Чемпиондар ауылдан шығады | | Ortalyq.kz

0
162


Оқылды:
584

Жуырда Ұлытау ауданы Сарысу ауылының №7 жалпы білім беретін мектебінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Рухани жаңғыру» және «Туған жер» бағдарламасы аясында қамқоршылық кеңесінің І форумы жоғары деңгейде өтті. Шара барысында қамқоршылық кеңесінің жаңа құрамы сайланды.

Басқосуда көтерілген негізгі мәселенің бірі – Президент Н.Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты ауыл жастарының білім мен ғылымға бет бұруына, спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік жасау.

Форум барысында кішкентай өнерпаздардың өнерін тамашалап, мемлекеттік-әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап шықтық.

 Ұлытау ауданы, Сарысу ауылының №7 мектебінің спорт залдары мен кабинеттері талапқа сай жабдықталған. Ауыл балалары спорттық секцияларда шынығып, облыстық және республикалық көптеген жарыстарда жүлделі орынға ие болып жүр екен. Дегенмен, спорттық жетістіктерді бұдан әрі жоғарылату үшін спорттық жабдықтар базасын әлі де нығайту қажет.

Бүгінде Сарысу ауылындағы дене шынықтыру мен спорт түрлерін дамыту мәселесі Жезқазған аймағының «Спортты дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Жезқазған аймағында бұқаралық спорт және ұлттық спорт түрлерін дамыту» жобасы тізіміне енді. Осы тұста бастамамыздың сәтті жүзеге асырылуына Ұлытау ауданының басшылығы қолдау білдіреді деген сенімдеміз.

Мәселен, Жезқазған қаласына келген барлық даңқты спортшылар, Ермахан Ыбырайымов сияқты Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері болашақ Олимпиада чемпиондары ауылдан шығатынын айтып жүреді. Дәлел ретінде Ұлытау өңірінен шыққан боксшыларды көптеп айтуға болады. Жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, бокстан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Ұлытау ауданының Аманкелді ауылының тумасы Елдос Сайдалин, бокстан ҚР спорт шебері, Ұлытау ауданы Шеңбер ауылының тумасы Темірлан Қоңырбай, бокстан ҚР чемпионатының жеңімпазы, Ұлытау ауданыны Сарысу ауылының тумасы Нұрбол Сұлтанбай, бокстан ҚР жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың күміс жүлдегері, Сарысу-Түйемойнақ ауылында туған Сағындық Аслан мен Жалғас Арманов сынды боксшылар бар.

 Ауыл спортын жандандыру – көптеген ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктер бастауы.

Аталған форумды ұйымдастырған Сарысу ауылының №7 орта мектебінің ұжымына және мектеп директоры Д.Еділбаеваға Жезқазған аймағының «Спортты дамыту орталығы» ҚБ атынан зор алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта көптеген мәселелер бойынша бірлесе жұмыс атқарамыз.

Саят БАЛМАҒАНБЕТОВ.