Аудан өнеркәсібінде өрлеу бар |

0


Оқылды:
8

Бейсенбі күні Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид МАМАЛИНОВ аймақтық коммуникациялар қызметі орталығында баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте аудан басшысы өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуы, ондағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы туралы баяндады. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын алаңдатқан бірқатар мәселелерге қатысты пікірлерін жеткізді.

Бұқар жырау ауданының биылғы жылы өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 35,3 млрд. теңгеге жетіп, облыстағы қала, аудандар арасында 4 орынға тұрақтаған. Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданында Smart «ақылды кеніш» «Нұрқазған» кешені инновациялық жобасы табысты жұмыс істеуде. Цифрландыруды енгізу жұмыстың қауіпсіздігі мен тиімділігінің деңгейін арттыруға, еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік артқан. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда мыс кенін өндіру – 3,8 млн. тоннаны немесе – 137%, мыс концентратында мыс өндіру – 122,4 мың тоннаны құраған.

Спикер алдағы уақытта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыста өрлеу барлығын атап өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ғана емес, жалпы республика үшін маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жоспарларымен бөлісті.

 – Бүгінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына 5 кәсіпорын жұмыс істейді. Осы кәсіпорындармен 9,7 млрд. теңге сомаға өнім өндірілді. Бірегей экологиялық жобаны «Рейсайклинг Компани» ЖШС жүзеге асырды. Өз кезегінде бұл компания 50 мың данадан астам жеңіл автокөліктерді өңдеді. Автоматтандырылған басқару жүйесі жұмыс істейді. Бұл технологиялық жұмыстың қаншалықты өсіп жатқандығын көрсетеді. Өнеркәсіптік интернет енгізілді. Бұл да нақты уақытта басқа елдердің жабдықтаушыларымен байланысуға мүмкіндік береді, – деді Шагурашид Мамалинов.

Спикер ауыл шаруашылығы жағынан қарқынды дамып келе жатқан ауданның бірқатар жұмыстарын тілге тиек етті. Аудан агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейі бойынша облыста алдыңғы орынға шыққан. Мемлекеттік қолдау, ауылдарды дамыту мен жаңарту, үдемелі технологияларды енгізу бағдарламаларының арқасында биылғы жылы ауыл шаруашылық өнімдерін тұрақты және серпінді өндіруде. 10 айдың қорытындысы бойынша, ауданда ауыл шаруашылық техникалары жаңартылып, шаруа қожалықтары мен кооперативтер біріктірілуде. Аудан басшысы осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

 – Ауданымызда ауқымды жобалар іске асырыла бастады. Мәселен, мал бордақылау алаңдары – республикадағы ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту тізбегінің бір буыны болып отыр. Осы орайда, «Жәке» шаруа қожалығының бір уақытта 10000 бас мал ұстауға арналған мал бордақылау алаңын атай кеткеніміз жөн. Ерекшелігі – малды қажетті, тауарлық күйіне жеткізуге мүмкіндік береді. Шаруашылық экономикалық есебін жасап, одан әрі дамуға бел буып отыр. Бұдан бөлек, экспорттың әлеуетін арттырып, серпінді дамып келе жатқан қоңды балапан етін өңдеп, тауық етін өндіретін «Возрождение ХХІ век» ЖШС құс фабрикасы және «Ақ-Нұра» кәсіпорыны биылғы жылы жұмысын жандандыра түсті. Осы жылы 980 тонна бидай, 80 тонна ірі қара малдың еті экспортталды.

Сонымен қатар, 82 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Біздің негізгі тұтынушыларымыз Иран, Ауғанстан және Тәжікстан елі болып отыр, – деді Шагурашид Мамалинов. Сонымен қатар, спикер қазіргі таңда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда тиімді механизмдерді қолдану бойынша тапсырмалар өзекті болып отырғандығына тоқталды.

Жастардың дамуына жағдай жасауға және қызметтік өсуге ынталандыру және өзін-өзі дамытуға жол ашу арқылы жастар саясатын жүзеге асыруға жастардың өздерін тартуға бағытталған шаралардың атқарылып жатқандығын айтты. Шагурашид Мамалиновтың сөзінше, «Тәрбие және білім» бағытын жүзеге асыру барысында аудан бойынша «Коворкинг орталығы» ашылған. Мемлекеттік жастар саясатына жергілікті бюджеттен – 19 млн. теңге бөлінген. Ауылдағы жастарға кәсіпкерлігін дамытуға аудан әкімінің гранттары берілген. Ауданда «Жасыл ел» бағдарламасы іске асырылып, 33 адам жұмысқа қабылданған. Сонымен қоса, мәдениет пен спорт саласына аудандық бюджеттен ауқымды қаржы қарастырылған. Мәдениет үйлерін жөндеуге облыстық бюджеттен 74 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталған.

Баспасөз мәслихаты барысында аудан басшысы алдағы күннің жоспарымен бөлісті. Сонымен қоса, өңір тұрғындарын мал шаруашылығымен, дәстүрлі емес шаруашылық түрлерімен айналысып, ауданды түлетуге, дамытуға үлес қосуға шақырды.