Колледжге қалай тегін оқуға болады?

0
Жаңа кәсіпті тегін қай жерде игеруге болады және ол үшін қажетті құжаттарды қалай реттеу керек? Бұл материал осындай сұрақтар мазалайтын жастарға арналады.

2015 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы жастарға жұмысшы кәсібін игеру керектігін, бұл саладағы білікті мамандарға сұраныстың ешқашан азаймайтынын баса айтқан болатын. Ал бір істі меңгерген кәсіби мамандардың табысы мол, отбасын асырауға қауқары толық жететінін күнделікті өмірде байқап жүрміз.

Осыған байланысты 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы қолға алынған болатын. Бұл жоба жастарға алғашқы жұмысшы кәсібін тегін игеруге мүмкіндік береді. Жоба жұмысшы біліктілігі бойынша жергілікті бюджет пен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асырылады. Ең алдымен тегін білімге жұмыссыз және өзін-өзі асырап жүрген жастар мен кәсіби білімі жоқ, жұмысқа жарамды жастағы жандар қол жеткізе алады.

Достар, тегін кәсіби және техникалық білім алу барысын егжей-тегжейлі зерттеуге көп уақыт пен ресурс кететінін түсінеміз.
Сондықтан да осы бөлімге барлық пайдалы ақпараттарды жинап, сіздердің жүктеріңізді жеңілдетпекпіз. Алдымен анықтамадан бастайық.

1. КОЛЛЕДЖДЕ ОҚУ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Колледж – тәжірибемен ұштастыра отырып орта білім беретін оқу орны. Мұндағы студенттер еңбекке ерте араласып, кәсібін оқумен қатар игереді.

Жоғары оқу орындарымен салыстырғанда колледждерде жоғары білім емес, кәсіптік-техникалық білім алады. Дей тұрғанмен, түлектер тиісті дипломға қол жеткізіп, толыққанды мамандық иесі болып шығады.

Көпшілік техникалық білім жоғары біліммен салыстырғанда бәсі төмен, сұраныс аз деп ойлайды. Алайда, бұл пікірдің қате екені күнделікті өмірде дәлелденіп жүр. Керісінше, қазір бүкіл әлемде жоғары білімнен колледждегі білімге қарай бет бұру басталды. Сонымен қатар, әлемде техникалық саладағы мамандар тапшылығы да сезіліп жатыр. Біздің мемлекетіміз әлемдік үрдістерден қалмай, тең дамуға тырысады. Жастарды жұмыспен қамту және қоғамның толыққанды мүшесі етіп баулу барысында кәсіби білімнің маңызы зор. Бүгінде үкімет колледждерді сұранысқа ие кәсіп иелерін тәрбиелеп шығаратын ордаға айналдыру үшін бар мүмкіндікті жасап, мол қаржы қаржы бөліп отыр. Бұл жоба 192 мамандықты қамтиды. Мамандықтардың толық тізімін мына сілтеме арқылы өтіп білуге болады: http://edu.gov.kz/ru/page/grazhdanam/proekt_besplatnogo_tipo.

Қазақстанда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары? Біздің қолда бар мәліметтер бойынша қазіргі кезде ең қажет кәсіп иелері – техника, технология, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету саласының мамандары болып отыр.

2. ТЕГІН БІЛІМ АЛУҒА КІМДЕР ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛАДЫ?

Сонымен, сіз болашақ мамандығыңызды таңдадыңыз делік. Жағымды жаңалық: Қазақстанның барлық азаматтары тегін білім ала алады. Жасыңызға, жұмыс өтіліңізге қарамаймыз. Біз елдегі мамандар қатары тағы бір кәсіпқоймен толыққанын қалаймыз. Біздің жобаға 361 колледж қатысады. 4 жыл ішінде 673 мың адамға кәсіби білім береміз деп жоспарлап отырмыз.
Алайда, қандай да бір колледждерде тегін білім беретін орындар шектеулі екенін айтқымыз келеді. Бұған себеп жергілікті бюджеттен қаржыландыру болып отыр. Сондықтан да бірінші болып «басымдығы жоғары» талапкерлер, содан кейін барып қалған үміткерлер оқуға қабылданатынын айтқымыз келеді. Атап айтар болсақ:
– Егер жасыңыз 29-ға толмаған болса;
– Жақында мектеп бітірсеңіз;
– Жұмыссыз болсаңыз;
– Қиын жағдайда қалып тұрсаңыз;
– Әлеуметтік жағынан осал топқа жататын болсаңыз, бірінші болып оқуға ілінуге хақыңыз бар.

Таңдаған мамандығыңыз да тегін білім алу мүмкіндігіңізді ұлғайтады. Маман дайындауда басымдық берілетін салалар: сервис және қызмет көрсету, техника, технология, ауыл шаруашылығы саласының мамандары болып отыр.

3. МОДУЛЬДІ БАҒДАРЛАМА ДЕГЕН НЕ?

Колледжге түсетін болсаңыз, модульді оқыту бағдарламасы туралы білгеніңіз дұрыс. Бұл – әлемдік тәжірибеде дәлелденген тиімді оқыту әдісі. Мұндай бағдарламалардың көмегімен оқушылар бірінші кезеңде үш бірдей кәсіпке машықтана алады. Ал екінші кезеңде орта буын мамандығына ие болып шығады. Мысалы, электрик-механик болып шығу үшін электрослесарь мен электромонтёр кәсібін де игересіз.

4. ҚАЙ ҚАЛАЛАРДА ТЕГІН БІЛІМ АЛУҒА МҮМКІНДІК БАР?

Қысқаша мәлімет берер болсақ, колледждер барлық қала, облыс орталықтары мен елдімекендерде бар.

5. ОҚУ МЕРЗІМІ ҚАНДАЙ?

Мамандық пен оқу барысына қарай бір мен үш жыл аралығында білім алуға тура келеді. Егер жалпы орта білім алмаған болсаңыз, 2 жыл 10 ай ішінде үш бірдей кәсіпке баулып шығаратын оқу бағдарламасы күтіп тұр. Ал қысқа мерзімді кәсіби білім керек болса, дайындау уақыты 1 айдан 6 айға дейін созылады.

6. ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР КЕРЕК?

– Төлқұжаттың көшірмесі;
– Еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса);
– Білімін растайтын құжат (аттестат, куәлік, диплом);
– Денсаулығы жайлы анықтама;
– Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтар тобына жататынын растайтын анықтама (бар болса).

7. ШӘКІРТАҚЫ МЕН ТАМАҚ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Бағдарламаға қатысушыларға айына 16 759 теңге шәкіртақы мен күніне бір уақыт ыстық тамақ (күніне 365 теңгеге) және жеңілдікпен жол жүру (жылына 4 АЕК) қарастырылған.

8. ОҚУДАН КЕЙІН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖАҒЫ ҚАЛАЙ?

Сіздерді жұмыспен қамтамасыз етуге міндетті мекемелердің атауын жазып немесе еске сақтап алыңыздар. Олар:
– халықты жұмыспен қамту орталықтары;
– колледждер;
– өңірлік кәсіпкерлер палатасы.

Осы инстанцияларға хабарласу барысында «Еңбекпен қамту туралы» және «Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы туралы» заңға сүйеніңіз.
Міне, «колледж» деп аталатын үлкен де маңызды бөлімдегі айтпағымыз осы. Кәсіптер әлеміне хош келдіңіз, құрметті оқырман!
Тегін білім алған соң сіз дипломды маман ретінде еңбек нарығына жол тартатын боласыз.