Кеңес ЖҰМАБЕКОВ: «Жақсы жандарға қарыздармын» |

0


Оқылды:
10

Бүгін – театр тарланы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес ЖҰМАБЕКОВТІҢ туған күні. Жетпістің желкенін көтеріп отыр. Былай қарасаңыз, екінің-бірі, пешенесіне қарттықтың бағы бұйырғанның бәрі келіп жатқан 70 жас. Тіпті, ауласынан ұзап шықпаған ауыл қариясы да бала-шаға, немере-шөберелерін жинап, мерейтойын дүркіретіп тойлап жатыр. Біздің Кеңес аға – олардың қатарынан емес. Ол – қазақ өнерінің көсегесін көгертіп, ұлт руханиятына орасан олжа салған сахна саңлағы. Елінің ардағы, Қарағандының қадірлісі. Ендеше, бүгінгі той – қазыналы Қарағандының, Арқа жұртының тойы!

Қазіргі актерлер бір күн театрдан, екі күн кинодан, үш күн эфирден бой көрсетіп, кім боларын, не тындырарын білмей жүргені жасырын емес. Ал, Кеңес Нарымбайұлы Алматы театр студиясын бітіріп келген күні Қарағандыдағы Сәкен театрының табалдырығын аттаған. Талантын бағалап, өнеріне тәнті болғандар ұсыныс, шақырту жасап бақты. Қасиетті қарашаңырағын, айналасындағы жақсы адамдарды, өрелі, тегеурінді ортаны қимаған Кеңес аға бәрінен бас тартты. Қарағандыны сүйді, Сәкен театрын кие тұтты.

 Кезінде Әзірбайжан Мәмбетов маңдайынан сипап, Нұрмұхан Жантөрин жақын тартқан, Әнуар Молдабеков арқасынан қаққан жас актер жарты ғасыр Сәкен театрында тер төгіп, тұғырлы тұлғаға айналды. Ақ Жайықта туып, Арқа өнерінің аймаңдайына айналған актердің өнегелі өмірі мен өрелі өнері, азаматтық келбеті мен боямасыз болмысы осы сұхбатқа жүк болмақ. Бірге оқып, абыройлы ағаның жан сырына бірге үңілейік, достар!

«АУЫЛЫМ — АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ АРНАСЫНДА»

– Кеңес аға, кемел жасыңыз құтты болсын! Ғибратты ғұмырының жарты ғасырға жуығын Ұлы Даланың алтын көмбесіндей болған Қарағандыда өткізген сахна саңлағының туған жері, балалық шағы туралы білгісі келеді оқырман қауым. Әлқисса…

– Туып-өскен жерім – Жайық өңірі. Қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы (бұрынғы Чапаев ауданы), «Майшұңқыр» ауылында кіндігім кесілген. Біздің ауыл қазақтың ең бір шұрайлы өңірінің бірі еді. Ол кезде Жайық жайылып тасиды. Көктем мезгілінде арнасы 1,5-2 шақырымға дейін жайылып, жаз ортасы ауғанша құрғамайды. Біз сол жайылма судың өзінен балық аулап, олжамызға мәре-сәре болатынбыз. 4-5 келілік сазандарды балық демейтінбіз. Ең кемі 15 келілік балық аулағанша тыным таппаушы едік.

Кейін әкем қызмет бабымен – байланыс бөлімшесінің басшысы әрі партия ұйымының хатшысы болып Шалқар ауылына қоныс аудардық та, жетіжылдық мектепті сол Шалқарда бітірдім. Бұл Шалқар – қазақ әдебиетіне «Ақ Жайық» сынды жауһар дүние берген Хамза Есенжановтың ауылы. Атына заты сай, Шалқар десе – Шалқар. Айдын көл. Көл болғанда да – үлкен көл. Сонау XVIII ғасырдың басында орыс саяхатшылары Шалқар көлі туралы «құмдағы теңіз» деген жазба қалдырған екен. Ауыл бірыңғай балық шаруашылығына маманданған. Жер жәннаты деуге тұрарлық осындай мекенде өстім.

Сол мен шомылып, біздер балық аулаған Жайық та қазір жайылмай, өз арнасын әрең толтырып ағып жатыр. Біз де өз арнамызды толтыра алмай, пенде-ғұмырдың қамын күйттеп жүрміз.

– Кешіріңіз, біз болсақ Сізді театр өнерінің биік шыңын бағындырған талант иесі, ұлт өнерінің ұпайын түгендеп жүрген сахна саңлағы деп бағалаймыз. Ал, Сіз «өз арнамызды толтыра алмай» деген өкінішті өзек еткен пікір айтасыз. Өз-өзіңізге көңіліңіз толмай жүр ме?

– Өнердегі жетістіктерімді, шыққан биік, бағындырған асуларымды қанағат етемін, әрине. Осы өнердің арқасында талай ұлылармен дәмдес болып, жайсаңдармен жақын жүрдік. Мәмбетовтің батасын, Жантөриннің бағасын алдым. Қарағандыда да небір жайсаң азаматтармен сыйым жарасып, пікіріміз, мақсатымыз бір арнаға тоғысты. Әйгілі Ебіней аға Бөкетовпен шығармашылық байланыста болып, Жайық аға Бектұровтың парасатын пана тұттым. Мұның барлығы – тағдырымның сыйы. Жас ұлғайғаннан кейін бе, соңғы уақытта сол ұлылар мен жайсаңдардың артқан үміті мен сенімін ақтадым ба, ақтай алмадым ба деген ой мазалайды.

Сәтті шыққан рөлдерім көп, әрине. Бірақ, арманыма айналған, соны ойнасам ғой деген бейнелер де жоқ емес. Оның үстіне, туған жерден шалғай жүрген азаматтың көкірегін кернеген сағыныштан ауыр дүние жоқ. Ауылды, туған жерімді саналы түрде сағынамын.

 Сонымен қатар, сталиндік репрессия зардабын тартпаған қазақ шаңырағы жоқ. Біздің ауылдан да әйгілі қазақ қаламгері Хамза Есенжановтан бастап, қаншама азамат «ұлтшыл» деген жаланың жетегінде тауқымет тартты. Біздің бала күнімізде сол жазықсыз жапа шеккендер туралы үлкендердің сыбырлап айтып отырғанын құлағымыз шалып қалатын-ды. Бірақ, сол тағдырлардың дені зерттеусіз, зерделеусіз жатыр. Не әдебиетке келмеді, не театр сахнасына шықпа ды. Өзім жазғым келеді. Бірақ, көзкөрген сол талайлы тағдырлар туралы білетін көнекөздердің қатары сиреді. Сиреді емес-ау, жоққа тән. Бір өкінішім – осы. Әлгі, өз арнамды толтыра алмай жүрмін деген пікірім де – сол сағыныш пен осы өкініштің ұшқыны болар…

– Түсінікті. Өнерге келуіңізге әлдекімнің немесе әлдебір оқиғаның ықпалы болды ма? Жалпы, өнерге қалай келдіңіз?

– Мектепте оқып жүгенімде жаратылыстану бағытындағы пәндерге сонша жүйрік болмасам да, әдебиетке барынша ынтық болдым. 60-шы жылдардың басында әлдебір себептермен қазақ қаламгерлерінің кітаптары сатылымға көп шығып, арзан бағамен сатыла бастады. Қала барған бір сапарын да әкем марқұм маған бір дорба кітап әкеліп берді. Кілең қазақ әдебиеті классиктерінің туындылары. Соларды жастанып жатып оқитын болдым. Суға шомылу, балық аулаудың қызығын оқуға айырбастадым. Қызықтың көкесі кітапта екен. Оның үстіне біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі сүреңсіз уақытқа дәл келді де, ауылда жары майданнан оралмаған жесірлер көп болды. Бетіне қарап отырған жалғыздар бар. Олардың өзі әскер қатарына аттанып жатты да, әлгі апаларымыз үйлерінде жалғыз қалды. Әкемнің нұсқауымен мен апалардың үйіне кезек қонып, серік болып жүрдім. Сонда әлгі апаларымыз түнімен ән айтады. Маған қисса-дастандар оқытады. Мені баласынбай шер тарқатады. Бір күледі, бір жылайды. Мен есейе бастадым. Өмірдің өзі театр екенін, адамның бәрі өз рөлдерін сомдап жүрген әртіс екенін түйсіне бастадым. Тағдырдың сынына налып, сыйына шаттанудағы шынайылықты мен осы апаларымнан көрдім. Осылайша менің бойымда актер боламын деген арман қанат қақты. Ақ Жайықтан – Алматыға сапар шеккен арманымның жолында Алланың қалауымен, тағдырдың тәлкегімен қасірет шеккен апаларымның көз жасы бар, бауырым.

«СӘКЕН – СҰҢҚАР, ҚАСЫМ – ТҰЛПАР»

– Ана бір жылы елге барып келген бір сапарыңыздан жазған жолжазбаңызды «Сәкен мектебінен – Сейфуллин театрына» деп айдарлап едіңіз. Мәнісіне кеңірек тоқтала кетсеңіз…

– Шалқарда жетіжылдық мектеп бітірдім деп айттым ғой. Содан кейін мен Орал қаласында Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ мектеп-пансионатында оқыдым. Бұл мектепті 1923 жылы Сәкен Сейфуллин ашқан екен. Ол кезде Сәкен атамыз Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы. Оралға келген бір сапарында қалада қазақ мектебі жоқ екенін біліп, мектеп ашуға шұғыл тапсырма береді. «Қалада қазақтар аз, мектептің қажеттілігі өзекті емес» деген сыңайдағы жергілікті биліктің немқұрайдылығына: «Неге қажет емес? Бұл Орал – қазақ елінің ғана емес, тұтас Азияның қақпасы. Сондықтан, бұл қалада қазақ балалары оқитын мектеп болуы керек» деп жауап берген екен. Сөйтіп, өзі бақылауға алып, қаржы бөліп, сол мен оқыған мектепті ашады. Пансионатқа 1964 жылы ақынның 70 жылдығына орай Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді. Ал, мен Оралдағы Сәкен мектебін бітіріп, жарты ғасыр бойы Қарағандыдағы Сәкен театрының сахнасында өнер көрсетіп келемін.

– Оралда қазақ жырының дауылпазы Қасым Аманжоловтың да ізі қалған. Ел жаққа жиі барып тұрасыз, дауылпаздың ізі көмескіленіп қалған жоқ па?

– Жоқ. Орал Қасым ақынды пір тұтады. Қасым Аманжолов майданға дейін де, майданнан оралған соң да Оралда біршама жыл аялдағанын білесіздер. Орал педагогикалық институтына құжат тапсырып, оқуға түскелі тұрғанда жолы болмаған екен. Неге? Институттың оркестрінде көркемдік жетекші болып жұмыс істеп жүрсе керек, бір үлкен мерекеге концерт дайындау Қаскеңе жүктеледі. Бірақ, сценарий обкомда бекітілетін заман. Обкомның үшінші хатшысы орыс ұлтының өкілі екен. Қасым жасаған сценарийді өзгертіп, қазақ әндері мен күйлерін қысқартып тастайды да: «Қазақша бір ән, екі күй орындасаңдар жетеді» деп нұсқау береді. Алайда, ұлтын шексіз сүйіп тұрған ақын жүрегі мұны құп көрмейді де, концерт барысында обком бекіткен сценарийден ауытқып, оркестрге қосымша екі күй орындатып жібереді. Құрманғазының екі күйін бірінен кейін бірін құйқылжытып, биліктің нұсқауын орындамағаны үшін ақынның жолы кесілген. Содан Қасым аға Оралдан Алматыға көшіп кетеді.

Қазір бір үлкен жұмыс бастадым. «Қасымның Ақ Жайықта ізі қалған» деген тақырыппен үлкен еңбек жазып жатырмын. Алла қаласа, оқисыздар. Бұл еңбектің сахналық нұсқасын да дайындау ойымда жүр. Жалпы, біз сөз етіп отырған Сәкен – қазақтың сұңқары болса, Қасым – қазақ жырының тұлпары. Екеуі де – мәңгілік есім. Олар туралы жаза беру керек, жаза беру керек.

– Рахмет! Театрға келейік. Сәкен театры үшін актер Жұмабеков мықты ма, директор Жұмабеков мықты ма?

– Мен – Сәкен Жүнісовтің «Өлара» пьесасындағы Ленин рөлі үшін облыс театрлары арасында Мемлекеттік сыйлықты алған тұңғыш актермін. Сондықтан, актер Жұмабековтің бір бәсі жоғары шығар деп ойлаймын. Сәкен театрына мен екі рет директор болдым. Алғашында – 4 жыл, кейін 8 жыл басқардым. Сол Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған уақытта мен директор едім. Алматыға арыз түсіпті. «Директор өзін ұсындырды. Басқа актерлерді немесе тұтас театр ұжымын ұсынуға болар еді» деген мазмұнда. Марқұм Әшірбек Сығаев Мәдениет министрінің орынбасары еді. Телефон шалып: «Кеңес, шұғыл өтініш жаз да, директорлықты тапсыр. Арыз түсті. Ертең кедергі болады» деді. Мен солай жасадым да, директордың кабинетінен шығып, сахнаға келдім.

– Әкімшілік лауазым шығармашылық қуатыңызды тежеген жоқ па?

– Тежегенде қандай. Жас актер болып қабылданған театрым ғой. Екінші үйіме айналып кеткендіктен, жаным ашыды. Сол үшін ғана директорлықтан бас тарта алмадым. Сол креслода өткен 12 жылымды қайтып берсе, мен ғұмыр бойы армандап өткен рөлдерімді сомдап, Сәкен театрының абыройын асырған болар едім.

– Кезінде Сізге абырой әперген «күн көсем» бейнесін қай қырынан сомдауға тырыстыңыз? Қолайыңызға жақты ма?

– Мен Ленин рөліне бекітілген соң белгілі қаламгер Жайық Бектұровпен көп кеңестім. Ол кісі Лениннің барынша қатал бейнесіне жақындай түсуің керек. Оның диктаторлық қырын аша түссең, бүгінгі талап үдесінен де шығасың, ертеңгі тарих алдында да ұялмайсың деген кеңес берді. Мен солай істедім. Бұл «маневріміз» автор Сәкен Жүнісовке де ұнады.

«МЕНІҢ АКТЕР РЕТІНДЕ ДЕ, АЗАМАТ РЕТІНДЕ ДЕ ОРТА ТӘРБИЕЛЕДІ»

– Алматы театр студиясын бітіріп келген балаң актерді Қарағанды қалай қабылдады? Жатырқаған жоқ па?

– Жасыратыны жоқ, басында Қарағанды ұнаған жоқ. Қабағы түксиген, сұп-сұр қала. Орыстанып кеткен. Бірақ, ұстаздарым Әзірбайжан Мәмбетов, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков менің Қарағандыға келуімді құп көрді. Ол кезде Оралда орыс театры ғана бар. Қазақ театрын ашу үшін тағы бір Сәкен туу керек. Елге жақын ғой деп, Атырауға барғым келген, руханияттың ордасы ғой деп, Алматыда қалғым келген. Нұрмұхан аға айтты: «Алматыда қалсаң, көптің бірі боласың. Атырауға барсаң, ондағы актерлер тұрмақ, театрдың өзі әлі таныла қойған жоқ. Көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі ретінде ғана ауыл-ауылды аралап жүресің. Қазақстанда қалыптасқан облыстық театр Қарағандыда ғана бар. Соған баруың керек. Әрі қарай көрерміз. Әнуар ағаң сол театрдан келді. Аманжол Сәлімбаев деген ағаң режиссер. Соған тапсырамын. Үйіне жатқызады. Қамқор болады. Қарағандыны қолай көрмесең, Семейдің театрына бар. Осы екеуінде ғана әзірше шығармашылық тұрғыдан шыңдалу мүмкіндігі бар» деп. Содан менің таңдауым Қарағандыға түсті.

Түсі суық, райы салқын болғанымен, Қарағандының іші жылы екен. Іші деп отырғаным – руханият төңірегінде жүрген азаматтар. Әріптестерім де кілең мықтылар болды. Режиссерім Жақып Омаров, академик Ебіней Бөкетов, жазушы Жайық Бектұров, мәдениет саласының майталманы Рымбала Омарбекова сынды жақсылардың шарапаты шабытымды еселеп, қуатымды молайтты. Осы аты аталған азаматтардың қай-қайсысының тек маған ғана емес, ұлтқа, өнерге деген ықыласын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы Қарағандыда бар-жоғы 20 өнер адамының тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Әрине, марқұм болғандарының. Солардың 14-і – театр әртістері. Осының барлығы ұзақ жыл аймақ мәдениетінің тізгінін ұстаған Рымбала апайымыздың қайраткерлігі арқылы мүмкін болғанын атап өтуім керек. Жалпы, мен – Қарағандыға, оның ішінде осында жақсы жандарға мәңгілік қарыздармын. Есімі аталған аға-апаларымның ғана емес, қаймана қазақтың жақсылығын көрген адаммын. Әкем қайтыс болып, елге шұғыл сапарға шықтым. Қыс мезгілі еді. Оралға тікелей ұшатын ұшақ жоқ. Қостанай әуежайында бөгелдік. Ауа райына байланысты. Күн – боран. Ауылға телеграмма сала беремін. «Келе жатырмын, тосыңдар» деп. Екі күн әуежайға қондық. Үйдегі ұлдың үлкенімін. Тағы бір бауырым менің жанымда студент еді. Екеуміз жолдамыз. Біздің елде әке өлсе, ұлдың үлкені келмей қабірі де қазылмайды. Үшінші күні күн ашылды. Бірақ, тікелей Оралға ұшатын ұшаққа билет жоқ. Сонда маған Семейдің ақсақалы (танымаймын да) өзінің билетін беріп, мені алғашқы рейстен қалдырмай ұшырып жіберді. Өзінің отбасы менімен ұшты да, өзі менің інім екеуі келесі рейсті күтіп, әуежайда қалды. Міне, жақсының шарапаты!

Сәкен театрында жаңағы айтқан Жақып Омаров, Жәмила Шашкина, Мұздыбек Әбдікәрімов, марқұм досым Рамазан Баймағанбетов, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаева сынды театр майталмандарымен бірге қызмет ету бақыты бұйырды.

– Елу жылда ойнаған рөлдеріңіздің ішінде жаныңызға жақыны қайсысы?

 – Режиссердің талғамы бойыңдағы дарыныңды бағалап, сол рөлге ұқсастығыңды аңғарып тұрған соң, бас тарту мүмкін емес. Мейлі ұнамды кейіпкер, мейлі ұнамсыз кейіпкер болсын, ойнауың – шарт. Сенің мақсатың – сол рөлді шынайы сомдау. Сондықтан, мен барлық рөлді көп ізденіспен, зор дайындықпен ойнауға тырыстым. Десек те, әрбір актер үшін үлкен сахнада алғаш ойнаған рөлінен ыстық рөл болмайды. Мен үшін Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен ажал» қойылымындағы Олжатайдың бейнесі қымбат. Сондай-ақ, Лениннің рөлін де барынша сәтті алып шықтым деп ойлаймын. Сол «Өліара» қойылымынан кейін академик Ебіней Бөкетовтің: «Мен Кеңестің Ленинін көріп, Ленин қазақ па деп қалдым. Мен Ленинді ойнағандарды Мәскеудің, Ленинградтың, Харьковтің театрларынан көрдім. Дәл Кеңестің Лениніндей Ленин кездестірмеппін» дегені әлі есімде. Ғабеңнің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Жантық, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Жапал, осы Мұхаңның «Қарагөзінде» Нарша рөлдерін сомдауым біраз театртанушылардың оң назарына іліксе керек, Ленин бейнесін сомдауға актер таңдау кезінде менің кандидатурам бірден мақұлданыпты.

– Драматург ретінде де қаламыңыздан туындаған «Замана, неткен тар едің», «Қазыбек би», «Ата парызы», «Көмекей әулие» атты қойылымдарыңыз өте сәтті шыққанын, көрермен жылы қабылдағанын білеміз. Алдағы жоспарларыңыз…

 – Алла қаласа, Сәкен мен Әлихан туралы пьеса жазуды ойлап жүрмін. Осы екі тұлға төңірегінде даулы пікір көп айтылып жүр. Бір-біріне қарсы қоюға ықтияр тарихшылар қатары көбейіп кетті. Екеуі де – қазақтың мүддесін ойлаған ұлы тұлға. Екеуін идеология бөліп жіберді. Екеуі де қазақты ұшпаққа шығаруды көздеді. Алайда, екеуі екі жолды таңдады. Осы екі көсемнің ашық диалогы арқылы, «екі қошқардың басын бір қазанға сыйғызсам ба» деген ойда жүрмін.

– Ұлы адамдар туралы жиі айтасыз. Жазып та жүріз. Ұлылықтың өлшемі не?

– Ұлылықтың өлшемі – қарапайымдылық. Бір ғана мысал келтірейін. Менің тағдырыма, өнердегі жолыма ерекше ықпалы болған адамның бірі Ебіней Арыстанұлы дедім ғой. Мені ҚарМУ-дың филология факультетіне оқуға түсуіме ықпал етті. Әрбір қойылым сайын, пікірлесіп, менің шығармашылық тұрғыдан өсуіме септігін тигізді. Бірде сессия уақытында ҚарМУ-дың бас ғимаратына қарай асығып бара жатқанмын. Ректордың «Волгасы» жаныма тоқтай қалды да, артқы есігінен еңсегей бойлы Ебіней аға түсті. «Өнер адамына сәлем берейік деп тоқтап жатырмыз. Ертең сөзге қалып жүрерміз» деп менімен жылы ұшырай амандасты. Неткен қарапайымдылық! Міне, қазір тұлға болғысы келіп жүргендер осы Ебіней ағаның қарапайым қалпынан өнеге алса деймін.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Мерейтойыңыз құтты болсын!

 Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.