Ауасы қатты ластанған аймақтар

0

Ауасы қатты ластанған аймақтар

Жыл өткен сайын ірі қалаларда ауа сапасы нашарлап келеді. Атмосфераға шыққан түрлі газ бен зауыттардан бөлінетін қою түтін ауа райына ғана әсер етіп қоймай, адам денсаулығына көп зиянын тигізуде.

Әлемде ауа сапасы өте нашар елдер көшін Непал мен Үндістан бастап тұр. Бұл жайында Чикаго университетіндегі энергетика институты мамандары (Energy Policy Institute at the University of Chicago, EPIC) зерттеу еңбегінде хабарлады.

Ғалымдар ауа сапасы ең қатты ластанған аймақтарды жер серіктерінің көмегімен зерттеген. Нәтижесінде Непал елінің астанасы Катманду мен жақын маңындағы аудандардың ауа сапасы өте нашар екені байқалған. Үндістан елінің астанасы Нью-Дели мен Бихар, Уттар-Прадеш, Харьяна, Пенджаб аудандары ғарыштан қарағанда қара түтіннен көрінбеген. Ауа сапасының нашар болуы — аймақтағы адамдардың орташа өмір сүруін 6 жасқа дейін қысқартады екен. Ауасы ең таза аймақ Гималай екені анықталды.

Непал мен Үндістандағы экологиялық жағдай халықтың орташа өмір сүру жасын 4 жылға дейін қысқартқан. Ауа сапасының нашарлауынан Қытай елі де зардап шегіп келеді. Экологтар статистикасы бойынша әлемдегі 5,5 миллиард халық ауа сапасы нашар аймақтарда тұрады екен. Бұл көрсеткіш бойынша Азия елдері көш алдында келеді.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша ауа сапасы салдарынан болатын дерттерден жылына әлемде 7 миллион адам көз жұмады. Оның 600 000-ы — балалар.