Әңгіме: Тоқаш Бердияров | Қаламақының қасиеті мен қасіреті

0

Әдебиет пәнінің мұғалімі Матанов Мақаштың ептеп жазатын да өнері бар-ды. Жалақысын түгелдей әкеп беріп, ал қаламақысын жымқырып «Сыра сайранға» салып жүрді. Үйге жиі-жиі масайып, кешеуілдеп келуді әдетке айналдырды. Ауруды «сатып алып», сабағына да бара алмай, күні бойы дөңбекшіп уһілеп жатқан күндері де болды. Шөлмектес доссымақтары көбейіп, қисық жолға түсті. Айрандай ұйып тұрған семья шырқы бұзыла бастады. Былапыт сөз, тарсыл-гүрсілден жас әйелі де қаншама зәбір шекті.

Бір күні Мақаңның зайыбы Сырбике өзінің көршілес құрбысына мұңын шақты.

— Майраш-ау, менің күйеуім әбден бұзылды, көп ішеді. Үйге көп жанжал шығарады. Енді қайттім сорлы басым?.. Құрбыжан-ау, ақылың болса айтсайшы!..

Майраш аяған сыңай білдіріп, досына былай деді:

— Мектепке барып күйеуіңнің жалақысын өзің алатын бол!

— Обалы не керек, жалақысын қолыма түгел тапсырады.

— Енді арақты кімнің есебінен ішіп жүр?

— Білмеймін.

— Кісі тонай ма, немене?

— Айтпашы қайдағыны… Құдай сақтасын!..

— Ә-ә-ә… ұқтым, ұқтым!—деді Майраш жымиып,— гонорарын саған әкеп бере ме?

— Генералы несі?

— Ойбай, байғұс-ау, сенің байың дырдай ақын боп, атағы әлемге жайылып кетті ғой!.. Мәссаған, осы күнге дейін хабардар емессің бе?.. Масқара-ай!..

— Ой, көкімеші! Сол маубастан қай бір есі дұрыс, жөнді жазушы шығар дейсің?— деп қолын бір сілтеді. Сырбике, құрбысының сөзін жақтырмай,— Айтпақшы, қыз кезімде ол маған талай рет өлең жазып еді-ау!.. Е-е, жаңа есіме түсті… Былай деп:— «Сырбике ақ жүзіңнен айналайын. Шашыңа лента болып байланайын»… Аяғы не еді, құдай-ау?.. Ұмытып қаппын… Бірақ ол өлеңдері нашар еді. Жас шағында лаулап жанбаған талант отыздан асқанда немді бітірмек?.. Одан түк шықпайды…

Майраш көзін адырайтып, бетін шымшылады.

— Мә-ә-ә, қасқа!.. Менің ондай басы мықты байым болса, барыстың теңбіл-теңбіл терісінен тон киетін едім!.. Қолыма алтын сағат тағып, отыз екі тісімді түгел жалтыратып жүретін едім… Баспаға басылған өлеңдеріне ол пішендей ақша алады, білдің бе?!..

Сырбике сабасыма түсіп, басын қайта-қайта изеді.

Е-е-е, ұқтым, ұқтым!.. Солай де!.. сол күннен бастап Мақаңнын бәйбішесі көркем әдебиет журналдарынан бастап, күнделікті газеттердің бірін де қалдырмай қадағалап, киоскадан сатып алып оқитын болды. Тіпті, «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналы мен «Спорт» газетін де ақтаратын болды… Не керек, сөйтіп Мақаңның «көлденең» табысы үйге кіріс бола бастады. Өзі де ішуін біржола доғарып, маңдай алды ұстаздар сапына енді.

Үй шаруашылығына аса икемді Сырбике келін, кәдеге аспай, ескерусіз қалған ұсқынсыз бөлмені әктеп, сырлап, жуып-тазартып, бір сөзбен айтқанда айнадай ғып, күйеуіне кабинет етіп берді. «Көлденең» ақшаны тірнектеп жинап, Мақаңа әдемі жазу столын да сатып әперді Сырбике. Оның есі-дерті, бар ойы: «Менің ерім көп жазса екен… Мақаш Матановтың өлеңдері газетке күнде жарияланып тұрса екен!.. Мен одан сенімхат алып, ай сайын екі рет қаламақысын алып тұрсам…»

Міне, көрдіңіз бе, пысық келіншектің арманы қандай?!

Бір күні Мақаш үйіне түнеріп келді.

— Әй, қатын, мынаны оқы! — деп, ол «Қазақ әдебиеті» газетін столға лақтырып тастады.

Күлімсіреп тұрған Сырбике, күйеуінің бейжай райын көріп, «не боп қалды» дегендей, о да кенет жабырқай түсті.

Мақаш көйлегінің түймесін ағытып жатып, бір қолын ербеңдетіп, қызына сөйледі:

Асқат деген, көмейінен зәр төгілген ұр да жық бір сыншы жігіт, мені — «қазақ әдебиетіндегі арам тамақ» деп балағаттапты!.. Жексенбі күні газетке шыққан өлеңімді өлтіре сынапты… Бәрінен де «арам тамақ» дегені шымбайыма батады…

Ашуға булыққан Мақаңды Сырбике келіп жұбата бастады:

— Сынаса сынай берсін, онда не тұр дейсің? Сенің бір жерің кеміп қала ма?.. Қаламақы беріп тұрса болды да… Кәне, сенімхатыңды жаз..