Ирина Хакамада: Бақытты отбасы құпиясы

0

Мен жартылай еуропалық, жартылай шығыс адамымын. Шығыстың адамдары су жиегінде отырып, өзімен өзі гармонияға келіп, кармасын күтіп отырады, ал еуропалықтар бір-бірін жаншып, жоғарыға қарай өрмелейді. Менде осы қасиеттердің барлығы да бар. Бірде мен Далай Ламамен кездескенде ол маған бір ақыл айтты: «Әр адам тек бір өмір сүреді. Бірақ осы өміріңді қайта-қайта есіңе алғың келетіндей, дәл сол өмірді бірнеше рет сүргің келетіндей ету қажет». Мен де сіздің өзіңіз дәл қазір өзгеріп, өміріңіз дәл ертеңнен бастап жақсарғанын қалаймын. Сондықтан сіздерге өзім түйген кеңестерімді беремін.

Ирина Хакамада


* Бақытты болу тек ер адаммен қарым-қатынасқа байланысты деген тәуелділіктен арылыңыз. Қандай да бір күдігіңіз болса, қазбалап, миды ашытатын сұрақтар қоя беру де ер адаммен байланысыңызды нығайтпайды. Керісінше, оны сенімсіздігіңізбен мезі етесіз. Оның орнына өзіңізді қолға алып, жеке әлеміңіздің барын жадыңыздан шығармаңыз. Күйеуіңіз сізді саналы, тәуелсіз жеке тұлға ретінде сыйлауы керек.
Байқасаңыз, ер адамдар мансабы мен хоббиіне көбірек уақытын жұмсап, тек қалған уақытын ғана отбасына арнайды. Табиғи жаратылысынан осындай болғандықтан, бұл үшін оларға еш ренжудің қажеті жоқ. Демалыс күндері олар балық аулауға, аңшылыққа шығуға ниет білдірсе, күңкілдей бермеңіз. Одан да өзіңіз үшін қызықты нәрселермен айналысыңыз не дос құрбыларыңызбен кездесіңіз.
* Еркектің полигамдығы туралы да ұмытпаңыз, ара-тұра «суыт» жүрісін байқап қалсаңыз, оның ізін кесіп, тергеу-зерттеу жұмыстарын жүргізбеңіз. Жалпы оның мұндай әрекеттерін мүлдем «білмеуге тырысыңыз». Бірақ сізге деген қызығушылығы суи бастағанын сезе қалсаңыз, басқа әйелдер үшін мықты бәсекелес бола алатыныңызды дәлелдеңіз. Пайдалы іспен шұғылданыңыз, кітап оқыңыз, сұлулық салонына барыңыз, айналаңыздағы адамдарды, соның ішінде басқа ерлерді де осылай тарта біліңіз. Ақылды еркек мұндай әйелден бас тарта қоймайды.
* Ең бастысы күйеуіңізді қайта тәрбиелеуге тырыспаңыз, оныңыздан жақсы ештеңе шықпайды. Онымен тек келісімге келіп, ортақ және жеке жауапкершілік салаларын айқындап алыңыз. Мысалы, біздің үйде бала тәрбиесі мен асхана менің мойнымда, қалғанына күйеуім жауапты.
* Бүгінгі әйелдер ерлермен тең жұмыс істеп, табыс таба алатын уақытта күйеуіңізге бұл тұрғыда тым жоғары талап қою не оған бүкіл материалдық жауапкершілікті артып қою дұрыс емес. Себебі ондай ақшаны сіз де таба аласыз. Ең алдымен бұл адаммен бірге өмір сүру сіз үшін қызықты болуы керек.
* Ерлерге көзі ашық әйелдер ұнайды, бірақ үнемі ақылды бола бермеңіз, кейде ақымақ бола қалсаңыз, оған қызықты болып көрінуіңіз мүмкін. Жалпы ер адамдар «тым» деген нәрседен қорқады, олар тым әдемі, тым ақылды, тым пысық не тым бай қыздардан секемденеді. Егер сіз шын мәнінде жұмысыңызда аса үлкен табыстарға жетсеңіз, бұл туралы күйеуіңізге айта бермеңіз. Ал қонақтарға күйеуіңіздің жеткен жетістіктерін мейлінше мақтап отырыңыз. Ал, «өзіңіздің шаруаларыңыз ақырындап жүріп жатқанынымен» шектеліңіз.
* Шын мәнінде ерлер құр сұлулардан гөрі бойында энергиясы тұнып тұрған әйелдерді ұнатады. Бұл үшін өмірге және білімге құштар, ашық-жарқын және оптимист болыңыз. Енжар болмаңыз. Егер сіз сұлу болсаңыз, сыртқы келбетіңізге ғана сеніп қалмай, басқа қырларыңызды дамытыңыз.
* Мүмкіндігім жетіп тұрса да, балаларымды артық еркелетпедім. Оларға жақсы білім бердім, ескілеу пәтер сатып әпердім. Бітті, қалғанына өз күштерімен қол жеткізді. Әркім өз жолын жүріп өтуі керек.