ертегілер, балаларға арналған ертегілер, тасбақа және кене туралы ертегі

0
9

загрузка…

Бір уақыттарда бір түлкі, бір тасбақа және бір кене үшеуі жолдас болып келе жатса, бір жерде бір уыс тары жатыр екен. Үшеуі ойласты: «Мұны тұқым қылып, жерге егіп, көбейтіп бөліп алайық», – деді. Түлкі бір жарды көріп:
– Мен осы жарды сүйеп тұрайын, болмаса құлап кетер – деп, жардың астын саялап жатып алды. Тасбақа байғұс жерді тырналап, кене сорлы жиып, тарыны айдап әлекке түсті. Сөйтіп көп бейнет шегіп айдап, ол піскен соң, орып жинап алды. Бұны бастырып еді, бір аяқ тары болды. Біреуі барып түлкіні шақырып еді. Түлкі келді дағы:
– Бұл тарыны үшеуміздің бөлгенімізге болмайды. Үш бөлгесін бұл әрқайсымызға қаншадан тиеді? Онан да үшеуміз жарысып қай озғанымыз алайық, – деді. Мақұл деп үшеуі қатарласып, бір жерге келіп, «алла әкбар» деп түлкі жөней бергенде, кене түлкінің башпайына жабысып ол да кетті. Түлкі өліп – өшіп барынша жүгіріп келіп, қырманға отырайын деп еді, кене:
– Әй, батшағар, мені басып өлтіресің бе, – деді. Түлкі:
– Әй, сен қашан келдің? – деді. Кене:
– Сен бағана «алла әкбар» дегенде – ақ мен келіп қалғанмын, – деді. Екеуі шатақтасып жатқанда, аузы – мұрны қан болып тасбақа келді. Келе сала:
– Ойбай, түлкі, мен бір пәле көріп келдім. Жаңа сендердің артыңнан екі қарагер аты бар, екі қара бүркіті бар және екі тазысы бар екі адам келіп, «жаңағы қасыңдағы түлкі жолдасыңды тауып бер» деп менің осындай аузы – мұрнымды қызыл – ала қан қылды, сонда да мен сені айтқаным жоқ. Әйтеуір осы жаққа қарай келе жатыр, – деді. Түлкі:
– Айналайындар – ай, мені айта көрме, мына тарыны екеуің тең бөліп ал, мен сендерге ырза болайын, олар келсе, «білмейміз, қайда кеткенін де», – деп, түлкі кетіп қалды. Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене екеуі бөліп алыпты.

Кері қайту