Еліне барудан қорқып жүрген футболшы
Иә, еліне барып, ұлттық құрамада ойнаудан қорқып жүрген футболшы бар екен. Ол — ағылшынның «Манчестер Сити» клубында ойнайтын бразилиялық Фернандиньо. Неге қорқып жүргенін білесіз бе? Ол үшін әңгімені әріден бастау керек.
Бәріңіз білетіндей, биыл Ресейде футболдан әлем чемпионаты өтті. Ал сол жарыстағы фавориттердің бірі Бразилия құрамасы еді. Өз тобынан бірінші орынмен шығып, 1/8 финалда Мексикамен кездесті. Олар үшін бұл ойын қиын соқпады. Көрші құрлықтағы қарсыластарын 2:0 есебімен ұтты.
6 шілде күні пентакампеондар (Бразилия құрамасының лақап аты) Қазанда Бельгия құрамасымен ойнады. Ширек финалдағы осы ойында біз айтқан футболшы Фернандиньо өз қақпасына гол соғып алды. Бұрыштамадан асырылған допты сәтсіз қайтарды. Футболшының басына тиген доп өз қақпаларының төрінен табылды. Бразилия құрамасы мен жанкүйерлерінің өзегін өкініш өртеді. Бірінші тайм аяқталғанша Бельгия екінші голын соғып, Бразилия құрамасының мысын басты. Екінші таймда бір допқа есеп айырмасын қысқартқанмен, таразы басын теңестіре алмады. Бельгия жартылай финалға шығып, Бразилия еліне қайтты.
Иә, осы ойыннан кейін Фернандиньоға жанкүйерлер қырын қарай бастады. Шынымен-ақ ренжіді. «Сол бір автогол болмағанда» — деп бармақтарын шайнады. Тіпті футболшыға әлеуметтік желі арқылы қоқан-лоққы көрсеткендер де аз болмады. Отбасына тіл тигізгендер де көп болды. Жартылай қорғаушы ойлана келе жақында ұлттық құрамада ойнамау жайлы шешім қабылдаған көрінеді.
— Мен онымен жеке сөйлестім. Біздің команда Фернандиньо секілді мықты, тәжірибелі, кәсіби ойыншы барын мақтан тұтады. Мен ұлттық құрамаға нашар ойыншыларды шақыратын есек емеспін. Ол әлі де ойланады деп ойлаймын. Біз оны әрқашан қолдаймыз, — дейді Бразилия құрамасының бас жаттықтырушысы Тите.
Сондай-ақ бразилиялық маман ойыншының елге келмеу жайын да айта кеткен.
— Фернандиньо — ұлттық құрамаға бірінші шақыратын ойыншым. Бірақ оның отбасы жанкүйерлер тарапынан қысымға ұшырады. Туыстарына мұнда келмейтіні жайлы да уәде беріпті, — деп жазады El Espanol.
Футбол тарихында осы секілді оқиғалар аз емес. Ұлттық құрамада немесе командада сәтсіз ойнағандарға жанкүйерлер тарапынан қауіп аз болмаған. Бір ғана Андрес Эскобардың тағдырын айта кетсек болады.
1994 жылғы әлем чемпионатында колумбиялық аяқдопшы Андрес Эскобар байқаусызда өз қақпасына гол соғып алады. Нәтижесінде АҚШ-қа қарсы өткен сол ойында қарсыластары 2:1 есебімен жеңіске жетеді. Бұған колумбиялық фанаттардың барлығы ашуланған. Умберто Муньос есімді күзетші футболшыны көшеде көріп қалып, 6 рет атып мерт қылған. Өз қақпасына абайсызда соғып алған голының айыбын өмірімен өтеді. Өкінішті-ақ…
Футбол фанаттары қызуқанды болып келеді. Андрес Эскобар демекші, колумбиялықтар биыл да бірнеше футболшыларына кінә тақты. Себебі биылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Англияға есе жіберді. Онда да ойын соңындағы пенальти сериясында.
Сол 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен Матеус Урибе мен Карлос Бакканы жерлестері «сендерге Андрес Эскобардың кебін кигіземіз» деп әлеуметтік желі арқылы қорқытып-үркіткен деседі. Тіпті оларға «тірі қалғыларың келсе, Колумбия топырағынан жырақ кетіңдер» деп шарт қойғаны жайлы да кей басылымдар жазған болатын.
Дереккөз: https://massaget.kz/