«Кейкі Мерген» тарихи драмасы Тәуелсіздік күні қарсаңында ұлттық арнадан көрсетіледі

0

«Кейкі Мерген» тарихи драмасы Тәуелсіздік күні қарсаңында ұлттық арнадан көрсетіледі

16 желтоқсанда Ұлттық арнадан «Keıki Mergen» («Кейкі Мерген») тарихи драмасының тұсауы кесіледі, деп жазады Tarlan.kz порталы.

Қазақ халқының бір ғасыр бұрынғы тағдыры мен сол кезеңдегі оқиғаларды суреттейтін 16 бөлімді туынды «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсірілген. «Кейкі мерген» телехикаясы бойынша Кейкі батырдың өмір сүрген ортасы туралы зерттеулер жасап жүрген Шөптібай Байділдин мен тарихшы Берік Әбдіғали телехикаяға кеңесшілік жасады.

Туындының режиссері Мұрат Бидосов (бұған дейін «Тар заман» тарихи сериалын түсірген). Басты кейіпкер Кейкі мергеннің рөлін театр және кино актері Дархан Сүлейменов сомдайды. Саундтректің композиторы әрі орындаушысы Ұшқын Жамалбек, сөзін жазған Сержан Зәкерұлы.

Кеңес үкіметі кезінде есімін атауға тыйым салынған батыр туралы телетуындыны «Projects House» компаниясы дайындады. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ауласындағы Этно кешенде және Көне Отырар қаласында түсірілім жұмыстары жасалды.

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) – 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел ауызында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған.

Кейкі батырдың әдебиеттегі бейнесі Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленеді. Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Кейкінің қарасөзде жасалған көркем бейнесі Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы еді. Алайда кеңес заманында шыққан онда да аты анық айтылмаған.

Кейкі бейнесі өз атымен анық айтылып, қанық бояу дерегімен түгелденіп шыққан шығарма Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны (Алматы, «Білім», 2001). Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.

Кейкі батырдың басы 2016 жылы қыркүйектің 6-сы күні Санкт-Петербургтен Астанаға жеткізілген болатын. Арада бір жыл өткенде, Алматыдағы және Венгриядағы зерттеу-сараптау жұмыстарынан кейін 2017 жылы 15 қыркүйекте  Қостанай облысы, Амангелді ауданында қазақ тарихында аңызға бергісіз батырлық іс, өшпес із қалдырған әйгілі батыр Кейкі Көкембайұлының кесенесі бой көтеріп, сүйегін жерлеген болатын. Сүйекті жер қойнына тапсыру рəсіміне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіқалықова, Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Барани Андраш, ҚР Парламенті депутаты Қуаныш Сұлтанов, жазушы Сəбит Досанов, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев және өзге де ақын-жазушы, зиялы қауым өкілдері қатысқан еді.