Әңгіме: Соғыс қалдырған сызат

0
Он бес одақтас мемлекетке ортақ мерейтой болған Ұлы Жеңіске биыл 72 жыл толғанымен, бұл мерекенің тойланып келе жатқанына 55 жыл. Себебі, біреу білсе, біреу білмес соғыс біткен алғашқы жылдары КСРО басшылығы «майдангерлер соғыстың зардабын ұмытып, халық соғыс психологиясынан арылуы керек» деген ұстанымда болып, 17 жыл қатарынан Жеңіс күні тойланбаған екен. Дегенмен, Отан үшін төккен қанның есесіндей жеңіс көңілге медеу демесең, қаншама адамзатты қан қақсатып, ет жақынынан айырған қасіретті жылдарда есеңгіреген халық оңайлықпен соғыс психологиясынан арылмасы анық еді.

Сұрапыл соғыс қазақ халқы үшін де 5 жылға созылған өте үлкен, аса ауыр сын болды. Осы жылдарда бір отбасыны күйретіп, бір емес, бірнеше азаматынан айырған жағдайлар да аз болмады. Осындай оқиғалардың бірі Ақбай ауылында орын алған. Бір жылда, бір жанұядан төрт бірдей ағайындылар атап айтқанда, Санаев Өтебай, Айтжан, Ален, Айтмағанбет майданға аттанған екен. Өкініштісі, ағайынды азаматтардың екеуі ғана елге оралыпты.

Санаев Өтебай 1947 жылы елге оралып, екі жылдан кейін қайтыс болған. Келіні Қағаз Санаеваның естелігінде Өтебайдың жары Жансұлудың айтуынша, қайтып оралғанда күйеуінің денесінде оқтың бытыралары болған. Осы денеде қалған оқтың себебінен алапат ажалдың ордасынан аман келгенімен, ғұмыры ұзақ болмапты. Өтебайдың екі қызы (Ұшыға, Бақтылы) және бір ұлы (Мұхтар) қалған. Соғысқа кетерінде Ұшыға менен Мұхтар қалған. Соғыстан оралғасын Бақтылы есімді қызды болыпты.

Санаев Ален де елге қайтып оралған. Үш ұлы мен бір қызы қалған. Екі ұлы дүниеден өткен. Ал Миткіл есімді қызы мен Бақытжан есімді ұлының көзі тірі.

Санаев Айтжан майданнан оралмаған. Айтжанның соңғы хаты Санаева Қағаздың қолында сақтаулы екен. Жасынан білімге құштар болған Айтжанға ұстаздық оқу үшін қаражат тапшылығы көбірек сезіледі. Әке балаға сыншы дегендей, қолында жетерліктей мал – мүлік болғанымен, Санай баласын ұстаздық жолға жібергісі келмейді. Сонда әкесі рұқсатын бермегенімен, жеңгесі Жансұлу Айтжанға үлкен көмек жасап, өзі сауған сиырлардың бірінің мойнына жіп байлап жіберіп, өріске шыққан соң сол сиырды тауып алып, сат та керегіңе жарат дейді. Айтжан осылай оқуына қаражат тауып, білікті маман болып оралған. Ғұмыры қысқа болса да, ел есінде қалатындай өнегелі істер жасап, Ақбай ауылына алғаш рет мектеп ашып, ұстаздық еткен екен. Айтжаннан екі ұл мен бір қыз қалған. Бектібай және Іздібай есімді ұлдары үлкен қызметте болыпты. Қызы Айжамал әкесінің ізін қуып Жамбыл өлкесінде ұстаздық қызмет атқарған. Бірақ, үшеуінің де көзі тірі емес.

Санаев Айтмағанбет те оралмаған. Ол соғысқа кетерде бір қызы болған. Бірақ кішкентайында шетінеп кетіпті.

Мен бұл мақала арқылы не айтқым келді? Ойлаңызшы, бір емес төрт бірдей бауыр еті балаларын ажал аузына жіберген ана қандай күйде болды екен? Ізімді жалғар ізбасарларым, ертеңгі сүйеніштерім деп сенген әкенің күйі қандай болды екен? Бұл бір ғана мысал. Сол уақыттарда бұдан да ауыр жағдайлар қазақ даласында мыңдап саналған болар.

Қақ – соқпен ісі жоқ, соқтықпағанға күшін көрсетпейтін халқымыз қаншама зұлматты жылдарды басынан өткерді. Ұрпағым үшін деп арғы аталарымыз қолынан найза, қылышын тастамаған болса, бергі аталарымыз тағы да ұрпағым үшін, солардың амандығы үшін деп ажалға бас тікті. Апталдай азаматтардан айырып, болашағымызды бұлыңғыр еткен соғыс, шын мәнінде, қазақ халқын ойсыратып жіберді. Шыны керек, Жеңіс күні дегенде біздердей жас буынның елең ете қалатыны шамалы. Себебі, біз жолға телміріп, сарылып ағамызды, інімізді немесе әкемізді күткен жоқпыз. Қан майданды, соғысты сезінген жоқпыз. Бізге бейбіт өмір оп – оңай орнай қалған сияқты. Лайым осы бейбіт өміріміз жалғаса бергей. Дегенмен де, не нәрсенің де қадірін білген дұрыс. Бұл тыныш өміріміз сол ата-бабаларымыздың арқасында орнағанын, солардың арқасында ұйқымыз тыныш, көңіліміз тоқ екенін ұмытпасақ екен деймін. Бізге осы тұрғыдан көрген, білгенін айтып, бейбіт күннің қадірін сезіндіретін қадірлі ардагерлеріміз азаймаса ғой шіркін!