Балабақша сабақ жоспары: Гүл сыйлайық анаға

0

Тақырыбы: 8 — наурыз мерекесіне арналған ертеңгілік. «Гүл сыйлайық анаға»
Мақсаты:
1. Білімділік.
Музыкалық тақырыптық шығармаларды сауатты орындау арқылы мазмұнын бейнелеу. Анаға деген сүйіспеншілікті ән құдіретімен жеткізу. Нәзік сезіммен, мазмұнын сезініп орындауларын көру.
2. Дамытушылық.
Сюжеттік — рольдерді ойнау арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін көру.
3. Тәрбиелік.
Ана деген сөздің мазмұнын кеңірек ашу арқылы бала бойынан ізгілік, мейірбандық, адамгершілік қасиеттерді бойына қаншалықты сіңіргендігін байқау.
Кейіпкерлер:
1. Қызыл телпек
2. Әже
3. Көктем
Әсем безендірілген залда «Анашым» әні баяу естіліп тұрады. Ер балалар қыздардың қолдарынан ұстап кіреді де, ілтипат білдіріп қыздарды жайғастырады.
Жүргізуші:
Қымбатты ақ жаулықты әжелер, абзал аналар, ару қыздар! Сіздерді көктем айының алғашқы мерекесі 8 — наурыз Аналар күнімен құттықтаймыз! Әрқашан дендеріңіз сау, көңілдеріңіз көктем күніндей шуақты, көктем гүлдеріндей нәзік те, жайдары болсын деп тілейміз.
Қазіргі де бұрынғы өткен заманда,
Ананы қадірлемес адам бар ма?
Аналар ардақтылар жасай берсін,
Әрқашан бақыттысың анаң барда.
Хор: «Ән айтамыз анаға»
Жүргізуші: Бәрімізге осынау өмірді, әлемнің жарығын сыйлаған кім?
Балалар: Ол — ана!
Жүргізуші: Дүниеде ең қымбат кім?
Балалар: Ол әрине анамыз!
Жүргізуші: Дүниеде ең тәтті не?
Балалар: Ол — ананың сүті.
Жүргізуші: дүние ең жұмсақ не?
Балалар: Ол — ананың алақаны!
Олай болса осыншама сыйлаған аналарымызға гүл сыйлайық.
Балалар ол гүлдерді қайдан алсақ екен?
Осы кезде музыка әуенімен Қызыл телпек кіреді.
Қызыл телпек:
Сәлеметсіз бе? Мен қайда келдім?
Жүргізуші:
Сәлеметсіз бе! Балалар, бұл кім, сіздер таныдыңдар ма?
Балалар:
Қызыл телпек.
Жүргізуші:
Дұрыс айтасыңдар балалар бұл сол ертегідегі Қызыл телпектің өзі ғой. Қызыл телпек сен бізге қалай келдің?
Қызыл телпек:
Мен орманда әжемнің мерекесіне гүл шоғын сыйлаймын деп көп гүлдер іздеп адасып кеттім.
Жүргізуші:
Ендеше Қызыл Телпекті ренжітпей оған көмектесейік. Солай ма, балалар?
Балалар:
Ия, көмектесейік.
Қызыл телпек:
Олай болса балалар барлығымыз сол әдемі гүл шоқтарын бірге іздейік, сендер келісесіңдер ме?
Жүргізуші:
Әрине аналар мерекесінде аналарға гүл сыйлауға біздің балаларда дайын. Гүлді табу үшін өнерден шашу шашсақ гүл шоқтары тез табылып қалар. Ал біздің балалардың мерекеге арнап дайындаған өнерлерін тамашалайық.
Би: «Шляпа» ұлдар биі
Тақпақтар:
Асылхан
Теңдесі жоқ данасың,
Арқа тұтар панасың.
Еңбегіңді ақтаймын,
Аман болшы анашым!
Сагдиана
Әлпештеп аялаған,
Ақ сүт беріп өсірген.
Аналардың мейрамымен,
Құттықтаймын бүгін мен!
Мирас
Тыңдап қызық ертегіні,
Жайдым орман желкенімді.
Ән айтамын әже өзіңе,
Болсыншы деп сен көңілді.
Назерке
Гүл ектік аулаға,
Көктемде көңілді.
Бақта да, бауда да.
Ақ гүлдер өрілді.
Али
Қош келдің ән салдық,
Қуанып қарсы алдық.

Күн нұрын сепкен,
Жер жылып кепкен.
Тал бүршік төккен,
Көңілді көктем. Дастан
Әлішер
Әлпештеген аялаған,
Ақ сүт беріп апатайым.
Сәлем жазып бүгін саған,
Мейрамыңмен құттықтаймын.
Гүлімай
Сүйесің ұл — қызыңды,
Айналайын, жан анам!
Күншуақтай жүзіңді,
Айналайын жан анам!

Қызыл телпек: — Балалар біз қазір ойын ойнаймыз. «Анамызды әсемдейік ер балалар»
Балалар: — Қызыл телпек сен бізбен бірге ойнашы.
Қызыл телпек: — Жарайды.
Қызыл телпек: — Би билейік қыздармен.
Жүргізуші: — Ал балалар сендер біраз өнерлеріңді көрсетіңдер, Қызыл телпекте біраз еңбектенді, бірақ гүл шоқтары табылар емес.
Қызыл телпек: — Енді қайтсек екен?
Осы кезде есік қағылып, ішке Қызыл Телпектің әжесі кіреді.
Әже: — Амансыңдар ма, балаларым! Сендер менің немерем қызыл телпекті көрмедіңдер ме?
Балалар: — Сәлеметсіз бе?
Жүргізуші: — Сәлеметсіз бе, әже! Сіздің немереңіз Қызыл Телпек біздің балалармен бірге жүр. Ол сіздің мерекеңізге арнап гүл шоқтарын іздеймін деп адасып, біздің балаларға жолықты.
Әже: — Е — е — е, енді түсінікті болды. Сырттан бақылап, естіп тұрдым. Жақсы балалар екенсіңдер менің немеремді сендердің орталарыңнан көргеніме қуаныштымын. Ал мені қандай өнерлеріңмен қуантасыңдар, балалар?
Жүргізуші: — Біздің балалар аналарға арнаған көптеген әндерін айтып, өлеңдерін оқиды. Енді ортамызда отырған әжелерімізге және сізге арнап әже туралы әндерін айтып, билерін билеп берсін.
Хор: «Әжемнің шәйі»
Би: «Шляпа» қыздар биі
Ойын: «Кішкентай көмекші»
(Әжеге аяқ киім, көзілдірік кигізіп, қолына газетін беріп жасыру).
Тақпақтар:
Алмас
Әже деген көп шығар,
Әжемдей менің жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі,
Қандай ғажап күлкісі.

Нұрсұртан
Таусылмайды өлеңі,
Күнде айтып береді.
Барған сайын бір жаққа,
Кәмпит алып келеді.
Әжем мені өйткені,
Өте жақсы көреді.
Әсем
Алақаны ақ самал,
Мәпелеген жан Ана.
Көкте күнім батса да,
Өзің күнсің балаңа!
Диана
Құшағыңа кіргенде,
Жылынамын бір демде.
Не жетеді көзіңе.
Әйсән
Ақылшым, анашым,
Мен үшін данасың.
Үлгі боп ояттың,
Қызыңнын санасын.
Ерасыл
Құрт пен майын жинаған,
Балаларға сыйлаған.
Бұл әжемнің өміі,
Таусылмайтын жыр маған.
Зайнедин
Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір — бірден,
Анаға сыйлаймыз.
Әдемі
Үн қатасың бал тілмен,
Еркелеймін әр күн мен.
Құттықтаймын анашым,
Сегізінші наурызбен!

Әже: — Ой балалар, сендерге көп — көр рахмет!
Қызыл Телпек: Әжетайым, сені мен гүл шоқтарымен қуантқым келген бірақ мына балалар бәріміз болып іздеп, әлі таппадық.
Осы кезде әдемі әуен естіліп, ішке Көктем келеді.
Көктем:
Сәлем, сәлем балақайлар,
Әзиз әже назды апайлар.
Мен шуақты ала келдім,
Қуаныңдар алқайлап,
Жерге кілем жаба келдім,
Құстар әнін ала келдім.
Жан бітіріп табиғатқа,
Әсем әнді сала келдім.
Әп — әдемі шоқ гүлдерді,
Даладан мен жинай келдім.

Қызыл Телпек: — Ой, балалар қараңдаршы қандай керемет гүлдер! Ал мен болсам гүлдерді іздеген болатынмын — деп мұңайып қалады.
Жүргізуші: — Сен мұңайма Қызыл Телпек, бұл көктем гүлдері. Ал көктем гүлдерін ең алғаш Көктем береді, олай болса біздер сол әдемі гүлдерді көктемнен сұрайық. Көктем сен біздің балаларға және Қызыл Телпекке әдемі гүл шоқтарын бересің бе?
Көктем: — Әрине беремін. Осы гүлдер мына отырған аналарға, әжелерге арналады. Қызыл Телпек кәрзенкенің ішіне үңіліп қарап: — Ой қандай әдемі гүлдер:? Мынау не деген әшекейлер, балалар мынаны қараңдар? Балалар да, таң қалады.
Көктем: — Ол әшекейлерді мен ойын ойнау үшін ала келдім.
— Балалар айтыңдаршы, сендер аналарыңның әдемі болып жүргенін қалайсыңдар ғой.
Балалар: — Ия, дейді.
Енді міне ойын да ойналды, әшекей де, тағылды. Қызыл Телпек мына гүлдерден сенде ала ғой.
(Қызыл Телпек те, қуанып, гүлді алады. Әжесіне сыйлайды).
Қызыл Телпек: Ой балалар мен қуанып тұрмын. Осы гүл шоқтарын мен ұзақ іздедім. Сол гүлдерді бізге Көктем ала келді. Ендеше бәріміз Көктемге рахмет айтайық.
Балалар: Рахмет! — дейді.
Көктем: — Ал балалар, сендер өз әжелеріңді, аналарыңды қуантыңдар. Менің енді басқа да баратын жерлерім бар, сендер сияқты басқа балаларға да көмектесейін.
Әже: Ал балалар мен немеремді таптым, сіздерге көп рахмет біздерде жүрейік. Мерекеге арнап бәліштер пісірейін мен енді немере қызымды қуантайын — дейді.
Көктем, Қызыл Телпек, Әже қоштасып шығып кетеді.
Би: «Тататарлар» биі
Тақпақтар:
Түн ұйқысын төрт бөлген,
Қатем болса кешірген,
Еркелетіп өсірген
Анам саған бас ием! Мағжан

Менің анам шуағым,
Айтқандарын ұғамын.
Мен өскенде анамдай,
Ақылды боп шығамын Дастан

Мені жақсы көреді,
Күндей күліп келеді.
Көп ертегі біледі,
Маған айтып береді.
Мен гүлдерді жұлмаймын,
Торғайларды қумаймын.
Айтқан сөзін тыңдаймын,
Апашымды сыйлаймын. Жансұлтан

Көктемде көңілді,
Құстар кеп жатқанда.
Құлпыртып өңірді,
Гүл ектік бақтарға. Ислам

Мәпелейсің мені анам,
Қолындағы құсыңдай
Құлпыра өсіп дем алам
Құшағыңда қысылмай. Алина

Құшағыңа кіргенде
Жылынамын бір менде.
Не жетеді өзіңе
Мейірімі де күнмен тең. Әсел

Ән: «Құттықтаймын мама, туған күніңмен!»
Би: Жастар биі
Жүргізуші:
Аналардың жанарында
Тұратындай таң күліп
Барлық бала өз анасын
Сүйіп өтер мәңгілік.
Ендеше осындай балаларды дүниеге әкеліп, жарық күн сыйлаған аналарымызға бәріміз бас иейік.
Хор: «Анаға сыйлаймыз»
Осымен аналар мерекесіне арналған «Гүл сыйлайық анаға!» атты ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Сау саламатта болыңыздар! Аналарымыз аман болсын!…..

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!