Көпшілікпен тіл табысудың тәсілдері
Кімге де болсын, қай ортаға түссе де көпшілікпен тіл табыса білудің маңызы зор. Ортаға жұғымды болу үшін мынадай жайттарды есте ұстасаңыз ұтылмайсыз:
► Өзге адамдарға мән бере қараңыз. Мүмкіндігінше жиірек жымиған артықтық етпейді. Бұл кем дегенде өзіңіз жайлы алғашқы жағымды көзқарас қалыптасуына жағдай жасайды.
► Адаммен әңгімелескенде оны мұқият тыңдауға тырысыңыз. Әсіресе, ол өзі туралы айтқанда қызығушылық танытып қойыңыз. Бұл сіздің жақсы сұхбаттас болуыңызға ықпал етеді. Сұхбаттасыңыздың өзінің орнын сезінуіне жағдай жасаңыз. Мұның бәрін жасандылықпен емес, шынайы жасауыңыз керек.
► Егер өзіңіз жүрген ортадағы адаммен әлденеге келісе алмай қалсаңыз, онда айтысып-тартысып әуре болмаңыз. Өзгенің көзқарасы мен пікіріне үзілді-кесілді қарсы шықпаңыз. Оны сыйлай біліңіз. Оған сенікі дұрыс емес деген сөзді баттита айтпаңыз.
► Егер өзіңіздікі дұрыс болмаса, оны шын пейіліңізбен мақтағаныңыз дұрыс. Сұхбат кезінде өзіңіздің достық пейіліңізді бірінші болып сездіріңіз. Сұхбаттасыңыздың сөздеріңізбен келісуіне мән беріңіз. Ол бірінші болып «иә, иә» деп келісіп жатса, жарты шаруаның біткені.
► Сұхбаттасыңызға көбірек сөйлеуге мүмкіндік беріңіз. Бұл сізге онымен бірлесе жұмыс істеуге жол ашады. Кейбір жағдайларда өзіңізді сұхбаттастың орнына қойып та үйреніңіз. Сонда оны жетігірек түсінесіз.
► Өзгелердің ойы мен тілегіне мән бере қараңыз. Ізгілік жасауға ұмтылыңыз. Өз жоба-жоспарыңызды іште бүкпей, сыртқа шығарыңыз.
► Өзге адамның қателігін көрсеңіз оны бірден лақ еткізбей, бірінші кезекте оның артықшылықтарын шын пейіліңізбен айтып, мақтай келе, жанамалай жеткізіңіз.
Әрине, біреуді сынамас бұрын өз бойыңызда сол кемшіліктердің бары-жоғын бағамдап, бар болса жойып алғаныңыз абзал.
…Жалпы, ортаға ұнамды болу үшін көптеген нәрселерді есте ұстай жүру, мұқият болу керек.
Дереккөз: zamana.kz
Дереккөз: https://massaget.kz/