Әңгіме: Сүлеймен Баязитов | Қияннан құйылып кеп
«Қара таудың басынан көш келеді»,
Қара жорға шайқалып бос келеді.
Қара күнді жамылып, қара қазақ,
Қара түнді басынан кешкен еді.
Ақын Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!
Поэмасы міне осылай басталады.
Өлеңнің алғашқы тармағын оқыған сәтте тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» атауы мен белгілі ел басына күн туған ала-сапыран заман ойға оралады.
«Қара жорға шайқалып бос келеді» осы тармақ көп жайды аңғартатындай. Қара күн, қара қазақ, қара түн. Тәңірім-ау, ел басына туған қолдану арқылы ақын қалай ғана дәл бейнелеген десеңізші.
Қара жауы қанатын кескен еді,
Шұлғау болып қыздардың кестелері.
Талай қара шаңырақ өшкен еді.
Кесілген қанат, шұлғау болған қыздар төккен кестелер түйсігі бар жанның аза төккен кестелер түйсігі бар жанның аза бойын қаза етіп тітірентсе, мәңгілікке оты өшкен қара шаңырақтар ет жүректі қанжылатады. Осы сәт :
Қара жауың әкеліп қара қайғы,
Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.
Аңырайды доғарып аттан қазақ,
Алты жасар ұлыңды майданға алып-деген
Қуатты да, қаһарлы үн босаңса бастаған жүйкеңді қайратқа, елдікке, ел ісі жолында ерлікке, тіпті өлермендікке шақырғандай сондықтанда болар. Қабай жыраудың «жау келеді, жау келеді»! деген даусынан жаудан дабыл көріп, ата қонысынан өкше көтеріп, еңсесі езіліп, алға басқан қадамы кері кетіп келе жатқан жұрт шиыршық атып ширығып шыға келеді. Ата жауларына сандарының аздығына, күштің тең емес екендігіне қарамастан қасқая қарсы тұрып жан-алып жан беріскен ұрыс салады:
Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің,
Қайтып оған шағын жұрт тиым берсін.
Тозған жұртты топырлап, талай кетті,
Қатыгез жау қайсы бір бұйым көрсін!
Сол жандардың арасынан тірі қалған Қабай жырау басы ауған жаққа аттанып бара жатып, артына бұрылмастан қаза тапқандарға аят оқиды. әлде кімнің шырылдаған даусы құлаққа келеді… есі кеткен алдында тұрды бала… бәлкім Қабай жырауға қан сасыған сайын далада баланы кездестіру арқылы ақын қазақ жұртының келешегі алда екенін меңзеген болар. Бала халық тіршілігінің, ел ертеңінің символы тектес әсер етеді.
-Сен ғанасың құлыным, сен ғанасың,
Менде көпке бармаспын, сен қаласың.
Ойран болған ордаңның орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағасың
Бұл Қабай жыраудың ертеңгі күнге аманаты. Ал әзірге…әулиенің мекеніне бас иіп жырау.
Жайлауымды жау алып,
Өрісімді өрт алып.
Өзегімді дерт алып,
Келдім саған әулие.
Боздақтарым жоғалып,
Боз кебінге оранып,
Маңдайымнан сор ағып,
келіп тұрмын, әулие-деп зары мен мұңын ақтара сөйлейді.
Қан сасыған даламның,
Қатын менен баламның.
Кегін қайтып алармын,
Жебеп жібер, әулие –деген тілегін
Тілге тиек ете отырып.
Дегеніне сенгізер,
Соңынан жұртты ергізер.
Бар қазақтан-бір қазақ
Тумас па екен әулие?!-деп
Сауал тастайды.Жырау көп ұзамай өзі әулиеден сұрағанындай «бар қазақтан бір қазақты» табады. Ол қарт жыраудың мұңы мен зарына құлақ түріп, оның мән жайына қанып, «сендерді жау шаппадыма, ел іргесі бүтін бе» -деген сауалына.
-Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады,
Жауларына біздің ел сәйгүлігін баптады.
Қойын сойып, қолдарын қусырды да сорлылар,
Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады,
Тартпаған соң олар да әуреленіп жатпады.
Алдыдағы оларын, белімізден атпады.
Қабай жырау:
Ата қазақ бір-бірін арашалай алмай-ақ,
Алауыз боп өзді-өзі құдай бізді ұрды ғой-деп, ауыз бірліктің жоқтығынан осындай халге душар болдық деп күңіренсе, оған жолыққан балғын жас Елбасылардың сатқындығына, екі жүзділіктеріне күйзеледі. Бірінің өзегін ынтымақтықтың жоқтығы күйдірсе, екіншісінің өзегін қара басының амандығын тілеп, ел мүддесіне сатқындық жасауы отша қариды. Ашу — ызасын тудырады. Ойда жоқта ұшырасқан бейтаныс балаға жырау жамандама жұртыңды жамандасаң болмассың»-деп.
Ағалық ақылын айтып, ата –салтын алға тартады. Жөн сұрасып баланың онүштен асып баражатқанын біледі. Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын деген жауап алады. Көпті көрген қария балғын жастың аузынан шыққан әр сөзден оның екінің бірі егіздің сыңары емес екендігін аңғарады. Сондықтанда ол:
-Осыншама ақылды кімнен, балам, үйрендің?
-Ішіндегі шалдардан, анау қараша үйлердің.
Қарт жырау сынағын одан әрі жалғастырып,
-Қара жауыз қайтадан шалса еліңді не етер ең?
-Хос батырын бауыздап қанын судай етер ем.
Қатын болып күн кешіп жүргеннен де қырқысып,
Қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем.
Өлуге бар, қатын болып күн кешуге жан дүниесі мен қарсы қаршадай баланың бекем байламы жырауды тәнті етеді. Оған оның.
-Өзің бала болсаң да сөзің дана отты екен,
…Қылдым сенің ығыңа, мынау екі ғаріпке,
Барар жер мен басар тау,басқа пана жоқ мекен…
Деуі айғақ. Көп ұзамай көреген жыраудың үміті ақтала бастайды. Оның балғын танысының күнделікті іс әрекеті оны өзге көпшіліктен даралап сом тұлғасын ерекшелендіре бастайды.
Соның бастауы көзі Түкеннің асқа барып ат барып қасуынан бастау алатындай, Мұқағали оның атын былай суреттейді.
…Жатаған келген Түкеннің жолдас күреңі,
Дүйім ел білген дүлділдің нағыз бірі еді.
Кешегі аста бәйгеге, қосып жүйрігін,
Келерін біліп, қауіпсіз, бейқам тұр еді.
Міне сол үміт күткен құс қанатты жануарын кермені үзіп жеткен сәйгүліктердің арасынан көре алмай Түкеннің көңілі күпті болып тұрған тұсын:
…Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды,
Жалғыз бір қара жұлдыздай ағып келеді.
Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды.
Қу даладағы құйын ба дерсің ойнаған.
Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған,
Өз атын өзі ұрандап бала келеді,
Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған
-деп бейнелейді.
Ақынның оқыста, ғажап оқиға –деп отырғаны
Бәйгеге шапқан баланың аруақты өткен бабаларының атын ауызға алмай өз есімін ұрандауы. Бұл ата-бабасының аруағын ардақ тұтып, ұранына айналдырған қария үшін жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты дерліктей, көз көріп, құлақ естімеген тосын жайт. Сол сәтті ақын:
Тірілер шошып, жағасын ұстап тұр аулақ,
Өлгендер көрде, түскенде болар бір аунап.
Келеді қыршын есімін өзі ұрандап-
деп суреттейді. Жаңа ғана бәйге аттардың тұяғының дүбірімен дүркіресіп, жұрт мақтанып, желпініп, желігіп тұрған жұрт мына жайдан соң сең соққан балықтай сенделіп, абдырасып «қыбыр да жыбыр, күбір де сыбыр» халге көшкен. Топ ортасынан Әлмерек бидің
-жеті атасын жерге қаратқан қай бала?!-деген
сауалды үні елдің есін жиғызғандай.
Е-е-е, Түкеннің ұлы Түлейдің ұлы сен бе едің?!
Осы болған ғой Түлей әкеңнен көргенің…
Жетесіз туған, ант ұрып кеткір зәнталақ!
Бидің өзін саскөкекке теңеп, Сырымбет пен Хангелді сенен кембе еді. Деп зілдене сауал тастап ақсақалдар мен көксақалдардың қоқилана келіп басына қамшы үйіруі, намыс туын желбіретіп, ата жауға өз атын ұрандап шабар күнін армандай күтіп жүрген балаға ауыр тигені хақ оның сол сәттегі көңіл күйін ақын «булығып тұрды, баланың көзі қанталап» -деп қалай дәл берген десеңізші.
-Оу, ағайындар! Жәбірлемеңдер баланы –бұл ашу үсті көзсіз әрекетке ерік беруге шақ тұрған көпшілікті Қабай жыраудың сабырға шақырған сарабдал үні. Оның баланы құрық көрмеген асау құлынға теңеуі, желісін үзіп сендерден асып қайда барады-деп сауал тастауы.
әсіресе:
…Өз атын өзі ұрандағанның несі айып?
Аузына салып, періште шығар дем берген.
Жауына шапса өз атын өзі ұрандап,
Қолдамас па еді өлі аруақ түгіл тірі аруақ.
Есі бар тентек есейе келе ер болар,
Ерік беріңдер, неғыласыңдар бұғаулап.
Аталы сөзге тоқтамау, жыраудың сөзіне құлақ аспау ағаттық болар деді ме екен, жоқ…әлде
Үмітін алдан күтіп, әр ақ тілеуін періштенің құлағына шалынсын деп тілейтін, ең бірінші Алладан, сонан кейінгі жерде ата-баба аруағынан медет күтетін елдің ашуы сабасына түскен. Міне сол сәтте
-Дәрменсіз сорлы кедей-кепшікті бұқтыра,
Күшік тазыдай жылмыңдайсыңдар мықтыға!
Ата жауларың арқаңа бәлкім, шықты ма.
Әкелеріңнің көріне, бәлем тықты ма.
…Халықпысыңдар?!
Қазан аңдыған қатындар! Деген Райымбектің ашулы үні естіледі. Осы жолдарды оқығанда поэма кейіпкерінің бесіктен белі шығар шықпастан ел жақсыларының дәрменсіздіктеріне, өздерінен күші асқандардың алдында тазыдай жылмыңдаған екі жүзділіктеріне, қымызға мас болып, желік қуған желөкпеліктеріне қаншалықты сыни көзбен қарағанын «қазан аңдыған қатындар» -деген ауыр сөзінен айқын аңғаруға болады. Ақын аз сөзбен көп жайды аңғарта отырып, Райымбектің ел арасы дау-дамайына араласпай қайсар, қатыгез болып өскенін ел қамын жеген естілердің кеңесіне құлақ түріп, өскенін, көргенін көкірек безбеніне салып, ой түйгенін баяндайды.
Райымбекті алаң етер басты сауал:
Белінен дұшпан аттап барат қайда,
Біздің ел неге қарсы тұра алмады-
Осы сауалға тыншымай жауап іздейді қақпа бола алмаған қайран елге, қауқары жоқ күндердің құрсын бәрі, көңіліне кірбің түсіріп, көкірегін шерменде еткен сауалды Қабай жырауға ақтарады.
…Сөйте тұра:
-Кенедейден көзімді ашқан жауым,
Еске түсіп, бойымды басқанға мұң.
Деген ой «жастығымды ала жатсам»-
Жоқтұғын менің мүлде басқа арманым.
Райымбектің өзегін өртеген арман мұңын сүйсіне тыңдаған жырау сан тарау сақтандыру шараларын салмақтай келіп,
Соңыңнан жұртың ермесе,
Қолының үшін бермесе.
Дегеніңе көнбесе,
Ауызданбаған арланым,
Жауыңа жалғыз бармағын.
Қиылып қалар арманың,
Халқына хабар арнағын-деген ойын батыр іленің жағасындағы бидің үйіне төбе көрсетеді. Қара сақал, ақ сақал –алқалы топ іс қарап отыр. Пәтуаға келе алмай әбжыландай арбасып, итше ырылдасып, бірінің-бірі мысын басқысы келіп әуре сарсаң. Осы бір сүреңсіз суретті ақын:
Бірі олай тартады бірі былай,
Бірі өзінше патша, бірі құдай.
Бір сәтте ұйып, бір сәтте іруін-ай,
Қазекемнің осы бір ырымын –ай деп
кескіндейді. Осы алқалы топта Райымбек би билігін күтуде. Ұйқылы ояу отырған би дана сынып қарт жырауға «ылаң, дүбір саласың неге еліме» -деп шүйілгені. Оның айтуынша Райымбек бас білмейтін байғыс. Оны еліктіріп, желіктіріп қолтығына дым бүркуші қарт жырау. Қанша қаһарланса да халықтың бет алысынан секем алған Би:
Амал қанша ұялам сақалыңнан,
Таспа алар ем жоныңнан керіп тұрып.
Деп кіжінуден әрі аспайды. Райымбекке қояр шартын ел алдына жайып салады. Таңдаған атын алып Ілені кесіп өтсін.
Кесіп өтсін қайтадан оралсын да,
Дуылдасқан дау шарды доғарсын да.
Ақ күн тусын алдынан тарта берсін,
Таңдап-таңдап елінен қол алсын да-
Деген кесікті билігін айтады. Сонан соң –
Шартым осы!
Осыған шыдайсың ба?
…Шыдайсың ба?
Бағыңды сынайсың ба?- Деп сауал тастай тұрып, «оны да біл, құның жоқ суға кетсең» дегенді ескертеді. Жиналған қауымның жаны ашып «қайтсаңшы өлесің ғой текке»-деген өтінішіне құлаққа ілмей, күреңінің қапталына қамыс арттырып, Ілеге беттейді.
Қамшы басып күреңге суға атылды,
Өз есімін айқайлап, өзі ұрандап-
міне осы сәттен адаммен тілсіз жау айдынның алпарысы басталып жүре береді.
Ақын оны:
Артқан қамыс тірліктің белгісі боп,
Демеу жасап, жылымға бергісі жоқ.
Ақ айдыннан екі бас көрінеді,
Адамның да, аттың да өлгісі жоқ.
Күрең жүзіп барады өлгісі жоқ-деп суреттейді. «А құдайлап» жаратқанға жалынып, жалбарынған жұрт. Тентек толқынды адуын айдын өмір үшін, өлмеу үшін ақ толқынмен жағаласқан жан иелерінің алпарысы.
-кетті өлді! –деген тұста Райымбек пен күреңнің ағын айдап есен сау ар жаққа өткенін көріп аңырған ел.
— Дауасы жоқ жан екен жаратылған,
Тұлпар екен тұғырдан дара туған.
Қамауда ұстап қыранды отыра алмай,
Ұшсын, кетсін жай атып қанатынан.
Бидің аузынан шыққан шешімді сөз бұл бір сәтке оңы, солын аңдай алмай ала бұртқан ел көңілін сабасына түсіріп:
Хангелдінің сауытын кигізіңдер,
Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер.
Сырымбеттің туының алдына әкеп,
Тәуба еткізіп, басын да игізіңдер –деген
Би әмірі алдағы іс-әрекет жобасын айқындай түскендей. Балаға бас болу дана жырауға жүктеледі.
Би кесті.
Қара халық қабылдады,
Қару алып қол жимақ қабырғалы.
Жорыққа әзірленіп жатты қауым,
Қасынан Райымбек табылғалы.
Мұқағали ақынның поэмасының бас кейіпкері қазақтың бір туар қол басыларының бірі Райымбек батыр тарих сахнасына міне осылай көтеріледі.
Оның бейіті Алматы қаласында. Батырлығы мен қатар жұрт оны айтқаны айдай анық келетін әулие деп те біледі.
Бір сөзбен «Райымбек! Райымбек!» поэмасы ел қорғаны болған батыр, алдынан ел тараған данагөй, әулие бабамызға арналған оқыған жанның намысын жайып, патриоттық сезімін оятар, елдіктің, ерліктің ұлы ұраны дерлік көркем дүние. Ақын Мұқағалидың мәңгілік музасының қазақ әдебиеті атты ұлы айдынға қосқан сарқылмас, тартылмас мөлдір бастауы бұл.
Сүлеймен Баязитов