Кеншілер шаһарында — күй сайысы |

0


Оқылды:
748

«Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар» бар деген ұлы Абайдың сөзі қазақтың шертпе күй өнеріне бағышталғандай көрінеді. Сөз тоқтаған жерден күй, ақыл тоқтаған жерден әрі әуен атқа мінеді. Күй жеткенге ми жетпейді, демек. Көңіл сөзіне күйді, дүниеге жалғанды қосақтаған қазақта шертпе күй десе – Тәттімбет, Тәттімбет десе – қырық буын Қосбасар қоса аталады. Арқада туып, Алаш даласына даңқы кеткен даңғайыр күйші Тәттімбет атындағы республикалық байқау биыл осымен VІІ мәрте қанат жайды Қарағандыда.

Күй – әуен ғана емес, күй – құдірет. Ұлы Даладағы мәртебелі өмірдің терең толғағы. Өлмес пен бітпестің (шексіздік) баяны. «Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйі қолды сілкіп-сілкіп соққанда, саусақ ұшына тепкен қан арқылы шертіледі» дейтін Таласбек Әсемқұлов. Сол Тәттекеңнің әр күйінің екі-үш нұсқасы болса, әрқайсының екі-үш түрлі аңыз-әңгімесі және бар. Сонысына қарай, табиғаты да өзгеше әр күйінің. Ел көлемінде өткеріліп отырған байқаудың көздегені де – көнеден жеткен қазақ шертпе күй өнерінің өзгеше табиғатын сақтай отыра шерткендерді іріктеп, халыққа таныстыру. Күй өнерін насихаттау ғана емес, ұлы сарынды ұрпаққа бүлдірмей жеткізетін орындаушыларды таңдап алу. Күй деген тілсіз құдіреттің өзіндей болғандықтан, жүгі ауыр киелі өнерге жауапкершілік те жоғары. Домбыра-тенор аталымы бойынша І кезеңде қатысушылардың әрқайсы төрт күйден орындады. Оның ішінде біреуі ғана қалауы бойынша. Қалған үшеуі талап етілді. Олар – Тәттімбет бабамыздың «Сарыжайлауы» (міндетті түрде Әбікен Хасенұлы нұсқасында болуы тиіс), Қыздарбектің «Өткінші қосбасары» (міндетті түрде Дәулетбек Сәдуақасов нұсқасында), Аққыздың «Қайран елім» күйі (Болат Тәкіш орындауында). Төртінші күй – Арқа, Қаратау, Жетісу, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектептерінен қалауы бойынша. Осыдан-ақ белгілі, мұнда талап – қатаң, жауапкершілік жоғары екендігі. Соған қарамастан, кей жағдайда дәстүрлі қара шертістен ауытқып, зуылдатып заманауи тартып өте шыққандарда болды және солардың кейбірі ІІ кезеңге де жетіп, өнер көрсетті. Біз қазылар құрамында профессор Біләл Ысқақ бастаған Дүйсен Орынбай, Полатхан Тәшімов және Ғазиз Ажбағамбетов пен Жеңіс Сәрсембеков сияқты белгілі-белгілі, дәулескер күйшілер отырғандықтан, олардың талғамына таласа алмасымыз анық. Дегенмен, сырт көз – сыншы. Көрермен ретінде тамашалап отырған домбырашылар тарапынан сын-пікір көп естідік байқау аяқталған соң. «Міндетті түрде Ә.Хасенұлы нұсқасында делінген соң, солай тартқандар ғана өтуі тиіс еді. Оған қарамай, М.Хамзин нұсқасында орындап шыққан бірен-саран орындаушы І кезеңнің іріктеуінен өтіп кетті» деген сыңайда. Бұл домбыра аталымымен қатар қылқобызшылар бәсекесі екінші жерде – №1 музыка мектебінде өтіп жатқандықтан, біз екі ортада жүгірумен болдық. Оның үстіне, осы домбыра-тенор аталымына 33 үміткер қатысқандықтан да, уақыт тығыз, қазыларға тықақтап бара берудің реті бола қоймады.

Домбыра-тенор аталымының ІІ кезеңінде де талап жоғарыдағыдай екен. онда Тәттімбеттің «Бес төресі» М.Хамзиннің нұсқасында міндеттелсе, «Қосбасарының V түрі» Жаппас Қаламбаевтың орындауында, Сембектің «Наз қосбасары» Д.Сәдуақасовтың нұсқасында міндеттеліпті. Қатысқан көп домбырашылар «Бес төреден» жаңылысып жатты біз көргенімізде.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұйымдастырған республикалық шертпе күй сайысы үш күн бойы бір уақытта үш орында өтті. Жоғарыда біз тоқталған домбыра аталымы «Шалқыма» концерт залында болса, мұнымен қатар, қылқобыз, үш ішекті прима-қобыз аталымдары №1, 2 музыка мектептерінде жүріп жатты. Домбырашылар сияқты қылқобыз ұстаған үміткерлер де республикамыздың түпкір-түпкірінен жиылыпты. Небары он-ақ қатысушы. «Республикалық ауқымдағы байқауға аздық етпей ме?» деген сұраққа қазылар «қазір бұл байқаумен қатар, халықаралық «Шабыт» фестивалі өтіп жатқандықтан, аз емес. Еліміздің әр түпкірінен қатысып отырғанына қуануымыз керек» дейді. Қылқобызға Ермұрат Үсен (Алматы) бастап, Ықылас Дүкенұлының ұрпағы Ақнар Шәріпбаева (Атырау), Байқара Сәдуақасов (Қарағанды), Ержігіт Оспанханов (Қарағанды), Қазақ Ұлттық өнер университетінен Алмат Сайжанов сынды қобызшылар қазылық етті.

Ықылас Дүкенұлының ұрпағы, атыраулық Ақнар Шәріпбаева «қылқобыз тартушылар Қарағанды, Жезқазған, Алматы, Оңтүстік, Солтүстік аймақтардан қатысып, өнер көрсетіп жатқаны қуантады. Қобыздың отаны – осы орталық, Сыр өңірі. Біздің Батыс аймақтарында көп тарамаған. Байқауға қатысушы жас өнерпаздардың келе салып, ансамбльдің сүйемелдеуімен орындап жатқаны қандай керемет! Тағы бір ескеретін мәселе, Ықылас Дүкенұлының «Қоңыр» күйі кейінде Қорқытқа телініп жүр. Бұл күй авторы Ықылас бабамыз екенін ол баста Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» кітабында тайға таңба басқандай жазып кеткен. «Қазақ музыка аспаптары» еңбегінде Болат Сарыбаев та солай деп көрсетеді. Бірақ, кейінгі күй орындаушылар Қорқыттың шығармасы деп тартып жүргені – ақылға сыймайды» дейді.

Талап қылқобызда да күшті. І кезеңде – үш күй міндетті, біреуі – қалауымен. ІІ кезеңде – үш күй, біреуі – қатысушы қалауынша. Мәселен, қылқобыздың ІІ кезеңінде қатысушылар Тәттімбеттің «Бес төресін» «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындады. Қазылар «талапкердің аяқ астынан аз ғана дайындала салып, ансамбльдің сүйемелдеуімен тартып шыққаны – үлкен жетістік. Тіпті, мүлт кетіп жатса да» – дейді.

Республикалық байқаудың қорытынды марапаттау кеші «Шалқыма» концерт залында өтті. Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы Ұлы Даланың түпкір-түпкірінен жиылған 33 домбырашының ішінен қара үзіп Қарағанды облыстық мамандандырылған музыка мектебінің 12 сынып оқушысы Аңсар Ысқақов байқаудың бас жүлдесі – бес жүз мың теңгені иеленді. Тәттімбет топырағының тумасы екен өзі. І орынды Қазақ Ұлттық өнер университеті колледжінің студенті Ерболат Сапуанов пен астаналық Бауыржан Жолдыбеков бөлісті. ІІ орын қарағандылық Азамат Елеусін мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері, алматылық Арман Жолмұхамбетов пен Ілияс Тұрсынбекке бұйырды. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясынан келген Толғанай Хасенова, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Мәди Сәулет, Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті, астаналық Әйгерім Нұрлан, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктен қатысқан Қайрат Омаров ІІІ орыннан көрінді. Домбыра аталымында бұдан бөлек, бірнеше дипломанттар мен жекелеген диплом иегерлері де болды.

Қылқобыз орындаушылар арасынан І орынды Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Өркен Дүйсен жеңіп алды. Алматылық Айғанша Ақыжан мен астаналық Люба Маханбетиярова ІІ орынды теңдей бөлісті. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Аяжан Жүнісова, Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Шолпан Шарапатова, Алматы қаласындағы Жұбанов атындағы музыка мектебінің оқушысы Мәриям Үсен ІІІ орынға шықты. Қалған барлық қатысушы дипломант атанды.

Прима-қобыздан Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Әсем Жолдыбекова мен Астанадағы мемлекеттік академиялық филормониядан келген Гүлдара Нариман І орын иегерлері танылды. Екі бірдей ІІ орын Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Индира Жандашова мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Гүлдана Берікқызының қанжығасында кетті. Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Ұлмекен Шодырова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Арайлым Кисярова, астаналық Зарина Абдрахманова ІІІ орынға лайық деп табылды. Бұл аталымда да дипломант болғандар жетерлік.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»