«Көтеріліс» мәртебесі қашан беріледі? |

0


Оқылды:
109

Желтоқсанның мұзға жаққан алауы отыз екі жыл өтсе де сөнбек емес. Халық жадында, ел есінде. Аяз қарыған алаңда тұрып, ақырып теңдік сұраған азаматтар әлі де арамызда. Өткен сәрсенбіде тарихшы-ғалым Темірғали АРШАБЕКОВ басшылық ететін облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивте «Тәуелсіздік тұғыры – Желтоқсан!» тақырыбындағы көрме һәм дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Тәуелсіздік күніне орайластырылған шараға Алматы һәм Қарағанды шаһарларындағы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар арнайы шақырылыпты. Солардың қатарында өңіріміздегі «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Ахметқали Халенов, «Қарағанды Су» маманы Жәлел Әуезұлы және зейнеткер Абай Әбдрахманов бар. Сондай-ақ, Қарағанды коммерциялық колледжінің студенттері мен оқытушылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де арнайы ат басын бұрыпты.

– Желтоқсан оқиғасы күні Алматыдағы алаңнан табылғандардың бірі – мен. Одақтас республикалардан жеткен әскери десант басып-жаншумен болды. Өрт сөндіру көліктері жастарға су шашып, ұрып-соғу толастамай тұрған кез. Бірақ, бұл – жастарды қаймықтырудың орнына одан сайын ашуыза тудырды. Көбісін көліктерге тиеп әкетіп жатқанын да байқадық. Бас-аяғы үш күнге созылды ғой бұл зомбылық. Кейін, «коменданттық сағат» деген пайда болды. Әсіресе, қазақ жастарына қатаң назар аударылған тұс. Үш қазақ жасының басы қосылса болды, дереу милиция, не болмаса, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлері жетіп келіп алып кетеді. Ақыры, 21 желтоқсанда жатақханада жатқан жерімнен мені де ұстады. Сөйтіп, үстімнен іс қозғалып, бес жылға бас бостандығымнан айырылдым, – деді Жәлел Әуезұлы.

Сөз соңында Жәлел Әуезұлы «оқиға» деп айдарланған бұл қантөгіске «көтеріліс» мәртебесі күні бүгінге дейін берілмей келе жатқанын тілге тиек етті. Әрине, кейін мұндай дүмпу одақтас республикалардың басым бөлігінде болғаны белгілі. Осыдан екі жыл бұрын Астанада 9 елдің ғалымдары бас қосып, конференция өтіпті. Сол жиында қонақтар «Қазақстан неге «Желтоқсан» оқиғасына «көтеріліс» мәртебесін бермей келеді?» деп сауал жолдаса керек. Біз мойындамағанды олар әу баста «көтеріліс» ретінде мойындап үлгеріпті. Ойланарлық жайт.

– Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы Қарағандыға да жетті. Ол кезде мен Қарағанды мемлекеттік техникалық институтында 5 курста оқитын едім. Білім ордасында «Жасқанат» атты поэзия клубы болды. Соған мүшемін. Сөйтіп, клубтың өзге мүшелерін қасыма ертіп, Гагарин алаңына шықтық. Бір мезетте, қапталдан келе жатқан троллейбус көрінбей кетті де, орнына екі өрт сөндіру машинасы пайда болды. Бір жамандықты іш сезгенмен, шегінгеміз жоқ. Қол ұстасып, шеп құрып тұра қалдық. Одан опа таппасымызды білгеннен кейін концерт залының алаңына жиналатын боп шештік. Сол жерде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қоршауында қалдық. Айғай-шу көтеріліп, кей жастарды автобустарға тиеп жатқанын көрдік. Бірақ, оларға жете алмадық. Автобус та жеке қоршауға алыныпты. Сөйтіп, институтқа қайтуға тура келді. Сол кездегі ректор Әбілқас Сағыновтың ерлігі – ерекше. Көп оқу орындарының студенттері қуғынға ұшырап жатқанда, ол кісі бірде-бір студентін «бермеуге» барын салды. Оған – өзім куәмін. Тіпті, оқытушыларға осы турасында астыртын тапсырма да берген екен, – деді Ахметқали Халенов.

Шара барысында «Желтоқсан оқиғасына» қатысты жарық көрген кітап көрмесі таныстырылып, қатысушылар мен студент-жастардың сауалдарына жауаптар қайтарылды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»