Іс тетігі — ілкімді әрекеттер |

0


Оқылды:
314

Сейсенбі күні облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізіліп, оның күн тәртібіне маңызды мәселелер енгізілді. Аталған кеңестің төрағасы, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВ тізгінін ұстаған жиында қарастырылған сауалдарға қатысты орнықты ой-пікірлер ортаға салынып, олар түбегейлі талқыланды және әр мәселе бойынша тиісті ұсыныстар тізімі белгіленді.

Кеңес мүшелері алғашқы кезекте Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қызмет көрсетушілер тарапынан белгіленген тарифтер көлемін төмендетуге қатысты атқарылған шаралар мен олардың тиімді нәтижелері, сондай-ақ, қолға алынуы жоспарланған жұмыстар ауқымы хақындағы хабарламасына құлақ түрді. Департамент басшысының нақты деректерге толы сараптамалық сипаттағы әңгімесінен кейін кеңес мүшелері хабарлама жасаушыға өздерін толғандыратын біршама сауалдарды қойып, ұсыныс-пікірлерін бүкпесіз білдірді. Олар әсіресе, электр қуатын тұтынғаны үшін төлемақы төлеу тарифтерін шегеруге қатысты айтарлықтай зор қызығушылықтары бар екендігін айғақтады. Ортаға түскен ой-пікірлердің басым дені осы мәселе төңірегінде өрбіді. Мәселен, кеңес мүшесі Серік Төрегелдин аталған бағыттағы кешенді жұмыстарды ұтымды ұйымдастырудың жолдары туралы дәйекті сөз қозғады. Пікір білдірушілердің нақты ұсыныстарын жүйелеп, аталған мәселе бойынша тұжырым жасаған Ерқара Балқараұлы Елбасы тапсырмасынан бастау алатын көкейкесті жайттың түйіні түбегейлі тарқатылғанша назарда болуы қажеттілігін қадап айтты.

 ***

 Күн тәртібіндегі келесі мәселе де өзінің өміршеңдігімен ерекшеленеді. Бұл тақырып – Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында қозғау салынған жастар саясатына қатысты маңызды жайт. Жалпы облыс аумағындағы жастардың тыныс-тірлігі мен биылғы жылы жүзеге асырылған жұмыстар және атқарылуы алдағы жылға жоспарланған ауқымды міндеттер жайлы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбай егжей-тегжейлі әңгімеледі.

Әрине, жастар – еліміздің ертеңі, аға буынның игі істерін әрі қарай жалғайтын қоғамның қозғаушы күші. Данагөй бабаларымыз «Егер, алдағы бір жылды ойласаң – астық өсір, жүз жылды ойласаң – ағаш отырғыз, ал мәңгілікті ойласаң – адам тәрбиеле» деп бекерден бекер айтпаған. Қандай да болсын елдің, әр мемлекеттің бағдарлы болашағы жастармен тікелей байланысты. Бұл – бұлтартпас ақиқат.

Еліміз егемендігін жариялағаннан бастап жастар саясатын сапалы жүзеге асыру және осы саланы дамыту, жас азаматтарға үнемі қолдау көрсету мемлекет саясатының басым бағыттарының біріне айналды. Тағылымды ұстаным аясындағы мақсатты әрекеттер біздің облыста да уақыт санап пәрменді бола түсуде. Соған орай, 2012 жылдың 3 тамызында облыс әкімдігінің қаулысымен Қарағанды облысы жастар саясаты мәселері жөніндегі басқармасы құрылып, қарымды қызмет жасауда.

Жастар саясаты саласындағы жұмысты бір ізге түсіріп, мемлекеттік органдардың нақты құзыреттілігін айқындау мақсатында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданды.

Облыста жетім және ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды әлеуметтік қолдауды жетілдіру бойынша кешенді жоспарлар орнықты орындалуда. «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Серпін» жобалары табысты жүзеге асырылып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жастар саласына бөлінетін қаржы 3,5 млн. теңгені құраса, қазіргі таңда осы салаға 500 миллион теңге қаражат бөлінеді. Жыл сайын 20 мыңға жуық жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жастарға арналған қоғамдық шаралар және әлеуметтік маңызды жобалар саны артып келеді.

Өңірімізде 300-ден астам мәденисауық орталықтары, 115 аула клубтары, 2,8 мыңнан астам спорттық кешендер жұмыс істейді. Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар, әлеуметтік тұрғын үйлер бой көтеруде. 2019 жылы Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында 1400 орындық студенттер жатақханасының құрылысын салу жоспарланып отыр.

Әкімдіктер жанында жас азаматтардың өзекті мәселелерін талқылап, олардың шешу жолдарын қарастыратын Жастар ісі жөніндегі Кеңестер құрылған.

Әрине, осы жетістіктердің барлығы Ұлт Көшбасшысы жүргізіп отырған тиімді саясаттың нәтижесі екендігі күмәнсіз. Мемлекет басшысы әрбір саяси құжатта жас буынға үнемі көңіл бөліп, үлкен міндеттер қояды. Оның тағы бір айқын көрінісі, Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында келер 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Осынау атаулы жылда өнегелі істерді өрісті етіп, нақты нәтижелерге қапысыз қол жеткізу мақсатында қазіргі таңда басқарма тарапынан кешенді жоспар құру шаралары белсенді жүргізілуде.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі күні облыс аумағында 291 436 азамат тірлік кешуде. Бұл – жалпы облыс тұрғындарының 21,1 пайызы. Оның ішінде, қалада тұратын жастардың үлес салмағы 78,3 пайызды (222 122 адам) құраса, ауылда тұратындардың үлесі – 21,7 пайыз (69 314 адам).

Жастар саясатын тиімді жүргізуге мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі жыл санап ұлғайып келеді. Облыс бойынша жастар бастамаларын қолдау мақсатында 19 жастар ресурстық орталығы жұмыс атқару үстінде. Тіркеуден өткен мемлекеттік емес жастар ұйымдарының саны – 86. Жоғары оқу орындары мен колледждерде, салалық кәсіпорындарда 60-тан аса жастар ісі жөніндегі комитеттер жүйелі қызмет етіп келеді. 1500 жас азаматты қамтитын 70 еріктілер тобы іс үстінде. «Еріктілер корпусы» құрылған.

Мирас Жанатбекұлы осы және өзге де жайттарды жария ете келіп, «Жастар жылы» аясында қолға алынар жұмыстар жөнінде кең тұрғыда баяндады. Кеңес мүшелері тарапынан туындаған сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды.

***

 Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – Орал қаласында өткен «Қоғамдық кеңестер: проблемалар және іс-қимылдардың келешегі» атты республикалық конференцияның қортындылары туралы облыстық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Любовь Қуанышбекова хабарлама жасады. Хабарламашы өз сөзінде аталған конференцияның мәні мен маңызына сипаттама беріп, келелі кеңес барысында көтерілген сауалдардың тиімділігіне және олардан күтілетін нақты нәтиженің болмысбітіміне толыққанды тоқталды. Кеңес мүшелерінің назарына конференцияда қабылданған шешімдер мен жасалынған тұжырымдар туралы мәліметтерді ұсынды.

***

 Жиын түйінінде қарастырылған мәселелер бойынша арнайы ұсыныстар әзірленіп, бекітілді.

Қоғамдық кеңес отырысын қорытындылаған Ерқара Аймағамбетов қоғам үшін маңызы зор, елеусіз қалдыруға болмайтын жайттарды күн тәртібіне енгізу үрдісі тұрақты назарда болатынын тілге тиек етіп, әріптестерінің қызметіне сәттілік тіледі.