Әңгіме: Жюль Верн | Он бес жасар капитан
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші тарау
«ПИЛИГРИМ» АТТЫ ШКУНА-БРИГ
1873 жылы 2 февральда «Пилигрим» атты шкуна-бриг Гринвичтен 43°75 оңтүстік ендік пен 165ʹ19 батыс бойлықта жүзіп жүрген. Оңтүстік теңіздерден кит аулау үшін Сан-Францискода жабдықталған төрт жүз тонналық кеме еді бұл.
«Пилигрим» Калифорнияның кеме иемденуші байы Джемс Уэлдон дегеннің кемесі болатын; бұны ұдайы бірнеше жыл Гуль деген капитан басқарып келген-ді.
Джемс Уэлдон Берингов бұғазынан ары оңтүстік және солтүстік теңіздердегі Тасмания мен Горн мүйісіне жыл сайын топ-тобымен кеме керуенін жөнелтіп тұратын. «Пилигрим» шағын болса да флоттағы шапшаң жүзетін жақсы кемелердің бірі еді. Ол қылаусыз жақсы жабдықталғандықтан шағын командамен-ақ Оңтүстік Мұзды мұхиттың мұз сірескен шегіне дейін барып жүрді.
Сен жаз айларында солтүстіктегіден де оңтүстік жарты шардағы ендікке жетіңкіреп қалады, капитан Гуль кемені сондай сіресіп жатқан көшпелі сеңдердің ара-арасымен тамаша жүргізетін. Ізгі Үміт мүйісі мен Жана Зеландия маңында сен жиі кездеседі. Анығырақ айтқанда, бұл мұздар жылы су шайған көшпелі мұз тауларының тек кішігірім бөлшектері ғана; бұлардың көбісі Атлант немесе Тынық мұхитқа түсісімен еріп кетеді.
Оңтүстік флотилиядағы таңдаулы теңізшілер мен гарпуншылардың (китке шанышқы ататын) бірі капитан Гуль болатын; ержүрек капитан «Пилигримді» басқарғалы бері оның қарамағында тәжірибелі бес матрос пен матростық өнерін жаңа үйреніп жүрген бір жасөспірім қызмет етіп жүрді. Кит аулау кәсібінде, қайықта қызмет атқарып, ауланған китті сойып, баптау үшін көп адам керек, мұндай ірі іске бар болғаны алты-ақ адам тым аз еді. Әйтсе де Джемс Уэлдон басқа кеме иелерінің әдістерін қолданып, Сан-Францискодан тек кеме басқаратын команданы ғана алуды тиімді санаған.
Жаңа Зеландияның тұрғын халқы мен ондағы түрлі ұлттардың қашып-пысқандары арасынан бір маусымға жалдана кететін шебер гарпуншылар мен матростар қашан да болса табыла береді. Бұлар маусым аяқталған соң қожайындарымен есеп айырысады да, кит аулаушы кемелердің келесі жылғы маусымын күтіп, жағаға түсіп қалады. Бұл жағдай команда жалақысынан бірсыпыра ақша үнемдеп, кит аулау кәсібінен түсетін пайданы молайта береді.
Джемс Уэлдон «Пилигримді» сапар шығаруға жабдықтағанда нақ осы әдісті қолданып еді.
Шкуна-бриг оңтүстік Поляр теңіздерінен кит аулау кәсібін аяқтағаны сол, бірақ оның трюмінде (кеменің астыңғы қабаты) кит мұрты сақталатын орын әлі олқы, кит майы толтырылмаған кеспектер де көп. Бұл кезде кит аулау тым қиын еді. Аяусыз қыра бергендіктен кит тым сирек кездесетін болды. Нағыз киттер құрып бітуге айналып, енді аңшылар жолақ жон киттерді аулауға кіріскен, бірақ киттің бұл түрін аулау аса қауіпті еді.
Бұл сапарда «Пилигримнің» жолы болмады. Январь айының бас шамасында, Австралия жазының шыжып тұрған кезінде, кит аулау аяқталмай-ақ, капитан Гуль кері қайтуға мәжбүр болды. Жалдап алған маусымдық матростары жұмысты керенау істей бастаған соң, ондай жалқаулардан тезірек құтылғысы келді.
«Пилигрим» солтүстік-батысқа қарай бет түзеп, он бесінші январьда Жаңа Зеландия аралының шығыс жағындағы Окленд портына келді. Капитан Гуль жалдап алған маусымдық кит аулаушыларын сонда түсіріп кетті.
«Пилигримнің» тұрақты командасы бұл жолғы сапарына барынша наразы еді, өйткені шкуна-бригтың жүгі толу үшін әлде де болса кем дегенде екі жүз тонна кит майы керек. Бұлардың аушылық кәсібінде мұндай сәтсіздік бұрын-соңды болған емес.
Басқа аңшыларға қарағанда капитан Гульдің өзі аса ренжулі. Бұл сәтсіздік оның атышулы «кит аулаушы» деген даңқына аяусыз таңба салды; жұмысқа кедергі жасаған арамтамақ жалқауларды үнемі қарғап-сілеумен болды ол.
Оның Оклендтен жаңа адамдар жалдамақ болған әрекетінен де нәтиже шықпады, теңізшілердің бәрі басқа кит аулаушы кемелерге жалданып қойған. Сөйтіп «Пилигримнің» олқы жүгін толтыру жөніндегі ниетті қоя тұру керек болды. Капитан Гуль порттан кеткелі жатқанда, бізді ала кетіңіз деп бір топ жолаушылар келіп жалынды. Ақырында қиылған халықтың көңілін қия алмады капитан Гуль.
Бұл кезде «Пилигрим» қожасының әйелі миссис Уэлдон, оның енді ғана беске толған бөбегі Джек, миссистің немере ағасы Бенедикт ағай Оклендте болатын. Бұлар сауда ісімен Жаңа Зеландияға оқта-текте бір соғып кететін Джемс Уэлдонға еріп сонда келген-ді. Сан-Францискоға бәрі бірге қайтпақшы екен, бірақ дәл жүрер алдында кішкентай бөбегі Джек қатты сырқаттанып қалады да, күте тұруға болмайтын аса бір асығыс жұмыспен Джемс Уэлдон Америкаға шақырылады. Ол әйелін, сырқаттанып қалған баласын, қайнағасы Бенедикт ағайды Окленд портында қалдырып, өзі Америкаға жүріп кетеді.
Арада үш ай уақыт өтеді, ұдайы үш айды сүйікті адамынан бөлек өткізу жас әйелге ұшы-қиыры жоқ тұтас бір ғасыр боп көрінеді. Кішкентай Джек сырқатынан айыққан соң, әйел жол жүруге әзірлене бастайды. Нақ сол кезде «Пилигрим» Окленд портына келе қалған. Ол кезде Окленд пен Калифорния арасында тікелей қатынас жоқ-ты. Миссис Уэлдон Панама мойнағы мен Мельбурн арасында жолаушылар таситын «Алтын ғасыр» компаниясының мұхитта жүзетін пароходтарының біріне түсу үшін алдымен Австралияға баруы керек. Панамаға жеткен соң, Калифорния мен мойнақ арасында қатынайтын американ пароходтарын күтуі қажет.
Ұзақ сапарда бір пароходтан екінші пароходқа ауыса беру — уақытты көп алатыны, әсіресе балалы әйелге қиын болатыны белгілі. Сондықтан да миссис Уэлдон «Пилигримнің» Окленд портына келген хабарын есітіп, өзін, кішкентай бөбегі Джекті, немере ағасы Бенедиктті, баласын тәрбиелеп жүрген негр кемпірі Нанды Сан-Францискоға жеткізіп сал деп капитан Гульге келіп өтінген болатын.
Желкенді кемемен үш мың лье жол жүру керек! Бірақ капитан Гуль кемесін дәйімі мүлтіксіз тұтатын, оның үстіне ауа райы экватордың екі жағында да тамаша еді.
Капитан әлгі адамдарды ала кететін болды да, дереу өз каютасын жолаушы әйелге босатып берді. Балалы әйел кит аулайтын кемемен қырық-елу күндік сапар шегетін болғандықтан, оған қолайлы жағдай жасағысы келді.
Сөйтіп, миссис Уэлдонның «Пилигриммен» сапар шегуіне қолайлы жағдай туғызылды. Бірақ жолдан бұру болса да, кемедегі жүкті түсіре кету үшін алдымен Чилидегі Вальпарайсо портына соғуы керек. Әйтсе де оның есесіне Вальпарайсодан шығып Сан-Францисконың нақ өзіне дейін ыңғай соққан желді пайдаланып американ жағалауымен жүретін болды.
Миссис Уэлдон күйеуімен бірге ұзақ сапарларға жиі шығып, жол азабына көндігіп қалған, теңіз қиындығынан қорықпайтын ержүрек әйел еді. Жасы отызды қусырған, денсаулығы тамаша болатын. Капитан Гульдің озат теңізші екенін, «Пилигримнің» сенімді кеме екенін де білетін-ді. Ұтыры келіп тұрғанда жағдайды пайдаланып қалу керек болды. Сөйтіп, миссис Уэлдон шағын кемемен сапар шегуге бел байлады. Онымен бірге Бенедикт ағайдың да кететіндігі, әрине түсінікті.
Бенедикт ағайдың жасы елуді қусырып қалған. Орта жасқа келсе де, үйден бір қадам жалғыз шығаруға болмайтын еді. Оны арықтан гөрі қатпа деуге лайық, бойы оншалықты биік болмаса да, бір түрлі ерсі, сорайып көрінеді, шашы қобыраған, басы ебедейсіз үлкен, кеңсірігінде қорабына алтын жалатқан көзілдірігі бар — міне Бенедикт ағайдың түр-сипаты осындай-ды. Оның ғалым адам екендігі бір көргенде-ақ беп-белгілі. Бұл күнәсіз пенденің өле-өлгенше сақалды сәби болуы тағдырына жазылып туса керек.
Оны «Бенедикт ағай» деп тек үй іші ғана атап қоймай, тіптен басқа адамдар да солай айтатын-ды, ол жалпыға бірдей тума-туыс бола кететін ақпейіл адамдардың бірі еді. Бенедикт ағай өзінің тым ерсі ұзын қолдары мен аяқтарын ешқайда сыйғыза алмайтын, өз бетімен ешнәрсе істей білмейтін, дәрменсіз адам болатын; әсіресе дағдылы тұрмыс жөніндегі мәселелерді шешуге мүлдем шорқақ еді.
Оны масыл деуге болмайды, өзінің икемсіздігінен қымсынған болып, басқаларды да қымсындырудың ебін таба қоятын. Ол күй таңдамайтын, ыстық, суыққа бірдей, біреудің көңілін жықпайтын, ынтымақшыл болатын; егер үй іші ескеріп ас бермесе, өздігінен ас сұрамай күнұзаққа аш жүре беретін көнбіс адам еді.
Бенедикт ағай айуанаттан гөрі өсімдік дүниесіне жуығырақ сияқты. Қасындағы жолдасына не пана, не ас болуға қабілеті жоқ жапырағынан айрылған жеміссіз ағаш тәрізді.
Бірақ ол мейірбан, адал адам, нашар да болса оны жұрт сүйетін, мүмкін, оның нашарлығын ескеріп сүйетін болар. Оны миссис Уэлдон өзінің баласындай, кішкентай Джектің бауырлас ағасындай көретұғын.
Дегенмен, Бенедикт ағай ас ішіп, аяқ босатар масыл емес екендігін айта кету керек. Керісінше, шаршау дегенді білмейтін, еңбек сүйгіш, іскер адам. Оның бар ықыласы жаратылыс тарихына ауып, соған әуестенген.
«Жаратылыс тарихына» дегеніміз, айтып бітіре алмайтын көп әңгіме. Бұл жалпы ұғымға: зоология, ботаника, минерология және геология сияқты бірнеше ғылымдар енетіні мәлім, әйтсе де Бенедикт ағай ботаник те, минеролог та, геолог та емес.
Ендеше, кез келген хайуанды мүшелеп сойып, қайтадан бұрынғы қалпына келтіре алатын Жаңа дүниенің Кювьесі дерлік зоолог болғаны ма? Жануарлар дүниесінің Кювье бөлген төрт түрін — омыртқалылар мен былқылдақ денелілерді, буын денелілер мен жарқырауық денелілерді зерттеуге бар өмірін арнаған ба? Бұл ынталы да аңқау ғалым осы төрт түрдің әр түрлі топтарын, кіші топтарын, тұқымдарын, тұқымдастарын талдап біле ме?
Жоқ!
Бенедикт ағай омыртқалылар тобына жататын сүтқоректілерді, құстарды, бауырымен жорғалаушыларды немесе балықтарды зерттеумен шұғылданды ма?
Жоқ, шұғылданған емес!
Мүмкін, ол былқылдақ денелілерді зерттеген болар? Әлде аяғы басына біткен басаяқтылар мен мшанкалардың жасырын сырларын ашқан шығар?
Оны да істеген жоқ!
Ендеше, ол осы медузалар (теңіз жәндіктері), тікенек терілілер, жабысқақ жәндіктер тағы басқа түрлі жарқырауық топтарды зерттеп ұзақ түн шам жағып отырған болды ғой?
Ақиқатын айту керек, Бенедикт ағайдың ықыласы жарқырауық жәндіктерге де ауған емес.
Олай болса, бүкіл зоологиядан қалғаны тек буындылар тобы ғана, әсіресе Бенедикт ағайдың бар ықыласы осы топқа түгел ауғандығы өзінен өзі түсінікті. Әйтсе де мұны әлі де болса анықтау керек.
Буынды жәндіктер алты топқа бөлінеді. Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, көпаяқтылар, өрмекші, шаян тәрізділер, мұртаяқтылар, шиыршық құрттар.
Расын айтқанда, Бенедикт ағай жер құртынан сүлікті, үй өрмекшісінен сары шаянды, теңіз жұлдызынан креветканы (шаянның бір түрі), кивсяктан сколопендерді ажырата алмайтын-ды.
Ендеше, Бенедикт ағайдың кім болғаны?
Ол ешкім де емес, қарапайым энтомолог!
Энтомология ғылымы, буынсыздардың барлық түрін тексеріп, зерттеумен шұғылданатын жаратылыс тарихының бір саласы екендігіне таласушылар да табылар. Жалпы алғанда, бұл дұрыс та. Бірақ әдетте «энтомология» деген ұғымның бұл тараудағы мазмұны өте шағын болады. Бұл термин тек жәндіктер туралы ғылым саласын белгілеуге ғана қолданылады, басқаша айтқанда, «омыртқасыз буынаяқтылар; бұлардың денесі үш бөлімнен — бас, кеуде, қарыннан құралады. Жәндіктердің екі мұрты, төсінде алты аяғы, көбісінің екі-екіден қанаты болады».
Сөйтіп, Бенедикт ағай күллі өмірін шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа сияқты жәндіктер дүниесін зерттеуге арнаған энтомолог болған.
Бұл жөнде Бенедикт ағайдың бітіретін түк жұмысы жоқ екен деуге болмайды, оның істейтіні кеп. Жәндіктердің бұл бөлімі он топқа бөлінеді:
1-топ түзу қанаттылар (тарақандар, шегірткелер, қара шегірткелер тағысын тағылар).
2-топ тор қанаттылар (арыстан құмырсқа, инелік).
3-топ жарғақ қанаттылар (бал арасы, сағызақ, қанатты құмырсқа).
4-топ қабыршақ қанаттылар (көбелек).
5-топ қатқыл қанаттылар (қандала, шегірткенің тағы бір түрі, шіркей).
6-топ қатты қанаттылар (саратан қоңызы, алтын қоңыз).
7-топ қос қанаттылар (маса, шіркей, шыбын).
8-топ желпуіш қанаттылар (стилопс немесе желпуіш қанатты).
9-топ паразиттер (бит).
10-топ төмен сатылы жәндіктер (қабыршақ қанатты ұсақ жәндіктер).
Бірақ бір ғана қатты қанаттылардың түрі отыз мыңнан кем емес, ал қос қанаттылар алпыс мыңға жетеді. Сондықтан да жұмыс бір адамға артығымен жетіп жатыр.
Бенедикт ағайдың өмірі тұтасымен тек қана энтомологияға арналған. Ғылымның бұл тарауына өзінің күш-қуатын түгел бөліп еді ол, әйтсе де осы ғылыммен ояу кезінде ғана шұғылданып қоймай, тіптен ұйықтап жатқанында да есі-дерті сонда болатын, түсінде де өңшең ғана шыбын-шіркей көретін-ді. Жеңінің қайырмасына, бешпентінің өңіріне, қалпағының етегіне сан жеткісіз түйреуіштер шаншулы болады. Бенедикт ағай қала сыртына шығып серуендеп қайтқан кездерде, қалпағын көрер болсаңыз, шыбын-шіркей жинағының қоймасы екен дер едіңіз. Қалпағының іші-сырты бірдей түйреуішке шаншылған өңшең ғана шыбын-шіркей болатын.
Бұл қызық адамның сыр-сипатын суреттеп толықтыра түсу үшін қосарымыз, оның ерлі-зайыпты Уэлдондарға еріп Жаңа Зеландияға келгендегі мақсаты, тек қана энтомология ғылымы жөнінде жаңалықтар ашып, ғылым құмарлығының шөлін басу еді. Жаңа Зеландияға бару сапары сәтті болып, «қазынасын» бірсыпыра сирек кездесетін шыбын-шіркейлермен байытып алған, енді осы баға жеткісіз табыстарын өзінің Сан-Францискодағы үй музейіне апарып, іріктеп түрге бөлу үшін тез қайтуға асыққан-ды.
Миссис Уэлдон бөбегімен «Пилигримге» отырып елге қайтқанда, Бенедикт ағай да олармен бірге жолға шыққандығы, әрине, түсінікті.
Миссис Уэлдон, жазатайым қауіп-қатер төне қалса, Бенедикт ағай сүйеніш болар деп мүлдем ойламап еді. Енді, бір жақсы жері, жылдың осы бір маусымында мұхиттың тым қатты туламай тыныш жататын кезінде сенімді капитан басқарған кемемен рақаттана сайрандап еліне қайтатын болды.
«Пилигрим» ұдайы үш күн Оклендте тұрған кезінде миссис Уэлдон жолға қажетті шаруасын сақадай сай етіп дайындап алды. Енді кемені бөгемей тезінен жөнеп кеткісі келді. Жергілікті қызметкерлерімен есеп айырысып болды да, январьдың жиырма екісі күні кішкене бөбегі Джекті, Бенедикт ағай мен негр кемпірі Нанды ертіп «Пилигримге» келіп орналасты.
Бенедикт ағай өзінің арнаулы қаңылтыр қалбырға салып мойнына асып жүретін баға жеткісіз шыбын-шіркей коллекциясының ішінде қатты қанатты, көздері төбесіне біткен ет қоректі стафилин деген қоңыз да бар-ды. Ғалымдар оны күні бүгінге дейін тек қана новокаледондық фаунаға тән деп шамалап келген. Ол жақта шаққанынан адам өлетін улы өрмекші болады, оны Жаңа Зеландияның тұрғын халықтары — маорицтер «катипо» деп атайды. Олар Бенедикт ағайға сол өрмекшіні де ала кетіңіз деп мәслихат еткен. Бірақ өрмекші шыбын-шіркейлер тобына жатпайды, өрмекші тәріздестердің тұқымы өзіне басқа, улы өрмекшінің ғылым үшін ешқандай бағасы жоқ. Сондықтан да Бенедикт ағай өрмекшіні қомсынып коллекциясына қосқысы келмей, одан гөрі Жаңа Зеландияның стафилин қоңызын бағалы экспонат деп санады.
Әрине, Бенедикт ағай коллекциясын қамсыздандырып, ақша аямай тиісті жарнасын да төледі. Бұл коллекция оның үшін «Пилигрим» трюмінде жатқан бүкіл кит мұрты мен кит майынан анағұрлым бағалы еді.
Миссис Уэлдон жолдастарымен бірге кемеге келген кезде капитан Гуль жолаушыларға:
— Миссис Уэлдон, сіз мұхитты кесіп өту үшін «Пилигримді» таңдадыңыз ғой, бұл жауапкерлікті әрине, ұғатын боларсыз,— деді.
— Капитан Гуль, бұл сауалыңызды қалай түсінер екенбіз?
— Мен мистер Уэлдоннан ешқандай нұсқау алғаным жоқ, сондықтан сізге осындай сауал беруіме тура келді, бұл — бір. Екіншіден, шындығын айту керек қой, қауіпсіздік жайына келгенде, жолаушылар тасу үшін әдейі жабдықталған пакетботтан шкуна-бриг көп төмен.
— Егер Джемс Уэлдон осында болса ойланбай-ақ, баласын ала менімен бірге «Пилигриммен» сапар шығар еді, сіз бұған қалай қарар едіңіз?
— Оған сөз бар ма! — деді капитан Гуль.— Өз бала-шағам болса, «Пилигриммен» мен де күдіксіз-ақ кете берер едім. Биылғы аушылық маусымын сәтсіз аяқтағаны болмаса, «Пилигрим» тамаша кеме. Өзінің үздіксіз бірнеше жыл басқарған кемесіне теңізшінің сенімі кәміл, менің де «Пилигримге» деген сенімім сондай. Миссис Уэлдон, сізге бұл сияқты сауал беру себебім, ұятқа қалмайын, сіздің әдеттеніп қалған жағдайыңыздың мұнда болмайтынын алдын-ала ескерткенім ғой.
— Капитан Гуль, егер күллі іс жағдайдың қолайлы — қолайсыздығына тіреліп тұрса, ондай нәрсе мені жолымнан қалдыра алмайды. Мен каютаның тарлығы мен дастарқанның олқылығына наразы болып капитанға маза бермейтін ерке жолаушы әйел емеспін.
Миссис Уэлдон көтеріп тұрған бөбегіне бір қарап алды да, сөзін қорытты:
— Сөйтіп, капитан, енді жолға шығайық!
Капитан сол сәтте якор көтеруге бұйырды. «Пилигрим» кешікпей-ақ желкендерін көтеріп, Окленд портынан шықты да американ жағалауына қарай бет түзеді.
Бірақ үш күннен соң шығыстан қатты жел тұрды, енді желге қарсы жүзу үшін кеме бұрынғы бағытын амалсыз өзгертті. Сондықтан өз капитанының ырқына көнбеген «Пилигрим» февральдың екісі күні таңертең жоғарғы ендікке жетіп қалды. Горн мүйісін айналып өтетін кемелердің қай капитаны болса да, Жаңа Дүниенің батыс жағалауымен жүретін төте жолмен жүрмей, нақ осы бағытпен жүрер еді.
Екінші тарау
ДИК СЭНД
Ауа райы айта қаларлықтай жақсы, алғашқы бағыттан ауып, жолдан бұрыс кеткендігі болмаса, сапар тамаша жағдайда өтіп жатты.
Миссис Уэлдон капитан Гульдің кеме кормосындағы кішкентай ғана жинақы каютасына орналасқан. Бұл бөлме кемедегі орынның ең жайлысы еді. Осы тығырықтай бөлмеден кішкентай Джек пен кәрі Нан да келіп орын алды. Соның қасындағы құрқылтайдың ұясындай ғана бір бөлмеге Бенедикт ағайды орналастырды. Капитан Гульдің өзі кеме тұмсығындағы капитан жәрдемшісіне арналған каютаға көшті. Жалақы үнемдеу мақсатымен, «Пилигримнің» экипажын толықтырмаған болатын, сондықтан да капитан Гуль жәрдемшісіз-ақ амалдаған еді.
Шкуна-бригтың командасы — шебер де, тәжірибелі бес теңізші — ынтымақпен тату тұрды. Бұлар кит аулау кәсібінің үш маусымын өткізіп, енді төртіншісін де бірге аяқтап келеді. Бұл матростар Калифорния штатында туған, бәрі де біріне бірі көптен таныс.
Кемедегілердің тек біреуі ғана американ емес, тегі жат адам еді. Ол «Пилигримнің» аспаздық қызметін атқарып жүрген Португалияда туған Негоро деген біреу болатын. Ол португал болса да ағылшын тілін тамаша білетін-ді. «Пилигримнің» бұрынғы аспазы Окленд портында қашып кетіп, кеме аспазсыз қалған. Нақ сол қарсаңда Негоро келіп өзін сол қызметке алынуын өтінген-ді. Бұл адам көрмеген тұнжыраңқы, сөзге сараң, жолдастарымен ашылып сөйлеспей шеттеңкіреп жүретін, бірақ өз ісін жақсы білетін-ді. Сірә, капитан Гуль Негороны танып жалдаса керек, өйткені «Пилигримде» қызмет еткен уақытының ішінде оны ешкім кіналап көрген емес.
Әйтсе де капитан Гуль өзінің жаңа аспазының өткен өмірі жайлы мәлімет ала алмай кеткеніне өкінішті еді. Португалдықтың сырт пішіні, әсіресе оның ойнақы көзқарасы капитанға ұнаңқырамайтын. Құртымдай ғана кит аулайтын кемедегі шағын топтың әрбір адамы бес саусақтай мәлім болуы шарт, ынтымақты топқа жат біреуді қосудан бұрын, ол адамның өткен өмірін түгел білу керек.
Негороның жасы қырықты қусырып қалған. Өңі қара торы, шашы мойылдай қара, ашаңдау келген жылпос адам, аласа бойлы болса да қайратты жігіттің түрін байқатады. Өзі нендей де болса бірер мамандық білім алған болар? Оның оқта-текте аузынан шыққан сөзіне қарағанда, оқыған адам сияқты. Негоро өзінің бұрынғы өмірі мен үй іші туралы ләм деп жақ ашпайды. Оның бұған дейін қайда тұрып, қайда жүргені, не істегендігі ешкімге мәлім емес. Оның келешек өмірінен күтетіні не, ешкім бұдан да хабардар емес. Кемедегі жұрттың бар білетіні, Вальпараисо жағалауына жетісімен Негороның қызметтен босану ниетінде екендігі ғана.
Тегі, Негоро теңізші емес. Себебі өмірінің көбісін теңізде өткізген аспаздармен салыстырғанда, Негороның теңіз ісін анағұрлым аз білетіндігін жолдастары байқап қалған-ды. Бірақ ол теңіз сырқатына шалдығып ауырған жоқ, бұл жағдай кеме аспазы үшін аса зор ерекшелік болатын.
Негоро палубаға сирек шығатын. Ұзақ күнді, ішінің көп жерін плита алып тұрған кішкене ғана камбузда өткізеді. Қараңғы түсісімен плитаның отын өшіріп, кеме тұмсығындағы өзінің тығырықтай ғана үйшігіне баратын да, басы жастыққа тиісімен ұйықтап қалатын.
«Пилиримнің» экипажы көптен бірге істеп келе жатқан бес қарт матрос пен теңіз ісін жаңа үйреніп жүрген бір жасөспірім – небары алты-ақ адамнан құралған.
Бұл жас матрос ата-анасы белгісіз жетім бала еді. Ол сәби күнінде бөтен біреудің есігі алдынан табылып, тәрбие үйінде өскен.
Бала Дик Сэнд атанып кетті, сірә ол Нью-Йорк штатында туса керек, тіптен Нью-Йорктың өзінде тууы да ықтимал.
Тастанды нәрестеге Ричард деген аттан қысқартып Дик деп есім қойылды; бұл ат сәбиді тауып алып, оған аяушылық етіп тәрбие үйіне апарып тапсырған мейірбан жүргіншінің құрметіне қойылған болатын. Балаға Сэнд деген фамилия берілді, Диктің табылған жері Гурдон өзенінің жағасы, Нью-Йорк портына кіре берістегі Сэнд-Гуктың құмдауыт шығанағы болатын, Сэнд деген фамилия нәрестенің табылған жерінен алынған еді.
Дик Сэнд онша бойшаң болмаса да шымыр денелі, көкшіл көзінен от шашырап тұрған, қоңыр шашты бала еді. Теңізшілердің ауыр тұрмысы оны келешектегі тұрмыс талқысына дайындап та қойған. Оның пайымды кескінінен жігер көрініп тұр. Бұл тек батыл адамға ғана тән кескін емес, сонымен қатар қажымас талапты да аңғартады.
Ол он бес жасынан-ақ белгілі бір мақсат көздеп, сол пікірін ақырына дейін аяқтай білді. Өз қатарының көбісінен Диктің бір ерекшелігі – сөзге сараң, тұспалдап сөйлеуді білмейтін-ді. Балалық дәуренінде келешекті ойлайтын бала сирек кездеседі ғой, ал Дик Сэнд сол жастың өзінде-ақ алдағы өмірден өз үлесін аңғара біліп, «ат болар құлын талпынып туар» дегендей, «адам боламын» деп өзіне-өзі серт берді.
Диу өз дегеніне жетті де. Өз қатарлылары балалықтан ажырай алмай жүрген кезде, ол кәдімгі салауатты адам қатарына қосылды. Оң қолы мен сол қолы, оң аяғы мен сол аяғы бірдей жұмыс істейтін талантты адамдардың бірі, қолынан келмейтіні жоқ іскер бала еді Дик Сэнд. Ол шапшаң да, икемді, қайратты да, тапқыр болғандықтан, қолға алған жұмысын жапырып жіберетін, кіммен болса да тең түсетін-ді.
Диктің тәрбие үйінде өсіп ержеткенін айтып өттік. Ол төрт жасында-ақ оқи білді. Сегізге келгенде оңтүстік елдерге қатынап жүрген бір кемеге юнга болып орналасты. Оның бар ықыласы бала шағынан-ақ теңізге ауған еді.
Дик Сэнд кемеде жүріп теңізшілік өнерін үйренді. Талантты баланы кеме офицерлері ұнатып, оның теңіз өнерін үйренуіне шын ықыластарымен басшылық етті.
Еңбек өмір заңы екенін кімде-кім бала шағынан аңғарса, кімде-кім нанның тек қана маңдай терімен табылатынын жастайынан ұқса, соның қолынан ерлік те келеді. Өйткені ерлік істеу керек болса, ерлікті орындайтын күш пен жігер мұндай адамдардан керекті күнінде, керекті сағатында табыла береді.
Дик істеп жүрген кемені басқаратын капитан Гуль қабілетті балаға ерекше назар аударды. Батыл бала жігерлі теңізшіге аса ұнады. Ол Сан-Францискоға қайтқан соң, баланың жайын кеме қожасына баяндады. Джемс Уэлдон баланың тағдырымен танысқан соң, юнганы оқуға беріп, оның мектеп бітіріп шығуына жәрдем етті.
Дик Сэнд білім алуға бар ықыласын сала кірісті. Ол әсіресе география мен саяхатшылар тарихына ерекше көңіл бөлді. Мектепте жоғарғы математика мен навигациядан сабақ берілмегеніне бала қатты қынжылды. Ол мектеп бітірген соң Джемс Уэлдонның кит аулайтын кемесіне матрос болып қызметке орналасты. Нағыз матрос болып шығу үшін, алыс сапарға қатынайтын кемеден гөрі, кит аулау кәсібінің маңызды екендігін Дик жақсы білді. Ойда жоқта тап бола кететін қиын жағдайларға тайсалмай қарсы тұра аларлықтай матростық мамандығына дайындалып жүрген жастар үшін кит аулайтын кемеде қызмет ету — тәжірибенің ең жақсысы еді. Сондай кеме өзінің қамқоршысы басқарып жүрген «Пилигрим» болып шықты. Сөйтіп, жас матросқа ең қолайлы жағдай болды.
Өзін оқытып адам еткен Уэлдон үй ішіне Диктің барынша борышты екенін, оларға Диктің шын берілгендігін айтып жатудың қажеттігі болмас. Миссис Уэлдон өзінің бөбегін ала «Пилигриммен» сапарға шығатынын естігенде, Диктің қатты қуанғаны да түсінікті. Миссис Уэлдон соңғы жылдары Диктің анасындай боп кеткен еді, ал Дик кішкентай Джекті өзінің бірге туған інісіндей көретін-ді.
Диктің бұл үйге шын берілгендігін және оған сенуге болатындығын миссис Уэлдон да білді. Жас әйелдің Дикке шын сенгендігі сонша, оның кішкентай бөбегі Джек соның қарауында болды. Өзін «ағасы» жақсы көретінін біліп бала да Дикке тығыла түсетін.
Ауа райы жақсы болып, ашық теңізде желкендердің бәрін желге кернетіп жүзген шақта, матростар көбінесе бос болатын. Дик Сэнд өзінің бос уақытының бәрін Джекті ойнатуға жұмсайтын-ды. Жас матрос баланы алдарқата жүріп, оған теңіз ісінің неше түрлі қызықтарын көрсететін.
Кішкентай Джек мачтаға шығып, төмен шүйілген бүркітше арқаннан ұстап палубаға қарай зымыраса, оған анасы қорықпай қарайтын. Бес жасар Джектің әлсіз қолы жазатайым арқаннан айрылып қалса, дереу ұстай алу үшін Дик үнемі әзір тұрушы еді. Ауыр науқастан жаңа ғана көтерілген балаға таза ауа мен дене шынықтыру ісі аса зор пайда етті. Теңіз желі мен күнделікті дене шынықтыру ісі баланың бордай бозарып кеткен өңін қысқа мерзімнің ішінде бұрынғы түріне қайта келтірді.
Жолаушылардың Жаңа Зеландиядан Америкаға қайту сапары осы сияқты тамаша жағдайда өте берді. Егер жел шығыстан соғып, кеме бет алған бағытынан бұрыс кетпесе, «Пилигрим» экипажы мен ондағы жолаушылардың бұл сапарға ренжірлік хақы жоқ-ты.
Дегенмен қасарысып қарсы соққан желдің сыңайы капитан Гульге ұнамады. Ол кемені бет алған бағытқа қарай тура жүргізудің амалын таба алмай-ақ қойды. Экваториалдық ағыстың кемені батысқа қарай айдап әкететінінен де қорыққан жоқ, тек қана ақырында тропиктік Козерог тымығына тап боламыз ба деп қауіптенді.
Сапарға ауа райының нашарлығы тосқауыл болды, әрине, бұған капитан кінәлі емес, әйтсе де миссис Уэлдонның жайын ойлап оның мазасы кетті. Егер Америкаға бара жатқан трансокеандық пароходтардың бірі «Пилигримге» кездесе қалса, капитан өз кемесіндегі жолаушы әйелді соған ауысып мінуге қайтсе де үгіттеп көндірер еді. Бірақ, сапарың қырсықса болмайды екен, бұл кездері «Пилигрим» жоғары ендікте жүрген-ді. Панамаға баратын пароходты бұл маңайдан кездесер деп үміттену қиын еді. Оның үстіне Австралия мен Жаңа Зеландия арасындағы қатынас соңғы кездердегідей жиі емес, өте сирек қатынайтын-ды.
Капитан Гульдің ендігі қолданатын шарасы, тек ауа райының өзгеруін күту ғана. Бір қалыпты өтіп жатқан теңіз саяхатшыларының көңіл-хошын ешнәрсе бұза алмайтын сияқты.
Әйтсе де, февральдің екісі күні, әңгімеміздің басында айтылып өткен ендік пен бойлықта ойда жоқ бір оқиға болды.
Күн ашық та шуақ еді. Ертеңгі сағат тоғыздың кезінде Дик Сэнд пен Джек бизан-мачтаның рейіне шықты. Олар биікте тұрып кеменің палубасына қарады, сосын толқып жатқан теңіздің көкжиекпен ұштасқан жеріне дейін көз жіберді. Бұлардың артында көкжиектің шамалы жерін көлегейлеп көлбеу гротты грот-мачта зіңкиіп тұр. Алдыңғы жақта, қанат жайған құс сияқтанып, стаксель мен кливерлі сүйір бушприт тұр. Аяқтарының астында жел кернеп күмпиген фок, тастөбеде фок-марсель. Кеме мүмкіндігі болғанынша желге қарсы жүріп келеді.
«Пилигрим» штирбортқа таман көлбей түссе де, кеменің аударылып кетпеу себебі, үстіндегі жүктің тең тиелгендігінен екендігін Дик Сэнд кішкентай Джекке түсіндіріп тұр еді, бала кенет айқайлап, оның сөзін бөлді:
— Анау не?!
— Джек, сен бірдеңе көріп тұрсың ба?—деп сұрады рей үстінде тікесінен тұрған Дик Сэнд.
— Ие, ие! Әне, ана жақта! — деді Джек, кливер мен стаксель арасындағы ашыққа қарай сұқ қолын шошайтып.
Дик Сэнд Джектің сілтеген жағына бұрылып қарады да, бар даусымен айқайлап жіберді:
Алдымызда, жел жақта, сол жақ бортқа таман бір кеме көрінеді!
Үшінші тарау
АПАТҚА ҰШЫРАҒАН КЕМЕ
Диктің айқайы бүкіл экипажды дүрліктірді. Вахтадан бос матростар палубаға жүгіре шықты. Капитан Гуль де каютасынан шықты. Миссис Уэлдон да, кәрі Нан да, тіптен Бенедикт ағай да штирборттың қоршауына сүйеніп тұрып, бар ынталарын сала теңіз бетіндегі көрінген затқа көздерін тікті.
Тек өзінің тар камбузынан Негоро ғана шыққан жоқ. Ойда жоқта ұшыраса қалған бұл уақиға, бүкіл команда ішінде тек Негороны ғана еліктірмеді.
Баланың көрген заты «Пилигримнен» үш миль шамасы қашықта, толқын бетінде теңселіп тұр еді.
— Бұл не болды екен?—деп сұрады матростардың біреуі.
— Менің байқауымша, сал болса керек!—деді екінші матрос.
— Онда адам да бар шығар?.. Бейшаралар не халде екен?..— деді миссис Уэлдон.
— Жақынырақ барсақ, бәрін де білеміз,— деді капитан Гуль.— Бірақ, бұл көрінген зат, салдан гөрі, бір жанбастап жатқан кеменің жонына ұқсаңқырайды…
— Жоқ, бұл кәдімгі теңіздің сүт қоректі алып хайуаны! — деді Бенедикт ағай.
— Ал, Дик, сен қалай дейсің? — деп сұрады миссис Уэлдон жасөспірімнен.
— Мен капитан Гульдің, бір жамбастап жатқан кеме деген пікіріне қосыламын. Тіптен күнге шағылып жарқырап көрінген ана заттың мыспен қаптаулы киль екенін де ажыратып тұрмын.
— Ие… Ие… енді мен де көріп тұрмын,— деп капитан Гуль Диктің сөзін қостады.
Капитан рульшіге бұрылып команда берді:
— Болтон, кемені ыққа қарай бұр, ана көрінген қарайғанға таман турала!
— Құп болады, капитан! — деді рульші.
— Мен өз пікірімде қаламын,— деді Бенедикт ағай,— ол көрінген заттың теңіз хайуаны екенінде дау жоқ.
— Ендеше, бұл мыс кит болғаны ғой,— деді капитан Гуль.— Өзінің күнге шағылып жарқырауын қараңызшы!
— Бенедикт ағай, егер бұл көрінген кит бола қалса, тірі емес, өлген кит,— деді миссис Уэлдон.— Оның қимылсыз жатқаны ап-анық көрініп тұр.
— Уэлдон қарындас, оның несі таң? — деді қарыспа ғалым,— ұйықтап жатқан киттің үстінен түскен кеме аз емес қой!
— Әбден дұрыс, — деді капитан Гуль.— Әйтсе де бұл көрінген зат ұйықтап жатқан кит емес, кеме.
— Көрерміз,— деп жауап қатты қарыспа ғалым.
Дегенмен Бенедикт ағайдың китпен жұмысы жоқ-ты; кезі келсе, Арктика мен Атлант теңізінің күллі сүтқоректі жануарын, сирек кездесетін шыбын-шіркейлердің біреуіне-ақ айырбастап жіберер еді.
— Болтон, оңға таман, оңға таман! — деп айғайлады капитан Гуль рульшіге.— Кемеге бір кабельтовтан жуық бармау керек. Біз киліксек, өзі қираған кеменің түгі де қалмайды, оған соқтығып «Пилигримнің» қабырғасын қиратуға құмар емен. Оңға таман!
«Пилигрим» аздап оңға бұрылды.
Қираған кемеге шкуна-бриг бір миль жақындады. Жанбастап қалған кемеге матростар сұқтана қарады. Оның трюмінде бағалы заттар болуы мүмкін. Өйткені суға батқан кеменің жүгін аман алып қалғаны үшін сол заттың үштен бір мөлшеріндей бағасы сыйлық ретінде құтқарушыға берілетіндігін матростар жақсы білетін-ді. Егер кеме трюміндегі заттар су тиіп бүлінбеген болса, «Пилигрим» экипажы осы жылғы кит аулау маусымындағы сәтсіздігінің бәрін бір күнде-ақ шығарып алады.
«Пилигрим» ширек сағаттан соң қалқып жүрген затқа жарым миль жақындады. Манадан бергі талас енді күмәнсіз шешілді: бұл зат аударылып бір жақ жанбасымен жатқан бір кеменің қаңқасы болып шықты. Палубаның бір қабырғасы жоғары көтеріліп тік тұрып қалған. Мачталарын су жұлып әкеткен. Такелаждың үзінділері ғана салбырап тұр. Кеменің бүйірінде үңірейген үлкен тесік бар. Тіреулері мен сыртын қаптаған тақтайлары ішке қарай жеміріліп кетіпті.
— Бұл басқа бір кемемен соқтығысқан екен! — деп айқайлады Дик Сэнд.
— Ие, онысында күмән жоқ,— деп капитан Гуль оның сөзін мақұлдады.— Бірақ мұның табанда батып кетпегеніне таңым бар, ғажап!
— Бұған келіп соқтыққан кеме, мұның командасын түгелдей алып кеткен деп сенейік,— деді миссис Уэлдон.
— Ие, миссис Уэлдон, солай деп сенейік,— деді капитан Гуль.— Бірақ соқтығысқанның соңында бұл кеменің экипажы өз қайықтарымен жан сақтаулары да ғажап емес. Мұндағы бір қынжыларлық нәрсе, апатқа себепші болған кеменің командасы, қираған кеменің экипажымен ісі болмай, жайбарақат өз жөніне кете беретін жағдайлар болады, бұл сияқты мейірімсіздік теңіз тәжірибесінде кездесе береді.
— Мүмкін емес! Бұл іс адамгершіліктен тыс, шектен шыққан қаталдық!
— Амал нешік, шынында да солай. Кемеде бірде-бір қайық қалмауына қарағанда, команда бұл кемені тастап кеткен деп шамалауға болады. Апатқа ұшыраған бейшараларды ұшырасқан кеме мінгізіп алар деп сенейік. Бұл арадан құрғақ жерге қайықпен жету мүмкін емес: Мұхит аралдары немесе Америка континенті тым шалғай.
— Бұл апаттың құпия сыры бір уақытта ашылар ма екен? — деп сұрады миссис Уэлдон — Кемеде командадан біреу-міреу қалуы мүмкін, сіз қалай дейсіз?
— Бұған сенімім шамалы,— деп жауап қатты капитан Гуль.— Егер кемеде тірі адам болса, бізді әлдеқашан-ақ көріп, бірер белгі берер еді. Әйтсе де, ішке кіріп тексерерміз… Болтон солға таман, солға таман! — деп айқайлады ол, рульшіге кеменің бағытын қолымен нұсқап.
Қираған кеме мен «Пилигрим» арасы үш кабельтовтай-ақ. Енді команданың кемені тастап өз беттерімен кеткендігі күмәнсіз анық болды.
Дик Сэнд кенет үндемеңдер деп ым қақты.
— Тыңдаңдаршы! — деп айқайлады ол.
Бәрі де құлақтарын түріп тыңдай қалды.
— Ие, ит үргені естіле ме, қалай…
Шынында да ғарық болған кемеден иттің үрген даусы естілді. Онда тірі ит барлығы күмәнсіз. Ит люк жабық болып шыға алмай қалса керек. Дегенмен көрініп тұрған ит жоқ еді.
— Ит те болса,— тірі жан ғой, құтқаруымыз керек, капитан! — деді миссис Уэлдон.
— Ие, ие,— деп шырылдады кішкентай Джек,— итті құтқару керек! Өзім-ақ асыраймын. Ол ит бізді жақсы көреді… Мама, мен оған бір шақпақ қант әкеліп берейін!
— Орныңда бол, балақайым,— деді миссис Уэлдон. — Ол бейшара аштан өлгелі жатқан болар, сенің бір шақпақ қантыңнан да, оған бір тостаған быламық тиімді болар еді-ау.
— Ендеше, оған менің сыбаға сорпамды бере ғой,— деді бала,— мен сорпасыз-ақ лаждармын!
Сөйтіп тұрғанда иттің үрген даусы бірден-бірге анығырақ естіле түсті. Бұл кезде екі кеменің арасы үш жүз ярдтан жақынырақ еді. Қапелімде кеме бортынан бір ірі төбеттің басы көрінді. Ит өршелене абалай берді.
— Говик! — деді капитан, боцманға.— Кемені дрейфке тоқтат та, суға қайық түсіріңдер.
— Шыдай тұр күшігім, шыдай тұр! — деген Джектің айқайына, ит көмескі қыңсылап жауап қайырғандай болды да, артынан шаңқ ете түсті.
Матростар тез-тез желкен түсірді, «Пилигрим» қираған кемеге жарым кабельтов жақындап тоқтады.
Суға түсірілген қайықты толқын теңселтіп тұр. Капитан Гуль мен Дик Сэнд тағы екі матрос қайыққа түсті.
Ит тынбастан абалай берді. Бірақ ол тез жақындап келе жатқан қайыққа үрмеген тәрізді, оқтын-оқтын ішке түсіп қайта шығады. Мүмкін, қираған кеменің тірі қалған жолаушыларын немесе матростарын шақырғалы кеткен болар?
«Шынымен-ақ мұнда тірі адам бар болғаны ма?» — деп сұрады миссис Уэлдон өзінен өзі.
Қайық межелеген жерге таянып қалды.
Ит кенеттен тағы абалап қоя берді. Бірақ оның бұл абалауы өзін құтқарушыларға «тез жетіңдер!» дегендей жалынышқа ұқсамайды. Оның үнінен ерекше бір өштік, ыза кернеп ашынғандық естіледі.
— Мына төбетке не болған? —деді капитан Гуль.
Бұл уақытта қайықтағылар суға жартылай батып тұрған кеменің бортына тоқтау үшін кемені айналып келе жатыр еді.
Иттің, әсіресе Негоро камбуздан шығып кеменің тұмсығына қарай жүрген кезде өршелене абалағанын капитан Гуль де, тіптен кемедегілер де байқап қалды.
Ит шынымен-ақ кеме аспазын тани ма екен? Бұл тіптен шындыққа жуыспайтын уақиға ғой.
Мұның мәнісін кім білсін, бірақ құтырына абалаған итке Негоро жалт қарады да, өзінің таңданғанын ешкімге сездірмей, сәл тыжырынып, ешнәрсе сезбеген кісідей камбузына қайта кіріп кетті. Қайықтағылар кеменің арт жағын айналып оның қапталынан «Вальдек» деген жазуды көрді.
Кеменің қай порттан шыққандығы жазылмапты. Бірақ теңізшінің көзі алдыменен кеменің корпусына, оның кейбір құрылыстарының өзгешеліктеріне түседі ғой, сондай-ақ капитан Гуль теңізшілік көзбен қарап, кеменің американдық екенін анықтады. Оның бұл жорамалын кеменің аты да дәлелдеді. Бес жүз тонналық ірі кемеден бар болғаны қаңқасы ғана қалған.
«Вальдектің» тұмсығында үңірейген үлкен тесік бар. Бұл тесік сол бір қырғынды соқтығысудан түскен таңба еді. Кеме бір жанбастап қисайып жатқандықтан, тесік судан бес-алты фут жоғары көтеріліп, ішке су толмаған соң, кеме батпай қалған еді.
Кеменің палубасында адам да жоқ.
Ит борттан кетіп, қисайып жатқан палубаны жағалап ортадағы люкке жетті де, басын люкке сұғып қаңсылап келіп үрді.
— Сірә, кемедегі тірі жан бір ғана осы ит емес шығар,— деді Дик Сэнд.
— Мен де сол пікірдемін,— деді капитан Гуль.
Қайық енді жартылай суға батып тұрған бортты жағалай жүрді. Бірінші соққан ірі толқынның «Вальдекті» су түбіне жіберетіндігі сөзсіз.
Кеменің палубасы тап-таза, сыпырып қойған тәрізді. Палубада екі футтай жерінен омырылып қалған грот-мачтаның түбірі ғана сорайып тұр. Шамасы, кеме соқтыққан кезде мачталары омырылып суға құлаған да, желкені мен арқан жіптерін өзімен бірге ала кетсе керек. Бірақ та көкжиектің көз жетерлік жерінен ешқандай кеме сынығы көрінбеп еді. Бұған қарағанда «Вальдектің» апатқа ұшырауы бұдан бірнеше күн бұрын болған деп қорытынды шығаруға болады.
— Бұл кеменің адамдары соқтығысудан тірі қалған күннің өзінде де,— деді капитан Гуль,— аштық пен шөлден қырылған болар: Камбузы суға толып кетіпті ғой. «Вальдектің» бортында тек адам өлігі ғана болуға тиіс.
— Жоқ! — деп Дик Сэнд шақ ете қалды —Жоқ! Олай болса, ит бүйтіп үрмес еді. Мұнда тірі қалған біреулер бар.
Ол сөйдеді де, итті шақырды. Ақылды төбет сол сағатында сырғанап теңізге түсті де, әлсіреген аяғымен әрең есіп қайыққа жетті. Итті сүйреп қайыққа шығарып, Дик оған кептірілген нан тастап еді, ит асқа қараған да жоқ, тұщы су құйылған шелекке қарай ұмтылды.
— Бейшара-ай, әбден қаталап қалған екен,— деді Дик Сэнд.
Бұлар қайық тоқтататын қолайлы орын қарастырып, батып бара жатқан кемеден бірнеше фут кейін шегінді. Ит бұл адамдардың кеме бортына шықпайтын ыңғайын білгендей, Диктің курткасының етегінен тістеп, қайтадан ашына абалай бастады.
Иттің қылығы мен абалай үргені ауызбен айтылған сөзден де анығырақ болды.
Матростар қайықты кемеге тақап, бортқа байлады, капитан Гуль Дикті ертіп палубаға шықты. Олар оншалықты қиналмай-ақ, еңбектей жылжып, омырылып қалған екі мачта түбірінің арасындағы орталық люкке жетті. Олардың соңынан ит те еріп келе жатыр. Адамдар люкке түсті.
Жартылай суға толған кеме трюмінде ешқандай товар жоқ. Баллас орнына құм тиелген. Ол құм енді бакбортқа төгіліп, салмақ кеменің бір жағына ауған, сондықтан кеме де бір жақ бүйіріне қисайып кетіпті. Кеме бортында бағалы жүк болуға тиіс деген үміт бекерге шықты. Кемеде аман алып қаларлық құнды заттан түк те жоқ.
— Мұнда ешкім жоқ қой,—деді капитан Гуль.
— Ие, ешкім де жоқ,— деп жас матрос оның сөзін мақұлдады да, трюмнің түкпіріне қарай жүре берді.
Бірақ палубада тұрған ит, адамдардың әбден мұқият тексеруін талап еткен тәрізді, ауыз жаппай үре берді.
— Мұнда қарайлайтын түк те жоқ,— деді капитан Гуль.— Кейін қайтайық.
Олар палубаға шықты.
Ит, соңымнан еріңдер дегендей белгі беріп, ютқа қарай жер бауырлап жүре берді.
Адамдар да иттің соңынан жүрді.
Бес. адам, яғни бес өлексе кубриктің еденінде жатыр екен.
Ашылып қалған люктен түскен күндізгі күннің айқын жарығымен капитан Гуль бұл жатқан бесеудің негрлер екенін таныды.
Дик Сэнд ол бейшаралардың бірінен соң бірін барып көріп, әлі де болса тынысы бар, жүрегі соғып жатқандарын байқады.
— Бұларды «Пилигримге» жеткізейік,— деді капитан Гуль.
Қайықтағы матростарды жәрдемге шақырды. Олар келіп апатқа ұшыраған бейшараларды жатқан жерлерінен көтеріп тысқа алып шықты.
Бұл оңай жұмыс емес еді, сонда да болса амалдап бес негрдің бесеуін де қайыққа түсірді. Олардың ешқайсысы ес-түсін білмейді. Бірақ капитан Гуль бірнеше тамшы дәрі мен бірер жұтым тұщы су бұларды тірілтер еді деп сенген еді.
«Пилигрим» қираған кемеден жарым кабельтов жерде жылжымай тұрып қалған, қайық әп-сәтте кемеге жетті.
Апатқа ұшыраған бейшараларды көтергіш горденьмен кезек-кезек көтеріп палубаға шығарды. Итті де қалдырған жоқ.
— Ой, бейшаралар-ай! — деп мүсіркеді миссис Уэлдон, қимылсыз жатқан шалажансар бес денені көріп.
— Бұлар тірі, миссис Уэлдон! — деді Дик Сэнд.— Әлі жаны бар, біз бұларды өлімнен құтқарамыз!
— Бұлар не бәлеге ұшырады екен? — деп сұрады Бенедикт ағай.
— Бұлар алдымен естерін жинасыншы, сосын өздерінің бастарынан кешірген уақиғаларын айта жатар,— деді капитан Гуль.— Бірақ бұларға алдымен су беріп, сосын аздап ром жұтқызу керек.
Ол сөйдеді де, камбузға қарап дауыстады:
— Негоро!
Ит Негороның атын естігенде, арқасын күжірейтіп сіресе қалды. Жүні тікірейіп, даусы көмескі шығып ырр ете түсті.
Аспаз көрінген жоқ, жауап та қайырмады.
— Негоро! — деп капитан Гуль даусын қаттырақ шығарып тағы айқайлады.
Ит бұрынғысынан бетер ашына ырылдады.
Негоро камбуздан шығып, палубаға көтерілді.
Негopo аяғын аттап басуы-ақ мұң екен, ит секіріп барып оның кеңсірігінен ала түсуге ыңғайланды. Португал камбуздан келдек ала шыққан екен, итті келдегімен құлаштай сілтеп періп жіберді. Екі матрос итке жармасып азар айырды.
— Сіз бұл итті білетін бе едіңіз?—деп капитан Гуль аспазға қарады.
— Мен бе? — деп қайтарып сұрады Негоро.— Бұл итті ешқашан көрген емеспін. Қайдан білем…
— Ғажап екен! — деп күбірледі Дик Сэнд.
Төртінші тарау
«ВАЛЬДЕКТЕН» ҚҰТҚАРЫЛҒАНДАР
Экваторлық Африкада құл саудасы әлі бар-ды. Англия мен Францияның соғыс кемелері теңіз жағалауын ұзына бойға күзетіп жүруіне қарамастан, Ангола мен Мозамбиктен тұтқын негрлер тиелген құл саудагерлерінің кемелері бұрынғысынша ағылып жататын-ды. Мәдениеті дамыған елдердің көбісінде «қара товарды» қажет қылушылар әлі де болса көп болатын.
Бұл жағдай капитан Гульге мәлім еді.
Қазіргі уақытта «Пилигрим» құл саудагерлерінің әдеттегі жүретін жолынан аулақ, теңіздің олар жүрмейтін бөлегінде болса да, капитан Гуль өздерінің өлімнен құтқарып қалған негрлерін құлдар тобынан болар, «Вальдек» бұларды Тынық мұхиттың алыс түкпіріндегі отар елдерге сатқалы әкетіп бара жатқан шығар деп шамалады.
«Пилигримдегілер» өлімнен құтқарылған негрлерді аса жақсы күтіп қамқорлыққа алды. Миссис Уэлдон оларға қасықпенен таза салқын су ішкізіп жатқанда, кәрі Нан да, Дик те жәрдемдесті, бейшаралар талай күннен бері су көрмеген екен.
Ақырында таза су мен бірнеше жуым быламық бейшара негрлерге жан енгізді.
Олардың арасында жасы алпысты қусырған қартаңдау біреуі ағылшынша біледі екен.
— «Вальдек» нендей пәлеге ұшырап еді?—деп сұрады капитан Гуль ең алдымен.
— Бұдан он күн бұрын түн ішінде, кемедегілер тегісінен ұйықтап жатқан кезде, бір кеме келіп, біздің кемемізге килікті,— деп жауап қатты кәрі негр.
— «Вальдектің» командасы не болды?
— Білмеймін. Біздер үске шықсақ, палубада адам да жоқ, қаңырап қалған екен.
— Олар «Вальдекке» киліккен кемеге мініп үлгірген болар деп шамалайсыз ба?
— Солай болар деймін…
— Сөйтіп, сіздерге соқтығысқан кеме, апатқа ұшырағандарға жәрдем етіп, оларды мінгізіп алу үшін тоқтамады ма?
— Жоқ.
— Мүмкін ол кеменің өзі суға батып кеткен шығар?
— О, жоқ,— деп басын шайқады қарт негр.— Оның кетіп бара жатқанын біз көріп тұрдық.
Қарттың бұл сөзін «Вальдектен» құтқарғандардың бәрі растады. Бұл адам нанғысыз қаталдық еді, бірақ, шындығына келгенде бұл сияқты жан түршігерлік апатқа себепші болған кеменің капитаны, апатқа ұшырап өліп бара жатқан адамдарға аз да болса жәрдем етпей, сол күйінде қалдырып, тезірек қашып құтылуға асығады, бұл жиі кездесетін уақиға.
Көшеде кетіп бара жатқан біреуді көлігіне қақтырып, өзінің аңсыздығынан болған жазымға жәрдем етіп әуре болуды басқа біреуге артып, қаша жөнелуге асыққан кісі әдетте қатаң жазаға тартылады. Бірақ, көшеде кездейсоқ жазым болғандарға тез жәрдем етіледі. Ал суға батып бара жатқандарға жәрдем етпей, оларды ашық теңіздің ортасында қалдырып, қашып кеткен адамдар туралы не айтуға болады? Оларды адамзаттың арына нұқсан келтіруші азғындар деген дұрыс.
Капитан Гуль бұл сияқты уақиғалардың талайын білетін. Мұндай фактылар адам таңғаларлық сұмдық болып көрінсе де, жиі кездесе беретін уақиға екенін миссис Уэлдонға қайталап айтты да, өлімнен құтқарып алған адамдарынан сұрайтын сауалын жалғастыра берді:
— «Вальдек» қайдан келе жатыр еді?
— Мельбурннан.
— Демек, сіздер құл емес екенсіздер ғой?
— Жоқ, сударь, біз құл емеспіз,— деп негр тік тұрып, тез жауап қайырды. — Біздер Пенсильванияның тұрғын адамдарымыз.
— Ал, достарым,— деді капитан Гуль,— «Пилигрим» бортында сіздердің еріктеріңізге ешкім қол сұқпайды, мұны бір деп біліңіздер.
«Пилигримнің» өлімнен құтқарып алған бес негрі, шынында да Пенсильвания штатының адамдары болатын. Олардың ішіндегі ең кәрісі — бала күнінде, жасы алтыға толмай-ақ құлдыққа сатылған адам еді. Оны Құрама Штатқа Африкадан әкелген. Мұнда келгесін, құлдық деген масқаралық сөз атымен жойылып, басына бостандық тиген. Оның өзінен жасы кіші жолдастары туысынан ерікті адамдар болғандықтан, оларды ақ нәсілді адамдардың ешқайсысы меншігім деп айтуға правосы жоқ-ты. Бұлар тіптен негрлердің соғыстан бұрынғы сөйлеп жүрген ескілікті тілдерін де білмейтін. Бұл негрлер ерікті азамат болғандықтан, Америкадан өз ықтиярларымен кетіп, енді өз елдеріне қайтып келе жатыр еді.
Қарт негр капитан Гульге, өздерінің Оңтүстік Австралияға барып Мельбурнға таяу жердегі бір ағылшынның плантациясына қызметке кіргендерін, онда үш жыл бойы жұмыс істеп азын-аулақ ақша тапқан соң, еліне қайтқылары келгенін айтты.
Олар кәдімгі жолаушылар қатарлы ақы төлеп «Вальдекке» түседі де, январьдың он бесі күні Мельбурннан аттанып кетеді. Он жеті тәуліктен соң, қараңғы түнде бір үлкен кеме келіп «Вальдекке» соқтығысады. Ол уақытта негрлер өз каютасында ұйықтап жатады. Негрлер кеменің қатты сілкінгенінен оянып кетеді де, бірнеше минуттан соң жүгіріп палубаға шығады.
Олар мачталардың құлап бортта жатқанын, «Вальдектің» бір жамбастап қисайып қалғанын көреді, бірақ трюмге кірген су мөлшері оншалықты көп болмағандықтан, кеме су түбіне кете қоймаған.
Палубада «Вальдектің» капитаны да, командасы да жоқ, кеме шайқалған уақытта олар теңізге құлап кеткен немесе «Вальдекке» соқтығып жауапкершіліктен асыға қашқан кеменің палубасына шығып үлгірген болуы керек.
Бұл бес адам қираған кеменің үстінде, жақын маңдағы құрғақ жерден бір мың екі жүз миль қашық теңіз ортасында қала беріпті.
Негрлердің ішіндегі жасы үлкенінің аты Том екен. Ол кісіні жолдастары басшымыз дейтін-ді. Том қартты басшы еткен тек жасының үлкендігі ғана емес, оның жігерлі, еңбекпен шыныққан ұзақ өмірінің мол тәжірибесі еді. Басқалары жиырма мен отыздың арасындағы: Бат, Остин, Актеон, Геркулес деген жас негрлер болатын. Бат Том қарттың баласы екен.
Бұл төртеуі зауқаға сатылатын болып Африканың орталық еріксіздер базарына түсе қалса, ең жоғары баға беріп аларлықтай кең иықты, бойшаң да, күшті жас жігіттер болатын.
Сөйтіп, кеме апатынан кейін Том және оның жолдастары елден аулақ, мұхит ортасында қала береді. Олар «Вальдектің» қираған жерін оңдап қатарға қоса алмайды, өйткені кеме соқтығысқан уақытта екі қайықтың екеуі де қирап істен шыққан-ды. Кездейсоқ бірер кеме кездесіп өлімнен құтқармаса, бұлардың басқа жолмен құтыларлықтай мүмкіндігі жоқ-ты.
Басқарушысынан айрылған «Вальдек», жел мен толқынның ойыншығы болып, бет алды ығып кете береді. Сондықтан да «Пилигрим» апатқа ұшыраған кемеге, мұхиттың осы бөлегінде, Мельбурннан Құрама Штаттарға баратын кемелердің әдеттегі жолынан шеткері, оңтүстікке таман кездескен-ді.
Панасыз қалған бес негр кеменің апатқа ұшыраған күнінен бастап «Пилигрим» келгенге шейінгі екі арада өткен он күнді, қираған кеменің буфетінде қалған азықпен жан сақтап өткізген. Тұщы су құйылған кеспектер кеме соқтығысқан кезде қирап қалған, ал камбузға су толып, ондағы спиртті ішімдіктерді алуға мүмкіндік болмайды.
Тоғызыншы күні Томның өзі де, оның жолдастары да шөлден кеуіп естерінен танып жығылады, осы қарсаңда «Пилигрим» де жетіп үлгіреді.
Том қарттың қысқа сөзбен капитан Гульге берген түсініктері осы ғана. Карт негр өздерінің көрген-білгенін ешбір қоспа қоспай шындығын айтты. Бұл әңгіме көрініп тұрған айғаққа толығынан сәйкес келетін және Томның айтқанын жолдастары да растады.
Суға батып бара жатқан кемеден құтқарылғандардың алтыншысы — ит, егер оның сөз сөйлейтін тілі болса, Томның айтқан сөздерін о да қайталап айтар еді. Әңгіме, Негоро көрінген уақытта ызаға булығатын ит туралы болып отыр. Иттің кеме аспазын жек көруі бір түрлі ғажап уақиға болды.
Иттің мойнындағы қарғы бауында ойып жазылған «С» тын ірі күзетші иттердің тұқымынан еді. Әйтсе де, «Вальдектің» капитаны Дингоны Австралиядан алмаған. Капитанның бұл иті бұдан екі жыл бұрын Конго өзеніне жақын Африка жағалауынан аштан өлгелі жүрген жерінен тапқанын Том қарт естіген болатын. Капитан бұл тамаша итті ұнатып, асырап алыпты. Бірақ Динго жаңа қожайынына үйір болып кете қоймаған. Ол өзінің еріксіз айрылған бұрынғы қожасын сағынып қайғырады десе де боларлық еді.
Иттің мойнындағы қарғы бауында ойып жазылған «С» және «В» деген екі харіп бар, иттің бұрынғы өткен жай-күйінен қалған белгі тек осы ғана.
Динго өте тамаша күшті төбет болатын-ды. Артқы екі аяғымен тек басып тұрғанда, ұзын тұрқы кісі бойы келетін. Қызыл-қоңыр қою жүнді, ұзын құйрықты, пантера мен Америка жолбарысына тайсалмай шабатын, аюмен жекпе-жек алыса алатын аса қайратты да, оралымды, шапшаң иттің нәсілінен еді.
Мұндай иттер ызаланған кездерінде қатерлі жау, ал оның қылығы Негороға неліктен ұнамағанын түсіну қиын емес.
Динго момын ит емес-ті, бірақ оны ызақор, қабаған деуге де болмайтын әлденеге күйінішті, кекті ит десе де боларлық. Том қарт, Дингоның негрді жаратпайтынын бұрын «Вальдекте» болған уақытында-ақ сезген. Оның негрлерге зиян тигізерлік ниеті жоқ-ты, әйтсе де оларға жұғыстық жасап еркелемейтін. Мүмкін, ол Африка жағалауын кезіп жүрген кездерінде, оны сол жақтың тұрғын халқы зәбірлеген болар?
Қалай болғанда да бұл негрлер адал ниетті, жақсы адамдар болғанымен Динго оларға үйір бола алмады. Апатқа ұшыраған кеме бортындағы он күн бірге болған уақытында да, Динго олардан шеттеп жүрген. Бұл күндерде оның не жеп жан сақтағаны белгісіз, бірақ өзімен бірге болған адамдар шөлден қандай қиналса, о да сондай қиналған еді.
Бесінші тарау
«С» және «В»
Қарсы соғатын желмен сіресіп қалатын тымырсықты ойлап капитан Гульдің мазасы кетті. Өйткені Жаңа Зеландиядан Вальпарайсоға дейін әдеттегі мерзімнен көп болса бір-екі жеті уақыт артық жүрер, әбігер шегерлік түк те жоқ. Бірақ бұл сияқты кездейсоқ кідіріс жолаушыларды қалжыратуы мүмкін.
Мүлгіген тымырсық пен қарсы соққан жел «Пилигримді» мұхиттың осы бөлегінде аялдатқанның арқасында ғана, қираған кемеге паналаған алты тірі жанға капитан Гуль жәрдем ете алды.
Ендігі мәселе, апат уақытында ұдайы үш жыл азаптанып азды-көпті тапқанынан айрылған бес негрді еліне жеткізіп, басталған адамгершілікті ақырына жеткізу ғана. Үстіндегі жүгін— кит майын Вальпарайсоға өткізіп, «Пилигрим» Оңтүстік пен Солтүстік Америка жағалауын бойлай жүзіп Сан-Францискоға баруы керек. Миссис Уэлдон Том мен оның жолдастарына Калифорниядан Пенсильванияға жетулеріне қаражат беретін болып уәде етті.
Негрлер миссис Уэлдонның мына уәдесін естіп қатты қуанысты. Негрлер бұларға онсыз да борышты еді, олар миссис Уэлдон мен капитан Гульге шын көңілдерімен алғыс айтты. Борышымызды бір кезде өтерміз деген үміт ізгі адамдардың көңілінде терең сыр болып сақталып қалды.
Миссис Уэлдон жол қиыншылығына ешқандай наразылық білдірмей, аса шыдамдылықпен төзді.
Сол күні, екінші февральдің кешінде, «Вальдек» қаңқасының қарасы үзілді.
Капитан Гуль өлімнен құтқарылған негрлерге барынша жақсы жағдай туғызуға тырысты. «Пилигримнің» командасы тұратын бөлме, жаңадан бес адам қосылған соң тығыздық ете бастады, сондықтан капитан Гуль негрлерді кеменің арт жағына, палубаға орналастырмақ болды. Олар ауыр жағдайларда жұмыс істеп көндіккен адамдар ғой, анау-мынау ыңғайсыздықты елеген де жоқ. Ауа райы жақсы түндерде,— күндізгі ми қайнатқан ыстықтан кейін,— ашық ауада жатып ұйықтаудың өзі қандай рақат!
«Пилигрим» үстіндегі өтіп жатқан бір қалыпты тамаша өмірді «Вальдектің» кездесуі бұзып жіберген тәрізденді, бірақ ол жағдай ұзаққа бармады, кеме үстіндегі тұрмыс бұрынғы қалпына қайта түсті.
Том, Остин, Актеон, Бат, Геркулес жұмыстың нендей түрі болса да тартынбастан шын ықыластарымен істеп жүрді. Бірақ жел үнемі бірыңғай соғып, желкендер тегіс көтеріліп қойылған кездерде, кеме үстінде істейтін жұмыс та болмайтын. Оның есесіне жел ыңғайына байланысты кеме бағытын өзгерту керек болған шақтарда, қарт негр жолдастарымен бірге экипажға жәрдемдесуге асығатын-ды. Алып денелі Геркулестің арқан тартқан кездерінде, басқа матростардың істеуге жұмыс таппай қолдарын қусырып тұрып қалатынын айта кету керек. Бойы алты футтан астамырақ келетін бұл қуатты жігіт, тегершікті жалғыз өзі-ақ айналдыра беретін-ді.
Кішкентай Джек алып негрдің жұмыс істегеніне таңдана қарайтын болды. Геркулес оны қуыршақтай етіп жоғары секіртетін, ал Джек мұндай ойыннан сескенбек түгіл, қайта рақаттана сықылықтайтын.
— Геркулес, әлде де жоғарырақ! — деп айқайлайтын ол.
— Тағы секіртейін, Джек,— дейтін Геркулес.
— Шаршаған жоқсың ба?
— Сені тіптен қаңбақ құрлы көрмеймін.
— Ендеше, әлде де жоғарырақ секірт! Барынша жоғары!
Кейде Геркулес өзінің жалпақ алақанына Джекті тік тұрғызып, қолын соза, бейне цирк ойыншылары сияқты, палубада жүретін. Геркулестің мұнысына жаны сүйсінген Джек, өзін алыпқа теңеп бәріне жоғарыдан қарайтын еді. Ол барынша салмағын салса да, Геркулес оны қаңбақ құрлы көрмейтін-ді.
Сөйтіп, кішкентай Джектің досы екеу болды: біреуі Дик Сэнд, енді біреуі Геркулес.
Ол көп кешікпей-ақ Дингоны үшінші дос етіп алды.
Дингоның адамға үйірлігі жоқ төбет екенін жоғарыда айтып өттік. Оның бұл қасиетінің өрши беруі, «Вальдектегі» адамдар иттің көңіл күйіне жақпағандығынан болуы да мүмкін. Бірақ «Пилигримге» келген соң, иттің мінезі жедел өзгерді. Шамасы, кішкентай Джек Дингоның ықыласын өзіне аударып алудың амалын тапса керек. Динго баламен құмарта ойнайтын; бұл ойын балаға да зор қуаныш, ермек болды.
Динго өте-мөте баланы жақсы көретін иттердің бірі еді. Джек те оны ешқашан зәбірлеп әурелеген жоқ. Төбетті бәйгі атына айналдырып алу, иттің ықыласын өзіне аударып ала алғандық емес пе? Қай бала болса да, мұндай атты аяғына дөңгелек орнатып әбден жасандырып қойған ағаш аттан анағұрлым артық көреді деп ойланбай-ақ айта салуға болады.
Кішкентай Джек Дингоға мініп мәз-мейрам боп үнемі шапқылайтын да жүретін, ит те өзінің кішкентай досының зауқы шапқан талабын арсалаңдап қуана-қуана қарсы алатын-ды. Өзі арық балада не жөнді салмақ болсын, үстіне мінген Джекті Динго тіптен ауырламайтын да.
Баланың мейірі қанды-ау, бірақ бұл жағдай камбуздағы қантты шығындатты.
Динго көп кешікпей бүкіл экипаждың еркесі болып кетті. Дингомен кездесуге жалғыз-ақ Негороның зауқы шаппай, аулақ жүретін болды. Неге екені белгісіз, алғашқы кездескен сәттен-ақ ит оны жек көре бастап еді.
Дик Сэнд пен Джек екеуі ескі дос қой, Джектің итпен айналысуы, екі достың арасындағы көптенгі татулықты салқындата алмады. Дик Сэнд өзінің қызметтен бос уақытын бұрынғысынша кішкентай досымен ойнап өткізетін-ді. Бұл екеуінің достасып кеткеніне миссис Уэлдонның да аса риза болғандығы өзінен өзі түсінікті.
Бір күні,— бұл февральдың алтысы күні болған еді,— миссис Уэлдон, капитан Гульге Дик туралы әңгіме айтты. Капитан жас матросты қызулана мақтады.
— Осы баланың тамаша капитан болып шығуына мен кепіл,— деді капитан.— Оның жаратылысында теңізге деген бір түрлі ерекше сезім бар, оның білімді өте тез меңгеріп ала қоятынына таңым бар және аз уақыттың ішінде қаншама нәрсе үйренді десеңізші!
— Мұның үстіне,— деді миссис Уэлдон,— адалдығы мен ақпейілдігі бар, жас та болса байсалды да ұқыпты бала. Мен оны көптен білемін, өмірі кісі ренжірлік іс істеп көрген емес.
— Несін айтасыз! — деп капитан іле түсті. — Бұл Дик деген жігіттің сырбазы ғой! Оны жұрттың бәрі жанындай жақсы көреді, әрине, бұл тегін емес.
— Сан-Францискоға барған соң,— деп сөзін жалғастырды миссис Уэлдон,— капитандық диплом алып шығуы үшін менің ерім оны теңіз мектебіне береді.
— Онысы өте жақсы,— деді капитан Гуль.— Диктің бір уақытта жақсы теңізші болып шығатынына сенімім мол.
— Бейшара баланың балалық шағы ауыр жағдайда өтті ғой. Бұл бала өмірдің ауыр мектебінен шықты…
— Диктің қиыншылық мектебінен алған сабағы бекерге кеткен жоқ. Адамды адам қатарына қосатын тек қана қажырлы еңбек екенін Дик жақсы білген.
— Ол осы күнде де дұрыс бағытта.
— Өзіңіз байқасаңыз, миссис Уэлдон,— деп капитан Гуль сөзін жалғастыра берді,— ол кәзірдің өзінде-ақ штурвал вахтасында тұрып, бушприт басынан көзін айырмайды. Ол аса ұқыпты да, басқа нәрсеге алаңдамайды, сондықтан да кеме өз бетімен қаңғымай, бет алған бағытқа тура жүреді. Бұл балада осы күннің өзінде-ақ тәжірибелі рульшінің қалпы бар. Бұл әдет теңізші үшін жақсы бастама. Сіз білесіз бе, миссис Уэлдон, жақсы теңізші болу үшін теңізшілік кәсібімен бала жастан шұғылдану керек. Жастайынан матростық қызметін атқармаған адам, ешуақытта да жақсы капитан болып шыға алмайды, әсіресе сауда кемесіне капитан бола алуы мүмкін емес. Балалық шағыңда бәрінен де сабақ алсаң, сенің істеген ісіңнің орынды болып шыға беретіні былай тұрсын, тіптен ішкі сезімнің өзі-ақ істетеді, соның нәтижесінде, кеменің желкенін ауыстырған сияқты, оп-оңай тоқтамға келесің.
— Дегенмен, озат теңізшілер соғыс кемелерінде де аз емес қой,— деді миссис Уэлдон.
— Әрине, бірақ мен білген озат теңізшілердің бәрі де қызметті жастайынан теңіз ісінен бастаған. Бұл жөнде Нельсонды, тағы басқа озат теңізшілерді еске алсақ та жетеді.
Осы минутта Бенедикт ағай каютасынан шығып палубаға көтерілді. Ол бұрынғы әдетінше ойға шомған күйі, жарық саңылау біткенді сығалап, борттың смола жабысқан жерлерін тіміскілеп, абыржыған кескінмен палубаны кезе берді.
— Жайыңыз қалай, Бенедикт ағай? — деді миссис Уэлдон.
— Рақмет, Уэлдон қарындас… Шүкір, жаман емес… Ренжитін жөнім жоқ… Әйтсе де, тезірек жерге жетсек екен деймін, мені асықтырып жүрген тек осы ғана.
— Бенедикт мырза, сіз скамейка астынан не іздеп жүрсіз? — деп сұрады капитан Гуль.
— Шыбын-шіркей іздеп жүрмін, сударь! — деп кейіген кескінмен жауап қатты Бенедикт ағай.— Мен олардан басқа не іздеуші ем.
— Шыбын-шіркей? Бір өкінішті жері, сізге әлде де болса шыдай тұруға тура келер, ашық теңізде коллекцияңызды толтыра алмассыз деймін.
— Толықтырмайтын несі бар? Кеме үстінде шыбын-шіркейлердің бірнеше түрі болатыны түсінікті…
— Жоқ, Бенедикт ағай,— деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді.— Сіздің капитан Гульге ренжуіңіз тым-ақ орынды. Бұл кісі кемесін барынша таза ұстайды, сондықтан сіздің шыбын-шіркей іздеп әуре болуыңыз бекершілік.
Капитан күліп жіберді.
— Әрине, миссис Уэлдон әзілдейді ғой,— деді ол. — Бірақ, егер сіз каютадан шыбын-шіркей іздесеңіз, шынында да уақытты бекерге өткізерсіз-ау деймін.
— Білемін, білемін! — деп Бенедикт ағай ызалана айқайлап, иығын қомдай түсті.— Каюталардың ұңқыр-шұңқырын қалдырмай әбден қарап шықтым…
— Бірақ сіз трюмді тінтіп көрсеңіз,— деп капитан Гуль сөзін жалғастыра берді, — ол жерден тарақан табуыңыз ықтимал, әрине, ол сияқтылар сізге қажет бола қалса…
— Қажет болуында сөз жоқ! Олар тамақ таңдамайтын тік қанатты жәндіктер, мекендейтін жері…
— Былғанышты, лас…— деді капитан Гуль.
— Борт патшалығы!—деп Бенедикт ағай оның сөзін түзей қойды.
— Тарақан патшалығы!
— О, сударь, сіздің энтомолог емес екендігіңіз бірден-ақ көрініп тұр.
— Ешқандай да.
— Сіз мынаған құлақ салыңызшы, Бенедикт ағай,— деп күлді миссис Уэлдон, — ғылымды сүйсеңіз де, дымыңды шығармай тарақанға жем бола беріңіздер деп айтпассыз деймін?
— Қарындас Уэлдон, сізге ешқандай талабым жоқ! — деп жауап қатты қызуланған энтомолог.— Менің талабым біреу-ақ, ол сирек кездесетін жәндіктермен коллекциямды толықтыру ғана.
— Демек, сіз жаңазеландиялық табыстарыңызға наразы екенсіз ғой.
— Керісінше, қарындас Уэлдон, өте ризамын. Мен ол жерден стафилин деген қоңыз ұстадым, бұл қоңызды менен бұрынғы ғалымдар тек қана Жаңа Каледониядан тапқан.
Манадан бері Джекпен ойнап жүрген Динго, осы сәтте Бенедикт ағайдың қасына келді.
— Кет әрі, кет! — деп ақырды ол итті итермелеп.
— О, Бенедикт мырза!—деп үн қатты капитан Гуль.— Итті жек көріп, тарақанды тәуір көргеніңіз қалай?
— Ие, осындай жақсы итті жек көруге бола ма! —деді кішкентай Джек, екі қолымен Дингоның басын құшақтап.
— Ие… бәлки…— деп міңгірледі Бенедикт ағай.— Бірақ бұл жексұрын менің сенімімді ақтамады, алдап кетті.
— Бенедикт мырза, мұныңыз қалай! — деп миссис Уэлдон шаңқ етті.— Сіз шынымен-ақ Дингоны да қос қанаттылар немесе қабыршақ қанаттылар тобына жатқызғыңыз келе ме?
— Жоқ, — деп шындап жауап қатты ғалым.— Динго австралиялық иттердің тұқымынан болғанымен, ол батыс африкалық жағалаудан табылған!
— Әбден дұрыс,— миссис Уэлдон оның сөзін мақұлдады.— Том мұны «Вальдекте» болған уақытында естіген.
— Сондықтан… мен… мен бұл хайуанның үстінде батыс африкалық жануарлар дүниесіне тән бірер жәндік болар деп түсінген едім…
— О, тоба! — деді миссис Уэлдон.
— Оның үстінен, оңдырмай шағатын бірер бүрге табылып қалуы да ықтимал.
— Динго, естимісің? — деді капитан Гуль.— Естимісің? Сен борышыңды өтемепсің ғой.
— Бірақ мен оның жүнін тарап босқа әуре болдым,— деді энтомолог, өзінің ренжіп қалғанын жасырмай.— Оның үстінен ең болмаса жалғыз бүрге де табылмады.
— Егер оның үстінен бүрге табыла қалса, сіз оны өлтірер ме едіңіз? — деп сұрады капитан.
— Сударь,— деп Бенедикт ағай салқын жауап қатты,— сэр Джон Франклин ешқашан да жәндікті бекерден-бекерге өлтіре бермеген, мұны біліп қою сізге артық болмас деймін, ол кісі тіптен бүргенің шаққанынан анағұрлым улы американ масаларын да өлтірген емес. Сэр Джон Франклиннің теңіз ісінде аз да болса еңбегі бар екендігіне таласпассыз деймін?
— Дұрыс! — деп капитан Гуль басын изеді.
— Бір кезде оны көкшыбын — москит шағыпты. Бірақ Франклин оны үркітіп жіберіп былай депті: «Жөніңе кетсейші. Дүние кең, екеумізге де еркін жетеді ғой!»
— Aha! — деді капитан Гуль көп мағыналы үнмен.
— Ие, сударь!
— Бенедикт мырза, бұл сөзді Франклиннен көп бұрын басқа біреудің айтқанын білесіз бе?
— Басқа біреу?!
— Ие, оны Тоби ағай айтқан екен.
— Ол энтомолог болған ба? — деп сұрады жалма-жан Бенедикт ағай.
— О, жоқ, Стерннің Тоби ағайы энтомолог болмаса да, мұрнының астына келіп ызыңдаған шыбынға: «Әрі кет, оңбаған сорлы! Мен саған зиян келтіріп қайтем? Дүние кең, қысылып, қымтырылмай-ақ екеуміз де еркін сиямыз» деген сөзді мейірбандық етіп айта алған.
— Бұл Тоби ағай дегеніңіз жігіт екен! — деп айқайлады Бенедикт ағай.— Ол кісі өлген бе?
— Өлген болар деймін,— деп жайбарақат жауап қатты Капитан Гуль,— өйткені Тоби ағайдың өзі дүниеде болған емес.
Жұрттың бәрі Бенедикт ағайға қарап күліп жіберді.
Бұл сияқты достық әңгіме-әзіл, ұзаққа созылған жолдың қысқаруына себепші болды. Бенедикт ағай қатысқан жердегі әңгіме энтомология ғылымының маңында болатындығы өзінен өзі түсінікті.
Теңіз беті толқынсыз үнемі тынық болды, бірақ баяу ескен жел, кеме желкенін әлсіз керіп, «Пилигримнің» шығысқа қарай жүзуі мандымады. Капитан Гуль кеменің жел жақсы соғатын аймаққа енуін асыға күтті.
Бенедикт ағай энтомологияның жасырын сырын Дикке түсіндірмек болып әрекеттенгенін айта кетуіміз керек. Бірақ жасөспірім оның бұл құрметіне көңіл бөліңкіремей, жалтара берді, сондықтан ғалым лекцияны негрлерге оқи бастады. Ақырында шыбын-шіркей туралы әңгімеден олар да тойып, қашқалақтай берді. Бенедикт ағай палубада көрінсе-ақ болды, негрлер команда бөлмесіне кіріп тығылатын болды. Құрметті энтомолог енді лекцияны бір ғана тыңдаушыға — тек Геркулеске ғана оқып қанағат етуіне тура келді; ол Геркулестің бит-бүргеден жарғаққанаттыларды ажырата аларлықтай қабілеті барлығын білген еді.
Алып негр енді қоңыздар арасында болды, олардың ішінде ызылдауық қоңыз, шелкундар, мүйізді қоңыздар, ұзынтұмсық қоңыздар, шұбар қоңыздар, қабық кемірушілер, дән жеушілер, тағы басқалар бар. Геркулес Бенедикт ағайдың коллекциясын аударыстырып көре берді; Бенедикт ағай өзінің кеудіреп тұрған құрт-құмырсқаларын Геркулестің жұп-жуан қышқаштай қатты қолдарымен дөрекі ұстағанын көргенде, қиратады деп қорқып, зәресі қалмады. Бірақ есейіп қалған оқушы лекцияны аса зейін қоя тыңдайтын-ды. Сондықтан да профессор өз байлығын алыптың қолына беруге тәуекел етті.
Бенедикт ағай Геркулеске сабақ беріп жүрген кезде, миссис Уэлдон да кішкентай Джекке жазу жаздырып, хат танытты, ал Дик Сэнд оған есеп бастамасын үйретті.
Үйретілген сабақ қызғылықты ойын сияқты болғандықтан, бес жacap сәби оқуды оңай меңгеріп кетті. Миссис Уэлдон, кішкентай Джекке оқу үйреткенде, әліппе қолданбай, қызыл бояумен үлкен етіп әріптің таңбасы салынған ағаш ойыншық қолданды. Кейде ол әріптерден бірер сөз құрастыратын да, араластырып жіберіп, әлгі сөзді қайтадан құрастыртатын-ды.
Бұл ойын балаға аса ұнады. Ол біресе әріптерден сөз құрап, біресе барлық әріптерді араластырып жіберіп, әлгі сөзді қайтадан құрап, каютада немесе палубада күн сайын ұзақ уақыт әуреленетін болды.
Бұл ойын дәріптеп айтуға тұрарлық, сондай ғажап, ойда жоқ бір оқиғаның пайда болуына себепші болған еді.
Бұл уақиға тоғызыншы февраль күні ертеңгісін болды.
Джек текшеден бірер сөз құрастырып палубада отыр, сөз құрастырылған текшені Джек араластырып жіберген соң, Том қарт әлгі сөзді жаңадан өзі құрауға тиіс. Ол Джектің нендей сөз құрастырғанын көрмеу үшін, көзін қолымен басып, ойын тәртібін сақтап, бір шетте отыр.
Онда бас әріптер мен жол әріптерден басқа, цифрлар жазылған текшелер де бар-ды. Сөйтіп бұл ойын оқып үйрену үшін ғана емес, есеп үйрену құралы да болды.
Джек текшелерді қатарынан тізіп қойды да, қабағын түйе түсіп, ішінен өзіне керекті әріпті алды. Ауыр жұмысқа баланың беріліп кеткендігі сонша, тіптен өзінің қасында жүрген Дингоны да байқаған жоқ.
Ит ойда-жоқта бір әріпке көзін қадап, тұрған орнында сіресті де қалды. Оң жақ алдыңғы аяғын көтеріп, құйрығын бұлаңдатты. Сосын текшені тістеп алып, бірнеше қадам арырақ апарып палубаға қойды.
Бұл текшеде «С» әрпі жазылған еді.
— Бер, Динго! — деп айқайлады Джек, текшені Динго жеп қоятындай көріп.
Динго қайтып келді де, тағы бір әріпті тістеп алып ана әріптің қатарына апарып қойды.
Екінші текшеде «В» әрпі бар-ды.
Джек айқайлап жіберді.
Оның айқайына палубада жүрген миссис Уэлдон, капитан Гуль және Дик Сэнд — бәрі жүгіріп келді.
Джек оларға иттің таңғажайып қылығын баяндады.
Динго әріп таниды екен! Мұны кішкентай Джек өз көзімен көрген.
Дик Сэнд текшені Джекке әкеліп бергелі итке барып еді, Динго оны ырылдап қарсы алды.
Сонда да болса жасөспірім текшені иттің алдынан алып, қалбырдағы текшелерге әкеліп қосты. Динго жүгіріп келіп, әлгі екі әріпті қалбырдан қайта аралап тауып алды да, бір шетке апарып қойды. Әріптің үстіне аяғын салып, ешкімге бермеймін деген сияқты кейіп көрсетіп, тұрған адамдарға алара қарады. Әліппенің басқа әріптеріне қараған да жоқ, оған бөтен әріптер мүлдем керексіз сияқты.
— Нендей ғажап! — деп дауыстады миссис Уэлдон.
— Шынында да өте ғажап,— деді капитан, текшеге тесіле қарап.
— С, В,— деп оқыды миссис Уэлдон.
— С, В,— деп капитан Гуль де қайталады.— Дингоның қарғы бауындағы әріптер де осы!
Сосын ол қарт негрге кенет бұрылып:
— Сіз бұл итті «Вальдек» капитаны жуырда асырап алды дедіңіз білем? — деп сұрады.
— Ие, Дингоның «Вальдекке» келгеніне небәрі екі-ақ жыл шамасы ғана.
«Вальдектің» капитаны бұл итті Африканың батыс жағалауынан тауып алып па еді?
— Ие, Конго жағасынан тапқан. Бұл туралы «Вальдек» капитанының бір емес, әлденеше рет айтқанын естігенім бар.
— Сөйтіп, Дингоның бұрынғы иесінің кім екенін және оның Африкаға қалай барып қалғанын ешкім білмеді ме?
— Ол жағы ешкімге мәлім емес, капитан. Иттің тағдыры тастап кеткен нәрестеден де жаман ғой: өйткені, оның ешқандай документі, айтуға тілі жоқ.
Капитан Гуль ойға қалды.
— Сіз, бұл екі әріптен бірдеңе түсіндіңіз бе? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Ие, миссис Уэлдон, бұл әріптер мені ойға қалдырып тұр… Дегенмен, мүмкін, әлдеқалай дөп келе қалған болар.
— Қалайша?
— Бұл екі әріпте мән болуы мүмкін, бұлар бір ержүрек саяхатшының тағдырын анықтауға жәрдем етер деймін.
— Сіздің не айтқалы тұрғаныңызға түсіне алмадым.
— Миссис Уэлдон, сабыр етіңіз, қазір айтам: 1871 жылы, дәлірек айтқанда, бұдан екі жыл бұрын, бір саяхатшы континентті батыстан шығысқа қарай кесіп өтпек болып, Францияның географиялық қоғамынан тапсырма алып, Африкаға жөнелген. Оның экспедициясының аттанған жері дәл Конго өзенінің жағасы болатын. Барып тірелетін ақырғы пункті Ровум өзенінің сағасындағы Дельгадо мүйісі; саяхатшылар Ровум өзенін жағалап төмен ағуға ниеттенген. Ол Самюэль Верной деген адам еді.
— Самюэль Вернон?! — деп қайталады миссис Уэлдон.
— Ие, Самюэль Вернон. Байқайсыз ба, ол кісінің аты мен фамилиясы Дингоның алфавит ішінен аралап алған әріптерінен басталады, және ол әріптер оның қарғы бауына ойылып жазылған.
— Шынында да сәйкес екен,— деді миссис Уэлдон.— Ал сонымен ол саяхатшы не болды?
— Ол кісі экспедицияға аттанып кеткен,— деп жауап қатты капитан Гуль,— сол күннен бері одан ешқандай хабар жоқ.
— Мүлдем хабарсыз кетті ме? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Ие, мүлдем хабарсыз,— деді капитан Гуль.
— Бұдан нендей қорытынды шығармақсыз?—деп сұрады миссис Уэлдон.
— Демек, бұл ит…
— Бұл ит, Самюэль Вернонның иті болса керек. Бірақ егер менің болжалым әділетті болса, Динго қожасынан гөрі бақыттырақ: ол өзін «Вальдектің» капитаны тауып алған жерге, Конго өзенінің сағасына кері оралып жетуіне мүмкіндік болды.
— Капитан, сіз мынаны айтыңызшы, француз саяхатшыға ит еріп шыққанына сеніміңіз бар ма, әлде бұл сіздің тек жорамалыңыз ба?
— Жоқ, миссис Уэлдон, бұл менің тек жорамалым ғана,— деп жауап қатты капитан Гуль.— Дегенмен, Дингоның бүкіл алфавит арасынан «С» пен «В» әрпін ажырата білуі, Самюэль Вернонның иті екендігіне талассыз дәлел бола алады. Әрине, иттің жиырма алты әріптен құралған алфавит арасынан екі әріпті ажырата білуді қайдан және қалай үйреніп жүргенін айта алмаймын. Әйтеуір сол екі әріпті Дингоның білетіні анық, ана қараңызшы, оның текшелерді аяғымен ысырып қоюы, мынаны оқыңыз деп бізге жалынған сияқты емес пе?
Шынында да Дингоның қылығын басқаша пайымдауға болмайтын еді.
— Бұл қиын экспедицияға Самюэль Вернон жалғыз шыққан ба? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Білмеймін,— деді капитан Гуль.— Бірақ жергілікті халықтан жүк көтеруші отряд алуы ықтимал.
Осы минутта Негоро палубаға шыға келді. Алғашқыда оның келгенін ешкім байқаған жоқ, және «С» пен «В» әрпін бұрынғысынша аяғымен басып тұрған итке португалдың отты көзімен қарағанын да ешкім сезбесе керек. Бірақ Динго кеме аспазын көрісімен, тісін ақситып ызалана ырылдады.
Негоро сол сағатында кері бұрылып өзінің каютасына кіріп кетті, бірақ оның итке қарап өткен отты көзінде ешқандай жақсылықтың нышаны жоғы айқын еді.
— Мұнда бір құпия сыр бар екен,— деп күбірледі капитан Гуль.
— Иттің алфавит ажыратуды үйренуі ғажап емес пе? — деді Дик Сэнд.
— Жоқ, жоқ! — деп айқайлады кішкентай Джек.— Мамам оқи да, жаза да білетін иттің әңгімесін маған талай айтқан. Ол иттер тіптен мектеп мұғалімі сияқты домино ойнауды да біледі екен.
— О, қарашығым,— деді миссис Уэлдон күлімсірей сөйлеп,— мен саған Мунито деген итті әңгіме еткенмін, ол ит мүлде сенің айтқаныңдай білімді емес. Егер менің естігеніме сенетін болсаң, Мунито өзінің сөз құрастырған әріптерін бірінен бірін ажырата да білмейді, оның «білгірлігіндегі» күллі жасырын сыр, — есту органының аса сезгіштігінде екен. Оның иесі бір пысық американ болған, ол Мунитоның бұл қасиетін біліп, итті үйрете бастайды, сөйтіп, ақырында таң қаларлық нәтиже шығарған.
— Миссис Уэлдон, ол адам Мунитоны қалай үйретті екен? — деп сұрады, жас әйелдің әңгімесіне Джектен де бетер қызыққан Дик.
— Ол былай, достым! Мунито жиналған жұртқа «ойын» көрсетерде, стол үстіне мына текшелер сияқты әріп таңбасы салынған текшелер қойылады. Ит құрастырылуға тиісті сөзді халықтың айтуын күтіп стол үстінде әрілі-берілі жүре береді. Айтылған сөзді ит иесінің білуі шарт.
— Демек, иесі қасында болмаса…— дей беріп еді Дик.
— …Ит өздігінен түк те істей алмас еді,— деп миссис Уэлдон Диктің сөзін жалғастырып әкетті.— Әріп таңбалары жазылған текшелердің стол үстінде жаюлы жатқанын жаңа ғана айтып өттім, Мунито ол әріптердің жанына келіп әрілі-берілі жүре береді. Құрастыратын сөзге керекті әріптің тұсына келеді де, қалт тұра қалады, бірақ ол өзіне керекті әріпті танығандықтан тоқтайды емес, иесінің қалтасындағы тіс шұқуыш қауырсынның шырт еткен дыбысын естіп тоқтайды, қауырсынның шырт еткенін басқа адамдар аңғармай қалады. Болмашы дыбыс иттің әлгі текшені алып, басқа текшелердің қатарына апарып қоюына берілген белгі еді.
— Мұндағы жасырын сыр бар болғаны осы-ақ па? — деді Дик Сэнд.
— Ие, бар болғаны осы, жасырын сырдың ешқандай қиындығы жоғын байқаған боларсың,—деп жауап қатты миссис Уэлдон.— Дегенмен, циркте көрсетілетін басқа да фокустердің көпшілігі осы сияқты оңай болады. Иесі жанында болмаса, Мунито «талантты білгірлігін» өздігінен істей алмас еді. Ал енді мына Динго Самюэль Вернонның жоғында-ақ,— егер мұның иесі шынында да сол болса,— мына екі әріпті тани білді, мен бәрінен бұрын осыған таңданып тұрмын.
— Расында да бұл таңданарлық уақиға,— деді капитан Гуль:—Дегенмен, бұл арада Динго жұрттың қалауымен сөз құрастырып тұрған жоқ: оның аралап алатыны тек қана екі әріп, сол әріптен жаңылып жаза баспайтыны ғажап. Бір ит қайыршыларға үлестіруге арналған қалдық астан ас сұрап монастырь есігіндегі қоңырауды шылдыратуды үйренген екен, сол ит ет қақтайтын істік темірді күнара аударып тұруға тиіс бопты, осы жұмысын кезексіз күндері істемей жүріпті. Мүмкін, ол иттер біздің Дингодан анағұрлым зейіндірек болар. Бірақ әңгіме онда болып тұрған жоқ. Біздің алдымызда талассыз екі факты тұр: Динго, текше алфавитының ішінен тек қана «С» пен «В» әрпін аралап алады. Шамасы, ол басқа әріптерді танымайтын шығар. Бұдан бір ғана қорытынды шығаруға болады: осы екі әріп иттің есінің қалмастай бір уақиғаға себеп болған.
— Ах, капитан Гуль,— деп күрсінді Дик Сэнд,— Дингоның тілі болса, мына екі әріпті қайдан білетінін және аспазға неліктен тісін қайрайтынын айтып берер еді!
— Tic болғаныңа! — деп күлді капитан Гуль, Динго есінегенде оның ақсиған өткір тісін көрсетіп.
Алтыншы тарау
КӨКЖИЕКТЕН КӨРІНГЕН КИТ
Дингоның адам таңқаларлық қылығы капитан Гульдің, миссис Уэлдонның және Диктің кеме кормосындағы әңгімелеріне әлденеше рет тақырып болғанын аңғару қиын емес. Кеме аспазының мінезі әзірге бұрынғысындай қалтқысыз бола тұра, жас матрос іштей Негороға сенімсіз қарады.
Бақтағы команда бөлмесінде болған әңгімеде, оқи білетін иттердің арасында Динго білімдірек, тіпті кейбір жаман-жәутік матростардан жақсырақ жаза алады деген сөздер айтылды. Егер ол әзір адамша сөйлемесе, оның құпия сырды сақтай тұруға байланысты бірер себебі бар шығар.
— Бір сәтті күні,— деп шешенси кетті рульші Болтон, — бұл төбеттің маған келіп: «Болтон, біз бүгін қай жаққа қарай бет алып бара жатырмыз? Норд-вестке ме, болмаса вест-полунордқа ма?» деп сұрағанын әлі-ақ көрерсіздер. Әрине, сонда мен оған жауап қайырамын ғой.
— Тіл білетін хайуандар аз емес,—деді екінші матрос,— мысалы, сауысқандар, тотылар!.. Олар сөйлей білгенде, ит неге сөйлемеске? Ауызбен сөйлеуден гөрі, тұмсықпен сөйлеу анағұрлым қиынырақ болар.
— Дұрыс қой,— деді боцман Говик,— дегенмен, адамша сөйлейтін ит ешқашан болған емес.
Дүниеде адамша сөйлей алатын ит бар екенін «Пилигрим» командасы білсе, қайран қалар еді. Бір дотчан ғалымның жиырма сөзді анық айта алатын иті болыпты. Бірақ иттің сөзі мен мағыналы сөздің арасы жер мен көктей алшақ жатыр. Дотчан ғалымның итінің үн шығаратын мүшесі, дауысты анық шығара алатын болып ерекше жаралған. Бірақ ол ит айтылған сөздің мазмұнына, тотыдан немесе шықылдақ торғайдан артық түсінбеген. Сөйлей білетін хайуандар үшін бұл сөздер ән мен айқайдың бір түрі сияқты.
Қанша айтқанмен, әйтеуір «Пилигрим» бортында Динго ең қадірлі хайуан болды. Иттің осы ерекшелікті мақтан етіп мардамсымағанын айта кету керек. Капитан Гуль ағаш текшелерді иттің алдына бірнеше қайтара жайып тастап байқау жасады, бірақ Динго жаңылып не болмаса қобалжымастан «С» мен «В» әрпінің таңбасы салынған текшені ғана ала берді. Алфавиттің басқа әріптеріне қараған да жоқ.
Капитан Гуль осы тәжірибесін Бенедикт ағайдың алдында бірнеше рет қайталап жасады. Бірақ ғалымның бар ықыласы жәндікте болып, Дингоның қылығына ешқандай қызықпады.
Бұл сияқты қабілеттілік тек итке ғана тән деп ойлауға болмайды,— деді: ол бір күні.— Басқа да толып жатқан ақылды хайуандар бар. Бірақ олар да ит сияқты, ішкі сезімге бағынады. Дегенмен, кеменің апатқа ұшырап талқаны шығатынын алдын ала сезіп кемеден қашатын егеуқұйрықты мысалға алсақ та болады. Құндызды еске түсіріңіз, олар өзен суы көтерілер алдында өздерінің бөгеттерін биіктетіп алады, есектің қатері деген қатер тіптен тамаша; өлген иесін жоқтап, соның қайғысынан ақырында өзі де өлген атты да айта кетуге болады. Үйретілген кұстың үйретушісіне ілесіп бір сөйлем сөз сөйлегені де белгілі. Біз бір бөлмедегі қонақтың есебін дәл санап шығаратын тотыны да білеміз, оның бұл данышпандығын астраномия обсерваториясының есепшісі де күндер еді. Құмырсқалар үлкен қалаларымыздың құрылысшыларын үйрете алады. Мен титімдей ғана жәндіктердің де ақыл-сезімінің өрістегеніне шексіз мақтанамын. Бір кардиналдың (католик дінбасыларының бірі) тотысы туралы әңгіме бар, ол тоты бүкіл дұғаны мүдірмей қатарынан оқып шығатын болыпты; тоты бұл еңбегі үшін жылына жүз алтын ақша алып тұрыпты деседі. Физика заңын білмейтін су өрмекшісі су түбіне ау күмбезін орнатады, бүргелер желгіш ат сияқты арба сүйрейді, олар сапта тұрып жаттығу ісін карабинерлерден кем орындамайды, олардың зеңбірек атуы, Вест-Пойнтты бітіріп диплом алған зеңбірекшілерден ешбір кем емес. Жоқ, Динго сіздердің мақтауларыңызға лайық емес. Ал енді ол әліппеге жетік болса, онысы өз еңбегі боп табылмайды, бұл әлі де біз білмеген «сayатты иттер» тұқымынан шыққан болуы ықтимал.
Бірақ, көпшілік пікірінше, күншіл энтомологтың бұл сияқты сөздері Дингоның беделін ешбір кеміте алмады, ол туралы және иттер дүниесіндегі адам таң қаларлық уақиғалар жайындағы әңгімелер бақта бұрынғысынша өтіп жатты.
Итті мақтаған қызу әңгімеге жалғыз-ақ Негоро қатысқан жоқ. Әлде ол оны өте-мөте ақылды деп ойлайтын болар.
Дингоның кеме аспазына деген өштігі өзгерместен бұрынғы күйінше қала берді. Егер Динго, біріншіден, өзін өзі қорғауға қабілетсіз ит болса, екіншіден, оны бүкіл экипаж жақсы көріп қадірлемесе, Негоро Дингоның сыбағасын берер де еді.
Негоро енді бұрынғыдай емес, Дингоның көзінен аулақ жүретін болды. Текше алфавитінен кейін адам мен иттің арасындағы өшпенділік өршіп бара жатқанын Диктің байқауына, Негороның бұл қашқалақтауы кедергі бола алмады. Ол екеуінің арасындағы бұл сияқты өшпенділік мүлдем түсініксіз мәселе еді.
Адамдарды мезі қылып, «Пилигримді» бір орыннан тапжылдырмай февральдың онына дейін созылған тымырсық, солтүстік-шығыстан қарсы соққан желге ауысты. Бірақ сол күні норд-осттың желі бірсыпыра бәсеңдей түсті, енді капитан Гуль тез арада жел ыңғайы ауысады деп үміттене бастаған-ды. Солтүстік-батыстан жел соқса, кеме желкендерін түгел көтеруге мүмкіндік болады, капитанның үміттенгені де осы еді. «Пилигримнің» Окленд портынан шыққанына небәрі он тоғыз күн. Кідіріс көп емес, жел ыңғай соқса, жақсы жабдықталған кеме, бос өткен күндердің есесін оп-оңай толтырар еді. Бірақ жел әлі ауысқан жоқ. Мұны бірнеше күн күту керек болды.
Мұхит беті бұрынғысындай құлазыған күйі. Оңтүстік полюс теңіздерінде кит аулап жүрген аушылар елдеріне қайтуды әлі ойлаған да жоқ. Сондықтан да, ерекше жағдайдың қысымымен кит аулау кәсібін уақытынан бұрын тоқтатып, аушылық орнын тастап кеткен «Пилигрим», тропикке қарай Козерогқа бара жатқан бірер кеме кездесер деп үміттенген.
Жоғарыда айтылып өткен Америка мен Австралия арасында қатынап тұратын трансокеандық пакетботтар өте төмен ендікпен жүретін-ді.
Алайда теңіз беті иесіз жатқан кездерде айнала төңіректі шолмай бейқам отыруға болмайды. Теңіз беті ілтипатсыз теңізшіге біркелкі өзгеріссіз көрінгенмен, нағыз теңізші оның құбылып, алуан түске еніп тұрғанын көре алады.
Теңіздің көз тойғысыз көркем көрінісі, теңіз сүйетін адамдарды рақатқа бөлейді. Міне, бір уыс теңіз шөбі қалқып келеді, ұзын-ұзын теңіз өсімдігінің теңіз бетінде болмашы ғана ізі қалып барады; ана бір жақта тақтай сынығы көрінеді; ол сынықта не-не қызық жұмбақты жағдайлар болуы мүмкін. Осынау шексіз көк айдын адам қиялына қаншама азық десеңізші! Бірде бу болып бұлтқа ұшып, бірде жаңбыр болып теңізге құйған осы бір су тамшыларының әрқайсысында әлдене бір апаттың құпия сыры жоқ деймісіз!
Мұхиттың құпия сырын алдыңа жайып сала білетін адамдардың сол бір алғыр ақылы жан сүйсінерлік нәрсе-ау!
Судың бетінде де, түбінде де — қайда қарасаң да қайнаған өмір. «Пилигрим» жолаушылары, қыс болып суық түсер қарсаңында поляр жақтан қайтып бара жатқан құстардың ұсақ балықтарды аулап жүргенін тамашалап келе жатты. Дик Сэнд аңшы мылтығына да, алты атарға да — екеуіне бірдей мерген болатын: жас жігіт ұшып бара жатқан құстардың бірнешеуін атып түсірді.
Ақ дауылпаздар аспанда қалықтап айналып жүр. Сонау шырқау биікте, аспан айдынына шарықтай өрлеп, алып шағалалар қалықтайды. Судан алатын азығын көргенде, біресе ол жағына, біресе бұл жағына төңкеріліп, төмен қарай құйылғаны-ақ тамаша! Балықты іліп алған кейбір алып шағалалар, толқын жалын жалай ұшып, аспандайды.
Теңіз бетінің осылай үздіксіз құбылуы кереметтей көркем көрініс. Тек табиғат құбылысына немқұрайды салқын қарайтын кейбір адамдарға ғана теңіздің бірқалыпты көрінуі ықтимал.
Февральдың оны күні миссис Уэлдон «Пилигрим» палубасында серуендеп жүріп, теңіз бетінің кенет қызғылт тартып бара жатқанын байқап қалды. Су қанмен боялған тәрізді боп көрінді. Осы жұмбақ қызыл алқап көз жетерлік жерге тегіс жайылған.
Миссис Уэлдон, палубада кішкентай Джекпен ойнап жүрген Дикке қарап:
— Дик, ана қарашы, теңіз беті нендей ғажап. Мына қызыл бояу қайдан пайда бола қалды? Бұл әлде бір түрлі теңіз шөбі болар ма? — деді.
— Жоқ, миссис Уэлдон,— деді бала жігіт,— теңіз суын бояп тұрған миллиондаған құмдай ұсақ шаяндар, бұл жәндіктер теңіздің сүт қоректі алып хайуандарының азығы. Балықшылар бұларды «кит көжесі» дейді.
— Ұсақ шаяндар! — деді миссис Уэлдон таңданып.— Тіптен құртымдай екен, өздерін теңіз жәндіктері десе де болады! Бенедикт ағай бұларды коллекциясына қуана-қуана қосатын болар.
Сөйдеді де, миссис Уэлдон айқайлап Бенедикт ағайды шақырды.
— Бенедикт ағай, мұнда келіңізші…
Бенедикт ағай мен капитан Гуль каюталарынан қатар шықты.
Бенедикт ағай, ана қараңызшы! Теңіз бетіндегі құжынаған қызыл дақты көресіз бе? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Ие, көрдім,— деп дауыстады капитан Гуль.— Кит көжесі ғой! Мінеки, Бенедикт мырза, шаянсымақтарды зерттейтін болсаңыз, өте қолайлы жағдайыңыз келді.
— Түк те емес! — деді энтомолог.
— Түк емесі қалай? — деп таңданды капитан.—Бұларға сіздің көңіл бөлмей, немқұрайды қарауға хақыңыз жоқ! Егер жаңылмасам, бұл шаянсымақтар — буынды жәндіктер тобына қосылады, және сапа жағынан да…
— Түк те емес! — деді Бенедикт ағай басын шайқай түсіп.
— Япырай! Энтомологтың бұл сияқты немқұрайдылығы…
— Капитан Гуль,— деп Бенедикт ағай оның сөзін бөлді,— сіз менің жәндік зерттеуші екенімді ұмытпаңыз.
— Демек, Бенедикт мырза, сіз бұл шаянсымақтарға қызықпайтын болдыңыз ғой? Егер сіздің кит құрсағындай құрсағыңыз болса, мына тойға қандай қуанар едіңіз! Миссис Уэлдон, біздер кит аулаушылар теңізде жүріп бұл сияқты шаянсымақтарға кездесе қалса, гарпун мен қайықтарымызды әзірлеп қоюға асығатынбыз. Мұндай жағдай ұшырасса, олжаның жуық екеніне күмәнданбауға болады…
— Бірақ мына құртымдай ғана шаянсымақтарға кемедей үлкен кит тоя қоя ма? — деп сұрады Джек.
— Ей, балапаным, мұның таңданарлық несі бар? — деді капитан Гуль.— Астың ең дәмдісін жарма мен майда тартылған ұннан пісіреді ғой. Киттер бұл сияқты шаянсымақтар тобына кезіге қалса, мұны оның үшін жаюлы тұрған дастарқан дей бер. Оның кеңірдегінен келгенше көжеге тоюы үшін тек қана аузын ашса, болғаны. Мың-мыңдаған шаянсымақтарды асап алады да аузын жабады. Оның таңдайындағы щетка сияқтанып салбырап тұрған «кит мұрты» деп аталатын мүйіз талшықтар сүзекі болып балықшы ауының міндетін атқарады. Сөйтіп, оның аузына түскен шаянсымақтар құтылып кете алмайды, сенің жұтқан көжең қарныңа қарай қалай жылжыса, мың-мыңдаған шаянсымақтар да киттің орасан кең құрсағына солай жылжи береді.
— Джек, сен кит мырзаның шаянсымақтарды бір-бірлеп қабығын аршып уақыт оздырмайтынын біліп қой! — деп үстеді Дик.
— Алып мешкей көжемен жеңсігін басып жатқан кезде,— деп капитан Гуль сөзін жайғастыра берді,—оны шошытпастан кеменің мүлдем таяу барып қалуы да ықтимал. Кит аулаушылар осындай жағдаймен…
Осы сәтте, капитан Гульдің сөзін қостағандай, вахтада тұрған матрос айқайлап жіберді:
— Кит! Алдыңғы жағымызда, сол жақ бортқа таман!
Капитан Гуль ұшып тұра келді де:
— Кит! — деп айқайлады. Ол кенет аңшылық делебесі қозып, тұмсыққа қарай тұра жүгірді.
Оның соңынан миссис Уэлдон, Джек, Дик Сэнд, Бенедикт ағай да бара жатыр.
Төрт миль шамасы ық жақта теңіз беті қайнап жатқан тәрізді.
Тәжірибелі кит аңшысы қателеспепті: теңіздің сүт қоректі алып хайуаны шаянсымақтар тобының арасында жылжып жүр екен. Бұл хайуанның қай түрлі кит екендігін анықтауға екі ара орасан алшақ еді.
Бұл, бәлкім, солтүстік теңізде жүретін аңшылардың көбірек аулайтын нағыз киттерінің бір түрі болар? Нағыз китте арқа қанат болмайды. Олардың жарғақ қанаты тым жалпақ та, кесіп алғандай моп-молтақ, ал мүйіз талшықтары— кит мұрты — аса ұзын да көп болады. Әйтсе де нағыз киттің ұзындығы он екі метрден он алты метрге шейін келеді, некен-саяқ жиырма метрге жететіндері де, тіптен одан артық келетіндері кездеседі, тері астындағы май қабаты жарты метрге жетеді. Бұл сияқты алып киттің бір өзінен ғана үш жүз гектолитрге тарта май алуға болады.
Бұл әлде жолақ жон немесе бүкіш кит болар? Бүкіш киттің бауыр ескегі ұзын, қанат сияқты болады, ұзындығы үш метрге таяу. Бүкіш киттер, киттің ішіндегі ең жуаны да ебедейсіз, ең ойыншылы болады: ол дәйімі су бетіне ыршып шыға береді.
Мына көрінген кит ірі жолақжон болуы да ықтимал. Жолақжондар ірілік жағынан нағыз киттерден қалыспайды, салмағы да бір мың екі жүз центнерге жуық.
Әзірге бұл көрінген қай тұқымды кит екенін ажыратудың мүмкіндігі болмады.
Капитан Гульдің өзі және «Пилигримнің» бүкіл экипажы сүт қоректі хайуандарға сұқтана қараумен болды.
Егер сағат шебері әлдеқалай басқа бір бөлмеде ілулі тұрған сағатты көрсе, оған сағаттың бұрауы таусылған, бұрау керек сияқты көрінеді, ал енді кит аулайтын аңшы теңіз бетінде жатқан китті көрсе қайтер еді? Ұсақ аң аулаушыларға қарағанда, ірі аң аулайтын аңшылар, өз кәсібіне көбірек көңіл бөледі деседі. Егер ірі аңның желігі де күшті болса, онда піл мен кит аулаушылар қайтпек?
«Пилигрим» экипажы кеменің жүгін толтырмай елге қайтқандарына наразы еді, өйткені бұл жағдай матростардың табысын азайтқан-ды.
Капитан Гуль теңіз бетіне қараумен болды. Кит әлі алыста, көмескі көрінеді, бірақ танау тесігінен шаншылып аспанға атылған суға қарап, оның қай түрлі кит екенін шамалауға болатын еді.
— Бұл нағыз кит емес! — деді капитан Гуль.— Нағыз киттің фонтанынан мынаның фонтаны биігірек. Бүкіш те емес! Фонтанның шуылы, алыстан естілген зеңбірек гүріліндей боп шықса, бүкіш екен дей бер. Мына киттің шуылы мүлдем өзгеше. Дик, сен бұған қалай дейсің? — деді капитан Гуль бала жігітке қарап.
— Мен мұны жолақжон кит болар деймін,— деп жауап қатты Дик Сэнд.— Фонтанының күштісін қараңызшы. Егер жаңылмасам, бұл ерекшелік тек жолақжон киттерге ғана тән?
— Дұрыс айтасың, Дик! — деді капитан Гуль.— Ана қызыл судың ішінде жүзіп жүрген жолақжон екендігінде күмән жоқ.
— Қандай тамаша! — деп айқайлады кішкентай Джек.
— Ие, балақайым, ол алып хайуан жайбарақат көжесін сылқытып жүр, тіптен өзін кит аулаушылардың бақылап тұрғанын да сезер емес!
— Меніңше,— деді Дик Сэнд салмақты пішінмен,— бұл жолақжонның ең ірісі болса керек.
— Күмән жоқ! — деп жауап қатты капитан Гуль көзі жайнап.— Оның ұзындығы кем дегенде жиырма екі—жиырма үш метр.
— Тамаша! — деді боцман.— Осындай киттің алтауы болса, «Пилигримнің» жүгі жетіп жатыр.
— Ие…— деп күрсінді капитан Гуль.
Китті анықтап көру үшін бушпритке шықты ол.
— Егер біз осы китті соғып алсақ,— деп боцман оның сөзін жалғады,— бос тұрған кеспектердің кем дегенде жарымын майға толтырар едік-ау…
— Ие… шынында да… не! — деп күбірледі капитан Гуль.
— Бұл, ақиқат,— деді Дик Сэнд,— бірақ бұл алып жолақжонға шабуыл жасау — қауіпсіз де емес, қиын. Жолақжонның құйрығы сұмдық күшті болады, бұған сақтанып бару керек. Ең мықты деген қайықты, мұндай жолақжонның құйрығы бір соққаннан қалдырмай быт-шыт қылады. Бірақ бұл еңбекке тұрарлық олжа.
— Бұл жолақжон бізге аз олжа емес!— деді матростардың бірі.
— Бұл жолақжонмен тілдеспей өтіп кете берудің өзі өкінішті! — деп даурықты үшіншісі.
Осы жолақжонды аулауға бүкіл команданың көңілі кетті. Су бетінде жүзіп жүрген денеде жүз кеспек май бар. Тек кеспектердің аузын тосса болғаны — май өзінен-өзі сорғалап құйылғалы тұр.
Матростар бизан-мачтаның рейіне шығып, киттің әрбір қимылына сұқтана қарасып тұрды.
Капитан Гуль үндеген жоқ. Ойланып тырнағын тістей берді.
Мына жолақжон, аса қуатты магнит сияқты, бүкіл экипажымен «Пилигримді» өзіне қарай тартты.
— Мама! Мама! — деп кішкентай Джек кенет айқайлап жіберді.— Киттің түрін көргім келеді!
— Ах, балақайым, китті жақыннан көргің келді ме? Несі бар, сенің құмарыңды неге қандырмасқа? Рас емес пе, достарым? — деп капитан Гуль матростарға қарады, ол аңшылық желігімен бұдан былай қарыса алмады.— Бізде адам кемістеу… Дегенмен, қайтсек те амалдармыз деймін…
— Амалдаймыз, амалдаймыз! — деп матростар бір дауыспен айқайлап жіберді.
— Мен гарпуншылық міндетін бірінші рет атқарғалы тұрғаным жоқ, ұмытып қалмадым ба екен, байқап көрейін…
— Ура! Ура! Ура! —деп экипаж бір ауыздан жауап қайырды.
Жетінші тарау
АУҒА ДАЙЫНДАЛУ
Сүтқоректі алыптың көрінуі «Пилигрим» экипажына неліктен бұл сияқты қозғау салуы, әрине түсінікті мәселе. Теңіз бетінде қызыл алаптың ортасында жүзіп жүрген кит орасан ірі көрінді.
Бұл китті соғып алып кеме трюмін толтырсақ деген үміт — олқы құмарлық емес! Аңшылар бұл сияқты ұтыры келіп тұрған жағдайдан қайтып қана құр алақан қала алсын?
Миссис Уэлдон капитан Гульден:
— Бұл китке шабуыл жасау қауіпті емес пе? — деп сұрады.
— Жоқ, миссис Уэлдон,— деп жауап қатты капитан Гуль — Ешқандай қауіп жоқ… Китті жалғыз қайықпен әлденеше рет аулағаным бар, көздеген мақсатыма жетпей қайтқан сапарым болған емес. Қайталап айтамын, бізге төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ, ендеше, сізге де қауіп жоқ.
Миссис Уэлдонның көңілі орныққандай болды, ол басқа жағын қайтып сұрамады да.
Капитан Гуль сол сағатында жолақжонды аулауға керекті дайындықтар жасауға бұйырды. Ол осы жолғы аушылықтың қиынға соғатынын жақсы білді, сондықтан да сақтануға қажетті барлық шараларды қолдануға ұйғарды. Кит аулауға үш қайық баруы керек еді, капитан Гуль сол үш қайықтың орнына болғаны жалғыз-ақ қайық жібере алатын болды. Кит аулау маусымында «Пилигримнің» тұрақты командасына жәрдемдесу үшін Жаңа Зеландиядан матростар мен гарпуншылар алғанын жоғарыда айтып өттік. Қазіргі кезеңде ол жәрдемші команда жоқ, енді «Пилигримнің» ауға шығара алатыны тек болғаны бес-ақ матрос, былай айтқанда бір қайықты басқаруға қанша адам керек болса, сонша адам шығара алады. Өз еңбектерін асыға ұсынған бес негрдің жәрдемін капитан Гуль қабылдамады: өйткені, кит аулауда қайықты басқару тек қана тәжірибелі теңізшінің қолынан келеді. Китке шабуыл жасаған кезде рульдің епсіз қимылы немесе ескектің мезгілсіз есілуі қайықты апатқа ұшыратуы ықтимал.
Тағы бір қиын мәселе, капитан Гуль кемеде ең болмаса бір тәжірибелі матрос қалдырмай кете алмайды, дүние деген алмағайып нәрсе ғой.
Бірақ кит аулайтын қайыққа адамның әлдісі керек, капитан амалсыздан кемені Дикке тапсыратын болды.
— Дик,—деді ол, — ауға кеткен уақытымда, сені өзімнің орынбасарым етіп қалдырамын. Аушылық ұзаққа созылмас деймін.
— Құп болады, капитан!—деп жауап қатты жасөспірім.
Диктің өзі де кит аулау ісіне қатысқысы келіп еді, бірақ ол, қайық үстінде тәжірибелі кит аулаушы пайдалырақ екенін және «Пилигримде» капитан Гульдің орнын өзі ғана баса алатынын ескерді. Сондықтан да ол сөз қайырмай капитанның бұйрығына бағынды.
Сөйтіп, «Пилигрим» командасы түгелдей ауға аттанды Төрт матрос ескек есуге отырды, ал боцман Говик өзінің үйреніп қалған жұмысы рульді артқы есікті ұстады. Руль тез маневр жасауға мүмкіндік бермейді. Егер китке шабуыл жасаған кезде ескек күректер жазатайым сынып қалса, шебер теңізші жалғыз артқы күректің өзімен-ақ, жараланып жан ұшырған хайуанға қайықты соқтырмай аман әкете алады.
Капитан Гуль гарпуншы орнында тұрады, бұл міндет оның бірінші рет атқарғалы тұрған ісі емес, осы орында тұрып талай китті гарпундаған болатын. Оның атқаратын міндеті — китке гарпун лақтыру, гарпун сабына байланған ұзын арқанның тарқатылуын қадағалау және жараланған китті мұхит бетінде жүзіп жүргенінде шанышқылап өлтіру еді.
Кейде кит аулау кәсібіне дәрімен атылатын зеңбірек сияқты қарулар да қолданылатын. Кеме бортына немесе қайықтың тұмсығына ерекше жасалған зеңбірек орнатады да, жарылатын снаряд немесе сабына арқан байлаған гарпун атады. Бірақ «Пилигримде» бұл сияқты құралдар жоқ-ты. Дұрысын айтқанда теңізшілер мұндай жаңа әдістер қымбатқа түседі және оның тетігін кім көрінген біле бермейді деп жаратыңқырамайтын, сондықтан да өздерінің үйреніп қалған қарапайым құралы — гарпунды қолданатын-ды. Сөйтіп, капитан Гуль өзінің ескілікті қаруымен ғана ауға аттанды. Жолақжон «Пилигримнен» бес миль шамасы қашықта еді.
Ауа райы да аңшыларға кесірін тигізбей жәрдем еткісі келген тәрізді. Теңіз де тыныш, бұл жағдай қайықты басқару ісіне жеңілдік береді. Жел жоқтың қасында, экипаж ауда жүргенде «Пилигримді» бір жаққа жел айдап әкетеді деп қауіптенудің орны жоқ.
Штирборттағы қайық суға түсірілді, төрт матрос қайыққа түсіп өз орындарына отырды.
Боцман Говик оларға екі гарпун және ұшына өткір ұштық қадаған бірнеше шанышқы әкеліп берді. Шабуылға керекті бұл құралдардың үстіне, әрқайсысының ұзындығы алты жүз футтан келетін бес шумақ сым арқан алды. Бір шумақ арқан тарқатылып жатқанда, матростар оның ұшына екінші шумақты жалғайды, одан соң үшіншісін, төртіншісін жалғай береді. Бірақ кейде үш мың фут арқанның да жетпей қалатын кездері болады.
Гарпундар, шанышқылар мен арқандар — кит аулауға керекті жабдықтар — тәртібімен түп-түгел қайықтың тұмсығына қойылды. Говик өз орнына тұрды да, қайықты шешіп арқанның ұшын бер деген бұйрық күтті. Енді қайықтың ішінде бір ғана бос орын қалды,— бұған капитан Гульдің өзі тұруға тиіс.
Бұлар ауға аттанар алдында кемені дрейфке тоқтатқан-ды, басқаша айтқанда, желкендердің біреуі ілгері тартқанда, екіншісі қарсы итеретін етіп қойылған. Желкендердің қарама-қарсы әрекетінің нәтижесінде «Пилигримді» бір орыннан қозғалмайды деп сенуге болатын-ды.
Қайыққа түсер алдында капитан Гуль ақырғы рет мачтаға көзін салды. Желкендер нық бекітілген, арқандары берік тартулы. Дик Сэнд кемеде жалғыз қалатын болды, мүмкін, оның жалғыз болуы бірсыпыра уақытқа созылар. Капитан желкендерді ауыстыру әурешілігінен Дикті құтқарудың әрекетін ойлап еді.
Бәрі де дұрыс, орын-орнында екеніне көзі жеткен соң, капитан, жасөспірімді шақырып алып, былай деді:
— Дик, мен сені жалғыз қалдырып бара жатырмын. Бекем, сақ бол! Егер ойдағымыз болмай шықса, «Пилигрим» біздің алдымыздан шығатын болар, Том қарт пен оның жолдастары саған желкендерді ауыстырып қоюға көмектесер. Не істеу керек екенін оларға өзің жақсылап түсіндірерсің, оларды қолынан іс келетін адамдар деп сенемін.
— Капитан Гуль,— деді Том қарт,—Дикке өзіміз де қуана-қуана көмектесеміз.
— Ол тек қана жұмыс бұйырсын! — деді Бат.— Біз оған жұмысты қалай істейтінімізді көрсетеміз!
— Нені тарту керек? — деп сұрады Геркулес, білегін сыбана түсіп.
— Қазір тарта қоятын түк те жоқ,— деп күлді жасөспірім.
— Мен әзірмін! — деді алып.
— Бүгінгі ауа райы аса жақсы,— деп капитан Гуль сөзін жалғастырды,— жел де ауыса қоймас деймін. Дик, нендей қиын уақиға болса да қайықты суға түсіруші болма және ешуақытта да кемені иесіз тастап кетпе!
— Құп болады, капитан!
— Біздер китті қуып бір жаққа ұзап кете қалсақ, «Пилигрим» біздің артымыздан келетін болсын, мен багорге байлап вымпел көтеріп белгі берермін.
— Ол жағынан қам жемей-ақ қойыңыз, капитан. Мен сіздің қайықтан көзімді айырмаймын,— деп жауап қатты Дик Сэнд.
— Әбден жақсы,— деді капитан Гуль.— Аса пайымды да, батыр бол, сен енді капитанның орынбасары болдың. Абайла, атағыңа дақ түсіріп алма! Сенің жасыңда әлі күнге шейін бұл дәрежеге ешкім ие болып көрген емес.
Дик Сэнд оған жауап қайырған жоқ, тек қана қызарып күлімсірей берді. Капитан Гуль оның қызаруы мен күлімсіреуінің мәнісіне түсіне қалды.
«Қандай сүйкімді бала! — деп ойлады ол.— Кішіпейілділік пен батылдық — Диктің күллі мінезі осы екі сөздің ішінде!»
Капитан Гульдің қоштасардағы тапсырмалары мен өсиет сөздеріне қарағанда, ол ұзақ уақытқа кетіп бара жатпаса да, ешқандай қауіп-қатер байқалмаса да, оның кемені амалсыз қалдырып бара жатқанын оңай түсінуге боларлық еді.
Теңіз бетінің толқынсыз тыныш болуы, кит аулау сапарын оңайлататын тәрізденді. Аңшылық құмарының ыстық сезімі мен кеме жүгін толтырсам деген ашкөздік үміт капитанды итермелеп еркіне қоймады. Капитанның командасы да, оның өзі де өздерін итермелеген ішкі сезімге қарсы тұра алмады. Мұның үстіне ауға керекті жабдықтар дайын еді, сондықтан капитанның соңғы ой-пікірі өзінің бойындағы барлық сезімдердің бәрінен басым болды.
Ол батыл аттап қайыққа түсірілген арқан басқышқа барды.
— Жолдарың болсын! — деді миссис Уэлдон тілеу тілеп.
— Рақмет! Айтқаныңыз келсін!
— Капитан Гуль, ол бейшара китті қатты ұра көрмеңіз! —деп айқайлады кішкентай Джек.
— Есте болар, балапаным! — деп жауап қатты капитан.
— Оны қатты ұстамаңыз!..
— Ие… ие… қолыма қолғап киермін!
— Кейде бұл сүтқоректілердің арқасында қызғылықты жәндіктер де болатын,— деді Бенедикт ағай.
— Несі бар, Бенедикт мырза,— деді капитан Гуль күліп,— жолақжонды желкелеп әкеліп «Пилигрим» бортына шығарсақ, оның үстін тінтуіңізге ешкім кедергі жасай қоймас!
Сосын Томға қарап:
— Том, біздер китті соғып ала алсақ, сіздер оны союға жәрдемдесер деп сенемін…— деді.
— Қызметіңізге дайынбыз, капитан мырза!
— Рақмет! — деді капитан Гуль.— Дик, біздер ауда жүргенімізде, мына мейірбан адамдар бос кеспектерді палубаға шығарып қоюға жәрдемдесер. Біздер қайтып оралған қарсаңға бәрі де дайын тұрсын, жұмыстың қарқынды жүруіне себеп болар.
— Құп болады, капитан! Бәрі де істеледі!
Капитан Гуль борттан асып, арқан басқышпен қайықтың тұмсығына түсті.
Миссис Уэлдон, Джек, Бенедикт ағай, Том және оның жолдастары капитанға жолын болсын деп ақырғы рет тілеу тіледі.
Тіптен Динго да, екі артқы аяғымен тік тұрып басын борттан шығарып экипажбен қоштасқан сияқтанды.
Бұдан соң «Пилигрим» жолаушылары қатерлі аңшылықты анықтаңқырап байқау үшін кеменің тұмсығына жиналды.
Арқанның ұшы кемеден шешіліп қайықтағыларға тасталды, қайық тең ескен төрт ескектің айдауымен «Пилигримнен» ұзап та кетті.
— Дик, мен саған сенемін! — деп айқайлады капитан Гуль жасөспірімге ақырғы рет.
— Құп болады, капитан!
— Бір көзің кемеде болсын да, енді бір көзін қайықта болсын. Осыны ұмытпа!
Жеңіл қайық «Пилигримнен» бірнеше фут ұзап та кеткен еді. Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрған-ды. Ол әлі де болса бірдеңелер айтып дауыстап бара жатты, бірақ оның дауысы естілмей кетті, тек қана капитанның қолын сермеп тапсырмалар беріп бара жатқанын Дик анық білді.
Динго осы сәтте борттан кетпей, аянышты түрде ұли берді. Миссис Уэлдон не болса соған илана беретін ырымшыл әйел емес еді, сонда да болса оның денесі түршігейін деді.
— Өшір үніңді, Динго! — деді ол.— Ұялсайшы! Аңға кетіп бара жатқан досына осылай тілеу тілей ме екен? Қане, арсалаңдап үрші!
Динго тына қалды да, кертеден аяғын алып, жайыменен миссис Уэлдонға келіп, қолын жалады.
— Динго құйрығын бұлаңдатып көңілденбейді,— деп күңкілдеді Том.— Жаман ырым! Жаман ырым!
Динго кенет арқа жүнін тікірейтіп ырылдап қоя берді. Миссис Уэлдон бұрылып оның ырылдаған жағына қарады. Негоро каютадан шыққан екен. Аңшылық оны да еліктірген сияқты.
Динго кеме аспазына дүрсе қоя берді. Ызаға булыққан ит қалш-қалш етеді. Оның неліктен үйтетіні әлі күнге түсініксіз еді.
Негоро палубада жатқан қолшығырдың келдек тұтқасын алып қорғана бастады.
Ит оның кеңірдегінен алуға ыңғайланды.
— Динго, кейін! —деп айқайлады Дик Сэнд.
Кетіп бара жатқан қайықты қадағалап тұрған Дик, кеме кормосына қарай тұра жүгірді. Миссис Уэлдон да Heгороны иттен арашалай бастады. Динго амалсыз көнді. Ырылдай түсіп, жайымен бала жігітке қарай бұрылды.
Негоро тіс жарып үндеген жоқ. Бірақ ол өте сұрланып кеткен еді. Қолындағы келдек ағашты палубаға тастады да, кеpi бұрылып каютасына кіріп кетті.
— Геркулес,— деді Дик Сэнд,— осы кісіні бақылап жүруді сізге тапсырсам деймін!
— Орындалады,— деп жайбарақат жауап қайырды алып, шоқпардай үлкен жұдырығын түйе түсіп.
Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд кемеден тез ұзап бара жатқан қайыққа көздерін қайта тікті.
Бұл уақытта қайық шексіз теңіздің ортасында кішкене ғана нүктедей боп кетіп бара жатыр еді.
Сегізінші тарау
ЖОЛАҚЖОН КИТ
Капитан Гуль кит аулау ісінде тәжірибесі мол аңшы еді, ол осы жолғы сапарын қайырлы болады деп болжаған жоқ. Жолақжон китті аулау — оңай емес, сақтану шараларының нендей түрі болса да артық емес. Капитан Гуль керекті шаралардың бірде-бірін қалдырмай түгел қамтитын-ды.
Ең алдымен ол рульшіге, китке ық жағынан бар деп бұйырды, ондағы ойы, аңшының жақындағанын кит сезбесін деген.
Говик қайықты кит жүзіп жүрген қызыл алаңның жиегін орай жүргізді. Сөйтіп, жел жақтағы аңшылар енді киттің ық жағына өтулері керек болды.
Боцман, тәжірибесі мол қарт теңізші және ерекше салқын қанды адам еді. Капитан Гуль рульшіге толық сенуге болатынын білетін-ді. Өйткені ол шешуші кезеңдерде асып-саспай, және керекті маневрді тез де дәл орындайтын.
— Говик! — деді капитан Гуль.— Жолақжонды абайсызда бас салып көрейік. Гарпун атуға болатын шамаға білдірмей жетуге тырысып бақ.
— Құп болады, капитан! — деді Говик.— Егер қызыл алаңды жиектей жүрсек, өнебойы желге қарсы жүземіз.
— Дұрыс! — деді капитан.
Матростарға қарап:
— Жігіттер, шалпылдатпай есіңдер!—деп үстеді ол. Ескектер суға ақырын ғана сүңги берді.
Боцман қайықты шебер басқара отырып, шаянсымақтардың қызыл алаңына жеткізді. Оң жақтағы ескек әлі де болса көгілдір тартқан мөлдір суға батып келе жатқанда, сол жақ ескектен қан сияқты қызғылт сұйықша тамып жатты.
— Әрі шарап, әрі су,— деді матростардың біреуі.
— Ие,— деп жауап қатты капитан Гуль,— бірақ бұл су болып сусыныңды қандырмайды, шарап болып мас қылмайды! Қане, достарым, енді әңгімені доғарыңдар!
Қайықтың жылжуы, май бетінде жүзгендей, шылп етіп дыбыс шықпайды. Жолақжонда да түк қимыл жоқ, келе жатқан кішкене қайықты елемеген сияқты.
Қайықтың алыстан орағытып, иін жасай «Пилигримнен» ұзап кеткенін жоғарыда айтып өттік. Ескектер сілтенген сайын, кеменің қарасы кішірейген үстіне кішірейе берді.
Теңіз бетіндегі заттардың бәрі ұзаған сайын әдеттегі көлемінен бірте-бірте кішірейіп көрінеді. Бұл көрініс, төңкеріп көрсететін подзор дүрбіден қараған сияқты, адамға бір түрлі әсер береді. Бұл сияқты көз алдану ұшы-қиыры жоқ шалқып жатқан теңіз бетіндегі алыстап бара жатқан заттың көлемін ешбір затпен салыстыруға болмайтындығын дәлелдейді.
Қазірде де дәл осы жағдай еді. «Пилигримнің» қарасы минут сайын кішірейе берді, қайықтағыларға, «Пилигрим» қалған жерінен анағұрлым алыста тұрған сияқты боп көрінді.
Капитан Гуль мен оның жолдастары кемеден кеткен соң, жарты сағаттан кейін, қайық китті айналып өтті. Кит енді «Пилигрим» мен қайықтың арасында, жел жақта тұр. Жолақжонға жақындай түсетін мезгіл жетті. Бірақ дыбыс шығармай бару керек. Кит аулаушылар кейде тақалып барып гарпунды тіптен жақыннан ататын уақыттары да болады.
— Жігіттер, ақырын!— деп капитан Гуль ескекшілерге сыбырлап қана команда берді.
— Мына балық әлденені сезген сияқты-ау деймін,—деді Говик.— Оның нақ, қазіргі дем алған шуылы, бұрынғысындай емес.
— Ақырын! Ақырын! — деп қайталады капитан Гуль.
Бес минуттан соң аңшылар мен киттің арасы болғаны бір-ақ кабельтов қалды.
Боцман Говик кормода тік тұрған күйі, қайықты киттің сол жақ бүйіріне қарай туралады, бірақ оның қатерлі құйрығынан біршама қашық болуға тырысты.
Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрып, құлап кетпеу үшін аяғын алшағырақ тіреп, қолына гарпун алды.
Бес шумақ сым арқанның бір шумағы капитанның жанындағы ағаш шелекте жатыр, арқанның бір ұшы гарпун сабына нық байланған. Егер кит тереңге сүңгитін болса, арқандарды бірінен соң бірін кідіріссіз жалғай беру үшін, қалған төрт шумақ арқан да аяғының астында, оңайда жатқан.
— Әзірленіңдер! — деп сыбырлады капитан.
— Құп болады, капитан! — деді Говик, руль-ескекті тірей ұстап.
— Жақында!
Боцман, капитанның айтқанын орындап, қайықты жолақжонға қапталдата түсті. Қайық пен киттің арасы енді он-ақ фут.
Кит қозғалған жоқ, ұйықтап жатыр екен. Китті ұйықтап жатқанында шанышқылау, аңшыға аса қолайлы болады. Кейде бір ұрғанда-ақ киттің жұмысын бітіреді.
«Ғажап!—деп ойлады капитан Гуль.— Бұл қу ұйықтап жата қойды ма екен… жоқ, мұнда басқа бір мән бар!»
Бұл пікір боцман Говиктің де ойында елестеген еді, ол киттің арғы жақ қабырғасын көруге әрекеттенді, бірақ қаншама қадалып қараса да, көре алмай-ақ қойды!
Ойланып тұратын уақыт жоқ: әрекет ететін мезгіл жетті. Капитан Гуль гарпунды ортан белінен ұстап жоғары көтерген күйі, көздеп тұрып, бірнеше рет толғады да, керіле беріп, жолақжонға туралап бар пәрменімен сілтеп кеп жіберді.
— Кейін! Кейін! —деп айқайлады капитан сол сәтте. Матростар ескекті еңкейе сермеп, жаралы хайуанның құйрығына қайықты соқтырмай аулақ әкетуге жанталасты.
Осы сәтте жолақжонның ұзақ уақыт қимылдамай жатуының құпия сырын боцманның айқайы анықтады.
— Баласы бар екен ғой! — деп дауыстады Говик.
Жараланған ана кит жиырыла түсіп, ырши жөнелді. Осы сәтте оның баласын теңізшілер де көріп қалды. Кит баласын емізіп жатқанда, оған гарпун қадалған еді.
Киттің баласы қасында болса, оны аулау өте қауіпті екенін капитан Гуль жақсы білетін-ді. Ана кит өзін ғана қорғай қоймай, «кішкентайын» да қорғауы керек, сондықтан оның ызасы өрши түсетінінде сөз жоқ; кит баласының ұзындығы алты метрден астам келеді, олай болса, кит баласын «кішкентай» деп атауға сияр ма екен!
Әйтсе де, жағдай капитан Гульдің қауіптенгеніндей емес, керісінше болды, жолақжон бірден қайыққа ұмтылмады, ызаланған киттен қашып құтылу үшін, кей кездерде гарпунға байланған арқанды қиып жібереді; бұл арада олай етудің де қажеттігі болмады.
Жолақжон бірден тереңге сүңгіп, сосын атылып үске шықты да, пәрменімен зымырап, жүзе жөнелді. Оның соңынан баласы да ере кетті.
Капитан Гуль мен боцман Говик кит суға сүңгігенше шамалап, лайықты бағасын да мөлшерлеп үлгірген еді. Бұл жолақжон кит ұзындығы жиырма бес метр шамасы келетін орасан ірі хайуан екен. Оның сары-қоңыр терісі қарауытқан теңбілдермен шұбарланған.
Істің басы сәтті болды, ендігі жерде бұл сияқты мол олжадан бас тартып құр алақан қалу, әрине өкінішті болар еді. Аңшылар китке ілесіп кете берді. Ескегі көтерілген қайық толқынды сүйкей атылған оқша зымырады. Жаралы хайуан аласұрып бір олай, бір бұлай бұлтарса да, Говик қайықты киттің ізіне салудан жаңылмады.
Капитан Гуль олжадан көз айырмай:
— Байқа, Говик! Байқа, Говик! — деп үздіксіз айқайлаумен болды.
Бірақ, боцман оның ескертуінсіз-ақ сақтануда еді.
Қайық киттен гөрі бәсең жүзіп келе жатты, ал сым арқанның тарқатылуы соншалықты тез, қайықтың қапталына ысылған сым арқан өзінен өзі тұтанып жанып кете ме деп қауіптенді капитан. Сондықтан ол арқан салынған астауға жалма-жан су толтырды.
Жолақжонның тоқтайын деген немесе жүрісін бәсеңдетейін деген ойы жоқ сияқты. Капитан Гуль екінші арқанды жалғады. Бірақ бұл арқан да көпке жетпей-ақ таусылды. Бес минуттан соң арқанның үшіншісін жалғауға тура келді, о да тезінен суға батып жоқ болды.
Жолақжон судың түбіне батып, бұрынғысынша алға қарай зымырай берді. Шамасы, гарпун оның жанды жерінен қадалмаса керек. Арқанның төмен қарай тұңқиғанына қарағанда, кит су бетіне шығуды ойламайтын тәрізді, керісінше, тереңдеп бара жатыр десе де боларлық еді.
— Пері соқсын!—деп айқайлады капитан Гуль.— Мына оңбаған арқанның бесеуін де жұтатын болды-ау!
— Бізді «Пилигримнен» алыстатып әкетті,— деп үстеді боцман Говик.
— Дегенмен, бұл қарғыс атқан дем алу үшін су бетіне шығуы керек,— деді капитан.— Кит балық емес қой, адамға ауа қандай керек болса, оған да соншалықты қажет.
— Ол шапшаң жүзу үшін демін ішіне тартып барады,— деп күлді матростардың біреуі.
Шынында да, арқанның тарқалу тездігі алғашқы қарқынынан әлі кеміген жоқ-ты. Көп кешікпей үшінші арқанға төртінші шумақ жалғанды.
Киттен түсетін пайдадан өзіне тиетін үлесті ойша есептеп қойған матростар енді торыға бастады.
— Мына қарғыс атқан хайуанды-ай! — деп күбірледі капитан Гуль.— Мұндайды өзім өз болғалы көрген емен.
Ақырында бесінші шумақ арқанды да жалғау керек болды. Бұл арқанның жарымына жуығы тарқатылған кезде, шертіле тартылған арқан бірден босап кетті.
— Ура!—деп айқайлады капитан Гуль.— Арқан іркіліп қалды, демек жолақжон болдырды деген сөз!
Осы кезде қайық «Пилигримнен» бес миль қашықтап кеткен-ді.
Капитан Гуль багордың сабына вымпел байлап жоғары көтеріп, «Пилигримге» жақында деп белгі берді.
Көз ашып жұмғанша болған жоқ, «Пилигрим» желкенінің желге кернеліп, рейдің желге қарсы бұрылғанын байқады капитан. Дик Сэнд бұл маневрді Томның және басқа негрлердің жәрдемі арқасында тез де, дәл істеді.
Бірақ жел өте әлсіз еді, баяу ғана соққан болды да, ізінше басылып қалды. Бұл жағдайда «Пилигримнің» қайыққа жетуі тым-ақ қиын.
Сол арада капитан Гульдің болжағанындай, жолақжон демалғалы теңіз бетіне шықты. Бүйіріне қадалған гарпун бұрынғысынша сорайып тұр. Жаралы хайуан су бетіне шығып бірсыпыра уақыт қимылдамай сұлық жатты, жара ашуымен жан ұшыра қашқан уақытта қалып қойған баласын күтіп жатса керек.
Капитан ескекшілерге есіңдер деп бұйырды, қайық көп кешікпей жолақжонға тағы жақындады.
Капитанның бұйрығымен екі матрос ескектерін қойып, жаралы китті шанышқылап өлтіру үшін қолдарына ұзын сапты сүңгі алды.
Говик сақтанып әзір тұрды. Бұл өте қауіпті минут еді, өйткені киттің бұларға тап беруі ықтимал, сол сәтте қайықты қатерлі жағдайдан тез алыстатып әкетуге дайын тұрулары керек.
— Әзірленіңдер! — деп айқайлады капитан Гуль.— Дәлдеп көздеңдер, жігіттер, қапы жібермей ұрыңдар! Говик, сен дайынбысың?
— Мен дайынмын ғой, капитан,— деп жауап қатты боцман,— бірақ есі кеткен сүргіннен кейін мына қарғыс атқан жолақжонның су бетінде бөрене құсап қимылсыз жатуы мені таңдандырып тұр!
— Мен де күмәнданып тұрмын.
— Сақтану керек!
— Ие. Дегенмен, әрекет етпей, тастап кетуге болмайды ғой! Ілгері бас!
Капитан Гульдің қаны қайнап, ызасы келді.
Қайық китке жақындады, бұрынғысынша тапжылмастан бір орында әлі жатыр. Баласы да көрінбейді.
Жолақжон құйрық қанатын сермеп жіберіп отыз футтай ілгері жүзіп кетті.
Ол тағы қашқалы бара жатыр ма? Ұшы-қиыры жоқ сүргін тағы басталатын болар ма?
— Сақтаныңдар!—деп айқайлады капитан Гуль.— Жолақжон қазір екпінімен келіп бізге шабады! Бұра бер, қайықты, Говик, бұра бер!
Шынында да, жолақжон қайыққа қарай бұрылып алды да, бар күшін сала, қанаттарымен су сабалап, адамдарға қарай тұра ұмтылды.
Боцман, киттің келе жатқан маңдай алдын дәл байқады да бір жақ шетке жанталаса жалтарды, екпіндеп келе жатқан кит қайыққа соқпай өтіп кетті. Капитан Гуль мен екі матрос киттің жанай өткен кезеңін пайдаланып, оның бүйіріне сүңгі салып үлгірді.
Жолақжон бірнеше фут ұзап барып тоқтағанда, қан аралас екі фонтан тіп-тіке аспанға шапшып жатты, кит бұрыла салып тағы да қайыққа қарай ұмтылды.
Ызаланған алыптың жолында тұрып ажал қармағына ілінбеу үшін асқан ерлік керек болды. Сөйтіп, Говик қайықты китке соққызбай тағы да бір жақ шетке қарай бұрып үлгірді.
Жолақжон қайықты жанай өткен мезетте, аңшылар оған тағы да үш жерінен ойсырата: жара салды. Кит өзінің сұмдық күшті құйрығымен суды пәрменінше қойып жібергенде, теңіз бетінде таудай толқын пайда болды. Қайық аударылмай шақ қалды. Жоталанған толқын борттан асып, ішке құйылған су қайықтың ортан белінен келді.
— Шелек әкел! Шелек! — деп айқайлады капитан.
Матростар ескекті тастай беріп, жандарын сала қайықтағы суды төгіп жатыр. Осы арада капитан Гуль гарпунға байланған арқанды қиып жіберді, өйткені бұдан былай арқанның пайдасы жоқ-ты, жара ашуы жанға батып есі кеткен хайуан, бұдан былай қашуды қойған еді. Адамдарға енді кит өз кезегімен шабуыл жасай берді, оның өлім аласы өте үрейлі болды.
Жолақжон қайыққа қарай үшінші рет бұрылды. Бірақ ішіне су толып ауырлаған қайық, жүрісін мандыта алмады, енді не кейін қашуға, немесе шабуыл жасаған киттің маңдай алдынан бір жақ шетке жалтарып кетуге мүмкіндік болмады.
Матростар қаншама күш салып ессе де, жолақжон қанатын тағы бірнеше сермесе болғаны, қайыққа жететіні сөзсіз.
Ендігі жерде шабуылды қойып бас сауғалау керек. Капитан Гуль бұл жағдайды жақсы ұқты.
Киттің үшінші шабуылында боцман Говик қайықты жолақжоннан сәл алыстатуға ғана шамасы келді, бірақ алыптан құтыла алмады. Жолақжон қайықты арқа қанатымен қағып өтті. Оның қатты соққаны сонша, қайық, басқарып тікесінен тұрған Говик ұшып түсті.
Киттің бұл жолғы соғуы, үш найзагердің дәлдеп көздеуіне кедергі болып, атқан сүңгілерін тигізе алмады.
— Говик! Говик! — деп айқайлады капитан Гуль, өзі аяғын зорға басып тұрып.
— Мен мұндамын, капитан! — деп боцман жауап қатты да, жатқан жерінен ұшып тұрып өз орнына қайта барды.
Бірақ боцманның қолындағы руль-ескек қақ ортасынан омырылып қалған еді. Ол үндеместен қолында қалған ескектің сынығын көрсетті.
— Басқасын ал!
— Құп болады!
Осы сәтте қайық маңынан су үйірілгендей болды да, теңіз бетінде киттің баласы көрінді.
Жолақжон баласын көре сала, оған қарай бар пәрменімен жүзе жөнелді.
Жолақжон енді қазірден бастап баласы үшін де, өзі үшін де арпалысуға тиіс. Ендігі арпалыс өте-мөте күшті болмақ.
Капитан «Пилигрим» жаққа көз тастап, багорге байланған вымпелды көтеріп жанталаса бұлғай берді.
Дик Сэнд капитан Гульдің алғашқы берген белгісін көрісімен-ақ қолынан келгенінің бәрін істеп үлгірген болатын. Бірақ аңшылардың ажалына қарай, кеменің жүрісін тездетерлік басқа түрлі лаж жоқ. Дик енді не істеуі керек? Тағы бір қайықты суға түсіріп, негрлердің жәрдемімен тезінен капитанға жәрдемге жетуі керек пе? Бірақ ескек есіп қайықпен оларға жету үшін кемінде бір сағат уақыт керек, суға қайық түсіріп жолдастарына жәрдемге барайын десе, нендей жағдай болса да, кемені тастап кетуші болма деп, жасөспірімнің кемеден кетуіне капитанның өзі тиым салып кеткен.
Сонда да болса Дик Сэнд кормодағы қайықты суға түсіріп, кеменің артына тіркеді, ондағы ойы, егер қажетті жағдай бола қалса, апатқа ұшыраған адамдар пайдаланар деген еді.
Осы уақытта жолақжон баласын денесімен қалқалап тіп-тіке аңшыларға қарай тағы ұмтылды.
— Сақтан, Говик! — деп капитан Гуль ақырғы рет айқайлады.
Бірақ рульші құралсыз қалған еді. Ұзын сапты руль ескектің орнына, оның жұмсайтыны кәдімгі қысқа сапты ескек. Онымен тез маневр жасау мүмкін емес.
Ол, қайықты бұруға әрекеттенді. Бірақ мұнысы жүзеге аспады.
Матростар өздерінің апат болатындарына көздері жетті. Барлығы тік тұрып шулап қоя берді. Мүмкін, бұлардың дауысы «Пилигримдегілерге» жететін де болар…
Кит құйрығының кереметтей күшпен соғылған екпіні қайықты шүйіріп аспанға атып жіберді. Қайық үшке бөлініп, кит құйрығының екпінімен пайда болған иірімге келіп түсті.
Матростардың бәрі жараланды, сонда да болса ол бейшаралардың су бетінде қалқып уақытша жан сақтай тұрарлық әлдері бар-ды. Боцман Говиктың қайық сынығына жармасып, оған капитан Гульдің жәрдемдесіп жүргенін «Пилигримдегілер» көріп тұрды…
Бірақ, кит ақырғы рет жиырыла түсіп құйрығымен су сабалады. Құйынша үйірілген толқын бірнеше минутқа созылып, шашыраған су мен көбіктен басқа ешнәрсе көрінбей кетті. Дик Сэнд негрлерді қайыққа мінгізіп апат болғандарға жәрдем еткелі жөнелді, аңшылардан тірі қалған ешкім жоқ, су бетінде қанмен боялған қайықтың сынықтары ғана қалқып жүрген.
Тоғызыншы тарау
КАПИТАН СЭНД
Адам айтқысыз мына апат «Пилигрим» жолаушыларының есін алып, жанын түршіктірді. Капитан Гуль мен бес матростың қазасы жүйке құртқандай аса ауыр әсер қалдырды.
Үрейлі апатты көзбен көріп, өлім тырнағындағы жолдастарға жәрдем ете алмаудан қиын не бар! Тіптен Диктің өзі мен жолдастары да жаралыларды судан шығаруға жетісе алмай қалды.
Апат болған жерге «Пилигрим» жүзіп жеткен кезде капитан Гуль мен бес матрос қайтпас сапарға кеткен еді.
Миссис Уэлдон, Бенедикт ағай және бес негр көз жастарын көлдетіп құлазып жатқан теңіз бетіне тұнжырай қарасып қалды…
Жақын маңдағы құрғақ жерден мың миль шамасы қашықта, ұшы-қиыры жоқ тынық мұхиттың қақ ортасында, капитаны мен матростарынан айрылған кеменің ендігі тағдыры бейшаралыққа түсіп жел мен ағыстың ойыншығы болу ғана.
Бұл жолақжонды «Пилигримге» душар еткен қандай ғана қырсық тағдыр екен? Капитан қашан да болса алдағысын болжай жүретін сақ адам еді, оны осы жолғы қайырсыз кәсіпке итермелеген қай зұлым тағдыр?
Кит аулау кәсібінің тарихында, бір қайық экипажымен түгелдей жойылып кету өте сирек кездесетін уақиға.
Қалай да капитан Гуль мен бес матростың қазасы жан түршігерлік апат! «Пилигримнің» негізгі командасынан ешкім қалған жоқ, айтпақшы біреуі қалған; ол, Дик Сэнд… Бірақ Дик он бес жасар балғын жас, әлі бала ғой. Осы бала енді капитанның да, боцманның да, бүкіл экипаждың да орнын басып бәрінің жұмысын атқаруға тиіс.
«Пилигрим» үстіндегі жұмысқа жарарлық адамдарды санасақ, тағы бес негр бар, олар ержүрек адал адамдар болғанымен теңіз кәсібінен түк хабарлары жоқ.
Дик Сэнд қозғалмастан палубада ұзақ тұрды. Ол екі қолын көкірегіне айқастыра ұстап, өзінің әкесіндей жақсы көретін адамы — капитан Гульді жұтқан суға қарады.
Сосын көкжиекті көзімен айнала бір шолып өтті. Жәрдем сұрауға, немесе, ең болмаса миссис Уэлдонды паналатарлықтай бірер кеме көрінер ме деп үміттенген-ді. Ол «Пилигримнен» кетуді ойлаған да жоқ, айта көрмеңіз! Кемені жақын маңдағы бірер портқа жеткізудің барлық амалын істейді ол. Бірақ миссис Уэлдон мен оның бөбегі басқа кемеде болса, қауіп-қатерден аулақ және бұл екеуінің өмірін ойлап Диктің мазасы кетпес еді.
Мұхит бетінде жанды қара көрінбейді. Жолақжон ғайып болғаннан кейін «Пилигрим» маңында тек аспан мен судан басқа түк те жоқ.
Сауда кемелерінің әдеттегі жүретін жолынан «Пилигримнің» шеткері екенін және жылдың бұл маусымында кит аулаушы флоттардың бәрі оңтүстік жақта, алыста жүргендерін Дик Сэнд жақсы білетін-ді.
Ол қауіп-қатердің бетіне тайсалмай тіке қарау керек екенін де жақсы ұғынды.
«Енді не істеу керек?» — деп сұрады ол өзінен өзі.
Осы сәтте кеме аспазы палубаға шықты.
Негоро қырсықты аңшылықтың күллі жағдайына аса зер сала қарады, бірақ тіс жарып бір ауыз сөз айтпады, ешқандай қимыл да жасаған жоқ. Орны толғысыз қазаның оған қандай пікір туғызғаны ешкімге мәлім емес.
Дик Сэнд кормода тұр еді, Негоро енді жайлап басып соған қарай жүрді де, жасөспірімге үш қадамдай таяу барып тоқтады.
— Сіз маған бірдеңе айтайын деп пе едіңіз? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Жоқ, — деп аспаз жауапты салқын қайырды. —Мен капитан Гульмен немесе боцман Говикпен сөйлесейін деп ем.
— Сіз олардың қаза тапқанын білесіз ғой,— деп айқайлады Дик.
— Енді кеменің командирі кім? — деді ол беті бүлк етпестен.
— Мен!— деді жасөспірім қобалжымастан.
— Сіз?! — деп Негоро иығын қозғап қойды.— Он бес жасар капитан?!
— Ие, он бес жасар капитан! — деп Дик Сэнд аспазға қарай бір аттады.
Негоро ығыса бастады.
— «Пилигримде» капитан бар,— деді миссис Уэлдон.— Ол — Дик Сэнд. Жаңа капитанның әркімді орны-орнына қоя білетінін ұғынып алуларың теріс болмас.
Негоро тәжім етті, сосын мыңқылдап сықақтай бірнеше ауыз сөз айтқан болды да, камбузына тайып тұрды, оның не айтқанына ешкім түсінген жоқ.
Сөйтіп, Дик Сэнд тәуекелге бел байлады.
Осы кезде жел де жандана бастап, кеме «кит көжесінің» қызыл алаңын артқа салды.
Дик Сэнд желкенге қарап, сосын палубаны шолды. Жасөспірім өз мойнына түскен жауапкерлік соншалықты зор болса да бас тартуға хақы жоқ екенін сезді. Кемедегі барлық жолдастарының назары өзіне ауғанын, бұл адамдарға сенуге болатынын олардың көздерінен оқып білді, бұлар да маған сене алады деді ол өзіне өзі.
Дик өз күшін аса бағаламады. Том мен оның қасындағы төрт негрдің жәрдемімен, қажетті жағдайға қарай желкендерді көтеріп немесе түсіріп қоюға болады. Бірақ ол кеменің дәл қай жерде тұрғандығын шамалауға өзінің білімі жетпейтінін мойындады.
Дик Сэнд төрт-бес жыл теңізде жүрсе, қиын да қызғылықты теңіз мамандығын түгел үйреніп алар еді. Сол уақыттың ішінде, капитан Гульдің күн сайын мұхиттың кеме тұрған ендігін шамалайтын сектант құралын қалай пайдаланғанын да үйренер еді-ау. Гринвич меридианының уақытын көрсететін хронометр капитан Гульге бойлықты білдіретін. Күн — оның сенімді кеңесшісі болған. Ай мен жұлдыздар: «сенің кемең пәлен жерде тұр!» — деп хабарлайтын. Оның мүлтіксіз де, қателеспейтін алып сағатының циферблаты — аспан әлемі де, керсеткіш тілі — жұлдыздар болатын. Бұлар кеменің жүрген жолының мөлшерін күн сайын баяндап тұратын-ды. Астрономиялық бақылау «Пилигримнің» тұрған жерінен баратын жерінің бір миліне шейін дәл көрсететін-ді.
Ал Дик Сэнд кеменің тұрған жерін тек компас пен лагтың көрсетуімен ғана шамалай алады.
Сөйтсе де Дик Сэнд сасқан жоқ.
Миссис Уэлдон ержүрек баланың ішкі дүниесінде болып жатқан құбылыстың бәрін білді.
— Рақмет, Дик! — деді ол салмақты үнмен.— Капитан Гуль өлді. Онымен бірге бүкіл экипаж да қаза тапты. Енді кеменің тағдыры сенің қолыңда. Кемені де, біздің бәрімізді де сен құтқарады деп сенемін.
— Ие, миссис Уэлдон,— деді Дик,— мен бұл сенімді ақтауға тырысып бағармын…
— Том да, оның жолдастары да адал адамдар. Сенің оларға толық сенуіңе болады.
— Мен мұны білемін. Мен оларға теңіз ісін үйретемін, сөйтіп кемені бірге басқарамыз. Ауа райы жақсы уақытта бұл оншалықты қиын іс емес. Егер ауа райы бұзыла қалса… е, қайтуші еді, біз қолайсыз ауаны да жеңеміз, миссис Уэлдон, сізді де, кішкентай Джекті де, басқаларды да құтқарамыз! Мұны жүзеге асыруға күшім жетеді деп сенемін!
— Сен қазір «Пилигримнің» қай жерде екенін білесің бе?— деп сұрады миссис. Уэлдон.
— О, мұны білу оп-оңай,— деді Дик.— Картаны қарасақ болғаны: кеше капитан Гуль біздің тұрған жерімізді картадан белгілеп жатқан.
— Баратын жағымызға кемені алып бара аласың ба?
— Апара алармын деп сенемін. Біз американ жағалауындағы елге жетуіміз керек, кемені соған қарай жүргіземін және сол бағытқа бет түзеймін.
— Дик, сен мына апаттың салдарынан алғашқы бағытымызды өзгертуге мәжбүр екенімізді білетін боларсың?
«Пилигримнің» Вальпарайсоға бармайтыны өзінен өзі түсінікті. Жақын маңдағы американ портына жетуіміз керек — кемені апаратын жерің сол!
— Тыңдап тұрмын, миссис Уэлдон,— деп жауап қатты Дик.— Қысылмаңыз, американ континенті оңтүстіктің қиыр шетіне қарай созылып жатыр. Біз қайтсек те оған соқпай кете алмаймыз.
— Ол қай жақта? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Ана жақта…— деп Дик шығысқа қарай қолын шошайтты.
— Сөйтіп, кеме Вальпарайсоға бара ма, немесе Американың басқа бір портына бара ма, біз үшін бәрібір. Біздің бар мақсатымыз — құрлыққа жету!
— Біз онда жетеміз, миссис Уэлдон! — деді жасөспірім сенімді түрде. —Сізді қауіпсіз орынға жеткізуге кепілмін. Құрғақ жерге жуық маңда каботаждық рейс жасап жүрген бірер кемеге кездесерміз деген үмітім зор. Миссис Уэлдон, сіз байқайсыз ба, солтүстік-батыстан жел соға бастады. Егер соққан ыңғайынан айнымаса, жағалауға қалай жетіп қалғанымызды білмей де қалармыз. Желкен біткенді тегіс көтерсек, атқан оқтай зымыраймыз!
Жас матрос бұл сөздерді өз кемесін бағалай білетін және оны нендей қиын-қыстау жағдайда болса да дегеніне көндіре алатынына көзі жететін тәжірибелі, көпті көрген ескі теңізшілерше толық сеніммен айтты.
Дик Сэнд енді желкен көтеріп штурвалға тұруға ыңғайланып еді, миссис Уэлдон алдымен «Пилигримнің» қай жерде екендігін анықтау қажет екенін ескертті.
Шынында да, бұл бірінші кезектегі мәселе еді. Дик Сэнд капитан Гульдің каютасына барып, өткен күні кеменің қай жерде болғандығы жайлы белгі салынған картаны тауып алды. Ол енді миссис Уэлдонға «Пилигримнің» 43°35′ оңтүстік ендік пен 114°13′ бойлықта болғандығын картадан көрсете алады. Өткен тәуліктің ішінде кемені бір орыннан қозғалмады деуге боларлық еді.
Миссис Уэлдон картаға үңілді. Ол жер белгісі салынған қоңырқай даққа қадала қарады. Бұл Тынық мұхит пен Атланд мұхитының арасын бөліп тұрған Оңтүстік Америка жағалауы — үлкен бөгет еді. Оңтүстік Америка жері ғана емес, тіптен шексіз мұхит түгелдей сыйып тұрған картаға қарағанда, құрғақ жер өте жақын және оған жету оншалықты қиынға соқпайтын сияқты көрінді. Мұндай алдамшы әсер карта масштабына көзі үйреніп әдеттенбеген адамдардың бәрінде де бола береді.
Миссис Уэлдон жерді бір табақ қағаздан көріп, нағыз жердің өзі жақын және оған жетуге болады екен деп жорыды.
Егер дұрыс масштабымен «Пилигримнің» суреті осы бір табақ қағазға түсірілсе, микроскоппен қарағанда ғана көрінетін тым ұсақ жәндіктерден де кішкене боп көрінер еді. Көлемін біліп болмайтын математикалық нүкте сияқтанып, ұшы-қиырсыз мұхит кеудесінде жалғыз қалған «Пилигрим» де картаға түскенде көрінбей қалар еді.
Диктің пікірі, миссис Уэлдонның пікірінен мүлдем басқа болды. Ол кеме мен құрғақ жердің арасы орасан алшақ, көптеген миль екенін білді. Бірақ бұл жағдай оның қажырлы жігерін мұқата алмады. «Пилигрим» үстіндегі адамдардың тағдырына жауапкерлік, бала жігітті егде адам қатарына қосты.
Іске кірісіп әрекет ететін уақыт жетті. Солтүстік-батыстан жел тұрып, сағат сайын күшейе түсті, бұлар енді ыңғай соққан желді пайдаланып қалулары керек. Түпсіз аспанда қалқи көшкен селдір бұлт бар, оған қарағанда жел жуық арада басыла қоймайтын тәрізді.
Дик Сэнд Том бастаған төрт негрді қасына шақырып алып:
— Достарым,— деді ол,— «Пилигримде» бізден басқа экипаж жоқ. Сіздердің көмегіңізсіз ешбір маневр жасай алмаймын. Әрине, сіздер теңізші емессіздер, бірақ сіздерде қарулы білек бар. Егер де сіздер күш аямайтын болсаңыздар, біз «Пилигримді» басқара аламыз. Біздің аман-есен жер басуымыз осыған байланысты.
— Капитан Дик,— деді Том,— менің жолдастарым және өзім де сіздің матросыңыз болуға жан-тәнімізбен ризамыз. Күш-қуатымызда мүлтік жоқ. Бес адам сіздің басшылығыңызбен қолынан келгенінің бәрін істейді, істей алады да!
— Том қарт, тамаша айттыңыз! — деп айқайлады миссис Уэлдон.
— Алайда, біз сақтық тәртібін сақтауға тиіспіз,— деді Дик Сэнд.— Мен ешқандай орынсыз тәуекелге көз жұмып аяқ баспаймын, желкен біткеннің бәрін көтермеймін де. Жай жүрсек, аздаған уақыт ұттырармыз, бірақ оның есесіне қауіп-қатерден аулақ боламыз. Жағдайдың жатқа қақсап бізге айтатыны осы тоқтам. Мен сіздерге қазір міндетті орындарыңызды көрсетемін. Ал, өзім әлімнің келгенінше штурвалда тұрам. Ара-тұра бірер сағат ұйықтап та алармын. Бірақ менің демалысым соншалықты аз болса да, штурвалды иесіз қалдыруға болмайды, сондықтан сіздердің біреуіңіз менің орныма тұра тұруға тура келер. Том, қаласаңыз штурвалды сізге үйретейін? Компастың көрсетуімен кемені бағытқа қарай жүргізу оншалықты қиын емес. Талабыңыз болса, кемені бағдарға туралап ұстауды оп-оңай үйреніп аласыз.
— Мен әзірмін, капитан Дик,— деп жауап қатты қарт негр.
— Жақсы,— деді жасөспірім.— Кешке шейін менімен бірге штурвалда тұрыңыз, егер әлім құрып жығыла қалсам, сіз күні бүгін-ақ менің орныма тұра алатын боласыз.
— Ал, мен ше? — деп сұрады кішкентай Джек.— Менің Дикке тигізетін ешқандай пайдам жоқ па?
— Сенің оған пайдаң тиетіні сөзсіз ғой, бөбегім! — деді миссис Уэлдон, баланы бауырына қыса түсіп.— Кеме басқаруды саған да үйретеді, сен штурвалда тұрсаң, жел ыңғайдан соғатынына сенімім кәміл.
— Әрине, мама, әрине! — деп бала қолын шапақтап айқайлап жіберді.— Мен бұған уәде берем!
— Ие,— деді Дик Сэнд күліп,— жақсы юнга — кеменің ырысы, ол жүрген жерде жел де ыңғайдан соғады дейді қарт теңізшілер.
Дик Томға және басқа негрлерге қарап:
— Достарым, іске кірісейік! Гротты көтеру керек. Сіздерге істелетін істің жөнін көрсетейін, сіздер менің нұсқауымды мүлтіксіз орындауға тиістісіздер,— деп үстеді, жас капитан.
— Бұйырыңыз, капитан Сэнд, біз дайынбыз,— деп жауап қатты Том қарт.
Оныншы тарау
КЕЙІНГІ ТӨРТ КҮН
Сөйтіп, Дик Сэнд «Пилигримге» капитан болды. Ол уақыт оздырмай желкен көтеруге ұйғарды.
Жолаушылардың тілегі жалғыз-ақ: қайтсе де тезірек Вальпарайсоға жету немесе Оңтүстік Америка жағалауының бірер портына іліну. Дик Сэнд өздерінің бет алған бағыты мен «Пилигримнің» жүрген жүрісінің тездігін бақылап, жүрістің орташа тездігін есептеп шығарып, күнделікті жүрген жолының мөлшерін картаға түсіріп отыруға ұйғарды. Мұны орындау үшін компас пен лаг болса жетіп жатыр.
Кемеде винтпен айналып жұмыс істейтін патент-лаг бар-ды. Бұл құралдың циферблатындағы тілі, белгілі бір уақыттың арасында кеменің жүріс тездігін көрсетіп отырады. Патент-лаг зор қызмет атқара алады; құралдың құрылысы оп-оңай, мұны пайдаланудың әдісін үйрену, «Пилигримге» жаңа келген тәжірибесіз матросқа да қиын емес.
Бірақ мұның есептен жаңылдыратын бір жері бар — ол теңіз ағысы.
Лаг та, компас та ағыс күшін есептей алмайды. Ашық теңізде кеменің дәл қай жерде екендігін тек қана астрономиялық бақылаумен шамалауға мүмкіндік бар. Бірақ олардың сорына, астрономиялық бақылау жүргізуді жас капитан біліңкіремейтін-ді.
Алғашқыда Дик Сэнд «Пилигримді» Жаңа Зеландия жағалауына қарай кері әкетуге ниеттенген еді. Бұл жол төте де жақын болатын. Егер өнебойы кеменің алдынан соғып тұрған жел, кенет бұлардың ыңғайына бұрылмаса, жас капитан алғашқы ниетін орындаған болар еді. Жел бет алған бағытқа бұрылған соң, Америкаға қарай жүре беру оңайырақ көрінді.
Жел ыңғайы 180° шамасы бұрылды да, енді солтүстік-батыстан соғып, екпіні күшейе түскен тәрізденді. Мүмкіндігі болғанынша ілгері басу үшін ыңғай соққан желді пайдаланып қалу керек.
Дик Сэнд барынша бакштагпен жүруге ұйғарды.
«Пилигримнің» фок-мачтадағы тік желкені төртеу болатын: мачтаның төменгі иініндегі фок, стенга марселі, брамстенгадағы брамсель және бом-брамстенгадағы бомбрамсель.
Грот-мачтаға кішірек желкендер қойылады: төменгі иінде грот болады да, оның үстінде топсель тұрады.
Бұл екі мачтаның аралығындағы штангаларға (бұлар грот-мачтаның алдыңғы жағына бекітіледі) тағы да көлбеу стаксель желкендердің үш қатарын қоюға болады.
Кеме тұмсығындағы бушпритке — көлбеу мачтаға сыртқы, ішкі және бом-кливер — барлығы үш кливер қояды.
Кливерді, стакселді, көлбеу гротты рейге шықпай-ақ палубада тұрып оп-оңай көтеріп немесе түсіріп қоюға мүмкіндік бар. Бірақ желкенді фок-мачтаға орнату үшін, теңіз ісіне жетік болу керек. Бұл желкендермен бірер маневр жасау үшін вантпен өрмелеп стенгаға, брамстенгаға немесе бомбрамстенгаға шығу қажет. Мачтаға тек желкен көтеру үшін ғана шықпайды, жел кернеген желкеннің аумағын азайту үшін де шығады, теңізшілер бұл маневрді «риф алу» деп атайды. Сондықтан да матростар рейға салбыратып байланған арқанмен өрмелеп шығып, бір қолымен арқаннан ұстап тұрып, енді бір қолымен жұмыс істей білулері шарт. Бұл маневр, әсіресе, әдеттенбеген адамға өте қауіпті: кеме бортының қырындай шайқалуын, матрос мачтаны өрмелеп жоғарылаған сайын мачтаның әдеттегіден тыс қатты шайқалатынын айтпағанның өзінде, оқтын-оқтын ішін тартып соққан жел екпіні желкенді бірден кернеп, мачта басында тұрған матросты борттан ұшырып түсіруі ықтимал.
Бақытқа қарай жел екпіні бір қалыптан айнымады. Теңіз толқыны етек ала қойған жоқ, кеме де онша қатты шайқалмады.
Дик Сэнд капитан Гульдің вымпел көтерген белгісімен «Пилигримді» апат болған жерге апарғанда, кеменің көлбеу гроты, кливері, фок пен марселі көтерулі еді. Сөйтіп, кемені барынша бакштагпен жүргізу үшін енді брамсельді, бом-брамсельді, топсель мен стаксельді көтерсе, жетіп жатыр.
— Достарым,— деді жас капитан өзінің жәрдемшілеріне қарап,— менің бұйрығымды дәл орындасаңдар болғаны, жұмыстарың ойдағыдай алға басады.
Дик Сэнд штурвалда тұрып команда берді.
— Том, травить шток!
— Травит?
Том оның командасына толық түсіне алмады, не істерін білмей арқанға жармасты.
— Ие деймін, травить! — Штокты босат деген сөз!
— Aha, енді түсіндім!
— Бат, сіз енді Томның істегенін істеңіз! Солай, жақсы Енді шерттіре тартыңыз! Ие, шерттіре тартыңыз!
— Осылай ма?
— Солай, солай! Өте жақсы! Геркулес, енді сіздің кезегіңіз! Кәне, шіреніп көріңізші, бұл арада күш керек!
Геркулеске шіреніп көр деу, ойланбағандық еді: алып негр бар күшін салып тартқанда, арқан үзіліп кете жаздады.
— Оншама қатты тартпаңыз,— деп айқайлады Дик Сэнд күле сөйлеп.— Сіз бүйтіп тартсаңыз, мачтаны түбінен жұлып құлатарсыз!
— Бұл менің ақырын тартқаным ғой,— деп ақталды Геркулес.
— Мұның аты «ақырын» болса,.. Геркулес, сіз былай етіңіз: арқанды шындап тартпай, тек қана тартқан болыңыз, Сөйтіңіз, істелетін жұмысты дәл орындаған болыңыз. Қане, досым! Тағы да… Босатыңыз!.. Солай… Швартуйте! Ие, швартуйте деймін!.. Түсінбеді! Байлаңдар. Солай, солай. Жақсы!..
Фоктың барлық желкені жайыменен бұрыла берді.
Желкенді жел кернеп, кеме алға ұмтылды.
Бұдан соң Дик Сэнд кливердің шкотын босатуға бұйырды.
— Достарым, өте жақсы істелді! — деп Дик Сэнд жаңа матростарды мақтап қойды.— Енді грот-мачтаны үйреніп көрейік. Бірақ сен, Геркулес абайла, тағы да бірдеңені үзіп алма!
Бұл маневрді матростар оңай істеді. Көлбеу грот тиісті бұрышқа қойылып еді, дереу жел кернеп, алдыңғы желкеннің күшіне күш қосылды. Одан соң көлбеу гроттың үстіне топсель көтерді, оны істеу оңай, гитовидің үстінен алып, арқандарын босатып, қайта байлай салса болғаны. Бірақ Геркулес пен Актеон, кішкентай Джек үшеуі бар күшін сала шкотты басып еді, гордель үзіліп кетіп, үшеуі бірдей шалқасынан түсті, бір жақсы жері, ешқайсысы зақымданып, еш жерлері жараланған жоқ. Бала мәз боп қалды.
— Оқасы жоқ, оқасы жоқ! — деп айқайлады жас капитан.— Үзігін жалғап жіберіп қайтадан тартыңдар, бірақ қара күшке сала көрмеңдер!
Ақырында желкендер тиісінше керіліп байланып та болды, Дик Сэнд штурвалдан қозғалған жоқ. «Пилигрим» шығысқа қарай тартып келеді, ендігі қалған жұмыс, кеменің алған бағытынан аумауын бақылау ғана. Мұны орындау оңай, өйткені, жел бір қалыпты соғып тұрса, кеме өз бетімен лағып «қаңғымайды».