Көркем жазу сайысы, Көркем жазу

0

«Көркем жазу — өнер» сайысы
Мақсаты: Оқушыларды сауатты, мәнерлі, көркем жазуға машықтандыру. Өнерге құштарлықтарын, эстетикалық талғамдарын, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке баулиды.

Міндеттері:
— Жазу нақтылыққа баулиды;
— Жазу ойды жүйелейді;
— Жазу барысында көптеген идеялар туындайды;
— Бала мінезінің тұрақтылығын, ұстамдылығын қалыптастыра отырып, бастаған ісін аяқтай білу, өзіндік шығармашылығын дамытады.
Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, шарлар
Түрі: сайыс
Қатысатын сыныптар: 3 — 4 сыныптар

Жүргізуші:
— Қош келдіңіздер, құрметті ұстаздар мен қонақтар, оқушылар! Сіздер «Көркем жазу — өнер» сайысын көруге келіп отырсыздар.

Жүргізуші:
Жарыстың бірінші кезеңінде оқушылардың математика, қазақ тілі дәптерлерінің жүргізілу деңгейі, тазалығы көркем жазуы арқылы оқушылар іріктеліп алынды.

Жүргізуші:
Бүгінгі күні сайысқа қатысушылар өздерінің қалай көркем жазатындарын көрермендер алдында дәлелдейді.

Жүргізуші:
Сайыскерлер өнерін салыстырып,
Бәйге үшін терлетер шабыстырып.
Әділдікті қолдайтын баға беріп,
Жіберейік әділқазыларды таныстырып.

Әділқазы алқаларымен таныстырады.
Сайыс 5 — бөлімнен тұрады. Әділқазылар критерийлер арқылы бағалайды.
1. Таныстыру. Байқауымыздың бұл бөлімінде сайыскерлеріміз өзін — өзі таныстырады.
«Таныстыру» бөлімінің критерийлері: (5 ұпай)
— өзін толық таныстыруы;
— шеберлігі;
— шығармашылығы.

2. «Суретті аяқтау, бояу». Бұл бөлімде сайыскерлер суретті аяқтап салып, бояйды.
«Суретті аяқтау, бояу» бөлімінің критерийлері: (5 ұпай)
— Суреттің симметриялығы;
— Бояуды дұрыс таңдай білуі;
— Жұмыстың ұқыптылығы.

3. «Сурет бойынша шағын әңгіме жазу»Бұл бөлімде сайыскерлер сурет бойынша әңгімеге ат қойып, шағын әңгіме жазады.
«Сурет бойынша шағын әңгіме жазу» бөлімінің критерийлері: (10 ұпай)
— тақырыптың суретке сәйкестігі;
— жоспарының болуы;
— әңгіменің жүйелігі;
— тақырыптың ашылуы;
— каллиграфия нормасын сақтай отырып жазуы.

4. «Мәтінді көшіріп жаз»«Домбыра» мәтіні көшіріліп жазылады.
«Мәтінді көшіріп жаз» бөлімінің критерийлері: (5 ұпай)
— сауаттылығы;
— әріп элементтерін дұрыс қосып жазуы;
— каллиграфия нормасын сақтай отырып жазуы;
— тазалығы.

5. «Үй тапсырмасы». Бұл бөлімде дайындап келген жұмыстары жайлы, қалай жасағанын айтып қорғайды.
«Үй тапсырмасы» бөлімінің критерийлері: (20 ұпай)
— Өмірмен байланысы;
— Баланың өз жұмысы;
— Ата — анасымен бірігіп орындаған жұмысы;
— Істеген жұмысына презентация жасау;
— Істеген жұмысының құндылығы.

Жүргізуші:
Сайысымыздың алғашқы бөлімі «Таныстыруға» кезек берейік.
Өнер қуып сайыскерлер өтер дейміз,
Бір басына өнері жетер дейміз.
Сайысқа түскендер кезектесіп,
Өздерін таныстырып өтер дейміз.

Жүргізуші:
Екінші бөлім «Суретті аяқтау, бояу». Бұл бөлімде сайыскерлер суретті аяқтап салып, бояйды. ( Тапсырмалар таратылады) Музыка ойналып тұрады.
Жүргізуші:
Келесі бөлім «Сурет бойынша шағын әңгіме жазу» Бұл бөлімде сайыскерлер сурет бойынша әңгімеге ат қойып, шағын әңгіме жазады. 15 минут уақыт беріледі.

Жүргізуші:
Төртінші бөлім «Мәтінді көшіріп жаз» «Домбыра» мәтіні көшіріліп жазылады.
Сергіту сәті өткізіледі.
Жүргізуші:
«Үй тапсырмасы». Бұл бөлімде дайындап келген жұмыстары жайлы, қалай жасағанын айтып қорғайды.
Жүргізуші:
«Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» демекші бүгінгі сайысымызды таразылап әділ бағасын береді деген оймен келесі сөзді әділқазылар алқасына береміз. Жеңімпаздарды марапаттау.

Ақмола облысы, Бұланды ауданы,
Макинск қаласы, Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицей
Бастауыш сынып мұғалімі
Матышева Гульмира Айдархановна

Слайдын жүктеу