Ауа райын жан-жануарға қарап болжауы

0

Ұлы Дала елі
АУА РАЙЫН БОЛЖАУ ХАҚЫНДА
Әлбетте, халқымыз табиғат тылсымын бағзы заманнан — ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс — тіршілігіне арқау етіп қолдана да білген. Солардың бірі халықтың ауа райын болжау тәсілдері еді. Жазы — қысы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі һәм құпиясын терең білгендігі сондай: айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жан — жануар, құрт — құмырсқа тіршілігіне зер салып ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған. Ендеше қазақтардың ауа райын болжаудағы, халық даналығын жадына ұстаған ата — бабаларымыз қалыптастырған, қағидалары һәм тәсілдеріне аз — кем тоқталуды жалғастырайық..
*Аралар омартадағы өздері кіріп — шығатын тесігін жартылай жапса, қыс суық болады; ашық қалдырса, қыс жылы болады.
*Жауын құрты жер бетіне шықса, жаңбыр жауады.
*Балықтар су бетіне шығып, шапшып ойнай бастаса, жауынның белгісі.
*Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төмен жерге; жылы болса, жоғары жасайды.
*Ашық күндері тиін ұясынан шықпай қойса, күн райы бұзылады.
*Киік топ — топ болып басқа жаққа бет алса, онда ауа райы қатты бұзылып, суық болады деген сөз.
*Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса, дауыл немесе боран болады.
*Жауын немесе боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін созылады.
*Ай шалқасынан туса, шаруашылыққа ауа райы қолайсыз болады.
*Қыста күн құлақтанса, қатты аяз болады.
*Жазда күн кенет ысып кетсе, ұзамай жауын жауады. Өлара (өлі ара) жауын — шашынды болса, жаңа ай шаруаға жайсыз болады.
*Күн бұлтқа батса, келесі күні жауын — шашынды болады; ашыққа батса, күн ашық болады.
*Қараторғайлар топтанып ұшып, аспанда неше түрлі қимылдар жасаса, күн ұзаққа созылады.
*Жылан мезгілінде ұйықтамаса, күз ұзақ әрі жылы болады.
*Ордалы жылан, құрт — құмырсқа топ — тобымен басқа жаққа көше бастаса, көп ұзамай жер сілкінеді, болмаса басқа бір табиғаттың тосын апаты болады.
*Ит ұлыса, жаманшылық немесе табиғат апатының белгісі.
*Аяқ — қолы сынған адамдардың сүйегі сырқыраса, ауа райы өзгереді.
*Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады.
*Егер қараша айында күн күркіресе, қыс қысқа болады.
*Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.
*Көктемде күн көп күркіресе, егін, шөп мол болып шығады.
*Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады.
*Қой тісін қайраса, боран немесе дауыл болады.
*Батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады.
*Қыста күн құлақтанып шықса, суық болады; құлақтанып батса, суық сынады.
*Егер бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады; егер шетінен ыдыраса, күн жылынады деген сөз.
*Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп шығыстан соқса, ауа райы жақсарады да; батыстан соқса, ауа райы қатты бұзылады.
*Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол қыста қатты аяз болатындығының анық белгісі.
*Қызара батқан күн, желдің; ашық сары болып батқан күн, жаңбырдың белгісі.
*Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағайды күте бер.
*Ай қызыл түспен қораланып, әлгі шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күн ашық болады. Осындай екі шеңбер немесе күңгірт бір шеңбер қатты суыққа көрінеді.
*Егер ай бұлыңғыр болса, жаңбырға қарса; ал ашық түсті ай, ауа райының ашық болатындығын білдіреді.
*Аққу солтүстіктен оңтүстікке қарай кеш қайтса, күз әрі ұзақ, әрі жайлы болмақ.
*Емен ұрығы көп болса, қыс қысады.
*Желсіз күні түтін жерге қарай шалқыса, бұдан соң қыс күні қар, жаз күні жаңбыр күт.
*Бұлтты болса да (тек жел жоқта) түтін көкке шаншыла шықса, ауа райы жақсы болмақ.
*Суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, күн жылынады; жазда терлесе, ауа райы бұзылады.
*Балапан баспана іздесе не енесінің бауырына тығылса, ауа райы дымқылданады.
*Суық күндері қораз ерте шақырса, жанға жайлы жылы күн болады дей бер.
*Мысық пешке тығылса, аяздың алды сол болар.
*Ит аунаса, жаңбыр жақын деген сөз.
*Жаңбыр алдынан балық қармақ қабар, қармаққа балық түспесе, желден хабар.
*Қой сүзіссе, жел болар.
*Өгіз құйрығын шошайтып жоғары көтерсе, қатты жел; доңыз қасынса, жылы; шыңғырса, жауын — шашынды болады. Егер доңыз сабан тасыса, дауыл болмақ.
*Жылқы ішін тартса, күн бұзылады; пысқырса, жаңбыр жауады.
*Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.
*Торғай шаңға аунаса, жаңбыр жауады.
*Тұман жер бауырлап құласа, ашық күннің хабары.
*Бұлт жер бауырласа, күн суытады.
*Ірі — ірі жаңбыр тамшысы жауын — шашынды дымқыл күннің ұзақ тұратындығын білдіреді.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі