Әңгіме: Шыңғыс Айтматов | Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет

0
хот жағалауын тұтас тұтып жатқан тастан қараңғы суық түнде құрлық пен сулықтың ұзына бойына жайлаған екі зұлмат дүниенің дамылсыз мәңгі-бақи шайқасы толастамаған. Теңіз көшкінін құрлық кескестейді, ал су сұрапылы құрлыққа шабуылдаудан бір тынбайды-ақ. Теңіз түн-түнекте жартастарға арсылдай соғып, абалай алқынады. Теңіздің соққыларына тойтарыс берген сайын қалжырап, қара тастай қатты жер уһілейді.

Күндіз — күндіз болып, түн — түн болып дүние-әлем жаралғалы бері, мәңгі-бақи күндіз де, түнде де бұл ғаламат шайқас таусылмас. Күндіз де, түнде де…

Тағы бір түн ұйыған шақ. Теңізге аттанар қарсаңдағы түн. Бұл түні ол ұйықтаған жоқ. Ғұмырында тұңғыш рет ұйықтамады, ғұмырында тұңғыш рет ұйқысы қашты. Тезірек таң атып, тезірек теңізге тартар мезгілді аңсады. Нерпа терісінің үстінде ол сонда теңіз соққысынан жердің болар-болмас діріл қаққанын, қойнауда толқындардың арсылдап, сілесі қата тынымсыз жұлқынғанын сезіп жатты. Түн сырына құлақ түрген бала осылайша ұйқы көрмеді…

Бір заманда бәрі де басқаша болатын. Сонау ықылым заманда Лувр үйрек болмаса, дүние мүлде өзгеше жаратылуы мүмкін екені: құрлық пен теңіз арпалыспауы, бір-біріне қарсыласпауы мүмкін екені қазір ешкімнің қаперіне де кіріп шықпайды. Әу баста, дүние-әлемнің бозала таңында табиғатта құрлық атаулы тұрмақ титтей тозаң да жоқ еді ғой. Дүние түгел топан су еді, тек қана су еді. Су болса шыңырау оппа түнектен, түпсіз терең иірімде өзінен-өзі пайда болды да, толқынды толқын қуалап, аяғы жоқ, басы жоқ, шегі менен шеті жоқ, күншығысы жоқ, құбыласы жоқ кеуек әлемнің жан-жағына су жайылып кете барды.

Осы күнге дейін біздің төбемізден топ-тобымен ұшып жүретін жалпақ тұмсық, қырқылдақ сұр үйрек, иә-иә, кәдімгі сұр үйрек,

Лувр үйрек, сол бір заманда жападан-жалғыз екен де, тіпті жұмыртқа салатын да мекен таппай сандалған екен. Күллі әлемде судан басқа, жұмыртқа салар бір тал шыбық та болмапты ғой.

Үйрек байғұс жұмыртқаға толғатып, шыдамы кетіп, жұмыртқалайын десе түпсіз тұңғиықтан қорқып, су үстінде жанталасып ұшып жүреді. Қайда ұшып бармасын, телегей теңіз, шетсіз-шексіз толықсыған топан суы. Күллі әлемде тұяқ тіреп, ұя салар бір қылпық жоқ екеніне көзі жетіп, бейшара үйрек діңкесі құриды.

Ақыр соңында сұр үйрек суға қонып, төсінің жүнін жұлып, ұя салған екен. Әне, сол ұядан жер пайда бола бастаған. Жер жарықтық бірте-бірте ұлғайып, оның үстінде бірте-бірте жан-жануар, түрлі мақлұқат пайда бола бастапты. Олардың арасынан адамзат артықша шығып, шаңғымен қар үстінде, қайықпен суда жүріп, жүзе алатын амал тауыпты. Аң ұстап, балық аулап, тамағын асырап, үрім-бұтағын көбейте беріпті.

Байтақ судың ортасында құрлық пайда болысымен жарық дүниенің апшысы қуырылып, қиын күндер туарын сұрша үйрек сонда сезер ме еді. Қалай жер пайда болды, солай су мен құрлық арасындағы аяусыз арпалыстан адам байғұстың да шекесі қызып жүрген жоқ. Адам жерге бауыр басып қалғандықтан теңіз оны ұнатпас…

Таң таяп келеді. Тағы бір түн өтіп, тағы бір күн толғатып келеді. Сыздықтаған буалдыр алагеуімде, танауынан буы бұрқыраған бұғының салпиған ерні құсап, жағаға соққан теңіздің буырқанған сүлбесі көріне бастады. Теңіз тынысы сезіледі. Теңіз бен құрлық түйіскен жиектің өн бойында тұнжыр буалдыр тұман тұнып тұр. Керме кемер кеудесінде керіле түсіп тулаған толқын зікір салады.

Бетпақ толқындар бет қаратпай, әбден тапталып қатып қалған мұздай құмдауыттың, көк өңезденіп, жылбысқы басқан үйінді тастардың төсіне аянбай, арылдай шапшып, өркештен соң өркештер қыңсылай құлап, өшіп бара жатады. Сәл ғана сәтке ақ көбік бұрқ етіп сөніп, әбден иге түскен балдыр шөптің ғана кермек иісі қалады. Толқындар кейде жағаға сіре мұздың сынықтарын да лақтырып тастайды. Көктемде шайқалған мұхиттың оларды қай жақтан алып келгені белгісіз. Жағаға лақтырылған қаңғыбас мұздар лезде сиықсыз, дәрменсіз күйге түседі. Келесі толқындар жағаға асыға жетіп, әлгі мұздарды іліп түсіп, өз құрсағына қайтадан алып қайтады.

Түн түнегі түріліп, таң арайы айқындала береді. Әсте-әсте жер суреті танылып, әсте-әсте теңіз дидары ашыла бастайды.

Түнгі желден тынышы кеткен толқындар ақ жалданып әлі де жағаға қарай жүгіргенмен, көз ұшында, түпсіз тереңінде теңіз тарлан сап-сап саябырлап, қорғасындай суық сүр түсті жотасы ауыр шымырлап, әлсін-әлсін жуаси түсті.

Осы арада, Тарғыл төбет қолтығына таман, теңізге көлбеу сұғынып жатқан қырқалы түбектің үстінде оқшау тұрған бір жартас бар. Алыстан қарағанда ол шынында да теңіз жағалап жүгірген таудай тарғыл итке ұқсайды. Бөксесіне алба-жұлба, алашарбы аласа орман өскен, жазғы шілдеге дейін басынан қар кетпей, салпаң құлақ сияқты ақтаңдақтанып жататын, күн түспейтін теріскей шатында, одан да үлкен ақ қал құсап қар жататын Тарғыл төбе жартасы теңіз жақтан да, орман жақтан айдала алыста көрініп тұрады.

Міне, осы Тарғыл төбет қойнауынан күн бақан бойы көтеріле бере нивх қайығы теңіз бетіне шыққан-ды. Қайықта үш ересек, бір бала бар. Жас жағынан кенжерек, мығымша келген екі еркек қос қолдап, ескек тартып келеді. Бұлардың ішіндегі ең қарты ағаш қорқорын бұрқылдатып, қайықтың құйрығында руль басқарып отыр. Қоңырқай жүзін әжім торлаған, әсіресе мойны сай-сай әжім, жұтқыншағы шодырайып шығып тұрады; тілім-тілім тыртық басқан күректей қолдарының буындары да шодырайыңқы, арық шал Сақал-шашы бурыл, тіпті ақселеу десе де болады. Қоңырқай жүзінен аппақ қудай қасы көзге ерекше шалынады. Шал қызыл жиек, жасаураған көздерін әдетінше сығырайта қарайды, бүкіл ғұмыры бойында күн сәулесі шағылысқан су айдынына қараудан әбден сықсиған көз, содан да ол қайықты қойнаумен көзсіз басқарып келе жатқандай көрінер. Ал, қайықтың тұмсық жағында ақсақалдың ашуын келтірмейін деп тыпырши беруден тайсалып, өзін-өзі әрең ұстап, он бір-он екі жастардағы бала шіл балапандай жүрелеп отыр.

Бала мәз-мейрам. Қуанғаннан танауы делдиіп, бетіндегі ұры сепкілдері тарыдай шашырап шыға келді.

Бұл шешеге тартқан белгі, шешесі де қатты қуанса, бетіне өстіп жасырын сепкілі шыға келеді.

Баланың тынжысы қозатын жөні бар. Бұл сапар оның аңшылық кәсіпке араласуына тұсаукесер ретінде арналып отыр. Содан да Кириск басын жан-жаққа шіл құсап қылтыңдатып, төңірекке тойымсыз бір қызықпен көз алмай қарайды. Ғұмырында түңғыш рет Кириск теңіз айдынына нағыз аңшылармен бірге аң аулауға, ежелгі үлкен қайыққа мініп шыққаны. Бала шіркін қазір орнынан атып тұрып, ескекшілерді асықтырғысы келеді, теңіз аңдары жатқан екен аралға тезірек жету үшін ескекті оз қолына алып, бар күшін сала ескісі келеді. Бірақ бұл балалығына үлкендер күлуі мүмкін ғой. Осыны ойлап, ол өз сезімін білдірмеуге тырысып-ақ бақты. Әйткенмен, сезімді жасыру қиын еді. Бақытқа кенеліп отырғаныңды жасыра алмайды екенсің: қара торы жүзі бал-бұл жанып, алаулап тұрғандай еді. Әсіресе көзін айтсаңшы, тұла бойын кернеген қуаныш пен мақтаныш сезімін қымтай алмаған баланың бақыт шалықтаған көзі жарқ-жұрқ етіп, жақұттай жайнайды. Алда — теңіз, алда — аң аулау қызығы күтіп тұр!!!

Орган қарт баланың жай-күйін біліп отыр. Сығырайған көзбен ол теңіз бағдарын ғана емес, шыдай алмай ұшып-қонып отырған баланың көңіл-күйін де байқап келеді. «Әй, балалық, балалық»,— деп қарт көзі күлімдей береді де, онысын байқатқысы келмегендей шала сөнген қорқорын қомағайлана сора түседі. Баланың қылығына іш тартып, жымиғаныңды байқатуға болмайды. Бала қазір олармен бірге ойын үшін келе жатқан жоқ. Осыдан ол үшін теңіз аңшысының өмірі басталмақ. Теңізде басталған кәсіп әйтеуір бір кезде теңізде аяқталмақ. Теңіз аңшысының тағдыры солай. Өйткені, одан қиын, одан қауіпті кәсіп жоқ. Сондықтан да адам титтейінен машықтана бергені абзал Бұрынғылар: «Ақыл — тәңірден, машық — жастан» деп бекер айтпаған. «Жаман аңшы — ағайынға масыл» дегенді де бұрынғылар айтып кеткен. Әне сол себепті де, ел қамын жейтін ер болу үшін кәсіпке ерте бастан үйренген жөн. Міне Кирискінің де кезегі келді, оны шыңдап-шынықтырып, теңізге бойын үйрету керек.

Бұл мақсатты Тарғыл төбет тауының баурайында отырған Балық-әйел руының ауылы түгел біледі. Бүгінгі жорық болашақ аңшы Кириск үшін арналғанын кәрі де, жас та— бәрі де біліп отыр. Ежелден келе жатқан ереже бар: еркек болып туды екенсің, бала жастан теңізге бауыр бас, теңіз сені тосырқамайтын болсын, теңіз де саған бойы үйренсін. Әне, содан да бүгін ру басы Орган карт пен ең таңдаулы екі аңшы -— бірі баланың әкесі Эмрайин, бірі немере ағасы Мылгун аталар салған жоралғы жол бойынша, үлкендердің кішілер алдындағы парызын өтеп бұл ретте Кирискіні қатерлі сапарға алып шыққан Бала осыдан бастап ақырғы демі таусылғанша, сәтті-сәтсіз күндерде де ұдайы теңізбен тағдырлас болмақ.

Кириск әлі аузынан ана сүтінің дәмі кетпеген балғын сәби ғой, одан әлі жөнді аңшы шығар-шықпасы да беймәлім. Бірақ кім білген, мына ересектер ертең басы жерге жетіп, қауқарсыз карт болғанда, бәлкім осы Кириск бүкіл руды асырайтын аңшы болар. Ықылым заманнан бері атадан балаға ауысып келе жатқан салт солай. Тіршілік — сонысымен тіршілік.

Бірақ бұл жайды айқайлап айтып жатқан ешкім жоқ. Бұл әркімнің ішінде жатқан сыр, ал бұл сыр айтылса да сирек айтылады. Әне содан да Тарғыл төбет жағалауында жатқан Балық-ана ауылы Кирискінің алғаш теңізге аттанып бара жатқанына аса мән бере қойған жоқ. Әрбірден соң, жамағайын оның ересек аңшылармен бірге жолға шыққанын байқамаған болды, бұл оқиғаға назар салмаған сияқты көрінді.

Баланы жолға тек шешесі шығарып салды. Бірақ ол теңіз сапары туралы ләм деп тіс жарған жоқ, қойнауға жетпей қоштасты. Баласына әдейі анықтап тұрып: «Бара ғой, орманға бар!» — деді теңіз жаққа көз салмай, орман жаққа қарап тұрып. — «Байқа, шапқан бұталарың құрғақ болсын. Орманда адасып кетіп жүрме!» Бұл оның Кириск ізін шатастырып, «Кинр» деп аталатын жын-перілерді алдап, баласын бәле-жаладан, ібілістен қорғағандағысы еді. Ол өзінің күйеуі жөнінде де ләм деген жоқ. Дәл бір Кириск өз әкесі Эмраийнмен бірге емес, мүлде бөтен адамдармен бірге кетіп бара жатқандай, сыр білдірмеді. Ондағы ойы: Эмрайин мен Кириск — әкелі-балалы адамдар екенін кинрлер біліп қоймасын дегендегісі. Әкелі-балалы адамдардың аңға бірге шыққанын жын-перілер ұнатпайды-ақ. Олар әке мен баланың біреуін мерт қылып, біреуін еркі мен күшінен айырып, енді кайтып теңізге, не орманға беттемеске ант ішердей халге жеткізеді. Адамдарға кесапат келтіруді діттеп, залым кинрлер — жын-перілер, олардың әрбір адымын аңдып, ізін бағып жүреді.

Кириск болса кинрлерден қорықпайды, есейіп қалды ғой. Ал шешесі қорқады, баласын ойлап қорқады. Сен әлі кішкентайсың, дейді. Сені алдап-арбап, мерт қылу оңай, дейді. Сөзінің жаны бар. Жын-періден қаныпезер бар ма? Жас сәбилерді қаншама мүгедек етпеді дейсің олар. Балаға ауру жапсырып, кем-кетік етіп қояды, аңшы болмасын деп. Ал, кем-кетік адам кімге керек, неге жарайды? Сондықтан жас баланы өсіп-жетілгенше жын-перінің көзінен таса ұстаған жөн. Ал, бұғанасы қатып, белі бекіген соң ер-азаматқа жын-шайтан дегенің қорқынышты емес. Күшті адамнан ібіліс те сескенеді.

Шеше мен бала осылайша қоштасты. Үрей мен бата, тілегін ішіне бүгіп, шешесі үндеместен біраз тұрды. Теңіз жаққа бір қарамай кері қайтты. Өз күйеуін өзі танымаған адамша, оны тіпті есіне де алмады. Күні кеше әкесі мен баласының жол жабдығын, үш күндік жол азығын дайындаса да, қазір түк білмеген бола қалыпты. Баласы үшін шыбын жаны шырылдап тұрғанын білдіргісі келмей, жын-перілерге сыр білдірмей, тек іштен тынды шеше байғұс.

Шешесі қойнауға жетпей кейін қайтты, ал баласы болса көзге көрінбейтін жын-перілерді адастырған болып, өз ізін өзі шиырлап, шешесін ренжіткісі келмей, оның айтқанын орындап, бұта-бұтаның арасымен бұралаң із тастап, алысқа ұзап кеткен ересек аңшыларды қуып жетпек болып, жүгіре жөнелді.

Бала оларды лезде-ақ қуып жетті. Қару-жарақ, азық-түлік артынған аңшылар асықпай аяңдап келеді. Ең алдында Орган карт, оның соңынан еңгезердей түр-тұлғасы ерекшеленіп, қаба сақал Эмрайин, ал оның артынан маймақ аяқ, тығыншықтай кеспелтек Мылгун жүріп барады. Бәрінің де үстінде иленген теріден тігілген, су өтпейтін суыққа төзімді қарабайыр теңіз киімі. Оларға қарағанда Кирискінің үстіндегісі сәнді киім. Шешесі бар өнерін салып, баласының теңіз киімін көптен бері қамдап еді. Сыртқы киімі де, аяғындағы торбасы-етігі де оюмен өрнектелген. Теңізге шығып бара жатқанда мұндай сәннің не реті бар? Шешенің аты шеше де.

Әй, сенбісің-ей? Сен келмейтін шығар, шешең қолыңнан жетектеп үйге қайтып алып кеткен шығар деп ойлап едік біз, — деп жорта таңғалған болды Мылгун, Кириск оларды қуып жеткенде.

Үйге қайтқаны қалай? Өлсем де қайтпас едім! Тегі мені… — Кириск ызадан тарс кете жаздады.

— Жә-жә, қалжыңдағанды түсінбейсің бе, — деп тыныштандырды баланы Мылгун. — Оныңды қой сен. Теңізде бір-бірімізбен сөйлеспесек, кіммен сөйлесеміз? Мә, онан да мынаны алып жүр! — Балаға қолындағы винчестерді ұстата салды. Бұл ықыласқа бала риза болып қалды.

Теңізге олар осылай аттанды. Енді осыдан жолы болып, қайықтары майланып, олжамен оралар күн туса, қайтар жолдың жоралғысы басқаша болмақ. Әне сонда ақжолтай аңшы баланың құрметіне ұлан-асыр той жасалады. Түпсіз, шексіз тереңінде күштілер мен көзсіз батырлар ғана аулай алатын балықтары мен аңы бар ұлы теңіздің берекеті жөнінде он айтылып, би биленеді. Жер бетіне өзінен аңшылар әулеті тараған Балық-әйелдің құрметіне жыр жырланады. Әне сонда ең ақылды адам — бақсы-шаман билеушілердің ортасына шығып, шетен сабау сабалаған кеспек барабанның күңгірлеген үніне қосылып, жаңа аңшы, жас аңшы Кириск жайлы Жермен, Сумен әңгіме-жырын бастайды. Иә, шаман аңшы бала туралы Жермен, Сумен сөйлесіп, Жер мен Судан: балаға әрдайым рақымды бола көріңдер, баладан ұлы аңшы шыққай, Жерде де, Суда да әманда жолы болғай, аулаған аңын кәрі мен жасқа, әулет түтініне тең бөліп беретін әділетті аңшы болғай! — деп тілейді шаман. Дана шаман — да жалбарынып: Кирискінің бала-шағасы көп болғай, өлмей-жітпей, Балық-әйелдің үрім-бұтағын, жаранын өркендете бергей, деп тілейді.

Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?
Сенің ыстық құрсағыңда — тіршілік.
Сенің ыстық құрсағыңнан біз тудық,
Сенің ыстық құрсағыңдай жаннат жоқ.
Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?
Аппақ мамаң нерпа балық басындай,
Ақ мамаңның сүтін емдім жасымда.
Ең ер жүрек еркек саған жетер-ау,
Құрсағыңа ұрық сеуіп кетер-ау.
Жер бетінде ұрпақтарың көбейер,
Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?

Ән мен бидің арасында әлгі тойда осындай да өлең айтылады. Сол тойда Кирискіге арналып, тағы бір ырым жасалмақ. Алас-құлас билеп жүрген шаман сонда Кирискінің аңшылық тағдырын аспандағы жұлдыздардың біріне аманат етіп тапсырар. Әр аңшының желеп-жебеп жүретін жұлдызы бар. Ал Кирискінің тағдыры қай жұлдызға аманат болып тапсырыларын жан баласы білмесе керек. Оны тек шаман мен жебеуші жұлдыз ғана біледі. Ал аспанда не көп, жұлдыз көп…

Әлбетте, сол тойда жұрттың бәрінен де қатты қуанып, бәрінен де асыра он салып, би билейтін Кирискінің анасы мен қарындасы ғой. Ал, Эмрайин шаршы топтың ішінде Кирискінің әкесі деп жарияланады. Бұған ол қуанып, масаттанар әрине. Ал әзірге ол Кирискінің әкесі бола тұра, әке аталуға құқы жоқ. Теңіз бетінде әке де, бала да болмайды. Теңіз үстінде адамдардың бәрі бірдей, тек көсем қартына ғана бағынады. Көсем қалай айтты, солай болмақ. Әке бала ісіне араласпайды, бала әкесіне шағым айта алмайды. Әулет салты сол. Бәлки, сол тойда Музлук атты қыз да қатты қуанар Кириск бала күнінде Музлукпен бірге ойнаушы еді. Енді ол ойын сиреді. Бұдан былай мүлде тыйылар: аңшыға ойын бұйырмаған…

Толқындардан жеңіл қалқып өтіп, қайық әзір жүрдек келеді. Тарғыл Төбет қойнауы әлдеқашан артта қалды, аңшылар Сопақ мүйісті жанай өтіп, ашық теңіз айдынына шыққанда, теңіздегі толқын қойнаудағыдан күшті емес екенін аңғарды. Толқындар бір деңгейде, бір ырғақта шалқиды. Мұндай бір мінез толқында жылдам жүзесің.

Бәйтеректің діңгегінен шабылған қайық қалтқысыз қаздаң жүзіп барады. Рульге бас білгі қайық тұмсық толқынға да, қаптал толқынға да сыр бермей, нық сырғиды.

Сонау бір сөніп қалған қорқорын сора түсіп, Орган қарт қайықтың нық жүрісіне сүйсініп, суық суға жартылай батып, қайқаңдап жүзіп бара жатқан қайық емес, дәл өзіндей сезініп, рақаттанып отыр. Топшы темірдің бір сарынды сылдыры мен ескектердің бірқалыпты қимылына сай теңіз айдынын қақ жарып бара жатқан Органның дәл өзі сияқты бейнебір: қарсы толқындардың серпінінен сәл шайқалып, су дөңбектерін өз кеудесімен қақыратып келе жатқандай сезімде қазір. Өзі қайық болып кеткендей осы бір сезім оны тосын ойға қалдырды. Қайыққа ол дән риза, бұл қайықты ол өзі жонып, өзі соққан, бәйтеректі жұрт жабылып құлатты, бірлі-екілі адам оны құлата алмас еді. Арғы жағын Орган жалғыз өзі жайғастырды, теректі үш жаз бойы қақтап құрғатып, баптады, ғұмырының ішінде Орган талай қайық шапқан, ал мынау соның бәрінен ерен соғылатынына әу бастан ақ көзі жетті. Осыны ойлауы мұң екен, көңіліне қаяу түскендей де болды: бұл оның ең соңғы соққан қайығы болып жүрмесе нетсін? Тағы біраз тірі жүрсем дейді. Тағы біраз теңіз кезіп, аң ауласам-ау дейді, әл-қуат барда, көздің нұры таймай тұрғанда енді ең болмаса екі қайық жасап кетсем, дейді.

Ол осыны ойлап, қайықпен іштей сырласып келеді. «Сен ұнайсың маған, саған сенем, бауырым — дейді ол қайыққа. — Сен теңіз тілін ұғасың, толқындардың мінезін білесің — сенің құдіретің де осыдан. Сен мен соққан қайықтардың ішіндегі ең еренісің. Ені мен тұрқы келіскен ересен қайықсың сен, саған үлкен нерпа да сыйып кете береді. Сен ақжолтайсың әрдайым. Соның үшін қымбаттысың сен. Үстіңе ауыр жүк тиеп, жағаға қайтқанда ернеуіңмен су сызып, қиналып келе жатқаныңда саған біздің жанымыз ашиды. Сонда халық жағаға жапырыла жүгіріп шығып, сені қарсы алады, бауырым қайық!

Егер мен өле кетсем, сен жасай бер, аңы көп жерлермен алысқа жүз. Егер мен өле кетсем, тепсе темір үзер жас аңшылармен бірге теңіз кеше бер, бауырым. Егер мен өле кетсем, тірімде маған қалай қызмет етсең, жастарға да солай қызмет қыл Әне қазір сенің тұмсығыңда анау балақай отыр. Теңіз емес, құрлық болса, дәл қазір аң біткенді жалғыз өзі жайратардай тықыршып отырғанын көрдің бе. Әне сол балақай саған мініп, алып жақын теңіз бетін шарлайтын күн туғай. Бүгін ол бізбен бірге теңізге түңғыш рет аттанды. Бұл қажет. Машықтана берсін. Бұл жалғаннан біз кетеміз, ал оның болашағы әлі алда. Эмрайин әкесіне тартса, дұрыс адам болғаны. Онда бос күбідей күңгірлек болмас. Қазіргі ересектердің ішінде Эмрайиннен мықты аңшы жоқ-ау, сірә. Қажырлы, іскер жігіт. Бір кезде мен де сондай едім. Күшті едім. Әйел заты мені ұнатушы еді. Ал мен болсам, өмір сол қалпында тұра береді деп жүріппін ғой. Бәрі өткінші екенін кейін барып бір-ақ білесің. Бұл жай жастардың қаперіне де кіріп шықпайды. Мына Эмрайин мен Мылгун де өмір пони екенін әзір ойлап жатқан жоқ, Мейлі де. Әлі біле жатар, тәйірі. Ескекті екеуі де еңірете еседі-ақ, обалы не керек. Біріне-бірі сай. Екеуі де өгіз қара күші бар, сенімді жігіттер. Солардың күші ғой, қайықтың өзінен-өзі сырғанап бара жатқандай болуы. Қайдан болсын. Теңізде тек көл күшімен жүресің. Әлі жол ұзақ, есе беру керек, есе беру керек! Бүгін ғой, күн батып, қараңғы түскенше, Үш Емшекке жетіп жығылғанша жүземіз. Ал, ертең күні бойы кері қайтамыз. Таң атқаннан күні бойы жылжимыз. Мен де қарап отырмай, екеуіне кезек-кезек көмектесемін ғой. Әй, бірақ ескекпен күллі теңіз суын сапырып шығу да оңай шаруа емес-ау. Ал олжалы кайтсақ — той-думан тұр алда.

— Сен естимісің, сен ұқтың ба мені, қайық бауырым? Сен бізді Үш Емшек аралына, аң аулау нағыз қызатын жерге алып барасың. Біздің келе жатқан шаруамыз да сол. Аралдың жағалауындағы жайқуатта біз нерпаларға тап боламыз. Төлдейтін кезі таяп қалғандықтан қазір олар үйір-үйір болып, аралдарға тоқайласа бастады.

Сен түсінемісің мені, қайық бауырым? Сен, әлбетте, мені түсінесің ғой. Сен әлі теңізге түспей тұрғанда-ақ, әлі алып бәйтеректің өзегінде жатқан кезінде-ақ мен сенімен сөйлесе бастап едім-ау. Мен сені ұлы бәйтеректің өзегінен суырып алып едім, енді міне, жүзіп келеміз.

Ал, енді бұл дүниеден мен көшкенде, мені ұмытпа, бауырым. Теңізге шыққан шақтарыңда мені есіңе ал…»

Жағалауда қалған басты белгі — Тарғыл төбет шоқысын мәреге санап, ашық теңізге тура тартып келе жатып, Орган қазір осындай бір ойға кетті. Осы шоқы-жартастың бір ғажап сыры бар. Оны теңізге шыққандардың бәрі айтады. Күн ашықта теңізшілер жағадан ұзаған сайын Тарғыл төбет аспандап, асқақтап бара жатқандай болады. Жолаушыдан қалғысы келмегендей, соңыңнан ілесіп келе жатқандай көрінеді. Қай тұстан қарама, Тарғыл төбет көрініп тұрады. Жағадан алыстай берген сайын әлгі жартас жан ашыр жолдасыңдай, қия алмай ұзақ қарайды да, айдын судың енді бір бұлымында бұлаң етіп көзден тасаланады. Ал, ендеше Тарғыл төбет үйге қайтты, демек жер жарықтық алыста-алыста қалды деген сөз…

Әне сонда Тарғыл төбеттің қай тұста қалғанын, желдің қай жақтан соғып тұрғанын, күн жартастың қай жағынан түсіп тұрғанын, ауа райы ашық болса, шарбы бұлттың шамасын әбден байқап қал. Аралға жете-жеткенше Тарғыл төбет қалған тұсты жадыңнан шығарма. Бұл саған теңіз әлемінде адасып кетпес үшін керек.

Қайықшылар бір күншілік жолы бар аралдарға бет алып кетеді. Бұл өзі шексіз судың ішінен қылтиып-қылтиып шығып тұрған емшектей үш қия жартас, ел-жұрты жоқ, тоқымдай-тоқымдай үш жапырақ құрлық еді. Оларды жұрт Үш Емшек деп атап кеткен. Үлкен, Орта, Кіші аралдар. Ал, олардан ары жүзгің келсе, жол жарықтық сені аты жоқ, жөні жоқ, шегі жоқ, шеті жоқ Ұлы мұхит, ұлан-байтақ Су әлеміне алып барар. Дүние-әлем жаралғалы бері, Лувр үйрек жұмыртқалайтын титтей бір қарайған тірек таба алмай қаңғырғаннан бері жайқалып, өзін-өзі тудырып, өзінен-өзі өніп жатқан ұлы Мұхит дүниесі. Әне сол теңіз бен мұхит алқына қауышып жатқан шептен осы аралдарды мына көктем күндерінде нерпалар мекендейді. Мына сапар сыры сонда жатыр еді…

Балақай қайран қалды: теңіз ол ойлағаннан мүлде басқаша екен. Тарғыл төбет жартасының қияларында ойнап жүргенде де, қойнау-қолтық суда қайықпен жүзгенде де теңіз мұндай деп мүлде ойламаған еді. Қайық қойнаудан шығып, ашық теңізге бет алғанда барып бала теңіздің не екенін ерекше сезінгендей болды. Аспанмен астасып, көз де, көңіл де жеткісіз, қиырсыз әлемді тұтас тұтып жатқан судың бәрі теңіз екенін аңдағанда баланың есі шыға жаздады.

Кириск мұндай топан су болар деп ойламаған, айнала тек сынаптай сырғанақ, қорғасындай зілді су, айнала тек лезде туып, қас-қағым сәтте қайтадан өліп жатқан толқындар, айнала тек түнерген түпсіз тереңдік, айнала тек көз жетіп, қол жетпес ұшпа ақ бұлт тұтқан көгілдір аспан. Бар әлем осы ғана. Су мен аспан. Басқа қылаудай белгі жоқ. Қысы жоқ, жазы жоқ, қырқасы жоқ, сайы жоқ телегей теңіз.

Дүниенің о шеті мен бұ шетін алып жатқан асау су.

Толқындарды бұрынғыша сүзгілеп, қайық жүзіп келеді. Алдағы аң аулау сәтін асыға күткен баланың да ажары ашық, көңілі жарқын. Сол бір аң аулау сәтіне есіл-дерті кеткен балақай, әйткенмен, қазір айнала төңіректі, дүлей суды көңілімен емес, көзімен шолып, шадыман қалыпта шала-шарпы түйсініп отыр. Әйтпесе ол қазір күн сәулесімен ойнаған сансыз су зерінің неше алуан өрнегін, теңіз түсі сол сәуленің әсерінен кейде жап-жасыл, кейде қара қошқыл тартып, сан алуан құлпырып жатқанын аңғарар еді. Сонда ол қайық қасына қаңғалақтап келіп қалған балықтарды көріп алақайлап қуанар еді, әлгі аңқау, бүкір балықтар қайыққа тұмсығын соғып алған соң тым-тырақай қаша жөнелудің орнына, үйір-үйірімен үйме-жүйме болып, қайықтың қабырғасына тығылып, судан шоршып шығып, ауаға біраз ілініп қалып, қайтадан суға жонарқасымен құлағанын көріп бала мәз-мейрам болып күлер еді.

Бірақ мұның бәрін бала көзіне аса іле қоймады. Оның есіл-дерті тезірек аралдарға жету еді. Нағыз аң аулау сәті соққанша балада тағат жоқ.

Әйтсе де сәлден кейін бала көңілі қараптан-қарап отырып, өзінен-өзі бұзылды. Бірақ ол сыр бер ген жоқ. Құрлықтан ұзай түскен сайын, әсіресе бір бүкір бел толқынның тасасынан кенет Тарғыл төбет көзден ғайып болғанда барып бала теңізден бір қыламық қатер сезгендей болды, ұлы топан судың қасында өзі құмның қиыршығындай майда, құрдым дәрменсіз, құрдым қорғансыз екенін түйсініп, теңізге өзінің шексіз тәуелді екенін аңдағандай еді.

Бала үшін мұның бәрі тосын. Сонда барып ол Тарғыл төбеттің қаншама қадірлі екенін сезген еді. Тарғыл төбеттің баурайында шапқылап ойнақ салып жүргенде мұны тіпті ойламапты ғой. Оның төбесіне шығып алып қарағанда теңіз де мүлде қауіпсіз еді. Өз мекенінде тұрғанда Тарғыл төбеттің қаншалықты алпауыт әм қайырымды, қаншалықты асқақ әм құдіретті қамал екенін Кириск енді түсінді.

Енді ол құрлық пен теңіздің айырмашылығын да түсінді. Жер басып жүргенде — жерді ойламайсың. Ал, теңіз үстінде нені ойлама, бәрібір көкейінде теңіз тұрады. Бұл бала үшін үлкен жаңалық еді, ол осыны ойлап секемденіп қалды. Теңіз үстінде теңіздің көкейден кетпейтінінде нендей бір сиқырлы, сұрапыл, дүлей сыр жатқан сияқты…

Ал бірақ ересектер сабырлы. Эмрайин мен Мылгун бұрынғысынша бір адамдай қосылып, бір сарынмен ескек сермеп отыр: төрт ескек су бетіне бір мезгілде тиіп, қайыққа қуат-күш беріп келеді. Бірақ ескек есу ойыншық емес, толассыз қимыл. Ескекшілер теріс қарап отырғандықтан Кириск олардың бетін көре алмайды. Оның есесіне олардың бұлшық еті ойнаған жауырындарын көреді. Өздері сирек сөйлейді. Рас, әкесі Эмрайин анда-санда артына бір бұрылып, күлімсіреп қарап, баласына: «халің қалай?» — дегендей болады.

Жол ұзай берді. Ересектер сабырлы, саспайды. Ал Орган қарт болса, мүлде қыңбай, сол бір қорқорын сорып қойып, қайықтың жүрісін басқарып отыр. Әрқайсысы өз жұмысын атқарып, жүзіп келеді. Рас, Кириск, бірде Мылгунмен, бірде әкесімен қосылып, бірер рет ескек есті. Ескекшілер: «Мейлі есіп көрсін» дегендей бала тілегіне қарсы болған жоқ. Бала жалғыз ескекті қос қолдап-ақ жұлқылағанмен, көпке шыдай алмайды: қайық аса ауыр, ескек те ол үшін ересен үлкен еді. Бірақ ешкім балаға кінә да артқан жоқ, әлсізсің-ау деп есіркеген де жоқ. Тек әйтеуір үнсіз қимыл

Рас, Тарғыл төбет кенет көзден таса болғанда әлдеқалай бәрі бірден қауқылдасып қалды.

— Тарғыл төбет үйге қайтты! — деді Эмрайин.

— Иә, қайтып кетті! — деп қостады Мылгун.

— Апырай, ә? Қайтып кеткен екен ғой, — деп Орган қарт та бұрылып қарады. — Е, онда шаруа жаман болмас. Әй, Кириск, — деді балаға қулана қарап: — Айқайлап шақырып көрсең қайтеді, мүмкін, Тарғыл төбет кайтып оралар?

Бәрі күліп жіберді. Кириск те күлді. Сәл ойланып отырып:

— Онда кері қайтайық, Тарғыл төбет сонда келеді, — деді дауыстап тұрып.

— Қарай гөр мұның тез қайтқышын! — деді Орган оспақтап. — Жо, онан да бері таман кел, шаруа бар. Теңізге қарай-қарай көзің талған шығар. Ол шіркінді қарап тауыса алмайсың.

Кириск тұмсықтағы орнынан тұрып, қайықтың түбінде жатқан заттарды: бұғы терісіне ораған екі винчестер, гарпун, орама арқан, суы бар кеспек, азық-түлік салған қапшық, тағы-тағы бірдеңелерден аттап өтіп, қайықтың құйрық жағына жылжыды. Қайықтың қабырғасына сығыса ескекшілердің тұсынан, ескектерден аттап өтіп бара жатып ересектердің қара тер жуған мойны мен жотасынан шыққан ащы тер мен темекінің иісін сезді. Әкесі теңізге аттанып кеткенде шешесі оның ескі тері тонын алып, бетіне басып, иіскеп отырар еді. Сонда тоннан дәл осындай ащы тер иісі шығатын.

Тұсынан өтіп бара жатқанда әкесі баласына иек қағып, иығымен жай ғана бүйірінен итеріп қалды. Екі қолы ескектерден бос емес. Бірақ, Кириск әкесінің абайсыз еркелеткен қылығына елжірей қалған жоқ. Қарай гөр еркелетуін! Теңізде үлкен-кіші жоқ. Теңізде сен әкесің, сен баласысың деп жатпайды. Теңізде тек басшы ақсақал ғана бар. Оның ықтиярынсыз, басы артық қимыл болмақ емес.

— Кел, жайғасып отыр,— деді Орган орын көрсетіп, шодырайған ұп-ұзын қолын баланың иығына тигізіп. — Сен осы аздап қорықтың-ау деймін, о? Ә дегенде мықты-ақ сияқты едің, соңынан…

Кириск қысылып қалды: Орган шал бәрін байқап отыр екен гой. Бірақ бала бой бермей:

— Жоқ, аткычх , түк те қорыққан жоқпын! Неден қорқамын? — деп бебеу қақты.

— Әйтсе де, теңізге бірінші рет шығуың ғой.

— Бірінші рет болса қайтейін?! — деп бала дес бермеді. — Мен тегі ештеңеден де қорықпаймын.

— Мейлі, солай-ақ болсын. Ал, мен баяғыда теңізге алғаш рет шыққанымда, шынымды айтсам, тәуір-ақ қорқып едім. Қарасам: жаға мүлде көрінбейді. Тарғыл төбет те, қайда кеткені белгісіз, ғайып болыпты. Айнала тек толқындар тулайды. Ой, сонда үйге қайтқым келгені-ай. Жә, ана Эмрайин мен Мылгуннен сұрашы, олар қорықпады дейсің бе? Ана екеуі «рас, рас» дегендей бастарын шұлғып, ескектермен арпалыста, ыржия күлісіп қойды.

— Ал, мен қорықпаймын! — деп қасарысты Кириск.

— Ой, онда азамат екенсің! — деп карт оны құптап қойды.

— Ал, енді сен маған мынаны айтшы: Тарғыл төбет қай жағымызда қалды?

Тұтқиыл сауалдан Кириск ойланып қалды да, қолын созып:

— Ана жақта! — деді.

— Қателескен жоқсың ба? Қолың қалтырайды ғой өзі. Бала қолын қалтыратпауға тырысып, сәл-сәл оңға бұрып:

— Ана, жақта! — деді.

— А мұның дұрыс! — деп құптады Орган. — Ал, айталық, қайықтың тұмсығы былай қарап түр делік. Сонда Тарғыл төбет қай жақта қалады?

— Ана жақта!

— Айталық, жел бізді былай бұрып жіберсе ше?

— Ана жақта?

— Айталық, солға қарай жүрсек ше?

— Ана жақта!

Дұрыс-ақ делік. Ал, бірақ, айнала су, көз тоқтатар дәнеңе жоқ, сонда мұның бәрін сен қайдан білесің? — деп қоймады Орган. — Айтшы, кәне?

— Е, менің тағы да көзім бар емес пе, — деп Кириск сасар емес.

— Ол қандай көз тағы да?

— Қандайын білмеймін. Әйтеуір, ішімде сияқты, көрмей-ақ көретін сияқты.

— Ішімде дейсің бе? — Бәрі күлісіп алды.

Оның да жөн, —• деді Орган.— Ондай көз болады. Тек ішіңде емес, басыңда.

— Ал, мен ішімде деймін, — деп берісер емес Кириск, ондай сезім көзінің іште емес, баста, мида болатынын енді түсіне тұрса да.

Біраздан соң шал Кирискіні тағы да сынаққа алды. Ақыры баланың теңіздің төрт бұрышын тани білетін қабілетіне көзі жетіп, көңілі толып:

— Жарайсың, ішіңдегі көзің жаман емес екен, — деп күбірлеп қойды.

Бұл мақтаудан көңілі өсіп қалған Кириск енді өзіне-өзі сұрақ қойып, жауап айтып жаттыға бастады. Әл-әзір теңіз сәл-пәл тынышта жан-жағыңды пайымдау аса қиын да емес. Асқақ та ұлы Тарғыл төбет оймен шақырғанда оп-оңай «ішкі көзге» елестеп, бала іздеген тұстан лезде табыла кетеді: баурайындағы бұйра-бұйра орманы, «құлағы» мен «бөксесінде» жатқан ақ таңдақ қары, жартасына толассыз шапшып арсылдап жататын дүлей толқын-дары — бәрі-бәрі баланың көз алдында. Тарғыл төбет көзіне елестегенде бала оның айналасындағы қырат-қырқаларды да көрмей тұра алмады. Енді еріксіз өз үй ішін бастады. Жағалаудағы қырқалардың ортасындағы алаңқай алқап, сондағы орманның пұшпағы, өзен жағасындағы ата қоныс — ағаш үйлер, сарайлар, иттер, тауықтар балық жайып қоятын аспа таяқтар, шуда түтін, шаң-шұң дауыс солардың арасында шешесі мен қарындасы бәрі-бәрі көңіл айнасынан көрініп тұр. Шешесі мен қарындасы қазір не істеп отырғанына дейін анық көрінеді. Шешесі, әрине, Кирискіні, күйеуін, теңізге шыққан аңшылардың бәрін ойлап, уайымдап отыр. Иә, дәл қазір оларды ойлап отырғаны ақиқат. Ойлауын ойлайды да, менің нені уайымдап отырғанымды жын-пері біліп қойды-ау деп артынан қорқып қалады. Кирискіні еске алар тағы бір адам, сірә Музлук болар. Музлук, сірә Псулкпен ойнаған болып мұның үйіне келген де шығар. Музлук сонда абайламай, теңізде жүрген Кириск туралы бірдеңе деп қалса, шешесі оны сөгіп тастайды-ау, сірә. Шешесі: «Не деп сандалып тұрсың, сен қыз? Кирискінің орманға отын ала кеткенін білмеуші ме едің?» — деп сөгер-ау. Қыз оны сонда барып түсініп, ұялғаннан үндемей қалар. Солай ойлауы-ақ мұң екен, Кириск Музлукты аяп кетті. Өзі туралы Музлуктың ойлағанын Кириск ұнатады-ақ, бірақ соған бола шешесінен сөгіс естіп қалатынын қаламас.

Ал, қайық болса, бұрынғыша толқындардан қалқып өтіп, жүзіп барады. Айнала сол бір жыбырлап жалт-жұлт еткен таңдай толқын, ақжал теңіз. Нивхілер түс ауа, ең ары кеткенде кешке дейін Үш Емшек аралдарының ең жақыны — Кіші Емшекке жетіп жығылып, сәті түссе, аң аулауды сол жерден бастамақ мақсаты бар. Содан жарық барда екінші арал — Орта Емшекке жетіп, сонда түнеп шықпақшы. Орта Емшектің бір артықшылығы — жағасында қайық қоятын тып-тыныш қойнауы бар. Таң ата тағы да теңізге шығар. Бүгін кеште жол болып, бірден үш нерпа атып алса, таң азаннан аялдамай кері қайтпақ.

Қалайда ертең сәске түске дейін кері жолға шығу керек. Теңізде жолдың ерте басталғаны абзал

Мұның бәрін Орган қарт күн ілгері ойластырып қойған. Оның жәрдемшілері Эмрайин мен Мылгун болса, Үш Емшекке олардың бұл бірінші келуі емес істің мән-жайын Олар жақсы біледі. Күн райы бұзылмай тұрса, жайқуаттан аңды дер кезінде атып алса болғаны. Ең бастысы осы, басқасы өзінен-өзі біте жататын жайдақ шаруа.

Орган қартты теңізге бұл жолы алып шыққан тек мұқтаждық қана емес. Несібеңді теңізден теріп жүрген соң амал жоқ. Бірақ бұл жолы оның теңізге аңсары ауды. Теңіз қиырында қартың құштар ойлар құшағында тербетілер еді. Оның да өзінің бір аяулы-асыл ойлары бар. Құрлықта күйбең тіршілікпен жүргенде уақытың бола бермейді деп теңізге шыққанда әлгі бір сағынышты саздай сабаз сырлардың әлдиіне алаңсыз берілетін сәттер туады. Айдын аясында ол өзін Теңіз бен Тәңірінің туысындай сезінер еді.

Қиырсыз құдіретпен бетпе-бет отырғанда қалтылдақ қайық үстіндегі адам дәрменсіз бишара екенін ол жақсы біледі. Бірақ адам — ой дүниесі ғой. Әне содан соң ол Теңіз бен Тәңірінің ұлылығына пара-пар. Әне содан да ол мәңгілік зіл-зұлматпен айқасқа түсіп, әлемнің асқақтығы мен тереңдігіне тең дәрежеде тұра алмақ. Әне содан да кеудесінде жаны барда адам баласы рухы теңіздей терең, аспан-тәңірідей шексіз, өйткені оның ақыл-ойында шек жоқ. Ал, адам көзі жұмыла кетсе, оның ойын келесі біреу жалғап әкетпек, одан тағы келер ұрпақ ұласар, солай-солай кете бермек. Осы ащы ақиқатқа көзі жеткен қарттың жаны жай тапқандай болды.

Ажалдың ақиқат екенін, енді кәрі қойдың жасындай ғұмыры қалғанын, өлім шіркін ақырғы меже екенін қарт түсінеді-ақ, әйтсе де ол Балық-әйел туралы өзі керетін қасиетті түс өлгеннен соң да әлдеқалай созыла берер деп үміттенеді. Келер ұрпаққа мұраға бәрін қалдыруға болады, ал түсіңді қайтіп қалдырарсың, түс мұралыққа жатпайды, ендеше өлгеннен кейін де ол өзіммен бірге болады деп ойлады. Түс мәңгі-бақи жоғалып кетуі мүмкін емес… Балық-ана — мәңгілік, ендеше ол туралы түс те мәңгілік болса керек.

Теңіз үстінде қартқа бұл ой жиі оралады. Осыны ойлап ол жолдастарымен сөйлеспей, көпке дейін сазарып үнсіз отырады. Су бетіне тесіле қарап отырып ол әлдекімге жалбарынғандай жалғыз арыз айтады: Балық-әйел жөніндегі түсімнен айыра көрме, деп тілейді. О дүниеге тым болмаса түсті бірге ала кетуге болмас па, түсі өзімен мәңгі-бақи бірге болса қайтеді? Бұған ол нақты жауап таппай, түсім өзіммен бірге қалар-ау деп сенгісі келіп, қинала, қинала көп ойлайды.

…Ерте-ерте ертеде Тарғыл төбет тауының жанында ағайынды үш адам өмір сүріпті. Үлкені қағілез, ылдым-жылдым екен, бұғы-адамның қызына үйленіпті де, бұғы табынының қожасы болып, тундра жаққа көшіп кете барыпты. Кенжесі із кескіш, сұр мерген екен, орман адамының қызына үйленіп, аңшылықты кәсіп етіп, тайгаға ол да кетеді. Ал, ортаншысы жолы ауыр, туасы ақсақ, кембағал екен, ерте тұрып, кеш жатса да бүйірі томпаймас, бұғының соңынан жүре алмайды, орманнан аң да аулай алмайды. Ешкім оған қызын да бермейді, ағасы мен інісі оны тастап, өз жөндерімен кетті. Көкше теңіз жағасында ақсақ шіркін жападан-жалғыз қалып, балық аулап күн көреді. Балық аулап қайбір жарысын…

Бір күні ақсақ байғұс қайықтың үстінде теңізге қармақ қоя беріпті. Құдай беріп қалды деп қуанып кетеді. Қармақтың жібін бірте-бірте тартып, қайыққа жақындата береді…

Қараса — о, ғажап! Балық бейнесіндегі әйел әлгі! Суды сабалап, қармақты үзіп кетпекші болып, жанталасады. Қараса — болмай кеткен сұлу: денесі күмістей аппақ, айлы түнде су түбінде жатқан малта тастай жалт-жұлт етеді, кеудесінде қос алмасы серіппелі доптай дір-дір етеді, жасыл түсті жанарынан ұшқын шашырайды. Ақсақ балықшы Балық-әйелді судан шығарып, көтеріп ала бергенде, әйел шіркін оны мойнынан құшақтай береді де, екеуі қайықтың ішіне ұмар-жұмар құлай кетеді. Ақсақ байғұс мұндай ағыл-тегіл бақыттан есі шыға жаздайды. Не болғанын өзі де білмейді: қайық аспанға дейін секірген сияқты, теңіз аспанға дейін толқып, аспан теңізге аунап түскендей бір заман. Содан соң дауылдан кейінгі теңіздей бәрі сап бола қалады. Әне сонда әлгі Балық-әйел қайықтан секіріп түсіп, тереңге жүзіп кете барады. Ақсақ байғұс енді есін жиып, тұра ұмтылып, жалынып-жалбарынып, қайт деп зарлайды, бірақ Балық-әйел бір тіл қатпай, тұңғиыққа сүңгіп жоқ болады.

Теңіз жағасында жападан-жалғыз қалған ақсақ балықшының басынан осындай бір ахуал өтті. Балық-әйел сол кеткеннен қайтып көрінбеді. Ал, балықшы байғұс сағыныштан сарғайып, мүлдем азып кетті. Сол бір кезден бастап, балықшы байғұс күндіз-түні теңіз жағалап, көзінің жасы көл болып, әлгі Балық-әйелді жалбарына шақырып, тым болмаса алыстан бір көрінші, деп зар илейді. Толқынға қарай жүріп:

Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел? — деп жырлайды.

Толқын қайтқанда:

Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел? — деп жырлайды.

Айлы түні су жағалап: — Теңіз — менің қасіретім, Сулар — менің көз жасым. Қара жер — менің қу басым, — деп жырлайды.

Қараңғы түнде ұйқы көрмей:

Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел? — деп күңіренеді.

Толқын соққанда да, толқын қайтқанда да жырлайды. Сөйтіп жүргенде қыс көшіп, іле-шала көктем де өте шығып, жаз келгенде бір күні ақсақ балықшы тізеден толқын кешіп, кенет бір жерден Балық-әйел көрініп қалмас па екен деп, бір жерден үн қатпас па екен деп, оны айқайлап шақырып, теңіз жағалап шойнаңдап келе жатқан. Кенет теңіздегі қайраңнан баланың жылаған даусы естілгендей болады. Иә, бір нәресте ішегі үзіле үздіксіз жылағандай көрінеді. Ақсақ балықшы әлгі дауыс шыққан жаққа жүгіре жөнеліп еді, өз көзіне өзі сенерін де, сенбесін де білмейді — дәл судың кемерінде, қайраңда жап-жалаңаш бір нәресте отыр, оқтын-оқтын толқындар оның үстін шайып өтіп, арс-арс етеді, ал сәби болса: «Кім менің әкем? Әкем қайда менің?» — деп айқайлап, жылай береді. Ақсақ балықшы бұрынғыдан бетер есі кетіп, не істерін білмей сасады. Сәби оны көріп қалып: «Сен менің әкем! Көтеріп ал мені, мен сенің ұлыңмын!» — дейді. Міне, қызық-тамаша! Балықшы ұлын алып, үйіне қайтады. Бала тез ер жетіп, теңіз кезе бастайды. Жау жүрек, шымыр, ақжолтай аңшы болып өседі: ау салса — балыққа лезде толып қалады, садақ тартса — атқан оғы теңіздегі аңды толайым жайратып өтеді. Баланың даңқы шартарапқа жайылып, орман, тауларды кезіп кетеді. Орман адамдары оны қатты құрметтеп, бір қызын ұзатады. Одан бала-шаға туып-өніп, Балық-әйелдің тұқымынан тараған адамдар әулеті көбейе береді.

Әне, сол себепті де жиын-той, мерекеде ылғи да мына өлең айтылар:

Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел? Сенің ыстық құрсағыңда — тіршілік. Сенің ыстық құрсағыңнан біз тудық Сенің ыстық құрсағындай жаннат жоқ, Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел? Аппақ мамаң нерпа балық басындай Ақ мамаңның сүтін емдім жасымда. Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел? Ең ер жүрек еркек саған жетер-ау, Құрсағыңа ұрық сеуіп кетер-ау. Жер бетінде ұрпақтарың көбейер, Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?

Бұл тұс мұхиттың тұңғиығынан шымырлап шығып бір сәтке жағажайдағы шалғын мен құмдауытты су астының қарабарқын сиқырлы сылаң сәулесіне шомылдырып, шайып өтетін толқындай ұрлана жылжып келетін.

Осы түсті көрген сайын Орган таңғажайып әсерден арыла алмай, көпке дейін өң мен түстің арасында есеңгіреп жататын. Балық-әйелмен кездесуі шын өмірде бола қалса, ол туралы тіс жарып жан баласына айтпайтыны сияқты, бүл түске Органның сенетіні сонша ғұмырында оны тырс етіп бір адамға айтқан емес.

Иә, бұл қуанышы мен мұңы аралас, жанға жазылмас жара салып, жүрек сыздатып, жиі келетін жансерік түс еді. Бұл түстің ғажап қасиеті мынада еді: осы түс әрдайым өзінің таңғажайып сайқал-сұлулығымен, шытырман шырғалаңымен елестетіп, дәмелендіріп ынтықтыра түсетін сиқыр мәнімен, таусылмас тәттілігімен Органды таңғалдыратын. Мәлімсіз аян беретін, сөйте тұра шешусіз жұмбақ болып, адамды таусылмас сан сауалдың астында қалдыратын өң мен түстің арасындағы беймәлім байланыстың құпиядан да құпия сырын ашуға талаптанып, Орган сол түсті ылғи да сағынып, айтып таусылмас арман-тілекпен әрдайым Балық-әйелмен кездесу сәтін, түсте де болса кездесу сәтін аңсаушы еді.

Ол Балық-әйелмен түсінде теңізде кездесетін. Балық-әйелдің көрінуін күтіп, теңіз жағасына шығып, жағалаудағы қылпықсыз құмның үстімен кеп жүрер еді. Құмға түскен із лезде өшіп, оның орнында батқан күннің соңғы сәулесінен түскен болмашы көлеңке ғана қарауытып қалар еді. Сол көлеңке көкірегін шексіз сағыныш кернеген, сол сағыныштан жаны сыздаған адам жүріп өткен қара қар сияқты болып жатар еді. Органның жанын махаббат мұңы, тілек пен үміт мұңы тебірентер де сыздатар, ал теңіз болса сезімсіз, кеуек кеңістіктей селт етпес. Сол сыздауық тылсым жалғыздық сәтінде не лүп еткен жел, не тырс еткен дыбыс, не бір сыбыр естілмес те білінбес. Ал, Орган болса теңізден көз алмай, алтын арай таңдай ғажайыпты — Балық-әйелдің келуін зарыға күтеді.

Алтын шапақ перизат орнына, ың-жыңсыз, ақ көбікті мылқау толқындар сансыз лекпен жолын кес-кестей берген соң Органның амалы құрып, шыдамы таусылады. Төбесінде аласұрған жапалақ-жапалақ ақ қар құсап, дыбыссыз ақ шағалалар ұшып жүреді. Балық-әйелді күте-күте, күткен сайын жан дүниесі зар жылап, тежеусіз, өлшеусіз сағыныштан сабыры кетіп, азаппен арпалысып, мына тас керең, тас-тылсым меңіреу кеуектен орын таппай, тағаты таусылар да, егер осыдан Балық-әйел бір көрінбесе халі мүшкіл боларын, жалғыздықтың кеуек жазирасында жазым болып кететін түстің өзінде де өңіндегідей түсінер еді де, жанталасып айқай салып, әлгі әйелді шақырар еді. Бірақ өз даусын өзі естімес, осы бір сұмдық түсте жалпы тырс еткен үн шықпас, бұл түс дыбыс атаулыдан құрдым. Теңіз де тылсым. Тек өзінің алаөкпе болып алқынған, аласұрған, тарсылдап, тарыла шыққан тынысы мен шеке тамырын солқылдатып, бейберекет безілдей соққан жүрек дүрсілі ғана Органды бұлтартпай өкшелеп алған. Осы сезімнен оның жүйкесі жүдеп, өзінен-өзі безініп, өзінен-өзі құтыларға жер таппай, діңкесі құриды. Суға батып бара жатқан бейбақ ақырғы демі біткенше әлдеқайдан көмек күтетіні сияқты, бұл да Балық-әйелді үзіліп-үзіліп, асқақ сезім алауына шарпыла, өлердей өртене күтеді. Өйткені оның бар бақыты, бар дәурені тек қана Балық-әйел екенін Орган біледі, білгенде қандай!

Ақыры бір дәуірде Балық-әйел толқын арасынан дидары қылаң беріп, жасыл отты жанары Органға меңзеліп, су астынан теңіз бетіне сылаң етіп суырыла шыққанда, тас керең адамның құлағы кенет ашылып кеткендей, таудан тасқын құлағандай, дүние жанданып жүре береді. Сонда Орган дыбыстың қайта тірілгеніне, қайтадан толқындар гүрілдеп, жел гуілдеп, төбеде шағалалар шаңқылдап жүргеніне жүрегі жарыла қуанғанын айтсаңшы, жүрегі жарыла қуанып, айқай салып, теңізге қойып кетіп, кит тәріздес жойқын жүзгіш мақлұққа айналып, Балық-әйелге қарай ызғығанын көрсең!

Ал, Балық-әйел оны күтіп, бір орында буырқанған иірім сыза айналып, бір сәт судан шоршып шығып, аспанға ілініп қалғандай еді. Сонда ол теңізге кездейсоқ түсіп кеткен кәдімгі қыпша бел қас сұлудай, денесі діріл қағып, ап-айқын көрініп тұрып еді.

Оның қасына Орган жүзіп жеткен соң, екеуі мұхитқа қарай бет алады. Екеуі қатарласып, бір-біріне жанасып, зымыран жүзіспен алға қарай заулайды. Органның сағыныш пен тылсым құрсауында жалғыз жүріп аңсары да осы еді-ау.

Енді екеуі бірге келеді. Екеуі де ерен күшпен, зымырап жылдамдықпен жүзіп келеді. Буалдыр көкжиектің шебінен, су тұңғиығынан сиқырлы сәуле шашырағандай, мұхит беті соның шапағымен жалт-жұлт етіп, сансыз сәуле жымың қағады. Екеуі толассыз толқындардың дудар-дудар жалдарын жарып өтіп сынаптай сыпсың көкжиекке құйындай ұшып барады. Таудай-таудай толқындардың біресе шыңына шығып, біресе құлдырай құлап, осынау самғау әсерінен қанаттанып, екеуі толқыннан толқынға шабыттана шарықтайды. Су бетіне түскен сап-сары ай суреті толқын әсерінен созылыңқырап, мына екеуінен бір елі қалыспай, шоқырақтап жарысып келеді. Мына межесіз мұхит жазирасында тек Орган мен Балық-әйел және ай ғана асыр салып барады. Орган, Балық-әйел, сап-сары ай және мұхит! Бұл бақыт деген сезімнің шырқау шыңы еді бұл деген азаттық арнасы еді, бұл деген қос жүректің кездесу салтанаты еді…

Олар тоқтаусыз, толағай күшпен әлдебір ақ арман жағалауына қарай зымырай жүзіп жүйткиді. Оларды жаннат жағалау ынтықтырады. Сол арада олар қауышып, алаулаған арынды басып, өмірдің бастауы мен соңы болар сәттің бар ләззаты мен ащы азабын тататын, найзағай отындай қас-қағымда жарқ етіп өтетін шақты бастан кешеді.

Сол аңсаулы арман жағалауына тезірек жетуге жанталасып екеуі алға зымырайды.

Зымыраған сайын бойларын кернеген құмарлықтың от қызуы алаулай түседі. Орган қажу білмей, бар қайратын, бар жігерін салып, құлшына жүзіп барады. Уылдырық шашу үшін аңсаулы жағаға қызыл балық дәл осылай асығады да, діттеген жеріне жетіп, уылдырық шашып болған соң өліп кетеді. Орган да махаббат жолында құрбан болып кетуге дайын. Ал жұмбақ Балық-әйел Органды ынтықтырып, мұхиттың дүлей түкпіріне тағы да, тағы да еліктіріп әкетіп барады, шашыранды суы кемпірқосақ бояуындай сан құлпырып ойнаған толқындарды жарып өтіп, Балық-әйел асыл маржандай сәуле шашып, мүсінді денесі сәмбі талдай серпіліп ойнап, Органды есінен тандыра жаздайды. Үйірілген толқын судың көгілдір де сүт түстес құйынымда перизат бейнесі сұлулықтың тәңіріндей көз жауын алар еді.

Екеуі бір-біріне тіл қатпайды, екеуі тек буалдыр су шашырандысы арасынан бір-бірінің дидарын көре түскісі келгендей бірінен-бірі көз алмай, өздеріне тағдыр белгілеген мекенге қарай арындай арпалысып, тағаты таусыла ұшып келеді.

Бірақ өлер сол мекенге еш уақытта жете алған емес, сол бір сағат еш замат соққан да емес…

Органның бұл ғажайып түсі көбінесе құрдымға кетіп, кенет үзіліп, бұлаң еткен шалық түтіндей лезде ғайып болатын. Ол сонда сансырап қалар еді. Шынымен қапаланып көпке дейін жүрегі сыздап, әлдене ләззатқа қанбай, қанағаттанбай қалғандай сезімге шомар. Көп мезгіл өткен соң, кейде ол әлгі түсті егжей-тегжейіне дейін есіне түсіріп: бұл ненің нышаны, не мегзеу? — деп шынымен қатты ойланып қалар. Өйткені түсінде көргені түстен гөрі өңге ұқсас-ау деген сенім есі-дертін билей берер еді. Әдетте түс деген — түлкінің боғы, көресің де, ұмытып кетесің ғой. Ондай түстен адам өстіп, қайғыменен қан жұтар ма? Ал, Балық-әйел Органның жатса-тұрса көз алдынан кетпей қойса — не шара. Түсте емес, осы өмірде, өңінде шын болған оқиғадай орасан уайымда қалдырды.

Ал, осы түс кейде тым ауыр аяқталып, Органның жан жарасын қатты осқылап кетер еді.

Түсінде ол Балық-әйел екеуі аңсаулы мекенге, әлдебір жағалауға енді міне, жақындап қағандай, әлдебір қарауытқан жағаға қол бұлғап тұрғандай болады. Махаббат жағалауы сол болатын. Бір-бірімен қауышып, біріне-бірі толайым беріліп, сүйісер сол жағаға екеуі де аласұрып, жойқын сезім бой кернеп, керемет күшпен арындап ағып келе жатыр еді ғой. Әлгі жағалауға енді жеттік-ау деген кезде, екеуі де суы тізеден келетін құмдақ қайраңға тірелсін де қалсын. Орган кенет жалт қараса, Балық-әйел қатыбас қайраңнан шыға алмай жанталаса бұлқынып жатыр екен. Тұла бойынан суық тер бұрқ ете қалған Орган әйелді тұтқыннан босатпақ болып тұра ұмтылды. Бірақ аяғы өз аяғындай емес, жаны кетіп, былқ-сылқ етіп, ырыққа көнбейді. Жансыз аяғын сүйретіп, торт тағандап еңбектеп, оппа секілді опасыз құмда қайраңдап, Балық-әйелге жеткенше арада мың жыл өткен шығар. Балық-әйел дәл жанында, қол созым жерде жатыр-ау, бірақ соған жетем дегенше жылбысқы балдыр оралып, оппа батпаққа құлап, суға тұншығып, тынысы тарылып, айтқысыз азапқа түсті. Әсіресе перизаттай Балық-әйелдің ұйыққа шырмалып, жан ұшыра бұлқынып, аласұрғаны Органға мың есе қатты батты. Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде әйелге жетіп, оны көтеріп алып, бауырына қысып, басы айналып, аяғын әрең басып жағаға шығып келе жатқанда Балық-әйелдің жүрегі жарылып кетердей, қолға түскен жаралы құстай жанталаса соққанын анық сезді. Ол сонда құшақтап келе жатқаны бейдәрмен жас сәбидей болғаннан ба, әлде өзі құмартып сүйген әйелді яки аяудан, яки оған деген шексіз сүйіспеншіліктен бе, әйтеуір бір тасқын бойын билеп, көмейіне тас түйін, ып-ыстық жас тығылды. Әм тебіреніп, әм Балық-әйелден ұялып, көздің жасын әрең тоқтатқан. Әр адым сайын әйелді ойлап, аялап, аяғын абайлап басып, жермен емес-ау, ауамен келе жатқандай, жұмсақ жүреді. Ал, Балық-әйел көз жасын көл етіп: мені қайтадан теңізге апарып, еркін дүниеге қоя бер, деп жалынады. Балық-әйел Органды теңізден тыс жерде сүйе алмас, теңізден шықты болды: тынысы бітіп, демі таусылып, өліп бара жатады. Көзінің жасы бұршақтап, жалына да жан ұшыра қарағаны соншалық, Орган дәті шыдамады. Кері қайырылып, қайраңнан өтіп, теңізге бірте-бірте бойлай еніп барып, абайлап құшағын жазып, әлгі әйелді босатып қоя берді.

Балық әйел жүзіп жүре берсін, ал Орган болса меңіреу адамдай есеңгіреп, жападан-жалғыз қала берсін Кеткен перизаттың соңынан қарай-қарай, жылап оянды…

Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел? Теңіз — менің қасіретім, Сулар — менің көз жасым, Қара жер — менің қу басым, Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?

Осы бір түсті еске алудың өзі дерт: қолына алып, көтеріп, қайтадан теңізге босатып қоя бергені түсінде емес, өңінде болған оқиғадай шалықтай береді. Бұлай болғаны несі? Адамның арамза тілегі, сірә, түсте орындалмаушы ма еді? Мұның кілті кімде сонда? Мұндай түс көрсетіп, соншама әуре-сарсаңға салып қойған кім, яки не сонда? Бұл түсте нендей құпия, нендей мағына бар? Ойлай-ойлай, шешуін таба алмай, Орган осы ойдан лағып, әйелді еске алмауға тырысып бағады-ақ.

Ал, теңізге шықты — болды, Балық-әйел туралы ой қайтадан қамалайды. Теңіз үстінде келе жатып, осынау ғажайып сиқырлы түсті қайтадан көзінен тізіп өткізіп, сабырлы сана елегіне салып, таңғалар да толғанар: осыны ойлап бас қатырып нем бар, өмірде жоқ Балық-әйелді іздеп, соған бола санаменен сарғаю менің қарт басыма не лайық? — Өзін-өзі осылайша кінәлап және де: егер Балық-әйел туралы ой-арман болмаса, өзіме-өзім масыл болар едім — қартайғаным мынау, күш қайтты, көздің жанары, беттің нұры тайды, тіс түсіп, жақ қаусады, — деп мойындайды. Бір кезде оны дәуірлетіп, даңқын шығарған қасиеттің бәрі бірте-бірте бұлдырап, адасып қалды да, енді міне, төрінен көрі жақын кез келді, ал бірақ кеудесі түскір өлермен: жаны бар болғыр қартаймайды, аңсауың көңіл шіркін жігіт шағындағыдай арман-қиял құшағында шарқ ұрады. Әлгіндей әлем-жәлем түс көріп, орасан ойлар шырмауында жүретіні сондықтан. Адамзат тек өзінің ойы менен түсінде ғана ажалсыз, азат өмір сүре алар. Арман ағысында ол көкке көтеріліп, теңіз түбіне түсе алар. Ақтық демі таусылғанша ой ойлап, қиял қанатында ұшатындығымен де адам биік, адам ұлы. Ал бірақ ажалға бәрі бір-ақ тиын: сенің өмірді сүйетінің, ой-арманыңмен қандай ғарыш биікке көтерілігі, нендей даналық шегіне жеткенің, не түс көргенің — ажалға бәрібір, ол мұнымен санаспайды. Неге бұлай? Жарық дүние неге бұлай жаралған? Мейлі Балық-әйелі түс бола қойсын, бірақ осы түс тым құрыса ана жайда, о дүниеге мәңгі-бақи қалса несі кетеді?

Орган қарт Балық-әйелдің барына сенеді де, ол туралы ойларымды теңіз де ұйып тыңдап ұғады, деп нанады. Теңіз төсінде ол еркін тыныстап, ой-қиялдың шарықтауына ерік береді. Осындайда ол бар мұң-зарын армансыз ағытып алушы еді. Ой тұңғиығында отырып, кейде ол: Балық-әйел екеуміз дәл осы жерден жүзіп өтпеп пе едік?» деп тілсіз тұңғиыққа үңіледі.

Сонда ол қорқорын қайтадан темекімен толтырар. Шылымның түтінін құмарта жұтып отырып: «Осы бір ащы да болса, жаныңды жай таптырар улы шөп қайда өсуші еді… — деп қояды. — Саудагерлердің айтуынша, Маньчжурия дейтін жерде есетін көрінеді. Сол жерден саудагерлер алып келеді. Алыс-ау сол Маньчжурия тым алыс. Біздің тайпадан ол жерге ешкім барып көрген емес… Темекі де шыннан ормандағы шөп құсап өсе ме екен? Ғажап-ай, бұл жарық жалғанда нендей ғажайыптар жоқ десеңші…»

Мезгіл түстен ауып барады. Осы уақыт ішінде күн әлденеше рет бұлттың арасына кіріп шықты. Әлгі бұлт әлдеқайда көкжиектің ар жағынан кенет шыға келген. Сол арада алай-дүлей долы дауылдың үясы жасырынып жатқандай көрінеді. Күн бұлттың арасына кіріп кеткенде теңіз беті лезде күңгірт тартып, тұнжырап, айнала төңірек ызғар шашып тұрғандай бола қалады. Ал, күн бұлттың арасынан сәуірдегідей жайнаң қағып шыға келгенде, теңіз бетінде мың-миллион алтын сәуле көз ұялта жарқырап, асыл тастар толассыз биге басқандай, көңіл еркін қайтадан шаттанып шыға келеді.

Кириск теңізге бауыр басып, бойы үйреніп, тіпті аздап жалыға бастағанмен алып дарияның соншама ұлан-ғайыр шексіздігіне таңдануын қойған жоқ. Қанша жүзіп жатса да, ұлы судың әлі қиыры жоқ. Жер бетінде жүргенде даланың кеңдігіне ол теңіздегідей таң қалмас еді ғой.

Ал, ересектер болса ештеңені елер емес. Олар мұндайға әбден үйреніп кеткен. Эмрайин мен Мылгун теңіз бетін ескекпен бір қалыпты ырғақпен қалқи есіп келеді. Өздері тіпті шаршайтын емес, Орган көмектеспек болып еді, оған олар көнбеді. Қайтар жолда, қайықтың жүгі ауырлағанда қолғабыс етерсіз, ал әзір рульде отыра беріңіз, деді Органға. Орган карт қайықтың құйрығында жемтік аңдыған ақшулан бүркіттей, сорайған мойнында жұтқыншағы шодырайып, именіңкіреп отыр. Өз ойымен өзі болып, көбіне үнсіз қалыпта.

Ал, қайық болса сол бұрынғысынша толқындарды сүзгілеп, қаздаң қағып барады. Толқындар да бір қалыптан өзгермей, аса бұлқынбай, баяу лықсиды, Бәсең жел де есірік емес әзір.

Аңшылар, сөйтіп, жүзіп келеді…

Ата! Ата! Ананы қара, арал көрінді! Кіші Емшек! — Кириск Органды иығынан жұлқылап, қуанғаннан дауыстап жіберді.

Қайдағы арал! — деп Орган оған сенбей, көзін қолымен көлеңкеледі. Бала нұсқаған жаққа ескекшілер де едірейе қалысты.

Мүмкін емес, — деп міңгірледі шал Өйткені баланың меңзеген жағы бұлар діттеген жақтан мүлде басқа бағыт еді.

Бала алдамаған екен. Алыста-алыста, көз ұшында сорайып-сорайып судан шыққан жартастай болып, қиқы-жиқы, қара қошқыл бір жолақ қозғалмастан қарауытып тұр. Орган оған көп тесіліп қарады.

Жоқ, ол арал емес, — деді ақыры нық сөйлеп. — Біз Кіші Емшекке тура, күнбатыс бағытта келе жатырмыз. Ал, мынауың мүлде басқа жақта. Әй, қайдам, ол арал емес. Жоқ, ол арал емес.

Бұл маңнан біз еш уақытта ондай арал көрген емеспіз, — деп қалды Мылгун. — Кіші Емшек сол жақ қапталда, ал мынауыңның не екенін білсем бұйырмасын.

Ау, осы тұман болып жүрмесін, әлде бұлт па екен? — деп міңгірледі Эмрайин. — Әлде толқын көтерілді ме? Онда неге жылжымайды?

Не екенін құдай білсін? Тұман ба; бұлт па — белгісіз, алыс қой, әйтеуір. Бірақ арал емес, — деп болжады Орган. — Егерім, бұл тұман болса, жақсылығы шамалы-ау, қайдам.

Ештеңе етпес. Тек жел қатаймаса болғаны, — деді Эмрайин ескекке күш сала түсіп. — Бір орыннан қозғалмай тұр ғой. Ол жақта біздің шаруамыз жоқ. Не болса да тұра берсін…

Елдің алдымен көріп тапқан нәрсесінің беймәлім болып шыққанына Кириск о дегенде өкінсе де, сәлден соң оны ұмытып кетті.

Аңшылар қателеспеген екен. Кіші Емшек аралы көп ұзамай сол жоқ қапталдағы судан шыға келді. Сол екеніне күмән жоқ. Бұл өзі шынында да емшекке ұқсас, жаппай тас, шағын ғана төбе екен.

Аралды көріп аңшылар қауқылдасып қалды. Әсіресе Кириск қатты елеңдеді: демек, теңіздің де ортасында бір қарайған бар екен-ау, мүлде шексіз емес екен. Қызық, сірә, енді басталатын шығар.

Ал жеттік, — деді Орган баланың басындағы қаптаманы жұлқылап қойып. — Тарғыл төбет өзі ауылда қалса да, бізді аралға дейін шығарып салды. Егер біздің соңымыздан жүгіре берсе суға батып кетер еді, ә?

Батқанда қандай! — деп қостады Кириск шалдың қалжыңының астарын ұғып.

Бізге Тарғыл төбеттің ауылды қорып қалғаны керек. Ал, біз оны қаперден шығармай, жолдан адаспай, аң аулайтын жерге де жетеміз. Сеніңше, енді бізге Тарғыл төбет керек пе, керек емес пе?

Жоқ, енді керек емес, — деп қойып қалды Кириск. — Енді қалай қарай жүзеріміз өзімізге де белгілі.

Ойлансаң қайтеді а, шырақ? — деп Орган наразылық білдірді. — Қарай гөр өзінің пысық бола қалуын. Ойлансаң қайтеді.

Алыстағы аралға жеткенде енді Тарғыл төбеттің неге керек екенін бала аңдамай қалып еді.

— Е, бүл жерде Тарғыл төбеттің керегі не?

— Керегі не деймісің? Үйге қалай қайтасың? Қайда қалай қарай жүзесің? Ал, ойланшы кәне? Таптың ба? Әбден қарап ал: аралға біз қай тұсынан жүзіп келеміз. Тарғыл төбетке арал қай тұмсығымен қарап тұр, есіңе тұт. Сонда кері қайтарда қалай қарай жүзу керек екенін білесің.

Кириск бұған үнсіз келісті. Бірақ намысты қолдан бергісі келмей, енді қайтер екенсің дегендей:

Ал егер қараңғы болсашы, а? Қап-қараңғы түнде түк көрінбей қалса ше? Сонда қайтеміз, a? Aha! Тарғыл төбет қай тұста екенін сонда қайтіп табамыз, а? — деп қойып қалды.

Несі бар, онда да білуге болады, — деді Орган саспастан.— Жолды білу үшін аспанда жұлдыздар бар. Жұлдыздар алдамайды, әрдайым дұрыс бағыт сілтейді. Тек қай жерде қандай жұлдыз тұрғанын білсең болды. Тұра тұр, әлі-ақ үйренесің. Сен Лувр үйрек жұлдызының шоғырын білесің бе өзің?

Білетін сияқтымын, — Кириск күмілжіп әкесіне қарады. Баласының қысылып отырғанын сезген Эмрайин:

Ептеп біледі, мен бір рет көрсеткенмін. Дегенмен, әлі үйрену керек-ақ, — деп қалды.

Сөйтіп, олар бірте-бірте аралға да жақындай түсті. Ал жағадағы тастар мен қия-құздар айқын көріне бастағанда, аңшылар нерпа жатқан жерді аңдып, аралды айнала жүзді. Нерпа табынын бірінші болып өзі көргісі келіп, Кириск жағадан көз алмайды. Бірақ үлкендер оған: аңды көргенде айқайлап, шу шығарып жүрме, деп ескертіп қойған. Нерпалар судан сүйретіліп шығып, күн көзіне қыздырыну үшін жағадағы тастардың арасына барып жатады, деп Орган айтқан. Аңның жатқан жерін байқаған соң, абайлап жағаға шығып, нерпаларды үркітіп алмай жасырын жақындай түсу керек. Бірақ қанша қараса да, Кириск ештеңе көре алмады. Құлазыған, тұнжыраған жалаң жаға. Уақыт тоздырған кілең қиқы-жиқы дүлей түйе тастар. Аралды айнала ақжал толқындар сарқ-сұрқ қайнап, үйме-жүйме мұздақ тастардан қарғып өтпек болып өршеленеді. Жоқ, Кириск бұл аралдан ештеңе де көре алмады. Тек текше-текше тастан басқа, тірі жәндік белгісі білінбейді.

Бәрінен бұрын Мылгун байқап қалды. Нерпалардың қай жерде жасырынып жатқанын көрмек болып Кириск алақтап жан-жағына қарағанша, қайық ол тұстан өтіп те кетті.

Ал Орган карт Кирискінің ештеңе көре алмай қалғанын бірден аңғарды.

— Кәне, көрдің бе? — деп сұрады ол баладан. Бала өтірік айтуға батпады.

— Жоқ, көре алмадым, — деп мойындады.

— Қайта бұрылайық, — деп бұйырды Орган ескекшілерге. — Тас арасында жатқан аңды айыра біл Әйтпесе сенен аңшы шықпайды.

Қайықты қайта бұрып, кері жүзу қауіпті болса да, ескекшілер қарттың бұйрығына тақ тұрды. Нерпалардың біреуі сезіктенді-ақ, барлық табын лезде суға түсіп зым-зия болады. Іс оңалғанда, әйтеуір аң бұларды байқаған жоқ. Нерпалар қаннен-қаперсіз тура судың жиегіндегі үйме-жүйме құж-құж тастардың тасасында әлі жатыр.

— Әне анау сынған азу тіс секілді қияқ тас пен ана қызғылт мұздақ төбешіктің арасындағы саңылауды қарашы, — деді Мылгун Кирискке.

Кириск қадала қарады. Бұл кезде Мылгун мен Эмрайин қайықты бір орында ескекпен жылжытпай ұстап тұрды. Сонда барып Кириск теңіз аңының созалаң зор денесін көріп қалды. Теңбіл сұр, жылтыр жоталары қыбыр етпейді. Кәніксіз көзге олар алыстан тас сияқты болып көрінеді.

Сол сәттен бастап баланы бір асау сезім биледі. Көптен күткен арман! Әне, анау жатқан нағыз теңіз аңдары! Нағыз аңшылық енді басталмақ!

Олар содан соң жағаға тоқтап, қайықтан түсе бастағанда балаға бір ерекше pyx біткендей, батылданып, масаттанып қоя берді. Батылданғаны — ол сол сәтте өзін күшті де үлкен кісі сезінді. Масаттанғаны — ол сол сәтте ересек аңшылардың жылдам да жіті қимылын көрді; олардың қайықты жағаға қалтқысыз әкеп тірегенін, Эмрайин мен Орган қарттың қайықты тулаған толқында ескекпен басбілгі асаудай ұстап тұрғанын, Мылгуннің малта тастың пұшпағына мысықша секіріп түсіп, қайықты арқанмен жағаға тартып тастағанын, Эмрайиннің мылтықты серт ұстап, жерге секіріп түскенін түгел көріп, көңілі толды. Олардың соңын ала, Органның көмегімен баланың өзі де жағаға шықты. Рас, аздап аяғын суға малып алып еді, әкесі күбірлеп кейіп тастады.

Қайықта жалғыз Орган қалды, өйткені қайықты толқын жұлып алып кету қаупі бар еді. Эмрайин, Мылгун және Кириск үшеуі нерпалар жатқан жайға бұқпантайлап, тас-тасты тасалап жүгіре жөнелді. Үлкендерден Кириск те қалыспай келеді, тек кішкентай жүрегі аттай тулап, мына бақыттылықтан масаң тартып, басы айналғандай болды.

О, шіркін, қазір оның үлкендердің соңынан жүгіре басып, зор аңға шығып бара жатқанын Балық-әйел тайпасының адамдары көрсе ғой! Дәл қазір оны, болашақ ұлы аңшыны, халық қамқоршысын өзінің анасы көрер ме еді! Ай, бір масаттанар еді-ау. Өзі бірге талай ойнаған Музлук қыз көрсе ғой оны қазір! Енді қайтып олар еш уақытта бірге ойнамас. Өйткені Кириск енді ересек болды, аңшы болды. О, шіркін, қазір Музлук қыз оның Тарғыл төбеттен алыста, дүлей тастардың тасасында, тулаған толқын арсылдап ұрғылаған бейтаныс жағалаумен өрмелеп, нерпалар жатқан жайға кетіп бара жатқанын көрер ме еді! Рас, әзірше қолында мылтық жоқ. Оны қойшы, әкесі Эмрайн кейінірек мылтық берем деп уәде еткен.

Олар бұқпалап біраз жүргеннен кейін, нерпалар жатқан жерге жақындағанда жерге жата қалып, жер бауырлап жылжыды. Кириск те етпеттеп жылжып келеді, қатты тас пен қияқ мұздың үстінде жер бауырлау қиын-ақ, бірақ қайтесің, көнесің дағы.

Олар қара терге малынып, ентіге тыныстап, кейде демді ішінен алып, кейде жан-жақты шолып, жылжып келеді. Оқ жетер жерге жеткенде бәрі де тырп етпей, тына қалды.

Сол бір сәт Кирискінің есінен мәңгі кетпес. Сол бір көктем күні, телегей теңіз ортасындағы мына суық тастақ арал, бір белгісіз зұлмат күш жан-жаққа шашырата лақтырып тастаған мына тарғыл тағы тастар, әлі мұзы еріп үлгірмеген мына қап-қатты, жап-жалаңаш өлі жер, жанында мылтықтарын оқтап жатқан әкесі мен Мылгун, алда, теңіздің дәл ернеуінде жел мен толқын тоздырған, жылбысқы көк өңез тұтқан құж-құж жартастардың арасындағы алаңқайда жатқан нерпалардың шағын табыны. Олар әзір ештеңеден секем алмай, бүлк етпей тыныш жатыр. Ал, бәрінің төбесінен, алаңқайдың, аралдың, теңіздің үстінен мұнарлы аспан төніп тұр. Кирискіге сол аспан мылтықтың түңғыш атылуын демін ішінен ала күтіп тұрғандай көрінді.

«Тек тигізсем екен!» — деп тіледі бала, оған әкесі ұсынған мылтықтың дүмін иығына ыңғайлап жатып.

Көптен күткен кез келді. Өзін атақты, батыр аңшыға балап, көңілі тасыған сол бір қас қағым сәтте ол кенет күннің әлсіз шуағын сағынып, тас жырада сығылысып жатқан мына семіз де ебедейсіз аңдардың жанды жотасы, жанды бөкселері ешбір қорғанышсыз, бишара екенін сезіп қайран қалды. Бірақ бұл бір сәттік селкеу сезім еді. Лезде ол өзінің аңшы екенін, ел-жұрт одан олжа күтіп отырғанын, нерпаның еті мен майынсыз тіршілік тым жүдеу болатынын есіне алып, қалайда бірінші болып аң атып, көзге түсейін деген ой қылаң беріп өтті. Ол өзінің дәтін билеп, әкесі үйреткендей, теңкиген теңбіл құлжа нерпаның сол жақ қанатының үстін ала оңға таман, тура жүректің тұсынан нық көздеді. Ал, нерпаның құлжасы бір бәлені сезгендей кенет сақтана қалды. Бірақ ол аңшыларды әлі көрген жоқ, иісін де сезген жоқ, жел теңіз жақтан соғып тұрған.

Алда әлдене қарауытып, дұрыс көздеуге кесір еткендей болған соң Кириск жатқан жерінен сәл жылжи бергені сол еді, абайлап-ақ жылжып еді, қырсық қылғанда шынтағының астынан бір түйір тас ыршып түсті де, төмен қарай тастан-тасқа секіріп, домалап ала жөнелгені. Теңбіл құлжа нерпа шаңқ етіп үріп қалып еді, бүкіл табын үдере көшіп, күңірене азынап суға қарай жөңки жөнелді.

Бірақ олардың алдын орағыта гүрс етіп мылтық даусы естілгенде сол қапталдағы дәу нерпа сеспей қатты. Қиын-қыстау кезде сәтсіздіктен Мылгун құтқарды, ал Кириск абыржып қалған еді.

— Ат! — деп бұйырды әкесі оған.

Мылтық дүмі иығын солқ еткізіп, қатты дауыстан құлағының жарғағы жыртыла жаздап, дүние меңіреу тартты. Атқан оғы тимей кеткенін, өзінің кінәсінен аң аулау сәтсіздікке ұрынғанын сезіп Кириск ұялғаннан жерге кіре жаздады. Әкесі оған патрон ұсына беріп:

— Тез оқта да, ат! — деді.

Мылтықты оқтап, атып салу деген (мұны ол бұрын қаншама рет оп-оңай істемеді дейсің) мүлде жеңіл іс болғанмен, бұл жолы тіпті икемге келмей-ақ қойғаны ғой. Шашестердің затворы, қырсыққанда қымыран іріп, қасарысты да қалды. Бүл затвормен әуре болып жатқанда, Мылгун суға жөңкілген нерпалардың соңынан тізерлеп отырып екі рет атып салды. Бір нерпаға оқ тиіп жараланды да, дәл судың ернеуінде шыр көбелек айналып, жанталасып жатты. Аңшылар солай қарай тұра жүгірді. Табын бүл кезде теңізге түсіп жоқ болды, ал жаралы аң бар күшін жиып суға жетуге тырмысып жатыр. Аңшылар енді жете бергенде жаралы нерпа өлдім-талдым дегенде суға түсіп те үлгірді де, су бетінде қаны бұрқылдап, қанатты аяғымен суды есіп, жүзіп жүре берді де, теңіздің мөлдір тұңғиығына баяу батып бара жатты. Оның үрейлене шарасынан шыққан көздері, желкесінен құйрығына дейін жотасын алып жатқан ашаң күлгін жолағы айқын көрінеді. Мылгун оқталған винчестеры төмен түсірді, енді атудың қажеті жоқ еді.

— Қоя ғой, бәрібір батып кетеді, — деді Эмрайин.

Кириск болса өзіне-өзі риза болмай, берекесі кетіп, аптығын баса алмай тұр. Оның үміті бұдан гөрі басқалау еді. Міне, саған бірегей аңшы!

Бала байғұс ызадан кенет жылап жібермеуге тырысып, тырс етпей қалды. Өткен істің өкініші зор еді.

— Оқасы жоқ, сәтті сағат әлі алдыңда,— деп жұбатты оны Мылгун, атып алған нерпаны сойып жатып.— Қазір Орта Емшекке барамыз, ондағы аңдар мұнан гөрі ірілеу.

— Мен асығамын деп, — Кириск ақтала бастап еді, әкесі:

— Жарайды, бірден ешкім аңшы болып туған жоқ. Аман болсаң, ата білесің, аң сенен қашып құтылмас, — деді.

Кириск үндемеді, бірақ ішінен үлкендерге риза: әйтеуір бас салып ұрысқан жоқ. Енді ол: аң аулау кезінде асықпаймын, басқа нәрсе ойлап алаң болмаймын, әкем үйреткендей, тыныс пен көз қарауылда тоғысқанда ғана дәлдеп тұрып атамын, деп өзіне-өзі серт берді.

Атып алғандары тым ауыр, ірі нәрсе екен, денесінен өлі жылу кетпепті, тірі сияқты. Мылгун нерпаның қарнын жарып жатып, алақанын масаттана уқалап қойып: «Майы төрт елі екен. Тамаша деп қойды. Өзінің опық жегенін тез ұмытып, Кириск Мылгунға көмектесіп кетті. Бұл кезде Эмрайин Орган қартқа барып, қайықты жағаға тақап қоюға кеткен.

Ол әлденеге әбігерленіп тез қайтып келді:

—Уақыт аз, жылдамдатыңдар! — деп аспанға көз тастады да ешкімге қарамастан: — Мына күннің райы маған ұнамай тұр, — деді.

Олар нерпаның тек бауыры мен жүрегін қалдырып, ішек-қарнын түгел алып тастады да, ауыр етті сырықтың үстіне салып сүйретіп, қайыққа алып барды. Кириск қос винчестерді алып жүрді.

Жағада, қайықтың жанында оларды Орган күтіп тұр екен. Қартың қуанып қалды:

— Уа, Курнг! Уа, Құдай! Ризамыз саған! Ә дегенде бұ да жаман емес! — деп қойды ол өткір пышағын қынынан суырып тұрып. Аңнан соңғы рәсім — жып-жылы шикі жігерді пышақ үстінен үлесіп жеу рәсімі басталды. Орган шөкелеп отыра қалып, бауырды тіліктеп кескен соң, аңшылар оған аздап түз сеуіп, білем-білемімен жұта бастады. Үлбіреген жұп-жұмсақ, жып-жылы, тоң бауыр тым тәтті де дәмді еді, аңшылар рақаттан таңдай қағысып асайды. Майлы шырын тілді үйіріп, ауызға тиді-ақ еріп сала береді. Кирисктің арманы орындалды: ол нағыз ерлерше, аңда жүріп, шикі жігер асады!

— Аса, көбірек аса! — деп қояды Орган балаға. — Түн салқын болды, тоңып қаласың. Ал, жігер жеген адам тоңбайды. Мұны жеген адамға ауру-сырқау да жоламайды.

Иә, бұл бір ғанибет еді. Сықия тойып алған соң, лезде шөлдей бастады. Бірақ ауыз су қайықтың ішіндегі кеспекте.

— Етті қазір боршаламай-ақ қояйық, — деді Эмрайин, жұрт тоғайған соң. Ол тағы да аспанға алақтай қарап қалды.

— Иә, кейін боршалайық, — деп құптады Орган. — Шайды Орта Емшекке барған соң жайғасып отырып ішерміз. Ал әзір шыдай тұрайық. Кәне, етті қайыққа салайық.

Қайық жүзер алдында, аңшылар Жер-анаға құрбандық сыбаға беруді де ұмытқан жоқ. Нерпаның жүрегін майдалап турап, аралдың иесіне жалбарынып, келесі келгенде қайырымды болғай деп туралған сыбағаны шашу етті. Содан соң бұлар тағы да жолға шықты.

Кіші Емшек артта қалып бара жатты. Айнала тұнжыр судың ортасындағы жетімсіреген жалғыз аралға жаның ашығандай. Бишара жаутаңдап қалып бара жатқан сияқты. Ендігі жол Орта Емшекке тартады. Күн болса еңкейіп барады. Күн жарықта Орта Емшекке жетіп алайық деп ескекшілер де еңіретіп-ақ келеді-ау: бүгін сонда түнеп, қайықты қалтарысқа қою керек-ті, Кешікпей Кіші Емшек кенет суға батып кеткендей таса болды, ал Орта Емшек әлі көріне қоймады. Төңірек тағы да тек телегей теңіз еді.

Олар әлгі нерпа аулап жүргендей, теңіз реңі едәуір өзгеріп қалған екен. Толқындар жиілеп, қатая түсіпті. Желдің бағыты өзгерсе де, еу серпіні сол бұрынғы сарынмен жөңкіліп жатыр. Су серпіні қайықтың қабырғасына енді қатаңырақ тиіп, қалтаңдата бастады. Бірақ аңшылардың көңілін алаң қылған әл әзір аспан еді. Не сұмдық ойлап тұр ол? Жылдың бұл мезгілінде бола қоймас бейтаныс, оқыс бір мінез танытады мына аспан! Қайдан пайда болғаны белгісіз, ауаны ақбурыл мұнар ұшқын қаптап, күннің көзін бүркеп алды. Әлдебір итмұрын өтпес қара орманды өрт алып, соның түтінін желмен айдап әкеліп жатқандай, сірә. Бұл буалдыр тек аспанның жүзін шалып, ешкімге зияны жоқ сияқты көрінгенмен, аңшылар түнере түсті.

— Бұл сұмдық қайдан қаптап келеді? — деді Орган оны жақтырмай айналаға қарайлап.

Енді олар ескекті әрбір сілтеген сайын әне-міне Орта Емшек жері көрініп қалар деген үмітпен алға сарыла көз тігіп, жүзіп келеді. Орта Емшек Үш Емшектің ішіндегі жанға ең сенімді сая.

Сөйткенше аспан ашылып, теңіз шетінен тым алыс тіпті бір қиырдан күннің көзі де көрініп .қалды, оның көрінуі де ғажайып. Қазір күннің көзіне тік қарай беруге де болады. Сонау мұнарлы қанқызыл жиекте барбиып ісінген күрең қызыл күн құбыла алаулап батып бара жатты. Аспанның шеті түріліп, дүние қайтадан жап-жарық болып, мамыражай тыныштық орнады. Осының өзі-ақ бірден дәт беріп, қауіп қашықтағандай болды. Теңіздегі адамдарда алдағы аралдан баспана тауып, демалатын кез таяу деген үміт ұлғайды.

— Енді сәл шыдасаң, Орта Емшек те көрініп қалады, — деп Орган жанында отырған Кирискінің арқасынан қағып-қағып қойды.

Бала бағана-ақ шөлдеген, бірақ баламысың деген, әкесінің айтқанына таң тұрып, су сұрауға батпай отырған. Әкесі жолға шығар алдында оған теңізде ауыз су әрдайым зәру, сондықтан үйдегі құсап, қалаған уақытта іше беруге болмайды деп тәптіштеп тастаған. Үш аралдың үшеуінде де бір қасық тұщы су жоқ. Ал, қайыққа басы артық жүк артып жүруге болмайды. Сондықтан ауыз суды жұрттың бәрі ішкенде ғана татуға болады.

Сонау қиырдан күн көрінген сол бір сәулелі сәтте бала Орган қарттың көңілді отырғанын байқап:

— Ата! Қатты шөлдеп кеттім! — деп қысылмай күле сөйлеп, әкесіне де жалтақтап қарап қойды.

— Ә, солай ма? — деп мырс етті Орган. — Әлгі жеген бауырдан кейін әрине! Жағдай түсінікті! Осы біздің бәріміз де шөлдеп отырмыз ғой деймін, о?

Ескек есіп отырған Эмрайин мен Мылгун «рас, рас» дегендей бастарын шұлғиды. Бұған Кириск қуанып қалды: су тілеп отырған жалғыз өзі ғана емес екен.

— Олай болса, су ішіп, темекі тартып алайық, — деп Орган руль-ескекті қисайта салды да, қайықтың түбінен кеспекті көтеріп алып, ыңғайлап қойды да, шүмегін ағытып, іші дәнекерленген мыс шөмішке су ағыза бастады. Бұл өзі Тарғыл төбеттің теңізге қарама-қарсы, арғы бетіндегі бұлақтан құйып алған мұп-мұздай, мөлдір су еді. Ең таза, тәтті су сол бұлақта болатын. Жазда оның суынан түрлі шөптің, дымқыл топырақтың дәмі білінетін.

Шүмекке шөмішті Кириск тосып тұрды. Суды тезірек ішкісі келіп барады. Шөміш жартылаған кезде Орган шүмектің тығынын салып қойды.

— Ал, іше ғой, — деді ол Кирискіге. — Өзіңнен кейін басқаларға бер. Тек, төгіп алма.

Кириск о дегенде қомағайлана жұтты да, бір қарқындап алған соң сыздықтата ішіп еді, судан ісінген ағаштың иісін сезді.

— Қандың ба? — деді Орган.

— Иә.

Көзіңнен көріп тұрмын: сірә, қанған жоқсың. Тағы бір жұтым берейін. Бауыр деген күшті тамақ, құрлықта болсақ, бір шелек су ішсең де аямас едім, — дейді Орган баланың шөмішінің түбіне ғана су шылдырлатып отырып.

Кириск шөлі қанып болған осындайда үлкендердің ой, жаным-ай, жаным кіріп қалды ғой! — деген сөздерінің шындығына көзі жеткендей болды.

Содан кейін ескекшілерге дәсері шөміштен су берілді. Суды оларға Кирискінің өзі ұсынып отырды. Өзі қанып алған соң әкесі мен Мылгунның да қалағандарыңша ішуіне ол іштей қарсы болған жоқ. Орган ақсақал оған ескекшілерге неге дәсері шөміштен су беріп жатқанын түсіндірді.

— Сен әлі кішкентайсың, ал олар болса зіңгіттей-зіңгіттей, жұмыстары да ауыр. Ескек есіп отырғанда шел дегеннің жөні бөлек.

Екі ескекші шынында да шөмішті бірден төңкеріп салды, суды тағы да еселеп құюға тура келді. Сонда Орган ақсақал ол екеуіне:

— Оу, бауырларым, абайлаңдар. Өзеннің жағасында отырған жоқсыңдар ғой! — деп кейіңкіреді.

Эмрайин мен Мылгун тек тұрмай: қайтеміз, шөлдеп барамыз, дегендей ыржия берді.

Өз сыбағасын ішіп болған соң Органның өзі де мырс етіп, басын шайқап қойып:

— Иә, қазір өзен жағасы болар ма еді. Шикі бауыр деген шіркіннің несін айтасың… — дей берді.

Сонан соң қорқорына темекі толтырып, түтінді рақаттана бұрқыратып, бұл оның татқан соңғы ләззаты екені қаперіне кірмей, кәйіптеніп отырған…

Төніп келе жатқан зұлмат-бәлені бірінші болып Кириск байқап қалды!

Осының алдында ғана бәрі де шөл қандырып, рақаттанып, бақытқа кенелген бір ғажайып сот болды.

Ә дегенде жол болып, алғашқы нерпаны атып алды. Енді сәлден соң аралға жетіп тынығып, таң ата тағы да ірі аң аулау кәсібі басталмақ. Содан соң дереу тіке елге қарай жолға шығады. Бәрі де ойдағыдай болатын.

Қайық бұрынғыша толқындарға тұмсығымен сүңгіп-сүңгіп алып, жүзіп келеді. Орган қарт рульді басқарып, қорқорын сорып, сірә, өзінің Балық-әйелін ойлап отыр, Эмрайин мен Мылгун ескекті еңіретіп, бір сарынмен сілтеп, шаршамай-шалдықпай, шабыттана еседі. Кириск аңшылардың іс-әрекетіне қызыға қарап қалып еді. Ол қазір сәбилік бір түйсікпен мына ересектердің әрқайсысына жеке-жеке үңіліп, әрқайсысы туралы ойға қалды. Бұларды бала іштей жан-тәнімен жақсы көреді. Осы бір сәтте олармен бірге отырғанына мәз-мейрәм.

Кириск бұларды басқа бейнеде көз алдына елестете алмас. Орган карт — түп туғаннан ылғи да осындай, жұтқыншағы шодырайған, ұзын мойын, ағаштың безді тамырындай ұзын қолы бар, ұдайы жасаурап тұратын ақылды көздері бар қарт болған сияқты. Басқаша болуы мүмкін бе екен? Бүкіл ел сыйлайтын осы қарт көсемсіз тіршілік болуы мүмкін бе екен? Сұмдық-ай, олай болуы мүмкін бе, сірә?

Кирискке шешесі айтады: сен әкеңе тартқансың, өскен соң аумаған Эмрайин боласың деп. Көздерің де әкеңдікі секілді еменнің жаңғағындай қоп-қоңыр, алдыңғы екі күрек тісің де аздап сойдақтау, тура әкеңдікіндей. Өскенде сақалың да әкеңдікіндей қап-қалың, қап-қатты, қап-қара болады дейді. Жұрт қабасақал Эмрайин деп бекер айтпайды. Кириск бұдан кішірек кезінде бұлақ суына тыр жалаңаш шомылып жүргенде, шешесі өзінің сіңлісін бүйіріне түртіп қалып: қарашы, қарашы, аумаған әкесі, дер еді. Содан соң екеуі әлденеге ішек-сілесі қатқанша күліп, сықылықтай сыбырласып қалады. Сонда шешесі айтады: Кириск өскенде мендей қызға үйленсе — ол қыз өкінбес, өз басымнан өткен, ол қызға жақсы болады, дейді. Сонда Кириск: қызық екен, кімге, қалайша жақсы болмақ? Егер мен әкеме тартсам, неге менің әйеліме жақсы болады? — деп ойланып қалады.

Міне, сол қарасақал әкесі алдында ескек есіп отыр. Тістері аппақ. Өзі де еңгезердей, жауырыны қақпақтай, мінезі сабырлы, өзіне-өзі сенімді, күшті адам. Әкесінің өзіне қатты сөйлегені, немесе басқалар құсап, қалтырап өзін не болса содан қызғыштай қорғап, өздектегені Кирискінің есінде жоқ. Әкесінің көздері шынында да еменнің жаңғағындай қоп-қоңыр, тап-таза, отты көздер.

Оның артында қос ескек ұстап отырған немере ағасы Мылгун Эмрайиннан екі жас кіші. Эмрайиннің інісі деп кім айтады: сақалы жоқ, көсе. Әр жерде бір қылшық бар, морждың мұрты құсап тікірейіп тұрады. Өзі де моржға ұқсайды. Бұл өзі қызбалау, сөзшең де, келіспеген нәрсесіне қиқылдасып, айтысып-ақ жатқаны. Ешкімге есесін жібермейтін жігерлі жігіт: бір рет кезбе саудагермен төбелесіп қалғаны да бар. Сол үшін бүкіл тайпа болып, әлгі саудагерден кешірім сұрап, көңілін табуға тура келді. Ал, Мылгун көнер емес: кеспелтек аласа бойына қарамай, мен оған көрсетемін, деп тұра-тұра ұмтылады. Өзі мас еді. Ішуге әуестігі бар. Ішінде Эмрайин да бар, бірнеше кісі оны қолын артына қайырып байлап тастамақшы болып еді, аюдай күшті екен, бой берер емес. Ол Кириск үшін аки-Мылгун, Мылгун-аға. Эмрайин ағасы екеуі тату-ақ, аңға ылғи да екеуі бірге шығады, өйткені біріне-бірі сенеді, екеуі де айтулы аңшылар. Мылгунның ұлы әлі кішкентай, енді-енді тәй-тәй жүре бастады, одан үлкен екі қызы бар. Оларға Кириск қамқоршы, қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқыттырмайды. Ал Кирисктің шешесі болса Мылгунның қыздары дегенде жаны қалмайды, екі қыз Псулкпен ойнауға жиі келіп тұрады.

Ал енді күллі қыздардың ішіндегі ең сұлуы Музлук қой! Рас, оны өскенде басқа бір жұртқа күйеуге береді деседі, сонысы қиын. Ал егер оны кенет Кирискінің өзі алып, ешкімге бермей қойса ше…

Сонау алыста қалған жағалауда Кириск мұндай нәрселерді сирек ойлар еді, енді ауылдан алыста жүргенде кәдімгі жайттардың өзі бір бұрын белгісіз болып келген мағынаға ие болғандай, жүрегіңді сыздатады.

Кенет Кириск Тарғыл төбет тауының арғы бетінде, орман шетінде, өзен жағасында отырған ауылына қайтқысы келіп кетті: Балық-әйелден тараған нивхілердің ежелгі қонысын ол қатты сағынды. Шешесін сағынғаннан жүрегі сыздап қоя берді. Бірақ қазір аңшылар туған жерден, теңіз жағалап тынымсыз жүгірген Тарғыл төбет тауынан тым алыста болатын. Соған шын көз жеткізгісі келгендей, Кириск еріксіз бұрылып, жан-жағына қарай беріп еді, мүлде күтпеген сұмдықты көрді.

Жарты аспанды жаба, теңіз үстімен айыр тілді аждаһадай сұп-сұр тұман бұларға қарай төніп келеді екен. Қалың тұман әлем астын қаптап, қарауытқан теңіз суының үстінде будақ-будақ аунақшып, арындай түседі. Ол бейнебір жаны бар жалмауыздай, бұларды қайық-пайығымен бірге, бүкіл дүн-дүниемен бірге жұтып жіберуге аңсары ауғандай, аранын ашып, анталап келеді. Әлгіде Кириск арал екен деп қалған қара жолақ жақтан шықты бұл тұман. Онда әлгі сұрғылт қара жолақ теңіз ортасында қатып қалған белгісіз бір қамал сияқты еді, енді сол жолақ лезде ісініп, қабынып, ың-жыңсыз, тосқауыл-тежеусіз, желмен ығып салып-ұрып, дәл аңшыларға төне түседі.

— Қараңдар! Ананы қараңдар! — деп Кириск қорыққаннан айқайлап жіберді.

Бәрі де шошып қалды. Бір сәтте ескексіз қалған қайық толқын үстінде қалтылдап қоя берді. Сол-сол-ақ екен, қалың тұман астынан атылып шыққан орасан толқындардың азынаған үні естілді. Толқын дегенің бірте-бірте зорайып, тулаған судың азынауымен арындап, өзін-өзі талқандап, сыпыра сырғып таяп қалып еді.

— Бұр, қайықтың тұмсығын толқынға қарата бұр! — деп Органның жан даусы шығып кетті.

— Ескекшілердің қайықты әрең-мәрең бұра бергені де сол еді, алғашқы сұрапыл толқын Органның қайығын төңкеріп кете жаздады. Толқын теңіз суын долдандыра жөңкіліп өткені сол, табанда тұман түсті. Тұтас тұман түнеріп төне бергенде, аяусыз да мейірімсіз, қатыбас та қатігез тірі түнек келгені айқын болды.

— Желдің бағытын байқап қалыңдар! Желдің бағытын! — деп айқайлап үлгірді Орган. Сол замат дүн-дүние түнекке зым-зия түсті де кетті. Тұман таудан құлаған қар тасқындай бұларды астына бүктеп басты да қалды, түпсіз түнек тұңғиық құшағы ашылып кеткендей болды. Қас-қағым сәттің ішінде аңшылар бұ дүниеден о дүниеге бір-ақ секіріп түскендей еді. Бәрі тәмам. Сол секундтан бастап аспан да, теңіз де, қайық та ғайып болды. Аңшылар тіпті бірін-бірі көре алмай қалды. Сол сәттен бастап олар тыным көрмей арпалысты, теңіз сұрапылы сойқанын салды, Қайық кейде жоғары ыршиды, кейде тұңғиыққа түсіп кетеді, біресе аспанға бір-ақ ұшып, біресе толқындардың арасындағы түпсіз аңғарға атыла құлайды. Шап-шағын су мен шашыранды тамшылардан киімдері малмандай, зіл тартты. Бірақ ең қиын сор бүл да емес, айнала көзге түртсе көргісіз тас қараңғы, қайықты қайда бұрып, қалай жүзу керек — бүл беймәлім, ең қиыны осы еді. Енді қалған амал, әйтеуір қайық төңкеріліп қалмас үшін, көзсіз қарманып, жанталасып бағу керек. Енді бір бағыт түзеп, бір жерді діттеп жүзу деген қайда, қайық тек долы толқынның ырқына түсіп, к;айда, қалай әкетіп бара жатқаны белгісіз, әйтеуір қалтылдап кетіп барады. Бұл сұмдық қанша уақытқа созылары да беймәлім.

Аңшылар сұрапылға соқтығып, апатқа ұшырап, кейде мүлде құрдым болған жайларды Кириск елден еститін. Ондайда бүкіл ел, әйелдер, бала-шаға қара жамылып, Тарғыл төбет бөктеріне көп күн бойы от жағатын көрінеді. Үміт үзілсе де, «кім біледі, кенет келіп қалар» деген тілсіз тілекпен аңшыларды зарыға күтеді екен. Осындай әңгімелерді естуін естігенмен, Кириск ашық теңіз үстінде апатқа ұшырау дегеннің не екенін тіпті шамалап та болжай алмаушы еді. Әсіресе, момақан тұманнан адам апатқа ұшырайды деген оның үш ұйықтаса ойына келген емес. Тұман деген әдетте қыстыгүні келетін мылқау мейман ғой. Тұман түсіп, дүн-дүние аппақ сүт дариясына шомылып, мүлгіп тұрғандай, жер бетіндегі заттың бәрі буалдыр арасынан көмескі, күңгірт көрініп, көңілді бір белгісіз үрей сезімдер билеген шақты Кириск бұрын тіпті ұнататын да. Айнала төңірек ондайда ертегідегідей ерекше көрінетін. Ал қазір буырқанған теңіз үстінде біресе жазылып, біресе жиырылып, ирелеңдеп жөңкілген тұман айдаһардың жер бауырлап жылжығанын еске салғандай еді.

Орындықтан тас қылып ұстап алған Кириск енді Орган қарттың аяғына үрейлене тығыла түсті.

— Менен ұстап ал! Мықтап ұста! — деп баланың құлағына айқайлауға ғана шамасы келді шалдың. Басқа істер оның дәрмені де, айтары да жоқ еді.

Баланы бұл үрейден енді ешкім де құтқара алмас. Өйткені мына аласапыран алпауыт сұрапыл бұлардың бәріне бірдей келген сұмдық еді. Тіпті Кириск айқай салып, жылап, әкесін көмекке шақырған күнде де Эмрайин дәл қазір ескекті тастап оған жүгіріп келе қоймас. Өйткені Мылгун екеуі толқынның әрбір соғуын аңдып, ескекпен қайықты әрең қақпайлап, шықпа жаным, шықпа деген заман еді.

Толқындар болса қайықты дедектетіп көр қараңғы тұманның тұңғиығына қарай әкете берді, әкете берді. Қайықты бейбас жібермес үшін Орган рульмен арпалысып көріп-ақ еді, бірақ барған сайын сұрапыл дауыл қатая түсті.

Сірә, түннің ортасы шығар. Мына тұман ішінде тәулік мезгілін анықтау қиын. Түннің түскенін олар тек көзге түртсе көргісіз қара түнектің қалыңдай бергенінен аңғарғандай. Сол түнекте түртпектеп, тынымсыз тырбанып, аламат алпауыт күшпен алысып, оны жеңе алмаса да, жанталасып келе жатқан жағдай бар. Әйтсе де нивхілер әл әзір берісер емес, әлі де болса кенет басталған сұрапыл кесепат сап болар, тұман сейілер деген үміт шырқырап, шыдам тауыспаған. Міне сол үміт бір кез ақталған да сияқты еді. Бір сәтке дауыл бәсеңдеп, толқын шабуылы шаршағандай саябырсып, қайықты қақпақылдаудан жалыққандай сәл тыншыды. Бірақ айнала қап-қара көр түнек айыққан жоқ. Теңіз шуын баса айқайлап, бірінші дауыс берген Орган болды:

— Бұл менмін! Кириск менің қасымда! Естисіңдер ме мені?

— Естиміз! Орнымыздамыз! — деп қырылдады Эмрайин.

— Жел қайдан соқты? — деп айқайлады Орган. — Қайсың байқадың?

— Енді оның қажеті не? — деп Мылгун ашулана ақырып жіберді.

Қарт үндемей қалды. Шынында да, енді желдің бағыты қалай еді деп жатудың қажеті жоқ. Өздері қазір қай тұста екенін, дауыл қаншалықты қашықтыққа айдап әкеткенін, белгі болуға жарайтын аралдар қайда қалғанын бұлар білмейді. Енді бұларды қайтып Үш Емшекті көре алмастай қиырға қуалап та кететін шығар. Түнек пен шайқаудан еңсесі түскен қарт үнсіз қалды. Қайран Орган ауыр ойға кетіп, үні өшті. Әйтеуір бір әбүйір болғанда, толқын оларды ашық теңізге айдап кетті. Аралдың тастарына апарып соққанда тас-талқаны шығатын еді. Ал бірақ мына түн мен тұманның тұтқынынан аралдарсыз, аспандағы жұлдыздарсыз, бағыт бағдарлап, құтылу мүмкін емес. Органның амалы құрып отыр. Сөйтсе де бір кезде ол:

— Біз қайықтың тұмсығын бұрғанда соққан Тлангила желі болатын! — деп айқайлады.

Оған ешкім жауап қатпады. Ескекшілер мұрнынан шаншылып жатқан. Орган тағы да үнсіз қалды. Кириск оның аяқ жағына тығылып тұла бойы қалш-қалш етіп отыр. Сонда Орган ескекшілерге:

— Сендер шыдап бағыңдар! Біз Кириск екеуміз су төгеміз! — деп ескертті.

Ол қараңғыда түртінектеп, Кирискіні сипалап, баланың әзір аман екеніне көзі жеткен соң:

— Қорықпа, Кириск, — деді. — Кел қайыққа құйылған суды төгейік. Әйтпесе батып кетеміз. Ожау бізде біреу-ақ, міне тауып алдым. Сен шөмішті ал, әйтеуір ыдыс қой…

Мә, ұстадың ба! Мә, шөмішті ұста деймін…

— Ата, ұстап тұрмын ғой. Ата, қашан құтыламыз? Мен қорқамын.

— Мен де қорқамын, — деді Орган ақсақал. — Бірақ біз еркекпіз ғой. Мұндай қиындыққа төзу керек.

— Ата, біз суға батып кетпейміз бе?

— Батпаймыз. Ал, батып кетсек — жазмыш солай болғаны. Кәне, бір қолыңмен менен мықтап ұстап ал да, бір қолыңмен суды төге бер.

Органның дер кезінде қимылдағаны жақсы болды.

Сәл тыныстау кезінде олар қайықтың түбіне жиылып қалған суды төгіп үлгірді. Қайық түбін сипалап, су төгіп жүрген кезде Орган Кирискке кеспекті тапсырды.

— Кириск, — деді ол баланы қолынан ұстап тұрып. — Мынау кеспектің ішінде, өзің білесің, тұщы су бар. Міне, мынау. Есіңде болсын, не қиямет төнсе де, кеспекті сақта. Айырылма одан. Бұдан да жаман жағдай болса, бұл кеспектен айырылғаннан гөрі, өзіміздің батып кеткеніміз артық. Ұқтың ба мені? Ешкімге сенбе… Есіттің бе?

Мұны айтып, дер кезінде ескертіп қойғаны жақсы болды. Кешікпей-ақ бұл ескертудің пайдасы тиді.

Тұман-түнекке көздері байланып қалған адамдардың шарасыздығын пайдаланып, түн жамылған қарақшыдай қара дауыл сел тыныстан кейін қайтадан еселеген күшпен, қолдана түсіп, ышқына соқты дейсің… Әлгі сәл тыныстың ақысын алғысы келгендей толқындар ақилана, алып соқ күшпен төпеп жөнелді. Көзге көрінбес таусоғар толқындардың аяусыз соққысынан жаңқадай шоршыған қайық жан ұшырып шыр көбелек айналды. Толқын серпіні қайықты сарт-сұрт сабалайды. Қайық ернеуімен су қауып, шөгіп бара жатты. Орган еңбектеп жүріп, ожаумен жанталаса төккенмен, су қайыққа қайта-қайта құйыла берді. Әне сонда ескекшілер:

— Таста бәрін! Баттық, ойбай! Лақтыр! — деп жандары мұрын ұшына келіп, ышқына айқайлап жіберді.

Кириск мына үрейден қатты айқайлап жылап жіберді. Бірақ ешкім естіген де жоқ, ешкім де оған бұрылып қарар дәрмен де жоқ. Бала астына кеспекті бүктей түсіп, қайықтың артына жабысып жатты да қалды. Кеспектің үстіне жанбастай құлап, жылаудан тұла бойы солқылдап, бір уыс болып жиырылып, бүрісе түсті. Не күн туса да, кеспекті сақтау керек екені есінде әйтеуір. Өздерінің батып бара жатқанын бала білді-ақ, бірақ Орган қарттың айтқанын орындап, ендігі есі-дерті кеспекті сақтау болды.

Жартылай суға батқан қайықты лезде құтқармаса құриды. Қайық төңкеріліп кетпес үшін Мылгун күл-талқан болып, ескекпен ара салмақты әрең сақтап, жанталасып жатқанда, Орган мен Эмрайин заттардың бәрін суға лақтыра берді. Басқа амал жоқ еді. Қос винчестер де, гарпун да, ораулы арқан да, тіпті Органның темір шәйнегі де суға лақтырылды. Бәрінен қиыны нерпаның еті болды. Су сіңіп, ауырлаған жылпылдақ дене дес берер емес. Оны қайықтың түбінен аунатып алып, ернеуден түсіру керек-ті. Осы етке бола осыншама ауыр жолға тәуекел жұтып келгенде, енді сол қымбат олжаны да суға тастамасқа шара жоқ. Қылқына қырылдап, әлдекімді айқайлап балағаттап, лағнаттап, әлгі екеуі қысылтаңда тайдай нерпаны қайықтың ернеуіне әрең көтеріп, өлдім-талдым дегенде суға да тастады-ау. Тіпті мына ақырзаман азынаған арпалыс, алыс-жұлыстың өзінде нерпадан құтылған қайықтың қайқаң етіп жеңілейіп қалғаны сезілді. Анық ажалдан әләзір құтқарған да сол болар…

Орган бәрінен бұрын оянды. Айнала ақ кебіндей әлгі кеуекті көріп, қарт қазір қайда тұрғанын, мынау анталаған неғылған ақ кебін екенін аңлай алмай аңырып біраз отырды. Бұл тұман еді.

Сол шақта бүкіл мұхитты қымтап алып, тапжылмай, тас керең халде мелшиіп тұрған Ұлы тұман еді. Ұлы тұман ұлы меңіреулікте қатып қалған кез…

Аз-аздап, айналаға көзі үйренгенде Орган әуелі қайықтың сүлбесін, оның ішінде жатқан адамдарды көрді. Оз ескектерінің тұсында Эмрайин мен Мылгун сұлап жатыр. Түнгі сұрапылмен арпалыста өлердей сілесі қатқан бұл екеуі қан майданда қақ маңдайдан оң тиген шәйіттердей, қалай болса солай құлапты, тек үзік-үзік қырылдап дем алғанына қарап тірі екенін білесің. Өз аяғының жанында кеспекті құша, бүк түсіп Кириск жатыр.

Ұйықтағанның өзінде дымқыл мен суықтан қалш-қалш етеді. Орган оны аяп кетсе де, жәрдемдесер жайы жоқ. Түнгі сұмдықтан есеңгіреп қалған шал бурыл басы төсіне салбырап, қайықтың артында қалжырап отыр. Тұла бойы сырқырап, сыздап ауырады. Шодырайған ұзын қолдары жаны кетіп салбырап қалыпты. Ғұмырының ішінде ол талай-талай сойқан сындардан өтіп еді, бірақ дәл мынадай найсап нәубетті еш уақытта көріп білген емес. Ол қазір өздерінің қай тұста екенін, құрлықтан алыста ма, жақында ма, теңізде ме, жоқ әлде дауыл оларды мұхитқа айдап әкетті ме — сол арасын ажырата алмай ақылы айран, ойы ойран болып отыр. Дәл қазір тәуліктің қай мезгілі екені де беймәлім. Мына сірескен тұман сүлбесінен адам күн мен түнді ажырата алмас. Әдетте дауыл таңға жақын дамылдайтынын еске алғанда, сірә қазір күндіз болар. Бәлкім, түс ауып кеткен шығар.

Ғажайып ісімен тірі қалғандарына қуанса да, не дегенмен Органның басы салбырап, ойға қалар жөні бар. Қолда бардың бәрінен айырылды, тіпті кезбе саудагерлерден жүздеген құндызға айырбастап алған винчестерлерін де құрбан етті. Бар қалғаны қос ескек пен азғана ауыз су. Ендігі күн не болмақ?

Әлбетте, ана ескекшілер есін жиып, түрегелген соң, бірлесе отырып, не істеу керек екенін ақылдасар-ау, бірақ қай бағытқа қарай жүзу керектігін кім айта алар? Бұл бір. Екіншіден, түн түскенін күтіп, аспан ашық болса, жолды жұлдызбен шамалап көруге болар. Бірақ қанша уақыт жүзеріңді қайдан білесің? Жол алыс па, жақын ба? Әл-қуат, шыдам жете ме, жетпей ме?

Мына тұманды айтсаңшы, бұл не тажал? Теңіздің үстін сіресе сүлей жатты да алды. Мәңгілікке қатып қалған сияқты. Шыннан барлық жерде осылай ма екен, шыннан дүние-әлемді тұман жұтып қойғаны ма?..

Темекі тартып, су ішкісі келді. Бірақ шылымды ойлап, қайғырып жатудың қажеті жоқ, қолда бар темекі былжырап су болған. Қорқоры да жоғалып қалыпты. Суды айтсайшы. Тамақты қайтеді? Орган мұны ойлаудың өзінен қорықты. Әләзір шыдай тұрар, әләзір мұны ойлап, ойсыраудың керегі жоқ…

Теңіз беті өліктей тып-тыныш. Қайық бір орында болар-болмас шайқалады. Оны толқын да, жел де айдамайды. Суға тастаған ескектер де қимылсыз қалқып тұр. Эмрайин мен Мылгун ескектерді қайыққа шығаруға да шамалары келмей діңкелеп, сансырай құлап, қатып ұйықтап қалған.

Лүп еткен леп жоқ, бәрі де түнек тылсым құшағында тырс етпейді. Теңіз қыбырсыз, тұман қимылсыз, қайық жылжымайды, қайда асығасың… баратын жер жоқ.

Мұңлық шал басы салбырап, мызғып кеткен екен, оны Кириск оятты.

— Ата, ата! — деп түрткіледі оны бала.— Біз шөлдедік, ата.

Орган тұла бойы дір етіп оянды да, бауырлары ақсақал ретінде оның рақымын күтіп отырғанын түсінді. Ең қиямет іс — су болу ісі басталды…

Баяғы тұман — сол тұман, тырп етер емес. Теңіз де тырс етпейді.

Ендігі қалған күндіз әлетінде олар тұманды түртінектеп, баяу жүзіп бара жатты, Беймақсат, бейбағыт махрұм жүзіс.

Адамдар есін жиып, жағдаятты түсінген соң, бір орында тұрып қалу мүмкін емес еді.

Сонымен жүзіп барады. Қайда екені белгісіз: мүмкін Құрлыққа қарай шығар, мүмкін құрлықтан тым-тым алыстап бара жатқан шығар, оны олар білмейді.

Сөйтсе де әйтеуір жүзе беруде бір болмашы үміт жасуы бар.

Әйтеуір тұман сейілер, сонда бәрі белгілі болар деген үміт жетелейді.

Егерде тұман сейілсе, тым құрыса түнде жұлдыздар шығар. Енді тек бағдар сілтер жалғыз жан ашыр сол жұлдыздар.

Тағы бір үміт, әйтеуір бір аралға бұлар тап болар. Онда жөн-жобаны нобайлау жеңілірек.

Олар сөйтіп жүзе берсін, барар жері белгісіз, тек тұман сүзген бір сүргін.

Соның өзінде де Орган қайықты біраз тәртіпке келтіртті. Аяқ асты шылқылдақ болмасқа, қайықтың түбін судан әбден тазалады. Кирискінің үсті-басы тез құрғап, жылынсын деп, өз жанына отырғызды. Ауыз суды бәріне тепе-тең бөліп берді. Ә дегенде бәріне де дәсері шөміштен құйды. Сұрапыл түннен соң тым құрыса бір рет қанып ішсін байғұстар деді. Бірақ енді ескертіп қойды: ендігі жерде тек Орган өзі қалаған мезгілде ғана, тек Орган белгілеген мөлшерде ғана су беріледі. Бұл мәселенің басын ашып алу мақсатымен ол кеспекті шайқап-шайқап қойды, су орталап қалған екен.

Күтпеген жерден қуаныш оты жарқ ете қалғандай болды; кеспекті алып, су құйып жатқанда, оның ар жағынан, қайықтың артындағы орындықтың астындағы түкпірден нерпа терісінен тігілген дорба көріне кетті. Ішінде тұздалған балық бар екен. Ішіне тамақ салынған үлкен дорба түнде басқа заттармен бірге суға лақтырылған, ал жолға Мылгунның қатыны дайындаған мына дорба Кириск жанталаса сақтаған кеспектің ар жағында байқаусыз қалып қалған екен. Рас, онсыз да тұздалған балық теңіздің тұзды суына әбден бөгіп, ауызға алғысыз болып қалыпты. Жұтқан жұтамас, бірақ бұ да тамақ. Егерім, ауыз су тапшы демесең, ас болуға балық та жарап жатыр.

Бірақ шөлден қорқып, әләзір тұзды балыққа ешкім тиіскен жоқ…

Бәрінің зарыға күткені — тұманның сейілуі…

Тілсіз, қимылсыз тұман Ішінде тек ескектердің ұңғысы ғана аянышты үнмен сықырлайды. Мына ұлы тыныштық арасынан шыққан сол сықыр айтеңізде адасқан адамның зары мен өлімші жалынышына ұқсайды: мен қайдамын, мен қайдамын? Қайда бара жатырмын, қайда бара жатырмын? — деген зардай естіледі.

Бәрінің үзіле күткені — тұманның сейілуі…

Алайда, тұман сейілмеді, сейілетін түрі жоқ. Тырп етпей тұр. Ыбылжыған дымқыл демді, өзге бір бөтен ғарыштан келген беймағлұм сұп-сұр жалмауыз бүкіл жарық әлемді — Жерді де, Аспанды да, Теңізді де жұтып жіберген сияқты…

Тұман құрсағында тағы да түн түсті. Оны қара түнектің тым қалыңдап кеткенінен байқауға болар еді. Жұлдыз да жоқ, аспан да көрінбейді.

Әйтеуір бейбағыт, беталды жүзе берудің енді түкке керегі жоқ.

Жалғыз үміт, жалғыз тілек — аспандағы жұлдыз ғана. Соны зарыға күтулі. Сағат сайын тосқандары сол Мына нәлет жауғыр жауыз тұманды тоз-тоз етіп қуалап әкететін желді күтуде. Қайықтағылар ұйықтаған жоқ. Көктің жүзін аша гөр, деп Тәңірге табынады, жел тұрғыза гөр, деп Жел піріне жалынады.

Бірақ бәрі тас керең. Бұлардың арызын ешкім естімеді, тұман ашылмады.

Жұлдызды Кириск те зарыға күтті. Әдетте аспанға іліп қойған жалтырауық ойыншық сияқты көрінетін сол шіркіндердің қадірін бала енді білді. Кеше кештен бері көрген сұмдық баланың жан дүниесін астан-кестен етіп, үрей туғызды. Бұдан соң сәби жаны жаншылып, қайтып оңалмастай күйреп кетуі оп-оңай ғой. Ал, ана үлкендердің осыншама қиямет-қайымға шыдас беріп, енді ешбір амал қалмаған халдің өзінде, ақыл-естен адаспай арпалысып баққаны бала бойына қуат құйғандай, осы бір тажал тырнағынан әйтеуір бір құтылармыз-ау деген сенім сәулесін себелегендей болды. Тек аспаннан жұлдыз көрінсе болды, азаптан азат боламыз деген сенім баланың көкірегіне қатты ұялап қалды.

Тұман тұтқынынан құтылар сағат тезірек соқса екен, тезірек кері қайтып, құрлыққа, Тарғыл төбетке тезірек жетсек екен деген тілек бала кеудесін кернейді. Қарын аш, шел шыдатпас, адам төзгісіз аштық пен шөл ақылдан адастыра жаздайды. Тезірек, тезірек жерге, үйге, шешесіне, туысқандарына, көк түтіні шұбатылған туған ауылға, көк бұлақ, жасыл шөпке тезірек жетсе екен…

Тұман тұтқынындағылар түні бойы үміт отын тамызықтап шықты. Бірақ бәрі бәз баяғы: тұман тырп еткен жоқ, жұлдыз да көрінбеді, теңіз де түнек құндағында жатыр.

Қайықтағылар түні бойы шөлдеп шықты. Дымқыл суықтан тоңып та барады. Бірақ бәрінен де шөл қиын еді. Кириск шөл қысқан жалғыз мен-ay десе, сөйтсе басқалар да тілі ауыздарына сыймай азап шегіп отыр екен. Әйткенмен, шөлден аса ауыр азап шеккен Кириск еді. Басқалардан гөрі өзінің шыдамы таусылып бара жатқаны баланың жанына қатты батты.

Ақырында төзбестен, бала бір жұтым су сұрап еді. Орган ақсақал бермей қойды.

— Жоқ, — деді ол қатаң үнмен, — әзір болмайды.

Шыда.

Әлгінде Эмрайин, Мылгун, Кириск үшеуі аштан өліп бара жатқан соң тұзға бөккен балықты жеп, қаужаңдап еді, енді сол өртеп әкетіп барады. Мына Орган сол азапты білсе ғой. Тұзды балықтан соң бір-бір жұтым су ішкендері рас, бірақ сәлден кейін шөл өрши түскен. Ал Орган қарт балықтан ауыз тиген де жоқ; әрі бір жұтым су да татқан жоқ. Шыдап бақты, бір қасық болса да ауыз суды үнемдемек. Органнан басқалары күні бойы — азанда бір, кешке бір су ішкен. Рас, кештегісі бір-ақ жұтым еді. Ал, кеспектегі су бірте-бірте азайып барады, азайып барады.

Шөл қысып, шөл өртеп бара жатқанда, тұманның түрілуін күту жүз есе ақикөз азапқа айналды.

Түні бойы азап құрсағында құрсауланған… Сірескен тұман түні бойы селт етпеген. Теңіз де тырп етпеді-ау…

Таң атқанда да ешбір өзгеріс болмады. Тек сұрқай-бурыл туманный; жалмауыз құрсауы сәл-сәл бозарып, көз көрім жер сәл-пәл кеңейгендей еді. Адамдар бір-бірінің жүзін көре алғандай жарық түсті. Қайықтың айналасы бірер аршын ағараңдап, теңіз суы қатып қалған сынаптай сіресіп жатты. Бұлайша сіресіп тұрып қалған суды Кириск бұрын көрген емес.

Лүп еткен леп жоқ, бәрі бәз баяғы.

Сол бір таңда Кириск әсіресе үлкендердің ұсқынын көріп шошып кетті. Жақтары суалып, сақал-мұрты өсіп, өлім ноқтасы түскендей, көздерінің айналасы көгерістеніп, жанарлары өлегізіп қалған екен. Ең күшті, ең сенімді деген әкесінің өзі де адам танымастай өзгерген. Тек қауқиып сақалы ғана қалыпты. Тістелей берген ерні қанталап, қарауытып кетіпті. Үндеместен, ләм деместен Кириск бір аянышты көзбен қарайды дейсің. Әсіресе, Орган қарт ойсырап, омырылып қалған екен. Сақал-шашы бұрынғыдан бетер аппақ қудай болып, жұтқыншағы шығып тұратын мойны әлдеқайда сорайып, көзі жасаурап, бүкшиіпті де қалыпты. Тек көз жанары ғана таймаған. Ауыл ақсақалының өзіне ғана тән, сиқыры өзіне ғана мәлім ақылды, ал қатал көзқарасы әлі де әлдебір асқақтықты байқатқандай.

Келесі күн бір жұтым суды бөлісудің азабымен басталды. Суды Орган құйды. Кеспекті қолтығына қысып алып, суды шөмішке сыздықтатып құйғанда қолының қалтырағанын айтсаңшы. Бірінші шөмішті Кирискке ұсынды. Кириск те өлдім-талдым дегенде жетті-ау әйтеуір, шөміштің ернеуіне тісі сақылдап тиіп, суды жұтып салғанда, сәл сәтке ғана тамағы жібіп, ішіндегі алау басылғандай болды, сол бақыттан басы айналып қалды. Бірақ шөмішті Органға қайтара бергені де сол, іштегі ыстық алау ашуланған албастыдай қайтадан бас көтеріп, бұрынғыдан бетер құтырынып шыға келді. Содан соң суды Мылгун, одан кейін Эмрайин жұтты. Олардың су ішкенін көрудің өзі қорқынышты еді. Қалтыраған қолдарымен шөмішті қауып алып, ыдысты Органның көзіне қарай алмай қайтарады. Судың мұншама тапшылығына дәл бір Орган кінәлідей. Өзінің кезегі келгенде Орган өзіне бір тамшы құйған жоқ. Үндеместен кеспектің тығынын жауып қойды. Кириск бұған қайран қалды. Кеспек өз қолында болса Кириск өзіне шөмішті толтыра-толтыра құйып, суды әбден есі қатқанша, танғанша сіміре берер еді, сіміре берер еді. Одан кейін не болса, ол болсын, әйтеуір бір рет тойып ішсе… Ал Орган қарт тіпті өзіне тиесі суды да татпады ғой. Кеспектің түбінде қалған бір тамшы суға да тиген жоқ.

— Оның қалай, ата? Өзіңе де құй! — деп Эмрайин шыдай алмай қыр-қыр етті. — Кеше де ішкен жоқсың, өлсек, бәріміз бірге өлейік.

— Мен шыдаймын ғой! — деп Орган сыр бермеді.

— Жоқ, мұның дұрыс емес! — деп Эмрайин ашуланып, дауыс көтере бастады. — Олай болса, мен де ішпеймін!

— Енді ішетін дәнеңе қалған жоқ қой. Не айтып отырсың өзің? — Орган мырс етіп, қандай ақымақсыңдар, дегендей басын шайқап қойды. Кеспектің тығынын қайта суырып алып, бір қасық суды шөмішке сарқып құйып:

— Мен үшін Кириск ішсін,— деді.

Бала сасып қалды, басқаларда үн жоқ. Орган оған шөмішті ұсынып:

— Іше ғой, Кириск. Ештеңені ойлама,— деді. Кириск тіл қатпады.

— Іш, — деді оған Мылгун.

— Іш, — деді оған Эмрайин.

— Іш, — деді оған Орган.

Кириск әрі-сәрі. Шөлден өліп бара жатқан бала шөмішті жұтып алып, бір жұтым суды қылқыта салғысы келіп бір тұрды да, ақыры батпады.

— Жоқ, — деді ол іштегі жалмауыз шөлден өліп бара жатса да. — Жоқ, ата, өзің іш.— Осыны айтып басы айналып кеткендей болды.

Мына сөзден кейін Органның қолы дір-дір етіп, қатты күрсініп салды. Баланы риза пейілімен аймалап, көзінен бір мейірім ұшқыны шашырады.

— Мен өз ғұмырымда суды соншама ішкенімді білесің бе сен? Ал сенің өмірің әлі алда, қайда… — деп Орган сөзін аяқтай алмай қалды. — Менің айтқанымды түсіндің бе, Кириск? Іше ғой, сенің ішкенің керек, ішуге тиіссің де. Маған қарап алаңдама. Мә!

Бала суды жұта беріп, тағы да бір сәтке ғана тамағы жібіп, іштегі алауы басылғандай болды да, сәл ғана тыныстан соң, шел лезде кайта қыса бастады. Бұл жолы ол саси бастаған судың дәмін сезді. Бірақ сол да сөз болып па, әйтеуір ауыз су болса, соған шүкіршілік еді-ау. Сол сасыған судың өзі де бірте-бірте азайып барады.

— Ал, енді қандай әрекет бар, не істейміз? — деді Орган туысқандарына қарап.— Жүземіз бе, қайтеміз?

Көпке дейін ешкім тіл қатқан жоқ. Бәрі де жан-жағына қарайды. Қайықтан екі аршын жер әрідегі тұтасқан тұманнан басқа ештеңе көрінбейді.

— Жүзгенде қайда барамыз? — деп Эмрайин күрсініп салды.

— Қайдаң не сенің? — деп, неге екені белгісіз, кенет Мылгун тарс кетті. — Жүземіз, бір жерде тұрып, арам өлгенше, жүзген артық!

— Жүзгенде не, жүзбегенде не? — деп Эмрайин жекіп тастады. — Мына тұманда әйтеуір беталды жүзе бергеннен не пайда?

— Тұманыңның тұмсығын ұрдым мен сенің!—деп Мылгун бұрынғыдан бетер көтеріліп кетті. — Тұманыңды ұрайын! Білдің бе? Жүземіз! Әйтпесе мына нәлет жауғыр қайықты мен қазір төңкере саламын да бәріміз балыққа жем боламыз! Білдің бе, қауға сақал Эмрайин, жүземіз! Түсіндің бе өзің?..

Кирисктің құты қашты. Мылгун-ағаның мына қылығына бола өзі ұялды. Оныкі өте оғаш болды, қанша айтқанмен ол Эмрайиннан кіші ғой. Демек, Мылгуннің жүйкесі жүдеп, ақылдан адаса бастаған болар. Әлде мына қайықтағы төрт нивхының түгелдігі түтілейін дегені ме? Бәрі қайғыдан күйреп, еңселері езіліп, үнсіз қалды. Мылгун да ентіге дем алып, үні өшті. Эмрайиннің басы салбырап кетті. Орган болса, әлпеті мына қалың тұмандай қарауытып, тастай қатып, әлдеқайда тесіле қарап қалыпты.

— Сабыр ет, Мылгун, — деді ақырында Эмрайин. — Мен әншейін айта салып едім. Әлбетте бір жерде тұра бергеннен гөрі, жүзген жақсы. Сенікі жөн. Кәне, кеттік.

Қайық қозғалып берді. Ұңғылар қайтадан сықырлап, ескектер қайтадан бір көтеріліп, бір түсіп, қайық қақ жарған тымық су тағы да жапырылып барып, қайықтың соңынан қайтадан қауышып жатты. Сөйтсе де, қайық қозғалмастан бір орында тұрған сияқты. Олар қанша жүзгенмен, тұман міз бақпайды, қайық бір жерде шыр айналып жүргендей көрінді. Сірә, содан да Мылгун тағы да екіленіп, өзін-өзі ұстай алмай қалса керек.

— Тұманыңның тұмсығын ұрайын, естимісің, қабасақал Эмрайин, — деді ол қалшылдап.— Мен тезірек жүзуді қалаймын! Жылдамдат, Қабасақал, бас ескекті! Естимісің, ей, қалғымай отыр! Тұманыңның тұмсығын ұрайын мен сенің!

Соны айтып, Мылгун ескекке барын салып бақты. — Жылдам! Жылдам, бас! — деп Эмрайинді қыстады.

Эмрайин оның жынына тигісі келмей, үндеген жоқ, бірақ іштей ыза болып, ол да мына құтырынды ойынға бой алдырып, ескекті барынша сілтей бастады.

Қайық барған сайын бауырын жаза түсті. Тұманды қақ жара қарғи түсіп, әйтеуір бет алды заулап барады. Мылгун мен Эмрайин болса, мына шексіз тұманның шетіне атылып шыққысы келгендей, бір-бірінен қалыспай, қаһарлана жұлқынып, есуастана елірісіп, ерегісе жанталаса жапырып келеді. Су сапырған ескектердің қалақшаларына көз ілесер емес; ескекке барын салып, біресе еңкейіп, біресе шалқайып, егескен ескекшілердің қара тер саулаған, әлем-тапырық бет-әлпеті бір жоғары, бір төмен әткеншек тепкендей теңселіп тұр…

Демдері ыңқ-ыңқ етіп, тау бұзып, тас жарғандай естіледі…

Алды-артың — тұман, айнала қаптаған қалың тұман.

— Хана, хана! — деп Мылгун аласұрып, қақырық түкіргендей қыр-қыр етіп, Эмрайинді қамшылай түседі.

Ә дегенде Кириск мына қарқынға қуанып, үміттеніп қалып еді, кейін мұның арам тер, бос қимыл екеніне көзі жетіп қорқа бастады. Мына құтырынды жарысты тоқтатар деген үмітпен бала Органға үрейлене қарап еді, қарт бейнебір бөтен дүниеде отырғандай, мұңды көзін әлдеқайда қадап, бейтарап халде қалған сияқты екен Қайран қарт әлде жылаған ба, әлде көзінің үйреншікті жасаурауы ма — әйтеуір бет-аузы су-су екен. Қайықтың үстіндегі әлем-тапырық әрекеттен бейхабар адамдай қалшиып қалыпты.

Қайық болса қара тұманды қақ жарып, қайда барары белгісіз, салып-ұрып қарыштап барады…

— Хана, хана! — деген дауыс тұманда тұншыға шығады. — Хана, хана!

Осы бір оспадарсыз сүргін көпке созылды. Әйтсе де ескекшілер бірте-бірте діңкелеп, жүріс шабандай берді, әрі-беріден соң екеуі де демі бітіп, ыңқ-ыңқ етіп, ескектерді тастай-тастай салды, Мылгунде бас көтерер бет жоқ.

Олар есін енді жиып, болымсыз істің қасіретін анық сезгендей еді. Тұман тұтқынынан олар шыға алмады, түнектің шеті көрінбей: тылсым түнек те, қимылсыз өлі су да, болжаусыз болашақ та — бәрі-бәрі баз қалпында қалды. Тек қайық қана әлгі қарқынның екпінімен біразға дейін өз бетінше қалқып, бұлтыңдап бара жатты…

Әлгі сүргін неге керек болды? Не мақсат? Ал, бір орында отыра бергенде не ұтар еді? О да бұл жағдай.

Әркім, сірә, қазір осы бір ойда қалса керек. Сонда Орган сөйледі:

— Маған құлақ салыңдар, — деді ол әр сөзін салмақтап. Екі күн нор татпай, су ішпей қалжыраған карт мүмкін, әл-қуатын үнемдеген шығар, әйтеуір өте баяу сөйлейді, — мына тұман әлі көп күн тұруы да ықтимал. Сондай бір жылдар болады. Мұндай жағдай ұшырап тұрады, өздерің де білесіңдер. Қалың тұман, мерзімі бітпейінше кетпейтін індет ауру сияқты, теңіз үстінде жеті, сегіз, тіпті, он күнге дейін жатып алатын болады. Ал, мына тұманның қанша тұрарын ешкім де білмейді. Егерім, бұл әлгі ұзақ тұман болса, біздің тағдырымыз тайқиған заман. Тұздалған балық та аз қалды, тұщы сусыз оның пайдасы да шамалы. Ал; ауыз су болса мынау-ақ! — қарт кеспекті шайқап-шайқап қойды. Су оның түбінде ғана шалп-шалп етіп шайқалды.

Ешкім үндемеді. Қарт та үнсіз қалды. Оның не айтпақ болғанын бәрі де анық түсінген: суды енді күніне бір-ақ рет бір қасықтан ғана ішу керек. Албастыдай тұман арылғанға дейін шыдап бағарға суды үнемдеу қажет. Теңіз жүзі ашылып, жұлдыз яки күн көрінер заман туса, бір мәні бола жатар бәлкім, сәтіне салса, жағалауға да жетіп қалар.

Иә, хал-ахуал осылай болды. Басқа айла-амал жоқ. Шыдау керек деп айту оңай-ау, ал ақыл-ойың жеткен жерге, адамның шыдамы жете берер ме, оған тәні түскір көнер ме. Мына ындыны кепкен сусамырлар дәл қазір кеспек түбіндегі бір тамшы суды ғана емес, бір көлдің суын бір-ақ ішіп қойғысы келіп обынып отыр.

Жағдайдың шарасыз екенін Орган түсінеді де, соның азабын өте-мөте тартады-ау. Көз алдында көпе-көрнеу семіп барады өзі, іштен жеген жегіден азап шегіп, әжімі айғыз-айғыз қара қошқыл бет-әлпеті сағат сайын қарауытып, қасаңданып барады. Мына қасіретке қарсы тұру қартыңа оңай соқпас: жасаураған жанарында алас-қалас жанжалды жалқын пайда болды. Десе де, ол әзірше дәтке қуат беріп, түрегеп тұрып қурайтын бәйтеректей, міз бақпайды-ау. Бірақ қашанғы төзер дейсің. Әләзір әл қуаттың барында мына отырған пақырларға білген ақылын айтып қалғысы келді.

Маған бір ой келді, — деді ол сөзін сабақтап. — Ылғи аспанға қарап, құлақ түріп отыру лазым: бәлкім ақ үкі ұшып өтер. Жылдың бұл мезгілінде теңіздің үстімен тек ақ үкі ғана ұшады. Егерім біз әлдебір аралмен құрылықтың арасында тұрған болсақ, ақ үкі бізге жол көрсетер еді. Ашық теңіз үстінде құс баласы тек тура жолмен ғана ұшады. Ешқайда бұрылмайды, Ақ үкі де…

Ал біз арал мен құрлықтың арасында болмасақ ше? — деп мырс ете қалды Мылгун басын көтермей түнерген күйі.

Онда ақ үкіні көре алмаспыз, — деді Орган аспай-саспай.

Ақ үкі теңіз үстімен не себепті, нендей мұқтажбен ұшады, — деп Кириск тәптіштеп сұрап алмақшы еді, оның алдын Мылгун орап кетті.

Ақ үкі дәл біздің үстімізден ұшарын қайдан білдің, а, ата? — деді Мылгун ызғарлы мысқылмен. — Ол басқа жақпен, сонау алыстан ұшып өтсе не болмақ?

Онда ақ үкіні көре алмаспыз, — деді Орган аспай-саспай.

Демек көре алмаспыз, — деп Мылгунның жыны қоза түсті. — Демек, былай да, былай да үкіні көре алмайды екенбіз ғой. Онда несіне омалып отырмыз? — Мылгун бірте-бірте қойқаптағысы қоза түсті де, қарқылдап тұрып күліп жіберіп, кілт үні өшті. Отырғандардың аза бойы, қаза тұрды. Не істерін білмей, бәрі де үнсіз қалды.

Сол екі арада Мылгун бір бәлені бастамаққа бел байлады. Жалпақ алақанымен бір ұрып, ескекті ұңғысынан шығарып алды. Содан соң неге екені белгісіз, қайықтың тұмсығына шығып алып, теңселіп, құлап кетпес үшін ескекті көлденең ұстады. Оған оның қалай деген ешкім болмады. Мылгун да ешкімге назар салмады.

— Е-ей, қаншық! — деп ол ашумен айқай салды. — Е-ей, желдің пірі! — Мылгун ескекті серт ұстап, тұманды түнекті бопсалай айқайлады. — Егер сен иттің өлігі емес, желдің пірі екенің рас болса, желің қайда? Әлде сен апаныңда арам қатып қалдың ба, қаншық? Әлде сені бүкіл әлемнің төбеттері қамап алып, соның қайсысына бөксеңді бұрарыңды білмей тұрсың ба? Әлде сен қаншық солардың бәрімен кезек-кезек ұйлығысып, жел тұрғызуға қолың тимей жатырсың ба? Әлде сен қаншық мына біздің тажал тұман ішінде зынданда қалғандай болып отырғанымызды ұмытып кеттің бе? Әлде сен біздің арамызда жас бала барын білмейсің бе, бұл қалай? Ол шөлдеп отыр, су сұрайды! Түсінемісің, су сұрайды! Мен саған айтып тұрмын ғой, арамызда бала бар деп! Бұл оның теңізге тұңғыш рет шығуы. Ал, сенің мына иттігіңе жол болсын?! Осы да әділеттік пе? Егер сен нерпаның сасық боғы емес, желдің пірі екенің рас болса, айтшы кәне! Жібер желіңді! Естимісің-ей, қаншық? Мына тұманыңды жиып ал да, құйрығыңның астына қыстырып қой. Естіп тұрсың ба? Дауыл жібер бізге, иттен жаралған! Ең сұрапыл дауылыңды жібер! Тлангила жібер, қаншық! Дауылыңды соғып, бізді суға батыр, сүмелек қаншық! Естимісің-ей? Естіп тұрсың ба сен мені?! Шаптырдым мен сенің түк басқан тұмсығыңа, түкірдім мен сенің тұмсығыңа! Желдің пірі екенің рас болса, жібер бізге дауылды, батыр бізді теңізге!! Өйтпейді екенсің салдақы қаншық, мына мен де төбетпін! Бірақ саған жанаспаймын, мә-мә! Мә-мә, саған! Жепсің, жепсің сен қаншық!

Мылгун сөйтіп желдің пірін барынша балағаттап-ақ бақты. Бірақ сол пірдің қайда екені де, желдің бәрін қайда тығып қойғаны да беймәлім. Мылгун оны кепке дейін, әбден қалжырап, ес-тұсынан айырылып үні шықпай қырылдап қалғанша қорлап, балағаттап, әрі десе жел сұрап, сілесі қатқанша сілтеді.

Ақыры қолындағы ескекті теңізге бар пәрменімен лақтырып кеп жіберді де, өзінің орнына барып отыра кетіп, екі қолымен бетін басып, кенет жан ұшыра бақырып жылады дейсің… Басқаларда ләм деуге дәрмен жоқ. Мылгун болса, кішкентай сәбилерінің атын айқайлап шақырып, солқылдап жылай берді, жылай берді. Бұған дейін ешқашан еркектің жылағанын көрмеген Кириск тұла бойы қалшылдап қорқып кетті де, өзінің де көзінен жасы шығып, Орган қартқа:

— Ата! Ата! Ол неге үйтеді? Неге жылайды? — деді.

— Қорықпа, — деп қарт баланың қолын қысты. — Қазір ол жылағанын қояды. Оған алаң болмай-ақ қой. Онда шаруаң болмасын. Қазір қояды.

Мылгун шынында да бірте-бірте тыныштала бастады. Бірақ қолын бетінен алмай, иығы дір-дір етіп, әлі солқылдап отыр. Эмрайин қайықты баяу бұрып, суда қалқып жүрген ескекке жақындатты. Ескекті көтеріп алып, қайтадан ұңғысына қондырып қойды.

— Сабыр ет, Мылгун, — деп Эмрайин інісін жұбатқан болды.— Сенікі жөн: тұманда тұншығып отырғаннан гөрі, дауылға тап болғанның өзі артық. Тағы да сәл шыдай тұрайық, қапелімде теңіз де ашылып қалар. Амал не…

Мылгун үндеген жоқ. Оның басы бірте-бірте салбырап, ақылы ауысқан адамдай алдына қарауға қорқып, бүк түсіп қалды.

Тұман болса сол баяғы қалпы, мұхитты қымтай түсіп, қыбыр етпей, дүниені жалмап қойғандай сіресіп жатыр. Лүп еткен жел жоқ, өзгеріссіз өлі дүние. Мылгун қанша балағаттап, жер-жебіріне жетсе де, желдің пірі тырс етпеді. Тіпті намысы жоқ неме ме, ашу шақырып, бұлқан-талқан бола қоймады, дауыл сапырмады…

Эмрайин әйтеуір бір жерде омалып отыра бермейік деп, ескекті сылбыр салып, қайықты су бетімен ілбітіп келеді. Орган сол ой тұңғиығына кетсе керек. Бәлкім тағы да, бәлкім бұл ғұмырда ақтық рет өзінің Балық-әйелін ойлап отырған шығар.

Қарттың қайғылы ойын Кириск бөліп жіберді.

— Ата, ата, ақ үкінің аралға қарай ұшатыны несі? — деп сыбырлап қана сұрады.

— Е, мен саған оны айтуды ұмытып кетіппін ғой. Мұндай ұлы тұманда теңіздің үстімен тек ақ үкі ғана ұшады. Ақ үкі аралға жем іздеп барады, кейде нерпаның баласын іліп әкетеді. Ақ үкінің көзі мынадай, оған тұманың да, түнің де сөз емес, күндізгідей көре береді. Үкінің аты — үкі. Үкілердің ішіндегі ең ірі, ең күштісі — ақ үкі.

Әттең, менің көзім ақ үкінің көзіндей болар ма еді, — деп сыбырлады Кириск кезерген ерні жыбырлап. — Сонда қалай қарай жүзу керек екенін көріп, құрлыққа тезірек жүзіп жетіп, суды іше берер едік, іше берер едік. Менің көзім ақ үкінің көзіндей болар ма еді, әттең…

— Е-е, — деп күрсінді Орган. — Әркімге өзіне бұйырғаны ғана болады.

Бәрі үнсіз. Тек әлден уақыттан кейін Орган әлгі сөздің жібін жалғап, баланың бетіне қарап тұрып:

— Сен қатты қиналдың-ау, ә? Сен шыда. Осыдан осы сынға төтеп берсең, сен ұлы аңшы боласың. Шыдай тұр, бауырым, суды ойлама, басқа бірдеңе туралы ойла. Суды есіңе алма.

Кириск қарттың айтқанын істеп, су хақында ойламайын-ақ деп еді, бірақ онысынан ештеңе шықпады: Суды ұмытамын деген сайын шел қыса түсті. Оның үстіне шұрқырап қарны ашып, тіпті аштықтан көзі қарауытып, басы айнала бастады. Осыдан барып Мылгун құсап, әлемнің жүзіне бақырып айқай салғысы келді.

Осылайша бүл күн де тауыс-тәмам болып бара жатты. Әне-міне алыстан толқын шуы естілер, самал соғып тұманды басқа жаққа айдап әкетіп, біз тажал тұзағынан құтылармыз деген үміт бір де бір үзілмеген. Бірақ теңіздің үсті құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Осы бір өлі тыныштықтан құлақ шуылдап, шеке солқылдайды. Оның үстіне шөл шіркін өзекті өртеп, тәнді тулақтай құрғатып, әлем-жәлем әкетіп барады. Шексіз судың ортасында тұрып, су сұрап, шөлден өлуден өткен сұмдық бар ма екен..

Кешке қарай Мылгун талықси бастады. Көзі елегізіп, тіл-ауыздан қалды. Өңешін жібітсін деп бір жұтым су беруге тура келді. Ол әлгі суды обып жатқанда Кирисктің құлқын қаққанын көріп, Орган шыдай алмай, оған да, одан соң Эмрайинге де бір-бір тамшы су берді. Ал, бірақ, өзі бір татып алмады-ау, сабаз. Кеспекті орындықтың астына қайта тығып қойды. Содан соң ешбір азап шекпеген адамдай, сірә шөл дертін тартпағандай, ақыл-естен адаспай, аспай-саспай, сақа қалпында, өзге бір өрелі ойлардың өрінде жүзіп, өзімен-өзі болып ұзақ отырып қалды. Қияда жалғыз отырған қыран тәрізді бүл отырысы. Ол өзінің тағдыры шешіліп қойғанын әбден біліп, бұл фәнидің соңғы сәтінде әл-дәрменін уыстап ұстап, рухын берік сақтады. Мұндай сәтте трубкасы болса, шіркін-ай. Ақтық рет өзінің Балық-әйелін ойлап отырып, бір шылым шекпегені-ай, қу жалған…

Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?

Ахирет табалдырығын аттар алдында әл-қуаты мен адамгершілік қасиеті енді қанша мерзімге шыдарын Орган өзі де біліп отыр. Әлденеге белді бекем буған сыңайы бар. Соған тәуекел дейін десе, Кирискіні қимай отыр. Мына тозақ күндерде бала байғұс бұған паналап, жылу іздеп бүйіріне тығылып, әбден бауыр басып қалып еді. Баланы қимайды-ақ. Бірақ сол балаға бола, соның қамы үшін Орган әлгі тәуекелге бел байламақ…

Орган ақсақалдың соры қалың, созалаң соңғы күні осылайша тәмәт-тәмам бола берді.

Кеш батып, тағы бір түн түсті.

Бұл түнде де ауа райы өзгерместен, бәз қалпында қалған. Теңіздегі тұман сол баяғы қарысқан қалпынан айыққан жоқ. Тас қараңғы түн-түнек тағы да қамалап келеді, адам төзгісіз азапты, түгесілмес түрпі түн тағы түсті. Апырай, осы түн ішінде кенет жел тұрып, кенет дауыл соғып, әлемнің астан-кестеңі шықса да, аспан ашылып, жұлдыз көрінсе екен! Бірақ бұл түн де түсін жылытпады, желдің нышаны білінбейді, толқыннан хабар жоқ, бәрі де шексіз тылсым тыныштыққа бөленіп, тырс етпейді. Үстінде шел мен аштықтан арып-ашып, аруақ болған адамдары бар жалғыз қайық түнекті түртінектеп, айтеңізде адасып, бет алды белгісіз ом шарасыз халде ілбіп жүзіп келеді.

Кириск қашан ұйықтап кеткені есінде жоқ. Жан шыдамас шөлден сансырап, талықсып, көпке дейін күйзеліп барып ұйықтады. Шыбындай жаныңды тірідей шырылдатқан мына тозақ мәңгі-бақи толастамас сияқты. Тек қана су керек! Судан басқаның атасына нәлет! Аштықтың азабы бойға сіңген үйреншікті аурудай сыздап барып, бірте-бірте білінбей де кетті. Ал, шел деген нәлет өршеленген үстіне өршеленіп, өрттей лаулап барады. Оны басар айла-амал жоқ.

Бұдан да жасырақ нәресте кезінде Кириск бір рет мұрттай ұшып ауырып, төсек тартып қалғанда ыстық терге малынып жатып, осылай бір шөл қысып, күйіп-жанғаны бар. Шешесі байғұс қасынан бір елі кетпей, әлдене деп күбірлеп дұға айтып жүріп, көзінің жасын көрсетпей сүртіп, баланың алаулап жанған маңдайына су шүберекті баса беріп еді. Май шамның селдір сәулесі шалықтаған ала көлеңкеде шешесі мұның бетіне абыржи да, қобалжып қайта-қайта үңіледі. Әкесі үйде жоқ еді, теңізде аң аулап жүрген. Сонда шел қысып, су сұрайды және әкесін асыға күтеді. Бірақ о тілегі де, бұ тілегі де орындалмайды. Әкесі болса алыста, ал шешесі су бермейді. Суды аузыңа татып алуға болмайды дейді шешесі. Баланың кеберсіген ернін шешесі қайта-қайта су шүберекпен сүртеді, бірақ бұл бір сәтке ғана дәт. Қайтадан шөл қысып, қайтадан жан қиналады.

Су іше көрме, қарғам, шыда, шыдасаң жазыласың деп шешесі жалынып, жалбарынып, баланы иландырып бағады.

— Шыдашы, жарығым,— дейді шешесі. Таңертең жазылып кетесің. «Көк тышқан, су берші» деп ішіңнен қайталай бер, қалқам. Көр де тұр, сонда жазылып кетесің. Көк тышқаннан су сұрашы, жаным. Жүгіріп келіп, саған су әкеліп берсін. Тек шын пейіліңмен сұра…

Сол түні ол алаулап күйіп жатып, көк тышқан шыннан су әкелер деп сеніп, шешесі үйреткен тілекті ішінен қайталай берді: «Көк тышқан, су берші! Көк тышқан, су берші!» — деп жалынды. Содан соң күйіп-жанып сандырақтай бастады. Сонда да: «Көк тышқан, су берші»— деп аласұрып жатты. Көк тышқаны түскір көпке дейін келе қоймады. Бала байғұс жалбарына жылап, күбірлеп, сыбырлап: «Көк тышқан-ау, су берші!» — деп тынбады. Ақыры келді-ау, әйтеуір. Көк тышқан — шаңқай түстегі орманның қайнар-бұлағынан ескен жібек самалдай сап-салқын екен. Қимылы көз ілеспес, көгілдір түстес, көк көбелектей ұшып жүрген үлпілдек екен. Әлгі тышқан ұшып жүріп, үлпілдек жүнімен баланың бетін, мойнын, тұла бойын сипап өтіп, самал соққандай эсер етіп, науқастың қасіретін жеңілдетті. Тышқан оған сонда су берген сияқты: әйтеуір шөлі қанбай іше берген, іше берген сияқты, ал су болса тасқындап, арқырап оны басына дейін көміп кеткен тәрізді…

Таңертең бала жаны жадырап, қалжырап қалса да, дертінен құлан таза айығып, құлыншақтай ойнақтап түрегелді. Содан кейін көпке дейін әлгі су тасығыш көк тышқан баланың көкейінен кетпей қойды.

Енді міне қайық үстінде шөлден өртеніп, қураған көндей кеуіп жатып Кириск сол көк тышқанды есіне алды. Әй, сол көк тышқан тағы да келер ме еді, шіркін? Бала сонда шешесін ойлап, жүрегі сыздап, іш-бауыры елжіреп сала берді. Көк тышқан арқылы өмірден күдер үзбеуді үйреткен сол өзінің анасы еді ғой. Өзі ауырып, . шөл қысып жатқанда шешесі жанынан бір елі кетпей, бет-жүзіне үңілгенін көз алдына көңілі босай отырып елестетті. Шешесінің сонда шыбын жаны шырқырап, баласының жолында құрбандығы бола жаздап, құдайдан медет тілеп, қайғылы жүзі қасіреттен қиналғанын көрсең. Ендігі халі қандайды бишара ананың? Көз жасы көл болып, теңіз жағалап, бұлардың жолын тосар-ау… Мылқау теңіз оған түк айтпас. Мынадай сұмдықта оның қайғы-қасіретіне ешкім араша түсе алмас. Тек әйелдер мен балалар ғана Тарғыл төбет тауының қияларына алау салып, от жағып, ана байғұстың үмітін қаузар, сірә. Теңізде жоғалған бейбақтар кенет бастарына бақ қонып, жағалауға жақындап келіп қалар деген үміт отын өшірмес олар.

…Ал, бұлар болса тастай қараңғы өлі кеуекте түнгі тұманның тұтқынында, енді құтыламыз-ау деген үміттері бірте-бірте үзіліп, су бетінде баяу ғана құлази қалқып жүре берді. Аламат жаумен алысарға дәрмен жоқ, мәңгі түнек дүние-әлемге күн пайда болғанға дейін бар болатын. Сол тылсым түнекке мына қалтылдақ қайықтағы төрт пенде төтеп бере алар ма, сірә… Әрі десе ішетін суы жоқ, талмайтын тамағы жоқ, не аспанда жол танытар жұлдыз да жоқ…

Кириск бұрын ешқашан мұндай обыр қара түнекті көрмеп еді, өзінің аз ғана жасының ішінде сусамыр шөл азабы мұншама қатыбас болар деп ойламап еді. Өзін-өзі алдандыру ниетімен Кириск көк тышқан туралы ойлауға тырысты. Бір кезде аурудан айықтырып, шөлін қандырған көк тышқан.. «Көк тышқан-ау, су берші!»

— өзінің анасы үйреткен ғажап дұға бұл: «Көк тышқан-ау, су берші! Көк тышқан-ау, су берші!» Ғайыптан әлгі тышқан келе қалмаса да, Кириск бұл тілекті жан-тәнімен күбірлеп, қайталай берді, қайталай берді. Енді бұл жалбарыныс оның үмітінің ұшығына, шөлге қарсы қаруына айналды…

Көк тышқан-ау, су берші!

Осылайша күбірлеп, өзін-өзі алдандырып отырып, бала кейде қалғып та кетеді, кейде ұйқы арасында Орган мен Эмрайин әңгімесіне еріксіз құлақ түріп, үзік-үзік сөздерін естіп қалады. Әлгі екеуі әлдене туралы сыбырласып, көп сөйлесті. Бұл өзі жұмбағы, емеуріні көп, арасын анда-санда үнсіздік жайлаған, бейтаныс әңгіме еді. Қарт тамағы қырылдап-сырылдап әрең-әрең сөйлесе де, Кириск оның бүйіріне тығылып отырып, оның сөздерін анық естіді. Ал, әкесі әріректе отырғандықтан оның үнін шала-пұла ұқты.

— Саған ақыл айтатын мен емес, сонда да ойланшы, ата, — деп Эмрайин оны әлдекім естіп қоятындай-ақ ысылдай сыбырлады.

— Сен ақылды едің ғой, ата.

— Ойландым, көп ойландым. Жөні солай, — деді Орган, сірә, бұрынғы райынан кайтпастан.

Екеуі бірауық үнсіз қалған соң, Эмрайин:

— Бәріміз бір қайықтамыз. Не көрсек те бірге көреміз, тағдырымыз бір, — деді.

— Тағдыр, тағдыр, — деп қарт күңірене күбірледі, — тағдырдан қашып құтылмассың, ол рас. — Органның тамағы сыр-сыр етеді. — Тағдыр солай: қалайсың ба — мойынсұн, қаламасаң — қарсы тұр. Ақыры көрер сәулең, татар дәм-тұзың таусылған екен, басқалар күн көре тұру үшін, өз тағдырыңды қамшылап асықтырған да дұрыс. Өзің ойлашы, мүмкін, жол ашылып, құрлық та көрініп қалар. Ақтық әліңді жинап, жағаға жақын қалғанда, нәйеті бірер тамшы ауыз суға бола, бәріміз құрығанымыз жөн бе, жоқ бір-ақ адамның құрбан болғаны жөн бе?

Эмрайин бірдеңе-бірдеңе деп міңгірледі де, екеуі де үнсіз қалды.

Кириск ұйықтап кетуге тырысып, ұдайы көк тышқанды шақырумен болды. Ұйықтап кетсе, көк тышқан келетіндей көрінеді. Бірақ көзі іліне қоймады.

Көк тышқан-ау, су берші!

— Мылгун қалай? — деп сұрады Орган.

— Бұрынғысынша. Жатыр әлі, — деді Эмрайин.

— Жатыр деймісің. — Сәл кідіріп, қарт өз өтінішін қайталады. — Ол есін жиған соң, менің аманатымды айт.

— Айтамын, ата, — деп Эмрайиннің даусы дірілдеп шықты. Әрең жөткірініп алды: — айтқаныңның бәрін жеткізем.

— Сен оған айт: мен оны құрметтеуші едім. Мылгун мықты аңшы. Адамгершілігі де бар. Мен оны әрдайым сыйлаушы едім.

Екеуі тағы да үндемей қалды.

Көк тышқан-ау, су берші!»

Эмрайин тағы бірдеңе айтып еді, Кириск оны жөнді ести алмады. Орган айтты:

— Жоқ, күте алмаймын, — деді.— Өзің де көріп отырсың ғой, әл-дәрмен жоқ. Жақсы ит өлігін көрсетпейді. Өзім-ақ аттанайын. Мен ұлы адам едім! Оны өзім де білемін. Менің түсіме ылғи да Балық-әйел енуші еді. Оны сен түсінбейсің… Мен соған жол тарттым…

Екеуі тағы бірдеңелерді айтып отырды, Кириск көк тышқанды шақыра-шақыра, көзі ілініп бара жатты.

Көк тышқан-ау, су берші!

Бала талықси ұйықтап бара жатып, әкесінің Органға таяна түсіп, айтқан сөзін еміс-еміс естігендей болды.

— Есіңде ме, ата. Біздің ауылға ана бір жылы бұғы жеккен саудагер келіп еді ғой. Балта, оны-мұны айырбастап алғаны кәне. Иә сол Иә, жирен сақал еді ғой. Сол айтып еді ғой: бір елде ұлы адам болған, ол теңіздің үстімен жаяу жүре береді екен деп. Сондай адамдар болған-ау, сірә…

— Демек, ол адам ұлылардың ішіндегі ұлысы, — деді Орган. — Біздің ең ұлы құдіреттіміз — Балық-әйел.

Кириск ұйықтап жатса да, кейбір сөздер құлағына алыстан талып жеткендей естіледі:

—- Тоқтай тұршы, ата, Ойланшы.

— Тәмам. Менің тұзым таусылды. Ұстама мені… Енді шыдауға дәрмен жоқ.

— Қап-қараңғы ғой…

— Бәрібір емес пе…

— Менің саған айтайын деген сөзім бар әлі:..

— Сөз таусылмас. Біз өлген соң да сөз таусылмайды.

— Қап-қараңғы ғой.

Ұстама мені. Әл-дәрменім бітіп барады. Мен өзім түсейін…

Қап-қараңғы ғой…

Сендер шыдай тұрыңдар. Әлі бірер жұтым су бар…

Баланың басын әлдекімнің жап-жалпақ, қатқыл алақаны абайлап қана сипалағандай болды. Ол ұйықтап жатып, әлгі Органның қолы екенін сезді. Әлгі жып-жылы, ауыр алақан баланың басын мәңгі еске сақтап қалғысы келгендей, бала байғұсты қорғағысы келгендей біразға дейін табы білініп тұрды.

Кириск түсінде теңіз бетімен жаяу жүріп барады екен. Құрылыққа тезірек жетіп, су ішкісі келеді. Суға батып та кетпейді, құлап та қалмайды. Айнала аса бір таңғажайып көрініс. Көз жетер жердің бәрі айнадай жарқыраған шалқар теңіз. Теңізден, теңіз суынан басқа бүкіл әлемде ештеңе жоқ. Тек телегей теңіз, шалқыған су. Теңіз үстімен бала қара жер үстімен жүргендей жүріп келеді. Айнала түгел тербетілген телегей толқын. Толқындардың қайдан шығып, қайда барары беймәлім.

Теңіз бетінде бала жападан-жалғыз. Әуелі ол Орган, Эмрайин және Мылгунның алдына түсіп, озып кетіп, жағаға тезірек жетіп, су тауып, әлгілерді сол суға шақырмақ болып жүгіре жөнелген сияқты еді. Ал, кейіннен байқаса — теңіз бетінде жалғыз өзі. Ол айқай салып, серіктерін шақырады. Бірақ ешкім жауап бермейді. Қыбыр еткен тірі жан, тырс еткен дыбыс жоқ… Олардың қайда құрып кеткенін білмей бала сарсаң. Үрейі ұшып, шошып кетеді. Айқайлайды — ешкім естімейді. Қарайған жер және көрінбейді. Алқынып, әлі кетіп, теңіз үстімен жүгіріп келеді, бірақ қанша жүгірсе де бір орыннан жылжымайды, кенезесі кеуіп, шөл қысып әкетіп барады. Сол бір кезде ол төбеде ұшып жүрген құсты байқап қалады. Лувр үйрек сол екен. Жарықтық жұмыртқалайтын жер іздеп, теңіз үстінде шарқ ұрып, шаңқылдап жүр екен. Бірақ ол қонатын оймақтай да қара жер жоқ. Айнала шалқып жатқан шалқар су. Лувр үйрек шарқ ұрып, шыр-шыр етеді.

— Ей, Лувр! — деп айқайлайды Кириск. — Жер қай жақта? Мен шөлдедім!

— Әлемде әлі жер пайда болған жоқ! — дейді Лувр үйрек. — Айнала тек толқындар ғана.

— Басқалар қайда кеткен? — деп сұрады бала ғайып болған адамдарды іздеп.

— Олар жоқ, оларды іздемей-ақ қой, ешқайда да жоқ олар, — деп үн қатты Лувр үйрек.

Адам ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр қасірет пен жалғыздық сезім баланың жанын күйзелтті. Бас ауған жаққа қарай қаша жөнелгісі келеді, бірақ барар жерің жоқ, айнала шалқыған су мен тулаған толқындар. Лувр үйрек те көз ұшында бұлдырап, жалғыз ноқаттай қарайып, алыстап бара жатты.

— Лувр үйрек, мені ала кет, тастама мені! Мен шөлдедім ғой! — деп жалынды бала сонда.

Бірақ та үйрек үн қатпады, сәлден соң көзден таса болды: әлі жарала қоймаған қара жерді іздеп кетті.

Бала көзінің жасы көл болып, өксіп оянды. Көңілінде шарасыз қайғы мен үрейдің ауыр зілі жатыр. Жас аққан көзін жайлап ашып, түс көргенін түсінді. Қайық қалтылдап тұр екен. Бозғылттана бастаған тұман түнек төбеден төніп, жан-жақтан қамалап тұр. Бұл атар таңның нышаны еді. Бала қозғалақтай бастады.

— Ата, мен шөлдедім ғой, мен түс көрдім, — деп міңгірледі ол қолын Орган қартқа соза беріп, Бірақ оның қолына ештеңе ілікпеді. Орындықтағы қарттың орны бос еді.

-— Ата! — деп шақырды Кириск. Ешкім үн қатпады. Бала басын көтеріп, шошып қалды.

— Ата, ата! Қайдасың, ата!

— Айқайлама! — деп Эмрайин оның қасына жетіп келді. Баласын құшақтай, қатты қысып бауырына басты.— Айқайлама, атаң жоқ! Шақырмай-ақ қой оны енді! Ол Балық-әйелге аттанып кетті.

Бірақ бала оны ұққысы келмей:

— Атам қайда? Атам қайда менің? — деп жылап жіберді.

— Тыңдасаңшы-ей! Жылама! Сабыр ет, Кириск, атаң жоқ енді,— деп жұбатпақ болды әкесі, — Тек сен жыламашы. Ол саған су бер деп кетті. Әлі аз ғана суымыз бар ғой. Жылағаныңды қойсаң су берем. Тек сен жыламашы. Кешікпей тұман айығады, көресің содан соң…

Кириск жұбана қоймай әкесінің қолынан босанбақ болып жұлқына берді. Бұл алыс-тартыстан қайық шайқалып кетті. Эмрайин амалы таусылып, дағдарып қалды.

— Міне, қазір көресің, жүзіп кетеміз! Қазір жүземіз! Ей, Мылгун, тұр! Тұр деймін саған! Ескекті ал қолыңа!

Мылгун ескекті есе бастады. Қайық су бетімен ілбіп сырғанай берді. Күллі әлемді қымтап алған мына сіреспе бозғылт тұманда қайда, неге жүзіп бара жатқандары белгісіз.

Олар жаңа күнді осылай қарсы алды. Енді қайықта үш-ақ адам қалды.

Көк тышқан-ау, су берші!

Кейінірек Кириск аздап саябырсыды. Эмрайин өз орнына барып отырған соң төрт ескектің екпінімен қайықтың жүзуі жылдамдай түскен. Қайда, не үшін жүзіп бара жатқаны тағы да беймәлім. Органның ұшты-күйлі ғайып болғанына қатты күйзелген Кириск өксігін әлі баса алмай, қайықтың арт жағында жетімсіреп жалғыз отыр. Эмрайин мен Мылгун да ұнжырғалары түсіп, не өздерін, не Кирискті жұбата алмай, бір-біріне дәт-қуат бере алмай қиналған шақ. Бар білгені — ескекке жармасу ғана. Әйтеуір қыбырлаудың далбасасы. Ақ тұман арасында бет-әлпеттері қап-қара болып түтігіп көрінеді. Аштық пен шөлдің айықпас аяусыз, ауыр зұлматы төбелерінен төніп-ақ тұр. Бір-біріне тіл қатпай, жақтары қарысып қалған. Тек әлден уақыттан кейін Мылгун ескекті тастай беріп:

— Бол суды! — деп Эмрайинге түнере тіл қатты.

Эмрайин кеспектен шөміштің түбіне бір-бір жұтым су құйды. Оның өзі борсып кеткен сасық су еді. Сол судың өзі бар болып тұрса кәне. Енді бас-басына үш-төрт қасықтан ғана қалды-ау, басқа түк жоқ. Жаңағы жұтқандары жұғын да болған жоқ, шөлдің дертін баса алмады.

Ауа райы өзгере ме, жоқ па? — деген сұңғыла сұрақтың сарсаң сәті тағы соқты. Үмітсіз сайтан, тұман әлі-ақ ашылар, деп айтуға енді ешқайсысының аузы бармайды. Әл-қуат кетіп қалжыраған жандарды енді еріксіз енжарлық билеп, мына көр тұман тұтқынында қайығы қақпайлаусыз қалтылдап, тағдыр құрығына тырп етпей мойынсұнған шақ. Содан басқа амал жоқ. Көр тұман адамды езгілей түсіп, еріктен айырып мең-зең халде қалдырған Тек Мылгун ғана сілейте бір боқтап алып, үні дірілдеп, ашынып тұрып:

— Мына тұман құрыса — мен өлуге дайын! — деді.— Қайықтан өзім-ақ секіріп кетер едім. Әйтеуір жарық дүниенің бір пұшпағын көрсем, әттең…

Эмрайин ләм демеді, тіпті басын да көтерген жоқ. Сөйлегенде — не айтады? Қайықтағы қалғандардың ендігі үлкені сол Бірақ айтар ақыл қалмаған. Барар жер, басар тау жоқ!

Уақыт етіп жатты. Ескексіз қайық біресе тапжылмай тұрып қалады, біресе қайтадан қалтылдап жылжи жөнеледі.

Шексіз шөл азабына азынаған аштық қосылып, қайықтағылардың халі сағат сайын мүшкілдене берді. Әлсіз тәндегі шыбын жан мұрын ұшына таяна түсті.

Кириск кірпігі ғана қимылдап, қайықтың артында жатыр. Шойындай болып зіл тартқан басы айнала береді, тынысы тарылып, оқтын-оқтын аш қарын азынап, ішін бұрап-бұрап әкетеді. Сусамыр дерті бір толастамайды, шөл қысып барады.

Көк тышқан-ау, су берші!

Шел қандырғыш көк тышқанға жалынып жатып, бала енді тәркі тіршілікті ұмытуға тырысты. Енді ол сонау Тарғыл төбет баурайында қалған ертегідей қол жетпес жұмақ дүниені еске түсіріп, сол ойдан пана іздегендей еді.

Ерні жыбырлап: «Көк тышқан-ау, су берші!» — дейді бала. Қазір басы айналып жатқанда оның есіне сонау Тарғыл төбеттің бөктерінен темен қарай домалап ойнайтын сәттері түсе кетті. О, ол бір тамаша ойын еді ғой. Бұл ойынның шебері осы Кириск болатын. Бөктердің қабағына жүгіріп шығып, төбеден төмен қарай бөренеше домалап түсер еді. Екі қолыңды екі қапталыңа қысып алып, өзіңді-өзің домалатып жібересің. Бір-екі аунап түскен соң, өзіңді-өзің тоқтата алмай зымырап бара жатасың. Рақаттан сықылықтап күлесің кеп. Аспан аударылып-төңкеріліп бара жатады, бұлттар аунақшып, ағаштар әткеншек ойнап, бар әлем асты-үстіне шыққандай болады. Аспанда күн ішек-сілесі қата күлгендей боп көрінеді. Айнала айқай-шу, балалар мәз-мейрам! Бірте-бірте құлдырап домалап келе жатасың, домалап келе жатасың, көзіңнің алды бұлдырап, әлдекімнің беті сопайып, әлдекімнің аяғы қисайып, қылт-қылт етіп қалып жатады. Ақыры сайдың табанына жетіп тоқтайсың. Құлағың шуылдайды. Ең қызығы енді басталады. Балалар: бір, екі, үш! — деп санағанда басыңның айналғанына қарамай орныңнан атып тұруың шарт. Әдетте балалардың бәрі де бірден тұра алмай, құлап қалып жатады. Ой, сондағы қыран күлкі-ай! Өзгелер де күледі, өзің де күлесің! Құламай тұрғың келеді, ал аяқ асты шайқалып, теңселіп бара жатады. Сондайда Кириск құламаушы еді. Құламауға барынша тырысып бағатын. Өйткені жанында Музлук бар ғой. Оның көзінше әлдекім құсап құлап жату ұят қой.

Әйтсе де ең қызығы, ең күлкілісі қабақтан Музлук екеуі қатар түсіп жарыса домалаған кездер еді. Қаласа, қыздар да домалай алады. Бірақ олар қорқақ келеді, әрі десе бұрымдары әлденеге ілініп қалады. Бірақ оны қойшы. Мұндай-мұндай қызық ойындарда жарақат болмай тұрмайды.

Музлук екеуі қатар домалаған кезде Кириск одан озып кетпейін деп ешкімге білдірместен әдейі шынтағымен жер тіреп бара жатады. Екеуі сай табанға бірдей домалап түсіп, айқай-күлкі аралас қиқу кезінде «үш!» дегенге дейін орындарынан ұшып тұра келер еді де, Кириск Музлук құлап қалмасын деп сүйей берер еді. Сол сәттің ол үшін ең ләззат шағы екенін ешкім байқамаушы еді-ау. Екеуі бірін-бірі сүйеген болып, еріксіз құшақтасар еді. Музлуктің еріндері жүрегіңді жұлып алардай дірілдеп, сықылықтай күліп; өтіріктен құлап бара жатқан болады да, Кириск оны сүйей берген болып, екеуі құшақтасып қалады. Сол кезде бұл екеуінің ағыл-тегіл бақыт құшағында тұрып, үркек, балаң махаббаттың буына мас болғанын басқалар байқамас еді. Жұқа көйлектің астынан қыз шіркіннің жүрегі тарсылдай соғатын. Екеуінің денесі бір-біріне жуысып кеткенде, Кирисктің қолы абайсызда қыздың жаңадан түйін тастаған топ-томпақ төсіне тиіп кетер еді де, қыз баланың денесі дір-дір ете қалып, Кирискке жабыса түсер еді. О, шіркін, сол кездегі оның шала мастықтан жайнаң қаққан сиқырлы көзқарасын айтсаңшы! Сол сәтте күллі әлем: жер де, аспан да күлкі мен бақыт құшағында құйқылжи шыр айналып, шаттыққа кенелер еді. Мұның аты таңғажайып бақыт екенін сонда балалар білген бе, сірә…

Тек бірде бір жамағайынның Кирисктен үлкенірек жексұрындау баласы сезіп қалыпты: содан ол да басы айналып құлап бара жатқан болып, есалаң адамша Музлукқа асыла кеткені бар. Музлук шегініп қалып, қаша жөнеліп еді, анау басы айналып тәлтіректеген болып, Музлукқа тағы да жармаса бастағаны. Сонда Кириск әлгімен бір төбелесті дейсің. Әлгі ноқай үлкендігін істеп, Кирискті бірнеше рет шалып жықты. Бірақ Кириск те беріспеді-ау. Ақыры итжығыспен тынды.

Әбден сілесі қатқанша ойнап-ойнап, ентіккен тершең балалар су ішпек болып бұлаққа қарай тұра жүгірер еді. О, сол бір қуанышты кездер-ай!

Көк тышқан-ау, су берші!

Ау, көк тышқан, су берші…

Бұлақ жақын болатын. Орманнан басталған бастау осы балалар ойнайтын жерден келіп шығатын. Бұлақ түбінде малта тастар жатар еді, кәусар су сап-салқын-ау, шіркін, Жағалай белуардан түрлі шөптер өсіп, суды қаумалап, қалқалап тұрар еді. Дәл суағарда өскен шөптер ағынмен алысып, сықылықтаған сумен бірге сылаңдап жатады. Ерке бұлақ біресе күн сәулесіне шағылысып, жарқ ете қалып, біресе түксиген жарқабақтың астына сүңгіп кетіп, кейде ну жыныс шөптің арасына жасырынып қалып, теңіз жаққа қарай жөңкіліп жататын.

Балалар осы бұлаққа атойлап келіп, жағадағы шөпті қолдарымен ысыра-мысыра, суға бас қоятын. Қол жуып, суды алақанмен алып ұрттау деген жоқ, бұғыша басты суға көміп жібергенде, былдыр бұлақ олардың бет-аузын аймалай қытықтайды келіп. О, ол бір рақат дүниесі еді ғой!

Көк тышқан-ау, су берші!
Кек тышқан-ау, су берші!
Ау, көк тышқан, су берші…

Балақайлар суға бастарын тығып қаз-қатар жатар еді. Иықтары тиісіп, суға сұққан қолдары бір адамның қолындай бірігіп кететін. Олар суды еріндерімен қармап, демалып-демалып, қайта-қайта жұта береді. Жұтқан сайын рақаттанып, енді еріккеннен суды былдырлата үрлеп ойнайды. Олар бұлақ басынан кеткісі келмейді, күмістей ағыннан бастарын алғысы келмейді. Айнадай ағын судан өздерінің қисық-қисық суреттерін көріп, соған мейрам болып, біріне-бірі қарап күліседі-ай келіп.

Көк тышқан-ау, су берші!
Көк тышқан-ау, су берші!
Көк тышқан-ау, су берші!
Ау, көк тышқан, су берші…

Музлук сонда судан басын алмай, көзінің қиығымен ғана Кирискке қулана күлімдеп қарап қояды. Кириск те оған көзінің қиығымен қулана күлімдеп жауап қатқандай болады. Қыз бала орын жетпегендей Кирискті иығымен итеріп-итеріп қояды. Кириск шегіне қоймайды. Сонда қыз аузына су толтырып алып, оның бетіне бүркіп кеп жібереді. Кириск суды ұртына толғанша ұрттап алып, қыздың бетіне сыздықтата бүркіп-бүркіп жібереді. Ал кәне, алқын-жұлқын айқас басталсын да кетсін. Екеуі де бұлақты шалпылдатып, бір-біріне суды аямай шаша береді, шаша береді. Үсті-бастары малмандай болып, шыңғыра айқайлап, бұлақ бойымен бірін-бірі қуалап асыр салады…

Көк тышқан-ау, су берші!

Енді қайтып сол қызықтың ешқашан қайтып келмейтінін ойлағанда Кирисктің жүрегі сыздап сала берді. Тынысы тарылып, іші-бауыры бұрап әкетіп барады. Сол ауруға шыдай алмай, бүк түсіп, әлгі бір көк тышқанға мінәжат айтып, ақырын ғана жылап жатты.

Көк тышқан-ау, су берші!

Бала өткен қызықтан медет іздеп, жанталасып жата берді. Жағдай сол бәз баяғы. Ақ кебіндей қымтаған қалың тұман әлі қамалап тұр. Қайықтағылар өз-өз орындарында талықсып жатыр. Алда не күтіп тұрғаны әлі белгісіз. Тек бір кезде қайық қатты қалтаң ете қалды. Бала әкесінің шошынған даусын естіп қалды:

— Мылгун! Мылгун! Оның қалай! Қой, қазір!

Кириск басын көтеріп қарап еді: шошып кетті. Мылгун қайықтың ернеуінен еңкейіп, ожаумен теңіз суын көсіп алып ішіп жатыр екен.

— Қой, қазір! — деп Эмрайин оның қолындағы ожауды тартып алмақ болып тұра ұмтылды.

Бірақ Мылгун қаһарлана қарсы тұрды:

— Жақындама маған, Қабасақал! Өлтіремін! Ауызға алып болмайтын ап-ащы тұзды суды Мылгун аузынан ағыза, үсті-басына төге-мөге, өзін-өзі зорлап, обып-обып жұтқанда ожау тұтқан қолы қалш-қалш етеді. Түрінен адам шошырлық, жабайы аң сияқты еді.

Одан соң ол ожауды қайықтың түбіне лақтырып тастап тынысы бітіп қыр-қыр етіп, шалқасынан құлай кетті. Оны азаптан құтқаруға дәрмен жоқ. Кириск қорыққанынан бір уыс болып бүкшие түсті, іші-бауыры бұрынғыдан бетер бұрап-бұрап ауырды, шөл дегенің шыдатпай қысып әкетіп барады. Эмрайин бұрынғыдан бетер жүнжіп, басы салбырап, қайықты ескекпен жайлап жылжытып, белгісіз тұманды түрткілей жүзіп жүре берді. Одан басқа оның қолынан не келсін…

Мылгун бір сәт тыншиды да, қайтадан шел шабуылына шыдай алмай, қыр-қыр етіп, тұла бойы қалшылдап, жанталасып жатады. Сәлден соң ол ақыры басын көтерді:

— Өртеніп барады, ішім өртеніп барады! — деп үстіндегі киімінің омырауын айырып-айырып тастады.

— Айтсаңшы енді, не істейін? Қайтсем жеңілдетем сенің азабыңды? Анадан бір жұтым.., — деп Эмрайин кеспекті нұсқады.

— Кішкене құяйын ба?

Жоқ, — деп бас тартты Мылгун. — Енді керегі жоқ. Марқұм Орган атай құсап түн түскенше шыдай тұрам ғой деп едім, болмады. Мейлі. Әйтпесе іс насырға шабар. Судың бәрін ішіп қоярмын. Енді біттім, мен жоқпын. Менің талқаным таусылды… Мен өзім-ақ… Өзім, әлі күшім жетеді.

Мына құлазыған қу тұманның ішінде ақырғы демі таусылып бара жатқан адамның сөзін естуден артық бар ма екен! Эмрайин өзінің жан жолдасы, әрі бауыры Мылгунның көңілін аулап көрмек еді, бірақ Мылгун оны тыңдағысы да келмеді. Ол жанталасып, бар азаптан бір-ақ құтылуға белді бекем байлаған екен.

— Енді маған сөз сөйлеме! -— деп ақиланды Мылгун. — Ендігі бос сөз. Мен өзім-ақ… өзім-ақ кетемін. Ал, әкелі-балалы екеуің өздерің біліңдер. Осы дұрыс. Менің мұнымды кешіріңдер, бауырларым. Сендер әкелі-балалы екеуің қалыңдар, әлі аздаған су бар ғой… Ал, мен қазір аттанамын. — Осыны айтып Мылгун тырмысып жатып қайықтың ернеуіне асылды. Өлдім-талдым дегенде орнынан әрең көтеріліп алып, Эмрайинге түнере қарап тұрып:

— Сен маған кесір болма, Қабасақал! — деді. — Осы жөн. Маған бөгет болма. Қош болыңдар! Мүмкін, көретін жарық сәулелерің бар шығар… Мен қазір… міне… сен тез-тез жүзіп кет. Қайықты тез әкет. Күтпе мені… Егер маған жақындасаң, қайықты төңкеріп тастаймын. Ал, сілте ескекті, Қабасақал, қаттырақ ес! Естимісің-ей, әйтпесе аударып тастаймын…

Мылгунның тілегі мен бұйрығын орындамасқа лаж қалмады. Қайық тілсіз тұман мен тілсіз теңізді қақ жарып, зымырап тура тартты. Кириск үні дірілдеп жылап жіберді:

— Аки-Мылгун! Мылгун-аға! Қойыңыз!

Дәл сол сәтте Мылгун ай-шайға қарамай қайықтан аунап түсті. Қайық бір жағына қарай құлдырай қисайып барып, қайта түзелді.

— Ары кет! Ары кет жылдам! — деп айқай салды мұздай суға қолы ербеңдеп батып бара жатқан Мылгун.

Қалың тұман оны көзден лезде таса қылды. Айнала тып-тыныш, кенет сол өлі тыныштықты Мылгунның ақырғы айқайы селт еткізді де, қайтадан тына қалды. Сонда Эмрайин бауыры шыдай алмай:

Мылгун! Мылгун! — деп өкіре жылап, қайықты тез қайта бұрды.

Қайықты ағызып қайтып келгенде, Мылгун көрінбей кетіп еді. Судың беті сып-сылаң, тып-тыныш. Ештеңе болмағандай, ешкім батпағандай, із-түз жоқ. Әлгіде ғана тірі адамның дәл қай жерге батып кеткені де белгісіз.

Әкелі-балалы екеуі енді әбден қараңғы түскенше сол жерді айналып жүрді де қойды. Қайғыдан қан жұтып, екеуі де еңіреп тұрып, көп жылады. Әкесінің жылағанын Кириск өмірінде тұңғыш рет сонда көрді. Оған дейін оның жылағанын бала көрген де емес, білген де емес.

— Енді біз жалғыз қалдық, — деп міңгірледі Эмрайин сақалына саулаған жасты сүртіп. — Мылгуным, қайран менің Мылгуным! — деп күбірлеп өксігенін еш баса алмайды.

Ал, күн болса батып бара жатты. Сірә, батып бара жатқан болар. Егер бұл әлемде күн әлі бар болса, егер ол әлі аспан астында, теңіздердің тұмандардың үстімен айналып жүрген болса, онда ол қазір аспай-саспай ұясына қонған шығар. Ал, мұнда іңірдің қара бояуына қана түскен қалың тұман арасында, шексіз теңіз үстінде адасқан жалғыз қайық сандалып жүр. Оның ішінде енді екі-ақ адам қалды. Әкелі-балалы екеуі-ақ.

Ақырдың ақырында Эмрайин су ішпесек болмас деп түйді. Кирисктің осы сәтті зарыға күтіп жатқанын ол біледі әрине. Баласының қыңқыл-сыңқылсыз аштықпен, шөлмен қасарыса арпалысып жатқанын және біледі. Мылгунның өлімі көпке дейін су туралы ойды көмескілендіріп жіберген сияқты еді. Бірақ сұм шөл әсте-әсте қайтадан белең алып, әлгі бір азап сәттерін аз уақыт тыйғаны үшін өш алғандай енді еселеп қыса түсті.

Жерге тамызып алмайын деп аса бір сақтықпен борсыған судан әуелі Кирискке аздап ағызды. Кириск әкесінің қолынан шөмішті жұлып алып, арқасы ұстаған бақсыдай обынып, әлгі тамшыны жұтып салды. Эмрайин енді суды өзіне құйып көріп еді, кеспектің түбінде тұлдыр ғана қалғандай болды. Әкесінің қолындағы кеспектің төңкерілуіне қарап, енді судың мүлде аз қалғанын бала да байқады. Осылай боларын күн ілгері білсе де, мына тапшылықты көзімен көріп Эмрайин мүлде шошып кетті. Ожаудағы суды ішуге асыққан жоқ. Ожауды қолына ұстап отырып, шел азабынан мың есе ауыр азаптың төніп келе жатқанын енді аңғарып, дағдарды да қалды.

— Мә, ұстай тұр, — деп ожауды баласына ұсынды. Ішінде суы бар ожауды тұтып отыру баласына зор азап екенін және де сезді.

Қолында су бола тұрып, іше алмау деген неткен қиямет! Эмрайин қолы ожаудан босаған соң кеспектің тығынын мықтап ұрды да, ағаш бөшкені өз орнына қойды.

— Іш,— деді ол ұлына.

-— Өзің ше? — деп баласы аң-таң.

— Мен кейін ішем. Қиналма, іше ғой, — деді әкесі сабыр сақтап.

Кириск сасыған суды лезде жұтып салды. Шөлі әрине, қанбады, десе де іштегі алау аздап болса да басылғандай болды.

— Қалай? — деді әкесі.

— Аздап тәуір,— деп тіл қатты бала риза пейілмен.

Сен қорықпа. Тіпті бір тамшы су татпағанның өзінде адам екі-үш күнге шыдайды. Осы есіңде болсын. Не бәле келсе де тек қорқушы болма.

— Сен сондықтан ішпедің бе? — деп қалды Кириск. Сосын сұрақтан Эмрайин тосылып қалды. Ақыры ойланып отырып:

— Иә, деді.

— Ал тамақсыз қанша уақыт шыдауға болады? Біз дәм татпағалы талай күн өтті ғой.

— Су болса болды. Сен оны ойлай берме. Кел, одан да біраз жүзіп алайық. Саған айтар сөзім бар.

Жүзе сөйлеспесе болмайтындай, Эмрайии ескектерін шиқылдатып, қайықты баяу қалықтатып, қалың тұман арасында бағыт-бағдарсыз кете барды. Дәтке қуат қылмаса, сөз бастау қиын еді. Осылай ілбіп бара жатқанда айтар сөздің жүйесін табу оңайлайтын сияқты көрінді Эмрайинге. Оның айтайын деген ойын айтпақ тұрмақ, ойлаудың өзі әзірейілдей қаһарлы еді. Ескекті өзі есіп қана қоймай, баласын да жұмысқа салды. Балаға ескек естіріп те, тіпті жүзіп те қажеті жоқ еді. Бала Мылгун-ағасының ауыр ескектерін әрең қозғалтып келеді. Жалғыз ескек болса бір сәрі, қос ескекке мұның шамасы әлі келіңкіремейді екен. Оның үстіне Кириск әбден әлсіреген ғой. Ол тұрмақ, Эмрайиннің өзі де сағат сайын әл-дәрмені сарқылып барады. Әкесі сол себепті де сөз бастауға асығады. Уақыт шіркін өтіп барады, соңғы сағат соғуға жақын. Өлшеулі мезгіл өткелі тұр.

Кириск артына бұрылмастан, тіл қатпастан ауыр ескектерді әрең толғап отыр. Эмрайинді қинаған бұл жайт та емес. Баласына желкесінен қарап отырып, оның әлі бұғанасы қатпаған қорғансыз нәресте екенін енді аңғарып, жан дүниесі елжіреп, жаралы жүрегі қан жылап, мына тасыраңдаған тағдырдың соншалықты қатыбас болғанына азаланып, әттеген-ай, ернін бір тістеледі дейсің. Мына жалғыз жәдігерге айтайын деген ойын айта алмайды, айтпасқа тағы болмайды…

Бірте-бірте тұманның түсі түнере түсті, жан-жақтан қорқау қараңғылық қамалады. Эмрайин болса ауыр ойдың зілі басып, әлі жүзіп келеді, енді уақыт шын тақалған сияқты. Табиғатынан қанша берік болғанмен, өзін-өзі қанша қайрағанмен, аштық пен шөл оның әл-қуатын жылдам жалмап, жанын алқымға тақаған сияқты еді. Алда тұрған апатқа баланың бойын да, ойын да үйретіп, ажал мен азаптың бет-жүзіне тура қарауды аманат етіп айтып қалуға асықпаса болмады. Әзірше әл-дәрмені барда айтып үлгермесе — өкініші өтелмес.

Орган мен Мылгунның соңынан өзі де аттанбасқа амал жоқ екенін Эмрайин пайымдап болған. Баланың өмірін сақтап қалудың, тым болмаса ана бірер тамшы сасық су таусылғанша оның жанын қаузай тұрудың бірден-бір жолы осы ғана. Мына тұйық тұман бүгін түнде ашыла ма жоқ ертең күндіз ашыла ма, әлде мүлде ашылмай ма, әйтеуір бір айыға қалған күнде орасан теңіздің ортасында жападан-жалғыз бала қалай, қайтіп күн көріп, қалай жол таба алар — бұған Эмрайиннің ақылы жетпес, бұл сұрақтың түйіні шешусіз. Өлімсіреп жылт-жылт еткен жалғыз үміт бар: егер теңіз тұманнан ашыла қалса, аң адамдардың үлкен кемесі кездесіп, баланы құтқарып қалар. Әлбетте бұл, әйтеуір, дүдәмал да болса, жорамал тек. Жұрттың айтуынша, ақ адамдардың үлкен кемесі мұқит кезіп, кей-кейде осы жаққа да жақындап келетін көрінеді. Адам естімеген алыс жақтардан шығып, алыс елдерге аттанады-мыс, Эмрайин ондай кемені өмірінде көрген емес, рас кезбе саудагерлердің айтуынша, ақ адамдар таудай-таудай қайықтарға мініп жүретін көрінеді, әлгі саудагерлер сол кемеге мінгенбіз деп те айтады. Саудагер халықтың жер бетінде білмейтіні жоқ, тегі сондай қайықтардың бары рас та шығар. Ауа райы ашылып, әлгі ақ адамдардың осы жаққа жолы түсіп, жалғыз жәдігердің қалтылдақ қайығын байқап қалса, кім біледі, құтқарып та алар. Бұл, әйтеуір үмітсіз шайтанның кебі, әйтпесе бәрі неғайбыл, бәрі тек қиырсыз қиял.

Ақырғы сапарға аттанар алдында әкесі баласына осы жайды айтпақшы еді. Тағы да бір айтатын аманат бар. Бала жалғыз қалғанда, ажал ақымақ оған да құрық салар болса, ақырғы тамшы су таусылып, шелден демі таусылар болса, баланың қайық үстінде өлгені жақсы. Орган мен Мылгун құсап, енді сәлден соң ақырғы жайға аттанатын Эмрайин құсап суға секіріп өлмеу керек. Әбден есінен айырылып, көзі жұмылғанша бала қайықта жатсын, қозғалмасын. Осыны айтпасқа амал жоқ, тағдыр басқа салды екен көну керек… Ал енді бір сәт баланың жападан-жалғыз жапан теңіздің ортасында қалып, аштық пен елден талмаусырап, өліп бара жатқанын көз алдына елестетуі мұң екен, Эмрайин тұла бойы түршігіп, шыбын жаны шырқырап шошып кетті. Мұндай сұмдыққа жан баласы шыдап болмас, бұған төзу мүмкін емес. Бала байғұсты бұлай жалғыз тастауға болмас, одан да екеуі бірге өлгені жақсы.

Сәлден соң теңіз үстінде көзге түртсе көргісіз, түпсіз түнек түн басты. Тұман тұтқынында күндіз жүзудің өзі далбаса, ал мына көрдей қараңғы түнде жүзу мүлде ақылға сыйымсыз. Қайық бір орында баяу шайқалып тұр. Ауа райы өзгеретін түрі жоқ, тіптен белгі жоқ. Өлі теңіз тырп етпейді.

Әке мен бала қайық түбінде бір-біріне тығылып қатар жатыр. Екеуі де көз ілген жоқ. Аштық арытқан, шөл сансыратқан сорлылар ендігі күннің не боларын ойлап, азап шегуде…

Әкесімен катар жатып, бала оның қу сүйегі қалғанын сезді, алпамсадай денесі де кішірейіп, мүлде шөгіп қалыпты. Тек сақалы ғана бұрынғысынша қайратты, қап-қатты екен. Әкесін аяп бала ішінен жылап, көздің жасын жұтып жатты. Қазір ол бұған дейін белгісіз болып келген сезімдерді бастан кешті. Әке мен баланың арасындағы ұлы махаббат сырын енді сезді. Бұл сезімді ол сөзбен айтып жеткізе алмас, өйткені ол сезім баланың қаны мен жанында, жүрегінің лүпілінде жасырынып жатқан тұңғиық дүние бұрын ол әкесіне тартып туғанын мақтан етер еді, соған еліктеп, әкесіндей болып өсуді армандайтын, енді ол әкесі мен екеуі бір адам екенін түсінді, әкесі баласының басталуы да, бала — әкенің жалғасы екен Сондықтан да әкесін аяп, жаны күйзелгені, өзін-өзі аяп, тебіренгені екен. Енді ол көк тышқанға шын ықыласымен жалбарынып, әкесі мен екеуіне су әкеліп беруді тіледі:

Көк тышқан-ау, бізге су бер!
Көк тышқан-ау, бізге су бер!

Әкесі сағат сайын сусамыр дерттен өзегі өртеніп, өлім халіне жетіп қалса да, енді өзі үшін суды аңсап ойын сарсытпады. Ішек-қарны қаңсып, темір бұрау салып бұрағандай, алаулай түсті. Басы шыңылдап, құрсау салғандай сынып бара жатты. Мылгунның соңғы минуттардағы шеккен азабын ол енді түсінді. Эмрайин енді бұл азапты да ойлап жатпады. Енді су туралы, шел қандыруды ойлап жатудың түкке керегі жоқ еді. Егер де бала болмаса, бауырына балапандай тығылып отырған бишара ұлы болмаса, ол бұл азапты шеккенше, тезірек жанын жай таптырар еді. Бала тірі қалар

деген үміт жоққа тән, сөйте тұра оның өмірін сәл сәтке болса да ұзарта алсам деген жанталас арман — қазіргі бар мақсаты, бар тілегі сол ғана: бала сәл сәтке болса да үзіліп кетпей тірі бола тұрса екен. Сол себепті де ол өзін өлімге қиюы керек. Бала үшін, бірақ баланы жападан-жалғыз, екі көзін жәудіретіп, мына жапан теңізде панасыз қалдырып кетуге тағы дәрмен жоқ. Өлім өзі келгенше шыдай тұрайын десе баланың бір қасық несібесіне, оның өмірін бірер сағатқа болса да сақтай алатын бір жұтым суына ортақ болады, сол сұмдық болмас үшін сұм өмірмен дәл қазір қоштасайын десе, баланы тағы қимайды. Шын қиыны осы еді. Бірақ енді шегеріліп, енді әрекет жасамаса, ақыл-есі дұрыста аттанбаса, тағы қатер…

Әкенің соңғы сағаты соққан сияқты… Мұның бәрін мына ұлына қалай ғана, қандай сөзбен айтып түсіндірмек? Саған бола сені қиып тастап барамын деп қалай ғана айта алады?

Әкенің соңғы сағаты соққан сияқты… Әкесінің осы ойын сезіп қалғандай, Кириск: — Әке! — деп сыбырлады да оның бауырына тығыла түсіп, көк тышқанға тағы жалынды:

Көк тышқан-ау, бізге су бер!
Көк тышқан-ау, бізге су бер!

Эмрайин қара қайғыдан қан жылап, баласына ештеңе айта алмады. Ол ұлымен ойша, іштен қоштасты. Қоштасқан сайын, арыздасқан сайын, ақырғы сапарға аттану сәті қиындай түсті. Сол сәтте ол өзінің бүкіл ғұмыры дәл осы түнгі өмірдің бастауы ғана екенін ұқты. Мына ұлға өзін жалғастыру үшін, өз өмірін мына ұлмен ұзарту үшін Эмрайин дүниеге келген екен деп сол үшін енді өлмек екен Баласымен үнсіз қоштасып отырып ол қазір осыны ойлады. Шейіт кетер керемет сәтте Эмрайин ұлы жаңалық ашты: өзінің тууы, есейіп, ер жетіп өмір сүруі, мына қазір ақырғы сәтке дейін жанталасуы — бәрі, бәрі өзінің ендігі ғұмырын мына ұлмен ұзарту үшін ғана екен. Бұл ұлы шындықты ол бұған дейін ойламаған болса, ол бейқам тіршіліктің арқасы еді.

Рас, мұндай ой бұрын да бір рет найзағайдай жарқ етіп өткені бар. Қазір сол есіне түсті. Марқұм Мылгун және басқа ағайындары бәрі орманнан ағаш кескен бір кез көз алдына келді. Адамдар кескен ұлы бәйтерек құлай бастаған сәт еді. Дәл сол шақта Эмрайин әлгі алып ағаштың құлар жағында тұрып қалыпты. Зау терек ауаны қақ жарып, жолындағының бәрін қақыратып құлап бара жатқанда адамдар Эмрайинге: — Қаш! — деп айқай салды.

Эмрайин қапыда қалшиып қатты да қалды. Ендігі әрекет бәрібір кеш еді: аспанды қақыратып, жан-жағын жапырып, бәйтерек төбеден төне құлап келе жатты. Сол қас қағым сәтте оның ойына Кириск қана түсті. Ол кезде Кириск мүлде кішкентай еді. Қарындасы Псулк әлі дүниеге келмеген кез. Сол сұрапыл сәтте Эмрайиннің есіне Кирисктен басқа ешкім де, ештеңе де түспеді, артымда Кириск бар дегеннен басқа ештеңе де ойлап үлгірмеді. Бұтақтары суылдап, жердің шаңын бұрқ еткізіп, ағаш тура жанынан сулап түсті. Жұрт жадырап шу етті. Эмрайин аман-есен, сау қалды.

Осы оқиға ойына оралып, Эмрайин өзінің бар өмірінің мағынасы мына Кирискке байланысты екенін, өмірінде әкелік сезімнен артық, оған құдіретті сезім болмағанын қазір түсінді. Бұл үшін өзінің балаларына, әсіресе Кирискке риза еді. Қазір Кирискке осы жайды айтқысы келді де, бірақ мазасын алмайын деді. Баланың халі онсыз да мүшкіл еді…

Әкенің соңғы сағаты соққан сияқты…
Көк тышқан-ау, бізге су бер!
Көк тышқан-ау, бізге су бер!
Әкенің соңғы сағаты соққан сияқты…

Оның тағы да бір-екі қимас естелігі бар еді, олармен қиысудың өзі қиын-ды. Уақыт мұрша бермесе де ол әлгі қиыспас естеліктерін еске түсірмей бұл дүниеден аттанғысы келмеді. Кешікпей ақтық сапарға аттанатынын бір елі естен шығармай, енді ол өзінің естеліктерімен қоштасты.

Әйелін ол ә дегеннен сүйіп, жақсы көрген. Бір ғажабы, теңіз үстінде сапарда жүріп, үйде отырған әйелі не ойласа, бір мезгілде ол да соны ойлайды екен. Әу бастан-ақ солай болды. Әйелі де күйеуінің алыста жүріп не ойлағанын сезеді екен… Алыстан бірін-бірі сезіп-білулері екеуіне ғана аян құпия сыр еді, басқа жанға белгісіз бұл бақыт екеуінің соншалықты жақындығының белгісі еді.

Әйелінің бойына Кириск біткен кезде, ұл екені, яки қыз екені әлі белгісіз шақта, жолдан оралған бойы Эмрайин әйеліне:

— Осы сен ұл табасың-ау? — деді.

— Тиыш, жын-пері естіп қоймасын! — деп әйелі шошып кетті де, артынша екі көзі жайнаңдап шыға келді. — Оны сен қайдан білесін?

— Ұл табатыныңды сен бүгін ойладың ғой. Сен ұл тапқың-ақ келеді.

— Сен ше? Сен не қалайсың?

— Сенің не ойлайтыныңды менің сезетінімді сен білесің ғой. Сен не ойласаң, мен де соны ойладым.

— Мен де сенің тілегіңді сезіп, ұл тапқым-ақ келеді…

Ақыры айтқандары келді. Сезім алдамапты. Әйелі ай-күніне жетіп, босанатын кез таянды. Жүкті әйел осы кезде күйеуінің жамау-жасқау тері шалбарын киіп жүрді. Мұны қалай дегенде, сен алыста жүргенде еркектің киесі бойымда жүрсін дедім, әйтпесе бала шынжау болып қалады деп түсіндірді. Сол шақта ол қырық құрау тері шалбар кисе де ең сұлу да, ең сүйкімді әйел заты еді-ау!

Кім туар екен деп көңіл қобалжыған, қуанышты да, шуақты күндер еді сол…

Сөйтсе ол күткендері осы Кириск екен…

Енді сол Кирисктен мәңгі-бақи айырылысар шақ туды.

Кириск сәл өсіңкіреген кезде, шешесі әлдеқалай ашуланып, осы сен жоқта жаным тыныш еді, деп қалды.

Бала қатты өкпелеп:

— Мен жоқ кезде мен қайда болыппын? — деп қадалып қоймай қойды, әкесі теңізден қайтқан сапарында.

Ал кеп күл дейсің… Әйелі екеуі үнсіз жымыңдасады. Күйеуінің балаға не айтарын білмей қиналғанына әйелі мәз болады.

Енді ғой әкесі баласына: сен әлі дүниеге келмеген кезде менің белімде болатынсың, менің белімнен шешеңнің бәденіне түсіп пайда болдың. Сен менің тәнімнен жаралғансың, демек сен менің жалғасымсың, сенің балаларың, олардың балалары осылай-осылай жалғасып кете береді… — деп айтар еді.

Иә, ол осылай деп айтар еді, өлерінің алдында осылайша айтып кетсе — бақытты болар еді, бірақ енді талқаны таусылды. Оның тұқымы үзілетін болды. Үрім-бұтақсыз қалатын болды. Кириск енді әрі кеткенде бір-екі-ақ күн өмір сүреді, одан арыға шыдамайды. Мұны әке сорлы біледі. Балаға бола өзі өлетіні қинамайды. Мұны әке сорлы біледі. Балаға бола өзі өлетіні қинамайды әсте, оның өзегін өртеп, жанын жеп бара жатқан жай — жаңағы тұқым-тұқияны құрып кету қаупі.

Баласына ең ақтық айтайын дегені: ендігі қалған өмірінде Орган-атаң мен Мылгун-ағаңды ризашылықпен есіңе ал, демекші еді. Олар енді бұл дүниеде жоқ, оларды тірілер есіне ала ма, жоқ па — оларға бәрібір, бірақ өлгендерді еске алу тірілердің өз тіршілігі үшін қажет. Қас қағым өмірің қалғанда да осындай ой өзің үшін керек-дүр.

Өлер шағыңда жақсы адамдар туралы риза пейілде болсаң — сауап-дүр

Бірақ әке балаға мұны айтып жатпады. Кириск өзі де білетін шығар, деп шамалады…

Кириск оянып кетті де, өткен түндерге қарағанда бүгін жылырақ ұйықтағанына қайран қалды. Сөйтсе мұның үстіне әкесі өзінің тонын жауып қойған екен. Бала көзін ашып, басын көтеріп еді — қайықта әкесі жоқ. Ол орнынан ұшып тұрып, қайықтың ішін қолымен сипалап тінтіп жан шошырлық дауыспен айқайлап жылап жіберді. Бұл зарлы үн тұманды теңіздің меңіреу тыныштығын бұзып қайғыға толы қалпында айдалада көпке дейін шырылдап тұрып алды. Жан даусы шыға жылаған бала ақыры талықсып барып құлады да, үні қыр-қыр етіп, басымен қайықтың түбін соққылап, нәресте жүректің күйігін баса алмай жатты. Бұл оның әкелер алдындағы борышын өтеп, оларға деген махаббатын әм қайғысын білдіріп, соларды жоқтауы еді…

Бала бас көтермей, көзін ашпай сол қалпында жата берді. Көзін ашқанда — кімге қарайды, басын көтергенде — қайда барады? Айнала сол баяғы сұм тұман, тек теңіз бұл ретте сәл тыпыршып, қайықты жаймен ғана тербетіп қояды. Сірә, баланы жұбатқаны болар.

Кириск өзін-өзі кінәлап, түнде сілесі қатып ұйықтап қалғанына өкініп, өксіп-өксіп жылайды. Егер ұйқы дұшпан болмаса, ол әкесін өлсе жіберер ме еді? Оны қайықтан қарғытпай, тістей қатып, тіріде жібермес еді ғой. Бүйтіп жападан-жалғыз сорлап қалғанша, әкесі екеуі мына қайықтың үстінде шел мен аштықтан бірге өлсе еді. Түнде ұйықтап жатып ол қайықтың қатты солқ ете қалғанын сезді-ау: сонда орнынан қарғып тұрып, айқай салсашы! Әй, әттегене-ай! Сонда әкесін аман сақтап қалар еді ғой! Әйтпесе, әкесімен бірге түпсіз тұңғиыққа өзі де бірге кетер еді де!

Бала тұла бойы қалшылдап жылап жатып, бірте-бірте есінен танып ұйықтап кетті. Шөл деген азап әлгіде азынаған қайғыға шыдай алмай қашып кеткен сияқты еді, енді (оның есесін қайтарғысы келгендей қаһарланып қайта соқты. Бала ұйқының өзінде ішінің алаулап, өрт алып бара жатқанын анық сезді. Өрт жалыны ішін жалап, тынысын бітеп, тұншықтырып бара жатқан соң бала түртінектеп жылжып барып, кеспекке қол созды. Әке байғұс әдейілеп оның тығынын босатыңқырап, дәл жанына ожауды да қойып кеткен екен. Талықсыған бала тез тауып алсын деген болар.

Бала ожауға су тамызып, бір-екі жұтып, кеуіп қалған тамағын жібітті. Тағы бір құйып, тағы ішпекші еді, тез есі кіріп, өзін-өзі тежеп қалды. Енді бірер жұтым су қалды… Сонан соң басы салбырап, әкесін ойлап отырды-ай. Әкесі бұған ештеңе айтпай кеткені несі? Әкесімен бірге батып кеткені жақсы еді ғой. Енді қорқыныштан қол-аяғы да ырыққа көнбейді, қайықтан енді қалай қарғып түседі? Сәл-пәл күш жинап алайын, содан кейін болсын, — деді бала…

Мезгіл түс әлеті болған сияқты, ә бәлкім түс ауған да шығар. Тұманның реңі ашаңданғанына қарап, Кириск солай ойлады. Сірә, күн төбеде тұрған болар. Бірақ оның сәулесі қу ағаштың түтініндей көгілдір тартып, бірте-бірте сейіле бастаған тәрізді. Бірақ әләзір мына ұлы тұманның тұтасқан туырлығынан өте алмай жатқан сияқты. Дегенмен, тұманы түскір бәрібір жиырма-отыз адымнан әрі тұңғиық тұнжыр судан басқа ештеңе көрінбейді.

Жүзгенде — барар жер жоқ, әрі десе баланың ескекке шамасы да келмейді. Әкесі мен Мылгунның ескектері тап-тұйнақтай болып, ұңғыларында тұр. Бала оларға қамыға қарап-қарап қояды. Қайық болса белгісіз бағытқа өзінен-өзі жылжып барады. Айналаңның бәрі жау, аза бойды қаза қылған жалғыздықтың азабынан үрейлі қорқыныш үдей түседі.

Соңыра, кешке жақын іші-бауыры тағы өртеніп, өзегі күйіп бара жатты. Аштықтан, әлсіздіктен басы айналып, көзі бұлдырай бастады. Қыбыр етіп қозғалғысы да келмейді, олай-бұлай қарағысы да келмейді. Қарағанда — қайда қарайсың?

Кеспекке жылжып жетудің өзі мұң болып қалды. Тізерлеп жылжып көрді де, дәрмені кетіп тоқтады. Ол енді сәлден соң мүлде жылжудан қалатынына көзі жетті. Қолын бетіне тигізіп көріп еді, жүрегі су ете түсті: қолы шидей болып жіңішкеріп, көндей болып қатып қалыпты.

Бұл жолы ол әдеттегіден суды көбірек жұтып жіберді. Енді бір-ақ қасық су қалды. Сонымен тақыр-тәмәм. Бір тамшы да су жоқ.

Бірақ оған бала қайғырмады. Енді оған бәрібір, құла-дала енжарлық жанын жайлап алды. Ал, шел деген ит сонда да азынап, аранын ашып жанды қинады. Ол енді аштықты сезуден қалды, тек ішінде зілдей ауыр бір түйір тынымсыз сыздап, бебеуледі де тұрды.

Бала әлденеше рет есінен танып, талықсып кетіп, қайта-қайта тірілді. Қайық болса өз бетінше қаңғып жүр. Тұман әлі айыққан жоқ, тек толқындар тіріле бастаған сияқты.

Бір замат бала қайықтан шын құлағысы келді. Бірақ күш-қуаты жетпеді. Тізерлеп барып, қайықтың ернеуіне жармасып еді, бірақ әрі аунап түсуге өз денесін өзі көтере алмай, салбырап қалды. Содан діңкесі құрығаны сонша, кеспектегі қалған қасық суды ішуге де зауқы соқпады.

Қайықтың түбінде құлап жатып, көзінен сараң жас сор болып ағып, сыбырлап қана көк тышқанды шақыра берді.

Көк тышқан-ау, бізге су бер!

Көк тышқаны түскір келе қоймады, шел деген ит өршелене түсті. Өзі тыр жалаңаш бұлақ суына шомылған сонау бір жаз көз алдына келді. Сонда оның жасы жетіде еді-ау, иә жеті…

Сол бір жаз ыстық болды. Орманның пұшпағында күн қайнап тұратын. Ауыл адамдары сол арадан жидек теруші еді, суға шомылушы еді. Кирисктің шешесі мен нағашы әпкесі де суға түсетін. Жас баладан олар онша қымсынбастан шомыла беретін. Тұлдырсыз шешініп тастап, мықындары ағараңдап, қолдарымен кеуделерін қымтай түсіп, суға бірден түсе алмай қорқақтап тұратын. Ал, суға енген соң шыңғыра айқайлап, суды шалпылдатып, асыр салатын.

Кириск жағада жүгіріп жүріп жарлауыттан төменге қарғыған кезде апалы-сіңлілі екеуі оған қарап жат та кеп күлетін. Әсіресе шешесі «ананы қара, ананы қара, — деуші еді сіңлісіне,— аумаған әкесі, ұқсамасаң тумағыр!» Екеуі бір-біріне бірдеңе-бірдеңе деп сыбырлап алып, тағы да жат та кеп күледі дейсің бір… Су шіркін сонда ағыл-тегіл ағып жатады, қанша ішсең де мейлің, қанша шомылсаң да мейлің…

Көк тышқан-ау, бізге су бер!

Балаға бір елес келді. Тағы да сол бұлақтың басында екен. Тағы да ыстық жаздың күнінде тыр жалаңаш суға шомылып жүр екен. Міне, ол бұлақ бойлап жүгіріп келе жатып, жағалаудан суға қойып кеп кетеді, бірақ денесі судың салқынын сезбейді. Бұнысы бір салқыны жоқ, тұман сияқты өлі кеуек, әсерсіз, жансыз су. Су емес, тұман ішінде шомылып жүрген сияқты. Тұла бойы түршігер әлгі судан. Шешесі бұл жолы бұрынғыдай күлмейді, тек жылайды. «Ананы қара, ананы қара аумаған әкесі», — дейді ол әлдекімге. Сөйтеді де жылайды, зарыға, зарлана жылайды… Көзінен аққан сора жас бетін жуып барады…

Түн ішінде Кириск қайыққа соққылаған толқын шуынан оянып кетті. Бала әлсіз дауыспен шыңғырып жіберді; аспанда жұлдыздар жарқырап тұр екен! Қаншама түн жоғалып кеткен жұлдыздар. Олар тым биікте, қап-қараңғы аспанның төсінен жарқырап көрінеді, аспанда жөңкіліп бара жатқан бұлттардың жыртығынан жарқ-жұрқ ете қалады. Бұлт арасынан қайқаңдап қалқып шығып, бірнеше рет ай да көрініп қалды.

Бала байғұс аң-таң: жұлдыздар бар, ай бар, жел есіп тұр, толқындар тулап жатыр. Мынау деген қым-қиғаш қыбырлаған тіршілік қой!

Әйтсе де тұман деген залым әр-әр жерден түйдек-түйдек тұтып қалады. Қайық сол тұманға енген кезде, дүн-дүниені қайтадан түнек тұтады. Бірақ бұл тұтқын көпке ұзамайды. Тұралап қалған ұлы тұман қозғалыпты орнынан: жел мен толқын тырқыратып, тоз-тозын шығарып айдап барады оны.

Көзінен жас парлап тұрып, бала жұлдыздарға жәудірей қарайды. Ескек есуге дәрмені жоқ, жұлдыздарға қарап қалай жол табуды да білмейді, қалай қарай жүзерін, алда оны енді нелер күтіп тұрғанын да білмейді.

Сонда да мейлі, енді ол толқындардың шуын естігеніне, желдің лебін сезгеніне қайықтың толқыннан толқын секіріп бара жатқанына қуанды.

Әлемнің жүзі ашылғанына, теңіз толқып тірілгенше қарап, әттең дүние, аз ғана су мен тамақ болса, бұл өмірді қимас едім-ау, деген тебіреністен, қайғы аралас қуаныштан бала солқылдап жылай берді. Енді орнынан тұра алмасына, көрер жарық сәулесі таусылып бара жатқанына, енді көп кешікпей шөлден қаңсып өлеріне баланың көзі жеткен…

Қайық болса бірте-бірте қарқын алып, қайқаңдап сырғып барады, рульсіз әм ескексіз, ағыстың айдауымен жөңкіле берді.

Теңіз үстінен қараң-құраң көкжиек көрінердей, түнгі әлем әне-әне ағара бастағандай, енді тұман түйдектері де сирей бастапты. Ауық-ауық кездескен тұманның қараңғылығы да бұрынғыдай еңсе езерлік, тығырық емес. Ендігі тұман теңіз үстінде безіп жүрген қияли-құбыжықтар сияқты. Олар аннан-мұннан пайда бола қалады да, лезде жел жұлмалап, өзінен-өзі ғайып болады.

Бұлт арасынан ай шыға келсе болды, теңіз үсті жыбырлап, жалтырай жайнап, лезде түнеріп, қайтадан жанданады. Бала үнсіз жарқыраған жұлдыздарға қарап жатып: «Бұлардың қайсысы менің ием? Бұлардың қайсысы Орган-атаның жұлдызы? Мылгун-ағаныкі қайда? Менің әкем Эмрайинның жұлдызы қайсы? — деп ойлады. «Обалды білмес осы бір күндері сендер жоқ болдыңдар, жұлдыздар. Тұманның арасынан бізді көре алмай қалдыңдар. Енді мен жалғыз қалдым, қайда барарымды, қалай жүзерімді білмеймін. Әйтеуір енді қорқынышым жоқ, аспаннан сендердің бәріңді де көріп жатырмын. Бірақ қайсың кімнің жұлдызы екеніңді білмеймін. Біздің мұндай күйге ұшырағанымызға сендер кінәлі емессіңдер, жұлдыздар. Сендер бізді көре алмай қалдыңдар ғой. Бізді ұлы тұман қымтап алды ғой. Енді мен жалғыз қалдым. Ана үшеуі болса аттанып кетті, алысқа, қайтпас сапарға кетті. Олар сендерді жақсы көруші еді, жұлдыздар. Олар сендерді бір көрсем деп зарыға күтті, елге қайтар жол көрсетер деп көп үміт етті. Орган-атам айтушы еді, жұлдыздар алдамайды деп. Ол мені жұлдыз тануға үйретпекші еді… Қайтейік, бұл жайға сендер кінәлі емессіңдер, жұлдыздар. Көп ұзамай мен де өлемін. Суым таусылды, әл-дәрменім бітті, қалай қарай жүзуді де білмеймін…Бір қасық су қалып еді, оны қазір ішіп аламын, бұдан әрі төзуге халім жоқ. Бүгін мен балықтан босаған тері дорбаның бір шетін тістелеп жеген болдым. Енді қайтып аузыма алмаспын, жесем болды — іші-бауырым ақтарылып құсқым келеді… Енді мен ақырғы бір жұтым суды ішіп аламын. Енді қайтып, сірә, біз көріспеспіз, жұлдыздар. Ақырғы айтайын дегенім: Орган-атам, Мылгун-ағам, Эмрайин-әкем сендерді жанындай жақсы көруші еді, жұлдыздар… Егер таң атқанша тірі болсам, ақтық рет қоштасармын…»

Сәлден соң қайық тағы да қалың тұманның арасына кіріп кетті. Дүние тағы да тарс жабылып, төңіректі түнек тұтып алды. Ал жел айдаған қайық бұрынғы қарқынмен зымырап барады.

Кириске енді бәрібір еді. Әбден борсып біткен соңғы қасық суды жұтып алды да, бұрын Орган қарт отыратын жерге, бос кеспектің жанында тырп етпестен жатып қалды. Ол енді ақ ажалды күтіп алуға дайындалды, ендігі тұман оған қорқынышты емес еді. Тек бір өкініші, жұлдыздар көрінбей кетті де, енді олармен, сірә, қоштаса алмайтын болдым-ау, деп қапаланды.

Бала бірте-бірте сөніп бара жатты.

Ол осылайша өң мен түстің арасында сандырақтап қанша уақыт жатқанын бір құдайдың өзі біледі. Әлде түннің жарымы, әлде таң қараңғысы. Қай мезгіл екенін шамалап болмас. Теңіз үстіндегі буалдыр — желді күнгі түтіндей жер бауырлап жатыр.

Тағдыр бар да, тағдыр бар. Бала естуі де мүмкін, естімеуі де мүмкін еді. Бірақ естіді. Кенет ол төбеден суылдаған қанаттың, теңіз бауырлап ұшқан әлдененің қараңғыда қайық үстімен қалықтап ұшып өткенін байқап қалды. Бала дүр сілкініп, әлгі жаққа көз тігіп еді, қайратты қанаттарын құлаштай қағып ұшып бара жатқан дәу құсты көрді.

— Ақ үкі, — деп айқай салды бала. — Ақ үкі! — Содан ол поляр үкісінің бет алысын және желдің бағытын байқап қалды. Жел терістіктен, дәл желке тұстан ағып тұр екен!

— Ақ үкі! — деп бала құстың соңынан тағы бір айқайлады да, Органның руліне жармасып, қайықтың бетін құс кеткен жаққа қарай бұрды.

Кириск енді бойындағы бар әл-дәрменін жиып, руль-ескекке жабысып қатты да қалды. Ендігі жерде ол желдің бағыты мен құстың бет алысынан басқа ештеңе де ойламады.

Ақ үкінің қайдан ұшып, қайда бара жатқаны да белгісіз. Аралдан шығып құрылыққа ұшып бара ма, жоқ болмаса құрлықтан шығып әлдебір аралға ұшып бара ма — бір құдайдың өзі біледі.

Бірақ Орган қарттың айтқаны Кирисктің есінде еді: бұл құс теңіз үстімен ешқайда бұрылмай тіп-тіке ұшады. Бұл дегенің не түн демей, не тұман демей ұша беретін ең күшті құс. Бала енді сол үкі кеткен жақтан көз жазбады. Қайық болса толқыннан толқынға қарғып қақшаңдап келеді. Жел ауытқыған жоқ. Түн түнегі сұйылып, аспанның пұшпақтары ағараңдай бастады.

Дәл маңдай алдында, ал қара көк аспанның төсінде бір жұлдыз шақшия жарқырап, жападан-жалғыз жайнап тұр. Кириск қайықтың тұмсығы тура сол жұлдызға қарай тірелгенін аңғарды. Енді қайтсе де сол жұлдыздан көз жазбай, осы бағыттан айырылмай тура тарту керек екенін түсінді. Ақ үкі де осылай қарай кетті ғой. Маңдай алдындағы қандай жұлдыз екенін бала біле алмады, бірақ содан көз айырмады, желкесімен желдің бағытын, оның шама-шарқын, лебін сезіп отыр.

«Сен, жел енді тынып қалмай, есе бер. Мен сенің есіміңді білмеймін. Орган атам болса, айтар еді. Мейлі, кім болсаң да, менің бауырым бол Басқа жаққа бұрыла көрме, бағытыңды өзгертпе, жел Қанша соғам десең де, сенің өз еркің өзіңде ғой. Менің жолымды лекерлей гөр кетпе, жел Сенің есіміңді әлі-ақ біліп алармын да, сені өз атыңмен атармын. Ал, егер де қаласаң, мен сені Орган-жел деп атайын, жарайма, жел? Орган атамның есімімен атайын сені. Әрдайым сені Орган-жел деп атайын. Ал сен мені білерсің әлі…»

Желге ол осылай деп жалбарынып, қуат бер, жігер бер, деп тіледі. Әрі десе маңдай алдындағы жарық жұлдыздан көз алған жоқ.

«Мен сені сүйемін, жұлдызым менің! — деді ол шағырмаққа. — Сен заң биікте әм алыста тұрсың. Сен жұлдыз біткеннің ең сұлуы, ең үлкенісің, өтінемін, кете көрме, сөне көрме, сол орныңда жарқыра да тұр. Мен саған жүзіп барамын. Ақ үкі сен жаққа қарай ұшып кетті. Оның аралға яки құрылыққа ұшқанын мен білмеймін. Арал болса — бола берсін. Аралға барып-ақ өлермін Кетпе, сөнбе жарық жұлдыз. Сен маған ашуланба, сенің есіміңді мен білмеймін. Орган атам болса, айтар еді, амал не… Сенің есіміңді маған Эмрайин әкем де айтар еді. Қаласаң мен сені әкемнің атымен атайын Эмрайин-жұлдыз деп атайын. Сөйтіп сен аспан төрінен көрінген сайын, мен саған сәлемдесіп, атыңды сыбырлап айтып жүрейін. Ал енді сен маған жар бола гөр, Эмрайин-жұлдыз. Күні бұрын кетіп қалма, сөне көрме, бұлт тасасына тығыла көрме…»

Ол өзінің жарық жұлдызына осылайша жалбарынды. Бала сонда толқындарға да жалынды дейсің: «Толқындар, сендер менің қайығымды айдап келесіңдер. Сендер жақсысыңдар, толқындар. Мен сендерді Мылгун-толқын деп атайын. Сендер Ақ үкі кеткен жаққа қарай жөңкіліп жатырсыңдар. Сендер қалаған жаққа қанша толқимын десеңдер де толқи аласыңдар ғой. Кетіп қалмаңдар, Мылгун-толқындар, жолдан адаса көрмеңдер. Мен ескекпен-ақ жүзер едім, әлім жоқ. Көріп тұрсыңдар ғой, мен сендерді ықтап жүзіп келемін. Егерде тірі қалсам, есімде болсын: сендер Орган-желмен Эмрайин-жұлдызға қарай толқисыңдар. Және де өле-өлгенше: «Мылгун-толқындар жақсылықтың нышаны» деп айта жүремін. Маған жар болып, жебеп жүре көріңдер, айналайын Мылгун-толқындар! Мені тастап кете көрмеңдер…»

Аспандағы жұлдыз біткеннің ішіндегі бәрінен де ұзақ жарқырайтыны Эмрайин-жұлдыз еді. Таң алдында бүкіл аспан әлемінде жападан-жалғыз осы жұлдыз ғана қалады. Таң ата бере сол жұлдыз бір жайнаң қағып, жақұттай жарқырайды дейсің бір. Содан таң қылаң бере бірте-бірте сөне бастайды да көпке дейін аяулы ақ нүкте болып, үлпілдеп тұрып алады.

Осылайша таң атты. Соңынан теңіз үстіне күн көтерілді. Кириск қуанып кетті де, артынша қорқып қалды. Күнді көріп қуанса, шексіз теңізді көріп қорқып кетті. Күн сәулесімен көгілдір тартып, құлпырған теңіз қиырсыз құлазып, қара барқынданып жатыр екен.

Бала руль-ескекке тырмыса жармасып, желдің бағытынан адасып қалмауға тырысып, тұспалдай жүзіп келеді. Бұл әрекет оны қатты қажытып тастады…

Ол басы айналып бара жатқанын ғана біледі, одан кейін көзінің алды бұлдырап, есінен танып кетті…

Қайық енді өз бетінше жүзе берді…

Бала есін жиған кезде, күн бесінге ауып еді. Қалтырауық қолын қайықтың түбіне тіреп, тырбанып жатып бойын әрең жиып алды да, басымның айналғаны басылсын деп, кезін жұмған күйі тырп етпей бірауық отырды. Сонан соң барып көзін ашты. Қайық толқын-толқынмен қалқып барады екен. Теңіз беті бұрынғыша көз жетер жердің бәрі жыбырлақ ойнап, мың құбылып, күн сәулесімен құлпыра түсіп жатыр.

Кириск қарсы алдына қарап көзін ұқалап-ұқалап жіберіп, қайта ашты да, тіл-ауыздан айырылып қалшиды да қалды. Теңіздің қара көк өркешінің ар жағынан Тарғыл төбет тұп-тура балаға қарап жүгіріп келе жатқандай болды. Қайран Тарғыл төбет! Қасиет-киеңнен айналайын Тарғыл төбет!

Теңіздің жиегінен қыраттанып ашаңкөк жаға да көрінді. Ал, ақ құлақ, ала бөксе Тарғыл төбет өзге қыраттардан оқшауланып, асқақтап тұр екен. Оның іргесіне соғып жатқан мәңгі толастамас толқындардың ақшулан көбігі де айқын көріне бастады. Жағалауда ұшып жүретін шағала даусы да келді құлаққа. Баланы бірінші болып сол шағалалар байқап қалды. Ал, биік жартастың қиясында жаңа-жаңа сөне бастаған белгі-алаудың көк түтіні тау үстінде шудаланып тұр екен…

Теңіз жағалай жүгірген Тарғыл төбет,
Мен саған жалғыз оралдым.
Орган-ата жоқ енді,
Эмрайин әкем жоқ енді,
Мылгун-аға жоқ енді.
Олардың қайда екенін менен сұра,
Әуелі маған су берші…

Кириск сонда бұл өзінің төл жырының басы екенін, ендігі қалған ғұмырда өле-өлгенше осы жыр өзімен бірге боларын түсінді.

Жартасқа арқырай соғылып, қыңсылай құлап, қараңғы түнде тынымсыз күңіреніп те ыңыранып жатты теңіз. Теңіздің соққысын тойтарып тастап, тастай қатты қара жер ентіге үһілейді.

Дүние-әлем жаралғалы, күн — күн болып, түн — түн болып жаратылғалы бері бір толастамаған бұл айқас енді бұдан былай да, күндіз де, түнде де, шексіз уақыт құрсағында заман ақыр, тауыс-тәмам болғанша созыла бермек… Күндіз де, түнде де мәңгі-бақи…

… Тағы бір түн таусылған…

Теңіз бетінде Орган-жел шулап, Мылгун-толқындар тулайды. Ал, құланиек уыз аспан аясында Эмрайин-жұлдыз жарқырайды. … Тағы бір таң атып келеді.

Аударған Шерхан Мұртаза