Бұқар жырау туралы фильмнің премьерасы өтті |

0


Оқылды:
1

Қарағандыда «Сарыжайлау» кинотеатрында Бұқар жырау туралы «Көмекей әулие» атты фильмнің көрсетілімі өтті. Бұл оқиға үлкен қызығушылық тудырды. Деректі-көркем тарихи картинаның премьерасына келушілер қатары қалың болды. Көрермендер арасында жастар да көп.

Премьераға сонымен қатар Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мыратай Жолдасбеков, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, жазушы Алдан Смайыл, шығармашылық топ және басқа да қонақтар қатысты. 
«Көмекей әулие» фильмі Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орайластырылып түсірілді. 
Түсірілім осы жылдың көктемінде басталды. Ол Қарағанды облысының Шет, Бұқар жырау және Ұлытау аудандарында өтті. Маңызды тарихи оқиға – «Аңырақай» шайқасы Шет ауданындағы Шопа ауылының маңындағы Құсмұрын тауының етегінде түсірілді. 
Сценарий авторы Әшімхан Жәмпейісов атап өткендей, ғұлама тұлға Бұқар жырау Қалқаманұлының өмірлік жолы алғаш рет экрандалып отыр. 
— Фильм Жамбыл Артықбаевтың көп жылдық зерттеулері мен кітабына негізделген. 97 жас жасаған әйгілі жыраудың өмірін 60 минут ішіне сыйдыру мүмкін емес. Біз сол уақыттың негізгі деген 4-5 оқиғаларын алдық. Басты рөлдерді біздің актерлер орындады. Фильмде сіздер Әнет бабаны көре аласыздар. Біз сценарий жазғанда оны образын ашуды ұйғардық. Әнет баба үш бидің басын қосқан, Бұқар жыраудың рухани ұстазы болған. Сондықтан жас көрермендер ол туралы білулері тиіс. Айта кетейін дегенім, бірер күн бұрын Президентіміз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласын жариялады. Жәнеде сол қырлардың бірі – тарихи тұлғалар, оның ішінде тарихи сананы жаңғырту болып табылады. Жәнеде біздің Бұқар жырау туралы деректі-көркем фильміміз сол жұмыстың бастауы деп айтуыға болады. Жақын болашақта облыстық, республикалық деңгейде тарихи тұлғалар туралы осындай фильмдер түсіріле бастайтынына сенеміз, — дейді сценарий авторы Әшімхан Жәмпейісов. 
Түсірілім тобының мүшелері картинада интернеттен алынған бірде бір кадр жоқ дейді. Деректі-көркем фильм Ұлы жыраудың дүниеге келгеннен қаза болғанға дейінгі өмірін баяндайтын 10 эпизодтан құралады. Бұл эпизодтарда сарапшылардың пікірлері келтірілген. 
Фильмнің қоюшы режиссері — «ARMANFILMS» киномектебінің шығармашылық директоры Арман Әлімжан. Қоюшы оператор – «SARYARQA» телеарнасының телеоператоры Ғабиден Құрышбеков. 
Сценарий авторлары – тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев және журналист, «SARYARQA» телеарнасының редакторы Әшімхан Жампейісов, картина продюсері – «SARYARQA» телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек Садықанов.
Бұқар жыраудың рөлін фильмде ҚР Халық әртісі Тілектес Мейрамов орындады. Әнет бабаны ҚР Халық әртісі Досжан Жанботаев, әз-Тәукені – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов сомдады. 
«Көмекей әулие» тарихи картинасын Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарында көрсету жоспарланып отыр. 
 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз