Ақтоғайлық ұстаз — жыл мұғалімі |

0
207


Оқылды:
41

Еліміздің Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңыңда облыстық «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздары анықталды. Ақтоғай ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Перизат ЖЕКСЕНБАЕВА бас жүлдені жеңіп алып, 350 мың теңгелік сертификаттың иегері атанды.

Байқауда Шет, Ақтоғай, Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау аудандары мен Балқаш, Жезқазған, Шахтинск, Сәтбаев және Қарағанды қалаларының ұстаздары сайысқа түсті. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, сондай-ақ педагог мамандығының мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған байқауға 38 педагог қатысып, оның 11-і ақтық мәреге жолдама алды.

Ұстаздарды құттықтаған облыстың білім басқармасы жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Мәулида Жошина: «Мұндай байқаулар мұғалімдерге өздерін тексеруге, кәсіби тұрғыда өсуін байқауға, тәжірибе алуға мүмкіндік береді»,– деді.

Педагогикалық мамандықтың мәртебесін көтеріп, аймақтардағы мұғалімдердің кәсіби дағдыларын ынталандыру мақсатындағы байқаудың бірінші кезеңі қазан айында аудандық, қалалық білім бөлімдері, арнайы (түзету), арнайы мектеп-интернаттары арасында өткен болатын. «Жыл мұғалімі» байқауының қараша айындағы екінші айналымында 38 сабақтан тыс шаралар өтті. Байқаудың үшінші кезеңінде 11 мұғалім өздерінің шығармашылық қабілетін, кәсіби шеберлігін көрсетті.

Байқауда Ә.Бөкейхан атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Перизат Жексенбаева бас жүлде иегері атанса, І орынды Қарағандыдағы №1 лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Ақан Жағзалаг, ІІ орынды Абай ауданы А.Құнанбаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлшат Ағайдарова, ІІІ орынды Шахтинск қаласындағы №3 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Людмила Цей иеленді.

Сондай-ақ, байқауда «Үздік сабақ» номинациясына Жезқазған қаласы № 9 мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Сәкен Мұсабаев, «Үздік сабақтан тыс шара» аталымына Балқаштағы №4 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Александра Варкулевич лайық деп танылды. «Үздік үй тапсырмасы» аталымын психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Байшүкенова жеңіп алды. Бұқар жырау ауданы №1 орта мектебінің мұғалімі Нағима Темірбекова «Көрермендер көзайымы» номинациясына лайық деп танылды.

Бұдан басқа биылғы байқауға арнайы аталымдар қосылды. Атап айтсақ, меценат Бекзат Алтынбеков ұсынған «Заманауи мұғалім» номинациясындағы жүлдені Сәтбаев қаласындағы №15 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Орынкүл Махметова иеленді. Ағдарбек Мұқатаев атындағы жүлдені Шет ауданы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Жұлдызай Бөкенова жеңіп алды.

Айта кеткен жөн, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз Ағдарбек Мұқатаев – еңбек жолын Ақтоғай ауданындағы «Сәуле» мектебінде мұғалім болып бастаған. Педагогикалық еңбек ардагері 40 жыл білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, еселі еңбегі үшін бірнеше марапаттарға ие болды.

Сондай-ақ, байқауда Ақтоғай ауданындағы қазіргі Әлімхан Ермеков атындағы мектепте 40 жылға жуық педагогикалық қызметте болып, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Рамазан Төребеков атындағы жүлдені Бүркітті ауылындағы №20 мектептің тарих пәні мұғалімі Қуаныш Асқар жеңіп алды.

Биылғы облыстық «Жыл мұғалімі» байқауы педагог кәсібінің дәрежесін көтеріп қана қоймай, мұғалімдердің жеке әлеуетін жалпыға көрсетуге бағытталды. Облыстың білім басқармасы ұйымдастырған байқау биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

Суретті түсірген А.ЖАНАСЫЛОВА.