Әңгіме: Желбіре Жеңіс жалауы

0
Шығарма атам айтқан сөзден туды,
Ғаламтор,кітап,газет-журнал емес ,
Сыр бүркеніп,жас тамған көзден туды.
Балалық шақта дәурен құра алмаған,
Қайғы шегіп, қан жұтқан кезден туды.

Автор

Мамыр айы келсе, ата-әжелеріміздің мерекесі бірге келетіні бәрімізге аян.Ұлы Отан соғысының Қазақстан халықтарына салған салмағы аз болған жоқ.Өзім соғысты көрмесем де, ата-әжелеріміздің айтқан әңгімелерін тыңдап, соғыстың салған жарасын, езілген ет жүректің соққан лүпілін, қалдырған ізін, ой елегімнен өткізіп,атамды сағынып еске аламын. Атам мені дүниеге келген күнімнен бастап, аса жақсы көріп, бауырына басып өсірді. Әр жылы 9 мамырда болатын Ұлы Жеңістің мерекесіне баратын кезде біздің үйде, үлкен қуаныш болатын. Атам медаль, орденге омырауы толы костюмін киіп, жүзі жайнап мені бір иіскеп құшақтайтын еді. Ал анам болса таңның атысымен ерте тұрып мерекелік дастархан әзірлейтін еді.

Сол күні Жеңіс күнін тойлап парадтқа барып, ескерткішке гүл қойып, соғыста қайтыс болған құрбандарды еске алып ,содан соң үйге бәріміз бірге қайттық. Үйге келген соң атам өз бөлмесіне кіріп костюмін шешіп, медалдарын қолына алып біріаз ойға шомылып отырғандығын байқадым. Қасына барып атамнан Ұлы Отан соғысы жайында сұрап едім, жүзіне мұң толып, қабағы бұлттанып,терең күрсініп, көзіне жас алды. Мен таңданып бұныңыз не деп сұрадым. Атам сол бір отты жылдардағы соңғыстың ауыртпалығын,көрген қиыншылықтарын маған баяндап берді.

Ұлы Отан соғысы басталған тұста мен он екі жаста едім деп ақтарыла әңгімесін бастады. Бұл соғыс менің нағыз тәтті балалық шағымды ұрлады. 1941 жылдың қазан айының бас кезі еді. Ол кезде мен мекетепте оқитын оқушы болатынмын. Қоңырау соғылып, барлық оқушылар сыныпқа кіріп сабақ басталып кетті. Бізге Кеңес ағайдың сабағы болып жатыр еді. Есік жақтан тарсылдаған аяқтың дауыстары естіліп кенеттен есік ашылды. Бәріміз жалт бұрылып қарасақ , әскери киім киген екі адам екен.Ішінен бойы ұзындау келген, жуан дауысты адам көп сөйлеп түсіндіріп отырмай,Кеңес деген мұғалімімізге: «Тез жинал, майданға кісі жетпей жатыр,сені алып кетеміз»- деп, сабақ беріп жатқан мұғалімімізді алып кетті. Содан соң көп ұзамай бізді де колхоздың басқармасы келіп жұмысқа алып кетті. Оқу жайында қалды. Төрт қыз, бес бала едік, бәріміз колхоздың белді жұмысшысына айналдық. Сол күннен бастап соғыс майданында соғысып жатқан әскерлерге, колхоздың кез-келген жұмысын істеп, зат жөнелтіп көмектесіп отырдық. Мен әкемнен екі жасымда жетім қалып, шешемнен тәрбие алдым. Әкемнің жоқтығы жаныма қатты батты. Содан кейін әке орнына әке болып, екі қарындасым мен анамды өзім бақтым.Таңның атысы мен күннің батысына шейін колхозда жұмыс жасап,майданға астық, айран, май, жылы киімдер және төсеніш тапсырдық. Тапсырған заттарды 150 шақырым жердегі аудан орталығындағы пойыз стансасына ,өгізге жегілген арбаға тиеп жеткізіп отырдық.

Сонымен қатар майданнан келген хаттарды тасып, пошташы да болып қызмет атқардым.Жақсы хат әкеліп талай отбасын қуанттым, Қарақағаз әкеліп талай ананың зарлы үнін естідім. Майданнан келген қуанышты хаттар неміс фашистерін қырып салып азайтуға септігін тигізген пулемёт секілді болса, қан жұттырған қарақағаз аналардың жүрегіне қадалған оқтай болды.

Біздің колхозда еңбекке жарамды қарттар, әйелдер және мен секілді балалар бүкіл шаруаны атқарып жеңістің аяқталуын тездетіп ,аянбай қызмет етті. 1943 жылы Майданға деп колхоз бұлақтан аққан суды тоқтатып, бөгет қақпа жасап, тары екті. Бөгет қақпаны жасаған кезде әрбір балаға 500 шым норма деп белгілеп беріп тасытып отырды. Норманы орындаған адамға, бір кесе бидайдың талқанын береді. Сол үшін таңнан кешке дейін езіліп жұмыс жасадық. Тарыны үйге апарып екі қарындасыммен анам үшеуміз жеп қарнымыз тоймасада,қанағат қылып көңілімізді тойдырдық.

Сол жылдары соғыс мені ерте есейтті. Майданға кеткен екі ағам соғыстан оралмады. Отбасымызбен ағаларымды соғыстан аман қайтса екен деп сарғая күттік. Өкінішке орай біздің үйді де қайғы бұлты бір түнеріп, көңілімізге қаяу салды.

Соғыс бітер уақытта Қазақстанның туысқан Украйна еліне көмек ретінде, біздің колхоз сиыр тапсыру керек болды. Осы тапсырманы орындау мақсатында Орбық стансасына екі әйел, бір шал және мен өгіз арбамен жайлаудағы 300 сиырдың бәрін айдап, жолда азапты қиындықты көріп, төрт айдан соң әзер дегенде елге оралдық. Бұл соғыс бізге оңайлықпен келген жоқ деп терең тыныс алып, бір күрсініп әңгімесін аяқтады. Атамның бұл әңгімесін естіп ,көңілім босап менде сол кезде көзіме жас алдым. Содан соң араға екі жыл салып 2014 жылы атам өмірден озды. Атам өмірден озса да ерен ерлік жасап, ауықмды іс тындырып,бізге бейбіт өмір сыйлап,соғыстың аяқталуын тездетіп, нүкте қойды.Заманымыздың тыныштығының іргетасын қалап кетті. Біз қазір ешбір соғыссыз бақытты өмір сүріп жатырмыз.

Иә, шығармамды аяқтай келе расында да бұл қасіретті соғыстың аяқталуын тездетуде, жеңістің жалауын желбіретуде сол жылдардағы батыр ұлдарымыз бен қыздарымыздың көрсеткен ерлігі мен тылда еңбек еткен аталарымыз бен әжелеріміздің қажырлы еңбегі бірдей. Ерлік пен еңбектің арқасында бұл соғыстың тамыры кесілді. Жарқын болашаққа бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды! Солардың қасиетті рухы , ерлігі мен еңбегі бүгінгі бейбіт өмірімізге мәңгі нұрын шашты. Ендігі кезекте тыныштықтың жалауын желбіретіп, жаулардан Отанымызды көз қарашығымыздай сақтау біздің қасиетті парызымыз.