Бұқар жырау: тұлға мен тағылым |
Оқылды:
13
Бұқар жыраудың мерейлі 350 жылдығын бұқараның тойына айналдырған Қарағанды Қазақстан ғана емес, халықаралық деңгейде сауын айтып, баба мерейтойын межеледі. Ұлы жыраудың мерейтойында жыл басынан бері аталмыш қалада өткен республикалық алқалы кеңес, келелі жиын, аймақтық, аумақтық деңгейде ұйымдастырылған түрлі сипаттағы 100-ден астам рухани-мәдени шаралар, жыр мүшәйрасы, елдік көлемде берілген ас – бәрінің басын бір екшеп, қорытынды халықаралық жиын өткерді. Өткен аптаның соңында екі күнге созылған алқалы жиын Бұқар бабаға арналған деректі-көркем фильмнің тұсаукесерімен басталды. Жұма күні қаладағы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, одан кейін К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында Кеңес Жұмабековтің «Көмекей әулие» атты спектаклі қойылды. Жырау өмірі мен шығармашылығына арналған кино жөніндегі жазба газетімізде ертесіне жарияланды. Ал, конференция мен спектакльдің қысқаша баяны – осы жазбада.
Ұлы жырау – ұлағатты шарада
«Дауыл, дауыл дегенге, Шықтық үйден жүгіріп» (Қасым) демей ме? Облыстық әкімдік пен ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған халықаралық жиын туралы хабарды ести сала біз де бардық. Түркия, Башқұртстан, Үндістан елдерінен келген зерттеушілер баяндама жасаған конференция тізгінін Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов ұстағанынан-ақ біраз жайды аңғаруға болатын шығар. Басынан қазақтың жеті ханының билігін өткеріп, «Көмекей әулие» атанған ұлы жыраудың ұлағатын насихаттауға қандай тұлға болсын мүдделі және солай болуы тиіс. Ақын Ғалым Жайлыбайша айтса, «Бұқары жоқ қоғамның, Абылайы болмайды», әрине. Біздің жыл санауымыздан бұрын өмір сүрген Конфуцидің ілімімен өмір сүрген Қытай қандай ел болып отыр?! Қазаққа не қажеттің бәрі «Айтар болсаң – Алланы айт!» деген Бұқар толғауларында тұр. Әрбір сөзінің кодын ашып, астарына үңілуде – әңгіме. Аузы дуалы әулиенің өсиеттерін оқи алмай емес, тоқи алмай келе жатсақ – өз кемшілігіміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы да осы Бұқар бастаған ғұламалар ғибратымен жүр дегенге саяды. «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат жанынан түңілсін – Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» деді Бұқар. «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер», әуелі, өз қадіріңе жет» деп тұр әулие. Президент те «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында басы ашық ұлттық тамырдың нәрімен қоректенуді айтты. Өз қадіріне жетпеген адам азады деген сөз.
Сөз арасында «Бұқар жырау мен Қаздауысты Қазыбек биді бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды» деп қалды академик Ғарифолла Есім. Жаны бар сөз! Меніңше, бұл – ендігі жерде зерттеушілер ден қоя бастайтын соқталы тақырып. Халықаралық жиынды жүргізіп отырған Мұрат Жұрынов әуелгі сөзді облыс әкімі Ерлан Қошановқа ұсынды.
– Біріншіден, Бұқар бабамыздың кім болғанын немесе тарихтағы орнын айтып қана қоймай, жаңа көзқарас қалыптастыратын уақыт келді. Елбасымыз «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында бабаларымыздың өмірі мен өркениеті туралы деректі құжаттарды ғылыми айналымға түсіру керектігін атап айтты. Тарихи сананы жаңғырту мақсатында іргелі зерттеу жүргізу үшін «Архив – 25» атты 7 жылдық бағдарлама құруды тапсырды. «Тың деректер әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушілерін күтіп жатыр» деді Елбасы. Мұндай мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге тиіспіз. Қытайдың әйгілі Конфуциі туралы қаншама ғасырлар өтсе де, әлі де жаңа деректер табылып жатыр. Ал, Бұқар жырау жайлы деректер елімізден бөлек, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Қытай мұрағаттарында шаң басып жатуы әбден мүмкін. Сіздер, зерттеуші ғалымдар, оны бізден де жақсы білесіздер.
Екіншіден, Бұқар бейнесі – жеке тұлғаның ғана емес, қазақ халқының, қала берді, қазақ тарихының бейнесі. Алдағы уақытта елімізде бұқартану институтын ашу қажеттігі туатын сияқты. Себебі, жырау – тарих қойнауынан жеткен алтын қазына. Бұл – Бұқарды ғана тану емес, сонымен бірге, бүкіл қазақ руханиятын таныту дегенді білдіреді. Сананың, ұлттың жаңғыруы да осыдан басталары анық, – деді Ерлан Жақанұлы.
«Бұқар жыраудың геометриялық ойлау тәсілі» тақырыбында баяндама жасаған академик Ғарифолла Есім былай дейді:
«Бұқар жырау заманында биліктің үш институты болған. Жыраулар, билер, хандық институты – олар. Жаңа облыс әкімі дұрыс айтты. Жыраулар институты қажет және ол Бұқар атында болу керек. Бұқарекең мұсылманша терең білген. Ол кездегі мұсылманша оқуда барлық зайырлы пәндер оқытылған. Геометрия, математика – бәрі. Байқап отырсақ, бұл кісінің толғауларында геометриялық өлшемдер жиі кездеседі. «Сегіз қиыр шартарап, Төрт құбылаңды түгел қып, Төріңде жатып салмақтан» дейді Бұқар Абылай ханға. Осы үш жолда бес ұғым, түсінік тұр. «Сегіз қиыр», «шартарап», «төрт құбылаң» дейді. Төрт бұрыш демейді. Шығыс, батыс, терістік, түстік. Соны түгел қылып, қамтып, меңгеріп, түсініп, тегістеп алып барып бір-ақ төріңде жатып салмақтан дейді. Төр – өзінің елі. Егер өз төріңде отырмай, босағада тұрып айтқан сөзің елге өтпейді деген сөз. Шартарап деген ұғым Абайда да кездеседі. Шар – бүкіл дүние, тарап деген – сегіз қиыр, жан-жағы. Сегіз қиырға кетеді сөзі. Ол кезде жай әншейін сөз жоқ.
Сөз деген – шешім. Сенің, менің айтқан сөзім шартарапқа, әлемге тарайды дейді Абылайға. Сонда Бұқар – әлемдік деңгейдегі ойшыл адам деген сөз. Бүкіл әлемнің математикалық моделін жасап отырып сөз сөйлейді.
Бұқар – терең білімді ойшыл. Толғауларының бәрі – ойға құрылған. Абылай ханға «ойла!» деп ескерткен жалғыз кеңесші», – дейді Ғарекең.
Бұқар бабаның қасиеттеріне тоқталған жазушы Алдан Смайыл бүгінгінің сөзін айтты. «Жүзге бөлінген ақыры бір табысады, дінге бөлінген қырғи-қабақ шабысады. Сол шабыстың соңы не болатынын терең ойлап жүрміз бе? Бұқар даналығына сүйенсек, келешектің кемел бағдары тұрған жоқ па?» деді Алдан Зейноллаұлы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Аманжол Әлтай баяндама жасағанда зал сілтідей тынып тыңдады. Бұқар толғауларын бүгінгімен ұштастырған ақын сөзінің мазмұнын содан аңғаруға болғандай еді.
«Бұқар жырау Қалқаманұлы поэзиясының негізгі алтын арқауы – ел бірлігі. «Ағайынның аразы – елдің сәнін кетірер» дейді. Яғни, мемлекеттің тұтастығы, ұлттың ұйысуы – әрбір шаңырақтан басталатынын меңзейді. Қазақтың көш бастаған, топ бастаған төрелері, билері, батырлары бір-бірімен тату болса, сол хандық заман қайраткерлері ұлтты ұйыстыра алса, олардың соңынан ерген халықтың да мерейі асқақ болатынын ескертеді. Бабамыз елді бірлікке, татулыққа шақырудың бірнеше түрін көрсетеді. Бұқар поэзиясы ұлттық сананың, мемлекеттік сананың айқын көрінісі деп түсінуіміз керек. «Өкпең менен қабынба, Өтің менен жарыл ма, Орыспенен соғысып, Басына мұнша көтерген, Жұртыңа жаулық сағынба!» дейді жырау. Яғни, сол заманның өзінде Бұқар бабамыз қазақ баласының таңдаған жолы – өзге елді шабу, соғысу емес, бейбітшілік пен бірліктің сара жолы екендігін, өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанда ғана мемлекеттің төрт құбыласы тең болатындығын ескертеді. Осы тұрғыдан алғанда, Бұқар бабамыздың синкретті болмысының бір қыры – қазақ хандығының сыртқы саясатын бекемдеу, оған орасан зор үлес қосқан елшілік, мәмілегерлік қырын баса айтуымыз керек» деген Аманжол Әлтай баяндамасында ұлы жыраудың барлық асыл қасиеттеріне тоқталып, ақылмандығын паш етті.
Халықаралық конференция барысында Башқұртстаннан келген Илшат Насипов, түркиялық Ерпай Ілияс, индиялық Гуар Пунит, заң ғылымдарының докторы, профессор, Бұқар баба ұрпағы Қабдолсәмет Айтқожин баяндама жасап, ой бөлісті.
Келісті қойылым – «Көмекей әулие»
Жыл бойы тойланып, қорытынды түйіні екі күнге созылған баба мерейтойының соңы – актер-драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабековтің «Көмекей әулие» тариxи драмасымен түйінделді. Қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Естеріңізде болса, аталған қойылымды жаз айларында С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрының ұжымы Кереку-Павлодарға апарып қойып қайтқан. Осы жолы жыраудың 350 жылдық тойының түйіні ретінде К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында сахналанды. Көрермен ыстық ықылас танытып, ыждаhaтпен қабылдады қойылымды. 10 жастан асқанша сөйлемеген бала Бұқар мен әкесі Қалқаман екеуінің арасындағы баланың тілі шығуына себеп болған оқиғадан бастап, баба өмірінің белді-белді кезеңдерін қамтыған драма көңіл тоғайтты. Көмекей әулиенің қалыптасу кезеңінен бастап, Абылай xанның кеңесші, ақылманы бола білген көрегендігі мен кемелдігін автор тариxи деректермен жымдастыра білген. Бұқар жырау рөлінде – театр, кино саласындағы белгілі актер, қою да қуатты қоңыр даусымен де, зор тұлғасымен де ерекшеленетін Қайрат Кемалов. Баба кейпіне ене алды. Сендіріп ойнады. Абылай xан рөлін сомдаған – жас актер Наурызбай Есей. Кей тұстарында аздаған кемшілікке ұрынғанымен, халық жылы қабылдады. Соған қарағанда, «Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен» деп Мәшhүр Жүсіп Көпейдің жазғанындай, xан мен Бұқардың арасындағы ел мен жер тағдырына қатысты өзекті диалогтар жүректерге жеткенге ұқсайды. Әсіресе, қойылымда кіші жүз жұртының азғантай бөлігінің Арқаға келіп қоныстанғаны ұтымды қиюласқан. Сонда көшті алғаш көрген Бұқар жырау бәйбішесінің ақылды бейнесі. Ерінің жоқтығын сездірмейтін қазақ әйелдеріне тән салиқалы болмыс. Сондай-ақ, ру арасындағы жағдайды ушықтырған Садырдың әлегі де тамаша көрініс тапқан. Оны жалғыз Бұқар тоқтатады. Тарихта да, жырда да солай. Осы тұрғыдан алғанда, автордың шеберлігін айтпай кетпеуге болмайды. Әлгіндегі қазақ әйелінің образының өзі тарқатып жазса, бір мақалаға жүк. Садырдың машақаты да. Алайда, Садырдың жанында ержүрек қыздың рөлін ойнаған актрисаның сөйлеу мәнері қазақ тілінің дыбысталуына мүлде жат. Орысша оқыған баланың қазақшалағанына тән. Сосын ай атауына байланысты болмаса, қазақта «қараша» деген сөз жоқ. Қарашы халық делінеді. «Ханның жақсы болмағы – Қарашының елдігі. Қарашы халық сыйласа, Алтыннан болар белдігі» деп Бұқардың өзі айтпай ма? Қойылым соңында сөз алған академиктер Мұрат Жұрынов пен Ғарифолла Есімов Сәкен театры шығармашылық ұжымының еңбегін жоғары бағалады. «Кешегі тариx бүгінге ғана емес, ертеңге керек. Қойылым саxна заңдылықтарына сай, негізгі айтпақ ойдың төңірегінде өрбіп, бас-аяғы жұп-жұмыр дүние болып шыққан» деген Ғарифолла ағамыз драманың тариxты ұрпақ санасына жеткізу сияқты маңызды міндетті атқарып тұрғанын атап өтті. Автор Кеңес Жұмабеков пен театр әртістерін құттықтады. Көрермендер қатарында осы күндері ғылыми конференцияға қатысқан түркиялық, үндістандық қонақтар да болды. Сонымен қатар, «Қазақстан-Заман» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы пьеса авторын құттықтап, театр ұжымына алғыс білдірді.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»