Ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар

0
Жоспар
Жоспар 2
Аңдатпа 3
Тақырып өзектілігі: 3
Зерттеу базасы: 3
Зерттеу мақсаты: 3
Зерттеу көздері: 3
Зерттеу кезеңдері: 3
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: 4
Кіріспе бөлім 4
1. 1 Бала — біздің болашағымыз 4
Негізгі бөлім 6
2. 1 Бала асырау ұғымы 6
2. 2 Жетім балалар үйі 6
2. 3 Жетім балалардың отбасына ену мүмкіндіктері 6
2. 3. 1 Қамқоршылық пен қорғаншылық 7
2. 3. 2 Отбасы үлгісіндегі балалар үйі 7
2. 3. 3 Балалар ауылы 7
2. 3. 4 Патронаттық тәрбиелеу 7
2. 4 Бала асырап алу, патронаттық тәрбие, қамқоршылық пен қорғаншылық мәселелері 9
2. 5 Отбасылар арасындағы сұхбаттасу 11
2. 5. 1 Сұхбаттасу нәтижесі 12
Қорытынды 13
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 15


Аңдатпа
Тақырып өзектілігі:
Қазақстан Республикасы халқының 17 миллион құрамына кіріп, қазақстандық азамат атанып отырған, әрбір жетім бала тағдыры ел үшін аса маңызды. Сол себепті де қазақ жеріндегі ата — анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бойында қалыптасқан ерекшеліктері мен болашағы, яғни отбасына ену мүмкіндіктерін зерттеу өзекті. Балалардың отбасына сіңіп, өнегелі тәрбие алып, өзінің отбасын құруы, оның болашағының табысты болуы елдің әлеуметтік деңгейін анықтайтын тұстардың бірі.
Зерттеу базасы:
Семей қаласы, «№8 отбасылық үлгідегі балалар үйі»
Зерттеу мақсаты:
Ең алдымен жетім балалар санының өсуінің, олардың болашағында жиі кездесетін сәтсіздіктердің себептерін анықтау. Балалардың өмірде сан қилы тығырық пен қиындықтарға ұшырауы мүмкін екенін ескеру. Дәл осындай сәттердегі әсер етуші факторлар мен салдарын қарастыру. Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері арасында сұхбат өткізу, оларды сараптама жасау арқылы қорытынды шығару. Қазақстан Республикасының заңдарын ескере отырып, талапқа сай ұсыныстар мен жетім балаларға бақытты отбасына енуіне мүмкіндік беретін, шешу жолдарын көрсету.
Зерттеу көздері:
Ғаламтордағы статистикалық деректер мен мақалалар; газет журналдарда жарияланған мәліметтер; балалар үйіндегі тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің сауалнама жауаптары;
Зерттеу кезеңдері:
Бірінші кезеңде «жетім бала» ұғымын ашу. Ата — ана қамқорлығынсыз қалып, жетім атанған балалардың идеологиялық, психологиялық негіздерін зерттеу. Олардың болашаққа деген көз қарасы және жеке басты мақсаттары мен мүмкіндіктерін қарастыру.
Екінші кезеңде ата — анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасына ену мүмкіндіктерін анықтау. Мемлекет тарапынан қандай іс — шаралар мен жобалар жүзеге асуда? Оның нәтижелері қандай?– деген сұрақтарға жауап беру. Сұхбаттасу мен зерттеу жүргізу.
Үшінші кезеңде толық жиналған ақпараттар мен сұхбаттарды қорытындылай отырып, нәтижелеу, шешу жолдары мен ұсыныстарды көрсету.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
Отандық ғалымдар мен педагог мамандардың зерттеулерінің ішінде жиі кездесетіні М. Д. Ауренованың«Балалар үйінде тәрбиленуші жеткіншектердің қарым — қатынасындағы ерекшеліктер», Н. У. Бегалиеваның «Балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдердің танымдық қабілеттерін дамытудың психологиялық шарттары», Г. Б. Сүгірәлімованың «Қазақстандағы панасыз балалардың мәселесін шешу тарихы», З. А. Зубайраеваның«Жетім балалардың тұлғалық әлеуметтенуінің педагогикалық шарттары» сынды тақырыптары. Ал балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің отбасына ену деңгейі, олардың отбасындағы мүмкіндіктері мен өздігінше бейімделуі жайлы әлі де зерттелген емес. Сол себепті де бұл тақырыпты қозғау мәселесі, жалпы қоғам үшін де, асырап алушы ата — аналар мен жетім атанған жеткіншекпен тұрмыс жағдайларын құратын жастар үшін де көмегін тигізетін жаңа зерттеу жұмысы болмақ.
1. 1 Бала — біздің болашағымыз
Бала — біздің болашағымыз. Бұл терең мағыналы, астарлы ойларға толы, жаныңды сезімге жетелейтін, қасиетті сөз. Ата — ана, ересектер қауымдастығының барлық іс — әрекеттері балаларға тәрбие беріп, ана мейірімділігі пен шапағат нұрын сыйлауға; жетелеуге; жағдайын жасауға; білім беруге; асырап алып, мәпелеуге; аялап, қамқорлыққа алуға бағытталатыны шындық. Жиырма бірінші ғасыр таңында бала құқығы мен оның әлеуметтік — психологиялық жағдайы, денсаулығы, өміріндегі белсенділік пен қоғамдағы алатын рөлі жайлы аса көкейкесті мәселелер республикалық, дүниежүзілік деңгейде қарастырылуда. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында жетім балаларды отбасылық орналастыру түрлерін дамыту, бала асырап алушыларды қолдау, жетім балалардың өсуінің жалпы әлемдік үрдісіне қарсы әрекет ету қажеттігін атап өткен болатын. Қазақстан баланы отбасында тәрбиелеп дамыту үшін барлық жағдайлар жасауға әрекеттенуде.
Әр баланың отбасылық тәрбие алып, ата — ананың аялы алақанында болуы табиғи заңдылық. Ал қазіргі таңда, жетім балалар санының өсуі қоғамға, жалпы адамзатқа кері үрдіс болып отыр. Шынымен де жетім, тастанды, ата — ана құқығынан айырылған балалар саны өсе беретін болса, болашағымыз не болмақ? Қазақ жерінде ата — ана қамқорынсыз өскен балалар тағдырына кім жауап береді? Әрбір бала өзін отбасының бір мүшесі ретінде сезіну үшін мемлекет қандай іс — шаралар қолдануда?– деген сұрақтар жалғыз бізді емес, бүкіл адамзатты алаңдатуда. Бүкіл адамзат деп атауым да бекер емес, себебі қазіргі таңда шетел елдері де қазақ балаларына аса қызығушылық таныта отырып, өз отбасының бір мүшесі ретінде қабылдап, әке мен ана бақытын сыйлауға, асырап алуға деген мүмкіндіктерін арттыруға тырысуда. Бүкіл әлем бала құқығы мен өмірі үшін жан салып, аса ірі іс — шаралар атқарып жатыр. Алайда, олардың дамуы мен өмірлік бала бақыты үшін қаншалықты деңгейде халқымыз үлес қоса алады? Олардың тұлғалық дамуы мен бойларында отбасылық негіздерін қалыптастыру үшін қандай жұмыстар атқаруымыз қажет?– деген сұрақтар осы зерттеу жұмысында қарастырылады.
Әрбір тұлғаның қоғам алдында өзіндік міндеттері мен борыштары болады. Бүгінгі тату, бейбіт қоғамның өмір сүру ережелері көмек көрсету мен қолдау сынды ұғымдармен тең болғандай. Осы қағиданы ұстана отырып, өзекті сұраққа айналған, бала тағдыры сынды мәселелер біртіндеп өз шешімдерін таба бастады. Мәселен балалар үйінен отбасымызға бір ұл баланы патронаттық тәрбиеге алдық. Бұл зерттеу жұмысы 2012 жылдан бері жалғасып келеді. Дәл осы кезең аралығы нағыз танымдық зерттеу жылдарына айналды. Қазақстан азаматы атанып, бір үлкен отбасы болып отырғандықтан, осындай үлкен жауапкершілік алуды борыш деп таныдық. Ең алғаш санамыздағы ой, жетім балалар санын азайту болатын, ал қазір бұл үрдісті тоқтату оңайға түспейтінін біліп, ата — анасыз қалған балаларға үлгілі тәрбие беру мен отбасылық тәрбие алу мүмкіндіктерін жетілдіруді басты мақсатымыз деп таныдық.

2. 1 Бала асырау ұғымы
Тарихта Қазақстанда балалар үйі, жетім балалар деген ұғым 1920 жылдан бері келе жатыр. КСРО кезіндегі коллективтендіру мен қазан төңкерісі, азаматтық соғыс та қазақ еліне өз ықпалын тигізді. Аштан қалған балалар мен жетім балалар саны тым артқан соң алғашқы балалар үйі пайда болды. Уақыт өте келе жетім балалар үйі көбейді. Сөйтіп Қазақстан Халықаралық бала асырау ісіне жүгінді. Осылайша 1999 жылдан бастап тастанды тағдырлар мұхит, құрлық аса бастады. Балалардың құқығын қорғау комитетінің ақпаратына сәйкес әлемнің 30 елінде 8806 қазақстандық жетім балалар бар.
2. 2 Жетім балалар үйі
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы 14 шілдедегі деректеріне сәйкес Республикамызда 79000 бала 660 интернат ұйымдарында тәрбиеленуде. Оның ішінде мектеп интернаттар, жетім балалар үйі, кемтар балаларға арналған түзеу мекемелері, психологиялық ерекше тәрбиелену жағдайларына мұқтаж балаларға арналған мектеп — интернаттары. Жетім қалған балалардың негізгі бөлігі білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының интернат мекемелерінде тәрбиеленуде. Аталған мекемелерде, бірінші кезекте, балалар ата — анасының қамқорлығына зәру, бұл оның дамуына кері әсер етіп, соңында ауыр психологиялық салдарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар интернаттық мекеме жағдайларында баланың әлеуметтік деңгейі біртекті шектеулі. Барлық балалар үйлерінде тұру жағдайлары ұқсас келеді: ортақ жатын бөлмелер, асхана, ойын бөлмесі, оқу бөлмесі, акт залы және т. б. Ал осындай жағдайларда балалардың дара дамуына, өздігінен танып, білуге, бейімделуге мүмкіндіктері аз.
2. 3 Жетім балалардың отбасына ену мүмкіндіктері
Баланың өмір сүру жағдайлары мен оның жетілуіне неғұрлым қолайлысы, ол – отбасында тәрбиеленуі болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстанда ата — ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларды азаматтардың отбасыларына берудің әр түрлі тәсілдері бар. Осылардың ішінде тұру жағдайлары отбасылыққа неғұрлым жақындары: халықараралық және ұлттық бала асырап алу, патронаттық отбасылары, қамқоршылық пен қорғаншылық, отбасы үлгісіндегі балалар үйі және балалар ауылдары болып табылады. Таңдау кезінде бала мен асырап алушы немесе тәрбиешінің мүмкіндіктері мен талаптарына сәйкес бала берілу жүзеге асады. Біздің де отбасылық ерекшеліктеріміз бен туыстық қарым қатынастарын анықтау арқылы бастапқы отбасымызға алу кезеңі басталды. Төменде көрсетілген балаларды отбасына берудің түрлерін атап өту арқылы, біздің қай топта екенімізді түсіндіремін.
2. 3. 1 Қамқоршылық пен қорғаншылық
Баланы отбасына тәрбиелеуге берудің ең көп таралған түрлері, қамқоршылық пен қорғаншылық. Қамқоршылық отбасына алу кезінде баланың қамқоршысымен туыстық байланыстарын қарастырады. Қорғаншылық ұғымы қамқоршылыққа жақын келеді. Олардың айырмашылығы: қамқоршылық 14 жасқа дейінгі балалар үшін, ал қорғаншылық 14 – 18 жас аралығындағы балалар үшін белгіленген. Балалардың көп бөлігі қамқоршылыққа қарағанда, қорғаншылыққа алынады. Статистикалық деректерге сүйенетін болсақ 2006 жылы 31 305 бала қамқоршылық пен қорғаншылыққа алынған болса, 2012 жылы бұл балалар саны 21 736 — ға дейін азайған екен. Бұл қорғаншылық пен қамқоршылыққа алу, отбасына алынатын балалардың үлесінің ішінде өзгелерге қарағанда бірнеше есе көп бөлігін құрайды.
2. 3. 2 Отбасы үлгісіндегі балалар үйі
Отбасы үлгісіндегі балалар үйлері де қарқынды дамуда. Отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 3 – 18 жаса аралығындағы балалар тәрбиеленеді және мекемелер қалыпты отбасы өміріне жақын келеді. Негізгі міндеттері балаларды тәрбиелеу, оқыту, сауықтыру, отбасы жағдайларында жеке — дара өмір сүруге дайындау болып табылады.
2. 3. 3 Балалар ауылы
Адамгершілік құндылықтарына және әрбір нақты елдің мәдени дәстүріне сәйкес, яғни белгілі дін шеңберінен тыс тәрбиеленетін балалар ауылдары деп аталады. Бүгінгі күні әлемнің 120 елінде балалар ауылдары жұмыс жасауда. Балалар ауылында жалғызбасты аналар іріктеледі. Балалар ауылы 12 – 15 отбасы үйлерінен құралады.
2. 3. 4 Патронаттық тәрбиелеу
Патронаттық тәрбиелеу – бұл патронат тәрбиешінің отбасына тәрбиелеуге баланы орналастыру нысаны. Қазіргі таңда бұл жетім балалар мен атан — ана қамқорлығынсыз қалған балаларды, отбасына орналастырудың енді дамып келе жатқан түрі. Патронаттық орналастыру жөніндегі заңнамалық базаның іске асырудағы қаржылық деңгейі алғаш рет 2004 жылы әзірленген. Патронат жүйесінің артықшылығы, баланың өзінің биологиялық ата — аналарымен, туған туыстарымен қарым — қатынаста болуға рұқсат етілген. Басты мақсаты: отбасында тұру тәжірибесін үйрену, отбасы рөлдері мен міндеттерін бойға сіңіру, өз бетімен өмір сүруге дағдыландыру, мінез — құлқын қалыптастыру. Бұл балалар үйлерінің түлектері үшін аса маңызды. Балалар үйінің тәрбиеленушілерінің арасында ересек жастағыларды патронаттық тәрбиеге алудың өзіндік қиындықтары мен артықшылықтары бар. Таңдау қабілеті тәрбиеленушілердің мінез құлқында қалыптасқандықтан, жасөспірім балалар көбіне өзбетімен отбасына барғысы келетінін немесе барғысы келмейтінін айтады. Ал біздің жағдайда, тобымдағы балалардың сыры мен жан дүниесін білгендіктен, патронаттық тәрбиеге алу кезінде еш қиындықтар туындаған жоқ. Жоғарыда аталған жүйелер мен ерекшеліктердің барлығын қарастырып, психологпен ақылдаса отырып, отбасы мүшелерінің мінез — құлқымен ұқсас болады деген оймен бауырымды патронаттық тәрбиеге алдық. Бірінші күннен бастап патронаттық тәрбиеге алу жағдайындағы мақсаттарды жүзеге асыруға тырыстық.
Әр баланың еркін қоғамдағы өмірге дайын болуы тиіс. Ал жетім бала балалар үйінен түлек атанып шыққаннан кейін өмірдің түрлі қиындықтарын бастан кешіруге, оларды ересектердің көмегінсіз жеңе білуге қауқары жоқ. Балалар үйінің түлектерінің ішінде қылмысқа қатысушылар немесе қылмыс құрбандары кездеседі, олар тұрғын үйлерінен және жұмысынан неғұрлым жиі айырылады. Сонымен қатар олардың арасында суицид құрбандары да кездеседі. Жеке — дара өмірге енуі кезінде үлкен қиындықтармен ұштасып, әр уақытта табысты жүрмейтінінің белгісіне айналады. Ертеңгі күні балалар үйінен түлеп, қылмысты, түрлі сипаттағы жағдайлардан аулақ болсын, жетім атанбасын деп, болашаққа нық қадаммен, мақсатпен бейімделсін деген ниетпен баланы 12 жасында отбасымызға қабылдадық. Жиі кездесетін оқиғалар мен проблемаларды ескере отырып, бауырымның толыққанды дамуы үшін, атап өтілген қателіктермен, қиындықтардан аулақ болу үшін баланың мүдделеріне сәйкес келетін тұру жағдайларымен қамтамасыз еттік. Баланың өзін қоршаған ортада танытуы үшін тек отбасылық орта ғана мүмкіндік бере алатынын түсінген болатынбыз. Балалардың биологиялық немесе ата — ананың орнын алмастыра алатын отбасылық ортада орналастыру неғұрлым ертерек басталып, жүйелі түрде жүргізілсе, соғұрлым оның өзін — өзі ашық қоғамда ұстауына, әлеуметтік бейімделуі мен әлеуметтенуге қол жеткізуіне тиімді болып келетіні рас. Осыған сәйкес бүгінгі күні патронаттық тәрбиеге алу жыл санымен өсіп келеді. Салыстырмалы түрде, 2006 жылы 1 791 бала алынған, ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 2 162 ге дейін артқан. Отбасына алынатын балалар санының өсуі қоғамның алға жылжуы, халықтың қамқорлыққа деген сана — сезімінің артуының белгісі десек қателеспеспіз.
1 — ші кесте: Жетім балалар және ата — ана қамқорлығынан шеттетілген балалардың саны туралы мәлімет

2. 4 Бала асырап алу, патронаттық тәрбие, қамқоршылық пен қорғаншылық мәселелері
Жетім балалар мен ата — анасының қамқорлығынан айырылған балаларды отбасына беру, асырап алу, қамқорлыққа алу, жаңа түрі – патронаттық тәрбиеге беру, яғни баланың жаңа отбасына бейімделуі маңызды болып отыр. Мәселен, мұндай мемлекет тарапынан құрылған арнайы жобалар өзіндік әлсіздіктері мен сырын ашып жатыр. Дәл қазіргі күнге дейін асырап алынған балалар ішінен 270 — ден астамы балалар үйіне қайта қайтарылды. Кейбір жағдайларда баланы асырап алғаннан кейін ажырасып кеткен ерлі — зайыптылар сәбиді қайтарған немесе балаларды ұрып — соғып азаптаған. Мұндай оқиғалар Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан Облысында болған. Ал шетелде мұндай келеңсіз оқиға 2006 жылы, Америкадағы Аригон штатында әкесі жеті жасар баланы зорламақ болып, күш көрсеткен (Джим Хардинг, Халықаралық бала асырау жөніндегі агенттік директоры). Дәл осындай оқиғаларды бастан кешірген балалардың жүйкесі міндетті түрде невроз ауруына шалдығады деп психолог мәлімдеді. Бұл мәселелер екі елді де бей жай қалдырмады. Қазақстан балаларына қатысты жәбірлеуден кейін, АҚШ — ның Мемлекеттік департаментінің өкілі, балалар мәселесі жөніндегі бюроның кеңесшісі, Сьюзан Джейкобс Қазақстандағы Сыртқы істер Министрінің орынбасарымен, жетім балалардың басында отырған Раиса Шермен кездесті. Мемлекеттік органдардан тұратын екі жақты жұмыс тобы құрылды. Бүгінде Қазақстаннан бала асырап алу ісімен шетелді 37 агенттік айналысады. Бұл шешімді Қазақстан Республикасының Министірліктері қабылдады. Заңды кодекстің пайда болуы, агенттіктерді бақылауға, нақты мәселелерге көз жеткізуге, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Ендігі де бұрынғыдай әлемнің бүкіл елдері Қазақстаннан бала асырап ала алмайды. Тек сегіз елге ғана рұқсат берген, олар – АҚШ, Италия, Испания, Швеция, Бельгия, Германия, Франция, Канада.
Бала тағдырына нұқсан келтіру қазақ халқына жат нәрсе. Бірақ қазақ қыздары да балаларды тастап жатыр, балалар үйіне өткізгені бір бөлек, тіпті кей жағдайларда қытай сөмкесіне салып, көшеде тастағандар да бар екені рас. Сірә, өмірдің қиын қыстау кезеңдеріне шыдай алмай, баланы асырай алмайтын болғандықтан, сәби өмірін қиғысы келмегендіктен өткізген болар деген оймен ғана өзімізді тыныштандыра аламыз. Жетім балалардың арманы анасы мен әкесін көру, олардың махаббатына бөлену. Балалар үйінің тәрбиеленушілері күндер, айлар, жылдар санаумен ата — анамыз оралады деген оймен үміттерін үзбейді. Ата — ана құқығынан айырылған немесе шеттетілген балаларға қамқор боламыз деп келген өзге ата — аналардан тәрбиеленушілер тіпті бас тартып, өздерінің ата — аналарының бар екенін, олардың міндетті түрде оралатынына сеніммен қарайтындарын айтады. Таза жетім балалар керісінше ата — анасының жоқтығына көнген сынды, мұндай асырап алудан бас тартпайды. Ұсыныстар болған жағдайда жаңа отбасына тез сіңісіп кетеді.
Баламыздың отбасымызға енуі үлкен сырға толы зерттеу жұмыс кезеңіне айналды деп атап өткен болатынмын. Өзгелерге де танымдық жұмыс ретінде, көмек құралы болар деп, отбасы жағдайларымен, кездескен қиындықтармен бөліскенді жөн көрдім. 12 жаста жеткіншек бала болып саналғандықтан, әртүрлі әңгімелесулер мен сырласуды дұрыс деп білдік. Кез келген бала жаңа отбасына келгеннен кейін, ұялу мен біраз жатырқау сынды мінез, қалыпты болып есептелді. Дегенмен, салыстырмалы түрде патронаттық тәрбиеге алынған балалардың ішінде, психологтардың сипаттамасына сәйкес үйге тез бейімделгендердің бірі біздің баламыз болып есептелінді. Бұлай деп аталуына да себеп бар. Мәселен, патронаттық қамқоршылар баланың ішкі түпкір дүниесіне үңілсе, оның нені қалайтынын сұрап, тыңдай білсе ғана нәтижеге жетеді. Патронаттық ата — ананың да дүниетанымы кең, баланың психологиялық — моральды жағдайын түсінуге деген мүмкіндіктері үлкен болғаны шарт. Себебі бала құқығына қол сұқпай, тәрбие ісіне басшылық етсе, отбасылық қарым — қатынаста жетістіктерге жетуге болады. Патронаттық тәрбиеге алған ата — ананың баланы білім мен еңбекке баулуға, өмірдегі қиындықтарды жеңе білуге, үлкен белестерден өтуге, баланың бойында байқампаздық пен танымдылыққа деген құштарлық арттыра білуі керек. Бала көңілі сезімтал, әрі нәзік, тез еліктегіш болатынын ескеріп, бүгінгі шешуге қиын, ауыр болады деген мәселелердің барлығының болашақта жеңіл болып қалатынына сендіре білу керек. Сондықтан біз оларға үлкен өмірдің қадамдары мен таңдауларын жасағанда, қолдау көрсетіп, қол ұшын созсақ, сәттілікке әкелетінін сөзсіз.
2. 5 Отбасылар арасындағы сұхбаттасу
Қамқорлық жасау мен қолдау көрсету, асырап алу шараларының жүзеге асу деңгейін анықтау мен оларды дамытуға деген қадамдарды жасау үшін Семей қаласында асырап алған отбасылар арасында сұхбат жүргізілді.
2 — ші кесте Ата — аналармен жүргізілген сұхбат
2. 5. 1 Сұхбаттасу нәтижесі
Сұхбат Семей қаласындағы №8 отбасылық үлгідегі балалар үйінен асырап алған, патронаттық тәрбиеге алған ата — аналармен жүргізілді. Сұхбатқа жауап берушілер саны 8 адам болды. Қойылған сұрақтар нәтижесінен мынадай қорытынды шығаруға болады.
— Отбасындағы ата — аналар өздерінің міндеттерін және жауапкершіліктерін түсінеді.
— Отбасында асырап алған балаға сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен, түсіністікпен, төзімділікпен қарайды.
— Балаларды еңбекке, өнерге тәрбиелеудің маңызы зор екенін біледі.
— Асырап алған баланы тәрбиелеудегі қиындықтарды мойындайды.
Сұхбат нәтижесі тәрбиешілердің мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж екендерін анықтап берді. Бала асырап алу кезінде жиі кездесетін қиындықтарды жеңе білу үшін, отбасында туатын кикілжіңдердің алдын алу үшін арнайы дайындық тобын құруды ұсынуға болады. Ата – ана мен бала арасындағы қарым — қатынасты жақсарту мақсатында арнайы тренингтер мен қосымша психологиялық, педагогикалық әдістерді жетілдіретін мамандармен жұмыс жасау сияқты түрлі шаралар ұйымдастыру қажет болды.
Іс — шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асыру кезінде мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілгенімен, моральды қолдау қажет екенін ескерген жөн. Мектептер мен асырап алынған мекемелерде мейрамдар мен әртүрлі жиындар өткізу арқылы балалар өздерін дара тұлға, отбасының бір мүшесі ретінде таныта алады. Бұл баланың өзінің асырап алған отбасын мақтан тұту қасиетімен қоса, отбасылық ынтымақтастыққа әкеледі. Себебі интеллектуалдық, спорттық мейрамдар мен іс — шараларда жаңа отбасылар өзара сынға түсіп, сайыстар мен жарыстарға қатысады, ал бұл баланың отбасына деген рухын оятады. Баланың өткендегі өмірі мен психикалық дамуын психолог мамандардың көмегімен анықтау арқылы, жаңа отбасында қателіктер мен балаға ауыр тиетін жағдайлардан аулақ болу үшін ата — аналарға кеңес беретін қосымша ұйым қажет. Шынында да Қазақстандағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің отбасына ену мүмкіндіктері дамыту мен жетілдіруді қажет ететіні осыдан анық. Проблемаларды жою үшін, дамыту жолында бірқатар жұмыстар жүргізілуі тиіс, яғни Қазақстан Республикасында асырап алған отбасылар мен балалар арасында жұмыс жасайтын дайындық және қалыптастыру топтарын құрып, оны еліміздің әрбір аудан, облыс орталықтарында орналастыру арқылы жүйелі бағдарлама құруға болады. Халықтың әлеуметтік жағдайын және білім саласындағы дамуды одан әрі күшейту мақсатында жоспарланған стратегиялар толықтыруды қажет етеді. Ал бұл іс — шараға қолдау бола алатын Елбасының 2050 стратегиясы.
Қорытынды
Бұл жаһандану әлемінде жетім балалар санын азайту, оларды отбасына орналастыру, қаржылай көмек көрсету, білім мен спорт саласында өзін — өзі таныту үшін дүниежүзі елдерінің мамандары зерттеу жұмыстарын жазып қана қоймай, құрлық асып, сан түрлі жобаларды қарастыру арқылы жаңа идеялар мен бағдарламалар жасауда. Ана мен бала құқығы үшін, олардың мүдделері мен мүмкіндіктерін арттыру үшін дүниежүзілік, халықаралық ұйымдар жүйелі жұмыстар атқаруда. Мұның барлығы ертеңгі кемел болашақ үшін. Әрбір елдің тірегі — халқы. Ал халықтың күтер үміті жастардан. Сол себепті де дүниеге шыр етіп келген әрбір бала біз үшін қымбат. Қай қырынан қарасаң да, бала болашағы елдің болашағы екені айқын көрінеді. Қазақ халқы «Жетім көрсең, жебей жүр» — деп мүмкіндігінше ата — анасыз қалған балаларды бауырына басып, бар жағдайын жасап, қамқорлыққа алуға тырысқан. Дәл сол салтынан қайтпай, дәстүрлі әдетпен қазіргі заман адамдары да бала асыраумен заңды жүзде айналысуда. Бір — бірімізге жанымыз ашып, үлгілі де өнегелі ұрпақ қалыптастырғымыз келсе, білімді де саналы қауымдастық құрып, еліміздегі әрбір қазақ баласына қамқор болып, болашағына қам жеп, әрбір жетім бүлдіршінге бала бақытын сыйлағымыз келсе, ертеңімізден кемел үміт күтсек, ол қадамды бүгіннен бастауымыз қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 18 маусымдағы № 229 бұйрығы
2. А. Адлер, А. Фрейд Балалар үйінде тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктері
3. Аккутанова М. М. Патронаттық тәрбие беру қызметін жетілдірудің педагогикалық шарттары // Қызылорда 2013, 1 — 3 б
4. Досмағанбетова Г. Патронаттықтәрбиедегенімізне? // 2011, www. adilet. gov. kz/node/19404
5. Жайсенбаева Қ. Жетім көрсең, жебей жүр // 2013, www. baq. kz
6. Ермұхамбетова А. С. Оқушылардың отбасылық құндылықтарға деген көзқарастарын қалыптастыру // «Гуманитарлық білім берудің заманауи әдіснамасы: үдеріс, сапа, жетістік», Алматы 2012, 373 — 376 б.
7. Теребаева А. А. Қазақ халқының бала тәрбиесіндегі дәстүрлері // «Гуманитарлық білім берудің заманауи әдіснамасы: үдеріс, сапа, жетістік», Алматы 2012, 378 — 380 б.
8. Г. Сүйеу Бала бақыты — бастыбағыт // www. bala — kkk. kz/node/473
9. Мұхамеджанова Н. Шетелдегі қазақ балалары // Астана 2013
10. А. С. Макаренко Тұлға қалыптасуының табиғи негізі — отбасылық тәрбие, 1954
11. Марина Пестрякова Чужых детей не бывает//2013, www. vecher. kz/node/25978

Толық нұсқасын жүктеу