Болашақта әлем әскері қалай дамиды: Қазақстан

0

«Мен адамзаттың III Дүниежүзілік соғыс кезінде қандай қару-жарақпен шайқасатынын білмеймін. Бірақ IV Дүниежүзілік соғыс кезінде олар таспен, таяқпен соғысады», – деген еді атақты Эйнштейн. Алып жарылыстан соң, 80 миллиард жыл өтті ме, 8 миллиард жыл өтті ме, әлде адамдар басқа ғаламшардан ұшып келген өзге ғаламшарлықтардың «сәтсіз» тәжірибесі ме немесе адамзатты Тәңір жаратты ма? Бізге ол жағы анық емес және бұған бас қатырып та жатпаймыз. Біздің білетініміз соңғы 5 мың жылдық тарих қана. Деректерге сүйенсек, соңғы 5 мың жылда 15 мыңға жуық ірілі-ұсақты соғыс болып, 4 миллиардқа жуық адам жебенің ұшынан, қылыштың жүзінен, мылтықтың оғынан қайтыс болыпты. 

Ең апатты II Дүниежүзілік соғысқа әлемнің 57 елінен 2 миллиардқа жуық адам қатысып, оның 80 миллионы жер құшқан. Жазуға оңай, бірақ ойлап отырсаң 80 миллион тағдыр, 80 миллион адамның өлімі қаншама миллиардтаған адамға триллиондаған көз жас пен қайғы-қасірет сыйлады. Бұл ХХ ғасырдағы оқиға еді. Қазір ХХІ ғасыр… 

ХХІ ғасыр – ақпарат пен технология жарық жылдамдығындай дамыған кезең. Егер технология саласындағы даму осы қарқынын жоғалтпаса, көріпкел Эйнштейннің айтқаны дәл келетіні анық. Біз футурологтар болжамы мен технологияның мүмкіндігін пайдаланып, болашақта соғыс техникасы қаншалықты дәрежеде дамитынын сараптауға тырысып көреміз. 

Технологиялық эволюция 

Футурологтардың пікірінше, соңғы жылдары соғыс техникаларының 29 түрі жедел даму үстінде. Соның ішіндегі компьютер мен робототехника басқаларынан оқ бойы озып келеді.

Сонымен қатар, химиялық қару, радиобайланыс, лазерлік байланыс, радиожиіліктік қару және биологиялық қарулар өзгеріске ұшырап, жер үсті жауынгерлік машиналары, пилоттық қондырғылар, кемелер және зымырандар прагматикалық түрде дамитын болады.

Жасанды сана 

Алдағы 20 жылда әскери инновациямен байланысты технологиялар жедел түрде дамиды. Робототехника мен киберқауіпсіздік және жасанды интеллектің дамуы жеделдетіледі. Энергетикалық жүйелер, гипердауысты зымыран жүйелері жаңғыртылады.
Болашақта әскери технологияға қатысты негізгі сала төртке бөлінеді. Олар:

1. Әскери әрекеттермен айналысатын түрлі таратқыштар.
2. Деректерді өңдейтін және тарататын компьютерлік және коммуникациялық жүйелер.
3. Қару-жарақ платформалары мен технологиясы.
4. Қару-жарақ пен технологияның жаңа жүйесі.

Бұлардан басқа, кибермүмкіндік, интернет желілері, кванттық шоттар, жасанды интеллект, деректерді жинау, спутниктер, химиялық қару, наноматериалдар, 3D басылымдары және гаджеттер де жедел дамитын болады.

Компьютерлік технологиялар

Заманға сай компьютерлер көмегімен басқарылатын радиобайланыстардың мүмкіндігі кеңейеді. Қазіргі заманғы компьютерлер олардың тиімділігін арттырады.

Компьютерлік технология арқылы соққы беру қаупі артады.  Радио мен басқа коммуникациялық жүйелерге киберқылмыскерлердің жиі шабуылдауы өзекті мәселелердің біріне айналады.

АҚШ Қорғаныс министрлігі деректерді өңдеу салаларына 2012 жылы 5,6 миллиард, 2017 жылы 7,4 миллиард доллар бөлген. Жалпы, әлем әскері рейтингінде бірінші орыннан түспейтін АҚШ армиясы деректерді өңдеу салаларына соншалықты деңгейде көңіл бөлетін болса, бұл басқалардың да назарын аударуы қажет деп ойлаймыз.

Компьютерлік революцияның арқасында роботтар жылдам дамиды. Әскери мақсат үшін өздігінен жүретін көлік құралдары шығарылады. Мысалы, АҚШ әскеріндегі «Wingman» қазіргі уақытта ұрыс алаңына өздігінен оқ-дәрі мен құрал жеткізіп бере алады. Нақты тапсырмаларды орындайтын роботтар шығарылады. Ұшқышсыз ұшатын ұшақтар радарға көрінбейтін болады.

Теңізде өздігінен жүретін кемелер пайда болып, олар деректер жинаумен, минаны тазартумен және қорғанысты қамтамасыз етумен айналысады. 2013 жылғы RAND есептемесінде аталған кемелердің 63-і өндірілген және тәжірибеден өткізілген.

Су астында өздігінен жүретін робот кемелерді дамыту жоспарланып жатыр. Бағасы 100 мың доллар тұратын тәжірибе кемесі Атлант мұхитын өздігінен кесіп өту жобасы жасалып жатыр. Болашақта олар жедел түрде көбейтіліп, бағасы 10 есеге арзандайды.

Қазақстан әскері 

«Global firepower» мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан армиясы әлем әскерлері тізіміндегі 2018 жылғы рейтинг бойынша елуінші орынға тұрақтаған. Былтыр 55-орынды місе тұтқан болатынбыз. Азия елдері арасында алдымызда тек, Өзбекстан ғана келе жатыр. Былтыр өзбек әскері бұл тізімде 48-орыннан көрінсе, биыл 9 орынға жоғарылап, 39-орынға шыққан.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның қарулы күштерінде 214 ұшақ, соның ішінде 67 жауынгер ұшағы, 82 бомбалаушы ұшағы, 90 тасымалдаушы ұшағы, 75 тікұшақ және 18 оқу-жаттығу ұшақтары бар.

Бұған қоса, Қазақстанның әскерінде 300 танк, 1613 жаяу әскерге қарсы автокөлік және бронетранспортерлер, 285 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар, 393 реактивті артиллерия және 744 артиллериялық қарулар бар.


«Global firepower» статистикасына қарағанда, Қазақстанның қарулы күштерінде 106,500 адам қызмет етеді. Республика әскери шығындарға 2,435 миллиард доллар бөледі.

Біздегі әскери арсенал КСРО кезінен қалған деушілер де бар. Бірақ ХХІ ғасырда еліміз жаңа технологияларды сатып алу жағынан көршіміз өзбек елінен біршама алда келе жатыр. Әрине, әскери күштерге жылына 647 миллиард доллар бөлетін АҚШ-пен салыстырғанда Қазақстан қарулы күштері алдағы 20-30 жылда жоғарыда біз айтып кеткендей техникалармен толық қамтамасыз етілуі мүмкін емес. Бірақ жыл сайын әлем армиясы рейтингісінде 1 орынға жоғарылап отыратын болсақ та, 2040 жылдары отыздыққа кіріп не одан да жоғарылауымыз мүмкін.

Әлбетте, әрқашан тыныштық болғанын қалаймыз. Әлемде соғыс болмасын деп тілейміз. Дамушы елдер қатарындағы біз үшін әлемде тыныштық болғаны жақсы. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Елдің тәуелсіз екенін көрсетіп, сыртқа айбат шегіп, сүйеніш болатыны да қарулы күштері. Соғыс салдарынан 70 миллион азаматы бар дамыған Сирияның халқы 18 миллионға қысқарып, тоз-тоз болып кеткенін көзіміз көріп отыр. Біздікі тек, сараптау ғана.