Бокстан ХХVI ел чемпионаты аяқталды

0

Бокстан ХХVI ел чемпионаты аяқталды

Бокстан ХХVІ ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Ақтау төрінде шаршы алаңға шыққан кіл мықты боксшылар өзара кім мықтыны анықтады. 

Жоғары деңгейде өткен жарыста жанкүйерлер күтпеген нәтижелер де болды. Жалынды жас боксшылардың жеңіске деген жігері мен қайтпас қайсар мінездеріне де куә болдық. Төрешілер шешімі қайта қаралып, жеңімпаз қайта анықталған сәттер де болды.

49 кг

Жеңіл салмақтағы боксшылар арасында Теміртас Жүсіпов пен Жомарт Ержан фаворит еді. Жанкүйерлер де осы екі боксшының жекпе-жегін күткен. Екі боксшының жолы жартылай финалда түйісті. Алайда Жомарт жарақатына байланысты жекпе-жекке шықпады. Нәтижесінде Теміртас финалға жолдама алды.

Ақмола облысының боксшысы мансабында алтыншы рет финалда бақ сынады. Оның бірінде ғана Біржан Жақыповқа (2012 ж) жол берген. Кешегі финал да боксшы үшін сәтті аяқталды. Жас боксшы Ермек Мәдиевтен айқын айласын асырып, бесінші рет ел чемпионатында топ жарды. Бес рет чемпион атанып, рекорд жасады.

Жеңімпаз: Теміртас Жүсіпов (Ақмола облысы)
Күміс жүлдегер: Ермек Мадиев (Жамбыл облысы)
Қола жүлдегерлер: Жандос Несіпжан (Алматы облысы), Жомарт Ержан (Түркістан облысы)

52 кг

Бұл салмақта өткен жылы Шымкентте Олжас Байниязов топ жарған. Биыл бұл боксшы бабын байқата алмады. Ширек финалда Азат Махметовке жол беріп, жарысты жүлдесіз аяқтады.

52 кг салмақта Алматы облысынан барған Анвар Музапаров топ жарды. Финалда Түркістан облысынан келген боксшы Сәкен Бибосыновты ұтты. Бірінші раундта нокдаун алып қалса да, жекпе-жекте қарсыласынан қарымды екенін байқатты.

Жеңімпаз: Анвар Музапаров (Алматы облысы)
Күміс жүлдегер: Сәкен Бибосынов (Түркістан облысы)
Қола жүлдегерлер: Азат Махметов (Астана), Абай Қуандықов (Ақтөбе облысы)

56 кг

Қазақстанда 56 кг салмақта Қайрат Ералиевке тең келер қарсылас табылған жоқ. Әлем чемпионы атағына ие боксшы финалда жас талантты спортшы Ақмола облысынан келген Оразбек Асылқұловпен жұдырықтасты. Тәжірибелі Қайрат қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Үшінші рет ел чемпионы атанды. Осыған дейін 2012 және 2016 жылы жеңімпаз атанған.

Жеңімпаз: Қайрат Ералиев (Түркістан облысы)
Күміс жүлдегер: Оразбек Асылқұлов (Ақмола облысы)
Қола жүлдегерлер: Жанболат Қыдырбаев (Жамбыл облысы), Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау облысы)

60 кг

Бұл салмақта өткен жылы Берік Әбдірахманов топ жарған. Финалда биылғы чемпион Закир Сафиуллинді ұтқан еді. Биыл қатысқан жоқ. Жақын күндері мансабын аяқтамақ.

Закир үшін биылғы финал да оңай болған жоқ. Жас боксшы Саматәлі Төлтаев жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен желпініп жұдырықтасты. Дегенмен халықаралық жарыстарда жинаған тәжірибесін байқатқан Закир басым шықты.

Жеңімпаз: Закир Сафиуллин (Түркістан облысы)
Күміс жүлдегер: Саматәлі Төлтаев (Маңғыстау облысы)
Қола жүлдегерлер: Серік Теміржанов (Павлодар облысы), Бағдат Уайдаев (Қызылорда облысы)

64 кг

Биылғы ел чемпионатында жарқын жетістігімен көзге түскен боксшы Санатәлі Төлтаев болды. Өткен жылы қола алған боксшы биыл да қоламен шектелген еді. Жартылай финалдағы жекпе-жегінде төрешілер Мирасәлі Сәрсеновке жеңіс берген. Кейіннен шетелдік мамандар шешімі бойынша нәтиже өзгеріп, Санатәлі жеңгені анықталды.

Финалда 18 жастағы боксшы өткен жылғы ел чемпионы Бекдәулет Ибрагимовпен кездесті. Екінші раундта Түркістан облысынан келген боксшы жарақат алып, жекпе-жекті жалғастыра алған жоқ. Соған дейінгі нәтиже бойынша Санатәлі есепте алда тұрғаны белгілі болып, ел чемпионы атанды.

Жеңімпаз: Санатәлі Төлтаев (Маңғыстау облысы)
Күміс жүлдегер: Бекдәулет Ибрагимов (Түркістан облысы)
Қола жүлдегерлер: Мирасәлі Сәрсенов (Жамбыл облысы), Сабыржан Бекбергенов (Ақмола облысы)

69 кг

Қазақтың «салмағында» жұдырықтасатын боксшыларға артылатын жүк те ауыр секілді. Жаттықтырушылар үшін де бұл салмақта таңдау жасау оңай емес. Сондай басты бәсекелес боксшылар Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергенов еді. Жанкүйерлер де осы екі боксшының жекпе-жегін күтіп-ақ жүрген еді. Ақтау шаршы алаңында екі боксшы қолғап түйістірді. Финалдық жекпе-жектердің көрігін қыздырды.

Асланбек жекпе-жекті ширақ бастаған. Соққылары дәл тиіп, қарсыласын қыспаққа ала түскен. Алайда өз аңдысын күткен Абылайхан еш сасқан жоқ, рингті айналып қашқан жоқ. Бірінші раунд соңына қарай бір жойқын соққысымен Асланбекті бір есеңгіретіп алды. Нокдаун. Одан кейінгі екі раундта да боксшылар кезек-кезек соққы алмасумен болды. Асланбек алға ұмтыла жұдырықтасса, Абылайхан қорғана жүріп жеңіске бастар жолды тапты.

Жеңімпаз: Абылайхан Жүсіпов (Қарағанды облысы)
Күміс жүлдегер: Асланбек Шымбергенов (Жамбыл облысы)
Қола жүлдегерлер: Маулен Өскенбек (Маңғыстау облысы), Қанағат Маралов (Астана)

75 кг

Бұл салмақта Әбілхан Аманқұл фаворит саналған. Финалда бірнеше рет иығы шығып кеткенмен, қайта салдырып соңына дейін жұдырықтасты. Өткен жылы чемпион болған Ерік те осалдық танытпады. Төрешілер шешімі бойынша Жамбыл облысының атынан келген Әбілхан жеңіске жетті.

Жеңімпаз: Әбілхан Аманқұл (Жамбыл облысы)
Күміс жүлдегер: Ерік Әлжанов (Маңғыстау облысы)
Қола жүлдегерлер: Тұрсынбай Құлахмет (Қызылорда облысы), Аман Қазанғапов (Жамбыл облысы)

81 кг

Талай жылдар бойы бұл салмақта ел намысын қорғаған боксшы Әділбек Ниязымбетов спортпен қош айтысты. Ендігі кезек — кейінгі толқында. Биыл бұл салмақта Бек Нұрмағанбет жеңімпаз атанды. Финалда қостанайлық Михаил Коханчикпен жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда қарсыласы финалдық шайқасқа шықпады.

Жеңімпаз: Бек Нұрмағанбет (Түркістан облысы)
Күміс жүлдегер: Михаил Коханчик (Қостанай облысы)
Қола жүлдегерлер: Тимур Ержанов (Шығыс Қазақстан облысы), Нұрлан Сабыров (Маңғыстау облысы)

91 кг

Бұл салмақта Василий Левит теңдессіз шықты. Қарсыластарын уақытынан бұрын жеңіп, мықтылығын мойындатты. Финалда маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетовті жеңіп, үшінші рет ел чемпионы атанды.

Күміс алған Бекзат та болашағынан зор үміт күттіретін боксшы екенін байқатты. Финалда Василийге лайықты деңгейде қарсылас бола білді.

Жеңімпаз: Василий Левит (Астана)
Күміс жүлдегер: Бекзат Нұрдәулетов (Маңғыстау облысы)
Қола жүлдегерлер: Алексей Севостьянов (Қарағанды облысы), Абзал Құттыбеков (Түркістан облысы)

+91 кг

Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев ел чемпионы атанды. Әлем чемпионатында күміс алған боксшы ел чемпионатында алғаш рет топ жарды. Финалда Түркістан облысынан келген боксшы Нұрлан Сапарбайды жеңді.

Жеңімпаз: Қамшыбек Қоңқабаев (Қызылорда)
Күміс жүлдегер: Нұрлан Сапарбай (Түркістан облысы)
Қола жүлдегерлер: Ержан Сейтімбетов (Ақтөбе облысы), Айболды Дәуренұлы (Маңғыстау облысы)

Жалпыкомандалық есеп бойынша Түркістан облысының боксшылары бірінші орын алды. Олар 2 алтын 3 күміс 2 қола медаль жеңіп алды. Екінші орынға Маңғыстау облысының боксшылары (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) ие болса, үштікті Жамбыл облысының боксшылары (1 алтын, 2 күміс, 3 қола) түйіндеді.

Мырзағали Айтжанов ел чемпионаты жайлы

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов жарыс соңынан Vesti.kz тілшісіне сұхбат беріп, биылғы дода мен жас боксшылар жайлы өз ойын білдірді. 

— Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастыру жағынан ғана емес, бәсекелестік те жоғары болды. Ұлттық құраманың ешбір боксшысына демалыс берілген жоқ.

Ақтаудағы жарыс барлық салмақта бәсекелестік жоғары екенін байқатты. Көшбасшыларымыз бары да жақсы. Жас боксшылардың да шеберлігі мен тәжірибесі артып келеді, — деді бас жаттықтырушы.

2019 жылғы Қазақстан ұлттық құрамасының штаттық құрамы

Ақтаудағы ел чемпионатының жартылай финалынан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа құрамы жасақталды. Бұл құрамға іліккен боксшылар 2019 жылы халықаралық аренада ел намысын қорғайтын болады. Әуелі Азия чемпионатына қатысып, әлем чемпионатының лицензияларына таласады. Одан әрі Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынады.

Алғашқы оқу-жаттығу жиыны 6-13 желтоқсан аралығында өткізіледі. Осы жиында құрама капитаны сайланады. 

49 кг: Теміртас Жүсіпов, Ермек Мәдиев, Жомарт Ержан, Жандос Несіпжан.

52 кг: Сәкен Бибосынов, Азат Махметов, Анвар Музапаров, Абай Қуандықов.

56 кг: Қайрат Ералиев, Жанболат Қыдырбаев, Нұрбол Қалжанов, Оразбек Асылқұлов.

60 кг: Закир Сафиуллин, Саматәлі Төлтаев, Серік Теміржанов, Бағдат Уайдаев.

64 кг: Бекдәулет Ибрагимов, Санатәлі Төлтаев, Сабыржан Бекбергенов, Талғат Шәйкен.

69 кг: Абылайхан Жүсіпов, Асланбек Шымбергенов, Ермахан Жақпеков, Мәулен Өскенбек.

75 кг: Әбілхан Аманқұл, Ерік Әлжанов, Тұрсынбай Құлахмет, Нұрбек Оралбай.

81 кг: Бек Нұрмағанбет, Тимур Ержанов, Михаил Коханчик, Нұрлан Сабыров.

91 кг: Василий Левит, Бекзат Нұрдәулетов, Абзал Құттыбеков, Айбек Оралбай.

+91 кг: Қамшыбек Қоңқабаев, Нұрлан Сапарбай, Айболды Дәуренұлы, Дамир Тойбай.