Киберспорттың қыр-сыры: Pro Evolution Soccer

0
145

Киберспорттың қыр-сыры: Pro Evolution Soccer

Pro Evolution Soccer (PES)– жапониялық Konami компаниясы шығаратын футбол симуляторы. 2001 жылы алғашқы нұсқасы жарияланып, содан бері сериялы 18 ойын шықты. Яғни жыл сайын трансферлер мен командалар құрамына байланысты өзгерістер еніп, жетілдіріліп отырады.

Ойынның бірнеше режимі бар: жолдастық кездесу, турнир, чемпионат, топтық ойын, менеджер, жеке карьера. PES – FIFA симуляторының негізгі бәсекелесі. Көп киберфутболшы әсіресе осы екі ойынға машықталған. FIFA ойыны әлемдік ең ірі FIFA футбол ұйымы негізінде шығатындықтан лицензиялық шеңбері кең. Әлемнің түрлі біріншіліктерін ойынға қоса алады. Ал PES-тің кей чемпионаттар мен ойыншылардың аты-жөніне лицензиясы болмағандықтан, аналог команда мен ойыншылар жасауға мәжбүр. Мысалы ағылшын премьер лигасындағы бірқатар командалардың аты өзгертіп берілген: “Liverpool” – “Merseyside red”, “Chelsea” – “FC London”. Алайда ойынның FIFA-ға қарағанда біраз артықшылығы бар: ойын динамикасы шапшаң әрі ширақ, стандартты жағдайлар мен пастар шынайы футболдың қозғалыстарына негізделген.

PES ойыны азиялықтарға түпнұсқада шығады, ал өзге құрлықтарда PES-тің Winning Eleven деген аналог нұсқасын ойнайды. Мұның бәрі лицензиялық ньюанстарға байланысты.

PES 2018 жылы алғаш рет Азиада ойындарының дисциплинасына қосылды. Джакартада өткен Азия ойындарына түрлі аймақтан үздік ойыншылар іріктеліп, бақ сынасты. Мысалы Қазақстан Орталық Азия аймағынан қатысқан еді. Бұдан бөлек PES – WESG турнирінің ең ірі дисциплинасы. Жыл сайын әлемнің үздіктері қатысатын бұл турнирге Қазақстан биыл ішкі іріктеу ойындарын өткізгелі жатыр. Іріктеу ойындары мен плэй-офф ойындары 21-30 қазан күндері өткен еді, нәтижесінде финалға Қаныш «Abdulkin» Әбікенов пен Лёма «Adaleon777» Магомадов атты екі киберфутболшы шықты. LAN-финал 11 қараша күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Жеңімпаз Шанхайдағы негізгі WESG турниріне жолдама алады.