Білім саласындағы биік меже |
Оқылды:
1
Ұлытау халқы 1224- 1225 жылдары Жошыны Орда-базарға көшіріп әкеліп, Кеңгірдің Сарайлы сағасына қоныстандырып, өздеріне хан көтерді. 800 жыл бұрын. Сонда ұлт ұясына тамсанған Дешті Қыпшақ билеушісінің айтқаны: «Жалпақ әлемді шарласаң – мұндай жанға жайлы жер, таза ауа, дәмді су, кең шүйгін жайылымды іздесең, сірә, таппассың» (Джузджани «Табакат-и Насири// История Казахстана в персидских источниках. IV том, 40 б.). Ұлытау ауданының білім саласы төңірегінде ой өрбітпек ниетпен аз-кем қағаз ақтарғанымызда осы сөз көзге оттай басылсын. Себебі, киелі топырақта туу – Алланың ұлы сыйы ғой. Мұны ұлытаулық өрендер де мақтанышпен айтады. Ұрандап қана қоймай, білімдегі, өнердегі және спорттағы жетістіктерімен дәлелдеп келеді. Мемлекет тарапынан да «болам деген баланың белін бууға» мол мүмкіндік жасалған…
Білім саласын жетілдіруге Елбасы Н.Назарбаевтың кезекті Жолдауы да жаңа серпін бергені сөзсіз. Үкіметке елдің білім, ғылым саласын жетілдіру жолындағы нақты міндеттерді тізіп берді. Ұлт Көшбасшысының ұстаздарды ұлықтау мақсатындағы тапсырмасы да тұтас қоғамның қызу қолдауына ие болды.
– Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс, – деп қадап айтты Елбасы.
«Жүрекке жылы тиген» (Абай) бастама – талайдың көкейінде жүрген-ді. Президент дөп басты. Мұғалімдердің күніге қағаз «кеміріп», қоғамдық жұмысқа жегіліп, әбден жауыр болып жүргеніне біздің де көзіміз қанық.
Не керек, кезекті Жолдаудан кейін көптің іші жылып, көңілі марқайып қалды. «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, төр – мұғалімдікі» (Мағжан), әрине.
Ұлытау ауданына қарасты 38 білім беру ұйымының педагогтары да шарапатты бастамадан шет қалмайды. 17 жалпы орта білім беретін, 2 қосымша білім беретін мектеп (Өнер мектебі мен Оқушылар үйі) және 5 балабақша мен 14 мектеп жанынан құрылған шағын орталық мамандары.
Ауданның білім бөлімі басшысы Бағдат Әбдірайымов жас ұрпақты тәрбиелеу, мұғалімдердің имиджін көтеру және білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатындағы жұмыстар ауқымды екендігін алға тартады.
– Мемлекет басшысы Жолдауларынан білім беру ісін одан әрі дамыту міндеті тыс қалған емес.
Мемлекетіміз, халқымыз үшін зор маңызы бар білім беру саласына аудан мұғалімдері де өлшеусіз еңбек сіңіреді.
Білім беруді жетілдірудің 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама бойынша мектепке дейінгі білім беруден бастап, балалар құқығын қорғау, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, білім берудің электронды жүйесін енгізу, инклюзивті білім беру, мектептерді аттестациялаумен қатар, өзге де көптеген мәселелер қамтылады.
— Біз ұрпағымызды, болашағымызды тәрбиелеу жолында мемлекетіміздің білім саясатын басшылыққа ала отырып, жүктелген міндеттерді атқара береміз, – дейді Б.Әбдірайымов.
Ауданның бас ұстазы мәлімдегендей, бүгінгі таңда аудан мектептерінде оқушылардың орын тапшылығы мәселесі жоқ.
«Балапан» бағдарламасы аясында аудандағы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту толығымен шешілген.
2018-2019 оқу жылында аудан мектептері бойынша 2 мыңға жуық шәкірт тәрбиеленуде. Олардың 215-і – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Сондай-ақ, 200-ден астам балақай даярлық сыныбында оқып жүр.
Осы жолда білек сыбанған 500-ге жуық бала бағбанының қатары биылғы оқу жылында 9 жас маманмен толыққан. Ұлт ұясындағы мектептерде жаңартылған мазмұнға көшу мақсатында да ауқымды шаралар қолға алынған.
Мәселен, биылғы оқу жылында жаңартылған білім мазмұны бойынша 3,6,8 сыныптардағы ұл-қыздар тәлім-тәрбиемен сусындауда. Аудан бойынша 270 мұғалім жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өткен. «Орта білім беруге жаңартылған мазмұнын енгізу барысында, ұстаздардың еңбекақысын көтерумен қатар, қазіргі заманғы оқу құралдарына, интернетке, ұстаздардың біліктілігін арттыруға қажетті шығындар да қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізуде», – дейді ауданның білім бөлімі мамандары.
Жаңартылған мазмұнға көшу аясында мұғалімдер үшін біліктілікті арттыру курстары, соның ішінде, үш тілді оқыту әзірлігін қамтитын курстар ұйымдастырылып оқытылған.
Қолымыздағы ресми деректерге сүйенсек, Ұлытау ауданы бойынша информатика, физика, химия және биология пәндерінен сабақ беретін пән мұғалімдерінің жалпы саны – 74. Олардың қатарында ағылшын тілін оқыту курстарынан өткені –10 мұғалім (13,5%).
Жаңартылған білім беру бағдарламасының басты ерекшеліктерінің бірі – биылғы жылы 7 мектепте 8 сыныптар бойынша (№1 Ұлытау, №6 Жезді, №7 Сарысу, №15 Қарсақбай, Жезді аралас мектеп-интернаты, №5 Пионер және №14 Алғабас ЖОББМ) жаратылыстану пәндері үш тілде оқытылуда.
№1 Ұлытау (ағылшын тілі), №6 Жезді (география пәнінен) және №15 Қарсақбай (математика пәнінен) жалпы орта білім беретін мектеп базасындағы Тірек мектептерінен пилоттық тұрғыдан бейіндік сыныптар ашу да оқу жылы қарсаңындағы жоспарға енген.
Аудандағы білім беру мекемелерінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4-бағыты жүйелі жүзеге асырылуда. Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып аудандағы №1 Ұлытау жалпы орта білім беретін мектеп базасындағы Тірек мектебінен ІТ-сынып ашылды. Сонымен қатар, аталған мектепте «Гидропоника» тәсілі қолға алынды. Яғни, өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісімен қолданатын құрылғы орнатылды.
Ауданның білім бөлімі басшылығы мәлімдегендей, мектептердің материалдық техникалық базасын нығайту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте, 2018-2019 оқу жылы қарсаңында мектептерге оқу әдебиеттерін сатып алу үшін аудандық бюджеттен 32 миллионнан астам қаражат бөлінген.
Оқулықтар «Атамұра», «Мектеп», «Алматы кітап», «Бөбек», «Арман ПВ», «Келешек», «Білім», «Еdu Stream», «Астана-кітап», «НиШ», «Көкжиек-Горизонт» баспаларынан шыққан 1,2,3 сыныптарға арналған барлық пәндер бойынша жұмыс дәптерлерімен қоса сатып алынған. 3,6,8 сыныптарға барлық пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары алынып, барлық жалпы орта білім беретін мектептерге 100% үлестірілген.
Осылайша, жаңа оқу жылын жаңа оқулықтармен толықтай бастауға мүмкіндік туған. Жас буынның алтын ұяларының қыс мезгіліне әзірлігі де жоспарға сай пысықталған. 2018-2019 оқу жылындағы жылыту маусымын ойдағыдай өткеруге қажетті 5070 тонна көмірді сатып алуға аудандық бюджеттен 89 миллионнан астам қаражат бөлінген.
Бұған дейін «Орталықта» жариялағанымыздай, Ұлытау ауданындағы білім беру мекемелерінің қазандықтары көмірмен толықтай қамтылды. Осы жазда ауданның білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарына жөндеу жұмыстары да жүргізілді.
№1 Ұлытау орта мектебінің шатыры – 17 920 000 теңгеге, №15 Қарсақбай орта мектебінің шатыры – 13 425 440 теңгеге, №18 Мибұлақ орта мектебінің шатыры – 9 968 000 теңгеге, №5 Пионер мектебінің шатыры 2 088 888 теңгеге жаңартылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, Жезді кентінде орналасқан №6 Жезді орта мектебінің 1 және 2 қабаттарына, акт залына, спорт залына 55 345 999 теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы мектептің жылу қазандығын жөндеуге – 2 200 000 теңге, №7Сарысу орта мектебінің жылу қазандығы мен жылу жүйесін жабдықтауға – 1 230 000 теңге, №9 Терісаққан орта мектебінің жылу қазандығы мен жылу жүйесін жаңартуға 4 980 000 теңге қаржы бөлініп, аталған нысандарда ауқымды жұмыстар атқарылған. Өңірдегі білім беру нысандарының әлеуетін арттыруды көздеген жұмыстар мұнымен шектелмейді. Атап айтсақ, №1 Ұлытау орта мектебіне, №6 Жезді орта мектебіне және №2 Қорғасын орта мектебіне 3 дана жиынтығымен зияткерлік ойын кабинеттерінің жабдықтары сатып алынған.
№6 Жезді орта мектебіне жалпы көлемі 1 миллион 800 мың теңгеге жуық қаражатқа оқушыларға қажетті парталар, орындықтар сатып алынған. Мұғалімдерге қажетті үстелдер мен орындықтарды жаңартуға 220 мың теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған емес. Мысалға, №1 Ұлытау орта мектебінің ғимаратына 1 971 875 теңгеге бейнебақылау жүйесі орнатылған. Ауданның білім бөлімі тарапынан атқарылып жатқан ілкімді істер мұнымен шектелмейді.
Мектептерді стандартқа сай Мемлекеттік рәміздер жиынтығымен қамту мақсатында бір жарым миллионнан астам қаражат жұмсалған.
Республикалық маңызға ие «Мектепке жол» акциясы да Ұлытау ауданындағы білім ұяларында жыл сайын өткізіледі. «Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету» дейді ауданның білім бөлімі мамандары.
Қамқорлықты ту еткен шара туралы халықты кеңінен ақпараттандыру жұмыстары да аталмыш өңірде жүйелі жүргізіледі. Сонымен қатар, тұл жетім, аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға көмек көрсету мақсатында кент, село әкімдеріне арнайы хаттар жолданады.
Биыл аудан бойынша мектеп жанындағы сауықтыру алаңы 13 мектепте ұйымдастырылған.
«Жалпы, аудан бойынша аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар саны – 230, көп балалы отбасынан шыққан балаларға оқушылар саны – 175» дейді қолдағы деректер.
Аудан балаларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесі де жергілікті биліктің, ауданның білім бөлімі басшылығының жіті назарында.
Мәселен, №1 Ұлытау ЖОББМ ТМ/РОнан – 3 оқушы, № 6 Жезді ЖОББМ ТМ/РОнан 7 оқушы Теміртау қаласы маңындағы «Жалын» спорттық мектебінің «Бригантина» лагерінде демалып қайтқан. Бір балаға берілетін жолдама құны 35 000 теңгені құраған.
Сондай-ақ, аудан әкімдігінің демеушілігімен мектептердегі аз қамтылған, көпбалалы және озат оқушылар қатарынан 10 оқушы (№1 Ұлытау ЖОББМ ТМ/РО – 4 оқушы, №6 Жезді ЖОББМ ТМ/РО – 3 оқушы, №14 Алғабас ЖОББМ – 3 оқушы) Қызылорда қаласының «Арай Санрайз» лагерінде тынығып қайтқан.
Оқушыларды тарихи жерлер мен киелі орындармен таныстыру мақсатындағы жұмыстар да Ұлытау ауданында жүйелі жолға қойылған. Биылғы жазда №7 Сарысу ЖОББМ, М.Мыңқаев атындағы №10 Борсеңгір ЖОББМ жанындағы сауықтыру алаңдарына жиналған оқушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Теректі әулиемен» танысқан.
№3 Аманкелді ЖОББМ жанындағы сауықтыру алаңында тыныққан оқушылар – «Алтын шоқыға», №4 Қаракеңгір ЖОББМ оқушылары – «Хан ордасына», №11 Қоскөл, №15 Қарсақбай, №17 Байқоңыр ЖОББМ шәкірттері «Қалмақ қырған» тарихи ескерткішіне барып, таным көкжиектерін кеңейткен. Осындайда ақын Сайлаухан Нәкеновтің «Екі дүние жұмағы» өлеңіндегі мына бір жолдар ойымызға оралады:
«…Ұлтқа төнсе ұлы сын,
Қамал еді тас қорған.
Жошы хан да ұлысын
Ұлытаудан басқарған.
Елдің мұңын жоқтаған
Едігенің ұлы ісі. Ұлытауда тоқтаған
Тоқтамыстың тынысы.
Аңыз айттық мың кісі,
Мейлің, қосыл, қосылма.
«Адам Ата тұңғышы туған, – дейді осында».
Басталатын көгінде
Адамзаттың самғауы
. Тəңірінің тегін бе Ұлытауды таңдауы?!
Бір қорытынды шығады,
Мүмкін емес қолдамау.
Екі дүние жұмағы Ұлытауда болған-ау!».
Жас буынның тарихтың тамырынан нәр алғаны, көзімен көріп, көңіліне түйгені қандай ғажап?!
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие жəне білім» бөлімі «Өлкетану» базалық бағытының аясында мектеп оқушыларына тәлім беру жұмыстары оқу жылы барысында да жүйелі жалғасып келеді. Мысалы, ауданның білім бөлімі «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи-қорық мұражайымен бірлесе отырып, 10 сынып оқушылары арасында «Жошы хан» аудандық байқауын өткізген.
Ұлытау ауданы білім бөлімінің басшылығы оқушылардың денсаулығын нығайту ісіне де терең мән береді. Биылғы жазда Қарағанды қаласындағы «Бәйтерек» сауықтыру орталығына ауданның 16 оқушысы барып емделіп қайтқаны – соның бір дәлелі.
Жоғарыда тізбектеп жазғанымыздай, мемлекет тарапынан білім беру саласына жасалған қамқорлық нәтижесіз болмайтыны анық.
Ұлытаулық ұл-қыздардың Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша көрсеткішінде ілгерілеу байқалады. Орта есеппен, 5,6%- ға өскен. Аудандағы мектеп түлектерінің 50,3%-ы мемлекеттік грант жеңіп алып, жоғары оқу орындарында білім алуда.
Өңірдегі білім мен өнерге құштар шәкірттер «сөз патшасының» қадіріне де жете біледі. XIX Абай оқуларының облыстық кезеңінде №2 Қорғасын орта мектебінің оқушысы Аяла Сартай Бас жүлде иеленсе («Көңілім әнді ұғады» бағыты бойынша), №17 Байқоңыр орта мектебінің оқушысы Еркеназ Қордабай І орынға қол жеткізген («Ұлылар әлемі» бағыты бойынша). Ал, №10 Борсеңгір орта мектебінің оқушысы Аяулым Раушанова ІІ орын алған («Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бағыты бойынша). «Жарқын болашақ» X республикалық қазақ тілі олимпиадасында да ұлытаулық өрендердің топ жарғанын естіп білдік. Педагог мамандар жақсы біледі, бұл олимпиаданың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, халқымыздың мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамыту.
«Жарқын болашақтың» аудандық кезеңіне 50 оқушы қатысқан. Бұл кезеңде көш бастағандары олимпиаданың республикалық кезеңінде (Жезқазған қаласында өткен) аудан намысын қорғаған. Нәтижесінде, «Тілшіәдебиетшілер» байқауында – №6 Жезді орта мектебінің оқушысы Әсем Тастемірова, №1 Ұлытау орта мектебінің оқушысы Ибрагим Хафизов, «Жазушылар» байқауында – №1 Ұлытау орта мектебінің оқушысы Томирис Өтеш, «Жас ғалымдар» байқауында №7 Сарысу орта мектебінің оқушысы Дана Дулатбаева ІІ орынға қол жеткізген. Олимпиаданың ІІІ орындарын №4 Қаракеңгір орта мектебінің оқушысы Аружан Төлеубек («Сөз шеберлері» байқауынан) және №17 Байқоңыр орта мектебінің оқушысы Алма Сағат («Әнші – бұлбұлдар» байқауынан) жеңіп алған.
Біз келтірген мысалдар – ұлытаулық оқушылардың жетістіктері төңірегінде өрбітер әңгіменің бір бөлшегі ғана. Бұдан бөлек, өңір өрендерінің спорттағы жетістіктерін де ауыз толтырып айтуға болады. Суреттерді сөйлеттік…
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»