Күн салқындағанда көлік әйнегінің буланып кете беруі – жүргізушіні әбігерге салатын-ақ жағдай. Жол-көлік оқиғалары сол буланудың кесірінен де көп орын алып жатады. Демек, бұл мәселеден тез арада құтылу керек және ол үшін әдіс-тәсілдер бар. Ал Сіз оларды білесіз бе?

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

Біз бүгінгі мақаламызда көлік жүргізушілеріне буланудан құтылатын бірнеше кеңестер ұсынамыз. Бұл кеңестер қиындықтан құтылуға септігін тигізетіні сөзсіз.

 

 

1-кеңес: қарды тазалаңыз

 

Егер көлік көшеде тұрса және оның капотын қар басса, онда бірінші кезекте қардан тазалау қажет. Әсіресе көліктің алдыңғы әйнегі мен капот арасындағы кеңістікте тұрған қарды жою керек. Себебі, қозғалтқыш қызған кезде бұл кеңістіктегі қар еріп, төмен қарай су болып ағады. Нәтижесінде көлік салонын жылыту үшін жіберілетін ауа өте ылғалды болады. Содан кейін ылғал көліктің әйнектеріне жабысып, көруді нашарлатады. Сондықтан ең алдымен, капоттағы жәнеалдыңғы әйнектегі қарды қалдырмай тазалау қажет.

 

2-кеңес: аз сөйлесіңіз

Физикалық тұрғыдан әйнектердің булануының себебі белгілі. Ауадағы ылғал суық шынылармен жанасқан кезде булану пайда болады және ол жолды көруге кедергі келтіреді. Сонымен қатар, булану көлік ішіндегі адамдардың сөйлесуінен де пайда болады. Әрине, дем алмай отыру мүмкін емес, бірақ әңгімені азайту оң нәтижеге жеткізеді. Сондай-ақ, спирттік ішімдік ішкен жолаушылардың болуы да булануды күшейтеді.

 

3-кеңес: Көлік ішін құрғатыңыз

Пеш толық қуаттылықпен қосылған, терезелер жабық, ал шыны буланып жатыр. Көлік жүргізушісі болса ылғал қайдан пайда болып жатқанын біле алмай әуре. Бұл жағдайда шуды азайту резиналары, кілемшелер, отырғыштардың қаптамасы ылғал бөлуі мүмкін. Олардан шыққан ылғал шыныда бірден буланады.

 

Мұндай кезде көбінесе жаңбыр немесе қар суы есік-әйнек тығыздағыштары, антеннаның түбі, әйнек тазалағыштар арқылы өтеді. Осы жағдайға сіз де тап болсаңыз автокөлікті кептіру салондарын іздеу қажет. Себебі ондай салон қызметкерлері ылғал болуы мүмкін барлық арналарды тазалай алады. Содан кейін, көлік ішінде булану азаяды. Бірақ, мұндай ақаулар сирек кездеседі.

 

4 кеңес: сүзгіні тазалау қвжет

Әрбір көлікте пеш бар, одан келетін ауа ағыны көбіне алдыңғы әйнекке бағытталады. Сондай-ақ, кейбір көліктерде жылы ауаны бүйір арқылы жіберуге де болады.

 

Егер ауа жіберілу әлсіз болса, онда салон сүзгісін тексеру қажет. Өйткені, жылы ауа салонға келмес бұрын осы сүзгі арқылы өтеді. Ал сүзгіге қоқыс толса, ауа өтуі нашарлайды. Көптеген автокөліктерде бұл сүзгі «бардачок» астында орналасқан. Көлік ішіндегі ыстық ауа ағыны күшті болуы үшін оны ауыстырыңыз немесе тазалаңыз. Сүзгі тазаланғаннан немесе ауысқаннан кейін ыстық ауаның келуі көбейіп, әйнек булануынан құтылуға көмектеседі.

 

5 кеңес: қосымша желдеткіш орнату

Егер көлігіңіз ескі болса, ауа ағынын көбейту үшін қосымша жабдық пайдалануыңызға тура келеді. Ондай жағдайда сіз қосымша желдеткіш орнатып, ауаны көліктің алдыңғы немесе артқы әйнегіне бағыттай аласыз. Сонымен қатар, ескі машиналарда жел кіретін тесіктер де қарастырылған. Олар арқылы сырттан ауа кіріп, тікелей алдыңғы әйнекке соғады. Бір жағынан бұл да әйнектердің булануы мәселесін шешуге көмектеседі.

 

6 кеңес: терезелерді жуыңыз

Таза әйнекте булану үрдісі жай жүретіндіктен, тәжірибелі жүргізушілер оны ішінен сумен және таза спиртпен сүртіп отырады. Бұл екі-үш сағат ішінде әйнектің буланып кетпеуін қамтамасыз етеді (барлығы көліктегі жолаушылардың санына байланысты).

 

Әйнектердің булануына қарсы тұратын химиялық заттар

Көлік құралдары дүкендерінде булануға кедергі келтіретін арнайы аэрозоль және сұйық заттар сатылады. Олар шыныда майлы қабат жасап, ылғалдың жабысуына кедергі келтіреді. Нәтижесінде көлік ішінде тіпті өте жоғары ылғалдылықта да әйнектер таза болып қалады.

Сонымен, бұл мәселе бүгін өзекті болғанымен, оны шешудің көптеген амалдары бар. Енді сіз көліктегі әйнектердің булануын қалай жоюға болатынын білесіз. Булану өмір мен денсаулық үшін қауіпті, сондықтан жоғарыда ұсынылған барлық кеңестерді есте сақтаңыз. Егер олардың біреуіне де мүмкіндік болмаса, онда терезені біраз ашып қойыңыз. Бұл көлік ішінде ыңғайсыздық тудыруы мүмкін, бірақ сәлден соң шыны мінсіз тап-таза болып шығады.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз