Әңгіме: Сүлеймен Баязитов | Шәкен ағаға риза еді

0

Апыр-ай десеңші, алты ай қыс, алты ай жаз, лүп еткен желсіз, қақырата соғар қара дауылсыз, азынаған ақ түтек борансыз күн кешіп жатқандары мынау. Казармадан шыға қалса маңдайына тіреліп, көз алдына керілген көк пердесін көлденең тартқан қалың орман. Сол орманның арасында өмір сүру көкжиекпен астасып жатқандай көрінетін байтақ қырда кіндік кесіп, саф ауасымен көкірек кере дем алып, ұлылы-кішілі төбелер мен тауларға өрмелеп өскен айдын шалқарға қаз қонып, үйрек ұшқан.

Айдындардың еркесі, аққу, аялдаған көлдерге өзендерге шомылып, ат құлағында ойнап, еркін өскен қыр баласы сол байтағын, қалай сағынбасын, қалай аңсамасын? Талай түндерде кірпік ілмей, сол далаға деген сағыныш бесігінде тербелгені де күні кеше. Сондықтан да болар ол қазақ киностудиясы жарыққа шығарған фильмді көруге асығып ынтығып отыр. Фильм басталмастан бұрын бұл туралы полк командирінің саяси жұмысы жөніндегі орынбасары (бұдан әрі командирдің орынбасары): « Бүгін сіздер қалыптасқан дәстүр бойынша айына бір рет көрсетілетін одақтас республикалардың бірінің кинофильмін көресіздер. Кезек – Қазақстандікі. «Алдар көсе» фильмінікі», – деген еді.

– Иә, кеңес өкіметі орнағанға дейін өнердің кез келген саласынан оның ішінде кино түсіру өнерінен мақұрым қалған қазақтар бүгінде өз киностудияларында кино түсірсе. Бұл– көшбастаушымыз коммунистік партияның арқасы. Фильмді жақсылап көріңіздер, фильмнен соң оны әдеттегідей талқылаймыз. Ленинградтықтар талқылауда әдеттегідей белсенділік танытатына сенемін, –деп сөзін аяқтаған.

Кино басталып кетті. Бұл Шәкен Аймановтың Баянауыл жерінде «Алдар көсе» атты кинофильм түсіргенін баспасөзден оқығанмен, көрмеген еді. Жұртпен бірге ол да экранға көз салды, жыртық шапанды, жауыр атты «Алдар Көсе» Шәкен аға, кәдімгі Шәкен Айманов екенін бұрын суретін көргендіктен болар, бірден таныды.

Фильмнің бас режиссері де –Шәкен аға. Анау текшеленіп қаланып қалған сияқты жұқа тастар аспанға өрлеген ұлылы –кішілі таулар, төбелер, жасыл құрақ көзіне бірден жылы ұшырап сала берді. Жанарына сағыныш жасы үйірілді. Айнала төңірегіндегі көрермен солдаттар күлкінің тиегін ағытты-ай келіп, ағытсын-ай, келіп. Мыналар риясыз көңілден күліп отыр ма екен, жоқ әлде мазақ қылып отыр ма? Жоқ, олай емес сияқты. Шын күліп отырған тәрізді. Көңілге ұялаған күдікті қатарында отырған Александровтың:

– Қам жеме, бәрі де ретімен, – деген сөзі біршама сергіткендей еді. Дегенмен өздерінен басқаны жарата қоймайтын мыналарға ұнаса жарар еді-ау. Оның есіне бұдан бір ай бұрын одақтас Республикалардың бірінде түсірілген картинаны талқылау кезінде ленинградтықтардың фильмді іске алғысыз еткені былай тұрсын, ұлттың атына ауыр сөздер айтып, рольдерді сомдаған әртістерді тілдері жеткенше балағаттағандары есіне орала берді…

Аяқ асты ауырып қалған Алдар көсеге дем салып сарнап, билеп жындарын шақырып, екі көзі шарасынан шығып, екі езуінен ақ көбік ақтарылған бақсының (Е.Өмірзақов), ақыр соңында, өзінің естен танып мұрттай ұшқанын, жігітшілік құрмақ боп келіншектің дуалынан ауласына түскен байдың ит талағанын көрген көрермендердің қыран-топан күлкісі фильмнің көңілден шыққанын аңғартатындай. Кино аяқталды. Ленинградтықтар бұларға қарай беттеп келеді. Қарсы алдарында тұрған бұларды көзге де ілмей аспандап асқақтай қарайды.

– Әй! –деді солардың бірі бұларға қарата сөз бастап: «Қарғыс атқыр шапандарыңды қашанға дейін сүйрете бермексіңдер. Ең ақыры, фильмдеріңде сол шапан… әлденені есіне түсіргісі келді ме сәл іркіліп қалған еді. Осы сәтті тиімді пайдаланған ол: « Сіз және басқа жерлестеріңіз күнделікті өмірде кафтан киген болсаңыз және сол кафтанды орыс әртістері өз кинотуындыларында орынды пайдаланса, мен сөкпеген болар ем. Өйткені ол– сіздердің ұлттық киімдеріңіз ғой. Осы сәт бұларды айнала қоршап тұрғандар қарқылдап күле бастаған.

– Әй, шошқалар! Сендер неге күлесіңдер, нені түсініп күлесіңдер? – деген қызарақтап. – Сонан сол сен, иттің баласы, кафтанды қайдан шығардың? –деп ақырған. Сол сәт Александров, тағы басқа орыс солдаттары

– Сен кафтанды білмейсің бе? –деп сауал тастаған.

Иә, білмеймін, –деген анау бір түрлі ызаланып. – Өйткені бұл сізге жала жауып тұр.

Осы сәт Александровтың:

– Сен өзі не білесің? Сөзіңе қарағанда, Толстойдың «Бірінші Петр» романын оқымаған сияқтысың ба?

– Қайдағы Толстой? Әлгі сақалды … Осы сәт командирдің орынбасары: «Сені мен дәл мұндай таяз екен деп ойламаған едім. Сен тіпті орыс әдебиетін де Лев Толстой, Алексей Толстой сынды ұлы жазушылар бар екенін білмейді екенсің ғой, ұят екен мұның».

– Сіз әманда ленинградтықтар дейсіз де тұрасыз. Ал осылар әскерге шақырылғанға дейін қай театрда болды екен? Қойылымның авторы кім? айтсыншы кәне.

– Жауап беріңдер! деген командир қатқыл үнмен. Ленинградтықтар мұндай сауал қойылады деп күтпесе керек. Жарытып жауап бере алмады. Әлденелерді айтып міңгірлеумен болды.

– Жақсы фильм жайлы мен өзім пікірімді айтайын, – деді командирдің орынбасары. – Өте күлкілі, мазмұнды фильм. Әртістер– нағыз сахна шеберлері, осыған келісесіңдер ме? –деді ол солдаттарға қарап.

– Келісеміз, – десті олар. Сол сәт: « Сапқа тұрыңдар!» – деген бұйрық естілді.

– Жарадың деп әлдекімдер мұның қолын алып жатты. …Шәкен басқан топырақты басып, Шәкен шөлін қандырған мөлдір бастаудан қанып ішкені, Шәкен кино түсірген қырларды өз көзімен көріп қана қоймай, асыр салып тау төбелердің басына шыққаны есіне түсіп, бір беймәлім қуанышқа бөленген еді ол. Ал мұның ар жағында Шәкен ағаға, ол тудырған өлмес туындыларға шексіз мақтаныш, ризашылық сезімі жатыр еді.