Бабадан қалған мұра — сен, Бүрмелі көйлек кіл әсем… |
Оқылды:
351
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген еді. Орынды-ақ. Халқымыздың қанында қайнап, тамырында тулап жатқан бірегейлігіміздің бір көрінісі – ұлттық сән үлгімізде. Бұл ретте, өңіріміздің ұлттық таным тұрғысынан өркендеуіне өзіндік үлес қосып, салт-дәстүр сабақтастығын жалғастырып келе жатқан Венера ИСИНАНЫҢ басшылығындағы «Нұрәсем» сән үйінің алар орны ерекше. Сонау 90-шы жылдардың басында ірге қалап, Тәуелсіздігімізбен қатар тамыр жайған бұл өнер ордасына да биыл 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр көлемінде шеберлер мектебін қалыптастырып үлгерген Сән үйі өз мерейтойын жуырда Қарағандыдағы «Достық үйінде» салтанатты түрде атап өткен еді…
«Музыка ұлтқа бөлінбейді» дейді. Сірә, бұл ұғым бар өнер туындысына қатысты болса керек. Сұлулық пен әсемдік, көркемдік пен кербездік, тереңдік пен шеберлік үйлесім тапқан тұста оны түсіндіріп жатудың өзі артық. Түйсіне де сүйсіне білсеңіз болғаны. Ал, бұл шеберлік ұлттық таным-түсінікпен, мыңжылдықтар мұрасымен ұштасқан болса, тіптен ғажап!
«Достық үйінің» кең залы кербез бұйымдармен безендіріліп, сұлулық салтанат құрған шараның шырайын ашып-ақ тұр. Әдетте, алқалы жиын өтетін орын бұл жолы әсемдік айдынына айналған іспетті. «Аққу» би ансамблінің арулары «Нұрәсемнің гимні» ырғағымен шыр айнала билеп, шаттықты мерекенің шымылдығын түрген шақ. Өңірімізге танымал өрелі азаматтар арнайы ат шалдырғанын көріп-ақ, Сән үйінің ел дамуына қосқан үлесін аңғарғандай болдық.
– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ерекше атап өткен болатын. Бабадан қалған озық дәстүріміз деп ұлттық сән үлгімізді айтар едік. Бұл ретте, 1993 жылы шағын фирма ретінде құрылған «Нұрәсемнің» ел таныған беделді Сән үйіне айналып, бүгін ширек ғасырға қадам басқанының өзі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүйелі жүзеге асып жатқанының дәлелі емес пе? Мен бұл ісмерлер ұжымының әр басқан қадамына, бағындырған белесіне куәмін. Көз алдымда өсіп-өнді. «Нұрәсем» арқылы жерлестеріміз бабадан қалған бай мұрамен қайта қауышты. Осы күні өңіріміздегі мәдениет һәм өнер ұйымдары мен ұжымдары Венера Исинаның шеберханасынан шыққан киім үлгілерін пайдаланады десем, қателеспеймін, – деді «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова.
Рас, бір кездері небары 3 тігін машинасы, бірнеше тігінші, санаулы кестеші, бір ғана киім пішушісі бар фирма осы күні облыс, республика көлемі тұрмақ, шетелге де жете таныс. Өңіріміздегі бишілер мен әншілер, оркестр мүшелері, театр артистері болсын, «Нұрәсем» өнімін алуды дәстүрге айналдырды. Бұған дәлел – шараға арнайы ат басын бұрған облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Сансызбай Бекболатов, облыс орталығындағы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысовтың құттықтау сөздері.
Десе де, ою ойып, өрнек салатын, кесте тігіп, көйлек пішетін шеберлер бала киіміне де атүсті қараған емес. «Бала айтқаныңды емес, көргенін істейді» демей ме дана халқымыз. Үлкендер үлгі болып ұлттық нақышта киінсе, балалар неге безінсін одан?! Оған да көзіміз жетті. Сән үйінің шеберлері көпшілік назарына балалар киімі сән үлгісін ұсынғанда, таңданбаған һәм тамсанбаған адам қалмаған болар. Қаршадай ғана бүлдіршіндер ортаға шығып, көптің көзін қуантып, жүрегін мейірімге бөлеп, әсемдік әлемін паш ете білді.
Аталған сән үйі халқымыздың мол мұрасын қайта жаңғыртып қана қоймай, Қазақстан дейтін қарашаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлт пен ұлыстардың төл киімін тігуді де меңгеріп үлгерген. Сөйтіп, көзіқарақты көрермен назарына ендігі кезекте заманауи интернационалды ұлттық нақыштағы киім үлгілері ұсынылды.
Шырайлы шараны жалғап әкеткен жылы лебіз, перизат пейіл. Облысымызға танымал іскер, қызметкер азаматшалар ағынан жарылды. Солардың қатарында облыс әкімдігі тарапынан ат шалдырған Қорлан Бегімова, іскер әйелдер қауымдастығының өкілі Гүлнар Ермекова, облыстың іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Жанаргүл Құлмағамбетова да бар. Өз кезегінде Қорлан Бегімова облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, аймақ басшысының Алғыс хатын табыс етті. «Құрметті Венера Исина! Жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі табысты еңбегіңіз және облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаныңыз үшін алғыс білдіремін» делінген Ерлан Қошановтың құттықтауында.
– Еңбегіңнің жемісін көргенге не жетсін? Жарғақ құлағым жастыққа тимей, ұзақ жылдар бойы осы өз кәсібімді жүйелі жолға қойсам деп табанды тер төктім. Оның жеткен жетістігіне туған халқымыз куә. Бірақ, толыстық, кемелімізге келдік демеймін. Әлі де ауқымды жұмыс атқару қажет. «Нұрәсемнің» ертеңі нұрлы болса деймін. Осы ісімді жалғастырып жатқан қызым мен келінім бар. Қызым Нұргүл Рысқұлова «NURI» топтамаларын әзірлеп, әлемге таныла бастады. Соған қуанамын, – деді Венера Исина.
Әрине, елімізде кәсіпкерлер әулетін қалыптастыру мәселесі көптен бері айтылып келеді. Сән әлемі де бұдан кенде қалмауы тиіс. «Ана көрген тон пішер» деп бекер айтпаса керек халқымыз. Ана ізін жалғаған Нұргүл Рысқұлованың да жеткен жетістігіне қуандық. Оның туындылары елімізде өтетін әлемге әйгілі дизайнерлердің «Fasһionweek» сән көрсетілімінен бастап, АҚШ және Вьетнам сән апталықтарында да жоғары бағаға ие болды.
– Мен ойластырған киім үлгілері көбіне-көп күнделікті киіп жүруге негізделген. Кез келген ару еліміздегі қай дүкеннен болсын сатып ала алады оны. Бұған 2013 жылы кірістім. Биыл бес жылдың жүзі болды. Киім үлгілерінің басым бөлігін өзім пішемін. Дизайнері өзім болғандықтан, әрине. Бірақ, бұл киімдер де «Нұрәсем» сән үйі ұжымының еңбегі деуге болады, – деді Нұргүл Рысқұлова.