Ғибрат: Қос бақаның қиссасы

0
Бір топ бақа қорек іздеп орман ішінде тарбаңдап келе жатады. Кенет, қапталдас келе жатқан екі бақа терең шұңқырға байқаусызда құлап кетеді. Мұны байқаған қалың бақа шуласқан күйі шұңқырдың ернеуін жағалап, жиыла қалады. Шұңқыр тереңдігін көрген олар бірден жолдастарының аман шығуынан күдер үзіп, екеуіне басу айта бастайды.Төмендегі қос бақа қатты қорыққаннан қаптаған шуылға құлақ салмай, бар күштерін салып шұңқырдан шығуға тырбанып бағып жатыр. Жоғарыдағы көпшілік екеуінің бос арамтер болып жатқанына жандары ашып «ақылдарын» жамыраса айтып, тоқтар емес. 

Бір кезде екеудің бірі секіруін доғарып, көптің сөзіне құлақ қойды. Сол-ақ екен бірден бойын үмітсіздік билеп, салы суға кетті де тарбаң етіп төрт аяғын жоғары көтерген күйі өлді де қалды. Ал екінші бақа оған мән берген жоқ. Секіруін де тоқтатқан жоқ. 
Ал ернеудегі бақалардың бақылдаған айқайы одан ары үдеп кетті. «Жаныңды қинама!», «Өлімге мойынсұнсаңшы!», «Болды ғой, енді!», — деген «жанашыр» сөздер әр жерден естіліп жатыр. 

Тереңдегі бақа секіруін арттыра түсті. Бойындағы бар күшін жиып, соңғы рет ышқынып еді шұңқыр аузына келіп ілікті. Одан ары бір ақ секіріп сыртқа шығып кетті. 

Мына ерлікке қатты таңқалған қалың бақа мұны қаумалап қоршап алды. «Сен біздің айқайымызды естімедің бе?», — деп жатыр. Ол болса: «Менің құлағымның мүкістігі бар еді. Тар жерде мүлде естімей қаламын. Бағана, шұңқыр ішінде болғанда ұзақ уақыт бойы сендер мені өмір үшін күресуге жігерлендіріп шулаған боларсыңдар деп ойладым», — деген екен. 

Ғибратты мысалдың үш түрлі сабағы бар: 
1. Өлім мен өмірдің күші тілде жасырынған. Қуаттандырып, жігерлендіруші сөз төмендегіні жоғарыға көтереді. Мақсатқа жетуге жол ашып, үмітті оятады. 
2. Тұқыртып, үміт сәулесін өшіретін сөз төмендегіні өлтіріп тынады. Сол үшін ауыздан шыққан сөзге абай бол! 
3. Ақылыңмен шешіп, дұрыс деп тапқан ісіңді жүзеге асыра аласың. Өзгелердің ой-пікірі үмітсіздікке ұрындырмасын.

Дереккөзі: «ПТ» топтамасынан