады.
Топырақтың үстіңгі қабатында температура +13-14˚С болғанда себуді бастауға болады. Осы температура төмен болса,тұқым баяу өніп өседі, көпшілігі шетінейді,немесе шықпай қалады,егіс сирек болады.
Тұқымның өніп шығуына ең қолайлы температура 22-26˚С. Осы температура жағдайында күріш көгі атыз суға бастырылғаннан кейін 10-12 күнде жаппай тебендеп шығады және шығымдылығы ең жоғары деңгейде болады.
Арал өңірі жағдайында күріштің өсіп дамуында керекті ең төмен, қолайлы және ең жоғарғы темепературалар.
Кесте 1

Өсіп — даму фазалары
Температура, + ˚С

Ең төмен
Қолайлы
Ең жоғарғы

Тұқымның өнуі
13-14
22-26
34-36
Көктеп шыққанда
15-16
24-26
34-36
Түптену
15-17
24-28
34-36
Сабақтану
16-18
19-24
34-36
Масақтану -гүлдену
18-20
24-28
34-36
Дәннің сүттену және қамырлану кезі
18-20
26-28
34-36
Пісу кезеңі
15-17
22-26
32-34

Сабақтану кезінде болашақ масақтағы дән түзіліп анықталады әрі бұл кезең температураға өте сезімтал. Осы кезеңде қолайлы температура 19-23˚С. Ол үшін су деңгейі 12-15 см дейін көтеру керек, сонда жоғары өнімді әрбір шаршы метр жерде 320-380 өсімдігі бар егістікте температураның қолайлы мөлшері 19-24˚С жетеді. Сирек және орта өнімді егісте су деңгейін 15-17 см-ге дейін уақытша көтеру керек.
Күріш масақтанып, гүлдену кезінде салқын немесе өте ыстық температура болса, ол өзінің зиянды әсерін тигізіп,ұшық дәндер санын көбейтеді, ал ең қолайлысы 24-28˚С. Сүттеніп қамырлану кезінде дән дұрыс толысып пісуі үшін оптимальды температура 26-28˚С.
Қазақстан — күріш өсіруші аудандардың ішіндегі ең солтүстік аймағы. Сондықтан, Арал өңірі жағдайында дақылды өсу дәуірінің ұзақтығы күріш өнімділігін шектеуші факторлардың бірі. Республикадағы күріш өсіруші аймақтың топырақ — климат, күн сәулесі радиациясы мен жылу ресурстарына бейімделіп, өсіп- жетілуіне байланысты сорттардың өнім құрау мерзімі төмендегідей.
Күріш сорттарын пісу мерзімне байланысты топтастыру
Кесте 2
Сорттар тобы
Күріштің өніп шыққан масақтану кезіне дейінгі күндер саны
Өсу дәуірі,күн есебімен
Дақылдың өсіп жетілуіне керекті жылу қосындысы
˚С
Өте ерте пісетіндер
60
100
2500
Ерте пісетіндер
61-70
101-110
2500-2750
Орташа мерзімде пісетіндер
71-80
111-120
2750-2900
Кеш пісетіндер
81-85
121-125
2900-3000
Өте кеш пісетіндер
86-90
126-130
3000-3100

Суару режиміне талабы. Күріш суға бастырылған атыздарда өсетін гигрофиттік өсімдік. Атыздағы су өсімдіктің физиологиялық талабын орындаумен қатар егістіктегі микроклиматты өзгертіп реттейді: төменгі қабаттағы ауа ылғалдылығы жоғары болады, ал бұл күріш өсімдігінің транспирациясын азайтады. Сонымен бірге, тамыр жүйесінің жақсы өсіп дамуына әсер етіп, минералды элементтермен қоректенуін жақсартады. Топырақтың үстіңгі қабатында жинақталған тұздар суға еріп, фильтрацияланған сумен бірге төменгі қабаттарға, сосын дренаж арықтарына өтіп, күріш ауыспалы егісі танаптарынан сырт жаққа ағызып әкетіледі, яғни топырақ шайылып, тұздар мөлшері азаяды және де арамшөптермен күресуге қолайлы жағдай туындайды.
Күріш егісінің суару режимі себу әдісіне, тұқымның сіңіру тереңдігін, топырақтың тұздануы және фильтрациялық қасиеттеріне, егістіктің арамшөптермен ластануына байланысты белгіленеді. Қазақстанның оңтүстік жағдайында топырағы тұзданған атыздарды суға тұрақты бастыру, ал топырағы тұзданбаған атыздарда — қысқартылған суару режимі әдісі қолданылады.
Күріш дақылынан мол өнім алу үшін егістіктегі әрбір атыздарда оптимальды қалың (бір шаршы метр жерде 320-380) күріш көгін өсіру керек. Сырдария өзені суының құрамында минералды тұздардың көбеюіне және инженерлік жүйелерде топырақтың тұздануының күшеюіне байланысты күріш көгі тек су бастырылған атыздарда алынып жүр. Осыған әйкес, тұқымның өніп, күріш көгінің тамырланып нығаюына жағдай жасай отырып, егістікте күрмек пен шиін арамшөптер көгінің өсуіне жол бермеу керек.
Топыраққа және қоректену элементтеріне талабы. Арал өңірінің күріш өсіруші алқаптарының топырағы негізінен шөл далалық (сұр топырақты тақыр және тақыр тәріздес) және гидроморфтық (аллювиальды-шалғынды,шалғынды-батп ақты,батпақты) түрлеріне жатады. Олардың ішіндегі құнарлысы — аллювиальды-шалғынды,шалғынды-батпа қты топырақтар. Тұздану типі — хлоридті — сульфатты, бір мерт топырақ қабатындағы тұздар мөлшері құрғақ қалдық бойынша 0,882-1,816% және одан да жоғары. Жер асты суы тереңдігі 2-5 м. Топырақтың суды төмен өткізгіштік қасиеті өте төмен. Атыз топырағына сумен көп мөлшерде ерітінді тұздар келеді.
Әрбір күріш өсіруші аймақтарда аталған топырақ түрлерінің бәріде кездеседі және олардың табиғи құнарлығы төмен, құрылымы нашар, қара шірігі аз, карбонатты, құрамында калий көп,ал азот аз,фосфор орташа немесе одан төмен мөлшерде бар. Сондықтан азот және фосфор тыңайтқыштарын N 120-180 және Р90-120 кгга әсерлә зат есебімен бірге беру күріш өнімін 2,3-2,5 есе, ал аталған тыңайтқыштар жеке-жеке берілгенде -0,2-1,5 есе, тек калий тыңайтқышы енгізілгенде -15-20% арттырады.
Жоғары өнім құрау үшін күріш топырақтан көп мөлшерде қоректік заттар алып бойына сіңіреді.
Азот-белоктар,нуклейн қышқылы,ферменттер, оның ішінде НАД және НАДФ, дәрумендер және басқада органикалық заттар құрамының негізгі компоненті. Сондықтан азоттың жеткілікті мөлшерде болуы фотосинтез процесін күшейтіп, дақылдың жылдам өсуіне және жоғары биомасса құрауына жағдай жасайды.
Күріш егісін азот тыңайтқышымен оптимальды мөлшерде қамтамасыз еткенде дақылдың сабақтарымен жапырақтары жақсы өседі, өсімдіктің түптенуі артып, масақты сабақтар саны көбейеді. Сондықтан,азот тыңайтқышы, суару және температуралық режимдермен қатар масақты сабақтар қалыңдығын және жоғары өнім құралуын реттейтін күшті факторлардың бірі. Осыған сәйкес өнім компоненттеріне әсер ету үшін азот тыңайтқышын себу алдында және үстеп қоректендіру ретінде беру керек.
Фосфор- өсімдікте заттар алмасу процесінде орталық роль атқарушы нуклейн қышқылдары,нуклеотидтер,фосфолипидт ер, фитаминдер және басқа да органикалық заттар құрамына кіреді. Фосфордың топырақта аз болуы күріш даұылының жас кезінде сабақ және жапырақтардың, әсіресе тамыр жүйесінің өсуін тежейді. Бұл тыңайтқыштың оптимальды мөлшерде болуы дақылдың түптенуін арттырып, масақтағы дән санын көбейтеді.
Калий — протоплазма құрамының ылғалдылығын арттырып, қоюлану процесін тежейді. Калийдің көп бөлігі (70%) клеткада бос ион түрінде кездеседі, ал қалған бөлігі (30%) адсорбталған жағдайда болады. Калий өсімдіктегі көмірсулар қозғалысына және көмірсу — белок алмасу процесіне қолайлы әсер етеді.
Күріш дақылына азот,фосфор,калийден басқа макро және микроэлемент-терде қажет: олар кальций,кремний, темір,күкірт,мыс,молибден,марганец т.б. Бұлардың барлығы организмдегі ферменттер құамына кіріп,өсімдіктегі биохимиялық процесстерді реттейді. Микротыңайтқыштарды топыраққа енгізу немесе себу алдында тұқымды аталған микроэлементтер тұздары ерітіндісімен өңдеу тұқымның шығымдылығын арттырып, күріш көгінің қолайсыз жағдайларға төзімділігін арттырады, нәтижесінде өнім артады және сапасы жақсарады.
1.3 Қызылорда облысында пайдалануға рұқсат етілген күріш
сорттарының сипаттамасы
Облысымыздың өсіретін негізгі дақылы күріштен тұрақты мол және сапалы өнім алe үшін тез арада өндіріске өнімді, сапалы және аурулар мен зиянкестерге төзімді жаңа сорттар мен ресурс және сe үнемдегіш технологияларды енгізy қажет.
Осы жағдайлар ескеріліп, қазақстандық селекционерлер облыстың қолайсыз ауа-райы мен тұзданған топырағы жағдайына бейімделген күріштің өте ерте және орташа мерзімде пісетін сорттарын шығарып мемлекеттік сорт сынауға берді. Олардың ішінде 2005-2007 жылдары Арал 202, Арy және Мадина Түгіскен 1, Арал 4 сорттары облыста пайдалануға рұқсат етілген сорттар тізіміне енгізілсе,2010-2014 жылдары жаңа инновациялық сорттар КазЕр-6, КазНИИР-5 сорттары енгізілді. Алайда, жаңадан аудандастырылған сорттардың тұқымы түрлі себептермен осы кезге дейін жеткілікті түрде өндірілмеуі салдарынан облысқа Ресей селекциясының жаңа сорттары әкелiнiп егілyде. Соңғы жылдары Қызылорда облысындағы күріш егісінің жалпы көлемі 80 мың гектар шамасында болса, оның 20 пайызын бұрыннан егіліп келе жатқан Маржан, ал қалған көлемді жаңадан әкелінген Ресей селекциясының Янтарь, Лидер, АНаит, Диамант, Новатор, Фишт секілді сорттары алып отыр. Бұдан басқа сорттардың бірнешеyі облыстық МСС- учаскелерінде сынақтан өтуде. Ал қалғаны жаңадан әкеліні егіле бастады. Сондықтан олар туралы нақты пікір айтуға әлі ерте және ол сорттарды пайдалануды заңдастыру мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Осыған байланысты Ресей сорттарының жергілікті топырақ-климат жағдайындағы нақты өнімділігі,өнім сапасы,ауруларға төзімділігі жөнінде ғылыми негізделген мәліметтер алып, олардың ішінен неғұрлым тиімділерін таңдап алу үшін бұл сорттарды облысымызда аудандастырылған және жаңадан шфққан сорттармен салыстырып, агроэкологиялық сынақтан өткізілуде.
Күрішшілерде аса қызықтыратын сорттарға өте ерте мерзімде пісетін, өсіп-жетілу мерзімі 90-95 күн болатын Ару сорты жатады.
Күріштің Маржан сорты химиялық мутагенез әдісімен жергілікті Кзрос 356 сортынан шығарылған. 1987 жылы аудандастырылып, қазіргі кезде облыстағы күріш егісінде жетекші орын алып отыр. 2000 жылы бұл сорттың егіс көлемі 41,3 мың гектарды құрады, яғни Қызылорда облысындағы күріш егісі кһлемінің 71% -ын,ал республикадағы күріштің 65% -ға жуығын қамтиды.
Сорт экологиялық жағдайларға бейімделгіш, сыртқы ортаның және өсірудің қолайсыз ісерлеріне, топырақ пен судың тұздылығына төзімді. Механикаландырып жинауға ыңғайлы. Морфологиялық белгілері мен биологиялық ерекшеліктері бойынша интенсивті типтің талапатарына сай келеді. Күріштің vulgaris түршесіне жатады. Вегетациялық кезеңі 112-115 тәулік,өсімдік биіктігі 105-108 см, масақ ұзындығы 17-19 см, ондағы масақша саны 90-100, 1000 дәнінің массасы 33-34 г.
Облыстың оңтүстік аймағында 1992 жылы аудандастырылған АШ-16 (Кубань 3 х Краснодарский 424) сорты italica түршесіне жатады. Вегетациялық кезеңі 107-110 тәуләк, өсімдік биіктігі 110-115 см, масағының ұзындығы 15-17 см, масақтағы масақшалар саны 130-145, 1000 дәнінің массасы 30-32 г, жарма түсімділігі 67,8 %, шыны түстілігі 57,0%, ботқасының сапасы 4,5 балл. Өндіріс жағдайында өнімділігі 52,4-56,0 цга жетеді.
Арал өңірінде күріш селекциясының қалыптасуы мен дамуына селекционерлер: Ә.А. Алтынбеков, А.Б. Байзақов, А.Ә. Құрамысов, Г.А. Верещагин, А.А Шакиев,Ө. Аймұхамбетов, М. Жанзақов, Қ. Әлімбетовтар айтарлықтай еңбек сіңірді. К.Н.Жайлыбай күріш өсірудің сорттық технологиясы және агроэкологиялық негіздерін жасады. Қ. Бәкірұлы мутагенез әдісімен экологиялық бейімделгіш және жоғары өнімді сорта шығару мүмкіндігін іс жүзінде дәлелдеп, Маржан сортын өндіріске енгізді. А.Н. Подольских цитоплазмалық аталық ұрпақсыздықтың молекулалық-биологиялық табиғатын зерттеп, оның коллекциясын жасады және күріш селекциясының ғылыми негіздерін анықтады. С.М. Байбосынова күріштің жалпы генотипиік өзгергіштігін және комбинациялық қабілетін зерттеп, перспективалы сорттар шығаруға өз үлесін қосты. Күріш дәнінің технологиялық сапасын анықтап, оған баға беруде зертхана қызметкерлерінің тиянақты жұмыстарын атап өткен жөн.
Жалпы күріш селекциясы әлемдік деңгейдегі әдістемелер бойынша жүргізіліп отыр. Онда негізгі жұмыс жоғары өнімді,жергілікті қолайсыз экологиялық жағдайға төзімді жаңа күріш сорттарын шығаруға бағытталады.
Тәуелсіздік жылдарында Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС-де дүниежүзінің елуге жуық елдерінің 1450 сорттары мен сортүлгілерінен және мәдени тектерінен тұратын Қазақстанның күріш генқоры зерттеліп жинақталған. Сонымен қатар күріштің генетикалық коллекциясы,оның ішінде үш тақ санды ерекше үлгілері, спорофитті құнды үлгілері және тағы басқалары жинақталған. Қазіргі таңда Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС-і Қазақстан Республикасының Ұлттық күріш генқорын жинақтаушы және сақтаушы мекеме болып табылады.
Қазақстанда тәуелсіздікке дейін қазақстандық селекцияның төрт сорты аудандастырылған,оның ішінде үш сорт аталған институттта шығарылды: КзРОС 358 (Алтынбеков А.А., Байзақов А.Б., Құрамысов А.Ә., Бәкірұлы Қ., Жәдігерова Н.); Республикадан шет аймақтарға кеңінен танымал, Қызылорда облысында 1987 жылдан аудандастырылған күріштің Маржан сорты; (Құрамысов А.Ә., Бәкірұлы Қ.);Қызылорда облысының оңтүстік аймағында 1992 жылы аудандастырылған көлемін Бүкілодақтық күріш институның Кубань 3, Краснодарский 424 сорттары құрады.
Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысының күріш алқаптарында Қазақстан селекциясы сорттарының үлесі көбейді, 2006 жылы 83% -ға жетіп, оның негізгі бөлігі Маржан сорты есебінен егілді.
Күріштің алшақ түрлерінің табысты тұқымқуалаушылық интеграциясының мәселелерін шешу үшін стерильді генетикалық жүйелер негізінде будандастыру әдістері әзірленіп, тексерілді және енгізілді. Будандық дәндерді көптеп алу арқасында ерекшеленген коллекциялық үлгілердің бағалы тектік белгілері, донорлық қасиеттерін тексеруге байланысты зерттеулерді кеңінен жүргізуге мүмкіндік туды.
2006 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Маржан сортынан өнімділігі мен жарма сапасының технологиялық көрсеткіштері бойынша асып түсетін Арал 202 сорты аудандастырылды; 2008 жылы — өте ерте пісетін Ару,2009 жылы Түгіскен 1 сорттары аудандастырылып, пайдалануға рұқсат етілген қазақстан селекциясы сорттарының жалпы саны 10-ға жетті.
Жаңа сорттар бұрынғы аудандастырылған сорттардан өнім көлемі жағынн ғана басым түсіп отырған жоқ, күріш шарушылығының негізгі өнімі- күріш жармасының жоғары сапалық көрсеткіштері бойынша да басым түсуде.
Қызылорда облысында күріштің рұқсат етілген Кубань 3, Маржан,Авангард, Арал 202, Ару, Мадина, Түгіскен 1 және жаңадан аудандастырылған Ресейдің Новатор, Лидер, Янтарь сорттары егіледі.
Кубань 3 сорты. Бүкілодақтық күріш ҒЗИ-да Красноармейский 313 сортынан жеке іріктеп алу әдісімен шығарылған. Сорттың авторлары: С.А. Яркин мен А.П.Сметанин. Сорты Қызылорда облысында 1965 жылдан бастап аудандастырылған. Пісу мерзімі орташа — 103-105тәулік,көктемгі ауа-райының құбылмалылығына тқзімді, далалық жағдайда дәннің өнгіштігі жоғары, су деңгейінің тереңдігіне төзімділігі жоғары. 1000 дәннің массасы — 30-32 г,қауыздылығы -18-20%. Сорты ауыспалы егістегі алғы дақылды аса талғамайды және бұл сортты ерте көктемде де,кештеу де егуге болады.
Сорттың кемшіліктеріне сабағының жығылғыштығы, дәнінің жарықшақтылғы және жарма шығынының төмендігі (64-68%) жатады.
Маржан сорты. Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтында жергілікті селекциялқ КРОС-356 үлгісіне мутагенез әдісін қолдану арқылы шығарылған, Маржан сорты- vulgaris түр тармағына жатады. Сорттың авторлары: Қ.Бәкірұлы,
А.Құрамов, Т.Верещагин, Қ.Әлімбетов.
Сорт қоршаған орта мен өсу дәуіріндегі қолайсыз жағдайларға төзімді, экологиялық тұрақты. Судың және топырақтың тұздылығына төзімді. Морфологиялық,биологиялық қасиеттері бойынша орташа интенсивті түрге жатады. Өсу дәуірі — 112-117 тәулік, өсімдік биіктігі — 105-108 см, масағының ұзындығы -17-19 см,ондағы дән саны -90-100,1000 дәнінің массасы — 33-34 г. Өнімділік әлеуеті — 75-80цга.
Сорттық дәннің технологиялық сапасы мен жармасының тағамдық қасиеттері жоғары. Жарма шығымы -65,8%,шыны түстілігі-77%,қауыздылығы -17-18%, дәнінің жарықшақтылыққа төзімділігі жоғары,бүтін дән шығымы 78-87%.
Авангард сорты — Өзбек күріш ғылыми-зерттеу институтында К-4679 х Узбекский 5 сорттарын будандастыру арқылы алынған. Авторлары: Р.А. Пулина, Рисхиева С. Қызылорда облысында 1987 жылдан бастап аудандастырылғын.
Кеш пісетін сорттарға жатады,өсі дәуірі — 120-122 күн, жығылуға төзімді,дәндері төгілмейді және минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдаланады.
Технологиялық және жармалық сапасы жоғары. Дәні ұзынша, шыны түстілігі — 98 %,қауыздылығы — 17-19%, жарма шығымы-71%, 1000 дәннің массасы — 32-33 г. Өнімділік әлеуеті 70-75 цга.
Ару сорты — Мемлекеттік сорт сынаққа 2003 жылы беріліп, 2007 жылы Қызылорда облысында аудандастырылған.
Сорттың авторлары: Қ.Бәкірұлы, А.Н. подольских, Т.Қ. Қарлыханов, Г.Т.Мейрман.
1000 дәнінің массасы — 30-32 г, қауыздылығы — 18-19%.
Сорт өте ерте мерзімде піседі, сондықтан су пайдалану мерзімі қысқарып, суару нормасы азаяды. Өсу дәуірі 70-95 тәулік, бұл жергілікті стандартты Маржан сортымен салыстырғанда 17-20 күнгі қысқа. Ауа-райының қолайсыздығына төзімді, егілу мерзімі кешеуілдеген жағдайда да тұрақты өнім береді.
Тұздылыққа, суыққа төзімді, жығылуға, төзімділігі орташа және дәні төгілмейді. Түптеудің алғашқы және соңғы кезеңдерінде азот тыңайтқыштарн қолдану өнімділігін күрт арттырады. Өнімділік әлеуеті — 55-60цга.
Өнімді жинау уақытылы және сапалы жүргізілген жағдайда стандарт Маржан сортымен шамлас өнім алуға болады. Дәндерінің шыны түстілігі — 78%, жарықшақтылығы — 9%, жалпы жарма шығымы — 67,5%, бүтін жарма шығымы — 83,6%, жармадағы ақуыз мөлшері — 10-11%.
Сортты Қазақстанның барлық күріш алқаптарында, әсіресе Қызылорда облысының солтүстік және Алматы облысының ауа-райының күрт өзгермелі, суы тамаша аймақтарында егуге болады.
Арал 202 сорты — Мемлекеттік сорт сынаққа 2001 жылы беріліп,2006 жылы аудандастырылды.
Сорттың авторлары: А.Н. Подольских, С.М. Байбосынова, Т.Қ. Қарлыханов, Қ. Бәкірұлы.
1000 дәннің салмағы — 36,0-36,5 г, қауыздылығы — 17-18%.
Өсу дәуірі 18 тәуліктен аспайды. Маржанмен салыстырғанда 5-7 тәулік кеш. Өсімдік тұзға төзімді, бастапқы өні-өсу дәуірі жылдам, сондықтан терең су астында жақсы дамып жетіледі, суыққа төзімді. Дәндерінің уызданып, құрғап пісуі ауа-райына тәуелсіз әрі жылдам жүреді.
Конкурстық сорт сынақтары өнімділігі — 89,8 — 94,0 цга, Маржанмен салыстырғанда 8,7 цга жоғары. Азот тыңайтқыштарын түптеудің бастапқы және соңғы кезеңде қолданған жағдайда өнімділігі өте жоғары болады.
Арал — 202 сортының қауыздылығы — 17,6%, шыны түстілігі — 85%, жарықшақтылығы — 8%, жалпы жарма шығымы — 68,1%, бүтін жарма шығымы — 85,1%. Сорт Қазақстанның барлық күріш өсіретін аймақтарында ұсынылады.
Түгіскен 1 сорты — Мемлекеттік сорт сынаққа 2005 жылы беріліп, 2008 жылы аудандастырылды.
Сорттың авторлары: К. Шермағамбетов, Т.Қ. Қарлыханов, Н.Қарқожаев, М.Сайфунов, З.З. Сыздықов.
1000 дәннің массасы — 32-34 г,қауыздылығы -17,6-18,2%.
Өсу дәуірі 115 күн. Тұзға төзімді,терең су астынан өніп шығуға жылдам. Дәндерінің уыздануы, құрғап пісу жылдам және бір қалыпты піседі. Өсімдіктің жығылуға төзімділігі жоғары.
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Түгіскен элиталық шарушалығының егістік алқабында өнімділігі 56,7 цга , бұл стандартпен салыстырғанда 4,9 цга жоғары. Түгіскен 1 сорты азот тыңайтқыштарын өсімдіктерінің 7-8 жапырақ кезінде қолданған жағдайында жоғары өнім береді. Сорттың қауыздылығы — 17,9%, шыны түстілігі — 92-95%, жарықшақтылығы — 10,8%, жалпы жарма шығымы — 81%.
Сортты Қызылорда облысының оңтүстік және орталық аймақтарында еккен тиімді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында Ресейдің селекциялық Янтарь, Лидер, Новатор сорттары мемлекеттік сынақтан өтіп аудандастырылды.
Лидер сорты — орташа мерзімде пісетін сорттар қатараына жатады. Өсу дәуірі — 120-125 күн.
Дәннің пішіні сопақша, ұзындығы мен енінің қатынасы — 2,3. 1000 дәннің массасы — 30-31 г, шынытүстілігі — 96- 90%,жалпы жарма шығымы — 95%. Дәннің ақуызы -9,9%, жармадағы амилоза мөлшері — 19,8%. Күріш жармасының су тартуы жоғары және жарма еселей тасиды.
Сонымен қатар ас дайындағанда дән бүтін күйінде сақталып, шашырап піседі. Өсімдігі жығылуға, ал масақтағы дәндері төгілуге төзімді.
Сорттың өнімділік әлеуеті — 10-11 тга.
Сорттың өзіндік ерекшелігі — өсірілетін жер жағдайын таңдамайды. Өсу дәуірінің бастапқы кезеңінде терең деңгейдегі суда тез өніп,шығатындығына байланысты арам шөптермен бәсекелестігі жоғары сол себепті егістігінде гербицид қолданбауға да болады. Лидер сортының тамыр жүйесі қарқынды дамыды, сондықтан өнім қалыптасуы кезінде тыңайтқышты 40%-ға азайтып беруге болады. Сортты өсіруде үнемді технологиялар қолданған тиімді. Сорттың сапалық қасиеттерінің қоршаған ортаға тәуелділігі аз, ыстық ауа-райында да сапалық қасиеттері өзгермейді.
Янтарь сорты — орташа мерзімде піседі, өсі дәуірі -114-117 күн. Дәні ұзынша,ірі, 1000 дәнінің массасы 32-33 г. Қауыздылығы — 16-18%. Дәнінің ұзындығы мен енінің қатынасы — 2,4-2,5. Жармасы ақ түсті, шыны түстілігі — 92-96%, жарма шығымы — 67-69%, жармадағы бүтін дән шығымы — 78-80%.
Сорт пирикуляриоз ауруына, күріштің жапырақ нематодасына орташа төзімді, тұзға төзімділігі жоғары. Өсіру технологиясы дұрыс сақталмаған жағдада сорт пирикуляриозға төзімсіз.
Әлеуетті өнімділігі — 10 тга. Сорттың өну дәуірінде өскіндері терең суда тез өсіп шығады, сондықтан арам шөптерге қарсы гербицидтер қолданбаса да болады.
Новатор сорты — тез пісетін сорттар қатарына жатады, өсу дәуірі — 100-105 тәулік.
Новатор сортының өзіндік ерекшелігі — сабақтары жинақы, тік тұрады, жапырақтары үшкір бұрышпен орналасақан.
Дәндері ұзынша, ұзындығы мен енінің қатынасы — 2,5. 1000 дәнінің массасы — 29-31 г. Жарма түсі ақ,шыны түстілігі 98%. Жалпы жарма шығымы — 70-72%,жармадағы бүтін дәні -85-90%, дәнінің ақуыздылығы — 7-8%.
Пирикуляриозбен күріштің жапырақ нематодасына орташа төзімді. Өндіру технологияларын мұқият сақтамаған жағдайда ауруға төзімділігі төмендейді. Тұзға төзімділігі орташа. Өсімдіктері жығылуға төзімді.
Әрбір күріш шаруашылығы күріштің өсу дәуіріне, өнімділігіне және сапасына қарай кемінде екі немесе үш сорттан егуі тиіс.
Мысалы, жаңа Ресей сорттарын оңтүстік аймақтарда егу ұсынылады, өйткені бұл сорттардың Қызылорда облысының климаттық жағдайында өсу дәуірі 3-5 күнге ұзарадф. Ал ерте және өте ерте пісетін Кубань 3, Новатор және Ару сорттарын солтүстік аймақтарда немесе екінші сорт ретінде егін пайдалану ұсынылады.
1.4 Күріш ауыспалы егістерінде күріш өсіру технологиясы
Ауыспалы егісте күріш екпе сүрі жер,көпжылдық шөптер,дәндібұршақ және отамалы дақылдардан кейін орналасады. Бұл алғы дақылдардың кейбіреуінен кейін күрішті екі-үш жыл қатарынан егуге болады.
Күріш дақылын өсіруде кездесетін өзіндік ерекшеліктерге сай, топырақ өңдеу жұмыстарына белгілі бір талаптар қойылады.
Күріш егілге танаптар ұзақ уақыт бойы (95-110 күн) су астында жатады. Соның салдарынан топырақта физикалық-химиялық және микробиологиялық процестерінің тиімді өтуіне қолайсыз жағдайлар туады,сондай-ақ күріш дақылы үшін зиянды қоспалар (күкіртті сутегі,қанықпаған темір тотығы және тағы басқа) пайда болады да анаэробты процестер жүреді. Осы жағдайларды болдырмау және тоң кесектерді майдалап, арам шөптер мен зиянкестерді құртып-жою үшін ең тиімді шара — топырақты жоғары сапада және дер кезінде өңдеу болып табылады.
Күріш топырағын егіске дайындау жүйесі негізгі және тұқым себералды өңдеу жұмыстарынан тұрады. Алғы дақылды жинап болысымен топырақты сүдігерге тұрықты (ПЛН-4-35, ПЛН-5-35, ПЛН-8-35), немесе дискілі (ПНД-4-30) соқалармен жыртады. Сүдігерге жырту негізінен қазан айынан кешеуілдемеуі керек. Кеш жыртылған сүдігердің сапасы нашарлап кетеді.
Күрмек тектес арамшөптермен күресте 25-27 см тереңдікте аудар жыртқан сүдігер тиімді. Ал батпақты жерде өсетін арам шөптерге қарсы топырақты 12-14 см тереңдікте жырту қажет.
Қайта игерілген тың мен тыңайған жерлерде (ең кемі 23 см), сонымен қатар қамыс басқан учаскелерде (25-27 см) сүдігерді ерте жырту жүргізіледі.
Көпжылдық шөптер ұлтанын өңдеуді, көктемде бірінші орымнан кейін немесе өсімдік биіктігі 8-10 см жеткен кезде, күрішті егер алдында бастаған қолайлы. Бұл жағдайда топырақ құнарлығын көп жыл бойы тиімді пайдалану үшін жерді жұқалап жыртудан, бірте-бірте тереңдетіп жжыртуға көшу керек. Көпжылдық шөптер ұлтаның көктемде 18-20 см, ал екінші және үшінші жылдары күріш егісін жиып алысымен тиісінше 22-24 және 23-27 см тереңдіктерге аудара жыртады.
Екпе сүрі өңдеу оған егілген дақылды жинап алысымен, жерді суарудан (гектарына 1000-1500 м) басталады. Су топыраққа толық сіңіп, арам шөптер жаппай көктеп шыққаннан кейін, танапты сыдыра жыртқыш соқалармен (ППР-10-25, ППП-5-25,ЛДГ-5, КПИР-4) 20-22 см тереңдікке жыртады. Жыртылған қабат толық кепкеннен соң егістік жердің жөндеу-тегістеу жұмыстарына кіріседі.
Топырақты тұқым себералды өңдеу жұмыстарына көктемде жер өңдеуге келісімен кіріседі. Топырағы тығыз және ылғалы көп жерлерде сүдігер көлденең және ұзына бойына 16-18 см тереңдікте өңделеді.
Көктемгі егістік жерді тырмалау, нығыздау және майдалау жұмыстарын тоң кесектердің оңай ұнтақталатын кезінде жүргізеді. Ауыр саз топырақты егістегі тоң егістегі тоң кесектерді арнайы майдалағышпен немесе ауыр таптауыштармен ұсақтайды.
Арам шөптер басып кеткен жерлерді тұқым себерден 2-3 күн бұрын, 16-18 см тереңдікте қайта жыртып, пайда болған тоң кесектерді соңынан Зигзаг тырмасы тіркелген ауыр дискілі БДТ-7 немесе БДНТ-3,0 тырмаларымен ұнтақтайды.
Күріш егісінде минералдық тыңайтқыштарды пайдаланғанда, әсіресе оларды енгізудің мерзімдері мен тәсілдерін білудің үлкен маңызы зор. Егіске тыңайтқыш енгізудің мерзімдерін белгілегенде күріштің өсіп-жетілуінің ең жауапты кезеңі — оның түптенуі мен сабақтана (түтіктене) бастаған кезі екенін әрқашан ескерген жөн.
Әр гектар күріш егісіне енгізілетін фосфор тыңайтқышының 70%,калийдің — 50% және азоттың 35-45% тұқым себералында үстеме қорек ретінде, екінші рет — фосфордың 30% және азоттың 35% күріш 3-4 жапырақ шығарар кезінде, ал калий тыңайтқышының 50% мен азоттың 20-30% күріш сабағының түтіктене бастауының алдында берген дұрыс. Минералдық тыңайтқыштардың тұқым себералды және үстеп қоректенумен берілетін барлық мөлшері : N -60-90 кг, P₂O₂ -40-60 және К₂О-45-60 кг. Күрішті өсу кезінде үстеп қоректендіруге ұшақты пайдаланады.
Органикалық тыңайтқыш ретінде күрішке гектарына 30-40 т көң күзде немесе ерте көктемде беріледі.
Тазартылған күріш тұқымын себу алдында физикалық, химиялық,биогендік және басқа да үдеткіштермен өңдеу арқылы оның өніп шығуын тездетіп, дақыл көгінің зиянды жағдайларға төзімділігін арттырып тұқымның шығымдылығы мен дақыл көгінің толық сақталуына жағдай жасайды.
Еліміздің күріш өсіретін аймақтарының оңтүстігінде күріш тұқымын себудің қолайлы мерзімі сәуірдің 5-нен 15 дейін,орталығында — 10-нан 20 дейін, ал солтүстігінде 15-25 аралығында. Себу тереңдігі дискілі шүмекті тұқымсепкіштермен 2-3 см тереңдікке жүргізіледі. Жеңіл сазды топыраққа тұқым 5 см тереңдікке енгізіледі. 1 га қолайлы себу мөлшері: көпжылдық шөптер ұлтанына 7-8 млн, күріштікке — 7,0-8,5, ал екпе сүрі жерге (мелиорациялық танапқа) 6,0-8,5 млн өнгі тұқым.
Себу СЗ-3,6, СРН-3,6 тұқымсепкіштерімен тар қатарлы немесе тоғыспалы тыңайтқыш себуге қолданатын АККОРД, РАУХ шашқыштарымен тұқым сеуіп жүр, бұл еңбек өнімділігін 2-3 есеге арттырады.
Тұқым себіліп болысымен 2-3 күннің ішінде атызға 3-5 см деңгейде су қойылады. Күріштің өсуіне қарай су деңгейін 12-15 см дейін көтеруге болады.
Арам шөптермен күресу үшін су деңгейін уақытша көтеріп, арам шөптер құрығаннан кейін төмендетіп қолайлы қалыпта ұстау керек.
Түптену фазасының алдында су жіберуді тоқтатып, оның деңгейін 3-5 см дейін төмендетеді. Күріш өсімдігін түптемес бұрын азот тыңайтқышымен үстеп қоректендіреді , қажет болса батпақта өсетін арам шөптерді құрту үшін 2,4-Д тобының гербицидтерімен өңдеу жүргізеді.
Күріштің түптену фазасы аяқталысымен су деңгейін қайтадан 15 см дейін көтеріп, күріш қамырланып піскенге дейін осы деңгейде ұстайды. Мұнан кейін су беру тоқтатылады. Судың топыраққа сіңуі мен булануымен оңың атыздағы деңгейі төмендейді. Қамырланып пісудің соңында атыздағы қалған суды қашыртқыға жібереді. Егер күріштік алқап сортаң тартқан болса, алғашқы су бастырғаннан 3-4 күн өткен соң суды қашыртқыға жіберіп, атызға мезгіл-мезгіл су жіберіп суды толық жаңартып алады.
Күріш өнімін өндірудегі технологиялық процестердің ең шешуші де негізгі кезеңі оларды ысырапсыз, техниканың көмегімен жинап алу жұмыстары болып табылады. Күріш егісін ору алдында атыздардың толық құрғатылуы тиіс.
Күріш оруды жаппай және бөлектеп жүргізеді. Жаппай ору — бірден комбайнмен орып-бастыру әдісі. Мұны сирек шыққан, жатпаған, дәндері бәрдей піскен күріш алқабына қолданады. Сондай-ақ аласа бойлы күріш сорттарына да осы әдісті қолдануға болады. Бұл тәсіл Енесей — 1200РМ, Енесей-950, Laverda-2350 италиялық,CLASS-823 гермнаиялық комбайындарымен атқарылады.
Бөлектеп оруды жоғары өнімді немесе жатып қалған және тұқымдық учаскелерде қолданады. Бұның негізгі өзгешелігі — күрішті орып және бастыру жұмыстары бір мезгілде жүрмейді. Орып дістеленген массаны кептіріп, сонан кейін 2-3 күн уақыт өткізіп барып бастырады.
Күрішті жалға салып оруда жатка MagDon, ЖРВ-5, ЖВН-6,ЖНУ-4,0 және ЖРС-5 дәстелегіштері қолданылады. Жалға орылып, дестеге салынған күрішті, Енесей-1200РМ, Енесей-950, Laverda-2350, CLASS-823 комбайндарының арнайы жаткалары мен бастырады.
Бітік шыққан жоғары өнімді және тұқымдық учаскелерде дән ысырабын, сол сияқты күріштің зақымдануын болдырмау үшін дестені екі қайтара бастырады.
Соңғы жылдары күріш егісінің көлемі сыр өңірінде экологиялық қолайлы және экономикалық тиімді деңгейде — 70,0-75,0 мың.га болып тұрақталды. Осы көлемдегі күріш егісі бір жағынан Қазақстанның күрішке сұранысын қамтамасыз етсе,екінші жағынан — оны жердің мелиоративтік жағдайын жақсартушы дақыл ретіндегі міндетін толық атқарады.
Ал күріш егісі көлемін одан әрі қысқарту инженерлік дайындалған жерлердің апаттық жағдайға дейін тұздануына әкеліп соғуы мүмкін. Аймақта қолданылып жүрген күріш шаруашылығы технологиялары техникалық жағынан да, қаржылық жағынан да тиімділігі жоғары емес. Мысалы, ұзақ жылдар бойы қолданытсағы күріш өсіру технологиясы бойынша себуге дейін 12-13 технологиялық операция немесе кем дегенде 7 операция қолдану ұсынылып келді. Соған қарамастан арам шөптермен агротехникалық жолмен күресу деңгейі өте төмен, топырақ ылғалдылығының шығыны жоғары, сонымен қатар осы жұмыстарды атқаруға пайдаланатын … жалғасы

Дереккөз: https://stud.kz