Әуезов және Абай | Скачать Дипломдық жұмыс
КІРІСПЕ
Абай шығармашылығы – адамзат даналығының таусылмас қазынасы. Бұл
қазынаны ақтарған сайын тың жаңалықтар тауып, қазақ елін әлемдік мәдениетке
жеткізу жолындағы рухани бастаушыны тани түсеріміз анық. Оның даналығы мен
парасаттылығы, озық идеялары халқымызды дамыған елдер кеңістігіне апарар
лайықты жолға жөн сілтейді.
Абай мен М.Әуезов мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа
жалғасатын, маңызын жоймайтын зерттеудің қайнар көзі. Бұл күндері қос
ғұлама есімі ұлттық сана-сезімде мәңгі аталатын ұлы тұлғаларға айналды.
Дана Абайдың қазақ халқының рухани ұстазы ретінде танылып, әлемдік көркем
ойдың алтын қазынасына айналуы – оның өз мұрасы ғана емес, сонымен бірге
М.Әуезовтің Абай жолы роман-эпопеясы арқылы жүзеге асты. Бұл ретте ең
бірінші тілге тиек етеріміз – Мұхтар әлемінің Абай әлемімен рухани
сабақтастық мәселесі. Бүгін біздің назарымызды көбірек аударуға тиіс нәрсе
— Мұхтар Әуезовтің ұлы Абаймен рухани жақындық-жалғастығы. Осы жайында
академик З.Ахметов: Мұның өзі дүниежүзі әдебиетіндегі айрықша құбылыс.
…Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Мұхтар Әуезовтің
дүниежүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық,
ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді [1, 32-б.] деп, Абай мен
Мұхтардың рухани сабақтастығының дүниежүзі әдебиетіндегі маңызын айрықша
атап көрсетсе, М.Әуезовтің өміртанымын, көзқарасын сөз еткенде ұлы Абайдың
рухани дәстүрінсіз талдау мүмкін емес. Онсыз Мұхтар тұлғасы толық
ашылмайды, деп ескертеді ғалым Т.Жұртбай [2, 11-б.]. Демек, М.Әуезовтің
көркемдік-эстетикалық нысанасы, суреткерлік тұрғысы, шығармашылық ойлау
даралығының Абайдың көркемдік үлгі-өнегелерінен бастау алатыны сөзсіз.
Дипломдық жұмыста Абай мұрасының М.Әуезовтің шығармашылығына тигізген
игі ықпалы, атап айтқанда, ақын мұрасының жазушының көркем туындыларына
еніп, эстетикалық танымдағы сөз қолданыстарын меңгергендігі мен
шығармашылық тұрғыдан жетілдіргенін айқындайтын нақты талдаулар жасалды.
Сонымиен қатар, бұл жұмыста қазақ әдебиетінің қос заңғары Абай мен М.Әуезов
әлеміндегі рухани сабақтастық, көркемдік тұтастық, дәстүр мен жаңашылдық,
табиғи тамырластық мәселесін салыстыра отырып саралау көзделді.
Тақырыпты зерттеудің өзектілігі. Абай мұрасы қазақ әдебиетінің көп
зерттелген әлі де сыры мол және әр қырынан бұдан да тереңірек зерттеуді
қажет ететін ғылыми салаға айналып отыр. Сол сияқты М.Әуезовтің өмірі мен
шығармашылығына арналып жазылған еңбектер, ғылыми зерттеулер легі де жыл
өткен сайын молайып келеді. Абай шығармашылығының қайнар көздері Шығыс және
Батыс әдебиетімен, өзіне дейінгі ақындармен үндесу құбылысы аракідік болса
да қозғалса, М.Әуезовтің жазушылық дарынына әсер еткен әлем әдебиетінің
озық үлгілері де кеңестік дәуір кезінде саясаттың үдесінен шығу тұрғысынан
айтылды. Сонымен қатар, Абай мен М.Әуезов шығармашылығы дербес ғылыми сала
ретінде бүгінгі уақытқа дейін зерттеліп келгенімен, олардың рухани
сабақтастығы, көркемдік бітім тұтастығы, дүниетанымдық ортақ көзқарастары
әлі де кеңінен зерттеуді қажет етеді. Өйткені, Абай мұрасының М.Әуезовтің
жазушылық құдіретіне, ғұламалық шеберлігіне игі әсері туралы ғылыми
еңбектерде ішінара мақала көлемінде айтылып жүргені болмаса, жеке-дара
арнайы зерттеу нысанына алынған емес.
Жазушының ақынның бай тілін меңгеруі, рухани мұраның қалыптасуындағы
Абайды зерттеп тануы бүгінгі таңда әуезовтану саласының қалыптасуына жол
ашты. М.Әуезовтің бүкіл ғылыми-шығармашылық ғұмырында Абай тақырыбының
басты орын алатыны белгілі. М.Әуезов жазушы болғанымен, оның ұлы ақынды
идеал ретінде де, пір тұтар рухани ұстазы ретінде жүрек түкпірінде жақын
балайтыны кез келген шығармасынан аңғарылады. М.Әуезов өз сөзінде оны
нақтылы атап көрсетіп: Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің
бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан [3, 71-б.] деп
жазды. Осы орайда академик Р.Нұрғали да: Әрине бойындағы табиғи дарынымен
Әуезов Қазақстанның қай бұрышында туса да жазушы болып шығатыны сөзсіз еді,
бірақ оның Шыңғыстауда, Тобықты арасында тууы, ұлы Абаймен жерлес болуы –
творчестволық тағдырына айрықша қызмет атқарған фактордың бірі деп, Абай
мен Мұхтар шығармашылығындағы үндестіктің сырын тереңінен қозғайды [4, 138-
б.].
М.Әуезов шығармашылығы мен Абай мұрасы арасындағы сабақтастықтың сан
сала бағыттары мен арналары жетерлік. Соның ішінде, екі ғұламаның
дүниетанымдарындағы ортақ гуманистік, қоғамдық, ойшылдық үндестік пен
сөйлеу тіліндегі тұтастық, суреткерлік шеберлік сырларын зерттеу –
жұмыстың өзектілігін құрайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тамырын тереңге жайған Абай мұрасының
зерттелу тарихына көз жіберсек, баспасөзде ресми түрде 1889 жылдан
басталады. Ұлы ақын мұрасын танып білуге арналған ғылыми мақалалар,
монографиялық зерттеулер, текстологиялық талдаулар, әр түрлі деректер саны
жыл өткен сайын молығып келеді. Абайтану ғылымының қалыптасып дамуына
К.Ысқақұлы, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Н.Рамазанов,
Т.Ибраһимов, М.Әуезов, Қ.Жұбанов, Ә.Жиреншин, С.Мұқанов, М.Сильченко,
М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, А.Нұрқатов, З.Ахметов, М.Базарбаев,
С.Қирабаев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Әлімқұлов, З.Қабдолов, С.Қасқабасов,
Р.Нұрғали, Н.Ғабдуллин, М.Мырзахметұлы, Р.Сыздықова, Р.Бердібаев,
Т.Қожакеев, Ә.Нарымбетов, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Қ.Мұхамедханов,
А.Егеубай, Ж.Ысмағұлов, Т.Жұртбай, Қ.Жүсіпов, Ө.Күмісбаев, А.Ісімақова,
Б.Әбдіғазиев, Т.Тебегенов, Ө.Әбдиманұлы, М.Бейсенбаев, Б.Байғалиев,
Б.Ердембеков, Ж.Шойынбет т.б. ғалым-зерттеушілер қомақты үлес қосты.
Сонымен қатар, М.Әуезовтің де мұрасын танып бағалауда әдебиетші ғалымдардың
қосқан үлесі де айтарлықтай. Мұхтар Әуезов шығармаларына, әсіресе, 1934
жылдан бастап назар аударылып, баспасөз беттерінде жиірек талқыға түсе
бастады. Жазушы туындыларына байланысты зерттеу бағыты аға буын өкілдері
С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Б.Кенжебаев,
Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин еңбектерінен бастау алады. Бұл дәстүр жалғасын
тауып, оның шығармашылығына ғана емес, ғылыми еңбектеріне де қатысты сын-
пікірлер айтылып, Қ.Жармағамбетов, З.Кедрина, Л.М.Әуезова, Е.Лизунова,
Ы.Дүйсенбаев, А.Нұрқатов, З.Ахметов, З.Қабдолов, Х.Әдібаев, Т.Кәкішев,
Р.Бердібаев, Р.Нұрғали, М.Мырзахметұлы, К.Сыздықов, Т.Ақшолақов,
Қ.Тасболатов, Қ.Бітібаева, Т.Жұртбай, Ж.Дәдебаев, З.Бисенғали, Д.Ысқақұлы
сынды әдебиеттанушылар еңбектерінде әр қырынан қарастырылып, баға берілді.
Аталып отырған ғалымдар тарапынан Абай мен М.Әуезов шығармашылығы
арасындағы рухани үндестік мәселесі арнайы зерттеу нысанына алынбағанымен,
аракідік болса да ауызға алынып отырғаны белгілі. Ғалым Р.Нұрғали 1967 жылы
Қазақ әдебиеті газетінде жариялаған Тақырыппен табысу атты мақаласында,
Трагедия табиғаты (1968) атты монографиясында, Әуезов және Алаш, Сөз
өнерінің эстетикасы атты еңбектерінде Абай мұрасының жазушыға тигізген
әсері жөнінде тоқталып өтеді. Абай шығармашылығын, поэзиядағы Абай дәстүрін
зерттеген ғалым А.Нұрқатовтың Жалғасқан дәстүр (1980) атты еңбегінің Ел
өмірінің айнасы бөлімінде Абай жолы романындағы Абайдың ақындық мәселесі
қарастырылып, ақын шығармаларының туған сәті жайында айтылады [5]. Абайдың
рухани інісі атты мақаласында әдебиеттанушы Л.Соболев: Абай мен Мұхтардың
арасында ортақ бір ұқсастық бар деп айту артық болмайды: біріншіден – ол
әдеби кемел талант және, екіншіден – өз халқының жарқын болашағы туралы
арман [6, 71-б.] деп тұжырымдайды. Ал Абай жолы роман-эпопеясын жазу
барысында М.Әуезовтің Абайдың ақындық, ойшылдық дүниетанымына, көркемдік
тіліне иек артқаны жөнінде сөз қозғаған Х.Әдібаев Алыптың тұлғасы
мақаласында: …Бойындағы бар жақсылық атаулыны ақтара отырып, ізденісін,
тебіренісін Абайдан тапты. Екі ұлы жан бір-бірін биіктен танып, рухани
дүниесімен қосылып кетті [7, 96-б.] десе, академик З.Қабдолов Арна
(1988) атты зерттеуінде, Абай және Әуезов (1997) атты мақаласында екі
алыптың үндестігін арнайы атап көрсетіп: Демек, М.Әуезов – Абайдың ізін
басушы емес, өнер жолын жалғастырушы: Мұхтар қазақ әдебиетін Абай көтерген
биіктен әрі қарай өрлетіп, бүкіл дүниежүзілік классиканың күнес кеудесіне
шырқатып шығарды. Абай мен Мұхтардың творчестволық туыстығын, екі алыптың
өзара ұқсастығын, міне, дәл осы ерекшеліктен іздеген жөн [8, 44-б.] деп
пайымдайды. Осы орайда З.Ахметов Абай және Әуезов (1995) атты
мақаласында ұлылар арасындағы рухани жақындыққа тоқталып, аталмыш
тақырыптың маңыздылығына, өзіндік ерекшелігіне назар аударады [9].
Абай мұрасын ғылыми-шығармашылық тұрғыдан зерттеп, абайтану ғылымын
қалыптастыру жолындағы М.Әуезовтің көп жылғы қажырлы еңбегі туралы
М.Мырзахметұлы М.Әуезов және абайтану проблемалары (1992), Абай және
Әуезов (1997) атты зерттеулерінде арнайы қарастырады [10]. Философия
ғылымдарының докторы А.Тайжановтың зерттеу еңбегінде М.Әуезов
шығармашылығының дүниетанымдық өзектеріне Абайдың рухани ұстаз болғаны
айтылады [11]. М.Әуезов шығармашылығындағы Абай дәстүрі жайлы Ж.Дәдебаев
[12], Т.Жұртбай [2] еңбектерінде де кеңінен сөз болады.
Тақырыпқа қатысты ой-тұжырымдар мен түйінді пікірлер зерттеудің
қажетті тұстарында басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі
мақсаты – Абай мұрасының М.Әуезов шығармашылығына ықпалы, ақын мен жазушы
шығармашылығы арасындағы рухани сабақтастық, әдеби жалғастық мәселесін
айқындай отырып, М.Әуезов шығармашылығындағы Абай дәстүрінің іздерін
саралап, ақын мұрасының жазушы туындыларындағы көрінісін, жалғастық тапқан
қырларын ашу болып табылады. Осы мақсаттан мынадай нақты міндеттер
туындайды:
– Абай дәстүріне қатысты ғылыми тұжырымдарды нақтылап, Алаш
әдебиетінің Абай дәстүрімен сабақтастығын пайымдау;
– Абай өмір сүрген дәуір болмысының жазушы шығармашылығындағы
көрінісін: ел билеу мен әкімшілік жүйенің сипатын ашу;
– қос қаламгер шығармашылығының рухани нәр алған бастау көздерін
анықтау;
– қос алыптың дүниетанымындағы қоғамдық, азаматтық ортақ ой сарындарын
түйіндеу;
– М.Әуезов туындыларындағы Абай сөздерінің шеберлікпен қолданысқа
түсуін салыстыру арқылы айқындау.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың негізгі
тұжырымдары мен нәтижелері қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүр мен жаңашылдық
проблемасын талдап түсінуге көмегін тигізеді. Сонымен қатар, әдебиеттегі
қос заңғардың рухани шығармашылық сабақтастығын зерттейтін дипломдық
жұмыста ұсынылған тұжырымдар мен қорытындыларды жоғары оқу орындарындағы
қазақ әдебиеті тарихы пәнінен өткізілетін жалпы курстар мен абайтану пәні
мен әуезовтану атты арнайы курстарда, семинар сабақтарында пайдалануға
болады.
Зерттеудің құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және
пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕ АЛАТЫН ОРНЫ МЕН МАҢЫЗЫ
1.1 Абай дәстүрі — Алаш әдебиетінде
ХХ ғасырдың басында-ақ Алаштың арыстары Ахмет Байтұрсынұлы Абайға
қазақтың бас ақыны деп, ал Мағжан Жұмабаев хакім ақын деп, Сұлтанмахмұт
Торайғыров ақындар пайғамбары деп лайықты бағаларын берген болатын.
Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде бірінші ғылыми ой айтқан Әлихан
Бөкейханов …Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы
болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген
қазақ ақыны әлі кездескен жоқ, — деп жоғары баға береді [13, Б.18-19].
Абай шығармашылығына шынайы әдеби талдау жасап, алғаш ақындығына көркемдік
тұрғыдан зерделі ой айтып, ғылыми құнды мақала арнаған А.Байтұрсынұлы:
Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибрагим) Құнанбаев, онан асқан бұрын-
соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ деп жазған
болатын [14, 54-б.]. Ал М.Дулатұлы Абайды оянып келе жатқан қазақ халқы
әдебиетінің негізін салушы деп таныстырады. Абайдан соңғы ақындар
шығармашылығы туралы қазақ әдебиеті тарихында алғаш ғылыми мақала жазған
Ж.Аймауытұлы. Ол Абайдың ақындық өнерін жалғастырып, дәстүрін сабақтаған
Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан поэзиясына талдау жасайды.
Қазақ әдебиеті тарихында Абай дәстүрі деген ұғымның қалыптасып, кең
қанат жайғаны бүгінгі әдеби үрдістің даму барысында зор маңызын көрсетіп
отыр. Осы орайда ғалым Б.Әбдіғазиев: Абай дәстүрінің – қазақ әдебиетінің
даму тарихында заңды жалғасын тауып, жан-жақты байып келе жатқан асыл арна
екендігін атап көрсетеді [15, 16-б.].
Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай дәстүрі туралы М.Әуезовпен қатар
С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Ы.Дүйсенбаев, А.Нұрқатов, Қ.Мұхамедханұлы,
Ы.Мұстамбаев, Ә.Жиреншин, З.Ахметов, М.Базарбаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев,
М.Мырзахметұлы, Ж.Ысмағұлов, Б.Әбдіғазиев, Б.Ердембеков сынды ғалымдар әр
қырынан зерттеп, ақын салған сара жолдың кейінгі қазақ әдебиетінің дамуына,
әдеби үрдістің жалғасуына тигізген игі ықпалын көрсетті.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығы Абай
атты ұлы арнадан бастау алады. Олардың ұлы ақынды өздеріне ұстаз санап,
оның үлгісімен өлең жазғанын белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың ішінен
З.Ахметов [16], Р.Нұрғали [17], Ж.Ысмағұлов [18], Д.Қамзабекұлы [19],
Ө.Әбдиманұлы [20] еңбектерінде арнайы сөз болады. Абай мұрасының ең етене
мирасқорлары – Алаш әдебиетінің өкілдері, — деп атайды ғалым Ж.Ысмағұлов
[18, 33-б.].
Алаш әдебиетінің рухани тарихымыздағы ерекше кезең екені, ұлттық
әдебиеттанудың алтын арқауы болғаны ғалым А.Ісімақованың Алаш
әдебиеттануы [21] атты ғылыми еңбегінде және Алаш ұранды әдебиетке,
өнердегі ұлттық рухқа бағыштаған ғалым Р.Нұрғалидың Әуезов және Алаш [19]
атты кітабында жан-жақты қарастырылған. Ұлттық әдебиеттің жедел дамуына
қосқан үлестерін салмақтап айтқан 2006 жылы шыққан Қазақ әдебиетінің
тарихы атты он томдық ұжымдық еңбекте ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп,
өресін биіктеткені кеңінен сөз болған. Онда ХХ ғасырдан бастап жаңа қазақ
әдебиетінің өркендеуіне Абай дәстүрінің әсері болғаны айтылады [22, 8-б.].
Абайдың озық идеялары халықты мәдени өркендеуге, өнер-білімді, ғылымды
игеруге шақырса, кейіннен жаңаша мағынаға ие болып, жаңа ғасыр басындағы
қоғамдық жағдайда ұлттық ояну, азаттық үшін күресу идеясымен ұштасып,
ұлттық ұранға айналған болатын.
С.Торайғыров – Абай дәстүрін ілгері дамытып, қазақ поэзиясында өзіндік
жаңа айшықты өрнегімен, өз жаңалығымен артынан соны із қалдырған ақын.
Сұлтанмахмұттың Абайды ұстаз тұтқандығы, алғашқы кезде еліктеп жазғандары
оның өлең өлшемдері мен сөздіктерінен көрінеді. Ол Абайдың оқу-ағарту,
білім-ғылым саласындағы ойларын, әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз
заманының шындығын өлеңдерінде өрбітіп дамытады. Қазақ халқының көзін
ашуды, келеңсіз жайлардың көзін жоюды ойлайды. Ел ішінде етек алған
кемшіліктерді өткір сынап, өмір мен қоғам алдындағы көлденең тартқан
мәселелерді жырлайды. Бұл жағынан ол — Абайдың жолын дамытушы.
Ақын өнегесі мен тәрбиесін тікелей ғибрат алып, оның дәстүрін ілгері
дамытқан Абайдың бас шәкірті – Шәкәрім. Ол Абайдың қоғам туралы толғамын,
адам болмысын танудағы ізденісін, терең ойшылдығын ұлы ұстаз дәстүрін
сақтай отырып, жаңаша жаңғыртып, жасампаздықпен дамытты. Қоғамдық,
әлеуметтік шындықты батыл айтып, реалистік тұрғыда суреттеуде Шәкәрім
поэзиясы Абай өлеңдерімен сарындас. Абай мен Шәкәрім поэзиясының үндестігін
зерттеген ғалым Б.Әбдіғазиев: Осы реалистік дәстүр, шынайы халықтық арна
Абайдан кейінгі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Шәкәрімнің
шығармашылығының да негізгі идеялық-көркемдік нысанасына айналды. Оның
реализмі, әсіресе, саяси, азаматтық лирикада айқын көрінді, — деп, Абай
дәстүрінің Шәкәрім шығармашылығында жалғастық тапқанын ғылыми негізде
дәлелдейді [15, 34-б.].
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамы Абай мен Шәкәрім
шығармаларында өзінің барлық бітім-болмысымен шынайы суреттеледі. Абай
өлеңінде көтерілген мәселелер Шәкәрім поэзиясында да сөз болады. Ұстазы
сияқты Шәкәрім де халқым, қазағым, елім, жұртым деп сөйлейді.
Ақынның Қазақ, Тағы сорлы қазақ деген өлеңдерінде Абайдың Қалың елім,
қазағым, қайран жұртым деп келетін өлеңдегі ой, идея дамытылады.
Абай дәстүрін Шәкәрімнен кейін іліп әкетіп, әрі қарай дамытқан – Ахмет
Байтұрсынұлы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиетінде Абайдың азаматтық
үнін, ұлтжанды сезімін барынша күшейтіп дамытқан ақын. Абай сияқты Ахмет
Байтұрсынұлы да халқым, жұртым, елім деуден танбайды. Ахмет ұстазы
Абайға еліктеп, дәл Сегіз аяқ өлеңінің үлгісінде Жиған-терген деген
өлең жазады. Бұл өлеңі арқылы ақынның Абаймен өнер жарысына түскені
білінеді. А.Байтұрсынұлының Жұртыма атты өлеңі Абайдың Қалың елім,
қазағым, қайран жұртым өлеңімен сарындас. Бұл өлеңдегі ақынды
толғандыратын мәселе – халқының қолынан биліктің, басынан бірліктің
кеткені. Сондықтан жұртының тағдыры ақынды көп алаңдатады. Жұртын жан-жаққа
бытырап ұшқан шуылдаған қарғаға теңейді, елін қоян жүрек қорқақ етіп
бейнелейді.
Абайдан соңғы ақындардың ішінен Ж.Аймауытұлы М.Дулатұлын ерекше атап,
оның ақындық өнеріне, өлеңдерінің күшті қуаттылығына жоғары баға береді.
Міржақыптың көркем әдебиеттегі ұстазы – Абай. …Ахмет, Міржақыптар алғаш
қолдарына қалам алып, әдебиет майданына құтты қадамдарын бастаған шақта,
олардың көз алдында адастырмас жарық жұлдыз – Темірқазық – Абай тұрды,
деген Қ.Мұхамедханұлының пікірі А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының Абайды
өздеріне ұстаз санап, үлгі тұтқандығын анықтайды [23, 184-б.].
Абайдың азаматтық лирикасының сарыны М.Дулатұлының өлеңдерінде ерекше
көрініс тапқан. Абайдың халық тағдырын жырлаған қоғамдық азаматтық
пікірлерімен Міржақыптың халықты ояту, өнер-ғылымға шақыру, прогреске үндеу
идеясындағы өлеңдерімен сабақтас. Міржақыптың Сайлаулар хақында өлеңі сол
кездегі болыс сайлауын егжей-тегжейлі сөз етеді. Абай заманында шыққан
болыс сайлауының сол кездегіден еш өзгермей, халықтың дегбірін қашырып,
мазасын алып болғаны ащы тілмен сыналады. Екі ақынның өлеңдерінде де болыс
болудың жолында өтірік, қулық, екіжүзділік пен алаяқтық іске баратын
адамдардың қылықтары жиіркенішпен әшкереленеді. Патша өкіметінің болыстық
билікті шығарып, ел ішін ұрыс-керіске айналдырғанына наразы болады.
Халықтың береке-бірлігінен айрылып, мазасыз күйге енгені осының айғағы
екенін түсіндіреді.
Ақындық өнерінде өзінің рухани ұстазы Абай дәстүрін дамытып, қазақ
поэзиясын тың өрнектермен, жаңа айшықтармен байытқан, поэзия әлеміндегі ірі
тұлға – Мағжан. Мағжанның ақындық қадамында Абайға еліктеп көп өлең жазғаны
туралы ғалым Ш.Елеукенов Абайды ұстаз, Мағжанды шәкірт деп танытады.
Ғалымның айтуынша: Мағжанның Мағжан Жұмабаев сынды ақын болып қалыптасуы
алдында Абайдай алыптың тұрғандығы, — деген сөзінен екі ақынның әдеби
байланысын анық аңғаруға болады [24, 16-б.].
Мағжан Абай дәстүрлерін негізінен азаматтық сарындағы өлеңдері мен
табиғат, махаббат тақырыбындағы сыршыл лирикасында өрістетті. Абай
өлеңдерінде кеңінен сөз болатын елде етек алған ұрыс-керіс, дау-жанжал,
талас-тартыс, барымта Мағжанның Жатыр атты өлеңінде жалғасын тапқан.
Абайдың халқын өнер мен білімге шақырған ағартушылық идеясын Мағжан
Қазағым атты өлеңінде қостайды. Ағайынға тату-тәтті өмір сүріп,
надандықтан қашып, жиылып қала салып, болашаққа өркениетке қарай ұмтылуды
қажет деп санайды. Осыған ұқсас Мағжан Сорлы қазақ деген өлеңінде қазақты
мандытпай түбіне жетіп отырған надандық жайлы сөз қозғайды. Оқу мен
білімнің жолына малыңды аямай төгіп, балаңды оқыт деп Абай айтқан талапты
Мағжан да елінің алдына қояды. Өнер-білім іздеп, елін көгертер ер жігітке
лайық мінез бен қасиеттерді атап, Мағжан Өнер-білім қайтсе табылар атты
өлеңінде нақтылай түседі. Бұл Абайдың Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат
атты өлеңімен сарындас. Мағжан Абай дәстүрін мазмұны жағынан ғана емес,
формасы жағынан да дамытқан. Абайдың Сегіз аяқ өлеңінің формасы Мағжанның
Өлең деген туындысында кездеседі.
Қорыта айтсақ, Абай дәстүрінің Алаш әдебиетіндегі жалғастығын
қарастыру барысында, оларға ортақ мынадай мәселелер анықталды:
– Алаш ақындары шығармашылығымен Абайдың, әсіресе, азаматтық сарыны,
қоғамдық пікірлері, саяси-әлеуметтік көзқарастары ұштасып жатыр.
– Абайдың халқым, елім, жұртым деп соққан жүрегіндегі ұлтжандылық,
азаматтық үні Алаш ақындары поэзиясында өрістей түсіп, өлеңдері ХХ ғасыр
басында қазақ еліне ұран болып тарады.
– Абай поэзиясында сөз болып, ащы сынға ұшырайтын қазақ халқының
отаршылдық езгіде отырған ауыр тағдыры Алаш қаламгерлері шығармаларында
өрістей түседі. Халқының қамы үшін зар шегіп, осы бұғаудан шығуға жол
іздейді.
– Абай поэзиясында да, Алаш қаламгерлері шығармаларында да халқының
қайғылы трагедиясынан алып шығар жол деп тапқаны – жұртының көзін ашып, оқу-
білімге шақыру, өнер мен мәдениетке үндеп, өркениетке нұсқауы.
– Абай шығармаларындағы болыс-билер мен атқамінерлердің жағымсыз
әрекеттері, елге тізесін батырып отырған қылықтары Алаш ақындары
поэзиясында да әшкереленеді. Абай заманындағы ел іргесінің сөгітіліп,
бірлігі кеткен халі ХХ ғасыр басында да еш өзгеріске түспей, тіпті
алашапқын аумалы-төкпелі кезеңге тап болғаны ақындардың өлеңдерінде
реалистік шындықпен көрініс табады. Халқының қамын ойлап, елін бастап шығар
нағыз қайратты ұлды, кемеңгер басшыны армандайды.
– Абай өлеңдерінде сөз болатын ұрлық, өсек, ұрыс-керіс, барымта сияқты
ел ішін жайлап, қазақтың аяғын шалған кемшіліктер Алаш ақындары өлеңдерінде
де өткір сөз болады. Олар халқының өз ішіндегі ауыр халіне жүрегі ауырып,
елді түзеу жайын ойлайды.
Абай мен Алаш қаламгерлерін біріктірген ортақ мақсат: біріншіден,
олардың бәрі де қазақ халқының қамын ойлап, ұлттық тәуелсіздігін көксеген,
ел еңсесін көтеруді мақсат еткен; екіншіден, бәрінің де негізгі ой-
армандары елін, халқын жетілдіру, сауатын ашып, басқа халықтармен терезесін
тең ету еді.
Абайдың ғылыми өмірбаяны, ғұмыр кешкен дәуір сипаты түгелдей дерлік
кеңес өкіметі тұсында, таптық көзқарас үстемдік етіп тұрған шақта жазылды.
Қатал саясаттың құрсауында жазылған ақын өмірбаянына қатысты кейбір
деректер бір жақты, үстірт қарастырылып, ал кейбіреулері мүлде бұрмаланып
та берілді. Абай шығармаларында қозғалатын мәселелерді түсіну үшін ақын
өмір сүрген дәуір болмысы мен сол ортаның саяси ахуалын білу шарт. Ақын
ғұмыр кешкен заманның жағдайын білу үшін ХІХ ғасырдағы Қазақстанның тарихын
еске алу керектігін М.Әуезов ескертеді де: ХІХ ғасырдың орта кезі, екінші
жартысында Абай кезінде болған жағдайларды білу үшін сол кездегі жалпы
Қазақстанның тарихи халін еске алу керек [25, 5-б.]. ХІХ ғасырда қазақ
халқы мемлекеттік тәуелсіздігінен айрылып, Ресей империясының отар еліне
айналды. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы қазақ қауымының әлеуметтік-экономикалық,
саяси және мәдени өміріндегі түбегейлі өзгерістерімен сипатталады.
Абай – Ресей патшалығының отарлау саясатының белең алып, елді билей
бастаған кезінде өмірге келіп, бейбіт елдің езгіге түскен кезінде тіршілік
кешті. Абай өмірбаянына қатысты кейбір беймәлім мәліметтерді тауып,
жұртшылыққа ғылыми тұрғыдан танытқан ғалым Б.Байғалиев Абайдың ел басқару
ісіне араласып, сол ортада 12 жыл үздіксіз болыс болғанын, одан кейін 6 жыл
би болғанын өз еңбегінде дәлелдеді [26].
Патша өкіметінің әкімшілік аппараты бірді бірге айдап салып, кеңқолтық
бейқам қазақтар арасынан парақорлар-пәлеқорлардың жағымпаз бен
жандайшаптардың қаптап кетуіне жол ашты. Абайдың бүкіл саналы өмірі,
шығармашылық әрекеті осындай ерекшелігі бар тарихи қоғамдық өмірдің
ортасында өтіп жатты. Осындай жағдай Абайдай алыпты өмірге әкелді, оны
мыңмен жалғыз алысуға мәжбүр етті.
Ресей империясы енгізген болыстық ел билеу жүйесінің болмысын Мұхтар
Әуезов тарихты зерттеушілерден де гөрі бұрынырақ түсінген еді. Осы тұста
тарих ғылымының докторы Л.М.Әуезованың пікірін басшылыққа алатын болсақ:
…Сонымен қатар жазушы кей жағдайларда бұл проблемаларды терең зерттеуге
енді-енді ғана бой ұра бастаған тарихшылардың өздерін факт жүзіндегі
деректер жинау тұрғысынан да, сондай-ақ суреттеліп отырған құбылыстарды
жинақтап, ой елегінен өткізе қорыту тұрғысынан да таң қалдырғанын айта кету
артық емес [27, 96-б.], дегені көп нәрсенің жайын аңғартады. М.Әуезов
қазақтардың өткен ғасырдағы тарихи өмірін, Абай заманындағы ел билеу
жүйесінің түп төркінін жақсы білді. Сол жағдайларды Абай жолы роман-
эпопеясында бейнелеп, дәуір болмысының шынайы картинасын жасады.
Абай жолы роман-эпопеясын Л.М.Әуезова мен Е.Лизунова тарихи роман
ретінде зерттеп, Ю.Тыняновтың тарихи романдарымен салыстырады. Әуезов
эпопеяны жазуға кіріскен уақытта, кеңес әдебиетінде бұқара халықтың күресі,
халықтың шығармашыл даналары, оны тудырушы күш туралы шығармалар туындап
жатты. 1936 жылы Петр Бірінші, Пушкин романдары, 1939 жылы Сергеев-
Ценскийдің Севастопольская страда атты патриоттық эпопеясы шықты.
А.Толстой Хмурое утро шығармасы бойынша жұмысын бастады, В.Шишиковтың
Емельян Пугачев сияқты туындылары жазылды.
М.Әуезовтің өзі де роман жайлы мынадай мәлімет береді: … менің ұлы
ақынды, ақын өмір сүрген дәуірдің тарихи шындығын көрсету мақсатындағы
творчестволық ісімнің бірқатар сырын Абай романының маңында айтар
пікірімнен де аңғаруға болады. …Алдымен, мынаны ескерген жөн: Абай,
Абай жолы да – тарихи романдар. Бірақ, жұртқа мәлім Петр Бірінші,
Емельян Пугачев немесе Степан Разин сияқты романдардан менің
романдарымның өзіне тән кейбір өзгешеліктері бар [28, 106-б.]. Тынянов
тарихи құжаттардың түпнұсқасымен, замандастар мемуарларымен, олардың
хаттарымен, мемлекеттік архивпен жұмыс істеді. Ал Әуезовтің қолында тек
қана Абай шығармалары, тарихи таным, хатқа түспеген ауызша халықтың
естеліктері ғана болған. Абайды білген, көзі тірі санаулы ғана куәгерлер
қалған. 1930 жылдан кейін Абай туралы роман жазбақ боп саналы түрде
материал іздегенімде бірақ өкіндім: көп нәрсені аңдамай өткізіп алыппын
деп жазады Әуезов [28, 110-б. ].
Абай өмір сүрген заманның шындығын М.Әуезов өзінің туындыларында
көркемдік шешіммен бедерлеп көрсетеді. Әсіресе, қазақ сахарасындағы саяси
жағдайдың ерекше көрінген тұсы – болыстық сайлауды Абай жолы роман-
эпопеясында өте әсерлі суреттейді. Мәселен: Алда екі, үш айдан соң болатын
сайлауға шейін бүкіл Шыңғыс елін Құнанбайларға түгел қарсы әзірлейді.
Партияның тартысына ат пен пұлды астыртын беріп, елу басы атаулының
барлығын осындай құпия батамен, қатты сертпен тартады. Малды да, сырды да
көпке жаймайды [29, 34-б.]. Барлық пара мен пұлды болыс болудың жолына
даярлап, сол үшін әлек болып жатқан атқамінерлерді жазушы осылай
бейнелейді.
Абайдың Күлембайға, Мәз болады болысың, Көжекбайға, Мұқыр
болысы Дүтбайға арналған, Антпенен тарқайды атты өлеңдеріндегі болыс-
билердің арасында жүріп жататын дау-шар, сатқындық, парақорлық, болыс
сайлауы алдындағы қарсыластарына жабылған жала, шектен тыс жасалған
озбырлық, жемқорлық, халыққа көрсеткен зорлық, әсіресе, сайлау қарсаңында
патша чиновниктері алдындағы шексіз жағымпаздық Абай жолы эпопеясында қаз
қалпында суреттеліп, өлтіре сыналған. Бұл дерттің түпкі негізі Абай
поэзиясында сөз болатынын ғалым Б.Майтанов атап көрсетеді: “Ол пенде
атаулының көбінде кездесетін жанаярлық, өзімшілдік, опасыздық сырын айтады.
Абай күресетін қырқаяқ қауымының жүз құбылған зымиян сұрқы белгі тастайды”
[30, 103-б.].
Абайдың болыстық сайлау жайынан мәлімет беретін Антпенен тарқайды
атты өлеңіндегі жайт Абай жолы эпопеясында нақты көрініс тапқан. Мәселен:
… Мыналар да сондай ұялас, қанды ауыз дәніккен бөрілер. Алыстан жемін
аңдып алып, бас қосқанда анттасып, баталасып бірін-бірі қайрайды.
Жауыздыққа, жаулыққа баталасады. Жазығы жоқ жақынды, жалғыз бен жалқыны
желі етуге анттасады. Сол үшін өздеріндей бүліктен, бұзықтан көмек жияды.
Біреуді еліктіріп алады, біреуді қорқытып ертеді [29, 413-б.].
Түйіндей келе, М.Әуезов Абай ғұмыр кешкен әлеуметтік ортада жасап,
ақын өмір сүрген дәуір болмысын көзімен көріп, іштей сезініп өсті. Сол
кезеңнің саяси көрінісін, патша өкіметінің қазақ даласына жүргізген
отаршылық езгісін, ел басқару жүйесін, тарихи дамудың жалпы көрінісін Абай
жолы роман-эпопеясында идеялық-көркемдік тұрғыдан суреттеп берді.
М.Әуезовтің таланты көсемсөздерден ерекше байқалады. Жазушының тұңғыш
жарық көрген тырнақалды туындысы Адамдық негізі – әйел (1917) деген
мақаласын оқып отырғанда өзінің рухани ұстазы Абайдың ойын сабақтай түскені
байқалады. Бұл мақалада Абайдың қарасөздеріндегі сияқты тәрбие, дін,
мораль, адамгершілік мәселесі көтерілген. Мысалы: Неліктен? Адамда екі
түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы. Барша
дүниедегі пайда-мақтан әуел басыма болса, немесе туысқаныма, ең болмаса
аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып талап қылу, бұл бір ғана
тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші, менен
жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген
жол. Бұл – инсаният, яғни адамдық жолы [31, 7-б.]. Абайдың жетінші
қарасөзінде айтатын адам баласының екі түрлі мінезбен туатын – жан мен тән
деген қасиетін, жазушы түсінікті ұғыммен тіршілік пен адамдық қылық деп
береді. Ұлы ұстазы айтқанды қайталап, М.Әуезов тіршілік қамын – хайуани
салахият, адамдық жолын – инсаният дейді. Абай толық инсаният деп, өз
шығармаларында негізгі арқау болатын толық адамды айтады.
М.Әуезов бұл мақаласында өзінің ұстазының 37-ші сөзінен мысал
келтіреді: Бұлар бұрынғы Толстой сықылды хакимдердің айтуында екінші
марқұм әкеміз Абайдың: “Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы –
бауырың” деген нақыл сөзі һәм пайғамбар ғалаис саламның: “Адамның жақсысы
адамға пайдасын тигізген деген хадисі де көрсетеді [31, 7-б.]. Осы
мысалдан жазушыға Абай қарасөздерінің әсері мол болғанын анық аңғаруға
болады.
М.Әуезов халықтың сусап тұрғаны, тұрмыстағы ең қажеттісі ғылым екенін
ескертеді. Қайсысын қолданамыз? деген мақаласында Әуезов халықты
ағартудың, қазақ арасына ғылым, білімді таратудың нақты мәселелерін арнайы
сөз етеді [32, 30-б]. Ал Абай оныншы сөзінде: Ғылымсыз ахирет те жоқ,
дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір
ғибадат орнына бармайды [33, 448-б.] делінген.
Абай қарасөзіндегі толғағы жеткен ой М.Әуезовтің “Ескеру керек” атты
мақаласында жалғасын тапқан. “…Жуан ауыл – қырдағы бұзық мінездің ұясы.
Ел ішіне күшті, әділ үкімет орнатып, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан
зорлықшылды не қылса да елден айырып әлсіретуге тырысу керек”, — дейді [31,
17-б.]. Жазушының әлеуметтік бұл көзқарасы Абайдың жиырма екінші
қарасөзіндегі айтылған ойды еске түсіреді: “…Жә, кімді сүйдік, кімнің
тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді,
әлбәттә, амал жоқ, момындығынан “Ырыс баққан, дау бақпас” деген мақалменен
боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен
баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды
алмасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым”
[33, 455-б.].
Осы тарауда М.Әуезовтің “Қайсысын қолданамыз?”, “Ескеру керек”, “Қазақ
қызметкерлерінің міндеті”, “Оқудағы құрбыларыма”, “Философия жайынан”,
“Оқу ісі”, “Ғылым тілі”, “Ғылым”, Қазақтың өзгеше мінездері атты
көсемсөздерінен Абай қарасөздерінің іздерін тауып, оларға талдау жасалды.
Абай қарасөздеріндегі даналық ойлардың М.Әуезов көсемсөздерімен идеялық
тұрғыдан сабақтастығына ерекше көңіл бөлінді.
Жазушының әр шығармасында Абай поэзиясының, ақын қарасөздері әсерінің
іздері сайрап жатады. Менің тілімде Абай тілінің өрнек, бояуы бар, деп
М.Әуезовтің өзі айтқандай, жазушы туындыларында ақынның тіл өрнегі, ой
желісі кездесіп отырады.
Әуезов Барымта атты әңгімесінде ертедегі ел арасында тараған
жауласып-барымталасқан әдетті сынайды. Қазақ аулындағы айықпас, кеселді
әдет-ғұрыптардың бірі – барымтаның зиянды жақтарын, яғни алысып-шабысып
кескілескен ауылдың келеңсіз жайын көрсетеді. Мысалы: Екеуі де малды,
кісілі, жуансыған, соқтыққыш ел болатын. Осы екі ел ру басы жуандарының бір-
біріне сыз өткізем деген бақталасы, бақкүндестігінен және солардың екі елді
бүлдірген мінезінен барып, ақыры, бір-біріне қатты уыққан, қатты аңдысып
шатасқан ел болатын [34, 224-б.]. Әуезовтің әңгімесінде суреттелген оқиға
Абайдың поэзиясында да талай айтылған еді. Мәселен, Абайдың Бөтен елде бар
болса деген өлеңінде былай делінген:
Ажарлыңыз, малдыңыз.
Пәленшені ұрам деп,
Түгеншені қырам деп…
…Қазақтың малын сапырып,
Көп бәлеге шатылып,
Кесапатқа жолықты.
…Жуандарға сыя алмай.
Сыйымсыз болды алашқа,
Барымтасын тыя алмай [33, 110-б.].
Абай қазақтың малын сапырып, барымтамен көп бәлеге ұшырап, шатылып
жүрген адамның мінезін сипаттайды.
М.Әуезовтің Сөніп-жану әңгімесін оқып отырғанда, Сыздықтың басындағы
жайттарға Абайдың Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол өлеңіндегі ойы
дәлме-дәл келеді. Адам баласының бойындағы ғашықтық, құмарлық деген
сезімдерге арналған Абай өлеңіндегі көтерілген мәселе М.Әуезовтің Сөніп-
жану әңгімесінде де кейіпкердің ішкі психологиясы арқылы көркемдік
шеберлікпен өрнегін тапқан. Мәселен: Таңертең тысқа шыққанда қалыңдығы
турасынан қандай ойға байланғанын күйеудің өзі де анық білген жоқ еді. Неше
түсті көмескілеу сезімдер көңілінен елестеп өтсе де, өз бойынан анық білген
нәрсесі – қалыңдығына құмар болып сүйетін, ғашық болғандай болып елжірейтін
түрдің жоқтығын байқады. Оның ойынша, ғашықтық дегенді бұл турада ауызға
алуға болмайды [34, 390-б.]. Жазушы әңгімеде ғашықтық пен құмарлық
сезімдерге Сыздықтың ойы арқылы түсініктеме береді. М.Әуезов әңгімесіндегі
ғашықтық пен құмарлық ұғымдарының түп негізі Абайдың бір кездерде жазған
ғашықтық, құмарлық туралы толғаған ойларымен сабақтасып жатыр.
М.Әуезовтің өте көркем, тартымды жазылған Кім кінәлі? әңгімесінде:
…Ғазизаның да жүрегі елжіреп босай бастады. Асау сезімі есінен тандырып,
бір суынып, бір күйінген, жас жігіт айтар сөзі таусылып, Ғазизаның жұмсақ
денесін қатты қысып, қайта-қайта сүйе берді. Ғазиза да жабысып құшақтап,
досының дуылдаған қызулы бетінен, дірілдеген ыстық ернінен ұзақ-ұзақ
сүйді… [34, 409-б.], деген үзінді Абайдың Қызарып, сұрланып өлеңін
еске түсіреді.
Туған елінің мұңын мұңдап, зарын зарлаған М.Әуезовтің Қилы заман
повесінен рухани әкесі Абайдың шерге толы өлеңдерінің мотиві сезіліп
тұрады. Повестің барлық өн бойынан байқалатыны – халықтың тағдыры
жөніндегі Абайдың “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” өлеңінің
әнұрандай естіліп тұрған әсері.
Шығармадағы әр қаһарманның сөзі тұрлаулы ойлылыққа құрылған
шешендігімен ерекшеленеді. Абайдың қалың ел деген сөзін жазушы бірнеше
жерде қолданады, оған қоғамдық мән туғызады. Мәселен:
– Көнемін, бойсұнамын десе, ақылдасудың не керегі бар? Елдің сіздерге
сөзін бергендегі іздегені де қалың елдің елдігін көрсететін бір жол тапсын
дегені ғой. Екі қария, екеуіңнің сөзің де қалың көптің тілегіне, ыңғайына
үйлескен сөз болды [35, 31-б.]. Ұзақтың сөзінен қалың елдің, көпшіліктің
мүддесін қорғайтын ниеті, бірігіп бір жол табуды көздегені естіледі.
Абай заманында өмір сүрген болыс-билердің ұсқынсыз әрекеттері “Қилы
заман” повесінде де жалғасын тапқан. Повесте патша заманы билеп тұрған
кезеңнің шындығы сөз болады. Мәселен: Барлық болыс ең аяғы жаңа ғана
тұшталаңдап жүрген Рақымбайға шейін күн шартылдап жай түскеннің
артындағыдай құп-қу болып, есеңгіреп қалған сияқты. Бәрі де көздері
үлкейіп, аларып, тілмаш пен ұлыққа қарап, мелшиіп, қыбыр етпей, іштен тынып
қатып, қадалып қалыпты. Жалғыз-ақ әр жерде сұрланған жүздер, алақтап сасқан
көздер біресе Ақжелкеге, біресе тілмашқа кезек-кезек, жалтақ-жалтақ
қарайды [35, 23-б.]. Патша жарлығы оқылғаннан кейінгі болыстардың неше
алуан құбылысқа еніп, алақтап сасқан жүздерінің түрлі түске бөленуін жазушы
әсерлі суреттейді. Жазушының дәл осындай қылықты мысқылдап әшкерелеудегі
сыншылдық тәсілі Абай дәстүрінен бастау алған. Ақынның “Сегіз аяқ”
өлеңінде:
Жасқанып, қорқып,
Жорғалап, жортып,
Именсе елің баптанбақ [33, 140-б.], –
делінген. “Қилы заман” повесіндегі “тұшталаңдап”, “құп-қу болып”,
“есеңгіреп”, “көздері үлкейіп, аларып”, “ұлыққа қарап”, “мелшиіп”, “іштен
тынып”, “қатып, қадалып”, “алақтап” деген болыстардың кескін-кейпін, мінез-
құлқын, іс-әрекетін суреттейтін бейнелі сөздерді мына мысалдағы “қайта
орнығып, тыныштанып кеңесе бастағанда Рақымбай жорғақ қағып, Жәмеңке,
Ұзаққа жалтақтап, жасып, тапталып, кішірейіп қалған екен” [35, 37-б.] деген
үзіндіде нақты байқауға болады. Бұл көсемшелі етістіктер Абайдың “Болыс
болдым мінеки” өлеңіндегі сияқты болыстың іс-қимылы мен мінез-құлқына ащы
сын туғызып, бейнелілік қуат береді.
Абай ғұмыр кешкен дәуір келбетінің шындығы, қазақ еліне жүргізген
билік жүйесі М.Әуезовтің “Қараш-Қараш оқиғасы” повесінің сюжеттік желісінде
жалғасып, тіпті үдей түскені білінеді. Жазушы Абай заманындағы болыстық
атысып-шабысқан партия тартысын сынға алады.
Партия тартысы туралы былай делінген: Биылғы партия және бұрынғы-
соңғылардан сонағұрлым үлкен болып, ауданы молайып, салғаннан-ақ көп елді
тұтас қоздырудан басталды. Мұндай партия әдеттегіше бір-ақ болыстың ішінде
болып қоймайды. Биылғы қызуы, болыс тұрсын, бүкіл бір ояздың елін болмаса
да, соның жартысын түгел қаптаған бір дерт болып келеді [35, 194-б.].
Партия тартысының жұрт ішінің береке-бірлігін кетіріп, бақталас,
күндестік туғызып отырғанын, бүкіл бір ояз елге дерт әкеліп отырғанын
жазушы нанымды суреттейді. Ал бұл оқиға бұдан бұрын Абай өлеңінде жырланған
еді.
Болды да партия,
Ел іші жарылды,
Әуремін мен тыя
Дауың мен шарыңды [33, 272-б.].
Тарихи оқиға желісін арқау еткен жазушының аталмыш шығармасында қазақ
халқының жылдар бойғы отаршылдық езгіде келген аянышты тағдыры, патша
өкіметінің қазақ даласына жүргізіп келген саясаты, өздеріне қолшоқпар
ретінде пайдаланып отырған қазақтың болыс-байларының әлсіздерге көрсеткен
қорлығы шындықпен суреттелген.
Түйіндей айтқанда, Абай поэзиясындағы азаматтық сарын М.Әуезовтің
тарихи шығармалары Қилы заман мен Қараш-Қараш оқиғасы повестерінде
өрістей түскені айқындала түсті.
“Еңлік-Кебек” пьесасындағы Абыз – халық арманын, қасиетті идеяны
арқалаушы жан. Абыз: Әлі береке десе кер кетіп, пәле десе жұлынған, тоқсан
сусар тон берсең де, тоқсан қара нар берсең де бітпеймін деп басқа шауып,
төске өрлеген Матай бауырыңмен бітім таптың ба, табыстың ба, түге? [36, 9-
б.] дейді. Жазушы Абызды өткір шешен сөздермен сөйлетеді. Абайдың тұрақты
тіркеске айналып кеткен “басқа шауып, төске өрлеген” деген сөзін Абыздың
монологіне пайдаланады.
“Қарагөз” трагедиясында өнер адамының басындағы хикаяны баяндау
барысында, драматург кейіпкерлерінің диалогтарын өлең аралас сөздермен
береді.
Сырым: Сен менен кетсең, —
Антым болсын осы сөз:
Жас тілегім, құшағым,
Бірге кетсін сенімен!
Сол тірідей өлгенім,
Шала жанып сөнгенім.
Сенсіз маған дүние тұл,
Өрттен қалған денем құл,
Өртеймін десең өзің біл!
Сенсіз қалған Қарауылдың жайлауы көр. Жарық айлы түн, жұлдызды жарық кеш
неге керек сенен соң?! [36, 108-б.].
М.Әуезов Сырымның сөзін Абай поэзиясына жүгіне отырып, ақын
өлеңдеріндегі сөздік қордан алады. Кейде өсер көңіл құрғырың атты
өлеңіндегі кейбір тіркестерін жазушы оқиға мазмұнына сәйкес Сырымның сөзіне
орай келтіреді. Мәселен:
Махаббатсыз – дүние бос,
Қайуанға оны қосыңдар.
Жүрегі жұмсақ білген құл
Шын дос таппай тыншымас
Пайда, мақтан бәрі – тұл,
Доссыз ауыз тұшымас [33, 170-б.].
“Сенсіз маған дүние тұл”, “Өрттен қалған денем құл” деген Сырымның ішкі
сыры Абай өлеңіндегі ақынның кейбір сөздерін қайталайды. Сырым сөзіндегі
“Сөйлеймін десең өзің біл” деген тармақ Абайдың “Сегіз аяқ” өлеңіндегі:
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл [33, 137-б.], –
деген жолдардан алынғаны байқалады. Байқап отырсақ, М.Әуезов Абай өлеңінің
ұйқасына салып, кейіпкерлерінің диалогтеріне ақын поэзиясындағы сөздерді
енгізеді.
М.Әуезовтің Абай трагедиясы – ақынның өмірінен мәлімет беретін, оның
қоғамдық-ойшылдық көзқарасын танытатын аса қуатты туынды. Өлеңнен өзге
артында жартулы дерек қалмаған ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде жазу
жазушыға оңай соқпағанын ескертеді. Сондықтан жазушы Абай жөнінде көркем
туынды жазу үшін ақынның әдеби мұрасына сүйенген. М.Әуезовтің Абай өлеңдері
мен қарасөздерін пьесада өзгертпей сол қалпында пайдаланатын тұстары,
сонымен бірге ақын сөздерін проза тіліне айналдырып, түрлендіріп беретін
тәсілдері байқалады. Пьесада ақынның бірнеше өлеңдері мен қарасөздері
кездеседі. Жазушы Абай өлеңдері мен қарасөздерін трагедиядағы оқиға
желісіне орай келтіріп, пьесадағы тартыстың төңірегіне байланыстырып
береді. Мысалы:
Мағыш. Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де – ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл…[37, 320-б.], –
деген өлеңінен үзінді оқып беруі жастардың ақын өлеңдерін сүйіп оқитындығын
дәлелдейді.
Зейнеп. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, –
деп еді-ау Абай. Шәкірт болса, ұстазын қуантар шәкірт болсын да деген
Абайдың өлеңінен үзінді айтуы арқылы ақынды ұстаз тұтып үлгі ететінін
жазушы көрсеткісі келеді.
Керім.
Жеңсікшіл ел жетпей мақтайды,
желөкпелер жетпей мақтайды, –
деп еді Абай ағам деген сөзді айтқызады. Бұл ақынның 37-ші қарасөзінде:
Жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер шын деп ойлайды деген сөзі болатын.
М.Әуезовтің Абай өлеңдерін қарасөзге айналдырып үйлесімді өрнекпен
беретін тұстарын да молынан кездестіруге болады. Пьесада әділдікке жол
бастаған Абайға қарсы ескілікті, надандықты жақтаушы Тәкежан, Оразбай,
Жиреншелер тобы бар. Драматург Жиреншеге былай дегізеді: Айтарсыңдар әлі,
осы елдің игі жақсысын қиянаттап, қайран сөзім қор болды, тобықтының
езіне деп, жас-кәріге жар шашып жүрген сен сұм емеспісің? [37, 311-б.].
Қорыта келгенде, жоғарыда келтірілген деректер арқылы біз
драматургМ.Әуезовтің Абай өлеңдерін өзгертпей қолданатынын, сондай-ақ
пьесадағы кейіпкер диалогтары арқылы проза тіліне айналдырып, өзгертіп
беретін тұстарын көрсетіп, ақын өлеңдерін жазушының идеялық-көркемдік
мақсатпен пайдаланғандығына көз жеткіземіз.
1.2. Әдеби үндестік пен рухани сабақтастық
Дәстүр мен жаңашылдық категориясы – ежелден келе жатқан барлық
халықтың әдебиеті мен өнеріне тән дамып жалғаса беретін үрдіс. Қазақ
әдебиетінде бұтағын кеңге жайып, үлкен сала болып қалыптасқан Абай дәстүрі
сияқты, орыс әдебиетінде Пушкин дәстүрі бар. Қазақ әдебиетінде Абай және
Шәкәрім, Абай және Әуезов, Абай және Мағжан деген кең ауқымдағы
тақырыптар сияқты орыс әдебиетінде де Пушкин и Лермонтов, Пушкин и
Державин, Гоголь и Пушкин деген тақырыптар арнайы ғылыми зерттеу
объектісіне айналған дәстүрлі тақырыптар.
Абайдың асқан ақындық және данышпандық қасиетке жетуіне себепші болған
оның мол қайнар бұлақтары мен бастаулары еді. Абай шығармашылығының нәр
алған қайнар бұлақтары жайлы тұңғыш рет тың пікірді М.Әуезов Абай
ақындығының айналасы деген 1934 жылы жазған ғылыми-теориялық мақаласында
қозғаған еді. Яғни, Абай шығармашылығына рухани азық болған, оның нәр алып
сусындаған арналары: халқымыздың бай ауыз әдебиеті, ақын-жыршы, шешендер,
жыраулар поэзиясы мен Шығыс әдебиеті және Батыс әдебиетінің озық үлгілері
еді. Абайдың ең негізгі нәр алып сусындаған бұлағы халқымыздың бай ауыз
әдебиеті еді. Осы жөнінде ғалым С.Қасқабасовтың: Абайдың ұлы ақын болуы
алдымен оның туа біткен дарынына байланысты болса, содан соң өскен
ортасына, бала кезден алған тәрбиесі мен оқып-тоқығанына байланысты [38, 8-
б.] деген пікірін басшылыққа ала отырып, халқының мол мұрасы мен бай ауыз
әдебиеті Абайға анасының ақ сүтімен дарып, бойына қонғанына ден қойдық.
Ежелден ән-жырға, ертегі-аңыздарға бай, ақындық өнерге бейім халқымыздың
тал бесігінде тербеліп өскен, Құнанбайдай зор тұлғалы әкеден, Зере мен
Ұлжандай дана аналардан тәрбие алған Абай бойына ұлттық ұлы қасиеттер мен
ауыз әдебиетінің бар інжу-маржандарын жинады.
Абай туған қасиетті топырақта ақынның даналық ізін жалғастырып жазушы
Мұхтар Әуезов дүниеге келді. Абай топырағы оның қаламына айрықша әсер
еткен. Ана сүті, ата тәрбиесін бойына сіңіріп өскен бала Мұхтар атасы
Әуездің әңгімелерін естіп, санасына құяды. Қарт Әуез Абаймен дос, сыйлас
адам болған. М.Әуезов 5 жасқа таяғанда атасынан арабша сауат ашады, алты
жасында Абай атасының қоңыр қозысы екен ғой, деп басынан сипап батасын
беріпті делінген М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі атты еңбекте
[39, 11-б.]. Немересінің туғаннан зеректігін, алғырлығын байқаған атасы
кішкентай Мұхтарға бес жасынан Абай өлеңдерін жаттатып, жадына сіңіріп
оқытады.
М.Әуезов өскен Шыңғыс елінде Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой аттары
ертеден таныс сіңісті болған есімдер еді. Абай аулына Шығыс пен Батыс
елдерінің әдебиеті, тарихы, салт дәстүр мұралары еркін жетіп жатты. Мұхтар
Әуезов осындай ортада туып, ұлы Абай гүл еккен бақшада ер жетті. Абай
мұрасына қанығып, Абай дәстүріне сүйеніп өсті. Сол арқылы халықтың бай ауыз
әдебиеті, Шығыс пен … жалғасы