Иманипедагогика » Қазақстан ұстаздарына арналған

0

Жалпақ жұртты имандылыққа тәрбиелеу үшін қазақ ғұлама ойшылдарының,әулие-пірлерінің,ағартушы философтарының орнықтырған педагогикалық ілімі туралы Имандылыққа баулу қазақ ілімі Қазақ халқының дін туралы танымы, сенімі ерекше. Дінді жаратылыстан тыс құдіретті құбылыс, тылсым ретінде танымайды, ойсыз бас қойып, көзсіз құлдай жығылып, табынған да емес. Діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы және үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға өнеге тәлім берер, пейілге мейірім ұялатар рухани күшке бағалаған.

Атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин өз заманында исламға ден қоя отырып, мұсылман-шылықтың тұтқасы – сенім, иман, имандылық деп дәйектесе, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев дін рәсімдерінің тұрмыс дағдыларымен астарластығын «Ораза деген қазаққа құлшылық емес, әдеп қой», — деп бір ауыз өлеңмен сипаттаған. Ойшыл жазушы Ғ.Мүсірепов дін жөнінде: «Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды,сол сенімнің аты — дін.Ең арғысы саяси сенім дегеннің өзі халықтың басым көпшілігі үшін дін»,- деп оның адам өміріндегі рухани күшін жоғары бағалағаны белгілі [4]. Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ.Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Иман-қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым.

Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі-осы.Барлық бет-болмысының, мінез-құлқының айнасы. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп сөз етісетіні де сондықтан. Тіпті адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі имандылықтан басталады. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «имани-гүл» деп ат береді « Жиғаныңа сенбе-иманыңа сен.Иманды адам-арлы адам. Имансыз адам- сорлы адам.Үстіңнің кірін-сабын кетіреді,Жаныңның кірін-иман кетіреді»,.«Имандылық қастерлі қасиет» «Имандылық-инабаттылық айнасы» «Иман-дылық -ізгілік негізі» Өкінішке орай, кеңестік дәуірде тамырын тереңге жайған тоталитарлық саясаттың үстемдік жүргізуінің салдарынан біз осындай ұлы қасиетімізден айырылып қала жаздадық. Имандылық сөзі иманнан шыққан.

Ал иман -жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық-Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез.Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті-иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған Имандылық мінезі әрбір мұсылманның бойынан табыла бермейді.Атам қазақтың адамгершілік ұғымын имандылық сөзімен беруінде ерекше мән бар. Өйткені, адамгершілік пен имандылық арасында үлкен айырмашылық бар. Адамгершілік – барлық адамның бойында бола алатын адамның адамдық болмысынан (кісілігінен)туған қасиет.Имандылық әлемнің Жаратушысы, Ұлы Досына деген иман атты сүйіспен- шілігінен туған аса ізгі кісілік қасиет. Яғни, әрбір имандылықта адамгершілік бар болса да әрбір адамгершілікте имандылық болмауы бек мүмкін. Сондықтан қазақта имандылық — ауқымы аса кең үлкен пәлсапалық ой-толғамға ие, ерекше мәнді ұғым. Атам қазақ иманын — өз болмысының тірегі мен ар-ожданның асыл тас ақиқаты деп ұққан. Сол себепті атам қазақ жүректен иман шыққаннан кеудеден жан шығуды артық санаған. Оған атам қазақтың мына сөзі куә: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы».

Бұл жерде атам қазақтың «арым», деп, отырғаны — иман. «Ұят кімде болса, иман сонда», деуі де, содан қалған. Ар-ұятын сатқан жанға «иманын сатты», арсыз жанға «имансыз», деген сөзбен түйреген. Қазақта мұндай сөз тіркестері толып жатыр. Бұл – атам қазақтың аса иманды момын-мұсылман жан екендігінің белгісі. Яғни, қазақ бар жақсылық ұғымды иман сөзімен, бар жамандық ұғымды имансыз сөзімен айқындаған. Қазақ әрқашан Ұлы Досына беріктігін көрсеткен. Иә, қазақ шыр етіп дүние келген баланың құлағына азан айтып, ажалы жетіп бұл жалғаннан озған жанның да жүзін құбылаға қара-тып, жаназасын оқып Ұлы Жаратушының жарлығын бұлжытпай орындауға тырысқан Қазақ дінінің |менталдығының| тірегі, ұлттын рухани болмысының маңыздысы – имандылық. Имандылық концепті – тілімізде көптеген ұғымдарды біріктіретін, жинақтайтын жалпы түсінік. Ар, ождан, ұят, шын, шындық , намыс, жүрек, жан, тазалық , әділет, мейрім – имандылық концептісінің тірек ұғымдары.

Шәкәрім философиясының негізі – имандылық. Шыннан асқан Құдай жоқ, Анық Құдай – Шын Құдай, Ұқпай қалма алаң боп, Шын болмаса , кім Құдай? Бұрын шын бар, бүгін шын, Ертен шын бар-үш бөлек. Керегі жоқ бұлардың , Бұзылмайтын шын керек,- Шын Алланы мадақ етіп, Шынға ғашық болған ақын бұл пәнидін қызығына көнілі толқитындардың Шыннан алыс екенін де нақты ескертеді. Ислам діні қазақ даласына келіп жеткенше де,пайғамбарымыздай үлгілі адамгершілігі мен имандылығы басына қонған,тура да әділ,иман жүзді, сенімді,ру тайпаның, ұлт қауымның ұлағатты үлгі өнегесі болған абыз-ақын,хан-қаған,батыр-ер,шешен-би,сал-сері,дана ана мен ата қаншама адамдар өмірден өтті. Солардың қазақ халқына қалдырған асыл рухани мұрасын исламның имандылық қағидалары мен ұстындарына етене араласып, тонның ішкі бауындай қабысып тамаша табысқа жеткендігіне тарих куә.Қазақ халқының жалпы ұлттық қасиетті ұғымына айналған имандылық сөзінің түп төркіні мен ілкі бастауының да мұсылман дінімен тоқайласып жататындығы белгілі.

Иман ұғымы әуел баста Құран арқылы адамдардың санасына сіңсе де, уақыт өте келе халықтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрімен, таным-түсінігімен, наным-сенімімен біте қайнасып, жаңа бір сапалық деңгейге көтерілген ұғым.Халық түсіні- гіндегі иман сөзі діни шеңберден шығып,жалпы ұлттық, бүкіл адамзаттық құндылықтарды қамтитын ауқымды дүниетанымдық категорияны білдіреді. Адамның іс-әрекетінің, сөзінің тура болуы тек тәрбие арқылы ғана санаға әсер етіп жүзеге асырылады. Сенім мен турашылдық егіз ұғым. Адамдардың бойында бұл сипат-тарды қалыптастыру сенім, намыс пен иман арқылы жүзеге асады. Көңілінде иманы, сенімі бар адам жалған сөйлемейді, алдамайды, аманатқа қиянат жасамайды. Иман адамға өтірік айтқызбайды,өзгені алдап, мал табудан сақтандырады. Тәрбиелі, сенімі бар адам,Алла тағала мені әруақытта көруде деп ойлайды. Сондықтан жамандық ойламайды, өзгенің. мүлкіне қол сұқпайды, қиянат етпейді. Жұрттың өзін сыйлауы үшін алдымен өзі өзгеге құрмет етеді.

Мұндай имандылықтың жолдары мұсылмандылықтың бес парызын толық орындау барысында жүзеге асатындығын бүгінде иманжүзді, мол адамгершілік сипатқа ие болғандар дәлелдеп отыр. Адамның нәпсісі-бойдағы пендеге тән құмарлық сезім. Жалпы адамның адамгершілік шыңына жетуінің негізгі көрсеткіші мен имандылығының қалыптасуы -өзінің нәпсісіне ие болуы Ибалы қыз тәрбиелеп, асыл аналарды өмірге дайындауда,.қазаққа, ислам дінінің тигізген оңды ықпалы зор болған. Сондықтан, неке қию, қыз ұзату, келін түсіру қазақ салты,ежелгі әдет-ғұрыппен ұштастыра отырып ислам діні негізінде атқарылған.Ал бозбала, бойжеткен, имнды ұл ибалы қыз тәрбиелеу ісі өте нәтижелі болды Имандылық(атауы әр түрлі болғанымен)- барлық наным-сенімдерге ортақ ұғым. Адамдардың діни сеніміне байланысты, имандылықты алалауға болмайды. Қай діндегі болсын адамдардың баршасын имандылыққа баулу қажет К.Д. Ушинский өнегелі тәрбиеге үлкен мән берген, оның негізін дін деп санаған.

Дінді ол, ең алдымен, өнегелі тазалықтың кепілі деп түсінген. К.Д. Ушинскийдің «Тәрбие халықтық ілтипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді» — дейді.Иман ұғымы бізде ұлттық сипатқа ие болған. Имандылық-ұлттық шеңберде шырмалып қалған тар ұғым да емес,Қазақстан Республикасында тіршілік етіп отырған күллі этнос өкілдері,оның ұрпақтары имандылық нұрынан тысқары қалуға тиіс емес.Ешбір ұлт бұған қарсы болған да емес. Имандылық- қазақ үшін,жалаң ислами ұғым да емес.Ол наным-сенім ретінде,қашаннан бар,ұласып келе жатқан түсінік.Ал,имандылық-тәрбиелеу қазақ ілімінің асыл өзегі. Осы асыл өзек бүгіндері қоғамдағы тәрбиелік іс-әрекеттер мен шара- шаруалардың тірегі бола алмай отыр. Оның көптеген себебі бар.Ал,ең бастысы-Қазақ педагогикасын-материалистік және жауынгер атеистік дүние танымы негізінде жазылған, социалилистік немесе «ғылыми педагогикамен» тең көріп бағаламауда болып отыр.Біздің санамызда материалистік-диалектикалық әдіснама негізінде пайда болып,танылған білім ғана теориялық ғылым ретінде ұғынылады да,басқа дүниетанымға негізделген теориялар мен ғылыми пайымдаулар мойындалмайды.Сондығы болар, ұлттану, адамтану сол сияқты тоелогиялық ғылымдар өте баяу жылжып, философия, саясаттану,әлеуметтану ілімдері ұлттық кеңістікке көлем иелене алмай,басқа бір ілімнің қолтығына кіріп, «туралы» ғана тұжырым-түйін жасауда, ал,қазақ психологиясы,қазақ педагогикасы өткеннен қалған аңыз-әңгіме,хиқая санатында талданып жүр.Жоғарыда аз-мұздап айтылған .имандылық, имандылық тәрбие атты педагогикалық категория ешбір «ғылыми» пелагогикада жоқ,тек шығыс педагогикасында, анығында қазақ педагогикасында бар.

Имандылық тәрбиесін жас ұрпаққа игертудің ғылыми негізін Фараби,Баласағүни,Яссауи бабаларымыз салып,Абай, Шәкерім және Мағжан,Жүсіпбек даналарымыз тиянақтап қойған.Айталық: Қорқыт Ата былай деген: «Тәңірге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бәрі екеу болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді».Әбу Наср Әл-Фараби: философия мен дінді шендестіре қарастырып,екеуін бір санаттағы саналы білім деп танып, философияның басты ұстанымы-дәлел,діннің өзегі сенім деп тұжырымдаған. Фарабидің пікірінше, «…тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге келмейтін жас болмайды Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек. ‘Жаман қылық-ол жан ауруы. Бұл ауруды кетіру үшін тән ауруын емдеуші дәрігерге ұқсауымыз керек»- дейді ғұлама. Әл-Фараби өзiнiң осы тұжырымдарын ары қарай ғылыми жетiлдiре келiп, түркi халықтарының тәлiм -тәрбиесiнің негiзi болған үш түрлi iлiмнiң:бірінші — хауас, хауас салим, хауаси хамса заһириди (түйсiк, iшкi бес сезiм және сыртқы бес сезiм), екiншi — Имани гүл (үш сүю), үшiншi –Жәуанмәртлiк (ақыл, әдiлет, рақым) мәнiн түсiндiредi. Түрік жұртынынң рухани ұстазы А.Яссауи жүздеген мектеп ашып,жүз мыңдаған шәкіртке имандылық тәрбиесін игертіп.софылық-моральдық ілімін жасап, сопылық мектеп педагогикасын қалыптастырса да, оның ғылыми-теориялық негізін танып біле алмай,оған зерде, парасат-пайымымыздың өресі жетпей бұлтарумен келеміз. Осы себептен бүгінгі «ғылыми педагогика» оны ауызға алғысы да жоқ. Рухани тазалық пен кемелдікті мақсат еткен Ясcауи жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойды.

Ол-өз ілімін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірді Иасауи бабамыз адамға керегі руханият негіздерін білу және оны жүзеге асыру деп көрсетеді: «Руханият дегеніміз-Хақ тағаланың құлдарына берген бұйрығы бойынша – екі түрлі болады: «Құран»-дағы бұйырылған игі істер – міндетті парыз (амри би’л ма‘руф) және тыйым салынған жаман істер-харам (нахий ани’л мункар). Амри’л-би’л ма‘руф бойынша адамның шариғатқа сай болған істерді өзі қабылдап‚ орындап қана қоймай‚ оны басқаларға да айтып түсіндіруі‚ қабылдатуы міндетті. Нахий ани‘л мункар бойынша, тиым салынған‚ шариғатқа сай келмейтін істерді мысалы, күпірлік‚ екіжүзділік, шек келтіру‚ ширк келтіру, өзімшілдік‚ риякерлік‚ зұлымдық‚ арамтамақтық, арам жолдармен күн көру (парақорлық)‚ өтірік, жалған сөйлеу‚ өсек-ғайбат‚ зинақорлық‚ арақ ішу‚ «бенк жеу», яғни‚ наркотик қолдану және мүміндерге хақсыз қиянат ету‚ азарлау және т.б. бұларға түгел тыйым салынған». . Ж.Баласағұн: «Ақмаңдайлы ұл-қыз туса алдыңда Үйіңде өсір бөтен жерде қалдырма. Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер.Қос жалғанды бірдей көріп, күлімдер. Бала өсіргің келсе дана жүректі, Қатты ұста,үйрет білім ізетті.».«Жастары иманды елдің — болашағы зор» -деген. Ислам дінінің тәрбиелік мәні зор қағидаларын пайдалана отырып, Ж.Баласағұни имандылық тәрбиесіне де ден қояды. «Құтты білікті» Құранның бірінші Фатиха (Беташар) сүресінің сөздерімен бастауының өзі ғұламаның иманды адам болғанын, сондықтан жастарды имандылыққа баулуды мақсат етіп отырғанын аңғартады. Ғұлама ,жаратушы ұлы тәңір-Алланың құдіреттілігін дәріптей отырып, әр адамға күш-қуат беретін сенімді қалыптастыруды көздейді. Құдіретті Мұхаммед пайғамбардың бойындағы адами ізгі қасиеттерді саралай отырып, әр адамды пайғамбарды үлгі тұтуға, оның ізгі істері мен өнегелі сөздерін күнделікті өмірде ұстануға шақырады. Имандылықты адамның жан-дүниесін, болмыс-бітімін бейнелейтін адамгершілік ізгі қасиет ретінде қарастыра отырып,оны тұлға жетілуінің сапалық көрсеткіші ретінде анықтайды: Ұлы Хажыб шыншыл болсын баладай, Дінді білсін, дана болсын бабадай. Дінді білсін.

Дық түсірмей көңілге, Көңілі ақтың – ісі де ақ өмірде. Ыбырай Ал¬тынсарин, Ислам дінінің негіздерін терең түсінген, қалың қазаққа оны түсіндірген, ислам дінінің адам тәрбиесіне берерін әбден зерттеп білген діндар да, сол дінді насихаттаушы да.Ол,алғашқылардың бірі болып, «Мұ¬сылманшылықтың тұтқасы» (Шариат-ул-ислам) еңбегін жазды. Ыбырай қазақ қауымына бұл еңбектің аса қажеттілігін терең түсінді. Ұлы ұстаз әр қазақтың баласы өзінің мұсылман екенін білгенін, жүрегімен терең сезінгенін міндет деп санады. Ең бастысы, ол діннің қажеттілігін, оның тәрбиелік жағын терең түсінді. Ыбырай Алтынсарин «Енді, ей, дін – қарындастарымыз, бізге ең әуелі ке-ре¬гірек іс-сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымыз. Мүмин (дінге сенуші) мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман ара¬сында жүргені емес. Әуелі иманды болып, ол «иман» деген не екеніне түсініп, түсін¬ген соң, сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілімен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек(2. 10 бет).Ыбырай Алтынсариннің «Шариат-ул ислам» еңбегінде:– ислам дінінің бес парызынан да бұрын, ең басты көңіл бөлетіні, жүрекке байлайтыны – «иман» екен. Ал, осы «иман» деген не? Оның мәні мен мағынасы не? Ол нені білдіреді. Ыбырай бабамыз былай жазады:«… әрбір жақсы амалдардың да асыл түбі иманнан, яғни, инанудан келеді. Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігін көңілі дұрыстамаса, әлбетте, ол намаз болып табылмай ды… Иманның екі мағынасы бар: бірі –тіл мағынасы. Тіл мағынасы дегеніміз-әркім тілмен айтып растамақ. Мәселен, мұсылманшылдығымызға бас куәлік – сөзі¬міз немесе араб тілінше шәһәда (куәлік беру). Яғни, «куәлік беремін: жоқты бір Құдайдан бөтен Құдай (жоқтығына) және куәлік беремін, Мұхаммед, оның құлы һәм елшісі екендігіне деп, шариғат мағынасын растағанда, ол иманды көңілмен раста мақ. Бұл растамақ дегеніміз, жалғыз Құдай тағала бар… (2. 12 б.).Мұның арғы жағында нені болса да көңіл¬мен, жүрегімен сеніп істеу керек. Себебі, әр адамға діннің ең басты берері де сенім. Адамның ең алдымен Құдайға, содан кейін өзіне деген сенімі жатыр.Ыбырай бабамыз айтқандай,Ислам дінінің де жастарға беріп отырған тәрбиесі осы – имандылық. Имандылықты діни уағыз деп түсінсек, оның мән-мағынасын тереңдете түскен орыстың ұлы педагогы К.Д. Ушинский: «Діннің қажеттілігін, яғни, адамның ішкі дүниесіне үңіле алмайтын, имансыз адамға бала тәрбиесін сеніп тапсыруға болмайды» деген екен (1 614.б). Олай болса, имандылық дегеніміз адамның бойындағы ең бір қажетті, ең бір құнды қасиеттердің жиынтығы болса керек. Бұл ғалымдардың жазулары бойынша «имандылық» дегеніміз адам (жас бала) тәрбиесінің алтын арқауы, негізгі діңгегі. Адам бойындағы барлық жақсы қасиет сол имандылықтан тарайды, яғни, адам баласының бойындағы ең жақсы деген қасиеттер сол имандылықты құрайды.Ыбырай Алтынсарин айтады: «Құдай таға-ланың пенделеріне парыз еткен парыз¬дарының ең әуелгісі иман болса керек» (2. 10 бет).

Бұл сөздерімен Ыбырай бабамыз, ең алдымен, Құдайға сен, содан кейін өзіңе сен, мұсылман болсаң сенімді бол, нені болса да сеніммен істе дегені. Яғни, ұлы ұстаз өзінің бұл сөздерімен қазаққа сенімнің күшін түсіндіріп отыр. Ыбырай айтып отырған «имандылықтың» арғы жағында Құдай тағала рұқсат еткен, солай жүр деп жол сілтеген небір керемет ұғымдар жатыр. Олар: сенімділік, көргендік, білімділік, ибалық, тәрбиелік, адалдық, кішпейілділік пен мәдениеттілік, т.т. Бұлардың барлығы адам тәрбиесінің басты ұғымдары. Бұларсыз адам өмір сүре алмайды. Адамдар бірімен бірі қарым-қатынас жасай алмайды.Тіпті, қауымдаса да алмайды. Сондайақ,Ыбырай баба¬мыз былай дейді: «…иманнан соң дін ғылы¬мы дүр.Дін ғылымы дегеніміз,Құдай тағала пенделеріне екі жол көрсетті: бір жолы-осылай бар деп бұйырған жолы, екіншісі – бұл жолға түспе деп тыйған жолы… Әуелгі жолдың баратын ұшы – ұжмақ, соңғы жолдың ұшы – тамұқ». Әр екі жолды көрсетіп қойып, қайсысына түсудің ықтиярын бұл дүниеде Құдай тағала адамның өзіне берді. Осы екі жолдың мәнісін түсініп, үйренуді дін ғылымы деп атаймыз» (2. 10 б.). Яғни, қай жолға түссе де, адамның өз еркі. Жақсылық пен жамандықты таңдау да адамның өз еркі.Бірақ, діннің міндеті адамның көзін ашып, үйретіп, оны дұрыс жолға, кімге болса да пайдалы, игілік жолына салу.

Дін білімінің керегі міне осы жерде болса керек. Ал,Абай атамыз: «Иман деген- Алла табарака уатағаланың, шәриксіз (тең келмейтін) ғайыпсыз, бірілігіне, барлығына уә һәр неге бізге пайғампар-ымыз арқылы жіберілген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып, инанбақ. Иман келтіруге екі түрлі нәрсе керек. Бірінші – әуел не нәрсеге иман келтірсе, соның һақтығына бірлән дәлел жүргізерлік болып ақылы дәлел испат(шын иман) қыларға жараса, мұны якини иман (біреуге еріп нану) десек керек. Екінші – кітаптан оқу бірлән яки діни ұстаздардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалақ беріктік керек»(он ұшінші қара сөз).Бұл дегеніңіз, Дін -тек белгілі бір талап, тәртіп, дәстүр, заңдылықтарды орындаумен шектелмейді, аталған шарттар оның сыртқы қызметі, ал негізгісі рухани құндылықтарды тәрбиелеуде ең бірінші орында- иман келтіру-дегені еді. Адам баласынан бастап әлемдегі барлық тіршілікті жаратушы бір Құдайдың бар екеніне сену, оны сүйю,оның алдында қашанда болса есеп беретіндігіңді ұмытпау екендігін ашық көрсеткен.Бұл пікірдің жалғасындай саналатын, М.Жұмабаевтың: «Діни сезімі күшті адам Тәңірдің барлығына, құдіретіне сеніп, оның махаббатын алуға, қаһарына ұшырамауға, ізгілікке ұмтылып, жауыздықтан безбек.»-деп аталатын түйіні бар. Инамақ» – илану, яғни, сену. Байқаға¬нымыздай, Абай да «иманды» сенім, Құ¬дайға сену, деп түсіндіреді. Яғни, мұсыл¬ман болу үшін, ең алдымен сену керек екен. Құдайдың барлығына, бірлігіне, Мұхаммед пайғамбардың оның елшілігіне сену. Бұдан барып, нені болса де сеніп істеу, сол сенімнен күш алып істеу болғаны. Мал -мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы,екінші-ырысының тұрағы, үшінші-дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырғанЖүрегінде иманы жоқ адам-бақылаусыз адам. «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды» (Абай). Құдайдан қорықпаған, имансыз адамға сенім артуға болмайды.Ал иманды адамның жүрегінде әрбір әрекетін қадағалап,бақылап тұратын ішкі сенім бар. Абай:«Құдайдан- қорық,пендеден-ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!» «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз.»«Құдайшылық- жүректе. Қалпыңды таза сақта. «Адамды – адам ететін де иман, Сұлтан ететін де иман» Абай“Имансыз елден ұят қашады” деген Хз.Мұхаммед пайғамбардың хадисін келтіріп, «қазақ-тың хәлі осы-имансыздық”-дейді.Көп ішінде жалғыз қалып күңіренген, “Ішім толған у мен өрт, сыртым-дүрдей” деген Абайдың мұңы “…көкірегімді тесіңдер, қан мен мұңға толды әбден” деген Иасауидің жанайқайымен үндесіп жатыр. Абай осындай дертке шалдыққан елге дауа іздейді». Оның дауасы – «Құран», түгел сөз, адам бойына имандылық дарытатын ар түзейтін ғылым. Абайдың түзу сөзі-«әуелі аят, хадис-сөздің басы”,яғни, елді түзейтін сөз әрі қисынды, әрі өлеңмен (бәйіт-мысал) жазылған Алланың сөзі- «Құран». «Құран» –ақылды сөз бен терең ой, терең ғылымның көзі, сондай-ақ ынсап, ұят,ар, намыс, сабыр, талап сияқты адамдық құндылықтардың кені,бірақ, «елді түзейтін түзу сөзді табудың, танудың, тыңдатудың өзі оңай емес. Өйткені түзу сөзді айтушы да, түзу сөзді тыңдаушы да надан. Ал кейбірі түзу сөзді танымайды да. Өйткені олар Тәңірдің Бар және Бір екеніне, Құранның ақиқат екеніне, пайғамбарларға, періште-лерге, тағдыр, қазаға, өлгеннен соң тірілуге сенбейді.Өңшең “кісімсінген-менмен, нәпсіқұмар, білімсіз,надан.», «…мақтан-құмар, малқұмар, арамдық, ұрлық, пайдакүнем, нені ұға алсын”-дейді.«Иман сақтауға-қорықпас жүрек,айнымас көңіл, босамас буын керек. Абай адамдықтың биік деңгейін осылай,иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінде «Толық мұсылман болмай толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Жас адамды имандылыққа баулу үшін олардың ар-ұятын оятып, намысын қайрап, мейірімділік, қайырымдылық,кішіпейілділік, қамқорлық, адалдық, ізеттілік сияқты әдептік-психологиялық қасиеттерді олардың бойына сіңіру-әрбір отбасының, балалар бақшасы мен мектептің, жоғары оқу орындарының парызы. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер иман-дылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған.Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп,барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған.Бойына адамершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған.

Имандылықтың ұлттық ұғымына жасаған қысқаша шолуға сүйене отырып, мынандай қорытынды жасаймыз:Қазақта Исламдағы иман,имандылық түсініктеріне сүйене отырып,өзіндік талғам,қажеттілік,танымға негізделген кісі қалыптастыруға бағытталған педагогикалық-психологиялық ілім қалыптасқан.Оның аты-имандылыққа баулу қазақ ілімі.Бұл ілімнің қалыптасып дамуын,оның ғылыми негізін салушы қазақ ғұламалары мен әулие-пірлердің ілімдік санасын,ой-пікірін зерделеуші жас зерттеушілер(Б.Әленұлы,М.Жанарбек,С.Айнұр,Д.Лесбекқызы)-ИМАНИПЕДАГОГИКА деген ұнасымды ат беріпті.Ал,менің пікірім,-Қазақтың имани педагогикасы. Осы күнде,музей педагогикасы,кітапхана педагогикасы,әлеуметтік педагогика т,б. педагогикалар баршылық.Олардың қатарынан Иманипедагогика да орын алса жөн-ақ! Әдебиеттер:1. Ушинский Д.К. О религиозно – философском воспитании. Т. 11. М. 1950, -614 2. И.Алтынсарин. Мұсылманшылықтың тұтқасы. Алматы. 1991, – 80. 3. М.Исаұлы.Қ.Жолдыбайұлы Ислам ғылымхалы «Издат. АСТполиграф»2011 Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы) 02.04.2018