Әңгіме: Жұмағали Саин | Оның даңқы

0

Астылы-үстілі үйлердің бір бөлмесі еді. Бөлме іші сәнді, салтанатты. Үйдің оң жақ босағасын ала, күн сәулесімен шағылысып күміс кровать тұр. Үстінде реттеліп жиналған жүк. Төр алдына үлкен айна қойылыпты. Терезелеріме ұсталған мәнерлі ақ кестелі кружевалар төмен түсіп тұр. Оның үстіне стенасына ілінген қызыл кілем мен сырлы тақтай үйдің ажарын кіргізіп тұрған тәрізді. Төрде қызылмен қоршаған Ленин суреті.

Бөлме іші біраздан бері тым-тырыс. Ауыз үйде бір әйелдің ыңырсып салған әні мен аяғының дыбысы ғана естіледі. Ыңыранып шыққан әнге, аяқтың дамылсыз дыбысы арқылы бұл ауыздағы үйдің ас үй екенін, ондағы әнші Әсия жеңгей екенін айтпай-ақ білесің.

Құлақты ақ кастрюльге құйылған су отта қайнайды. Көбіктенген суға жеңгей әлсін-әлсін қарап қойып, пештің отын көсеп жібереді. Ақ шараға салған ұнды сырлы столдың үстіне көтеріп қойып, қамыр илейді. Сыбанылған білек кідіріссіз іске кіріскенде әлгі жеңгей ыңырсып әнді шырқап жібереді.

Ай сұқтансын аспанда,

Албырап алтын табақтай,

деп бітірді әннің аяғын Әсия жеңгей.

«Рас-ау, тіпті!»— деді, есік алдында тыңдап отырған Әли, өлеңнің осы жерін түгел естігеніне мәз болып: «Рас айтады мынау»,— деп, тағы бір көтеріліп қойды. Ұлы данышпан Ленин бастаған коммунист партиясының бақыт нұры, күн нұрынан кем бе? Оның саясында, нұрлы сәулесінде, бақыттың биік шыңында отырып, өмірмен ойнаған кеңес пролетариаттары, оның мың-миллиондаған жастары күміс шабақ сияқты емей, немене?

— Бас бөлекейге, Әсия, шырқа әнді. Біздің өмір масатылы кілем түріндей мәнерлі, шын жібектей сипатты, сұлу әнді, сымбатты өмір,— деді бір жағынан Құлмағамбет қарт.

Есік тырс етіп ашылғандай болды. Қолында кітап, қағазы бар, мойнында қызыл галстугы бар жас қыз есіктен үйге кіре берді.

— Париғажанбысың?—деді Әсия.

— Иә.

— Шешіне қой, сәулем, қызметтен кешірек шықсам да асты дайындап қойдым. Кәне тоңып қалған жоқсың ба?—деп, Әсия жеңгей қыз баланың асты-үстіне түсіп, шешіндіре бастады.

Париғасын жайлап отырғызды да:—«Колхоздағы әжең келді. Қазір келеді. Саған көп сәлемдеме әкепті»,— деді. Париға қуанып кетті. «Қашан келеді әжем, қайда кетті өзі»,— деп Әсиядан қайта-қайта сұрады.

Әжесінің дүкен аралап кеткенін, тез оралатынын айтып, Әсия ас үйге шығып та кетті. Сумкасының ішінен Париға, бір кішіректеу кітапшаны алып, ашты. Кітапқа қарап көзін алмастан көп отырды. Бірер қағазын аударыстырып оқып шықты да бір суретке ұзақ уақыт қараумен болды. Суретті көп қарады. Қарап отырып күбірлеп сөйлеп те қояды. Тап осы мезгілде оның жүзінен ұлы қуаныштың белгісін табуға болар еді. Ол бір мезгілде «Ленин, Ленин»,— деп, қатты дауыстап жіберді. Даусының қаттырақ шығып кеткенін оның өзі мүлдем сезбей қалды.

Ауыз үйден, «не дейсің, қарағым»,— деген Әсияның сөзіне назар аудармастан, Париға сумкасын тағы да ақтара бастады. Ол қызыл тысты дәптерін қолына алды да бірнеше қағаздарын тез-тез аударыстырып, бір шетіне қадала қалды. Қызыл сиямен әдемілеп жазылған бірер сөзді оқып шықты да: «Иә мен мұны кітаптан жазып алғанмын, ол жалғыз ғана Ленин емес, ол төңкеріс данышпаны, өлшеуі, теңдесі жоқ ұлы көсем»,— деді. Сүйтті де екі қолын шапалақтап, секіріп-секіріп қуанды. Бар даусымен әнді шырқап жіберді:

Бақыттың асқар шыңында,

Сен тудырған миллион ұл.

Еліңде бабам, еліңде.

Шаттық өмір, сұлу жыр.

Париға осы өлеңді айтып бола бергенде есік ашылып, колхоздан келген қарт әжесі де кіріп келіп еді.

Немересін сағынған қарт, келген бетінде Париғасын құшақтап, баурына қысып сүйе бастады.

— Сағындың ба, қалқам, мені,— деді оған әжесі.

— Сағындым.

Қарт ана құлынымдап баланың асты-үстіне түсті. Екі бетінен кезек-кезек сүйді. Тап осы мезгілде Париғаның ойына Лениннің шетте жүріп анасына жазған хаттары түсті. Ол хаттардың көбін оқып шыққан-ды.

— Ленин бабамыз жас шағында өзінің анасын көре алмай шетте жүрді. Біздің, біз секілді көп-көп балалардың бақыты үшін ол өзінің туғанынан айрылды,— деді әжесіне.

— Иә қарағым, бабаң Ленин мехнат тартып, тұрмыс бақытын біздің елде орнатты. Міне, сені мен біз сол бақыттың құшағында жасап отырмыз,— деді әжесі.

— Иә, әже, мен Ленин бабамды ұмытпаймын, әсіресе оның балалық шағы менің көз алдымнан кетпейді. Мен оны үнемі еске аламын. Оның шетте жүрген күндерін, тартқан ауыр мехнаттарын еске аламын. Сүйемін мен бабамды, сүйемін. Маған жасап берген әдемі тұрмысы үшін, оқуы, енері үшін сүйемін,— деді Париға. Ленин баба өзі өлсе де, оның ісі тірі. Ол істі ұлы партия бастап отыр,— деді ол тағы да.

— Оның даңқы,— деді әжесі,— оның даңқы барлық адам баласының құлағында, барлық елдің адамдарының жүрегінде.

Facebook