Бала болашағы — бақшадан |
Оқылды:
15
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қарағанды қаласының Оңтүстік Шығыс бөлігінде «Алтын бесік+» жекеменшік балабақшасы ашылды. «Жаңа бизнес бастамаларды қолдау» бірінші бағыты аясында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қайта құрылған балабақшаның ашылу салтанатына қала әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ қатысты.
Мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз ету мәселесін оңтайландыру мақсатында кейінгі жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жекеменшік балабақшалар ашыла бастады. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру негізінде және құны мемлекеттік бақшалармен теңестірілуі нәтижесінде ата-аналар үшін жылдап кезекке тұру мәселесі келмеске кетті. Оның үстіне, жекеменшік балабақшаларда баланы жан-жақты дамыту мәселесі де қарастырылған. Сондай-ақ, уақытты оңтайлы үйлестіруді талап ететін ақпарат заманында, бала үш жасқа толғанға дейін күтпей, бір жастан бақшаға беру – ата-ана үшін таптырмас мүмкіндік.
Балаларды мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы да, ақылы негізде де қабылдайтын, 140 орынға шақталған «Алтын бесік+» жекеменшік балабақшасында да барлық жағдай қарастырылған. Таңертеңгі сегізден кешкі сегізге дейін балаларына еш алаңдамастан жұмыстарын тындыра беретін ата-аналардың да балабақша туралы пікірлері оң. Мәселен, «Алтын бесік+» балабақшасында баланың қауіпсіз жағдайда болуымен қатар, уақытын тиімді өткізетініне сенімді боласыз. Заман талабына сай қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретумен қатар, баланың жан-жақты жетілуіне жағдай жасалған. Спортқа бейімді болса, каратэ, күрес сияқты үйірмелер, суретке қабілеті болса – сурет үйірмесі, тіпті, би үйірмесі де бар. Яғни, балабақшадағы білікті мамандар баланың қабілетін ашып қана қоймай, жан-жақты дамуына тікелей ықпал етеді. Баланың болашақ өмірінде орнын тауып, тіпті, болашақ мамандығын таңдауға да әсері болады.
Сондай-ақ, бұл жерде балаларға теледидар көруге, смартфон ұстауға мүлдем тыйым салынған. Уақыттың барлығы пайдалы іске, оларды дамытуға, ерте жастан әлеуметтену, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталады.
Ал, қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, кез келген бөлмеде бақылау камералары орнатылған. «Балабақша стандарттық талаптарға сай, қауіпсіздік техникасының жоғары деңгейде сақталуы, қызметкерлердің жауапкершіліктері – онлайн-бақылау сыз-ақ баланың балабақшада болған уақытының қауіпсіз жағдайда өтетініне сенім білдіруге толық мүмкіндік береді» дейді сенімгер басқарушы Гүлнар Сейсенбекова.
Тамақтану мәселесіне де балабақша басшылығы талғампаздықпен ден қойған. Таңертеңнен кешке дейін балаңыз бес рет үйлестірілген тағаммен қамтамасыз етіледі.
Балабақша құрылтайшысы мектепке дейінгі мекеме ашуда оң тәжірибеге ие. Осыдан бес жыл бұрын ашылған «Алтын бесік» балабақшасы мектепке дейінгі тәрбие беруде қызмет көрсетіп келеді және ата-аналардың сұранысына ие.
Нұрлан ӘУБӘКІРОВ: Қарағанды қаласының әкімі: – Тұңғыш Президент күні қарсаңында кезекті балабақшаның ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Соңғы екі жыл Елбасының тапсырмасы, облыс басшылығының ықпалымен жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты көбейту арқылы көптеген жекеменшік балабақшаларды ашуға мүмкіндік берді. Соңғы жылдары 3 мыңға тарта жаңа орындар ашылды, жыл соңына дейін тағы 3-4 балабақша ашу жоспарда. Сондай-ақ, жекеменшік-серіктестік аясында инклюзивті балабақшалар да ашылатын болады.
Балабақшалардың басты миссиясы – бала тәрбиесінде бірінші базалық білім мен патриоттық тәрбие беру. Заман талабына сай жабдықталған «Алтын бесік+» балабақшасына келетін бүлдіршіндеріміз ертең қаламызды, облысымызды, елімізді әлемге танытатын болады. Ал, олардың үлкен өмірге бірінші қадамын осы бақшада бастағаны үнемі жадында жүретін болады.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.