Декреттегі әйелдерге құлаққағыс
• Ақша үнемдей отырып, өзіңізге киім, косметика, қысқасы қажет заттарды сатып алып отырыңыз. Үйде отырсаңыз да өзіңізді жақсы көріңіз.
• Сыртқа шығып тұрыңыз. Дос-жараныңыз бар болса, тіпті жақсы. Басқосулардан қалмаңыз. Қалада достарыңыз болмаса, жаңа дос табуға тырысыңыз.
• Демалыс күндері бала қарауды жолдасыңыздың мойнына жүктеңіз. Өзіңіз де басқа шаруаларды бітіресіз әрі бала әкенің тәрбиесін алады, мейірім-шапағатына бөленеді.
• Егер сіз ата-енемен бірге тұрсаңыз, баланы олардан қызғанбаңыз. Қайта бағуға беріп қойыңыз. Баққысы келмесе, мәжбүрлемеңіз. Бала өзіңіздікі. Сізден артық оған ешкім қарай алмайды.
• Балаңыздың аман-саулығын ойлап, бүгінгі тіршілігіңізге тәубә деңіз. Ауру баласына қарап, күні-түні Алладан дертке дауа тілеп жүрген қанша ата-ана бар. Бала денсаулығы, оның тыныш ұйқысы ата-ана үшін басты байлық екенін түсініңіз.
• Үй жиналмай, тамақ жасалмай қалды деп уайым шекпеңіз. Бастысы бала қараусыз қалмау керек. Тамақты күйеуіңіз келгеннен кейін ақ жасауға болады. Бәріне уақытылы үлгеру міндет емес.
• Сіз әйелсіз, сіз анасыз. Балаға ең бастысы дені сау ана керек. Ешкім ана орнын алмастыра алмайды. Сол себепті кейде қолды бірақ сілтеп, аяқты көтеріп демалыңыз. Рухани да тынығыңыз.
• Күйеуіңізді патшадай күтіңіз. Алайда өзіңіздің патшайым екендігіңізді ұмытпағайсыз. Күйеуіңіздің де соны естен шығармауын қадағалаңыз.
• Сіз дүниеге жаңа адам әкелген анасыз. Одан асқан ұлылық жоқ. Өзіңізбен, бөпеңізбен мақтаныңыз. Бала сүйе алмай жүрген жандарға қарап барыңызды бағалаңыз.
• Күліп жүріңіз. Көтеріңкі көңіл күйде жүріңіз. Ең бірінші кезекте балаңыз үшін. Бала бәрін сезеді. Оның келешек өмірі жарқын болуы үшін сіз жайдарлы болуыңыз қажет. Бұл да тәрбие.