Дәрет
«Кімде-кім әмір етілгендей дәрет алып, әмір етілгендей намаз оқыса өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари, Уду /28).
«Кімде-кім дәрет алып, жүзін жуғанда, бет мүшелері жасаған күнәлары, аяқ-қолдарын жуғанда, сол мүшелермен жасаған күнәлары су тамшыларымен бірге ағып, өзі тап-таза болады» (Муслим, Таһарат / 32), дейді.
Дәреттің парыздары
Құранда Дәретке байланысты:
«Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуындар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобығына дейін жуыңдар» (Маида 5/6) делінген.
Аятта төмендегідей төрт парыз айтылған:
1. Жүзін жуу: бұл жерде беттің бір рет жуылуы парыз. Мұның өлшемі — шаштын шетінен басталып, иек асты мен құлақтың түбіне дейінгі жерлерге, сақал, мұрт және қастардың түбіне су бару керек.
2. Екі қолын жуу: екі қолын, білегін шынтағымен қоса бір рет жуу — парыз. Саусақтарының арасын, жүзігі болса, оның астына су баруын қадағалау қажет.
3. Басқа мәсіх ету: басының төрттен бірін су қолымен немесе басқа жерде қолданбаған таза ылғалмен бір рет мәсіх ету парыз. Муғира ибн Шуғбә былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) дәрет алып басының алдын, сәлдесінің үстін және мәсілерін мәсіх етті».
4. Аяқтарын жуу: аяқтарын екі тобығымен бір рет жуу — парыз. Тобықтарды бірге жуу өте маңызды. Пайғамбарымыз: «Отта жанған сол тобықтардың халі неткен жаман» — деп қатты ескерткен (Бухари, Илим /30).
Дәреттің сүннеттері
1. Ниет ету. Дәретке іштей ниет ету — сүннет. Жүрекпен қоса тілмен ниет ету — мүстахап.
2. Дәретке бастаған кезде алдымен қолдарын білектеріне дейін жуу — сүннет. Бірақ таза болмаған қолдарын жуу — басқа мүшелерді кірлетпеу үшін парыз. Дәретті «Ә’узу» және «Бисмиллаһпен» бастау. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім дәрет алғанда «Бисмиллаһ» деп бастаса, барлық денесін тазалайды. Кімде-кім дәрет аларда Аллаһтың атын еске алмаса, тек қана дәрет мүшелерін тазалайды».
3. Мадмада мен истиншақ. Қолдарын жуғаннан кейін алдымен үш рет аузына су алып шайқап төгуді — мадмада, үш рет мүрнына су алып төгуді — истиншақ деп атайды. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім дәрет алуға әзірленіп, алдымен мадмада, истиншақ, истиншар жасаса, сөз жоқ, сумен бірге аузы мен мүрнының күнәлары төгіледі» (Муслим, Мусафирун / 294)
4. Мадмада мен истиншақта тереңдік: Су мадмадада тамаққа дейін, истиншақта кеңсірікке дейін барады. Бірақ аузы берік жандарға мұны жасауға болмайды. Сонымен қатар аузы мен мүрнына суды рет-ретімен алу, суды жаңалау, оң қолымен алу, шалқалау және аузы берік адамдар мүрнының тек жұмсағына дейін су жіберу — мүәккад сүнеттерге жатады.
5. Мисуак қолдану. Мисуак — араб түбегінде өсетін, тісті тазалауға таптырмайтын ағаш. Мисуак жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.) көп өсиет еткен. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мисуак — ауыздың тазалығы, Раббыңның да разылығы», — дейді (Бухари, Саум /27). Басқа бір хадисінде: «Үмбетіме ауыр келмегенде әр намаздың алдында мисуак қолдануды әмір етер едім», тағы бір хадисінде «Әр дәретпен бірге мисуак қолдануды әмір етер едім», — дейді.
6. Тәртіппен жасау. Яғни, алдымен қолды, бет-жүзді, содан-соң екі білекті шынтағымен жуу, басты мәсіх ету, аяқтарды жуу.
7. Дәретті оң жағымен бастау. Алдымен оң қол және оң аяқ жуылады. Хазіреті Айша Пайғамбарымыздың (с.а.у.) барлық істі оңынан бастағанды жақсы көретінін айтады (Бухари, Салат / 47).
8. Дәрет мүшелерін үш реттен жуу. Барлық Дәрет мүшелерін үш реттен жуу — сүннет. Сондықтан не артық, не кем жуу сүннетке теріс. Бірақ, әлбетте күмәнданып, қайта жуудың жөні басқа. Мәсіх бір рет қана істеледі.
9. Дәретте қолдарын, аяқтарын жуған кезде саусақ үштарынан бастау.
10. Саусақтарды салалау. Дәрет алғанда қол мен аяқ саусақтарының арасын салалап жуу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Саусақтардың арасын салалаңдар. Олардың арасына жаһаннам оты кіріп, оларды салаламасын» (Әбу Дауд, Таһарат / 56), — деді.
11. Сақалдарды салалау. Дәрет алған кезде сақалы тығыз болгандар қолдарын сақалдарының арасына кіргізіп, жоғары қарай тартып салалау керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай салалап: «Раббым маған осылайша әмір етті», дейді (Нәйлу’л-Әутәр, 1/148). Қысқа, не сирек сақалдардың араларына су кіру оңай болғандықтан жуу жеткілікті.
12. Қаптама мәсіх — басына толық мәсіх жасау. Шынашақпен (кіші саусақ) бірге үш саусақ ұшма-үш келтіріліп, маңдайынан желкеге дейін осы үш саусақпен мәсіх етіп, желкеден соң алақанымен бастың кұлақ үстіндегі екі жағы, сұк саусакіарымен құлақ- тың ішін, бас бармақпен құлағының арты, саусақтар сыртымен мойынға мәсіх ету сүннет. Тамақты мәсих ету сүннетке теріс.
13. Дәрет мүшелерін су төгіп ысқылау.
14. Дәрет мүшелерінің бәрін бір уақытта жуу. Яғни, бірі құрғамай жатып, екінші мүшені жуу.
Дәрет алудың әдебі
1. Дәрет алған кезде құбылаға қарау.
2. Уақыт кірмей тұрып, Дәрет алып, намазға әзір түру.
3. Дәрет алған кезде су шашырамас үшін жоғарылау жерде болу.
4. Дәрет алған кезде біреуден себепсіз жәрдем сұрамау. Бірақ біреу қатты қалап, құрмет етсе, әдепке теріс емес.
5. Дәрет алған кезде кең жүзіктерін қимылдагу. Егер жүзік тар болса, қимылдатып, су кіргізу парыз.
6. Дәретте ауыз бен мұрынға оң қолымен су алып, сол қолымен су шығару.
7. Мойнын мәсіх ету. Кейбір кітаптарда мойынға мәсіх ету — мүстахап, мәндүп, әдеп деп айтылган.
8. Мүшелерді жууға жетерліктей ғана су алу. Теңізде болса да суды ысырап етуден сақ болу. Себебі, суды ысырап ету — мәкрүһ.
9. Дәрет алғаннан кейін шаһадат сөзін айту және дұға оқу. Салауат айту да сүннет.
10. Дәрет кезінде зәру бір жағдай болмаса, сөйлеспеу. Өйткені бөгдемен сөйлескенде дұға оқи алмайды.
11. Дәреттен артылған судан түрегеп тұрып, құбылаға қарап аздап су ішіп, «Аллаһым, мені әр күнә жасаған кезде тәубе етіп, күнәлардан бойын аулақ үстап тазарған салиқалы құлдарыңнан ет» — деп дұға ету.
12. Дәреттен кейін екі немесе үш рет Қадір сүресін оқу.
13. Дәреттен кейін мәкрүһ уақыт болмаса, екі рәкат нәпіл намазын оқу.
Дәрет мәкрүһтері
1. Дәрет алған кезде өлшемнен тыс артық су пайдалану. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) Дәрет алып жатып, суды ысырап еткен адамға «өзеннің жағасында алсаң да, суды ысырап етпе» деп ескерткен.
2. Суды бетке немесе басқа мүшелерге шашыратып жуу. Бұл — әдепсіздікке жатады.
3. Дәрет алу кезінде орынсыз сөйлеу.
4. Лас жерде дәрет алу.
5. Мұқтаж болмаса да, басқалардан жәрдем сүрап, Дәрет алуға су құйдыру.
6. Аузы берік адамның мадмада мен истиншақта әсірелік жасауы. Мұнда тамаққа су кету қаупі бар.
Дәреттің дұғалары
Негізінде Дәрет алған кезде айтылатын дұғалар хадисте жоқ. Сәләфи ғалымдарынан бізге жеткен бұл дұғалардың оқылуын Ханафи мен Мәликилер мүстахап санаған.
1. Дәрет алған кезде «Ә’узу» мен «Бисмиллаһ» деп мына дұға оқылады: «Әл-хамду лилләнил-ләзи жә алал-маә тәнурән уә жаәләлИсламә нура». Мағынасы: «Суды тазартушы, Исламды нұр еткен Аллаһ Тағалаға шүкір».
2. Ауызға су алғанда: «Аллаһуммас-кини мин хауди нәбиикә кә’сәнләә әдмәу бә’дәһу әбәдә». Мағынасы: «Аллаһым! Маған Пайғамбарыңның хауызынан бір кесе су ішкіз. Сөйтіп мәңгі бақи шөлдемейтін болайын».
3. Мұрынға су тартқанда: «Аллаһумма ләә тахримни раайхата найймика уә жәннәтик». Мағынасы: «Аллаһым! Мені нығметтерің мен жәннаттарыңның хош иісінен мақрұм етпе».
4. Жүзін жуғанда: «Аллаһумма бәййд уәжһи би-нурикә иаумә тәбиәдцу ужуһун уә тәсуәдду ужун». Мағынасы: «Аллаһым! Кейбір жүздердің ағарып, кейбір жүздердің қараятын күні менің жүзімді жарқын ет!».
5. Оң қолын жуғанда: «Аллаһумма а’тини китәби би-иәмини уә хасибни хисабан иәсирә». Мағынасы: «Аллаһым! Маған кітабымды оң жағымнан бер және беретін есебімді жеңілдет!».
6. Сол қолын жуғанда: «Аллаһумма ләә ту’ти китаби бишимәәли уә ләә мин уәрәән заһри уә ләә тухаасибни хисәбән шәдидә». Мағынасы: «Аллаһым! Маған кітабымды солым- нан да, арқа жағымнан да берме. Мені ауыр есепке тартпа».
7. Басқа мәсіх еткенде: «Аллаһумма ғашшини бирахмәтикә уә анзил а лайиа мин бәрәкатик». Мағынасы: «Аллаһым! Мені рақымыңа бөлеи, берекетіңді жаудыр».
8. Құлақты мәсіх еткенде: «Аллаһуммаж’ ални минәл-ләзинә иәстами’унәл-қаулә фә иәттәбігунә әхсәнә». Мағынасы: «Аллаһым! Мені хақ сөзді естіп, ең ізгі жолмен жүрушілерден ет!»
9. Мойнын мәсіх еткенде: «Аллаһумма а’тиқ рақабәти минән-нәр». Мағынасы: «Аллаһым! Денемді жаһаннам отынан азат ет!».
10. Аяқтарын жуғанда: «Аллаһумма сәббит қадайиә алас-сирати иаумә тәзиллу фиһилакдам». Мағынасы: «Аллаһым! Аяқтардың таятын күні екі аяғымды тура жолда тұрақты ет!».
Дәретті бұзатын жағдайлар мен нәрселер
1. Несеп жолынан, тік ішектен зәр, ұрықтық сұйықтық, қан, үлкен дәрет сияқты органикалық қалдықтардың бөлінуі.
2. Мұрыннан немесе дененің кез келген жерінен қан, ірің секілді нәрселердің шығуы. Ауыздан келген қан егер түкіріктің көлеміндей немесе тұкіріктен көп болса, дәретті бұзады. Аз болса бүзылмайды. Дененің басқа жерінен шыққан қан айналасына жайылса, дәретті бұзады. 1. 1. 1. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әрбір аққан қан үшін дәрет алу керек», — дейді. Егер ине үшындай бір қан шығып, қатып қалса дәретке зияндығы жоқ. Тіпті оны қолмен сүртіп не үгітіп тастау да дәретті бүзбайды. Сол секілді жарадан аққан ірің мен сары су да қан секілді.
3. Жел шығуы. Хадисте желдің шығыишықпағаны жайлы күмәнға түскен адамның желдің даусы мен исі сезілмейінше, дәреттің бүзылмайтыны жайлы айтылады (Бухари, Уду / 34).
4. Аузы толып құсу. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құсу — дәретті бұзады», — дейді (Тирмизи, Таһарат / 64). Ауыз тола су, тамақ, қан, запыран секілді Құсықтар Дәретті бұзады. Қақырық түкірік секілді болғандықтан дәреіті бұзбайды.
5. Намазда дауыстап күлу. Бұл — жанындағы адамға естілетіндей күлуі. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім намазда дауыстап күлсе, дәретін жаңалап, намазын қайта оқысын» деп бұйырған.
6. Ақыл-есінен айыратын жағдайлар дәретті бұзады. Ұйықтау, ақылына нұқсан келу, талу, мас болу секілді жағдайлар. Бірақ ұйьщтау мәселесі басқа. Еғер адам бір нәрсеғе сүйеніп немесе жантайып жатса, я болмаса аяқтарын созып отырып ұйықтаса, дәрет бұзылады. Өйткені мұндай еркін ұйықтаған жағдайда жел шығу ықтималы бар. Бірақ адам жерде жақсылан отырып, ешбір жерғе сүйенбесе немесе намазда қиямда, рүкүғта, сәждеде ұйықтаса, тіпті намаздан тыс осылайша ұйықтаса, дәреті бұзылмайды.
7. Жыныстық қатынаста болу.
8. Ерлі-зайыптылардың жыныс мүшелерінің киімсіз бір-біріне тиюлері.
9. Мәсілерге мәсіх етілғеннен кейін тұрғынға бір күн, бір түннің, ал жолаушыға үш күннің өтуі немесе мәсіх етілгеннен кейін сол уақыт ішінде мәсінің біреуін болсын аяқтан шығаруы.
10. Үзірлі адамның алған дәретінің уақыты шығуы. Белгілі бір себебі бар, мысалы, тісі қанай беретін адам әр намаз уақытының ішінде сол уақыт үшін дәрет алу керек. Жаңа азан оқылғанда сол уақытқа арналып алған дәреті бұзылады да, оған жаңа уақыт үшін қайта дәрет алуы қажет.
11. Тәйәммүм жасаған адамның суға қолы жетуі.
Дәретті бұзбайтын жағдайлар мен нәрселер
1Адамның денесінің кез келген жерінен шыққан қан, сары судың жайылмай, шыққан орнында тұруы.
2. Аузы толмай шыққан құсық.
3. Қатқан қанның қанамай, үгіліп түсуі.
4. Түкірік немесе сіңбірікке аз қан араласуы.
5. Ауыз тола қақырық тастау.
6. Мұрын, құлақ, болмаса бір жарадан дене құртының түсуі.
7. Тістелген жемісте не щеткада көрінген аққандығы білінбеген қан ізі.
8. Кене, маса, сүліктің, т.б. тойғанша сорған қаны. Бірақ сүліктің сорып болғаннан кейін жалғаса аққан қан дәретті бұзады.
9. Жақсылан мығым отыру немесе намазда аяқта, рүкүғте, сәждеде ұйықтау.
10. Намаздан тыс немесе жаназа намазында тұрып, я болмаса тиләуәт сәждесінде дауыстап күлу.
11. Жылау Дәретті бұзбайды.
12. Дауыссыз жәй ғана күлімдеу намазды да, Дәретті де бұзбайды.
Дәретке кедергі жасамайтын нәрселер
1. Адамның денесінен шыққан тер мен тырнақтың кірлері.
2. Бояушының қолындағы немесе тырнақтарындағы кетпей қалып қойған бояулар да Дәретке кедергі жасамайды.
3. Бір адам Дәретті бұзылғаннан кейін алып-алмағанына күмәнға түссе, Дәретті жоқ болып саналады. Ал, керісінше Дәрет алғаннан кейін бұзылып-бұзылмағанына күмәнға түссе, Дәретті бар деп саналады.
4. Дәрет кезінде немесе алып болғаннан кейін бір мүшенің жуып-жумағаны жайлы шүбәға түссе, қайта жуады. Егер мұндай екі ойлылық, уәсуәса жиі қайталанса, ондай кезде жудым деп, қанағат ету керек.
Үзірлі адамның Дәретті
Денеде бір ақау болып, дәреттің жиі бұзылуына себеп болуы — үзір деп саналады. Мысалы, мұрынның, тістің жиі-жиі қанауы, кіші дәреттің ағуы, әйел адамдардың хайызда басқа кұрсақ тамырының бұзылуынан пайда болған қан, т.б. Мұндай адам әр парыз намазы үшін Дәрет алады. Оған төмендегі хадис дәлел: «Үзір қанын көрген әйел, әрбір намазы үшін дәрет алады». Осылай бір намаз уақыт ішінде дәрет алған адам келесі намаз уақыты кіргенге дейін парыз, нәпіл, жаназа, қаза, айт намаздарын оқи алады. Сонымен қатар, Құранды да ұстай алады. Осы үзірден тыс Дәрет бұзылса, ол басқа мәселе. Үзірлі адам таң намазы үшін сол уақытта дәрет алса, дәреті уақыттың шығуына дейін, яғни күн шыққанға дейін жалғасады. Бірақ адамның үзірі тоқтаған кезде дәрет алып, үзірі қайталанбай дәретті бұзатын басқа бір жағдай болмай тұрып, уақыт шықса, мұндай жағдайда намаз уақытының шығуымен алған Дәретті бұзылмайды. Бірақ үзірлі кісі күн шыққаннан кейін алған дәретпен бесін намазының уақыты шыққанға дейін Дәретті бұзатын басқа бір жағдай болмайынша, қалағанынша намаз оқи алады. Өйткені күн шыққаннан кейінгі уақыт пен бесін намазына дейінгі аралықтағы уақыт — екі парыз намазының арасы емес. Үзірлі адамның киіміне үзірден шыққан қан, ірің, т.б. намазына кедергі жасамайды. Ислам — жеңілдік діні.
Дәрет намазы
Дәрет немесе ғұсыл алған соң, екі рәкат намаз оқу — мәндүп. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:
«Кімде-кім дәрет алып, одан кейін екі рәкат намаз оқыса және осы екі рәкатқа жүрегін терең салса, жәннат уәжіп болады» (Бухари, Уду, 24; Муслим, Таһарат, 5).