Көрмеде — көне күндер көрінісі |

0
142


Оқылды:
1

Жезқазған тарихи-археологиялық музейі өзінің тарихында алғаш рет XX ғасырдың 50-90 жылдарын қамтитын «Уақыт кеңістігіне саяхат» атты ретро-көрме ұйымдастырды. Көне күндер көрінісін көз алдыңа алып келетін көрменің басты мақсаты – атабабалардан қалған құндылықтар санатындағы бай мұраларды көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу, оларды ұлт тарихын таразылай білуге бейімдеу.

Музей қорында сақталған 50-90 жылдардың эксклюзивті һәм құнды жәдігерлерінен тұратын ауқымды ретро-көрме қала тұрғындары мен қонақтары үшін айтарлықтай ерекше тарту болды.

Бітімі бөлек көрменің лентасын қию рәсімін Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айып Байқасынов, КСРО мен Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, ұстаз-тәлімгер Шабал Бейсенбекова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің қоғаммен байланыс орталығының директоры, танымал қаламгер Зинаида Чумакова атқарды.

Ұлы Даланы мекен еткен адамдар ерте бастан алуан түрлі техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды.

Музей қорын құнды әрі сирек кездесетін жәдігерлермен толықтыру мақсатында музей қызметкерлері жыл сайын дәстүрлі түрде «Тарихта өз атыңды қалдыр» акциясын өткізіп келеді. Тынымсыз ізденістің нәтижесінде көптеген жәдігерлер жинақталды. Айталық, Жүсіп Ыбыраев музей қорына Бұзау болыстың бас киімі мен суреттерін тапсырды. Ретро-көрмені әзірлеу кезінде де біршама жәдігерлер қор қоржынын толықтыра түсті. Соның аясында 50-90 жылдардың эксклюзивті 500-ге жуық жәдігерді қалалық білім бөлімінің әдіскері Шәрбан Қуанышева сыйға тартқан еді. Ал, жыршы-термеші, Шынболат Ділдебаевтің шәкірті Мұханбет Қожахметов музейге 100-ге жуық бағалы дүниелерді тарту етті. Ол ретро-көрменің ашылу салтанатында тағы да өзінің жыр-термелер жинағы мен «Өткен күндер» атты авторлық кітабын сыйлады.

Мерейлі сәтте қаланың елге сыйлы, қадірлі азаматтары музей басшылығы мен ұжымының атынан жоғарыда аталған тұлғаларға лайықты мадақтамалар табыс етті.

Көрменің ашылу рәсімінде жергілікті өнерпаздар орындаған әндер мен билер көпшіліктің көңілін одан әрі марқайта түсті.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»