Бет тазалаудың кешкі ережелері
Кейбір бикештер «боянған жоқпын, сондықтан бетімді тазалаудың да қажеті жоқ» деп есептейді. Бұл – қате түсінік, себебі ауадағы шаң-тозаң тері бездерін бітеп, уақыт өте келе бет ажарының бүлінуіне әкеп соғады.
Ертеректе сабыннан басқа лосьонмен тазартқан болса, қазір сүт, тоник, гель сияқты түрлері өте көп. Тек дұрыс пайдалана білу қажет.
Лосьон. Құрамында спирті жоқ лосьонмен бетті тазартуға болады. Лосьон таңдауда бетіңіздің ерекшеліктерін ескере отырыңыз.
Косметикалық сүт. Косметикалық сүт, крем бетті тазартып қана қоймай, құрғаудан да сақтайды.
Гель. Өзімізге үйреншікті сабынның орнына жүретіндіктен, сондай-ақ зиянды бактерияларды өлтіретіндіктен, көп қолданылады.
Сабын. Бәрімізге әбден таныс құрал болғанымен, кез келген сабынмен бетті жууға болмайды. Құрамында глицерин мен қаймақ бар арнайы бет жууға арналған сабынды ғана пайдалану қажет.
Дымқыл майлық. Қазірде косметикалық құралдар қосылған дымқыл майлықтар бар. Іссапарға шыққанда таптырмайтын құрал.
Тоник. Бетті бірінші тазартудан кейін сергіту үшін қолданылады.
Қалай тазарту керек?
Ерінді тазарту үшін екі шетінен ортасына қарай сипаймыз. Кірпікті, көзді, керісінше, кеңсіріктен құлаққа қарай сүртеміз. Кірпікке майсана жағамыз. Ол кірпікті өсіреді әрі құрғаудан сақтайды. Бетті тазалағанда массаж жасайтын бағытпен сүртеміз де соңынан тоникпен сергітіп болған соң, түнге арналған иісмайды жағамыз.
Бетке мерзімінен ерте әжім түспеуі үшін әрбір бойжеткен ұйықтауға жатар алдында тіс тазалағаны сияқты, бетті де тазалап жатуға әдеттенгені жөн.
Сұлулығыңызбен елді таңғалдыра беріңіз!