Кемел келешек кепілі | | Ortalyq.kz

0


Оқылды:
2

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы әрісі кешегі сақтар, ғұндар мен тұтас түркілер, сәл бертіндегі Шыңғыс хан империясы, Алтын Орда, кейінгі тарих аясында бүгінгі қазақтың жүріп өткен жолын ғылыми нақты зердеден өткізу арқылы халқымыздың әлем халықтары арасында алатын орнын, өзіндік мәртебесін саралауға арналған. Екінші жағынан алсақ, Елбасының өткен жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы деуге тұрарлық.

Еңбек авторы біздің жыл санау дәуірімізге дейінгі кезеңнен бертінге дейінгі мерзім арасындағы жүріп өткен жолымызға қазіргі XXI ғасыр биігінен ден қояды да, Уақыт пен Кеңістік сияқты тарихи – философиялық ұғымдарға пайымдау жүргізеді. Ал, бұл жайт өз кезегінде қазіргі беймезгіл, келеңсіздігі басым уақыт аясында нақты, кезек күттірмес істерді жүзеге асыруымыздың қажеттілігіне алғышарттар жасаған.

«Атқа міну мәдениеті», «Ұлы Даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» тараушалары «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінің негізгі идеялық жүгін көтеріп тұрса, «Архив — 2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» тараушалары «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінің ауқымына енген және атқарылуға тиісті нақты істердің бағдарлық тұжырымы деп атаған абзал.

Асылы, бір жайт анық: ол – қандай халықтың тарихы болса да, жалпы адамзат тарихының бір бөлшегі екендігі. Ғылыми, тарихи сараптама барысында бір халықтың жүріп өткен жолын жалпы адамзат тарихымен салыстыра зерттеудің бұлжымас қағида екендігі де рас. Осы жайт Елбасы мақаласында ұтымды түрде берілген. Сонау көне дәуірден бастап қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттар, олардың адамзат ғұмыр кешіп жатқан кеңістікте сол адамдардың іс-әрекеті, пиғылы, ниеті арқылы алуан түрлі оқиға, құбылыстарды туғызуы, тарих көшінде әр халық, этностың өзіне тән орнын иеленуі, сөйтіп, пешене атты шетсіз, шексіз абстрактылы ұғымға мойынсұнуы – бәрі де терең философиялық пайымдауларға арқау болған. Сөйтіп, Адам – Уақыт – Қоғам үштағанының мейлінше, айқын, әрі бүгінгі күн тұрғысынан ашылуына тиімді алғышарттар жасаған.

Ақиқатын айтайық, біз – әлемге әйгілі Еділ (Атилла) бастаған ғұндар, атақты сақтар, дүние жүзіне мәлім Түркі қағанаты, Алтын Орданың қара шаңырағына ие болып отырған жұртпыз. Кешегі түркі, бүгінгі қазақ рухы биік, таным көкжиегі кең этнос болса да, XVIII ғасыр соңындағы патшалық Ресей боданы болуы, XX ғасырда сол империяның заңды мұрагері болған кеңестік тоталитаризмнің кесірінен өз тарихымызды өзіміз жазып, ұлыларымыз бен ірілеріміздің еңбектерін, өздерін насихаттауға қол жеткізе алмаған халықпыз. Адамзат тарихында жалпы адамзаттық құндылықтар қатарынан ойып тұрып орын алуға тиіс асыл жауһарларымыз, өркениет пен мәдениеттің қайталанбас дүниелерін, сондай-ақ, тарихта барша ел таңдай қағатын гуманистік идеялар, ізгілік сарындары күні кешеге дейін өзге ел тұлғаларына телініп келгендіктен, олар әу басында Шығыста туған, біз сол Шығыс елінің біріміз деп айта алмай келдік. Қандай алып, тегеурінді де қуатты мемлекеттер құрамына кірген ел болсақ та, қан төгуден аулақ болған халықпыз. Қазіргі озық технологияның кезінде металлургияның ата-бабаларымыз пайдаланған әдіс-тәсілдерден бастау алуы көп нәрсені аңғартса керек.

Терең зерделеген жан бір жайтқа анық көз жеткізе алады. Асылы, қазақ халқының перзенттері өз тарихында материалдық игіліктер өндіруді тек күнкөріс көзі деп қана қарамай, бәрінен бұрын, өнер деп қараған. Саятшылық (аңшылық) өнер, етікшілік өнер болып келуі осы ойымызға дәлел бола алады. Бұл – мәселенің бір жағы, ал, екінші жағына үңілсек, меймандостық, мәрттік, жомарттық, ұлан-ғайыр қазақ сахарасында қайыршы, тіленшінің болмауы – бәрі де материалдық дүниенің қоғам, қауымдастық мүшелері арасында әділ, үйлесімді бөлініске түскенін көрсетеді. Мына жарық дүниеге «опасыз жалған» деп ат қойған қазақ азды-көпті мал-мүкамалын өз ағайыны, исі адам баласы үшін еш тарылмай жұмсағаны да артында жақсы аты, ізі қалсыншы деген ниеттен туындағаны тарихта әлдеқашан дәлелденген. Осылайша қалыптасқан дүниетаным түркі нәсілдес халықтың, оның ішінде қазақтың игі қасиет, сипаттарын ғасырлардан ғасырларға, ұрпақтан ұрпаққа аманат күйінде жеткізіп кетті.

Елбасы еңбегінде айырықша айтылған мәселе – жер бетінде ғұмыр кешіп жатқан түрлі халық, этностардың бір-бірімен рухани байланысының ешқандай шекара, кедергіні білмейтіндігі. Біз тәуелсіздік кезеңіне дейін ұлттық мәдениетіміз бен зияткерлігіміздің биік болуына ықпал етті деп өзге елдер руханиятын атап келдік. Ал, өзіміз дәріптеп отырған ұлттық менталитетіміздің өзге елдер руханиятына қаншалықты ықпалы болды, тіпті, ең өркениетті, мәдениетті деген алдыңғы қатарлы елдердің өркендеуінде біздің бабаларымыздың да зор үлесі барын түбегейлі зерделеп, айтатын уақыт келді.

Қазақ жерді «ана» деп атаған, табиғатты бағындырам деп емес, керісінше, сол табиғатпен ынтымақтаса білген халық. Соның нәтижесінде табиғат – қоғам – адам бірлігі ата-бабаларымыз болмысына тектілік, бекзаттық, еңкейгенге еңкейетін, шалқайғанға шалқаятын өрлік, биік рух пен мәрттік сыйлады.

Ата-бабалар дәуірі, олар жасаған ғаламат жаңалықтар өткен тарихтың еншісінде. Алайда, өміршең дәстүр, қалыптасқан бекзат менталитет ғасырларды көктей өтіп, талай қиындықты бастан кешіре келе, біздің уақытымызға жетті. Мәңгілік дәстүр. Мәңгілік мұра. Ол жаңғыруды, нақты іс-әрекет арқылы әлемге паш етілуді қалайды екен. Ендігі мақсат – сол міндеттер биігінен көріну.

Елбасы Н.Назарбаев мақаласының түйіні мен тұжырымы, тағылымы мен тәлімі, алдағы нақты іс-әрекетті көрсеткен бағдарламалық сипаты да осы айтылғандардан көрініс береді.

С.ЖЕТЕСОВ,

 Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарынын докторы.

Қ.ХАМЗИНА,

 Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.